«Нұрлы жол» – құлпына кілті табылған бағдарлама

  • 07.12.2016
  • 8956 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдісағит Тәтіғұлов,
Мемлекеттік сыйлықтың 
лауреаты

Біз Қазақстанымызды дамудың
жаңа межесіне шығаратын боламыз!
Нұрсұлтан Назарбаев 

Алдымен баспана…

Биыл Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев «Болашақ-Т» ЖШС тұрғын үй құрылысы комбинатымен, олардың жұмыскерлерімен танысып, мекеменің өңірдегі үй тұрғызу мәселесіндегі елеулі орнын атап өткен болатын. Сонымен бірге, «Алдымен баспаналы болу керек, содан кейін отбасын құру керек. Егер, өз үйің болмаса отбасын қай жерге құрасың?! Бізде дұрыс істемейді. Алдымен баспана мәселесін шешіп алу керек, сосын үйлену керек», – деген ағалық ақылын да айта кетті. Отбасын құрып, отау көтеру үрдісін қазақтар үйлену дейді, яғни, үйлі болу деген мағынада. «Үйің жаман болса, күйің жаман» деп түсінетін қазақ отбасы болудың алғышарты ретінде үйлі болуды бірінші кезекке қойған.

Сол себепті де, үйленген баласына отау үй тігіп беретін. Қазақ шаңырақсыз болмаған. Мүмкін, ол бұрынғы кез, киіз үй бүгінгі тұрақты баспанаға қарағанда әлдеқайда арзан деп уәж айтатындар табылатын шығар. Бірақ, біз сол заманда қалып қойған жоқпыз ғой – өсіп-өркендеп, жаңа технологиялар мен жетік техникаларды меңгеріп жатырмыз, ендеше, неге үй мәселесінде кері кетуіміз керек?! Менің жасырақ шағымда да қалаға келген жас­тар үйсіз-күйсіз, пәтер жағалап жүретін. Сол кезде мен зейнет жасына жеткен кезімде жастардың арасында үй алу қиындығы болмайтын шығар деген сенімде болатынмын. Өкінішке орай, ол жағынан ерекшеленетін өзгерісіміз жоқ. Өзімізді өркениетті ел санағанымызбен, жастардың азып-тозып, үй-күйсіз жүр­гені қабырғаға батады. Үй мәселесі деген қазақ үшін қасиетті ұғымдардың бірі еді, соны қазіргі күні шеше алмай жүргеніміз қиналтады.
Мен елу жылдан аса құрылыс, оның ішінде үй салу мәселесіне көп араласқан қазақтың мамандарының бірімін. Үй құры­лысы ісін зерттеп-зерделеп, талай жылғы жұмыс барысында оның анық-қанығына жеткендеймін. Сол себепті осы мәселеге қатысты өзімнің азаматтық көзқарасымды кәсіби маман көзімен білдіргім келеді.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасында кел­тірілген деректерге сүйенсек, БҰҰ-ның әлеуметтік стандарттарына сәйкес бір тұрғын басына шаққанда кемінде 30 шар­шы метр тұрғын үйден келуі тиіс. Ал, біздің елі­мізде бұл көрсеткіш соңғы жылдары 16,7 шаршы метрден 21,1 шаршы метрге дейін өскен деген мәліметтер кездеседі. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда 2-3 есе төмен. АҚШ-та бұл көрсеткіш адам басы­на шаққанда 75 шаршы метрге жуық, Ұлы­британияда 62 шаршы метр, Германияда 45 шаршы метр шамасын көрсетеді. Бізге осындай көрсеткіштерге жету үшін әлі біраз жыл керек немесе нақты шешімдер қа­былдап, бұл мерзімді қысқарту керек. Рас болса, Қытай адам басына шаққандағы жыл сайынғы қосымша көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша бізден оза бастады дегенді естігенде, қатты ойландым. Бұ­ны қалай түсінуге болады – үйін бала-шаға­сының қызығы үшін салып, есігінен қонағы арыл­майтын қазақтың өзінің кең байтақ жерін­де баспанаға бөлінер жердің осыншама тарылғанына не себеп?!Бұл әлде салалық министрлердің, өңір басшыларының, ма­ман­дардың білместігі ме?!
Тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуге келгенде көптеген басшыларымызда селқостық бар. Елбасымыз айтқандай, жастарымыздың алдымен баспана мәсе­лесін шешіп алып, содан кейін барып үй­ленулеріне жағдай жасауға мүмкіндік бар ма? Мен осы істің маманы ретінде айтар едім: толығымен мүмкіндік бар! Тек әзірге кеш болмай тұрғанда, еліміздегі тұрғын үй құрылысының дамуындағы басымдылықтарды (приоритеттерді) қайта қарау керек.

Субурбанизация және тұрғын үй 
салу ізденістері

Субурбанизация – (латын тілінен аудар­ғанда suburbs – қала маңы) қала ма­ңында қоныстану түрі, ол әлемнің бір­қатар елдерінде негізгі бағыттардың бірі болып қалыптасты және салыстырмалы түрде әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар қол жеткізе алатындай дең­гейді қамтамасыз етті. Ол жөнінде екінші дүниежүзілік соғыстан шаршап шыққан Американың, Батыс Европа елдерінің үй мәселесін шешу тәжірибесі үлгі болар­лық. Ол елдер, әсіресе, Америка, қала маңы­нан және басқа аймақтардан бір отба­сылық үй салуға тоқтаусыз жер беріп, әртүрлі құрылыс материалдарын қолдануға кеңінен рұқсат берді. Со­ның арқасында олар баспаналы болу жа­ынан бірден алға шықты. Көптеген Батыс Европа елдерінің жағдайлары да осындай. Мысалы, Ұлыбритания астанасының қала сыртындағы жалғасы Үлкен Лон­дон­­ның қалпынша көбіне бір қабатты үй­лерде тұратындары өз азаматтары, яғни, ағылшындар.
