ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАТАРЛАР

  • 13.12.2016
  • 3750 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Р. Әбсаттаров,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 
философия ғылымдарының 
докторы, профессор;
Г. Хайруллин,
Қазақстан татарлары мен башқұрлары Ассоциациясының  Президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңі, егемендіктің қалыптасуы, қоғам өмірінің барлық саласын реформалау бүгінгі күнге дейін жеткілікті зерттелмеген тақырыптарды жалпылама, соның ішінде әлеуметтік-саяси ғылымдар шеңберінде, зерттеудің өзектілігін арттыра түсуде. Қа­зақстанда тұратын татарлардың тарихын да солардың қатарында атауға болады. Қазақстандағы татар халқының өкілдері түркі тілдес халықтарға жатады.


Ғасырлар бойы халық жадында түркі халықтарының ортақ түп-тамырлары туралы  аңыз-әңгімелер сақталған. Тарихи жағдай күрт өзгерген кезде қандай да бір халықтың  белгілі бір бөлігі қолдау іздеп, өзіне туыстас басқа халықты паналаған. Дегенмен, XVI ғасырға дейін бұндай қозғалыс әрдайым басым бағыт болып табылмаған. Алайда, барған сайын күшейе түскен орыс князьдықтарының экспансиясы қоз­ғалыстың бағытын нақты айқындаған болатын – батыстан шығысқа және оңтүстік шығысқа қарай. Мысалы, татарлардың Волга бойынан Оралға, Сібірге, Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударуының алғашқы ірі толқыны XVI ғасырдың екінші жартысында басталған еді. Орыс князьдықтарының жеңгендерінің шектен шыққан қантөгісі мен тонауы татар халқының кезекті көтерілісін басып-жаншу кезінде, кең байтақ Қазақстан жеріне  қарай татар босқындарының үл­кенді-кішілі, жаңа толқындарының қайта-қай­та туындауына негіз болды.  Осы жерде қазақ сұлтандары мен билерінің  қашқын татарларды (болғар-татарларды) патша өкі­метіне ұстап бермегенін айта кету керек. Әдетте қашқын туралы жіберген сұратуға  төмендегідей жауап берілетін:  «Қашқын татар болмаған, болған да емес және қазіргі кезде оның қайда екені мүлде белгісіз». Тіпті қайтарылатын жауапты сұлтанның айтуы бойынша ізделінуші татардың өзі де жазуы мүмкін еді. 
Татарлар қазақ жеріне көбінесе заң­сыздыққа, салық ауыртпалығына шыдамай немесе солдаттан қашып келетін. Алдыңғы ғасырдың соңында Қазанның төңірегіндегі 25 татар отбасы  тұратын кішкентай ауылдың  барлық адамдарын халықшылдармен (на­ро­доволецтермен) байланысты деп Қа­зақстанға жер аударды. Тіпті олардың бір жерде жарты жылдан артық тұру құқығы болмады – деп, бір деректерде айтылған. Ақыр аяғында олардың бір бөлігі Петропавловск, Семей арқылы Жетісу жерінде, Теңлік ауылында тұрақтады. Әлдебір  татар ауылының тұрғындарының барлығы бас көтеріп, осы өңірге қарай қоныс аударған деген әңгіме де бар. Ақырында  олар Лепсі деген жерге жеткен. Бұнда олар патша өкіметінің ізшілерін шатастыру үшін орыс және қазақ тектерін алған. Осылай олар өз ұлдарын солдатқа алынудан сақтап қалған. Қазіргі кезде де  бұл жерлерде тектері орыс және қазақ татарлар аз емес. 
Татарлар жергілікті тұрғындар тарапынан  тек тілектес қарым-қатынас, далалық қонақжайлық көрді, пана тапты.  Өз кезегінде татарлар бұл жерлерге өздерінің отырықшы өмір мәдениетін, ислам дінін ұстануды және жоғары деңгейдегі сауаттылықты әкелді. XVIII ғасырда  қазақтар мен  Орта Азия халықтары жер жыртудың ең жақсы құралы ретінде татар сабанын қолдана бас­тады. Ахметов деген татар саудагері орта жүз қазақтарына құрал-сайман және  егетін тұқымдар әкелген. Екі жылдан кейін қазақтар саудагерге ризашылықтарын біл­діріп, енді аштықтан құтылғандары туралы жазды. 
