ШЫНШЫЛ ЖӘНЕ СЫНШЫЛ ҚАЙРАТКЕР ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

  • 10.01.2017
  • 1099 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылым­дары­ның докторы, профес­сор

«Темірбек Қожакеев – бүгінде сатириктердің әрі сардары, әрі ұстазы. Ұстаз болғанда қандай! Санаулы сатириктерге ғана емес, соңғы қырық жылда университет бітіріп, қолына қалам алған қазақ журналистерінің бәріне ұстаз». Зейнолла Қабдоловтың «Көзқарас» (1996) кітабынан (Қабдолов З. Көзқарас: Талдаулар мен тол­ғаныстар. – Алматы: Рауан, 1996. – 256 б.; 226-б.).
1996 жылдың күзі еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің диссертация­лар қорғалатын мәжіліс залы. Кеңестің төрағасы, академик Зейнолла Қабдолов мәжілісті басқарып отыр. Күн тәртібінде алдағы мәжілістерде қорғалатын диссертацияларды кеңеске қабылдау және бүгінгі қорғалатын ғылыми жұмысты талқылау жүріп жатыр. Залдың алдыңғы қатарында отыр­ған маңдайы жарқыраған, кең иықты, шалқақ кеуделі, сом тұлғалы, қыран қабақты, қарасы мен ағы айқын өткір жанарлы, аялы отты көздері кімге де болса тік шаншыла қадалатын ғалым-ұстаз мінбеге көтеріліп, диссертациялық кеңестің күн тәртібіндегі мәселелерді ғылыми сарапшылық, шыншыл, сыншыл тұжырымдарымен бағалай сөйледі:


– Кеңесте қорғауға ұсынылып отырған ғалым Немат Келімбетовтің диссертациялық зерттеуі жалпытүркілік әдеби мұралардың бұрын ғылыми айналымға түспеген үлгілерін алғаш рет саралап бағалауларымен құнды. Атап айтқанда, зерттеуші қазақ әдебиеттануы ғылымының тарихында сақтардың («Томирис», «Шу батыр», «Шырақ», «Алып Ер Тоңға», т.б.), ғұндардың («Оғыз қаған», «Аттила», «Көкбөрі», «Ергенекон», т.б.) қаһармандық дастандарын тарихи-поэтикалық заңды­лық­тармен талдаған. Ежелгі әдеби жәдігер­ліктер мен кейінгі әдеби даму үдері­сіндегі ли­рикалық, эпикалық шығар­ма­лардың поэ­тикалық үндестіктерін, ұлттық ерек­ше­ліктерін саралап талдаулары да ғылыми жаңашылдығымен маңызды. Ғалымның жаңалығы мол бұл диссертациясы отандық және  жалпы  түркілік әдебиеттануға қосыл­ған лайықты үлес, зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарында арнайы пән етіп оқытуға болады, сонымен бірге жаңа ізденістерге де бағыт-бағдар бере алады. 
Ғалым-ұстаз, профессор Темірбек Қожакеев кеңес мәжілісіне ұсынылған бірқатар «диссертациялар» сапасының өте нашар екендігіне де тоқталды. Тіпті, бірқатар «диссертанттардың» бұрынғы кандидаттық ғылыми дәреже алу үшін қорғаған қолжазбаларының көлемдерін сәл ғана ұлғайтып, ешбір ғылыми жаңалығы болмаса да шалажансар жа­зылған «әләулайларын» докторлық диссертация  ретінде қайталап әкеліп ғылыми жетекшілерінің беделін пайдаланып ұсынуларының ғылымды сай­қымазаққа айналдыру екендігін ашын­ған, күйзелген көңіл-күймен әш­керелей сынады. Отандық филология ғылымындағы орын алып отырған жалпақшешейлік, кө­­ңіл­­жықпастық ақырының түбі жақ­­­сылыққа апармайтынын ашына толғаған ғалым-ұстаз өзінің «Тура биде туған жоқ» ұстанымына сәйкес сапа­сыздыққа, көңілжықпастыққа жол беріп жүрген өзінің көп жылдан бергі сыйлас әріптестерін де есімдерін атап сынап сөйледі. Мәжіліс төрағасы, академик Зейнолла Қабдолов та өзі «Мықшеге» деп бағалайтын, дос-әріптесі профессор Темірбек Қожакеевтің шыншыл, сыншыл сөздерінің өте орынды ай­тыл­ғанын бағалады, әріптес ғалым-ұстаздар Тұрсынбек Кәкішев те, Зәки Ахметов те Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы отандық ғылымды әлем өркениеті жетістіктері деңгейіндегі биік сапамен дамыту туралы ойларын ортаға салды.
Оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымда кітаптарын теориялық-методологиялық негіз етіп пайдаланып, алдында отырып дәрістерін, ақыл-кеңестерін тыңдамасам да өзіме ұстаз санап жүрген профессор Темірбек Қожакеевті мен тұңғыш рет осындай бетпе-бет жағдайда көрген едім. Бұған дейін жеке кітапханамда жинап жүрген ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеевтің кітаптарындағы ой-тұжырымдарының өмір­­­­дегі шынайы болмысын көзіммен кө­ріп, құлағыммен естігеніме қуандым. Бұл – шын­шыл, сыншыл ғалым-ұстаз Те­мір­­бек Қожакеевтің қайталанбас, еш­кімге ұқсамайтын дара болмыс-бітімі, қай­рат­керлік-азаматтық тұлғасы! 
Қазақ әдебиеттануы ғылымына өзінің тың тұжырымды, ғылыми-теория­лық жаңалығы айқын іргелі зерттеу еңбектерін қосқан ұла­ғаты – ғалым-ұстаздың мәңгілік ұмытыл­майтын хаты. Қазақ сөз өнерінің көпғасырлық тарихындағы сатиралық шығармалардың қалыптасу кезеңдерін және олардың жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін саралап жүйелеп талда­ған монографиялары, оқулықтары («Қазақ сатирасы», 1970; «Сатира және дәуір», 1976; «Адам, қоғам, сатира», 1980; «Сатиралық жанрлар», 1983;«Сатира – күштілер қаруы», 1985;  «Жыл құстары», 1991; «Жас тілшілер серігі», 1991; «Көк сеңгірлер», 1992; «Үркіншілік: деректі повесть және әңгімелер», 1996; «Сатира негіздері», 1996; «Қым-қуыт іздер», 1999; «Шалқу сөздер мен шаншу сөздер», 2002; т.б.), мол санды мақалалары – бәрі де ғалым-ұстаздың филология ғылымындағы теориялық жаңашыл оқымыстылық тұлғасының шынайы көрсеткіштері. 
Қазақ сатирасының халықтық үлгі­леріндегі (тойбастар, беташар, жар-жар, бәдік, айтыс өлеңдері, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, Алдар Көсе, Қожанасыр туралы күлдіргі аңыз-әңгімелер, батырлар жырлары) юмор, әжуа, күлкі бейнелеулерін саралап бағалады. Қазақ әдебиеті тарихының қалыптасу, даму кезеңдеріндегі жырау­лардың, ақын-жазушылардың шығар­маларындағы сати­ралық-юморлық ерекше­ліктерді ғылыми-теориялық талдауларымен жүйе­леді. Сатиралық поэзияның шағын (мысал, па­ро­­дия, эпиграмма, шарж, карикатура, сати­­ралық өлеңдер), сатираның көркем-публицистикалық (фельетон, пам­­­­­флет), сатираның көркем-прозалық (са­ти­­­ралық әңгіме, юморлық әңгіме, са­тиралық повесть, сатиралық роман) жанрларының поэтикалық ерекшеліктерін саралап талдаған ғылыми-теориялық тұжырымдары (Қожакеев Т. Сатира негіздері: Жоғары оқу орындарына ар­налған оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.;73-194-бб.) қазақ әдебиеттануы ғылымының классикалық деңгейін танытты. Зерттеуші қазақ сатирасының пайда болуын, дамуын фольклор мұралары мен ұлттық әдеби тарихының қалыптасу, даму кезеңдері шығармаларымен сабақтастыра саралап талдай келе, сатираның әдеби үдеріс жүйесіндегі өзіндік поэтикалық даралық болмысына да өзіндік анықтама-тұжырым жасаған.
