Міржақыптың ауылдасы әрі туысы

  • 10.01.2017
  • 465 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақау Дәуренбеков,
жазушы

Әңгімемізді әріден бастайық…
Оның өзі алпысыншы жылдар: біздің бәріне таңдана  қарайтын, жаңалыққа елеңдеп жақсылыққа  ұмтылып, көңілдің кұлыншағы шар тарапқа шапқылап, алқынып алып ұшқан   балауса кезіміз. Әуестігіміз  артып, арманымыз ақша бұлттармен бірге   қалықтап қанат  біткен бозторғай көңіл бұла шақ. Дәлірек айтсақ,  «Қазақстан пионері» газетіне қысқа-қысқа хабар- ошарымыз шығып, мектепке «сыймай»  жүрген  кезіміз, ауданға  да  атымыз  шығып қалған. Өзіміз бір топпыз. Нөмір сайын  газеттің бояулы әдемі бетінде  ұшырасып жатамыз: Жанат Елшібеков, Слам Нұрмағамбетов, Ырым Кененбаев, Қайсар Әлімов, Юлай Масалин, Дәулет Исабеков…Соның ішінде Торғайдан  жазатын Қайсар Әлімов деген баланың екпіні ерен. Жазуы да атына сай тынбайды, мектептегі, ауылдағы бо­лып жатқан оқиға, жаңалықтарды қаз-қалпында су­рет­теп хабарлайды да жатады. Бозбала кезде осылай  танысып білісіп, көрмесек те көргендей боп үйлесіп, жақын­дасып жарасып  кеткен Қайсар доспен жолымыз осылай басталған. Қазақ журналистикасының қара жолында қатар басып, қызығы мен шыжығын, суығы мен шуағын, өмірдің бар райы мен шырайына толы  қанатты күндері мен жоталы жылдарын  бірге кешіп келе жатырмыз. Кешегі қауырсын қанат Қайсар бүгінде журналистиканың қасқа жолында ақбоз арманы  шындыққа айналған, діттеген биігіне  шығып,    өмірсерік қаламының өркені мен көркемін көріп отырған, оқырманы ойдай  жазушы- журналист. 


***
Біздің  алдымызда жатқан  шығармала­рының басын  қосқан сегіз томдық соның  шырайлы шындығы, бәрекелді дегізер айғағы. Көз бен көңілді  бірден аудартар, қанға сіңісті боп кеткен қаламгерлік ын­тазарлық пен қызығушылық әп дегенде  шығармалардың тақырыптарына ауды. Өмір бойы  еңбекқорлықты  кредо еткен, өзі­не тән тақырыбын  қаузауда  қаламының қара терін аямай  тереңнен  тартып тігісін  жатқыза  жазудың  бар сырын   ойына түйіп, бойына сіңіре білген қаламгер көңіліне қонақтаған қай  тақырыпты да қапысыз  қау­зағаны  байқалады. Өзінің табиғаты мен танымына  оң келетін, ойда әбден пісіп жетілген әлеуметтік маңызы  мәнді, елді елең еткізерлігі  ерекше, табан тиіп түрен салынбаған тақырыптарға алқынып ап­тықпай, зерттеп зерделей баратыны бау­райды.
Соның бір соқталысы – Алаш ар­дақтысы Міржақып Дулатовтың мәйі­тін елу жеті жылдан соң Карелиядан әкеліп, туған жері-торқа  төрі Торғайға қайта жерлеу экспедициялық сапа­рының басы-қасында болған Қай­сар­дың қаламынан туған  «Мұңды са­пар» атты тарихи тағылымды хикаяты. Бұл дүниені біз «Ана тілі» бас­пасынан  шыға­рып, мол тиражбен таратқан  едік. Арғы-бергі  деректерді ақтара отырып ақтаңдақтардың тозағы мен азабын тартып, қараулық пен қатыгездіктің темір торында  мерт болған қазақтың ғасырда біртуар  ұлы  тұлғасының  трагедиялық тебіреністі сәті – қабырға  қайыстырған  қайғылы да қапалы, мұнарлы да мұңды сапары жайлы жазылған хикаяттың  өрімі азалы  шындыққа толы. Сапар барысын баяндауда  ойпыр-ай дегізіп ойландырар, адам санасын шоқ бас­қандай сілкінтер, жарық сүйген жүректі шым еткізер сәттер мол. Еріксіз есте  қаларлықтай қуанышы мен күйініші ара­лас мұңды  сәттің  лүпілі келеді. «Жаза гөр,  топырақты еліңнен, Алла», – деп жал­барынғандай, аузына бұл сөзді құдай салды ма екен, Гүлнар апайдың арманы орындалды. «Әкемнің сүйегін көзімнің тірісінде елге әкеп жерлесем» – деп, жарғақ құлағы  жастыққа тимей жүрген Гүлнар апай парызын өтеп, «уһ!» – деп демін алғандай. «Мен артында жалғыз қалған тұяғы едім, әкемнің. Армансызбын енді бұл дүниеде», –  деп көзінің жасын бұлады апай. Бұл оқығанға жеңіл, ал, бастан кешкен жанға қандай ауырлығын  ойлай бер… Мұны автор ақ алмастай асылдардың әзіз есімін әспеттеп, қымбат мұрасын үкілеп ұстау, қадір-қасиетін танып біліп, ардақтау, қастерлеу баршамыздың қа­сиетті перзенттік парызымыз емес пе деп түйеді. Ұрпақ парызының  өтеуі осылай  өнегелі  іспен  басталып, өрісін тапқан. 