Татарлар Орал (Жайық қаласы) қала­сында қоныстана бастады. Өткен ғасыр­дың аяғында Орал қаласындағы татар тұрғындардың саны айтарлықтай көп болды. Оған қалада татар кварталдарының, мешіттердің, медресе мен мектептердің болуы дәлел болады. Патша өкіметі басқа облыстарға қоныстануға рұхсат берген кезде, татарлар Петропавловск және Семей қалаларында да тұра бастады. Біршама кейінірек Ақмола (Астана), Әулие-ата (Тараз), Көкшетау, Павлодар, Атбасар және басқа қалаларда татар тұрғындардың едәуір ірі топтары  пайда болды. 
Ежелгі кезден Волга бойы, Орал, Сібір және Қазақстан арасында сауда айырбасы қалыптасқан болатын. В.В. Радлов жаз­ғандай, 1862 жылы Семейде «Орыстар олардың үштен бірі ғана, қалғандары татарлар мен қырғыздардан (қазақтар) тұрады. Енді Семей Батыс Сібірдің Қырғыз даласымен  және Батыс Қытаймен сауда-сат­тық орталығына айналды. Негізінде осы саудамен Шығыс Сібірден қоныс аударған жергілікті татарлар айналысады». Сауда-саттық осы өңірде татар тұрғындардың пайда болуына негіз болды. 
1854 жылы Верный (Алматы) бекінісі салынды. Көп кешікпей бұл жерге татар саудагерлері келе бастады. 60-шы жылдардың басына қарай мешіті мен мектебі бар татар слободасы қалыптасты.  Сауда-саттықтың жандануына байланыс­ты, XVIII ғасырдан бастап тұрақты сауда орындары, кейінірек қазақ ауылдарында молдасы бар мешіттер пайда бола бастады. Мешіттердің жанынан татар және қазақ балалары білім алатын мектептер мен медреселер ашылды. 
Танымал тарихшы Г. Губайдуллин: «Туыс­қан түркі тайпаларының тілі мен салт-дәстүрлерін білу нәтижесінде XVI ғасырда Қазандық татар саудагер орыс және азиаттық сауда-саттықтың дәнекеріне айналды», – деп атап өтті. 
Ресейлік  биліктің Қазақстанмен сауда жасауға рұхсат беруі тек экономикалық мақсаттармен ғана байланысты болмағанын атап өту керек. Сауда-саттық Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияға енуін жеңілдетуі тиіс болды. Ресейдің империялық жос­парларында Қазақстанға маңызды рөл берілген болатын: төртінші Ресейді құру туралы «ғаламат» идея пайда болды.  Аймақ тұрғындарын жедел түрде христиандандыру және Қазақстанды Ресейдің өзіне, Малороссия (Украина) мен Белоруссияға қосымша  Сарыресейге айналдыру (Желтороссия) ұйғарылған болатын. Екатерина II-нің: «Бұл шет аймақтарды жеңіл жолмен олар орыстанатын және орманға қараған қасқырдай болмайтын жағдайға әкелу керек», – деген нұсқауы белгілі. Жоғары шенді шенеуніктердің бірі генерал-губернаторға: «Мен қырғыздардың әрдайым көшпелі малшылар болып қалуын, ешқашан егін екпеуін және тек қана ғылымды емес, тіпті кәсіптерді де білмеуін жан-тәніммен қалаймын», – деген. 
Саудагерлер сауда-саттық әрекеттерін игерген жерлерден ары дамыта отырып, өздерінің сауда-саттығының географиялық шекарасын кеңейтуге тырысты. Аягөз, Семей, Үшарал, Талдықорған, Ақсу, Жаркент және т.б. жерлер Қазақстанда татарлардың одан ары қоныстану орындарына айналды.  Бұл елді  мекендерде татарлар біршама көп болды. Айталық, ХІХ ғасырда Аягөз тұрғындарының үштен бір бөлігі татарлардан тұрды, жергілікті сауданың барлығы солардың қолында шоғырланды. Ресей үкіметі Қазақстандағы татарларға жылжымайтын мүлік (жер, ғимарат және т.б) сатып алуға тиым салған кезде, кейбір татарлар қазақ болып жазыла бастады. Кейде олар жерді ұзақ мерзімге (90 жылға дейін) жалға алды, татарлардың бір бөлігі алыс өңірлерге қарай қоныс аударды. 
Петропавловск  қаласының маңында сау­да орны ашылып, оның жанынан мешіт салынды. Татар кәсіпкерлері Бирушев, Муратов, ағайынды Табиевтердің кәсіптері  осы жерде алға басты. 1915 жылға қарай татарлар Петропавловск қаласы тұрғындарының үштен бірін құрады. Жер аударылған украиндық халықшыл К.А. Белиловский: «Бұл жердің татарлары – саудагер, пысық, еті тірі халық. Олар барлық сауда-саттық операцияларын көбінесе қырда, қырғыздар арасында жүзеге асырады… Бұнда татар саудагерлері орыс кәсіптестеріне қарағанда ұяты барлығымен ерекшеленеді»,-деп жазған болатын.
