Тұлға

  • 07.12.2016
  • 427 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік ПІРӘЛИЕВ,
Бақтияр СМАНОВ

Халқымызда ежелден  «Жақсы адамның соңынан із қалады, жаман адамның артында сыз қалады» деген ұлағатты  сөз бар. журынов«Жақсы адам жанып тұрған шаммен тең» деп  мақалдатқан да біздің халқымыз. Сонда, жақсы адамды қалай ажыратамыз, кісінің жақсы екенін қалай танимыз? «Үш-ақ нәрсе  адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді хакім Абай бұл сұраққа нақты да мағыналы жауап беріп. Ал, енді, осы «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қалай қалыптасады, оның үшін не істеу керек, өйткені, қолынан келсе әркім-ақ жақсы адам болып қалуды армандайды емес пе? Бірақ, өкінішке орай, кез-келген адам жақсы адамдар санатына қосыла алмайды. Ұлы жаратушымыз мінәйім мінезді, нұрлы ақылды адамға туғаннан береді десек те, мұндай игі қасиеттер әрбір адамзат баласының дүниеге келген шаңырағында, өсіп-тәрбиеленген отбасында қалыптасатыны педагогика ғылымындағы баяғыдан бергі белгілі жәйт. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – депті тағы да хакім Абай. Осы арада данышпан ойшылдың «толық адам» туралы ой-толғамы еске түседі. Ол – жан-жақты білімді, ақылы мен парасаты, дүниетанымы, ілімі бірін-бірі толықтырып тұратын жан-жақты дамыған, жетілген адам. Ендеше «Ақыл, қайрат, білімді бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек»,– деп ұлы ақын «толық адам» туралы сұраққа да тұшымды жауап қайтарады.


Олай болса, біз де осындай талап биі­гі­нен көрінген «жақсы адам», «толық адам» қатарында абзал азамат, көрнекті ғалым ҚР ҰҒА президенті, химия ғылым­дарының докторы, профессор Мұрат Жұрынұлы Жұрыновты да атар едік. Құдайға шүкір, айналамызда данышпан Абайдың талабынан шығатын осындай сирек адамдардың арасынан Мұрат Жұрынұлының биік адамгершілік тұлғасы, озық ойлы парасат-пайымы асқақтап көрінеді. Әрине, мұнда, ең алдымен, ол кісінің ұстамдылығы, са­быр­лылығы мен сарабдалдығы, бай­салдылығы мен байыптылығы, жүзінің жылылығы мен кішіпейілділігі адамды бірден өзіне баурап алатынын, оның сөздерінен ой тереңдігі мен дара даналығы айқын сезіліп тұратынын айта кеткен орынды. Сондықтан болар, бүгінде 75 жасқа толып отырған қазақ ғылымының қара шаңырағының басшысы Мұрат Жұрынұлы Жұрынов тек ғылыми жұртшылық қана емес, бүкіл еліміздің зиялы қауымының бірегей тұлғасына айналып отырғаны айдан айқын.
Оның жарық дүние есігін ашқаннан кейінгі балалық шағы да оңай бола қойған жоқ. Ұлы Отан соғысы басталатын 1941 жылғы 7 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында дүниеге келген ғалым ағамыздың да ата-анасы, отбасы сол бір алапат соғыс кезінің ауыр күндерін басынан кешірді…
«… Біздің  бала кезіміз соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой. Қан майданнан кемтар болып қайтқан қазақтар да көп кездесетін, бірақ, олар вокзалда, елдің назарын аударатын жерлерде жүрмейтін. Әдеп сақтайтын,– деп еске алады Мұрат ағамыз сұрапыл соғыс жылдарындағы жастық шағы туралы, – Ол кезде ешкім зейнетақы алмайтын. Жұмыс орны төлейтін айлық мөлшері өте аз.  Ел Арыс өзенінің ар жағындағы жазық дала­да мал бағып, шөп орып, тіршілігін жасайтын. Көктемде бидай егеді. Жаз бойы егіс басындағы диқандарға су тасу, бидайды диірменге жеткізіп, оны тарту мектеп жасындағы балалардың үлесіне тиеді. Себебі, үлкендер одан күрделі жұмыстарды атқаратын. Тіршіліктері, күнкөрістері қанша қиын болса да, адамдар бір-біріне өте бауырмал болатын…». 