Тәуелсіздіктің арқасында қара бастың қамы емес елінің ертеңін ойлаған, хал­қы­ның қамын жеген, ұйықтап жатқан ұлттық санамыздың қалғи бермей оянуына жар салып, алғы күндердің Алаш боп атуын армандап  қапыда кеткен қайран  ерлердің   жабулы жатқан  есімдері  қайта  тірілді, қайта қауышты. Осы процестің алғы  ше­бінде  журналистер мен жазушылар ерекше белсенділік, ерекше ұлтжандылық  таныт­қан сапта Қайсар  достың  белсене кіріскен журналистік бес қаруы белінде болғаны тәнті етеді.  Сол кезде мерзімді басылым беттерінде көлдей боп шығып, көңілде  қал­ған дүниелердің  қайта жылы ұшырай көрі­нуі, автордың қайсыбір тақырыптырына  қайта оралып, тереңдей баруы елең еткізеді. 
Қаламгердің  тосын, тың  қадамға батыл баруы алымды. Онысы қазақ әдебиетінде кенже қалып,  қатарға қосыла қоймай келе жатқан эпистолярлық жанрға  ден қоюынан көрінеді. Бұл жанр көркем әдебиеттің  сырлы бір саласы, жай емес оқырманды  жетелеп әкетер, автормен  оңаша  сырласуға шақырар  бапты да  байсалды сала. Қарапайым оқырманға керегі  кешегі прозасын оқы­ған қаламгердің адами  қыр-сырын білу қызықты. Қайсардың атақты қа­ламгер, ең оқырманы көп әйгілі  «Ақиқат пен аңыздың» авторы Әзілхан Нұршайықовпен жазысқан хаттары  сыйластық пен сырластықтың, өмір мен әдебиеттегі  әдемі үндестіктің ұзақ жылдардағы жемісі дерліктей. Дәлірек айтсақ, отыз жылға жуық мерзім шеңберінде ағалы-інілі қаламгерлер үздіксіз үн қатысып Өмір мен Әдебиет  әлеміне  қос ескек боп қайық салады, бірге  жүзіп сыр  бөліседі. Әдемі үрдіс емес пе? Ғажап қой. Мұндағы әрбір үшбу хабар қайталанбайтын өмір лүпіліне толы, әр хатта уақыттың үзік-үзік тынысы, сол күндердің боямасыз беттері, қоғамның  күйі  мен кейпі, ойы мен сөзі. Қайсардың әр хатына Әзағаң аса ықтияттылықпен, айрықша ағалық ықыласпен жауап  береді. Жазушының  парасаты мен пенделігін, өмірдің ұсақ- түйегі мен күйбеңін, тұрмыстағы түйткілдер мен өкініштерді, ақыл-кеңестерді, әдебиет төңірегіндегі ойларын, алыс-жақын таныс­тары жайлы, қаламдас қатарластары жай­лы айтқандары әр хаттың арқауы боп, жете­леп отырады. Оқырманның да ұтары сол: хаттардағы әңгіменің арқауынан қа­ламгерлік қарым-қатынастың адами бол­мысын танып біледі, сөз саптаулар мен   сәлем-баяндардың  өнебойынан  білім- пайым­ның  деңгей қалыбын көреді, сондай-ақ өзіне қажетті қызықты детальдарды қапысыз тауып, қадағалай оқып, бағасын беріп отырады. Бұл хаттардың бір  қыз­ғылықтығы қаламгерлердің бір-біріне деген риясыз адалдығы, сәлем алмасудағы ашықтығы, нені айтса да  әдебиет ауылынан алшақтамай, рухани  өмірдің өзекті  мәсе­лесіне  ой бұра отырып, ыңғайына қарай кеңес пікірін ортаға сала  сыналай  сыр шертеді. Осы хаттар арқылы эмоцияға берілмейтін, әрбір сөзге ықтияттылықпен  қарайтын  хат жазушылардың әдет-әдебі мен мәдениеті де байқалып  қалады. Қайсардың  еншілеген  хаттары бұған айғақ, адал бағасын алуға лайық. Ой мен Сөздің  шынайы сыпатын, авторлардың  жан жаратылысын, өмірге қатынасы мен көзқарасын, пенделіктің бары-жоғы мен көңіл  шоғын көруге болады. Мұның бәрі эпистолярлық жанрдың  қазақ әдебиетінің құнарлы топырағына қосылған, үйлесімі үндескен   көркем  үлес үлгісі десек артық емес.
Қаламның жолын  ашатын талмай іздену мен  тынымсыз еңбек. Қайраған сайын өткірлене түсетін  бәкідей   ізін суытпай  бабына келтіріп баптап отыру оның алғы шарты.Темірқазығы – оң жамбасыңа келетін тақырыпты тап басып  таңдай да, талғай білу. Осы орайда, Қайсар әдеби тұлғалар жайлы жазуға бейіл танытады. Оған  бар пейіл ықыласы мен  бейімдігі де бек байқалады. Елге танымал  тұлғаның шынайы бейнесін, сөзін, ойын, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, шабытты шағы мен мұңайған сәттерін, әңгімесі  мен қазақы қалжыңдарына дейін қаз-қалпында жеткізуге құштар. Оқырман үшін, келешек ұрпақ үшін тағылымдық, танымдық жағынан қажеттігіне, әдебиет зерттеушілеріне  таптырмайтын мол дерек  көзі болатынына  кәміл сенеді.