К. А. Белиловский  татарлардың барлығы дерлік татар және орыс тілдерінде оқиды және жазады, ән айтып, гармонь тартқанды жақсы көреді, – деп атап өтеді. Ары қарай ол өз ойын былай жалғастырады: «Бұл жердің татары әдепті, өнегелі, сыйластықты біледі, өз ар-намысына қайшы келетіндей сирек әрекет етеді… Орыстар, әсіресе олардың белгілі бір бөлігі жүгенсіз, беті­мен кеткен қалада тұрғандарына қара­мастан, татарлардың отбасылық әдет-ғұ­рып­тарының қатал және таза, дұрыс болуы олардың орыстардан артықшылығын  көрсетеді».
Қазақстандағы тұрақты татар ауыл тұрғындарының саны да  өсе бастады. XVIII ғасырдың екінші жартысында татар шаруалары мен қолөнершілерінің үлкен тобы Петропавловск қаласынан 40  шақырым жерде қоныс тепті. Бұл ауыл өзінің негізін қалаушының атымен Маулет ауыл (қазіргі кезде – Мамлютка қаласы) деп аталып кетті. Саратов губерниясынан шыққан татарлар-мишарлар Көкшетау қаласының маңында Имантау ауылының негізін қалады.  Осы қаладан жақын жерде Желтау татар ауылы пайда болды. Алматы облысына қарасты Қапал мен Жаркентте және т.б. жерлерде татарлар тұрғындардың маңызды бөлігін құрады. 
1824 жылдан бастап Сайфулла Усманов деген татар Көкшетау округінің указной молдасы, яғни патша жарлығымен тағайындалған молда болып әрекет етті.  Болыс басшысы ол туралы былай деп жазған болатын: «Аталмыш қызметті өзінің атақ-дәрежесіне сай бар ынта-жігерімен орындайды, әрдайым жақсы адам қандай болуы керек, солай әрекет етеді және ешқандай жаман қылығымен көзге түскен емес». С. Усманов өзінің төрт бауырымен Ешім өзенінің сай-саласындағы бір шатқалды қоныстанып, мешіт салған. Ағайынды Усмановтарды замандастары былай деп сипаттаған: «Қырда үйлері, қора-жайлары бар, ұн тартатын диірмен салған, қырғыз балалары білім алатын училище үйін қамтамасыз етеді, сонымен қатар егін егумен де айналысады».
ХІХ ғасырда татар көпестері мен кәсіп­керлерінің Қазақстанға келуі күрт өсті. Атақты татар көпестерінің қатарында Се­мей­лік ағайынды Мусиндерді, Вер­ныйлық И. Габделжаппаровты, әкелі-балалы Каиповтарды, Габдельвалиевті және т.б. атап өтуге болады. Хамидулла және Гульшад Бекметовтар Балхаш өңірінде кейінірек Гульшадский деп аталып кеткен қорғасын-күміс зауытын салған. 
Осының барлығы татарлар мен қа­зақ­тардың өзара түсіністігі мен өзара байланыстарының одан ары дамуына негіз болды. Сонымен, Н.Ә.Назарбаев атап өт­кендей, осы екі халықты: «ежелден тек мәдени ортақтық қана емес, нақты эко­номикалық өмір де байланыстырған… өткен ғасырдың (ХІХ ғ.) аяғында қазақ даласынан тек оренбург айырбас саудасына жыл сайын жарты миллионға жуық қой, он мыңдаған ірі қара айдап әкелінген, елтірі, шикізат, үй жануарларының терілері, бағалы аң терісі, тұз, отын және т.б. жеткізіліп отырған.  Бір ғасырдан бұрын татар көпестері Яушев, Якупов, Абдрашитов және басқалары қазақ әріптестерімен бірге Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Қарабұтақ және т.б. жерлерде тоң май ерітетін, сабын қайнататын, мал соятын орындар, қоймалар, сауда үйлерін ашқан. Сауда-кәсіпкерлік байланыстар жан-жақты дамыды және сол кездің өзінде екі жаққа да тиімді сипатта болды». 
XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында татарлар жергілікті тұрғындардың сауаттылық деңгейін көтеруде ерекше рөл атқарды. Қазақстанда тармақталған мемлекеттік білім беру жүйесінің болмауы жағдайында дәл осы татарлар қазақ тұрғындарының арасында ең басты сауаттылықты таратушыларға  айналды.  1863 жылы Семейдің өзінде 500-дей оқушысы бар тоғыз жеке меншік  татар мектебі білім берді. Сол уақытта қаланың 14 орыс мектебінде шамамен 340 бала білім алды. 
