«ҰЗАҚ ЖОЛ» ПЬЕСАСЫНДАҒЫ ТАРТЫС

  • 07.08.2012
  • 376 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қ. Шәкірова, Ы.Алтынсарин атындағы

Арқалық мемлекеттік педагогикалық

институтының оқытушысы.

Драматург Қапан Сатыбалдиннің бұл пьесасы Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлғасын, адамшылық болмысын қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтар, тартыстар тұрғысынан алып көрсетуде өмір шындығын, дерек негіздерін арқау етеді. Қазақтың көкірек көзі ашық әрбір перзентінің кеудесіне ұялаған қымбат Сәкен. Турашыл Сәкен. Адал Сәкен. Алымды Сәкен. Айлалы қитұрқыларға алдырмайтын ақ Сәкен. Сәкен Сейфуллин туралы не айтса да, сыйымды. Пьеса оқиғасы бір мәнде С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының желісімен жазылған. Шығарма экспозициясында автор ХХ ғасыр басында ел ұлдарының алдында болған сан тарау таңдау жолы, кейін ұстанымға ұласқан өмірлік бағыттар туралы айтады. Дәуір шындығы осы еді дегенді еске салып өтеді. Бірінші көріністе қазақ тарихында айқын ізі қалған 1916 жылдың оқиғасына барып араласамыз. Тыныш жатқан, әні әуелеп, малы мыңғырып, бейғам өмір сүріп жатқан ел бүлінді. Ақ патшаның жарлығы дүмп етті. Келесі көріністе көйлегі жыртылған, басы таңылған, екі қолы байлаулы Сәкенді айдап келе жатқанын көреміз. Сол екі арада екпіндеп келіп, елдің ішіне топалаң лаң салған орыс офицерлерімен алысып айқасқа түскені байқалады. «Драмалық шығармаларда күресті көрсету үшін де, сол күрес үстінде кейіпкерлердің характерлерін айқындау үшін де, сөз жоқ, драматург кейіпкерлерін әрекет үстінде көрсетіп, оларға күшті қимылдар жасатуы қажет. Өйткені В.Г. Белинскийдің сөзімен айтқанда: «драма өзінде ешқандай сыр айтуға жол бермейді, адамдар өздерін істе көрсетуге тиіс, бұл енді сезімдермен мегзей тамашалау емес, бұл – характерлер» [2, 8 б.]. Кеше қатар оқыған Сәкен мен Зирановтың арасында шешімі қиын тартыс орнады. Автор кейіпкерлерінің кім екенін әрбір әрекеті арқылы аша түседі. Сап-сары ала боп киінген офицер Зиранов астамдықтан пісіп-кеуіп кісі танитындай күйде емес, бірақ Сәкенді таниды. Танығанда да пәле қуып танып тұр. Сәкен мен Зирановтың екі басқа ұстаным, екі бағыттың, екі басқа мүдденің адамы екендігін автор ол екеуінің өзара айтысы арқылы жеткізуді көздейді. Халықты қойша бауыздап келіп тұрған Зиранов – енді Сәкеннің жауы. Автор осы бір аласапыран оқиға түні Сәкенді тағы бір сәт сыршыл қалпында көрсетіп өтеді. Шығарма басында айлы түн аясында алтыбақан тепкен жастардың жарасымды сәтін көргенбіз. Зирановпен кетісіп тұрған шақта екі көзін жас жуған Жәмилә көрінеді. Сәкен ағасынан пана іздеген, мынадай қантөгістен жүрегі шошынған жас сұлу Жәмилә. Сәкен бұл сәт көптің қамқоры, тоқтам айтқан ақылшы ағасы кейпінде ашыла түседі. Қ. Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» драмасы – белгілі бір тарихи кезеңнің заманауи шындығын нақтылы тарихи тұлға, нақтылы жанпида әрекеттер, шешімі қиын құбылыстар шиеленісін өмірлік негізде ашып, көрсете алған елеулі драмалық туынды. Мұнда ескі мен жаңаның текетірес күресі өмір шындығынан алынған, оңай, осал ештеңе жоқ шынайы көрініс тапқан. Ескі күш жаңадан әлдеқайда басым, қуатты болатын. Жеке тұлғалардың әділет жолындағы күресі тұрғысынан келгенде Сәкен бейнесі бұл пьесада нақтылы тарихи тұлға ретінде көркем ашылады, нанымды мінез сомдалады. Сонымен бірге Сәкен бейнесі пьесада – жаңа мен ескінің күресіндегі жаңашыл, бастамашыл, әділдік жолындағы жанқияр әрекеттерімен даралана түскен типтік тұлға деңгейіне көтерілген. Сәкен – жаңа идеологияның жаршысы, Сәкен қиын-қыстау шақ, күрделі кезеңде ұлт мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қойған ұлт қайраткері. Сәкен тағдыры дәуір дүрбелеңінен туған салдарлармен сабақтасқан тағдыр. Ақын Сәкен замананың қатал қақтығыстары тұсында бейтарап қалған жоқ, әділет іздеген алыс сапарға аттанды, ұзақ жолға түсті. Бұл ұзақ жол драматизмге толы. Автор Сәкен туралы пьесасында жан толқытар сәттерді қисынымен, қиюын тауып кіріктіріп отырады да, бірте-бірте С. Сейфуллиннің халқына қымбат тұғырлы тұлғасын әр қырынан ашады. «Драмалық шығарма үшін күшті құрылған конфликті де, шебер жасалынған характер де бірдей қажет. Бірінсіз бірінің мәні аз, әсері шамалы. Драматургтың мақсаты көрушіге сахнадан кейіпкерлердің «таныс-бейтанысын» көрсетуі керек, олардың қоғамдағы және жеке басындағы өзіндік ерекшеліктерін, сипаттарын толық айқындайтын сәттерін байқап, таңдап ала білуі керек. Бұл жағдай характер мен конфликтінің тұтасқан органикалық бірлігінен туады, яғни қоғамдық мәні бар, күшті конфликтілер жеке ерекшеліктерімен, типті қасиеттерімен толық көрінген характерлер шебер жасалынғанда ғана нәтиже береді. Характер дегеніміз геройдың әдеби портреті деген сөз емес, оны портрет жасағандай жасауға болмайды. Ол басқа кейіпкерлермен қарым-қатынас үстінде көрінеді» [2, 14 б.]. Пьесада мінез диалектикасы бар. Роман­тикалық шарттылықтар да, реалистік көріністер де табиғи сабақтастықта берілген. Сәкен сынды асқақ, биік, азаматтық болмысы ерекше тұлғаның жан сұлулығы, жаратылыс сырлары қайсыбір тұста жарқ еткен лиризммен әр қырынан жалт етіп ашылып қалып отыратын сәттер – драматург табысы. Пьесаның екінші көрінісі 1918 жылдың жазға салым кезі. Ақмолада кеңес өкіметі орнаған. Қала тіршілігінің әр сәтінен хабар беретін түрлі көріністер. Базаршылар. Жылпостарға алданып қалған ел адамы Ерден қарт. Уақыт шындығын айқын көрсететін детальдарды драматург мақсатты түрде таңдайды. Автор осы ситуация арқылы кезең шындығын, аласапыран заманның аумалы-төкпелі мінезін, қарапайым қазаққа ұғынықсыз көп саяси қырын тұтас қамтып жеткізеді. Осындағы Ерден қарттың тұрған тұрыс, жүрген жүріс, сөйлеген сөзі кезең мінезімен астасып тұр. Өмір сүрген ортасы, дәуірі мынадай болғасын, аңғал, адал қарт осындай күйге түсіп, алданған. Шығармада аз көрінсе де өзіндік болмысымен ашылып отыратын мінездер аз емес. Ал пьесаның негізгі кейіпкері – Сәкенді автор кесек мінез деңгейінде ашады. Сәкен – мұнда өзгелерден көп қасиетіменен оқшау тұрған кейіпкер. Мінез қырлары мол ашылған дара бейне. Сәкен – жаңа дәуірдің адамы, қайраткер. Ел басшысы тұлғасында әр қилы әрекет үстінде көрініп, көркемдік тұрғыдан мейлінше шынайы сипатталған мінез деңгейінде ашылады. Пьеса оқиғаларына автор сол уақыттың басты құбылыстарының бірі – әйел теңдігі мәселесін мақсатты түрде кіргізеді. Бұл тұста да Сәкен өзіндік дара сипаттарымен көрініп отырады. Төреші, жаңа дәуірдің биі – Сәкен. Бір көріністе қалың малын қуалап жүрген молданың жайы қамтылады. Келесі бір көріністе сол молда Сәкенмен жолыққан. Сәкеннің азаматтық тағдырында он-сан оқиғаны бастан өткергені белгілі. Қ.Сатыбалдин өмірлік негізі мығым жайларға көркемдік өмір дарытуда өзіндік шеберлік тәсілдерге барып отырады. Сәкен молдекеңнің шаруасын іскер Нинаға тапсырып, дұрыс істегеніне оқиғаның даму барысында көзіміз жетеді. Автор Сәкеннің қиырдан шалған қыран жанарлы, тереңнен тартқан сезімтал, білгір басшылық болмысын осы оқиға арқылы да тәуір ашып көрсете алған. Сәкен пьесада Ажарға араша түседі. Бұл тұста да сабыр, салмақ, кісілік болмыс басым жатыр. Сәкеннің әр сөзі орынды, негізді, дәлелді. Тастай берік байлам, тура шешім. Автор басты кейіпкерін сахнада көп сөйлете де бермейді, алқын-жұлқын әрекет те жоқ. Сәкеннің қоғамдық-әлеуметтік шиеленістер ортасында, істің шешімінің басы-қасында жүргені жекелеген бір сәттің шындығы арқылы-ақ жеткізіледі. Көрермен Сәкеннің пьесадағы барша игі шара, әділет үшін күрестің басы-қасында жүргенін «көріп» отырады. Сәкен әділет тапталған тұста кімге де болса қайтымы жоқ қатал қалыпта танылған тұстың бірі – осы әкесі Сейполданың атын ауызға алып келген Жорабай дауының тұсы. «Жорабай. Серікбай баласы, сен қоя тұр, мен сенімен емес, Сейполда баласымен сөйлесіп отырмын. Сәкен қарағым, болса да кетер қатын кетсе, әкесі алған малын қайтарсын. Мен мұның қалың малына бір құлынды бие, бір ат, бір бұзаулы сиыр, он қой бергемін. Сәкен. Сізге мал бер деген кім бар? Адамды сатып алуға қанша хақыңыз бар? Бәкен. Бұл үшін абақтыға қаматуға болады» [3; 28 б.]. Жорабайдың ашына түсіп, айласын сырып тастап, шынайы қалпына көшкен тұсын автор ұтымды шығарған. Малы кеткенін, қатыннан болса да, болмаса да айрылғанын, Сәкеннен қайыр болмағанын көрген Жорабайдың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, айтпағанды айтып кетуі нанымды. Қапан Сатыбалдин драматургия шарттарына сай кейіпкерлерін әрекет үстінде де, әңгіме үстінде тілдік ерекшеліктерін көрсетіп отырып та әр қырынан ашады. Қ. Сатыбалдин – драматургияға кейіндеу келген қаламгер. Үйренуден, ізденістен талмайтын қасиеті бар Қапан, сөз жоқ, қазақ драматургиясының озық үлгілерінен үлгі алды, ұдайы назарда ұстады. «Ұзақ жол» драмасын жазуда ұлт қайраткері Аманкелді образы сомдалған «Аманкелді» пьесасының көркемдік ұстанымдарын ескеріп отырғаны байқалады. «Ғ. Мүсірепов пьесасында