Соғыс пен одан кейінгі өмірдің қиындық­тарына қарамай ата-анасы балаларына оқу-білім мен өнегелі  тәрбие беруге ерекше көңіл бөлген еді…
Содан, ер жетіп есейген соң, 1964 жы­лы Қазақ химия-технология институтын «Элек­тро-химиялық өндірістік технологиясы» мамандығы бойынша үздік бітірген болашақ ғалымды оқу орнының басшылығы оқытушылық қызметке қалдырады. Осында, шәкірт тәрбиелей жүріп, 1967 жылы Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технология университетінің аспирантурасына түскен ол оқу мен ғылыми ізденіске арналған үш жылында кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, 1970 жылы өзінің қызмет істеген жоғары оқу орнына қайта оралады. Сөйтіп, Қазақ химия-технология институтында табан аудармай 12 жыл қызмет атқарған Мұрат Жұрынұлы аға оқытушы, кафедра меңгерушісі,факультет деканы сияқты қызмет сатыларынан баспалдақтап өтеді. Педагогикалық қызметін ғылыммен тығыз ұштастырып, жан-жақты іздену мен еңбектенудің арқасында 1981 жылы «Кейбір табиғи қосылыстар негізінде фармакологиялық белсенді заттардың электрмен синтезделуі» тақырыбында докторлық диссертациясын тағы да Мәс­кеуде сәтті қорғайды. Содан соң, әбден ысылып,  кемеліне келген жас ғалымды республика Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі 1982 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне проректорлық қызметке жібереді. Сөйтіп, мұндағы үш жыл да  қажырлы еңбекке, игілікті істерге толы жемісті жылдар болады. Осында, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ызғарын да бастан өткереді.
Бүкіл Кеңес Одағында горбачевтік «қайта құру» дәуірі басталған тарихи кезеңде Қазақ КСР Ғылым академиясында да бұл науқан өршіп, ғылыми мекеменің барлық құрылымдарында жаңару, «қайта құру» үдерісі қызу жүріп жатқан еді. Академияның Органикалық синтез және көмір химиясы институтына замана талабына сай жаңаша ойлап, жаңаша жұмыс істейтін басшы керек болады да, Академия басшылығы осы институтқа жетекшілік етуге Мұрат Жұрынұлын тағайындайды. «Қайта құру» талаптарына сай ол бұл институттың жұмысын да жаңа деңгейге көтергені қалың жұрт назарында. Академик М.Жұрынұлының тікелей басшылығымен институт ғалымдары жүзеге асырған ғылыми жобалар мен ғылыми зерттеулер республикада ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының химия өнеркәсібі саласындағы өндіріс орындарында кеңінен қолданысқа ие болып жатты.
Академик Мұрат Жұрынұлының қызмет жолындағы ең бір жауапты кезең 1991 жылы Түркістанда жаңа университет ашылған кезден басталады десек қателеспейміз. Ол тұста еліміз тәуелсіздік табалдырығына жақын тұрған еді. Сол бір елең-алаң шақта Елбасымыздың тапсырмасымен көне Түркістан шаһарында университет ашуға қызу  дайындық жүріп жатты. Алғашында: «Бұл университетті Шымкент қаласында ашу керек, бір қиырдағы алақандай Түркістанға университеттің қажеті қанша, алыстағы аудан ол жүкті көтере ала ма, бұл жерге кім келеді?» – деп күмәнданғандар да көп болды. Шымкентте жоғары оқу орындары, құдайға шүкір, баршылық. Алайда, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының шалғай аудандарынан мынадай аумалы-төкпелі кезеңде балалардың Шымкентке барып оқуы оңай емес-ті. Егер, Түркістанда жоғары оқу орны ашылар болса, оған сол маңнан барып оқитындар аз болмауы керек. Оның үстіне университет ашу көне Түркістанның мәртебесін көтере түсетіні, сөйтіп бүкіл түркі жұртшылығының назарын өзіне аударатыны анық. Сөйтіп, 1991 жылғы 6 маусымда ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Түркістан мемлекеттік уни­вер­ситетін ашу туралы жарлыққа қол қойды. Біз ол тұста біріміз – Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ынты­­мақтастық басқармасының басты­ғы, біріміз – Министрдің кеңесшісі қызметін атқаратынбыз. Сондықтан, жаңа универ­ситеттің Жарғысынан бастап, бүкіл ұйым­дастыру мәселелеріне байланысты құжат­тарын дайындауға тікелей аралас­қанымыз бар.