АҚШ пен Ұлыбритания адамдардың же­ке­меншік  үйлерде тұру ұмтылысына қатты көңіл бөледі. АҚШ-тың қалалық тұрғын үй қорындағы бір отбасылы үйлердің үлесі 2/3, бұл көрсеткіш орталық қалаларда 1/2, ал, қала маңында 3/4 шамасын құрайды. Бір отбасылық үйлер саны үнемі өсіп отырады. Тұрғындардың өз үйлерінде тұру ниеті қала маңындағы жылжымайтын мүлік құнының төмендігімен (жер телімі бар коттедждің құны қаладағы пәтердің құнымен бара-бар), жақсы экологиялық жағдаймен, жер­гі­лікті төмен салықтармен үйлесім тауып жатыр. Сонымен қатар, тұрғын үй алаңын кеңейтуге қажеттілік те артып отыр (әсіресе, бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бала санының көбеюіне байланысты). Бұл үрдіс батыс елдерінде әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мысалы, ХХІ ғасырдың бас кезінің өзінде АҚШ-та жылына 250 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, соның 230 миллионы – қолжетімді жекеменшік үйлер. Бұдан АҚШ-тағы тұр­­ғын үйлердің басым көпшілігінің (92%) бір қабатты үйлер екенін көруге болады. Ал көп қабатты «Манхэттендер», «Даун­таундар», қаржы және басқа да көп қа­бат­ты инфрақұрылым бірлестіктері мен орта­лықтары батыс елдерінде тұрғын үй мәселесі бір деңгейде шешілгеннен кейін ғана күшті қарқын алды.
Елімізде соңғы уақытта бірнеше облыс орталықтарында ірі панелді шығара алатын үй құрылысы комбинаттары мен зауыттары салынды және салынуда. Осы бағытымыз дұрыс па, бұрыс па – осыған бір талдау жасап көрейікші. Бұл жерде сөз үй құрылысының осы түрі туралы мамандардың пікірлері мен алыс және жақын шетелдердегі тәжірибелер жөнінде болмақ. Көршіміз Ресейде тұрғын үй құрылысының келешегі жөнінде, ертеректе салынып қалған ірі панелді зауыттарда не істеу керек, болашақта осындай зауыттар салу керек пе, керек емес пе деген ізденістер мен сұрақтар бойынша ғы­лыми пікірталастар, конференциялар өтіп тұрады, тіпті, бұл мәселе ғылыми-зерттеу жұмыстары мен диссертациялардың та­қы­­рыптары ретінде де қарастырылып жүр. Бір айта кететін жағдай – бұрынғы зауыт­тарды модернизациялау талпынысы болғанмен, Ресей ХХІ ғасырда жаңа ірі панелді зауыттар салуға бағдарлама қа­былдады дегенді естіген емеспін. Осыған орай, ресейлік Алексей Щукиннің 2007 жылы жарияланған («Эксперт» журналы, №46/2007, Москва) «Азарт вместо строительного бума» деген мақаласында Голландияның белгілі сәулетшісі Барт Голдхорнның пікірін келтіріпті: «…возврата к крупнопанельному жилью быть не должно. Это устаревшая технология – в Европе от нее отказались еще в семидесятые годы…Именно в семидесятые в европейском домостроении произошла смена технологического уклада: от крупнопанельного к мелкосборному… Грубо говоря, крупнопанельный дом собирался из двадцати деталей, а мелкосборный – из ста. Большое число производителей стало делать отдельные детали дома». Осы жүз немесе одан асатын құрылыс материалдары мен бөлшектері адамның өзі күрделі техникасыз көтеріп әрі монтаждай алатындай болуы керек. Голландиялық сәулетшінің пікірінше: «В Советском Союзе точку перехода на новый технологический уклад проскочили. Во многом из-за того, что не было рыночных механизмов, когда покупатель выбирает жилье сам. Но главная причина в том, что крупнопанельное домостроение идеально подходило для советской системы». Автордың «ірі панелді үй құрылысы кеңестік жүйе үшін лайықты шешім болды» деген сөзі артығырақ. Өйткені оның да өзіндік түйткілдері мен қиындықтары болған. Зауыт­тың кемшілігі – жабдықтардың әркелкі тозуы, ал, тозған жабдықтың өзін ғана ауыстыру мүмкін емес, соның салдарынан тұрғын үйлердің монтаждалатын элементтерінің жиынтығын үнемі жүз пайыз көлемінде жаңартып отыру керек еді. Сонымен қатар, шағынаудандар құрылысына арналған бос жерлермен уа­қытылы қамтамасыз ету мәселесі үнемі бір бүйірден шығып отыратын. Нәти­жесінде үй құрылысы комбинаттары КСРО көлемінде де, Қазақстанда да берілген жобалық қуатының орташа 70-80 %-ын ғана пайдалана алды. Ал, бұндай үздіксіз құрылыс үшін жағдай жасала қоймаған аудандарда көрсеткіш бұдан да төмен болды.
Үй құрылысы комбинаттарының эконо­ми­калық тиімділігіне тек екі сменамен, кей кездері үш сменамен жұмыс істеген кезде ғана қол жеткізуге болатын еді. Ол үшін қала басшылығы бір жарым-екі жыл бұрын бос жерлерді дайындап, бастапқы инженерлік дайындықтар жүргізуі тиіс болды. Одақта ірі панелді үй құрылысы комбинаттарының басым көпшілігі қаланың шеттеріне (уәкілетті органдардың шешімдерімен қала пайдасына берілетін ауыл шаруашылығына арналған жерлерге) салынып, сол орындарда жаңа шағынаудандар бой түзейтін. Қаланың бұрыннан қалыптасып қалған аудан­дарында құрылыс салу өте сирек кез­де­сетін, бұның басты себептерінің бірі үлкен панел тасығыштар (панелевоз) қа­ла көшелері мен жолдарының өткі­зу мүм­кіндігін қиындататын. Ол кезде қазір­гідей емес көлік саны аз болатын, соның өзінде кептеліс тудыратын еді.