   Кез келгенімізді  еріксіз елең еткізер «Сыршыл Сырбай» мен «Ғафу-ғайып» эсселері асқан пісенттілікпен, демі үзілмей жазылған  дара дүние. Расын айтсақ, екеуі де  білдей тұлғалар, екеуі де пілдей алыптар. Қай қырынан алсаң да қапысын тауып, қалт жібермей бағуың керек. Қайсардың қаламы ағаларының қыр-сырына, болмысына аптықпай байыптылықпен бойлайды, шашауын шығармай суреттейді, кәнігі журналистік шеберлікпен бәдіздейді. Сырағаңның кеуілдіне отырып: «Қостанайдағы қай­ран тілшілік өмір! Жаяулап-жалпылап сапарларға шығушы едік. Бір жолы Федоров ауданын қыстың көзі қырауда ат-шанамен аралап, апталап боранмен алысқанмын. Сөйте жүріп қаншама қойын дәптерлер толтырылды. Қызық өзі, қауіп-қатерді сезінбейсің. Көрсем, білсем дейсің. Жазсам дейсің! Қаламсабым-автоматтан бетер айбарлы секілді. Пәле-жала үркіп тұратындай. Тіпті қасқырдың өзі қағынып, жоламай қойды қасыма…  Ол кезде байланыс шамалы. Көп жерде телефон жоқ. Ал, редакцияға қалай да материалды үлгертіп, жеткізуім керек. Қарталы, Троицк, Тоғызақ секілді станцияларға барғанда материал жөнел­ту үшін Қостанайға баратын пойызды тосасың. Өз басым газеттен көп нәрсе үйрендім. Өлеңдерімдегі нақтылық, қысқалық-сол газеттің берген жемісі. Сонымен қатар, газет фак­тіні жинақтап, қорытындылап, соның төңірегінде күрделі ой түюге жат­тықтырады. Мақала жазудағы шапшаңдық, оралымдылық – газет сіңірген қасиеттер. Мен газет перзентімін. Қалам дегеннің киесі, құдіреті болады. Осыны жадыңда тұт!» – деп ақыл айтуы, Ғафаңа «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атағы берілгенде: «Өзі, маған осы атақ әлі бұйырмаған ба?» – деп ақын­ның елді ду күлдіруі қос алыптың келбеті мен кемел болмысын,Торғайдың тусыраған боз даласындай дархан көңілін, даңғайыр пейілін тап басып танытар  орайлы да ойлы  штрихтар  десек қате­леспейміз. Өйткені, азды-көпті біз білетін  тұлғаларға тән, жалпақ жұртқа  кең жайылған  жайтардың бір  парасы бұл.
Қайсар Әлімнің көпжылдық  еңбегін парақтай түскенде алдымен көзге түсетіні- оның журналистік  дүниелері. Өйткені,  оның өмірінің тағалы таңдау жолы өмірмен, адам­дармен біте қайнасып  жатқан қарбалас та қызықты  күндермен бірге өріліп, қызы­ларай кеші бірге батып, тынымсыз таңы бірге атты. Журналистің миссиясы- жазу, ал жазу – тақырып  таңдаудан басталады. Бір  қызығы тақырыптың үлкен-кішісі болмайды. Бастысы өз таңдауын таба білуде. Дәйім қалауы – ойда, қадамы – жолда, қаламы – қолда жүретін журналистің еңбегі  күнделікті  қажетті  дүниелердің тұсауын кесіп жататыны көзіқарақтыға  белгілі қа­лыпты жай. Кітаптағы бір шоғыр дүниенің басын құрап тұрған да осындай  дәуіртынысты дүниелер. «Мәңгілік шер», – хикаяты  Чернобыль атом-электр стан­сасында  болған апат өртін сөндіруде асқан жанкештілік танытып, қара басын қатерге тіге жүріп, естен кетпес ерлік көрсеткен, қостанайлық Леонид Телятниковтың түп-тұқиян өмірін бар қырынан қөрсетіп, бояуын қоюлатпай қаз-қалпында көрсете жазады. Батыр атануын  тебірене отырып, оған өзі де қуа­на отырып суреттейді. Қарапайым адам­ның   адамгершілігінің  қандайлығын, елі үшін  жасаған азаматтық парыздың ер­лікке қалай  ұласқанын үлгі ете үкі­лейді. Сөз шуағын төге отырып, хикаятты    көңілдің  жылуына бөлеп шым-шымдап баяндайды. Мұнда деректі жанрдың барлық болмысы мен ныспысы сақтала  отырып сабақталған  хикаяттың оқиғалық  өрбуі де шымыр, түйінделуі де  табиғи  тәлімді: «Өткен жолы Припятты аралағанда ләйлек құстың қаңырап бос қалған ұяларын көріп жағасын ұстаған еді. Ал, энергетиктер қалашығындағы таң­ғажайып бір көрініс құлазыған  көнілін тасытып жіберген. Ұзын сырық басына үлкен ұя салыныпты. Бір құрылысшы оны көріп: «Ұя дайын. Ләйлек қонбай жүр!» – деп айқай салды. Арада біржарым сағат өткен соң, дәл Телятниковтың көз алдында ақ ләйлек  қанатын жайып, сырық басын өзіне тән секемшілдікпен үш айналып өтті де, ұяға кербезденіп жайғасты»… Әдемі  емес пе? Өмір жал­ғасып жатыр деп тұр ғой Ләйлек. Біз оқыр­манның айтары: Ұяң ұрпақты болғай, Ләйлек!