Аманкелді, Мұңайтпас, Жайнақ, Петр, Михаил сияқты жаңа күштің өкілі есебінде көрінген кейіпкерлердің характерлерін шыңдаумен қатар бұларға қарама-қарсы тұрған екі күштің өкілдерінің, яғни патша әкімдері Фон-Эверсман, Дробилин, Байтастар мен Зілғара, Кенжеғара сияқты ұлтшылдардың да характерін күшейтіп, олардың іс-әрекеттерін үдеткен. Сөйтіп, автор, барлық кейіпкеріне өз бойына ықшам әрекет жасатады, өз характеріне сай сөз береді. Мысалға Аманкелдіден басқа да кейіпкерлерді алып көрейік. Кетені алсақ, оның сөзінен бұрын қамшысы бейім тұратын, көбіне білімге сүйенбей, білегіне сүйенетін, істеген ісіне үлкен мән бермей, қалай болса солай жауапсыз қарайтын адамды көреміз» [2, 18 б.]. «Ұзақ жол» пьесасында да өз деңгейінде ашылған мінездер қарасы қалың. Шығармада автор ескі мен жаңаның текетірес күресін өмірлік шындық негізінде елеулі көркемдік шеберлікпен суреттеп шыққан. Шығармадағы негізгі басты тартыс күні өткен билік жүйесі мен жаңа қоғам орнату жолындағы күрес ауқымында өрбіп отырады. Сонымен бірге тартыстың басқа да, тіршілікте қадам басқан сайын алдан шығатын, толып жатқан «елеусіздеу» түрлерін де осындай, ел ішінің ірілі-ұсақты дау-дамайы ауқымында алып отырып, автор оны негізгі тартыспен тұтастыққа алып шығады. Бұл жөніндегі ойымызды Сейділда Ордалиев пікірімен бекіте түскенді жөн санадық. Сәкен мінезі пьесадағы әйел теңдігі мәсе­лесінде де кең, азаматтық болмыста ашыла түседі. Жәмиләні Сәкенге теліп, қыздан күдерін үзген Бәкенге Сәкен былай дейді. «Бәкен. Сен осы қызға неге үйленбейсің? Сәкен. Баланың сөзін айтасың сен де кейде. Осындай аласапыранда адам үй болғандай ма? Аумалы-төкпелі уақыт. Айнала жау. Естідің ғой жаңа Жорабайдың не дегенін, жазатайым мен олай-былай болып кетсем, қайғы мен қан жұтып қалмай ма? Бәкен. Әй, ақылдым-ай, арыдан ойлайсың-ау. Қойдым, қойдым. Сәкен. Сонсоң неге екенін білмеймін, күллі қазақ қызы маған туған қарындасым сияқтанады да тұрады. Бірін емес, бәрін де аяп жақсы көрем. Бірін емес, бәрін де туған ағасы болып құшақтағым келеді. Бәкен. Ақынсың ғой себебі. Мұндай сезім ақын жүрегінен ғана шығады (Бұрқыратып шылым шеге бастайды)» [3; 30 б.]. Қазақ драматургиясының ұлттық негіздері тұрғысынан келгенде, «Ұзақ жолда» автор «Әупілдек» әнін орынды келтіргені сияқты толып жатқан ұлттық бояу, нақыштар бар. Сәкеннің анасы Жамалдың түсі, екеуінің кездескен тұсы таза халықтық сипаттарымен әсерлі. Автор Сәкен Сейфуллиннің қазақ драматургиясының алғашқы қарлығаштары қатарындағы «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесаларын жазғандығын да есте ұстаған. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР: 1 Нұрғали Р. Драма өнері. – Алматы: Санат, 2001. – 480 б. 2 Ордалиев С. Конфликт және характер: Зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1970. – 184 б. 3 Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шы­ғар­малар / Құраст. Е. Домбаев, К. Ах­метова. – Алматы: Жазушы, 1973. – Т.2.: Пьесалар. – 416 б.

Алдыңғы «
Келесі »