Сол кездегі адамдардың айтуынша, жер­гілікті қазақтар ауылдағы татар мек­тептерінде бастауыш білім алған. Бұл мек­тептерде мұғалім болып татар дін қыз­меткерлері – молдалар жұмыс істеген. Татар молдалары арқылы қазақтар арасында білім берудің таралуы патша үкіметі өкілдерінде үлкен қауіп тудырды. Ресей империясының Ішкі істер Министрі: «Қырғыз тұрғындарды Ресей үшін саяси тұрғыда аса жағымсыз салдарлары болуы мүмкін татарланудан алшақ ұстау мақсатында уақыт өткізбей барлық қажетті шараларды іске асыру керек», – деп атап көрсетті.  Сонымен қатар, қазақ зиялы қауымының бір бөлігінің осындай (діни, мұсылмандық) білім беруге наразы болғанын да атау өту қажет. Олар өз халқының арасында зайырлы білім беру түрін таратуға тырысты. 
Жалпы қазақтар мен татарлардың өзара байланысы Ресей билігі тарапынан на­разылықтың туындауына негіз болды. Мысалы, Жетісу облысының гене­рал-губернаторы өзінің 1883 жылғы нұс­қаухатында аймақтың ауылдық қоға­мын­да татарлардың болуы қажет емес деп көрсеткен болатын. Ол «Мен Қарабұлақ станицасының маңайында  және Қаратал өзенінің жоғарғы және төменгі сағасында Қапал қаласының мещандары, басқа келімсектер – татарлар, шала-қазақтар (қа­зақ-татар аралас некеден туғандар)  және басқалар иелік ететін көптеген хуторларды көрдім. Уезд бастығына маған бұл хуторлар қандай құқық негізінде пайда болғаны туралы толық мәлімет беруді ұсынамын», – деп жазған. Орал қаласындағы бұратана халықтарға арналған оқу семинариясының директоры А.Вознесенский  (1899  жыл) «қазақ даласын татар басып кеткеніне»  шағымданған  және татар насихаты мен ықпалын шектеуге шаралар қолдануға шақырған болатын».
Аймақтың қазақ тұрғындары татарлармен нағыз ынтымақтастық қарым-қатынаста болды. Ауқатты қазақтар мұсылмандық білім  беруді материалды түрде қолдап отырды. Қазақтар ортасында орыс тілінің таралуына байланысты христиандықтың  енуіне наразы болған қазақ көпестері мен кәсіпкерлері тарапынан медреселерге кө­лемді материалдық көмек көрсетілгені  белгілі.  Сол кездегі білімді қазақтар бас­тауыш білімді татар молдаларынан алған болатын. Мысалы, Абай Құнанбаев алдымен ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі татар медресесінде  өз білімін жалғастырған. 
Абайдың әкесі – аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтың көзқарастары қызығушылық тудырады. Өзінің мешіт салу туралы өтінішінде ол былай деп жазған: «Ұзақ уақыт өтпей, әсіресе татарларға жеке  ауыл болып қоныстануына рұхсат етілгеннен кейін, көптеген қырғыздар мешіттің жанында өз  үйлерінің болуын қалайтын болады; сонымен қатар, татарлармен бірге қырғыздардың қоныстануының бір пайдасы олардың сауда айналымының өсуі, ауқаттылары болса олармен бірге … жәрмеңкеге  барады және осы арқылы кейін олардың отырықшы болуының нығаюын күтуге  болады және оған түсетін қырғыз балалары  білім алу барысында ресей заңдары мен әдет-ғұрыптарымен танысады». 
Айта кетсек, танымал тарихшы К. Халиди өзінің бір кітабында осы адам туралы қызықты әңгімені келтіреді. Ажал  аузында жатқан Құнанбайдан оның іске асыра алмаған арман-тілектері туралы сұрапты. Сонда Құнанбай оны өте ақылды, қарапайым адам ретінде сипаттайтын жауап беріпті. Ол адамдарға өзі ойлап тапқан нақыл сөз қалдыра алмағанына айтыпты: «Мен не ойласам да, не айтсам да, олардың барлығы  бұрынғылар ертеде-ақ ойлап тапқан сөздер мен мақалдардан бастау алады екен».