Қайсардың жазған деректі дүниелерінің арқауы қатарластары мен қаламдастары, тірліктің түтінін түйдектетіп жүрген заман­дастары, өмірдің қайталанбайтын күндері мен түндері. Олардың  өзегі әр­түрлі тақырыпта, көлемде жазылып, жур­налистік  өмірбаянның өрнектеріне ай­налған. Тыңғылықты тынымсыз еңбекті жастайынан  қалап,  жүрек лүпілін арнаған Қайсардың қаламы уақыт өткен сайын сараланып, өткірлене түскен. 
Қаламның ұшы жасыса қайта үш­кірленеді, тек қаламның қуаты қайт­пасын дейік. Өмірдің сан-салалы ситуациялары оның көп қырлы қа­ламының  ұшына әңгіме боп  ілінеді. Оның әңгімелері шағын, оймақтай ой түйген, оқиғалы боп келеді. Тіпті,  адамдардың, басында болатын баяндар, тұрмыста  кезігетін қарапайым жайлар боп келеді. Негізгі нысана – нәті нәзік сәттер, адамдардың қарапайым  мінез­дерін арқау етеді. Көргені мен түйгенін  оймен үндестіреді, қарапайым болмысты биік қояды. «Қара кемпір», «Қаңбақ шал», «Аңсау», «Өгейлік», «Күнә», «Түбіт шәлі» әңгімелерінде шым-шымдап шертілер сырдың  діңі мен ділі – Өмір мен Адам. Қарапайым тілмен айтқанда Пайым мен Пенде. Олардың қайғысы мен қуанышы бір-біріне ұқсамайды, тіпті, бітім болмыстары да қайталамайды. Осылайша Қайсардың жанын тербеп жазған Ақ әжесі, Қарашасы, Әлкені, Қаңбақ шалы, Күлбаны мен Серігі, Қара кемпірі тізбектеліп өтіп, бәрімізге таныс та бейтаныс ауылдың адамдарындай жылышұрай көрініп, өзіміз сағына еске алатын  ауылдың  көгілдір аспанындай әдемі әсерге бөлейді. Боз жу­саны бұрқыраған әдемі иісін  әкелетінін  қайтерсің. Көзімен көргенді, жанымен түйсінгенді ғана  жазуды мұрат тұтып, алған бетінен айнымайтын Қайсар әманда қаз-қалпында секілді шағын, өмірлік өрнектерді де ұсынуды артық санамапты. «Медеу айшықтары», «Бұлбұл үні», «Ақша қар», «Қыс қызығы», «Әженің әлемі», «Қайыңның  көз жасы», «Қызғаныш», «Қарагөз бен Қарақат», «Шәріптің шыршалары», «Қыс­таулар-ай», «Кәрі ағаш» секілді  сабақ­тауы мен суреттеуі ықшам, айтар ойы мөлт еткен тамшыдай  тұнық, бейнелеуі  бояулы, тынысы бір сәттік суреттеуден тұратын оқылымды жазбалардың  арқауы қысқа да болса  сезім қылын дір еткізер әсері  мол. Мынау бір ғана сурет: «Алыстан бұлбұл үні құлаққа талып жетті. Сол-ақ екен, әлгі шүпірлеген топ дүр етіп үдере көтерілді де құйындай үйіріліп, толқып-толқып алып, көк аспанға шырқай жөнелді. Ән қосып барады, әуездетіп барады. Бар сұлулықты өздеріне ілестіре әкеткендей… «Көктем аспанын, бұлбұл үнін сағындық қой, қалықтайықшы, сайрайықшы бір» дегендей… Бұлбұл үні арқылы бүкіл  аймаққа көктем келгенін аңдатар сәттің суреті алыстап кеткен  жантүкпіріндегі жұмақ ауылыңның тынысын көз алдыңа көгілдір сағым боп сылаңдай түсерін қайтерсің. Қайсардың  қысқа  дүниелерінде ауыл мен оның күнге қақталған адамдарының бірсыдырғы өмір аяңына әбден көндігіп, күйбең күй кешіп жатқан көрінісі  қарапайым  беріледі, оған көркемдеймін деп қалың бояу жақпай сөздің жұмсақ реңімен жайлай салады. Осындай қарапайым  әңгімелер арқылы адамгершілік атты әлемнің көзге көріне бермейтін, была­йғыда байқала қоймайтын, сезіле де бермейтін  бұйдасыз қалтарыстарына барады, сол арқылы ой тастайды, сыр түюге мегзейді. Әңгіменің аяғын Өмір деген осы деп өзіңе қалдырады. 