Сол кездегі Білім және ғылым министрі, қазақтың ардагер азаматы Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметов өз ұсынысымен профессор М.Жұрыновты Қарағандыдан шақыртып, Түркістан университетіне ректор етіп тағайындады. Ол өте қиын өтпелі кезең болатын. Кеңес Одағы күйреп жатты. Қаржы тапшы, жоқ жерден оқу-материалдық база жасау да оңай шаруа емес. Еліміз тәуелсіздігін жаңадан алып жатқан бұл тұста жаңа ашылған жоғары оқу орнын қиыншылықтан алып шығу үшін оны халықаралық университет етіп, қайта құру қажеттігі де ескерілді. Сөйтіп,  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Түркия Республикасының президенті Т.Озалмен келісімге келіп, 1992 жылы Түркістан мемлекеттік университетін «Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» деп қайта құруға қол жеткізді. Университет екі тараптан бірдей қаржыландырылатын болып шешілді. Соңынан  солай болды да. Бұл шешім әлі күнге дейін жүзеге асып келеді.
Қалай дегенмен де, университеттің тұңғыш басшысы Мұрат Жұрынұлына жоғары оқу орнын аяғынан тік тұрғызып қалыптастыру үшін күн демей, түн демей еңбек етуге, жоқтан бар жасауға тура келгенін біз жақсы білеміз. Жастарға заман талабына сай сапалы білім беру үшін профессор-оқытушылар құрамының әлеуеті мықты болуы да керек. Ол үшін еліміздің байырғы оқу орындарынан білікті ұстаздар шақыртып, жаңа білім ордасының профессор-оқытушылар құрамын нығайтуға тура келеді. Бірақ, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етпей, жұмыс нәтижелі болмақ емес. Сондықтан, оқытушыларға арнап отбасылық жатақханалар, тұрғын үйлер салу қажет. Міне, осылайша бір қиындықтан екінші қиындық туындап, бас көтертпей жатты. Алайда, жігерлі басшы, зерделі ғалым Мұрат Жұрынұлы сабырмен саралап, салмақпен байыптап бұл мәселенің де шешімін тапты. Университетте профессор-оқытушылардың әлеуетті құрамы жасақталып қалыптасты. Жаңа оқу ғимараттарын, студенттер мен оқытушылар жатақханаларын салу да біртіндеп жүзеге аса бастады. Дәрісханалар мен зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары жаңа жиһаздармен, ақпараттық-коммуникациялық техникалармен жабдықталды. Оқу орнының еліміздегі және шетелдердегі беделді университеттермен байланысы күн санап артып, орнықты жолға қойылды. Айналдырған 4-5 жылдың ішінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің атағы шартарапқа танылып, үлкен абыройға ие бола бастады. Мұндай игілікті іс-шара­лардың барлығы қайраткер ғалым, тұңғыш ректор Мұрат Жұрынұлының ерекше ерік-жігері мен табандылығының, ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында жүзеге асып жатты. Бұл жайттан көзі қарақты жанашыр жұрттың баршасы хабардар деп білеміз. Осылайша, бұл білім ордасының дүниеге келуі еліміздің қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Университет, шын мәнінде, көне Түркістанның тұла бойына қан жүгіртіп, оның халықаралық беделін аспандата түсті, исі түркі жұртының ықылас-назары «Ер Түріктің бесігі – Түркістанға» (М.Жұмабаев) ауды. Ондағы арнайы жобамен салынған жаңа ғимараттардың бой көтеруі қаланың салтанатына салтанат қосты. Сонымен қатар, кешегі КСРО-ның ызғарлы саясаты салдарынан туған жерінен ауып, бас сауғалап шетелге кеткен талай қандастарымыздың алыс елдерден, әсіресе, бауырлас түркі елінен өз отанына қайта жөңкіле көше бастауына да себепші болды. Киелі Түркістан топырағына аяқ басқан қандастарымыз туған елдің мәдениеті, оқу білімі мен ғылымын бойларына сіңіріп, өз білім ұясы­нан қанаттанып түлеп ұшты. Бүгінгі таңда еліміздің түрлі салаларында қызмет атқарып жүрген білімді жастарымыздың қатарынан осы университеттің түлектері барын көргенде бойымызды айрықша қуаныш сезімі кернейді…
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін аяғынан тік тұрғызып, елдің құрметі мен абыройына бөленген академик Мұрат Жұрынұлы Жұрыновты Елбасы тағы бір сенім артып, 1995 жылы республика Білім және ғылым министрі етіп тағайындады.  Мұндағы екі жыл да ол үшін қайнаған еңбек пен қым-қуыт тіршіліктің кезеңі болды. Бүкіл еліміздің білім жүйесін жаңа ғасырдың жаңа талаптарына сай қайта құру үшін білімі мен білігін, қа­жыр­лы еңбегін сарқа жұмсаған Мұрат Жұрынұлы бұл қызметінде де Елбасының сенімінен шықты. Сөйтіп, 1997 жылы ел Президенті оны қайта Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті етіп жіберді. Иә, содан кейінгі төрт жылда да ол бар күшін осы оқу орнын одан әрі гүлдендіре түсуге жұмсады.