Соңғы жылдары газет бетіне жарыса жазып жатқан кейбір ұранды мақалаларда комбинаттарда, зауытта жа­салған ірі панел материалдардың құнын тұрғын үйдің соңғы бағасы деп ша­­тыс­тырды. Бұндай  өнімдердің бірнеше баға­сы болады: біріншісі – зауытта дайын­далған өнімнің өзіндік бағасы, екін­шісі құрылыс алаңына жеткізу және сонда үйіп жинау бағасы, үшіншісі – монтаждау, төртіншісі – құрылыс жабдықтары мен ішкі инженерлік желілерді жүргізу, бесіншісі – әрлеу, алтыншысы – алаң ішіндегі жүйелер мен коммуникация­лар, жолдар, өткелдер, жетіншісі – абаттандыру және қолданысқа енгізу баға­лары. Ал кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тек бастапқы бағасы ғана көрсетіліп, ірі панелді үй құрылысы комбинаттары өнімдерінің арзандығы «таңдай қақтырды» және бұл тек үйдің қоршау конструкциялары ғана екенін де жеткізе айтпайтын еді. Бұрынғы типтік жобаларды баспа беттерінде маман­дар, құрылысшылар, жобалаушылар, сол жоба бойынша салынатын ғимаратты тұтынушылар – бәрі талқыға салатын, ал, қазір ол жобаларды мамандардың өздері дұрыстап қарауға үлгірмей жатады. Бұл дұрыс емес. Ғимараттың келешектегі морал­дық және физикалық тозуы деген бағасы бар. Біздегі ғимараттардың көпшілігі кемінде 50, тіпті 100 жылға дейін жарамды болады деп есептеледі, бірақ, моралдық тозу ертерек болатынын білген дұрыс. Кейбір жобалардың моралдық тозуы 10-15 жылда-ақ басталып кетеді. Кеңес Одағынан басқа ешбір дамыған ел халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін тұтас жиналатын ірі панелді үй құрылысы (полносборное домостроение) зауыттарын көптеп салып шешкен емес. 
КСРО құлағаннан кейін ТМД елдерінде ірі панелді үйлерді бұзу (Мәскеудің және кей­бір ірі қалалардың бірқатар кварталдары) және уақытқа сәйкес модернизациялау әре­кеттері  жасалды. Дегенмен,Германияның сәулетшілері мен құрылысшыларының жұ­мыс үлгілері қызығушылық тудырады. 90-жылдардың басында ел біріккеннен кейін неміс мамандар бүкіл ірі панелді тұрғын үй қорын бұзып, европалық стандарттарға сай етіп жаңа тұрғын үйлер салуға пейілді болды. Алайда, бұндай жобаның жалпы құны 500 млрд неміс маркасына (шамамен 300 млрд АҚШ доллары) жетеқабыл, тіпті, одан да асып кететін болды. Бұл елдің бюджетіне үлкен салмақ салатын еді. Сол кезде тұрғын үй қорын реконструкциялау және жаңарту туралы шешім қабылданды. Одан кейінгі он жыл ішінде бұл бағдарлама неміс халқына біткен мұқияттылықпен орындалды. Мемлекет тарапынан кепілдік берілетін ұзақ мерзімді инвестиция қаражаттарын пайдаланып жасалған бұл жұмыстың нәтижелері көңіл аударып, сабақ аларлықтай. Мысалы, ГДР-да бес қабатты үй құрылысы 80-жылдардың аяғына дейін жүргізіліп отырды. Бес секциядан тұратын типтік бес қабатты үйдің үстіңгі үш қабатын алып тастап, екі қабатын ғана қалдырды. Одан кейін екінші және төртінші подъездерді алып тастады. Қалған екі қабатты үш үйде кешенді реконструкциялау және жаңарту жұмыстарын жүргізіп, қабырғаларын жылытып, ағаш бұйымдарын, электр жабдықтарын, жылыту және сумен қамту құбырларын ауыстырды, шатыр жасап, асүйді кеңейтті, жаңа балкондар салып, басқа да жаңарту жұмыстарын жасады. Бұдан басқа үйдің оңтүстік және солтүстік қапталдарынан есіктер шығарылды. Әрбір екі пәтерге бір кірер есік және жертөленің бір бөлігі тиесілі болды. Үйлердің алдын 10 м арақашықтықта көгалдандырып, гүлдер егілді. Осылай өзгертіліп, жаңа кейіпке түскен екі қабатты үйлердегі пәтерлерді жалға алушылар саны күрт өсті. Біздің жағдайымызда 60-жылдардан бастап салынған барлық ірі панелді үйлерді осындай деңгейде жаңартуға шамамыз жете ме? Ойлану керек. Қалалар мен басқа елді мекендерде көп қабатты үйлердің есебінен баспанамен қамтамасыз етуді негізге алып, тұрғын үй құрылысын жоспарлап, жақын уақытта және келешекте үй тапшылығын одан әрі үдетіп алмаудың қамын жасауымыз керек. 