Ғалымның Абайтануға қосқан үлесі – хакімнің мұрасындағы сатиралық шығармаларын пішіндік сипатына қарай жүйелеп бағалағаны. Ғалымның Абайтануға көрнекті үлес болып қосылған «Абай және Сұлтанмахмұт» (1969), «Абай – сатирик» (1970) атты монографиялары классикалық мұраларымыздың жаңа буын ізденушілерге ғылыми-теориялық методологиясы тұрғысында қолданыста болып келеді. Хакім Абай сатиралық шығармаларының әлемдік классикалық әдеби мұралар деңгейіндегі сипатына орай ғылыми-танымдық тұрғыда байыптаған ғалымның пікірлері тиянақты тұжырымдарымен құнды:
«…Абай «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен», сахарадағы кер тартпа ескілікті, білімсіздік пен бейшаралықты, әкімдердің зорлығы мен қорлығын жиі де батыл әшкерелеп өтті. «Өткір тілді найза етіп» өз тұ­сындағы етек алған міндермен сайы­сып-ақ бақты. Оның сатирасы жай сыншылық дәрежеден көтеріліп, дәуір дерттерін аяусыз ажуалаудың құ­ралы, нағыз сатира ретінде көрінді» (Қо­жакеев Т. Сатира негіздері: Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.; 264-б.). Ға­лымның әлемдік классикалық әдебиет қазы­насын байытқан хакім Абай сатирасын ғылыми-теориялық талдаулары – отандық  әдебиеттану ғылы­мының көрнекті көрсет­кіші. Хакім Абайдың сатиралық мұрасын пішіні жағынан үш топқа жіктеп жүйелеп, олардың жазылуындағы деректілік-түп­тұлғалық пен сатиралық көркемдік бей­нелеу-суреттеу ерек­ше­лік­теріне ғылы­ми-теориялық тұжы­рым­дармен бағалаулар жасаған. 
Хакім Абайдың замандастарынан бай­­­қа­ған кемшіліктерді әзіл-шын аралас ше­неген тұрмыстық   эпиграммаларын  («Шәріпке», «Қара қатынға», «На­зарға», «Ғабидоллаға», т.б.), ел билеу жүйесіндегі берекесіздікті, мансапқорлық пен ел басқаруға бейімсіз болса да болыс болғысы кеп алашапқын боп шабуылдайтын бейшаралықты сынаған («Болыс болдым мінекей», «Күлембайға», «Мәз болады болысың»), жеке адамдардың ұнамсыз мінез-қылығын ашуға арналған («Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ», «Тәңірбергенге», «Дүтбайға» – сатиралық портреттік суреттемелер; «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Антпенен тарқайды», «Бойы бұлғаң» – сатиралық шолулар; «Көкбайға» – сатиралық миниатюра)  сықақ өлеңдерін, «…мазмұны, ой пікірі Крыловтікі болғанмен, баяндалу әдісі, құрылысы тыңнан табылған жаңа шығармадай етіп жазылған Абай сатирасының үшінші тобы – мысалдары» (Қожакеев Т. Сатира негіздері: Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.; 270-б.) туындыларын («Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл») саралап талдаған. Сатира мен юмор элементтерінің хакім Абайдың басқа да шығармаларында кездесетінін атаған ғалым жаңа жазба реалистік әдебиет классигінің туған халқы адамдарының кемшіліктерін әшкерелей сынаған ойларының ұрпақтарды адамгершілік-имандылық жолына тәр­бие­леудегі дидактикалық-педагогикалық ұста­ным екендігін тұжырымдап бағалаған: 
«Ол «Көзінен басқа ойы жоқ» өле­ңінде молдаларды оңдырмаған. Мол­дамын деп жүргендердің көбінің дүм­шелігін, Құранның оң, терісін ажырата алмайтындығын дәл айтқан. «Мал», «Мал» деп өліп жүретін олардың көңіл көзі надан, соқыр. Қарапайым елді тонауда бүркіттен жыртқыш. 
Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар іліммен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, көре­алмаушылық, алауыздық, өтірік­шіл­дік, өсекшілдік, пайда іздеу, ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты қасиетсіздіктерге қарғыс таңбасы ба­сылған.
Сатира,  юмор Абайдың қара сөзде­рінде де баршылық. Әрине,  ақын бұл туындыларын дерттерді сынап-мінеу мақсатымен емес, өсиет-өнеге айтып, ақыл-кеңес беру ниетімен жазған. Бірақ сол ақыл-нақылын алдымен теріс іс, мінез-қылықты шенеп-шенеп алып, сонан соң айтады. …Бір жайларды сынай отырып, оқушысына сұрау қойып, олармен әңгімелесе, пікірлесе жазады. Оқушысын ойландырып, дерттің неден екендігіне, зияндылығына үңілдіре түседі. Сондықтан да Абайдың қарасөздеріндегі мұндай айшық-өрнекті дидактикалық сатира көрінісі деп танимыз. 
Сөйтіп, Абай өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиеттегі ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа белеске көтерді. Бұрынғы жыр, толғау, дидактикалық өлең, шешендік сөз түрінде ғана келетін сатира, юморды жаңа түр, жаңа мазмұн, жаңа сапамен байытты» (Қожакеев Т. Сатира негіздері: Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.; 272, 273-бб.). Ғалым-ұстаздың әлем өркениеті кеңістігіндегі классикалық әдебиеттану ғылымының талабына сәйкес сатираға байланысты жасаған ғылыми-теориялық тұжырымы да отандық филология зерттеулері үшін үнемі негізге алынатын тұжырым болып саналады:
«Сатира – болмысқа эстетикалық қаты­сының өзіндік ерекшеліктері бар, өмір құбылыстарын зерттеу, бағалау, көрсетуде өзіндік әдіс-құралдары, өзіне тән табиғаты, сыр-сипаты» бар дербес әдебиет тегі. Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсіл ретінде көрінетіні рас. Бұл сапада ол эпостық, лирикалық, драмалық шығармалардың бәрінде де, барлық түр, жанрында пайдаланыла береді. Солардағы белгілі бір елестер мен образдарды суреттеп берудің құралы, поэтикалық әдісі түрінде қолданылады. Сатираның әшкерелеу пафосымен жазылатын көркем шығарма екені де рас. Сатиралық роман мен повесть те, сатиралық әңгіме мен мысал да, пародия, шарж, эпиграмма да, фельетон, памфлет – бәрі де көркем туынды. …Яғни, сатира – көркем шығармалардың бір түрі, сатиралық туындылардың жалпылағыш, жиынтық аты» (Қожакеев Т. Сатира негіздері: Жо­ғары оқу орындарына арналған оқулық. – Алматы: Санат, 1996. – 464 б.; 7-9-бб.).
