Орыс қызы Оксана жəне қазақ қызы Айгүл Гуляницкая

  • 07.12.2016
  • 783 рет оқылды
  • Пікір жоқ

– Саламатсыз ба?
Артыма жалт қарадым. Қолтығында бір бума газет-журнал құшақтаған жеткіншек орыс қызы тұрды.
– Сəлеметсің бе? – деп сəлемін қабыл алдым. Диоптриясы дəу қалың көзəйнектің астынан тотияйындай көк көздер маған қадалды.

– Ағай, мен Сізді танимын. Мына газиттегі кісі – Сізсіз, – деп «Zаmаn-Қазақстан»-ның соңғы нөмірін қолтығынан суырып берді. Енді аңғарыппын: буманың барлығы қазақ тіліндегі басылымдар екен. Ішінде «Егемен», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Ақ желкен», «Қазақстан əйелдері» жүр. Не дерімді білмей сасқалақтап-ақ қалдым. Қыз да менің ыңғайсызданған сиқымды сезіп, бастырмалатып барады.
–  Агай,  мен  казакша  үйренип  журмин.  Өзим  урыспын.
Атым – Оксана. Жасим – он бесте.
Тілі күрмеліп сөйлегенмен қала қызы үшін жатық. Түсінуге де, түсінісуге де əбден болады. Сөйтсе де, қала этнографиясы үшін орыс жасының қазақпен қазақша сөйлесуге ынтызарлығы кімді болмасын таңырқатпай қоймайды. Қызықтыра бастады. Құлақ қойдым.
– Мен Сіздің Нұрболат Масанов туралы жазған соңғы мақалаңызды оқимын. Сəл бөгелді де, өзі жіберген қатесін түзетті – оқыдым. – Ондай жандар біздің урус тарихында да булған. Гоголь, Пушкин, Толстой заманында Масанов секілділер урыс арасында да куп булган. Үйде тəрбияны французша, итальянша, немисше алган, урус мəдениетине сенбеген, урусты жек курген, мужык санаған, жамандаған. Уларға қарамау кирак. Казактар дурыс айтады: «Ит уреди, караван кушеди».
Қаршадай орыс қызының мені аса таңғалдырғаны – өз ұлтының қиын-қыстау кезеңдері туралы сындарлы көзқарасы да, білімдарлығы да емес, мендей кексе қазақ оқымыстысын (өзімді өзім солай дей салайын) үйрете сөйлегендігі болды. Оксана Алматының 2-ықшам ауданының 15 үйінде тұрады.
Орыс ауаны қазақ тіліне бет бұрды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орыс əлеуметі алдына «Бұл қалай?» деген сұрақ қойса, КСРО ыдырап, сағы сынса, тəуелсіздік алғанда көк туға тағзым етсе, енді дербес дамуымыздың сегізінші жылында аз да болса қазақшаға жақындай бастады, қазақ əлеміне қол созды.
Қазақ тілі – ауыр тіл. Өйткені, ол герман, роман əлде славян тілдері секілді стандартты кеңсе тілі емес, этнографиялық, экзистенциялық тіршілік тілі, сондықтан құбылмалы тіл. Оны игерудің өз қиыншылықтары бар. Сондықтан оған Н. Масанов құсап тылағын көрсетіп, қол сермеуге, онан күдер үзуге болмас. Өзім істейтін Қазақтың Мəдениет жəне өнертану институтында əдемі еврей келіншегі бар. Жас шамасы елуге иек артқан. Аты- жөні Светлана Борисовна Гартман. Менің ұлтқа көзқарасымды жақсы біледі. Мойындайды. Менімен қазақша сөйлеседі. Бұлар аз. Бірақ қазаққа деген ықыласы таудай. Сондықтан біз де бұларға таудай ықылас танытуға бармыз.
Жуықта маған институтымыздың басшысы белгілі драматург Дулат Исабеков Мəскеу университетін бітірген жас маманды жіберді.
–  Кандидаттық  қорғаған  екен.  Қаласаң,  қызметке алайық, – деді.
– Мақұл. Академияда Қорқыт-Ата философиясы туралы баяндамам бар еді. Құжаттарыңды, шығармаларыңды алып сонда кел, – деп қызға мезгілін айттым.
Келді, бірақ кездеспеді. Бір жұмадан кейін кездестік. Көзі қарақаттай əдемі қазақ келіншегі болып шықты. Жас шамасы жиырма бестің ар жақ бер жағы. Кандидаттық қорғаған, бірақ бекімеген, тақырыбы – неміс философы Гуссерль туралы. Құжатында фамилиясы – Гуляницкая (күйеуінің фамилиясын алған екен), əкесінің аты – Мырзатаевна, өз аты – Айгүл. Қазақшасы шабандау. Біраз əңгімелескеннен кейін біздің жоспарлы тақырыбымызға жарамайтындығы мəлім болды да (қазақ мəдениетінен тұл), мен оны басшыма білдірдім.
Бір жұма өте маған ескі досым Мұрат Əуезов телефон шалып, реніш білдірді. «Сен мені Айгүл деген қызға жамандапсың». «О, тоба!  Ол  кім?».  «Біздің  музейге  жұмыс  сұрап,  МГУ-ді бітірген бір кандидат келді». «Енді түсіндім…» Я, Мұратжан. Мен сөз арасында оған сенің Парижде əкеңнің 100 жылдық мерей-тойында Шыңғыс пен Олжас шығармашылығы туралы: «Творчество Чингиза Айтматова и Олжаса Сулейменова – вчерашний день среднеазиатской литературы» деген сөзіңді айтып, орысша жазатын жазушылар модадан шықты, енді қазақ мəдениеті мен қазақ əдебиеті қазақша жазылады дегенім бар еді». Əңгіме үзілді. Екі қазақ екі тілде сөйлегеннің салдары – бұл.
Тағы бір жұма өтті. «Время ПО» деген газеттің 21 мамырдағы нөмірі  қолыма  тиді.  Осы  Айгүлдің  «Наша культура  –  только казах-х-хская?!» деген мақаласын оқыдым. Япырай, қазіргі қазақ келіншегінің мұншама шайпау болғанын ойламаппын- ау! Əлі дипломын алмаған «философия кандидаты» (өзін осылай атапты!) философия категорияларын қырық жыл езгілеген ҚР Ғылым Академиясының Философия институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінің мүшелеріне, Дулат Исабеков пен маған «ақыл айтады, үйретеді», «тағылым» береді, қарсы шабады. «Такое «казахское единение» – еще полбеды. Главный порочный червь – это узость и примитивность мышления». Бұл – Айгүлдің «ұлт бірлігі» дегенді түсінгені. Өзі білмейтін қазақ зиялыларына, жаңғыру үстінде тұрған қазақ идеясына берген бағасы!
Қазір осындай, болашақта бұлар не болады? Мен Нұрболат Масанов пен Айгүл Гуляницкаяларды айтамын да. Тіл білмеу ұлттық психология мен менталитеттен де жұрдай етеді екен.
Орыс əлеуметі қазақ мəдениетінің ықпалына түсіп жатса, кейбір керенау қазақ соған қарсы əрекет жасап бағуда. «Ой, заман-ай, заман-ай!» – депті Мұрат Мөңке ұлы.

Сәбетқазы АҚАТАЕВ
Заман-Қазақстан.
16 маусым 1999 ж.

Алдыңғы «
Келесі »