Осы жылдың мамыр айындағы көр­сеткіш бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы статистика агенттігінің деректері бойынша 817 000 шаршы метр, бірақ, оның барлығын халық алып жатыр деп айта алмайсың. Істің адамдары 2-3 пәтерден алып қойып, кейіннен тиімді сату үшін үй бағасының қымбаттағанын күтіп отырады. Біздерде өткен ғасырдың 70-80-жылдары бұзылған және апаттық жағдайдағы үйлерді алып тастағанда жылына шамамен 0,6 шаршы метр қосылып отыратын. Бұл көрсеткіш Европада осы жағынан өте жетілген,ол қазірдің өзінде жыл сайын 1 шаршы метр­ден кем емес. Ал, біз бұл көрсеткіш бойынша жыл сайын 0,6 шаршы метр мен 1 шаршы метрдің аралығынан аса алмай келе жатырмыз. Оған қоса осы уақытқа дейін салынған біздің тұрғын үй қорының жыл өткен сайын ескіру қарқыны артып келе жатыр. Сол себепті, бұл мәліметтерді көзден таса, көңілден оғаш қалдырмау үшін облыс, қала басшылары өздерінің басшылығындағы елді мекен аумағында адам басына шаққанда жылына қанша шаршы метр қосылғандығы және қанша шар­шы метрге кемігендігі (бұзылған үйлер, апаттық жағдайдағы үйлер) туралы есеп беріп отыруы керек. Осындай есебі мықты жүйе болғанда ғана үй қорын­да бақылау болады.

Үй салу межелерінің тиімді бағыттары

Үйсіз жүрген жастарымыздың көпші­лігінде қаржы жоқ, тіпті, кредит алу мүмкіндіктері де шектеулі. Тұрғын үй-құры­лыс жинақ банкінің жеңілдікпен бері­летін кредиттерінің өзіне де кез келгеннің қолы жете бермейді, өйткені, үйсіз адамның жақсы жұмысқа тұру мүм­кіндігі де жоқ. «Үйі жоқтың көңілін­де алтын сарай жүреді» деп бекер айтты дейсің бе аталарымыз?! Халықты жұмыспен қам­тып, келешегіне үміттендіру керек. «Қыз ал­маған жігіттің қырық қызда дәмесі бар» демекші, қолында жұмысы, басында үйі жоқ жастарды әр нәрсеге еліктіру қиын емес. Қазіргі күні радикалдық діни ағым жолына түсіп кеткен жастарымыз көбейе түсуде, соларды тоқтатудың бір жолы  баспанамен қамту, өздерінің қалауымен үй салу мүмкіндігін қарастыру. Адамның алдында болашағына деген бір сенім пайда болса, ол соған жету жолында тау қопарады! Жері болса, тепсе темір үзетін 25-30-ға келген жігіттер көп жағдайда үйді бір маусымда-ақ салып бітіреді, ол қиын емес, Қадыр Мырза Әли айтпақшы: «Өз үйіңде бір сәт тыным таппайсың, Бірде жуып, бірде сырлап, ақтайсың. Өз үйіңе, керек болса, киізсің, Өз үйіңе, керек болса, тақтайсың». Егер, адамның энергиясын бір мақсатқа бағыттаса, кез келген түйткілдің шешілетінін қаншама ғалымдар дәлелдеді. Сол себепті де, адам тағдырының кілті өзінде, тек бар жан-тәнімен ұмтылған ісіне күш жұмылдырса, бүкіл ғалам, жаратылыс соның жағында болады. Тек осы жұмыстардың жолын көрсету керек. 
Қазір еліміздің телевизиялық нарығы қарқынды дамып, ол әлі де халықтың көп тұтынатын құралы болып келеді. Қаншама телеарналар бар, солардың ішінен бі­реуін­де жеке үй салуға арналған жетісіне бір сағаттық хабар ашу керек. Онда аз қабат­ты үйлерге арналған инновациялық материалдармен және құрылыс технологияларымен таныстырып, кірпіш пен ағаш­­­тан жасалатын материалдардың түр-түрлерінен басқа да арболит/пенобетон/газ­бетон сияқты жеңіл, блоктар мен жеңіл­детілген ажыратылатын және ажыратылмайтын қалыптар жөнінде, финдік және шведтік технологиялардың мәнісі туралы мәліметтер беріп отырса, көпшіліктің ақпараттық мұқтаждығын қанағаттандырар еді. Әсіресе, ең қажет материалдардың бірі – арматура туралы да деректер беру керек. Кейінгі шығып жатқан арматура түрлерінің ішіндегі шыныпластик арматуралардың аз қабатты үйлерде қолдану үшін қолайлығын атап көрсету керек.
Кірпіш қалай басылады, үй қалай салынады, бір қабат, екі қабат үй­лер­дің құрылысы қалай болады, арақа­бырғаларды қалай салу керек – осының бәрін көрсетіп беру қажет. Бұл күрделі не қиын жұмыс емес. Сонымен бірге, заңдардың бұзылмауын қадағалау керек және алыс аймақтар мен жолсыз жерлерде үйді кез келген материалдан – тіпті, құмблоктан (пескоблок), саманнан салуға да рұқсат беру керек (жер сілкінісі қаупі жоқ жерлерде). Сонымен қоса, біз­дің республикамызда қазір қолданыста «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акцио­нерлік қоғамы (АО КазНИИСА) әзір­еген Қазақстанның 8 баллға дейінгі сейсми­калық аудандарындағы саманнан, шла­ко­золоблоктан қаланатын тұрғын үй­лерді жобалау, тұрғызу және күшейту кепіл­демесі де бар. Сол себепті де, саманды қолдану жағынан қауіптенудің керегі жоқ. Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Андрей Бегенеевтің бір сұхбатында саман­ның қолданысы жөніндегі пікірі көңілге қонымды көрінді: «…во многих азиатских странах есть здания из самана, возраст которых исчисляется столетиями. В Англии насчитывают несколько десятков тысяч домов, построенных из самана. Многие из этих строений используются больше 500 лет и продолжают оставаться комфортными для проживания, хотя саман считается неустойчивым к влаге, а Англия – страна очень дождливая. Среди этих домов есть здания высотой до пяти этажей. У самана, конечно, есть ряд недостатков, но, в сочетании с современными материалами, при использовании современных технологий, эти недостатки можно свести к минимуму. Саманный дом на хорошем фундаменте с гидроизоляцией, с цоколем и отмосткой, с надежной кровлей, по прочности и долговечности ничем не уступит дому из любого другого материала. А преимущества самана хорошо известны. Зимой в саманном доме тепло, летом прохладно. Саманные стены обладают вы­сокой паро-газопроницаемостью, а это способст­вует сохранению хорошего ми­кроклимата в доме». Саманның, әрине, өз кемшіліктері бар, бірақ, қазіргі дамыған технологиялар мен материалдардың барында бұл кемшіліктерді айтарлықтай дәре­жеде төмендетуге болады. Осылайша, оның кемшін жақтарын жойып, артық­шылықтары болып табылатын қыста жылы, жазда салқын қолайлылығын, бу мен газ­ды өткізгіштігін алға қою керек. Әрине, ең басты артықшылығы – саманның оңай дайындалуы әрі шығынының аздығы. Осы жақтарын ескерген Украинада саманды өнеркәсіптік жолмен дайындау жұмыстары жолға қойылған. Бұл көлемі жағынан күйді­рілген кірпіштен гөрі арзан бағаға жасалады. 