Қай пенденің болмасын ашылмайтын аралы, шешілмейтін жұмбағы болатыны  философиялық аксиома деп жүрміз. Қаламгер өмірбойы соның  шылауы мен бұрауында жүреді. Күн салып, түн қатып, сол жұмбақтың  құйттай бір түйір  шындығын табам деп қаламын бір сәтке де суытпай бағады. Қайсардың  публицистикалық еңбектері тұтас бір уақыт  аумағын, түрлі мамандықтың иелерін, ел өміріндегі болған өзгерістер мен оқиғаларды, әлеуметтік жаңаруларды, қоғамның қалыптасуы мен қарышты  қадамы мен қарқын қауметін қамтиды. Журналистік жауапкершілік соның бәрінің алғы шебінде болуға, жедел­детіп жазуға, ел құлағы елу боп ізін суытпай жеткізуге жүктеді. Жүктің ауыр болғаны да күмәнсіз. Мұндай міндет тынымсыздық пен тыңғылықтықты талап етеді, ұстамдылық пен ұтқырлық та ауадай қажет. Мұның бәрін қоғам мен кезең талап етеді. «Күн салып, түн қатып жүріп, туған жердің  түкпір-түкпірінің дәмі бұйырған, ауылы мен адамдарының тірлігі мен бір­лігін, қарбалас өмірін, қайыспайтын қайсарлығы мен  табандылығын  тынбай, әспеттей жазылған  дүниелердің очерк, суреттеме, репортаж, қаз-қалпында, толғау, сапарнама, көсемсөз, күнделік жазбаларының осыншама молдығы, үзбей жалғасын тауып  отыруы бәлкім бұл Қайсардың жастайынан қалап, жолына түскен журналистік кәсібіне деген  берілгендігі, арманының ақ жолы­на адалдығы болар деп ой түюге саяды.
Қайсар әдебиеттің әңгімесі  айдынына  да ат басын бұрады. Әдебиеттің арлы ісіне өзіне тән тазалықпен қарайды, жебір сөздің жетегінде кетпейді, әділдікті жоғары қояды, төрелігін емес түйсінгенін айтады, көздің көргенін емес, көңілдің қалауын қаузайды. Соның бәрін талғап, желдіртіп  желпімей жүгініп оқиды. Оқу демекші, оқудың да өз өрімі мен мәдениеті бар. Тіпті, ықылым заманның өзінде: «Оқыған кітаптарымыздың көптігі бізді тек ұмыт­шақ етеді. Сондықтан, қолыңда бар­дың бәрін оқи алмасаң, қолыңа тек оқи алатыныңды ғана ұста, соның өзі жетеді. Әрқашан да мойындалған жазушыларды оқы, ал, егер, басқасын оқығың келсе, бұрын оқығандарыңа қайта орал. Көп нәрсеге ой жүгіртіп, бүгін өзің қорыта аламын-ау деген біреуін таңда. Мен өз басым солай істеймін, оқыған көп нәрселерімнің ішінен біреуін есте сақтап қаламын», – депті ежелгі Рим ойшылы Сенека. Әдебиеттің көрнекті  тұлғалары, замандас қатарлас қаламгерлердің ішінен өз өресіне өрімі келетін, тұнық көңіліне тырс етіп тамғандай  тосын әсер берердей ерек тылсымы бар, сөз саптауы сезімнің қылына сеп болардай, сырына тәнті етер кітаптарды  оқуда Қайсардың да өз құпиясы бардай. Әдеби портрет шығарманың шы­найы болмысы мен жазушының  рухани ұста­нымының үйлесуін бір медальдың екі жағындай етіп суреттеуді  талап ететін талғам сыны, таразы безбені. Шын көңілмен жазылса  оның сауабына қалады, тіпті өзінің  көркем ойына қор жинайды, рухани жұ­баныш табады. 
Осы жағынан алғанда Қайсар әдеби портреттеріне өз қалауына келетіндерді, көптен оқып көкейінде жүргендерді  қала­мына көгендей тізген-ау деймін. Олай деуге негіз мынаған қараңыз: «Қарғалыда қар қалың» (Ғ.Мұстафин), «Жыр жампозы» (Н.Ахметбеков), «Қырдағы қақпан» (С.Кен­жеахметов), «Көмбе» (Қ.Салғарин), «Әй-әй ақын» (Қ.Әбіл), «Жомарттың жан түкпірі» (Ж.Әбдіхалықов), «Теңіз тылсымындай тағдырлар» (Қ.Жиенбай), «Мешітті ғалам мейірімі» (Қ.Аманжол), «Мәриям мұңы» (М.Хакімжанова), «Түйгені: Тоқтам!» (Қ.Жармағамбетов), «Кеңдік пен кемелдік» (К.Мырзабеков), «Көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі» (Т.Сәукетай), «Әзіз жүрек Әз­аға» (Ә.Нұршайықов), «Ақмоланың жаға­­­лауы қандай-ды» (І.Есенберлин), «Шерхан шуағы» (Ш.Мұртаза), «Алаш Қызы» (Г.