Француздың өткен ғасырда өмір сүрген жазушысы Жюль Ренардың «Ғалым дегеніміз өзінің ой-пікіріне нық сенетін адам» демек­ші, академик Мұрат Жұрынұлы 2001-2007 жылдары республика Білім және ғылым министрлігінің Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электр химиясы институтының директоры болып қызмет істеген жылдарында өз мамандығы бойынша таза ғылыми ізденістерді  ұйымдастыру мәселелерімен айналысып, ел ғылымы мен экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан еді. Сол қызметтері ескерілген көр­некті ғалым 2003 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті болып сайланып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің бүкіл ғылым саласын қолына алды. Ең алғаш қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев басқарған қазақ ғылымының қара шаңырағының тізгінін қолына алғанда Мұрат Жұрынұлының толқынысында шек болмады. Онысы орынды да еді. Өйткені, бұл – үлкен сенім әрі аса маңызды жауапкершілік болатын. Себебі, Сәтбаевтай, Қонаевтай ұлы тұлғалар басқарған, қазақ ғылымын әлемге әйгілеген киелі шаңырақтың абыройына дақ түсірмей ғылыми жұртшылық пен ел тілегінен, Елбасы сенімінен көрінуге тырысқан ғалым жан аямай еңбек етіп, Академия жұмысын жаңаша бағытта ұйымдастыруға бел буды. Осы ретте, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойымен бірге Ұлттық ғылым академиясы да өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтетінін айта кеткен орынды. Дәл осыдан 70 жыл бұрын Қазақ КСР-інің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай ашылған Ұлттық академияның 70 жасқа толған бұл мерейтойының да мемлекетіміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс сәйкес келуі жайдан-жай болмаса керек.
Сонау, 1946 жылы 1 маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы болып салтанатты жағдайда ашылған ғылым ордасы еліміз Тәуелсіздік алғанша қалыптасу, даму кезеңдерін бастан өткеріп, Кеңес Одағы бойынша беделді ғылыми орталыққа айналған болатын. Әріге бармай-ақ тәуелсіздік алдындағы жылдарға назар аударсақ, мысалы, 80-ші жылдардың аяғына қарай Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында 33 ғылыми мекеме болғанын, оларда 4411 ғылыми қызметкер, оның ішінде 237 ғылым докторы, 1811 ғылым кандидаты қызмет атқарғанын айтсақ, осының өзі-ақ Ғылым академиясының зор әлеуетін танытқан болар еді. Академия бұл кездерде бірегей жоғары ғылым ордасы, ел ғылымының басты ұйымдастырушы мекемесі ретінде жаратылыстану, техника, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін академиялық  институттардың жұмысын үйлестірді және оларға бір орталықтан басшылық жасады. Одақтас республикалардың ғылым академиялары арасында үнемі құрметті 3-4-ші орындарды иемденіп, зор ғылыми әлеуетке жетті. Тәуелсіздік жылдары академияда бірқатар құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылды. 1991 жылы 20 наурызда Ғылым академиясына жаңа ғылыми мекемелер құру мен іргелі ғылыми зерттеулер бағыттарын айқындау мақсатында кеңейтілген құқық берілген еді. Зерттеулерді жаңа бағыттар бойынша дамыту үшін Академия құрамында физика-техникалық, механика және машинатану, археология, информатика және басқару, мемлекет және құқық, қолданбалы математика, жер қойнауын кешенді игеру институттары ашылды.