Жеке үй салуда қазіргі уақытта қабырға және басқа құрылыс материалдарымен қатар ең басты мәселе – инженерлік желілер жүргізу – электр желісі, су құбыры, канализация болуы керек. Міне, негізгі мәселе осында. Құрылысы біткен аз қабатты үйлерге өркениет құралдарын, соның ішінде ең бастысы канализация мен су құбырларын жүргізу керек. Жаңадан салынған әрбір үйде «канализация цивилизациясының» болуын міндет ретінде енгізсе де артық болмайды. 
Қазіргі уақытта ірі қабырғалық материалдарды жасау үшін миллиардтап ақша шығындап, көптеген үлкен үй құрылысы комбинаттарын, зауыттарын салудың қажеті бар ма? Ондай материалдардан салған үйлердің бағасы қымбат әрі олар тұрмысқа қолайсыздығымен көптен белгілі. Оның үстіне ірі панелді үйлердің егіз қозыдай бірінен-бірі айнымайтыны қалалардың сәулеттік сұрық­сыздығына әкелетініне ешкімнің таласы жоқ шығар. «Жібекті түте алмаған жүн қылады» демекші, өткен ғасырдағы қате­ліктерді қайталап, сәулет өнерінің сан қырлы мүмкіндіктерін шектеуге де жол бермеу керек. Ондай көп қабатты үйлерге қаражаты мен басқада мүмкіндіктері (кре­дит­ке, ипотекаға, арендаға алу) бар адамдар ғана қол жеткізе алады. Онысымен қоймай, соңғы кезде, пәтердің бағасын арзандату үшін көп қабатты ірі панелді үйлердің ауданы қысқарып, шағын болып салынатын жобалар да дайындалуда. 6-12-16 шаршы метрлік бөлмелерді (кейбір мамандар оны «бетонные курятники» деп атайды) күндердің күнінде үйді кеңейту керек болады, ал, ол панелді үйлерде мүмкін емес. Халық амалсыздан алуын алар, бірақ, уақыт өте келе, отбасы ұлғая келе, үйді де кеңейту мәселесінің туындауы әбден мүмкін. Нормаларды әдейі азайтып, пәтердің ауданын қысқартуға болмайды, кейіннен бөлмелерді қайта жайғастыруға, ке­ңей­туге мүмкіндік қалдыру керек.  Ғима­раттардың, үйлердің моралдық тозуы физи­калық тозудан әлдеқайда ерте болатынын әрқашан есте ұстау керек.
Жақында Қазақстан Республикасы Ұлт­­тық экономика министрі Қуандық Бі­шім­­баев өзінің халықпен есептік кездесуі кезінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасының шеңберінде 2016-2017 жыл­дарға бөлінген қосымша қаражаттар туралы, жалға берілетін тұрғын үйлердің, кредиттік үйлер мен коммерциялық үйлер­дің қаншасы салынатыны туралы баяндап кетті. Сонымен қатар, ол Елбасының үкіметке 2016 жылдың екінші жартысында экономикалық дамуды ынталандыру мақсатында жеке тұрғын үй құрлысына қосымша қаражат бөлуді тапсырғанын атап өтті. «Бұл мақсатқа 23,9 млрд теңге шамасында ақша бөліну жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 мың км-ге жуық инженерлік желілер салынатын болады» деді өз сөзінде министр. 
Баспана мәселесін тездетіп шешу үшін, Елбасының жоғарыда айтылған жеке үй құрылысына қосымша қаражат бөлу туралы тапсырмасы негізінде келешекте аз қабатты тұрғын үйлерді көптеп салу жұмыстары министрліктер мен әкімдердің қолдауын қажет етеді. Аз қабатты үйлерді салу әлем­дегі тәжірибе бойынша бірнеше бағытта жүргізіледі: біріншісі – үш қабатқа дейінгі үйлер, екіншісі – екі отбасылық дуплекс үйлер мен алты-жеті отбасына арналған таунхаустар, үшіншісі – бір отбасылық жекеменшік үйлер. Үйлердің бұл түрлері тез, сапалы салынады әрі оңашалық, жайлылық жағынан ұтымды, сол себепті бізде де қала маңы аймақтарында осындай аз қабатты үй құрылысы кешендері көптеп бой көтерсе, халықтың баспана мұқтаждықтарын азайту мүмкіндігі туар еді. Мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып салынған және салынып жатқан тұтас жиналатын үй құрылысының зауыттары тек ірі панелді қоршау конструкцияларын (сыртқы және ішкі дайын қабырғалар, аражабын­дар, арақабырғалар, баспалдақтар және т.б.) шығарады. Келешек зауыттар мен цехтардың аз қабатты үйлер салуға арнап шығаратын өнімдері үлкен крандар­ды немесе басқа күрделі техникаларды пайдалануға тәуелді болмауы тиіс. Сонымен қатар, тасымалдау, құрылыс алаңына жинау кезінде қиыншылықтар тудырмауы керек, бұл әлемнің көптеген елдерінде жолға қойылып, халықтың мұқтаждықтарын қана­ғаттандырып отыр.