Қазақ сатирасының тарихына, теориясына арналған іргелі ғылыми-теориялық зерттеу еңбектерімен қатар көркем-пуб­лицистикалық мақалалар, очерктер, фельетондар да жазды. Ғалым-қаламгердің «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» атты кітаптары да халқымыздың тарихындағы саяси қу­ғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс кезең­дерінде құрбан болған қайраткер-қалам­герлер шығармашылығын қазіргі за­­манғы оқырмандардың-ұрпақтардың бі­­­луі­не ұсынылған. Он алты жыл бойы жур­­налистика факультетінің деканы, оқы­тушысы болған ғалым-ұстаз «Қазақ баспасөзінің тарихынан», «Газет жанрлары» атты монографиялар жазуға қатысты, «Қазіргі қазақ баспасөзінің тарихынан», «Жыл құстары», «Жас тілшілер серігі» атты жеке еңбектерін жазып жариялаған. Ағымдағы ғылыми, әдеби дамудың өзекті мәселелеріне арналған баяндамалық талдаулары («Қа­зақ жастары баспасөзінің тарихынан», «Қазіргі қазақ сатирасының даму жолдары», «Қазақ баспасөзіндегі түрік тақырыбы», «Н. Төреқұлов – журналист», «С. Қожановтың шығармашылық мұ­расы», т.б.) да бұрын назарға ілінбеген соны мәселелерді тиянақты талдауларымен ерекшеленді. 
Ғалым-ұстаздың көркем әңгімелері («Кәрібай мен Татьяна», «Қалыңдық қасиеті», «Бұлбұл үнінің үзілуі», т.б.), фельетондары, сықақтары («Аяңшыл жеңгейлер», «Бір қалхоз болмаса да, бір бригаданың бухгалтерімін», «Ептілікке сиынба, қыр кетуі қиын ба?», «Жас қызды алдап-арбап азапқа салды», «Қисанның хикаясы», «Жандаралиннің келуі мен кетуі», «Бозбала шал», «Ақ кебіндінің сыры», «Қу дүние-ай», т.б.) де адамдар ортасындағы рухани кемшіліктерді шыншыл, сыншыл бағалауымен, әлеуметтік ортаны тәрбиелеуімен құнды. 
1997 жылдың мамыры еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетіндегі диссертациялар қорғалатын мәжіліс залы. Қазіргі кезде республикамызға  танымал әде­биетші ғалым-ұстаз, ұзақ жыл Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің, І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында еңбек еткен Тұрсын Сыдықовтың диссертациясы қорғалатын сәтті күтіп отырмыз. Алдыңғы қатарда өзара әңгімелесіп отырған Темірбек Қожакеев жанындағы Тұрсынбек Кәкішевтен «Темірхан Тебегенов деген кісіні танисың ба?» деп сұрап отырғанын жақын жерде отырғандықтан естідім. «Ол жігітті жақсы танимын, қазір осы жерде отыр ғой» деп Тұрсекең аға жақын орындықта отырған мені көрсетті. Сол кезде ұстаз-ғалым Темкең аға маған қарап, «Сіздің мақалаларыңызды баспасөзден, әдеби, ғылыми басылымдардан оқып жүрмін, жаңашыл ойларыңызды қолдаймын, тілектеспін!» деп, жылы лебі­зін білдірді. Республикамызға әйгілі шын­шыл, сыншыл ғалым-ұстаздың сол сәттегі жылы шырайлы жүзімен, ағалық-ұстаздық ықыласымен маған тілеулестік білдіргені – мені шығармашылық еңбек шабытына бұрыңғыдан да гөрі ынталандырды, ғылыми ізденістерімді шынайылықпен, жаңашылдықпен атқарып келе жатқан қалыптасқан ұстанымымды нығайта түсті. Темірбек Қожакеевтің әдеби-тарихи бейнесі белгілі жазушы Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» роман-диалогында (Ахметжан Талаптан. Ақиқат жолы: Ро­ман-диалог. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2003. – 384 б.) деректі проза стилімен жинақталып бағаланды. Өмір бойы ұстаздық және ғалымдық тұтастықтағы қызметінде тек ғана адалдықты ту еткен қайсар мінезді күрескер Азамат-Ағаның 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағаны, өмір бойы сапалы мамандар даярлауды жүзеге асырып келген факультет декандығы қызметінен босатылғаны, сол кезең үшін өте ауыр жаза болып саналатын партия қатарынан шығарылғаны, ақырында қызметсіз қалғаны – әділетсіздік-озбырлық атаулы тарапынан адал еңбек, қайсар мінез иелеріне барлық уақытта да қаскөйлік жасалатындығының айқын көрінісі.
Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жазалау шаралары негізінен Алматыдағы жоғары оқу орындарындағы қуғын-сүргін нәтижелері Т.Ахметжанның осы «Ақиқат жолы» романындағы профессор Темірбек Қожакеевтің әңгімесі атты сұхбат-бөлімде нақтылы берілген:
«Мұндағы жандайшаптар одан да сорақылықтарға барды. «Енді, Оңтүстік аймақтан жоғары оқу орындарына адам алынбасын, қабылданғандарына жатақхана, стипендия берілмесін!» – деп те сандырақтады.
Одан кейін жоғары оқу орын­да­рындағы Оңтүстіктің өкілдері жаппай жұмыстан қуылады. Тек қазақ университетінің өзінен ғана Ө. Жолдасбеков бастаған, Ғ.Әміров, С.Досымбеков, Т.Қожакеев, Ә.Тұрғанбаев сияқты оннан аса профессор, доцент жүгені сыпырылып, ер-тоқымы алынып, сауырға ұрылып, айдалып шықты» (Ахметжан Талаптан. Ақиқат жолы: Роман-диалог. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2003. – 384 б.; 209-б).
2016 жылы 30 жыл толғалы тұрған 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көте­рілісі тақы­рыбындағы    деректі роман­дарда кеңестік идеологияның, орыстық отар­шылдық, шовинизм ықпалындағы көз­қамандардың-жандайшаптардың өрес­кел сорақы іс-әрекеттері деректі қалпы­нан ауытқымай си­патталған. Нақтылап айтқанда, қазақ халқын «солтүстік», «оң­түстік» деп бөліп, Д.А.Қонаев кезіндегі табыстардың барлығын да елемей, адамдарды жерлестікке, рулық-туыстық байланыстарға бөліп қараған бағалаудың озбырлық сипатын танимыз.
Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы» роман-диалогында Желтоқсан көтері­лісінен кейін «ұлтшыл», «жершіл», т.б. жалалар жазықсыз жабылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен алынған, бірақ, қуғын-сүргінге ұшыраса да әділетсіздіктен ық­паған, рухын жоғалтпаған нағыз қазақ зиялысы Ермек Сауранбаев тағдыры арқылы тоталитарлық жүйенің аса жауапты шаруашылық салаларында адал еңбек етіп жүрген қазақ азаматтарына да тигізген зардаптары байқалады.
Роман-диалогтың басты кейіпкері Ермек Сауранбаевтың осы Желтоқсан кө­те­рілісі оқиғасы салдарынан қуғын-сүр­гін­ге ұшырағанын әңгімелеу барысында жазушының профессор Темірбек Қожакеевпен болған сұхбаты да уақыт шындығын айқын танытады. Роман-диалогта автор мен басты кейіпкер Ермектің сұхбаты арқылы мынадай мәселелер қамтылады: біріншісі – Ермектің ата-тегі, туған ауылы, білім алған және еңбекке араласқан өмір белестері; екіншісі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен туындаған қудалау іс-шаралары; үшіншісі – басты кейіпкердің тағдыр талқысына қарсы күрескен қайсарлығы, кейінгі өмір жолдарындағы жетістіктері, Тәуелсіз Қазақстанның болашағына халқымыздың үмітті сенімінің нығая түскендігі.
Роман-диалогтың идеялық-компози­циялық желісіндегі 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасынан туындаған қиын­шы­лықтарды Ермекпен бірге көрген, онымен жастайынан бірге өскен филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевпен автордың сұхбаты шығарманың поэтикалық сипатындағы азаматтық сарынды күшейте түскен. Ғалым-ұстаз Темірбек Қожакеевтің әңгі­мелерінен роман кейіпкері Ермек Сауранбаевпен екеуінің, сол арқылы олармен замандас озық ойлы қазақ зиялыларының жүріп өткен Кеңестік кезең келбетін, жетістіктерінен, қуғын-сүргіндері үндес­тіктерінен аңғарамыз. Ұстаз-ғалым Т. Қожакеев Ермек екеуінің Мерке өзенінің жағасында бір ауылда өсіп, онжылдық мектепті бірге оқығандарын, өмір бойы отбасы, бала-шағасы араласып кет­кендерін, қуанышты да, қайғыны да бірге бөліскендерін баяндаған.