Қазіргі жаһандану үдерісінің қар­қынды дамуы жағдайында өндіріс­тік индустрияның инновациялық нәти­желерге бағытталуы, іргелі және қол­данбалы ғылымға иек артуы кез келген мемлекеттің экономикалық күш-қуа­тының өсуіне ықпал ететіні белгілі. Осы қағиданы ескере отырып, Ұлттық ака­демия қолданбалы зерттеулерге, өндіріске ендірілетін ғылыми жұмыстарға басты назар аударып отыр. Айталық, еліміз тәуелсіздік алған соң Академияның салалық және мамандандырылған институттары негізінде алғаш рет Радиоэлектроника мен байланыс, Минералды шикізаттарды кешенді өңдеу, Биотехнология ұлттық ғылыми орталықтары, Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бұл орталықтардың негізгі іс-әрекеті Үкімет тарапынан бекітілген «Телекоммуникация мен байланыстың қазіргі заманғы жүйесін жасау», «Өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығында, медицинада гендік-инженерлік және биотех­нологиялық әдістерді қолдану», «Қазақстанда атом  энергетикасын дамыту» сияқты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларға арналды. Академик М.Жұрынов басшылыққа келген соң бұл бағдарламалардың аясы кеңіп, оған тағы да көптеген бағдарламалар іске қосылды. Ғылым академиясының геолог-ғалымдары жүргізген іргелі зерттеулердің қорытындысы еліміздің мұнай-газ кешені мен түсті және қара металлургия өнеркәсібі  өндірістерін шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болған вольфрам, молибден, ванадий сияқты сирек кездесетін элементтер қорларына болжамдар жасалды. Биология және медицина ғылымдары саласында топырақ-өсімдік картасы жасалып, Қазақстанның жемісті өсімдіктері, еліміздің жалпы флорасы мен фаунасының жинақ қоры туралы мағлұматтар толықтырылды. Жер туралы ғылымдар саласында сейс­микалық қауіпті аудандарды зерттеу жағдайында  сейсмикалық топографияны қолдану арқылы жұмыс жасау қолға алынды. Сондай-ақ, Академия президенті академик М.Жұрыновтың ұсынысымен Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы бөлімше ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының тақырыптарынан басым бағыттарды айқындап, кеңінен талқылаудан өткізді. Мұнда салалық А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Ә.Марғұлан атын­дағы Археология, Философия, саясаттану және дінтану, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институттары мен жоғары оқу орындарындағы танымал ғалымдар, ака­де­миктер мен корреспондент-мүшелер белсене қатысты. Бұл ғылыми-зерттеу тақы­рыптары жинақталып, баспадан кітапша  болып шықты. Ол республика жоғары оқу орындарына, ғалымдарымызға пайдалануға таратылды. Онда қазақ мемлекеттілігі дамуының тарихы, түркі және қазақ фило­софиясының тарихы, әлеуметтік және саяси философия тарихы, қазақ саяси мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы, қа­зақ тілінің академиялық грамматикасын жүйелеу, туған әдебиетіміз бен өнеріміздің, төл мәдениетіміздің, ұлттық педагогика және психология ғылымдарының  өзекті мәселелерін саралау, елімізде демографиялық реформалар жүргізу ерекшеліктерін айқын­дау, қазақстандық нарықтық экономика үлгілерінің қалыптасу теориясы мен тәжірибесі, Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларының дәстүрлі дамуы мен сақталуы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және т.б. көптеген тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізу белгіленді.