Қазақстанда ішкі және сыртқы инженер­лік желілерге арналған өз өнімі­мізді (су құбырлары, канализация, жылу құбырлары және т.б.) шығару аса маңызды. Әрине, олардың бағасы тұтынушылардың қалтасы көтеретіндей болуы керек. Келешекте біз көп қабатты  үй құрылысына қарағанда аз қабатты үйлер салу қарқынын кеңінен дамытуды көздеуіміз керек. Монолитті немесе монолитсіз көп қабатты ірі панелді зауыттар салуды және ірі панел қаңқалы үй тұрғызуды толығымен бизнесмендер өз қаражаттарымен, өз мүмкіндіктерімен (жеңілдікпен берілетін кредитсіз немесе басқа көмектерсіз) шешуі керек. Жер, инженерлік желілер және басқа мемлекет атынан берілетін көмектер, негізінен, жеке үй мен аз қабатты тұрғын үйлерге басымырақ бөлінуі тиіс.
Қазақстанның тұрғын үй құрылысына ақша жинақтау жүйесіне 10 жыл толуына арналып, 2013 жылы Астанада өткен халықаралық конференцияда халқымыздың қандай үйге мұқтаж екеніне көңіл бөлініпті. Жалға берілетін үйлер, уақытша баспаналар мәселелерін қарастыра келіп, Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Данияр Ақышев «баспана инстинкті» деген ұғымға тоқталып өтіпті. Сонда, 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер қорытындысын зерделеп, халқымыздың тұрғын үйді жалға алып немесе уақытша тұруға емес, өз шаңырағының, өз меншігіндегі үйі болуын қалайтынын атап өтті. Біздің банкир­леріміздің баспана мәселесіндегі ұлттық ерекшеліктерге назар аударып жүргені көңіл қуантады. Бұл біздің бағзы заманнан келе жатқан әдетімізге сәйкес. Кездес­кенде біз «үй-іші, мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасамыз, яғни «шаңырағың орнында ма» деген сөз. 
Бір жылдары ана мен баланың қандай ара­­қашықтықта жайлылық (комфорт) сезі­­мін жоғалтпайтынын зерттеген. Сонда, баланың ешқандай қорқынышсыз, дені сау болып өсетіндей және анасының еште­ңеден қауіптенбей, баласын бақылай алатындай арақашықтық дауыс жететін қашықтық (бала мен ата-анасы арасында жайлылық инстинктін қамтамасыз ететін қашықтық) деп белгіленген болатын. Яғни, анасы баласының даусын еститін қашықтықта болса, көңілі тыныш болады – баласы да анасын кез келген уақытқа шақыра алатынына сенімді болғандықтан, алаңсыз ойнай алады. Қауіпсіз, жайлы арақашықтық тұрғысынан аз қабатты үйлердің ұтары анық. Тіпті, сондай үйлерде баланың санының көп болуы да осы жайлылық критерийінің әсері екені даусыз. Тіпті Америка штаттарында да бұл үрдісті байқауға болады. Тағы бір ұтымды жағы – аз қабатты үйлердің экологиялық жағынан тиімділігі. Бұған ғылыми тұрғыдан да дәлелдер жетерлік.
Халықтың тұрмысының жақсылығы – басында жеке үйінің болуы. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүріміз, тұрмысты сайлап алып, отбасын құру ыдыс-аяқтың сылдырын азайтып, берекелі өмір сүрудің алғышарты болып табылатынын ата-бабаларымыз баяғыдан-ақ түсінген. Тек, бүгінгі күні еліміздің келешегін жасай­тын жастардың жағдайын жасай алмау – үлкен кемістік. «Жағасындағыны жалаған алақандағысынан айырылады» деген екен Махмұд Қашқари бабамыз, кең байтақ жеріміз бола тұра, ұлтарақтай жер­ді иемдене алмасақ, дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан 9 орындамыз деп, төс қаққаннан не пайда?! Сонымен қатар, құ­рылысшы мамандарын даярлайтын оқу орындарының бағдарламаларын жетілдіру керек. Бұл мамандықтардың сапасына үлкен мән беру керек және жастар арасында оны көптеп жарнамалап, жақсы мамандар дайындау әдістемелерін жасау қажет. Айта кететін жағдай – кейбір баспа беттерінде қылаң беріп қалған әскери борыштарын өтеп жүрген сарбаздардан құрылысшылар батальонын құрып, тұрғын үй салу мәселесін шешеміз деген пікірге қолдау көрсетуден аулақ болған жөн. Әлемнің ешбір елінде бұндай тәжірибе қолданылмайды. Оның үстіне өрімдей жастарымызды өздерінің қолынан келмейтін құрылыс ісіне салып, жігерлерін мұқалтамыз. Одан да олардың әскери дайындықтарын сапалы өткізіп, мінездерін шыңдап, ел қорғауға үйретейік. Әр іс өз жөнімен болғаны дұрыс.
Біздің басты байлығымыз – өскелең ұрпақ, дені сау, ойы түзу жастарымыз. Жеріміздің қасиетін жастарға сіңіру керек дейміз, олар өздерінің жерге иелігін сезіне алмаса, оны қадірлемейсің деп қалай кінәлаймыз?! Бұл мәселені шешпей, қай тұрғыдан болсын алға жылжи алмаймыз. Жаңа парламент келді, Үкімет басына жаңа азаматтар келді, осы мәселені – үй салуға жер беру, құрылыс материалдары туралы мәселелерді талқылау керек. «Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа межесіне шығаратын боламыз!» деген Елбасымыздың сөзіндегі жаңа межені халықтың баспана мәселесін тезірек шешудегі міндет ретінде де белгілеу керек.