Көптеген қазақ жастары Оренбург, Волга, Орал бойындағы татар медреселерінде білім алған болатын.  В. В. Радлов  «өз үйлерінде бастауыш білім алған» жүздеген қазақ жастары «енді Солтүстік Ресейдің татар медреселерінде білім алуда» деп жазған. Тағы да ол, Стерлибаш  медресесі (қазіргі Башқұртстан аумағында болған) жыл сайын ең аз дегенде он жылдай білім алатын 150 қазақты қабылдайды және бұндай жағдай бірнеше ондаған жылдар бойы орын алып келеді деп атап өтеді.  
Мұсылмандарға арналған мемлекеттік білім беру мекемелерінің пайда болуы  қазақтардың осындай мекемелерде де білім алуына біршама мүмкіндік берді. Алайда ондай білім беру мекемелерінің және онда оқитын қазақтардың саны тым аз болды.  Айталық, 1872-1919 жылдар аралығында Қазан мұғалімдер семинариясында бір жарым мыңнан сәл асатын татар, башқұрт, қазақ және т.б. жастары білім алған.
Татар меценаттары жастарды Түркия мен Арабияға жиі оқуға жіберіп отыратын. Татар қайрымдылық қорларының бастамасымен Верный, Петропавловск, Қапал, Ташкент, Қоқанд, Қаракөл, Баку және т.б. жерлерде кітапханалар ашылған болатын.   
Осыған орай Ресей империясының шығыс халықтарының тілдерінде кітаптар басып шығарудағы ең басты орталық ре­тінде Қазан қаласының рөлін атап өту керек. Б.А. Кенжетаевтың пікірінше, ұзақ уақыт бойы мерзімді баспасөзге деген қажеттілікті де «татар газеттері мен жорнал­дары қанағаттандырып отырды… Бұл татар халқының  дамыған экономикалық әлеуетінің болуымен байланысты болды. Және татарлар жалпы мұсылмандық қозғалыста да белгілі бір жетекші рөл атқарды».  Қазан қаласында көрнекті қазақ ойшылдарының шаығармалары жарық көрді. Мысалы, «Ахмед Яссауидың шығармалары  алдымен қолжазба, кейін баспадан шыққан түрінде  татарлар арасында кең тарады, олар оқу материалы ретінде медреседе оқылып, әртүрлі ісшараларда қарастырылды». «Диуани хикмет» кітабының алғашқы Қазандық басылымы  1878 жылы жарық көрді.  1917 жылға дейін бұл кітап  Қазан университетінің типографиясы мен ағайынды Каримовтардың типографиясында шамамен оншақты рет қайта басылып шыққан болатын. Бір қызығы бұл басылымдардың бір бөлігін Орал облысы Гурьев уезінің татар казактарының бірі дайындаған. 
1910 жылы Семейде татарлар «Ярдәм»  (Жәрдем) компаниясын ұйымдастырған еді. Бұнда кітаптар, кейінірек «Эшче халык сүзе» («Еңбекші халық сөзі») газеті де басылып шыққан болатын. 
Татарлар арқылы Қазақстанға театр өнері де тарады. 1918 жылы-ақ  татар артистерінің  әуесқой тобы Петропав­ловск қаласында сахналық қойылым ұйым­дастырған болатын. Семейдегі татар­лардың «Мәдәният» («Мәдениет»)  мәдени-ағартушылық қоғамы театр труппасын құрған. Сол жерде кейін  қазақтардың әуес­қой тобы да ұйымдастырылды. Татар труппалары Қостанай, Атбасар, Павлодар, Орал және т.б. жерлерде де пайда болды.  Верный қаласының татар меценаттары маман музыкант Хан Исмаиловты шақырған еді. Ол сахнада драмалық шығармаларды қоя бас­тады.  1913  жылы Верныйда халық бірінші қойылымды – Г. Камалдың «Беренче театр» шығармасын  тамашалады. Әпкелі-сіңлілі Зайнап және Рабиға  Ғабитовалардың үйін­де «Шимбә» («Сенбі») әдеби үйірмесі ұйым­­дастырылды. Айта кетсек, осы әпкелі-сің­­лілі Ғабитовалар жер сілкінісінен зардап шеккен Жетісу тұрғындарына көмек көрсетуді ұйымдастырған болатын.  
2013 жылы Қазақстан футболының 100 жылдығы атап өтілгені қызығушылық тудырады. 1913 жылы дәл осы Семейде қазіргі Қазақстан аумағында алғаш рет футбол командалары, … таза татар атауымен «Ярыш», яғни, «Жарыс» деп аталатын команда пайда болды. «Ярыш» клубының командасы 1906 жылы алдыңғы қатарлы  педагог Р.Елькибаев негізін қалаған татар мұғалімдер мектебінің оқушыларынан  және мұсылман жастарының өкілдерінен тұрды. Команданы ұйымдастырушылардың және оның алғашқы капитандарының бірі Юнус Нигматуллин болды. Онда қазақ әдебиетінің болашақ классигі Мұхтар Әуе­зов те ойнаған болатын. 