Бөлімше мүшелері ғылым жетістік­терін насихаттауда академиялық көп томдық басылымдар әзірлеп, ел өміріне, руханиятымызға қатысты мәселелерді, көрнекті ғалым­дары­мыздың мерейлі мерекелерін өткі­зуді, соған байланысты халықаралық, республикалық деңгейдегі конференциялар мен симпозиумдар сынды әртүрлі басқосуларды ұйымдастыруда белсене қатысумен бірге осы сипаттағы іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап келеді. Ғалымдарымыздың оларды жалпы жұртшылықпен таныстыруда, Ұлттық ғылым академиясының абырой-беделін арттыруда үнемі белсенділік танытып жүргені баршаға аян. Сонымен қатар, соңғы жылдары Ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесе магистрлер мен PhD (философия) докторларын даярлау жұмысына ерекше көңіл бөлініп, ғылыми жобаларға мемлекет тарапынан гранттар бөліне бастағанын айтқан орынды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың қамқорлығы нәтижесінде осы уақытқа дейін ұлттық ғылымды дамытуға 50 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінсе, 2020 жылға арналған стратегиялық жоспар бойынша бұл көрсеткіш 8 есе өсіп, ұлттық ғылымымызға барынша қолдау көрсетілмек. Бұл дегеніңіз  ұлт ғалымдарынан еселі еңбекті, мол ізденісті, зор қажыр-қайратты талап етеді. Бұл айтылғандарға қоса Академия тарапынан  әр жылы ғылыми зерттеулер жөніндегі Ұлттық баяндама әзірленеді. Оның жылына алты рет жарық көретін 8 журналы әлемдегі 73 мемлекетке (ТМД елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және басқа) таратылады. Бұл журналдар 1946 жылдан бері үздіксіз шығарылып келеді.
Қазіргі таңда қоғамдық ұйым ретіндегі мәртебесіне қарамай Ұлттық ғылым академиясы өзінің байырғы қызметін атқаруда. Оның құрамында 140 толық мүше (академиктер), 103 корреспондент-мүше (барлығы – 243 тұрақты мүшелері), 78 құрметті мүше, сондай-ақ 13 шетелдік мүшелері бар. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде академия құрамы талантты жас ғалымдармен толықты. Бүгінгі таңда академиктердің орташа жасы –75, корреспондент-мүшелер –55 жасты құрайды. Ал, академияға мүше ғалымдардың жалпы орташа жасы 65-те болып тұр. Бұл көрсеткіш  бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жасарғандықты аңғартады. 
Бүгінде Ұлттық ғылым акаде­миясы­ның бөлімшелерінде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары ұшан-теңіз дейтін болсақ, міне, осынау қыруар шаруаларды үйлестіру, оған басшылық жасау Академия президенті академик Мұрат Жұрынұлы Жұрыновтан аса үлкен ұйымдастырушылық қабілет пен қарым-қарекетті талап етері белгілі. Үстіміздегі жылы күзде мемлекет басшысы Мұрат Жұрынұлын қабылдаған кезінде академияның қызметіне лайықты баға беруі, отандық ғылымды дамытуға байланысты Елбасының орынды ұсыныстар айтуы оның қажырлы еңбегінің босқа кетпегенін көрсетсе керек.
Мұрат Жұрынұлы – ҚР Ұлттық кеңесінің, ҚР Білім және ғылым министрлігі алқасының мүшесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері Ғылым академиялары Халықаралық ассоциациясының вице-президенті, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мен ҚР Үкіметінің Білім, ғылым және техника жөніндегі және ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларының, ҚР Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі. Ол ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. «Парасат» орденімен (2005), Токио универ­ситетінің (2001), Франция ғылыми-өндірістік қоғамының (2003), Украина ҰҒА жанындағы «Золотая фортуна» қоғамының (2006) алтын медальдарымен, академик В.И. Вернадский атындағы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының күміс медалімен; Халықаралық түркі әлеміне қызмет сыйлығымен (Түркия, 2001) марапатталған. Көрнекті ғалым, қайраткер басшы өзі туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысының және сол өңірдегі Арыс ауданының Құрметті азаматы. 
Оқу-білім, ағарту саласындағы ғұмыр жолы мен еселі еңбегіне зер сала отырып, академик  Мұрат Жұрыновтың бүгінгідей асқар асуына, ғылымдағы және өмірдегі азаматтық биігіне «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» (Абай) келіп отырған тұғырлы тұлға  екенін  аңғармау еш мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі мерейлі мереке тұсында қайраткер ғалымға зор денсаулық, отбасына амандық, мол шығармашылық табыс тілейік ағайын.

Алдыңғы «
Келесі »