Қазақ сөз өнеріндегі фольклор мен әдебиет мұралары, би-шешендер толға­ныстары, жыраулар, ақын-жазушылар шығар­малары негізінде қалыптасқан сати­раның тарихына, оның жанрлық, көркемдік ерекшеліктеріне, ұлттық әдебиет пен баспа­сө­зінің қалыптасу, даму жолдарына, теориясына арнап мыңға жуық мақала, көркем-публицистикалық очерк, фельетон, отызға жуық монографиялары мен оқулықтар, оқу құралдарын жазған дарынды ғалым ұстаз – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ру­хани құндылық қазынасын танытатын еңселі Қайраткер – Тарихи Тұлға. Темірбек Қожакеев – Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихындағы ұлттық әдебиетіміздің өркениетке лайықты көркемдік сапамен дамуында да сатиралық шығармалардың тың серпінмен дамуын ойлаған сыншыл ойлы қайраткер ғұлама. Ол Қазақстан Жазушылар Одағының Х сьезінде (4-5 қыркүйек, 1991 жыл) «Қазақ сатирасы» тақырыбымен жасаған баяндамасында Тәуелсіздік дәуірінің таңы ата бастаған жаңа тарихи кезең сатирасының халықтық мұратын сыншыл-ғылыми бағалауымен атап көрсетті: 
«Сатира қиын кезеңдерде де қалғуға тиіс емес. Қайта,  сатира – қайшылықтың жемісі. Ол екі күштің егесуінен, ескі мен жаңаның жағаласуынан, қайы­рымдылық пен қатыгездіктің қар­сыласуынан туындайды. Класси­калық сатираның тәуір үлгілері зар заман тұстарында, қиын кезеңдерде, қанау мен тонау, езгі мен еңіреу ен жайлап тұрған тұстарда туғызылған. Ендеше, біздің сатира да осы күйзелісті күндерде бар жарқылымен көрінуі тиіс» (Әдеби өмір шежіресі (Құрастырғандар – Ә.Нарымбетов, Е.Жаппасұлы, С.Қажи).-Алматы: Ан Арыс, 2009.-672б.; 309-б.). Демек, Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің таңы арайлап ата бастаған кезде айтылған ұстаз-ғалымның, ұлт­тық әдебиетіміздің ғұлама-сыншысы Темірбек Қожакеевтің бұл серпінді пікірі жаңа дәуірдегі әдебиетіміз қалам­герлерінің әлемдік классикалық дәстүр деңгейінде көркем туындылар жазуына айқын бағдар беріп келеді, бұл үрдістің жалғаса берері ақиқат.
Халық – барлық адамдардың әділ төрешісі. Темірбек Қожакеев сынды адал адамдарға қысастық, озбырлық жасаушылар бәрібір халықтың, ұрпақтардың қарғысына ұшырайды, тарих беттерінде қарабет атанып мәңгі лағынет айыптауларымен бағаланады. Ал, Темірбек Қожакеев және ол тектес тау тұлғалы, ақ ниетті, асыл ойлы Азамат-Қайраткер тұлғалар әлем өркениеті кеңістігінде мәңгілік ұлықталады! 
Темірбек Қожакеев – адамзат ұрпақ­тарының сапалы, адал еңбекпен өмір сүруіне бүкіл саналы ғұмырын, ұстаздық, ғылыми және әдеби шығармашылық еңбегін арнаған ұлттық мақтанышымыз! Оның есімі Ұлы Дала Елі – Қазақ Елінің Мәңгілік Ел дамуы бағдарындағы бо­лашақ тарихында да биік мәртебелі тұғырымен құрметтеледі. 

Алдыңғы «
Келесі »