1919 жылы татар актері X. Уразиков Вер­ныйға келді. Ол «Ғ. Тоқай атындағы театр»  атты труппаны құрды. 1920-шы жылдардың басынан  1930-шы жылдардың аяғына дейін  Алматыда жұмысшы татар жастарының театры, татар театр труппалары жұмыс істеді.  Татар қойылымдарына қатысу арқылы болашақ танымал тұлғалар К. Байсеитова, К. Бадыров, Қ. Қармысов, Ш. Мусин және басқалар сахна төрінде өздерінің алғашқы қадамдарын жасады.  «Сайяр», «Hyp» және т.б. театр труппалары қазақ және татар көрермендерінің алдында гастрольдік қойылымдар қойды. Бірақ өткен ғасырдың 30-шы жылдары татар мектептері, кітапханалары және татар театры жабылып қалды.  
Татар халқының көптеген танымал өкілдерінің аттары Қазақстанмен байланыс­ты. Осындай тұлғаның бірі – ғалым және дипломат, азиат тілдерінің білгірі Шагимардан Ибрагимов (1840-1892). Ол Омск кадет корпусында оқыған кезінде  қазақ халқының ұлы Шоқан Уалихановпен дос болған. Олардың достығы кейін, Ш. Ибрагимов Петропавловск қаласында жұмыс істеген кезде де жалғасын тапқан. Ол «Түркістан өлкесі» газетінің қазақ және өзбек тілдерінде басылып шығатын қосымшасының алғашқы редакторы болған (кейін бұл қызметті татар ұлтының тағы бір өкілі X. Чанышев ат­қарған).  Кейінірек Ш.М. Ибрагимов Бұ­ха­радағы орыс елшілігін басқарған, одан кейін Сауд Аравиясында бас консул қызметін атқарған.  
Ш.М. Ибрагимов қазақтар мен Түр­кістан өлкесінде тұратын басқа халық­тардың өмірі туралы материалдар жинаған ғалымдарға нақты көмек көрсетіп отырған.  Ол қазақ халқының дәстүрлері мен сот жүйесі,  қазақ халық фольклоры туралы бірнеше мақала жазған. Ш. Ибрагимов «Қа­зақ тілінің дәстүрлі және тұрмыстағы сөздерінің түсіндірме сөздігін» құрастырып, жариялаған. Өзінің осындай ізденістерінің мақсатын түсіндіре отырып, ол жалпы өзі жиі араласатын халықтың тұрмысы мен дәстүрлері туралы мәлімет жинап, көрсетуді қалайтыны, қазақ халқы оның бойында әрдайым жақсы сезімдер тудыратыны, ал өзінің бұл халықтың мінез-құлқынан көптеген жағымды сапаларды көретіні туралы жазған.   
Санкт-Петербург университетінің оқы­ту­шысы Хусаин Фаизханов (1828-1866) қазақ тілі мәселелерімен айналысқан.  Ол «Ма­нас» эпосының тілі қазақ тілі емес екенін анықтаған.  Ол Ы. Алтынсарин, Ш. Уа­лихановпен хат алысып тұрған.  Ш. Уа­лихановқа жазған хаттарының бірінде ол өзінің қырға барған сапарында екі мыңнан аса қазақ сөздерін, көптеген фразаларды, сонымен бірге ертегілер, мақал-мәтелдер, әндер және т.б. жинағаны туралы жазған, Ш. Уалихановқа жіберген материалдары үшін оған өз ризашылығын білдірген.  Тосыннан болған қаза ғалымның қазақ-орыс сөздігін құрастыруға байланысты жұмысын аяқтауына кедергі жасады. 
Санкт-Петербург университетінің шы­ғыс тілдер бөлімінің түлектері өздерінің X. Фаизханов секілді оқытушыларының идеяларын жете түсінген, толық мойындаған болатын. Осыған байланысты сол кездегі орыс білім беру жүйесінің аса ықпалды қайраткері Н.И. Ильминский  бұл студенттерді азиат­тық шет аймақтарда жұмыс істеуге жарамсыз деп санаған, өйткені «олар азиаттық халықтардың әдебиетін, тарихы мен этнографиясын объективті түрде зерттейді және оларға өз тілектестіктерін, аяушылықтарын  білдіреді». Н.И. Ильминский азиаттық ха­лық­тармен жұмыс барысында тілектестік, аяушылық  білдіруге жол бермеу қажет деп айтқан, сондықтан бұл халықтардың мәде­ниетін объективті түрде зерттеу болмауы керек. 