Шешім кілті Нұрлы жолда

Бұл орайда «Нұрлы жол» бағдар­ламасы түйсікпен танылған сәтті жоба екенін атап өткен жөн. Бұл – барлық игі істердің басы. Дүниежүзінде көптеген қалалар мен елді мекендер сулы өзендер мен теңіздердің жағалауына салынады. Қалауы келіп тұрса, мұхиттың жағасына да жайғастырылады, өйткені, кеме жолдары қарым-қатынас және та­сымал жолы ретінде үлкен мәнге ие. Бізде басты-басты өзендеріміздің өзін де (Жайық, Сырдария, Іле, Ертіс, Тобыл) қысы-жазы тұрақты тасымал жолы деп айта алмаймыз. Маусымдық (сезондық) мүмкіндіктердің өзі де шектеулі. «Нұрлы жол» – осындай қиындықтарды шешетін, алысты жақындатып, қол жеткізе алмай жүрген көптеген мүмкіндіктерге жеткізетін бағдарлама. Осыған орай 2016-2020 жылдары автомобиль жолдары үшін жаңа «Нұрлы жол – Батыс», «Нұрлы жол – Шығыс», «Нұрлы жол – Оңтүстік» бағдарламаларын әзір­леп, инфрақұрылымдық даму жолдары­на сәйкес жеке автожол жобаларын жүзеге асырса, Батыс Европа-Қытай, Астана-Алматы, Астана-Өскемен, Атырау-Астра­хань, Қызылорда-Жезқазған-Қара­ған­ды күре жолдары еліміздің келешек мүмкін­ші­ліктерін жақсарта түсері сөзсіз. Себебі, бұл бағдарлама – солтүстік пен оңтүстікті, шығыс пен батысты жалғап жатқан күре жолдардың бойына қазіргі уақытқа сай елді мекендер салуға толық мүмкіндік беретін кілті табылған шешім.Біраз жылдан бері байқап келе жатқанымыздай, теміржолдың бойындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жолдан жырақ елден гөрі анағұрлым өркениетті, анағұрлым жақсы. Сондықтан, ендігі мүмкіндіктерді сол жол бойынан іздеу керек. 
Бір қуантарлық жәйт – үй мәселелерін шешу қозғалысы елімізде басталып та кетті. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Соның ішінде, жол бойын жеке үй салу мақсатында пайдаланудың жақсы үрдісі Қызылорда қаласында бой көтергені қуанышқа бөлейді.Бұл – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бірнеше жылдар бойы жүйелі дайындықпен келген жоспарлы жұмысы. Қызылорда-Жезқазған тасжолының бойынан 2013 жылы бөлін­ген 980 гектар жерден жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілгенжер телімі 6 мың 600 азаматқа зор мүмкіндік сыйлады. Ал­дағы уақытта осы жерге жол төсеп, су және газ құбырлары тартылып, электрмен жабдықтау жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар да бой көтеріп, халықтың тұрмысына қажетті жағдайлар жасалмақ. Қырымбек Елеуұлы бұрыннан да өзін іскер азамат ретінде көр­сетіп жүретін, ал, аталған жер мәселесіне, үй салу мәселесіне қатысты жасаған игі ісі халықтың құрметін арттырары сөзсіз. Әр облыс, қала басына ісіне мығым, халқына жанашыр, уәдесіне берік осындай азаматтар келсе, еліміздің болашағына нық сенім орнар еді!
Нұрсұлтан Әбішұлы қала үлкейгенінің зиян еместігі, өйткені, қаланың өсуімен өркениетіміздің де дамуы алға басатынын айта отырып: «Әлемде ғылым да, техно­логия да осындай ірі қалаларда дами­ды. Біздің жеріміз байтақ. Халық Қазақстанның ауылдық жерлерінде орналасқан. Біз барлық жерде бірдей мұны дамыта алмаймыз, сондықтан, ірі агломерацияны құру және жасау – бұл біздің елдің маңызды міндеті», – деп атап өтті. Қазіргі кезде уақыт ағымына сай жақсы дамыған елдердің бірі Оңтүстік Корея. Оның астанасы Сеулде жалпы халықтың үштен бірі (18 млн) тұрады. Қалаларымызды аз қабатты үйлермен кеңейтуді сауатты орындай алсақ, жолды, инфрақұрылымды дұрыс жолға қойсақ, күрмеулі көп мәселенің басы ашылар еді. 
Жобалаушылардың арасында Одақ кезінен келе жатқан «без канализации нет цивилизации» деген қақпа сөз бар. Осы бір сөздің өзінде көп мағына жатыр. Біздің көптеген шағын қалалар мен елді мекендерімізде осы мәселе тұралап тұр.