Дулатова). «Бұларды мен қай­та-қайта оқып өз түйгенімді  баян еттім», – дейді Қайсар. Ащы терін төге отырып туындылардың тұнығынан қанып  іш­кендей күй кешу бұйырыпты басына. Шабытпен жазылған шығармалардың  шалқарына жүзу шаттығына бөленіпті, эстетикалық аурасымен тыныстап, интеллектуалдық   иірімдеріне бойлапты. Әр шығарма мен авторы бір әлем болса, әрқайсысының тілін тауып, түсіне білу, идеясының астарын аша білу мәдениеті мен  математикасының  шешімі Қайсар қаламының  діттеген басты нысаны болғанын  көреміз. Оқырман  шығарманы оқу үшін емес, титтей де болса ойлану үшін оқуы керек деген пайым позициясын ұстанады. Соны сәулелі сөзбен жеткізуде баяндаудың түрлі тәсілдеріне бара отырып, қайталанбас  қаламгерлердің адами қырларына, шабыткерлік сыр­ларына барлай баруы табиғилықпен тарқатылады. Әдеби портрет – жанды құбылыс, кағазға түскен көркем келбет. Оның сиқыры, сен білмейтін сырлары, өмір сүру қағидасы, қилы қалыптағы мінезі, тосын қадамдары мен өзгеге ұқсамайтын ойлары… тіпті,  киім киісіне дейін  таңырқатып тұсаулайтыны, қы­зы­ғушылық тудыратыны, оқыс оқи­ғаларымен тәнті ететіні бар. Қай­сардың әдеби портреттерінде  мұндай мезеттер мен  мінездер көптеп кездеседі. Сол арқылы оқылымды да күшейте түседі. Осы орайда мына бір жолдар орала кетеді. Бір  штрих. «Ғафу-ғайып»…. «Терезеден сыртқа көз тастап ем, ақ тозаңға ұқсас тұтасқан бозамықтан ақ дүние сұрқайланып, нөсер өршелене төгіп тұр екен. О, дүние! Арқалық ақтеңізге шым батып кеткелі тұрғандай үрейлі. Айнала ағындап, көпіршіген аппақ су.Табиғат та Ғафаңды жоқтап жатқандай. Есіме халқымыздың данагөй жазушысы Мұқаңның (Ма­ғауин) бөлектеп қиып сақтай салған бір жазбасы түсе кетті. Үстел тарт­пасынан тауып алдым да асығыс көз жүгірттім. «Зұ­лымдық қорғасыны асау жүрегін қақ айырып, Адамзат бұрын- соңды туғызған ұлы перзенттердің бірі Лермонтов өмірі үзілген шақта аспан айырыла күн күркіреді, бұршақтай селдетіп нөсер құйды, емен ағаштарын солқылдатып дауыл соқты, қисынсыз дойырға куә   осы сәтте әлемдік көркем ой ешқашан орны толмас қазаға ұшырапты», – деп Мұқаң  ұлы жоқтаушы табиғат мінезін сол сәттегі аласапыран дүниеге өзі куә болып тұрғандай боямасыз суреттейді. Ғафаңды да ұлы табиғат  ақжауынымен, күркіреген нөсерімен  көз жасын көлдетіп азаланып тұрғандай еді. Ғажабы тағы бар, Ғафаң өмірден ұзар соңғы сәтте «Таң атты ма?» – деп сұрапты да таң шапағына кірпігін сулай малып, қуана елжіреген көңілмен ақтық демін үзіп жүре беріпті. Сол күні қырық жылдай өзі бұрап жүргізген қабырға сағаты қыбырсыз қалыпты. Міне, Ғафаң жайлы әдеби портреттің соңы осылай ойпыр-ай дегізіп аяқталады. Әдеби портрет ақын  поэзиясын талдаумен шектелмесе керек, осындай шынайы  штрихтармен, әсерлі эпизодтармен әрлене  түссе  әсері артып, тұшынта түсері сөзсіз. Талай мәрте туған жердің топырағын басып, ақселеуіне ақын­дық жырларын  төгіп қайтуға қелетін Сыр­ағаң мен Ғафаң екеуімен  сапарлас бо­лып, қайтқанша қастарында жүріп, сөзін тың­дап, мінезін аңдап шарапатын бойына  сіңі­ріп баққан аңғарымпаз Қайсардың ақын­ның  ақпа арынды, нөсерлі жырларының  архитектоникасынан гөрі ақын  өмірінің адами қырларына баруы заңды да болар. Бұл әрі тағылымды, әрі елгезек оқырманды емінте түсер ерек сәт екенін бір пәс мойындасақ несі бар. Қаламгерді түстеп тануға болар, бірақ түсіну қиын. Түсіну үшін оның тұлабойын тебірентіп тудырған туындысын оқу керек. Жүрегінің лүпілімен  түн қатып жазған дүниенің ділін түйсінуі, сөзіне сүйсінуі керек. Ой мен идеяның астарын ашу сонда ғана бетін бермек. Әдеби портреттерді жазуда Қайсардың діттегеніне деміктірмей жеткізер осындай пайым позицияны ұстанғаны сөзсіз. 