Мифтахетдин Мухаммадьяр-ұлы (1831-1895) татарлар, қазақтар мен башқұрлардың сүйікті  ақыны болған. Ол Белебеевск уезінің тумасы және Қазақстанда мұғалім болып жұмыс істеген. Қазақ кедейлері танымал әнші-ақынды  Ақмолда деп атаған.
Ханафи Батыршин (1837-1912) 44 жыл бойы Түркістан өлкесінде дәрігер болып жұ­мыс істеген. Ол алғашқы болып жоғары медициналық білім алған татарлардың бірі болатын. 
Татар мәдениетінің, өнері мен әде­бие­тінің көптеген көрнекті өкілдері Қа­зақ­станда туып өскен. Мысалы, Ғалим Ақчурин (1890-1938) өзінің туған қаласы Петропавловскде мұғалім болған. Ол Уфада (1917 жыл) болған ұлттық қозғалыс органдарының жұмысына  осы өлкенің өкілі ретінде қатысқан. Акрам Ғалимов (1892-1913) Қостанайда туылған, өзінің ақындық шығармаларын  татар және қазақ тілдерінде жазған. Ол Троицк қаласында қазақ тілінде шығатын «Айқап» жорналының хатшысы болған. Петропавловскде мұғалім болып жұмыс істеген тағы бір ақын Ахмат Уразаев-Курмаши бар-жоғы 28 жыл өмір сүрген. Оның ақындық шығармалары да  татар және қазақ тілдерінде жазылған. Ғ. Тоқайдың досы, танымал педагог және журналист Ғабдулла Ғыйсмати Қостанайда дүниеге келген. Ол бірнеше оқу құралдарының авторы. 
Кеңес дәуірінде Қазақстанның татар тұрғындарының құрамында айтарлықтай өзгерістер орын алды.  Бұл революцияға қатысты түбегейлі өзгерістер мен азаматтық соғыс, Волга бойындағы ашаршылық жылдарындағы және ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезіндегі жағдайға байланысты болды. Кейбір татарлар бай, кулак және мұсылман дін қызметкерлері ретінде өздерінің туған өлкелерінен жер аударылды. Сонымен қатар, татарлар Қарағанды мен Өскеменнің шахталарында, Жезқазған, Шымкент пен Жамбылдың (Тараз) руд­никтерінде жұмыс істеуге келді. Өз отбасымен жоғары квалификациялы мамандар келіп жатты. Өткен ғасырдың 50-60 жыл­дарында тың және тыңайған жерлерді игеру,  тіпті татар совхоздарын құру  татар тұр­­ғындары санының көбеюіне ықпал етті. Сонымен 1990 жылға қарай Қазақстандағы татарлардың саны 320 мың адамға жетті. 
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында татар халқының көптеген атақты ұл-қыздарының аттары кездеседі.  Олар көрнекті революция қайраткерлері Сабыржан Ғаббасов, Карим Сутюшев, Бари Шегабутдинов, Осман Абдрашитов және басқалар. Кеңес Одағы жылдары Х.М. Пазиков Қазақстан КП облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Ш.Х.Бекболатов, Ф.Х. Галимов, В.Г. Ибрагимов, М.С. Муслимов министрлер болды, ал Т.Г. Мухаммад-Рахимов – республика үкіметі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соғыстың қиын жылдарында Қазақстандық татарлар – генерал-лейтенант Г.Б. Сафиуллин, Закир Асфандьяров, Искандар Даутов және басқалары Кеңес Одағының Батыры атанды.
Татар халқының өкілдері республика ғылымының қалыптасуына да айтарлықтай үлес қосты. Ядролық физиканың бастауында Ш.Ш. Ибрагимов тұрды,  ал мұнай химиясы саласында С.Р. Рафиков  жұмыс істеді. Оташы-хирургтер А.Н. Сызғанов және Р.З. Исмагилов,  офтальмолог Г.А. Ульданов, микробиолог А.Н. Илялетдинов, математик В.М. Амирбаев, геолог С.Ш. Сайфуллин, физиктер К.М. Салихов және К.А. Валиев, химик Д.З. Сиражетдинов, филолог Х.Ш. Махмудов аса танымал тұлғаларға айналды.  Қазіргі кезде Қазақстанда татар халқының өкілдері – шамамен 30 ғылым докторы, профессорлар, соның ішінде филолог Р.А. Абузяров, экономист Р.Г. Алимов, тарихшы В.З. Галиев, биолог Р.А. Гареев, философ Р.А. Клещеева-Хафизова және басқалары еңбек етуде.  