Әзіл-шыны аралас мына бір ақпарат күлкіден гөрі әттеген-айымызды қозғай­ды. Бірнеше жылдар бұрын Малайзия үкіметіндегі бір ірі шенеунікке «дәретхана министрі» деген атақ тағылғаны туралы оқыған едім. Ол барлық елді мекендердегі, магистралдар мен жолдардағы канализация құрылысына жауапты болған екен. Малайзия елінде болған кісі ондағы жолды жағалай орналасқан елді мекендердің инженерлік желілермен жабдықталып, өркениеттілігі жағынан бізден көп артық екенін аңғарады. Басқаны былай қойғанда, Бурабай-Астана-Алматы-Тал­дықорған бағытындағы көлік қоз­ғалысы бір дамыл таппайтын ең ірі күре жолымыздың бойында орналасқан елді мекендердегі «дәретхана мәдениеті» туралы ауыз толтырып айта аламыз ба?!Көздің жауын алатын, жан-тәніңе керемет рахат сезімін ұялататын сұлу табиғат аясында осындай адам көргісіз дәретханаларды көргенде, жеріміздің көркіне еліткен көңілің су сепкендей басылады. Сиэтл (АҚШ) мэрінің: «Қала мэрінің басты жұмысы ұрандату емес, ол – канализация» деген сөзі біздің де қала басшыларының жауапкершілігін шыңдаса екен. Қазіргі кезде іргелес Қы­тайда да инженерлік желілерді дамыту, биік дәрежеге жеткізу жұмыстары қолға алынған. Ал, біз бұл жағынан да кешеуілдеп жатырмыз. Бізге керегі тұрғын үйдің ірі элементті қоршау конструкцияларын шығаратын тұтас жинақталатын үй құрылысы зауыттары емес, бізге ішкі-сыртқы желілердің өнімдерін ақылға қонымды, қалта көтеретін бағада шығарып-сататын цехтар мен зауыттар керек және олар өздеріне алған жоспар үдесінен шыққан-шықпағаны туралы мәліметтер халыққа жеткізіліп отырғаны жөн, сонда ғана оларда шығарылатын бұйым­­дардың сапасы да, халық мүддесіне қо­лайлы бағасы да бақыланып отырады.
Жақында, Алматыда жылу радиаторларын, қосалқы стансалар трансформаторларын шығаратын зауыттардың ашылғандығы туралы оқыдым, ішім жылып қалды. Алматының әкімі Б.Байбектің де пікірі көңілге қонымды екен: «Қазақстандық компаниялар сапалы өнім шығара алмайды деген қасаң стереотиптерді жою керек. Бұлардың барлығы – заманауи технологиямен жұмыс істейтін қазіргі заманғы өндіріс орындары. Шығарылған әрбір радиатор жаңа жұмыс орнын құрайды». Бізге керегі осылар: су, канализация құбырларын, инженерлік желілерге қажетті жабдықтар мен электр кәбілдерін, басқа да ұсақ-түйек электр бұйымдарын, қолжуғыш, ванналарды шығаратын зауыт-фабрикаларды көбейту керек. Шетелдікілер қымбат, өз елімізде шықса, ол әрі жаңа жұмыс орындарын құрады, әрі өнімдер арзан болады, халықтың қолы жететіндей баға белгіленеді. Сырғып аққан уақытты нақты істермен игеріп, халқымыздың әрі кеткенде 10-15 жылда сайлы тұр­мыстары, жайлы үйлері болатынына сенімі болатын жағын қарастыру керек. Ол үшін Елбасымыздың сөзінің шындығын көрсете білуге тиіспіз. Қазақ туғаннан кейін шаңырақсыз қалмаған. Жаңа тұрмыс жаңа ақ отау үйден басталатын еді ғой. Қазіргі үй қиындықтары халқымызды сол қасиетінен айырды, кейбір азаматтар, әсіресе, жастарымыз абдырап қалды.
Келешекте дамуымыздың басты ба­ғыт­тарының бірі жол екенін Елбасымыз   өзінің  «Нұрлы жол»  бағдарламасында айқындап берді. Нұрлы жол тіршіліктің көзі ғана емес, елді мекендерді бір-бірімен жалғастырады, сауда-саттық, қарым-қатынас құралы. Ол – үй салу мәселесін екпіндете жетілдіретін бағдарлама. Оның екпіні кіші және орта бизнесті дамытуға күшті серпін береді. Әрине, үй мәселесін тиянақты шешу үшін келешекте тағы да біраз шешімдер керек:
– Жеке үйлер мен аз қабатты үйлер салуды заңдастырып, мүмкіндікті (жер бөлу, құрылыс материалдарын қолдану, инженерлік жүйелер және т.б.) кеңірек етіп беру керек. Бұл үйлерді жайғастыру қалалардың бас жоспарларымен, аудандастыру схемаларымен және өндіруші күштерді орналастыру схемаларымен қайшы келмеуі тиіс.
– Қаланың шектерінен 30-40 шақы­рымға дейін, күре жолдардың шектерінен 20-30 шақырымға дейін жер сатылмау керек. Бұл жерлерді уақыты келгенде аз қабатты тұрғын үйлер мен олардың инфрақұрылымдарын – сауда-саттық, емдік және басқа орындарды салу үшін қалдыру керек. Бұл жерлер мемлекет резерві болып сақталуы тиіс. Бұлардың барлығы уәкілетті органдардың құжат­тарында және Жер кодексінде және Жер реформасы жөніндегі комиссия қорытын­дыларында ескерілуі тиіс.
Жақында, Елбасы Үкіметке тұрғын үй құрылысына арналған «Нұрлы жер» бағ­дарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жаңа бағдарламада басты назарды тұрғын үй құры­лысын тікелей қаржыландырудан жеке құрылыс салушыларды ынталандыруға аудару көзделіп отыр. Мемлекет өз ресурс­тарын инженерлік және әлеуметтік инфра­құрылымды дайындап, жеке тұрғын үй салуға халықтың шығындануын азайтуға көңіл бөлуі керектігін атап өтті, Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл – халықтың игілігі үшін жасалып жатқан тағы бір игі бастама.
Адамның «өз үйі, өлең төсегі», жай­лылық, қауіпсіздік, рахат сезімін сыйлайтын аз қабатты, саялы бақты үйі болуы керек, бұған «Нұрлы жол» бағдарламасы кеңінен жол ашып отыр. Сол себепті, Нұрлы жол – құлпына кілті табылған бағдарлама деп айтар едім.

 

Алдыңғы «
Келесі »