Бірге жүріп, бірге тұрған  философ қаламгер Жомарт Әбдіхалықовтың «Жо­марттың жан түкпірі»  еңбектерін сөз еткенде Қайсар оның пәлсапашыл ой өміріне, санасын ізгі идеялар тербеген салиқалы болмысына, азаматтығын бар қырынан танытатын адамгершілігіне, жұртына жанымен шырылдайтын арлы сөзіне үңіледі. Оның нені жазғанына емес қалай жазғанына қызығады, терең білім  мен зерек ойдың толғағынан туған философиялық ой орамдарына ден қояды. «Философиясы жоқ халық өзі туралы ойланбаған, ойламайтын халық. Қазақты осылай десек, Бұқарды, Шортанбай, Дулатты қайда қоямыз. Әрірек үңілсек те, беріректен іздесек те көз тоқтатып, жобаға жатқызатын ойшылдық үлгісі табылатындай. Мифтік сана, предфилософия, тәжірибеге негізделген таным, диалектика бәрінің нышаны тұнып тұр десе, бергі Заман басқа болған соң, қозғалыс қимыл, ой өріс те жаңалануы керек-ақ. Қалай болғанда да, үміт-сенім жұтамасын деңіз. Әркім өз тіршілігін ойлауға мәжбүр болатын қатал да қатыгез күн туды. Енді, ешнәрсе құнсызданып, құр босқа, жерде жатпауға тиіс. Бірақ, бұдан тек қазақтың қарабайшылдығы, орыстың плющкиншілдігі, Батыстың Гобсектері мен Тартюфтері ғана туындап, тіршілікті тек шықбермес Шығайбайлар ғана жайлайды екен деп ойлау қате. Жаны жомарттар мен қолы жомарттар, нелер Елім деп еңіреген азаматтар бұл жаңа қоғамда да аз болмайды. Солардың бірі болу бақыты біздің әрқайсымыз үшін ашық тұр. Тек әрекет қажет, бірлескен түбегейлі түсінік керек. Кімді кім қалай қолдаса да одан елімізге тиетін  түпкі пайда естен шықпаса дейміз», – деп бір  қайырса, енді бір сәт: «Биік мансап, үлкен лауазым ешкімге берік қорған емес, тек естілік, іскерлігің, әділдік, азаматтығың ғана анық қорған…. Жарыққа қарағың келеді, жақсылыққа сенгің келеді», – деп оқырманмен толғамды пайымдарымен сауалдасып жауаптасып сырласып отыруды  ізгілікті әрекет көрген, ақыл мен сезімді сынап көруге құштар ілімшіл жанның өмірлік кредосы кім кімді де  ойлантпай қоймайды. Қайсар осының бәріне  қазіргі заманның көзқарасы тұрғысында қарап Жомарттың өмірге, ортаға, әлеуметке деген  пайымдарын ортаға ұсына  таразыға тар­тады. Оған әркімнің өз биігінен  байып түйіп барлау жасайтынын біледі. Жо­марттың қаламының өзіндік сипатта сөз саралайтыны, қарапайым  дүниелерге терең түсінулер  арқылы  ақиқаттың нысанасын  көре білу парасаты тәнті етеді. Сондықтан да, ауық-ауық оның  талғамдарына қарап толғамдарына жүгінеді. Әрине, ой-сана  санаткері, парасатты философты қандай сауал толғандырып, қандай жауаптың жүйесі мен жебесі ұстатпай жүргенін, қоғамдық формацияның күрт өзгеруіне орай адамдар психологиясының түрлі кейіпке енуін көріп, жаһандық жаңғыру дегенді қалай қабылдап, қалай қорытқанын Жомарттың жанында жүзбе жүз тілдесіп жүрген Қайсардың біле түсіп куәгер болғаны күмәнсіз. Жандүниесі бөлек, дәуір болмысын сезінуі мен сіңіруі дара, елдің қамын електен өткізуі ерек, тіпті әлеумет айналасына эстетикалық тұрғыдан қарайтын сабырлы қалпынан айнымайтын Жомарттың жан түкпіріне айтқан сөздері  мен ойлары арқылы жетпек болады, Қайсар. Осы қайсар құштарлықтың арқасында философтың  жан әлемін барлап, астарлы ақиқатын аша түседі, ойын түйсіне, түйіндерін тап басып санасына сіңіре оқиды. Кейіпкерінің «Шарболат сенім», «ІОІ толғам ІООІ түйін» атты философиялық публицистикалық туындыларын осылай  тәуелсіз ой-сана, рухани эстетикалық пайым тұрғысында толғайды. Кітаптардың  «айрықша бір ерекшелігі, қазіргі  әлеу­меттік ахуал, мәдени рухани үрдіс, адами болмыс сыры, тәуелсіз қазақ елінің бүгіні, демократия жағдайына байланысты ой тезіне  салынып  өрімделуінде» деп тұ­жырым жасайды. 
Өміршең де өршіл ақын Кеңшілік Мырзабеков  жайындағы «Кеңдік пен ке­мелдік»  әдеби әңгімесі өте қызғылықты оқылатынын баса айтқанымыз ләзім. Ақын мінезіндегі өзгеге ұқсамайтын қайсарлық, өткірлік, бетке айтар ба­тыл­дық оның поэзиясының айбыны мен айдынын  аша түсетінін, қазақы пейілмен, ұлттық аңсар үмітпен өрі­летініне көз жеткізеді… «Әуездік пен әуенділік үндестігін тап басу, уақыт билігін бағамдау, шындық пен ақиқатқа жүгіну, ұлттық тілдің сиқырына тоят­тану, тілдің тереңіне үңілу, образды ойлау  шы­найылығына бойлау, ақындық құ­былыстың өзіндік мінезбен суарылған тектілігін мойындау т.б. талант қырларын түйсіне де түсіне білу шарт. Сонда ғана ақынның кеңдігі мен кемелдігінің көкжиегі сағымнан гөрі, сағындырған сабатты көгалдай ынтықтыра тартары анық», – деп Кеңшілік поэзиясының лейтмотив кредосының картасын жаяды. Әрі қарай өз ұйғарымын өзі діттеп… «Талант тәңірі сыйы десек, бастапқы қадам мен бастыққан тұсындағы інжу маржан үзіктерінен өршелене өсу үдерісін аңғарамыз. Қай өлеңін алмаңыз заман, қоғам, адам, әлеует астарларының тіні ажырамастай түзілген. Демек, дәуір уақытпен қанаттасқан  ұлт ақыны ел­дік мұраттарды еншілей білуімен дара­ланады. Тіпті, кітаптарының атау­ларынан-ақ тақырып кеңдігі, кемелдік көкжиегі айқындалған. Ай­талық, «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Көктем көк­жиегі», «Сәруар», «Замандас сыры», «Ауыл мен астана», «Қасиетті қас-қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір дастан», – деп нақтылай  түйеді. Поэ­зиясынан кейін прозасына да үлкен сүйіспеншілікпен тәнті болғанын рақаттана айтады, прозасының өзі мық шегедейлігін, мінезділігін паш етеді, көркем дүниедей оқылатынын  ойға оралтады. Жазғандары мейлі суреттеме ме, көсемсөз бе, очерк пе, қаз-қалпында ма – құнарлы тілдің құн­дағынан шыққандай сырлы да шуақты еді деп ағынан жа­рылады. 