Атақты татар ақындары Нури Арслан және Махмут Хусаин, сонымен бірге танымал театр режиссері Ш. М. Сарымсаков Қазақстанда туып өскен.   Атақты татар жазушысы Ибрагим Салахов өз туындыларын Қазақстанда жазған. Академиктер Р.И. Нафигов, М.А. Усманов, сонымен қатар танымал татар композиторы  Нажиб Жиханов Қазақстанда өмір сүрген. Атақты суретші Бақый Урманче Қазақстанда әкімшілік айдауда болған. Ол Қазақстанда Абай, Мұхтар Әуэзов  Сабит Мұқановтың шығармаларына иллюстрация дайындаған.   
Қазақстанда бірқатар шығармашыл татар-тұлғалардың дарындары барлық қы­­рынан ашылған: қазақ кәсіби музыка­сы­ның негізін қалаушылардың бірі Латыф Хамидидің,  ағайынды әншілер Ришат және  Муслим Абдуллиндердің, дирижерлер Фуат Мансуровтың, Ренат Салаватовтың және т.б. Танымал суретшілер Камиль Шаяхметов, Бахтияр Табеев және басқаларды айтулы қыл қалам шеберлері ретінде  мойындаған. 
Сонымен, А.Г.Хамидуллиннің сөзімен айтсақ, татарлар «ешқашан қазақ жерінде керексіз болмаған, шахтер, металлург, құрылысшы, егінші, педагог, дәрігер, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастырушылар және басқарушылар ретінде еңбек етті және еңбек етуде, жоғары наградалар мен атақтарға ие болуда.    Өздерін қабілетті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері ретінде көрсеткендер де аз емес». Таусылмас қуат, мақсатқа талпынушылық пен белсенді өмірлік айқындама Қазақстандық татарлардың жоғары жетістіктерге жетуіне және олардың қоршаған адамдардың құрметіне бөленулеріне мүмкіндік берді. Олар халықтар арасындағы достықты нығайтуға, өскелең ұрпаққа өнегелі-рухани тәрбие беруге, бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға және т.б. өздерінің адал, абыройлы еңбектерімен үлес қосты.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде Қазақстанда шамамен  210 мың татар өмір сүріп, еңбек етеуде, яғни Республика тұрғындарының 1,2% құрайтын олар Қазақстан шаруашылығының барлық салаларында жұмыс істеуде.  Олар өз ана тілін және мәдени дәстүрлерін сақтауға тырысады. Осы мақсатқа сәйкес облыстық және қалалық  этномәдени бірлестіктер құрылған. Бұл ұйымдар Бүкіләлемдік татар Когрессімен қоян-қолтық жұмыс істейтін Республикалық Ассоциацияға біріккен. Ассоциацияның құрметті президенті  Т.А. Каримов  Бүкіләлемдік татар Конгресстің  Атқарушы комитетінің мүшесі болып табылады. 
Соңғы екі онжылдық ішінде Қазақстанда татар тілінде жиырмадан аса кітаптар жарық көрді. Республикалық Ассоциацияның бастамасымен Қазақстандық әуесқой татар ақындардың жинағы баспадан шықты.  «Ак барс» (Астана) және  «Фикер» (Алматы) газеттері шығарылады. Татар тіліндегі газеттер ара-тұра Семей мен Шымкентте де шығарылып тұрады.  Орал қаласында Р.А. Абузяров ұйымдастырған Тукаев орталығы қызмет етеді. Татар халқының тарихы, тілі мен мәдениеті мәселелеріне байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп тұрады.  
Жексенбілік мектептерде татар халқының ана тілі мен тарихы, сонымен бірге ислам дінінің негіздері оқытылады. Әуесқой көркем өнерпаздық ансамбльдер құрылған.  Әрбір облыс орталығында және Қазақстан астаналарында жыл сайын Татарстандық артистердің қатысуымен Сабантой мерекесі өтеді. Семейде Г. Г. Ахунджановтың бас­шылығымен татар балалар көркемөнер мектебі жұмыс істейді.  Сонымен қатар ол жыл сайынғы татар және башқұр әндері фестивалы «Иртыш моңнарын» («Ертіс әуендері ») ұйымдастырған.
Қорыта келе, Қазақстандағы татарлар көпұлтты Қазақстан халқының құ­рамдас бөлігі екенін, олардың  халықтар достығын нығайтатын және Қазақстан Республикасының дамуына ықпал ететінін айтуымыз керек.

Алдыңғы «
Келесі »