«Көлбеңдеген көлеңкелер кімдікі?» деген  әдеби портреттің кейіпкері талантты қаламгер Тұрысбек Сәукетай. Мұндағы әңгіменің  өрімін Қайсар өзінше бір сауал қоя отырып, оған жауап іздей үңіліп, ойланып таңданып тарата ашуға ұмтылады. Көкейге күлтелі ой тастап, өзегіне өзінше сана сәулесін түсіруге түсініп түйсінуге ишара жасайды. Сонысы мынадай түйін.. //Көлеңкелер патшалығы оқырмандарын тапқан орайлы дүние. Ойлы перне, сырлы сағақ. Дір еткізер сезімге бай. Қорқынышы мен үрейі қоламтасында мүлде өшіп болмағаны тағы сезіледі. Оқып отырып кейіпкер тағдырымен тамырласып кетесің, өрмекшідей өріп жүрген көлеңкелерді байқап, мына өмірге келгеніңе өкінесің. Немесе кітапты оқи, тоқи отырып көлең­келер кемесімен жүзіп жүргендей ойға кенелесің. Көлеңкелер патшалығындағы көмескі іздерден сыр түйіп, сыралғы бола бастағаныңды аңғармай да қаласың. Себебі, мына өміріңнің жүзін жапқан көлеңкелерді бір деммен үрлеп, аршыған жұмыртқадай аппақ ете қою мүмкін болмаса да күнгейге жоныңды жылытып, әлсіреген әліңді жинап, көмескіленген пердені ысырып тастауға талпынатының заңды шығар. Сөйтіп, кейіп­керіңмен жақтасып, көлеңкелермен шайқасып, өнетін де, өнбейтін де іске ша­тылып кете барасың. Бәрібір көлеңкесіз өмір сүруге болмайды екен… Көлеңкесіз дүние ғапыл екен», – деп шығарманың астарын, психологиялық философиялық архитектоникасын ашып көрсете білуі Қайсар қаламының терең бойлағыштығын, жазушының жазу әлемін танығыштығын байқатып қана қоймайды логикалық  байыбына бас игізеді.
Тұрлаулы жылдар мен тағдырлы адамдар жайлы сыр шертер сегіз томдық Қайсар қаламын бар қырынан танытады. Оның тынбай жазатыны, сол жазуға түбегейлі берілгендігі, қалам терінен қанағат табар еңбекқорлығы тәнті етеді. Шығармаларымен қатар адамдармен жазысқан хаттары, күнделіктеріне дейін тап-тұйнақтай етіп жүйе-жүйесімен жи­нақтап беруі өз еңбегіне деген құр­меттің бірегей үлгісіндей көрінеді. 
Ересен еңбек те лайықты бағаланыпты. Қазақстан Журналистер одағы М.Дулатов атын­дағы  сыйлығының лауреаты, Прези­дент сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Торғай қаласының және Жанкелдин ауданының құрметті азаматы, халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Міне осының бәрі оның өмір жолы.

***
Бұл жол сонау арманға толы ақбұлақ күндері ұмытылмас алпысыншы жылдардан басталған. Иә, бұдан елу үш жыл бұрын. Дәлірек айтсақ «Қазақстан пионері»  («Ұлан») газетінің 1962 жылдың З қаңтар күнгі нөмірінде «Қысқа хабарлар» деген тақырыппен жарияланған сегіз жолдық мақаласынан бастау алған екен. Алдымыздағы айқара ашулы пионер газетінің  әсем бояулы беті алыстағы Торғайдан жеткен жас талаптың жүрек лүпілін осылай беріпті. Міне, Қайсар достың қайсарлығы да, сәтті самғауы да осыдан көрініп-ақ тұр.
Тағдыр оған  символикалық сый жасапты: Сегіз жолдан сегіз томға дейін! Тіл ұшына үйіріле кетер уәжді сөз. Ойдан шығарылған емес. Өмірдің өзі туғызған лепті сөз, ізетті ой.
Қайсар қаламының  қара тері мен қарымын осыған қарап-ақ байыптауға да, бағалауға да болады. 
Сегіз томды  жиып қойып қарап отырған Қайсар жоқ. 
Жазып жатыр. Жетпістің белесінде де белсенділігі байқалады…
Қаламың қолыңнан түспегей…

Алдыңғы «
Келесі »