«Ноқтаға басы сыймаған»

  • 07.12.2016
  • 791 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мұрат РАҚЫМЖАН,
журналист

«Заманынан озып туған» деген ұғым бар. Бұл өзі – «Керуен де, керуен көштердің күймесіне мініп, желден де жүйрік жылдардың жалына жабысып, жармасып, көнеден келе жатқан ұғым. Және сол ұғым келер күндердің де аламанына тұяғы бүтін, тұрманы түгел қалпында жетері хақ. Солардың арасында өз замандастарынан қара үзіп біздің дәуірімізге жеткен хас жүйріктері қаншама! Жандары әлдеқашан жай тауып, сүйектеріне қына шығып кеткен сол жарықтықтардың аруағын қозғамай-ақ, осыдан бір, бір жарым ғасырдың ар жақ, бер жағында ғана өмір сүрген данышпанымыз Абайдың құлағын шулатсақ та жетіп жатыр. Абайдың есімін менің бабам білген, атам білген, әкем өлеңдерін оқыған, өзім оқимын, балаларым жаттап жүр, бұйырса немере, шөберелерім оқымақ. Бізге дейін де «Абайлап» талай ұрпақ өткен, бізден кейін де «Абайлап» өтпек-дүр. Көбіміздің аты-жөніміз, ныспы-сойымыз тарихтың шаңына көміліп қалар, ал, «Заманынан озып туғандардың» есімі уақытпен ілесе алдағы ғасырлардың да есігін қағар. Абайдай болмаса да, ұқсап баққан, артып тумаса да, тартып туған тұлғаларымыздың бақ- талайларына,  әзелден-ақ, біздің ұлтымыз үшін қабағын ашып, шырайын бермей қойған ХХ ғасырдың «Тар жол, тайғақ кешуі» бұйырып, оларды: «Сен сондайсың!» деп төбесіне көтерген ешкім бола қоймапты. Қайта «Озып туғаны үшін, озық туғаны үшін» жазықты ғып, ат шапан айыбына: «Халық жауы» деген қарғыс таңбасын арқалатып, ит жеккенге айдапты. Атыпты. Асыпты. Қасақана аштан қырыпты. Одан да аман қалғандарын амалын тауып көзін жойып отырыпты. Содан кейін ар жағын… «Бір қайғыны бастасаң, жүз қайғыны қозғайды» (Абай)… Әзір қозғамаймыз. Осы жерден тізгін тартып тоқтаймыз…


«Алдыңғы толқын ағаларының» тағды­рынан тағылым алып өскен «кейінгі толқын інілерінің» де көрген құқайы аз болмапты. Саптыаяққа ас құйып беріп, сабына қарауыл қойып отырған сақ заман­ның, сұқ көзіне түспей, аман-сау қалудың машақатының өзі қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткеннен кем болмаса керек. Сырты көнгенімен, бәрібір ішін бермей өткен сол ағаларымыз, оңашада, саққұлақтары мен жатқұлақтары жоқ сенімді ортада, «жүрегінің басына у боп жиналған» заманға деген запыран зарын астарлап, тұспалдап бір-біріне айтып отырады екен… Одан қалса шығармаларына арқау етіп: кейіп­кер­лерінің аузына салыпты. Оң жақта отырған қызын аңдыған кемпір мен шалдай әрбір қаламгердің жазған-сызғандарының астарын тінтіп, үтір-нүктесіне дейін түгендеп отырған цен­зураның қырағы көзіне ебін тауып «шөп салғандар» болса болған шығар. Бірақ, ондай туындылардың ойнастан туған баладай көзтүрткі көргені рас. Тіпті, со­лардың көбі жарық дүние есігін ашуға мұршасы келмей, баспаханада жатып-ақ, қыршынынан қиылып отырыпты. Әрине, арасында періштесі қағып, зарығып көрген перзенттей қолымыз зорға жеткендері де бар. Оның өзінде де, оқиғалары мен кейіпкерлердің шынайы бейнесі бұрмаланып. Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, сол «әттеген-айлардың» орнын толтыратын уақыт жетті.
Қилы-қилы кезеңдер мен түрлі-түрлі дәуірлерді басынан өткерген қазақ әдебиеті қай кезде де таланттарға кенде болған емес. Мысалы үшін «Абай және Абайдың ақындық мектебінен бастап» кешегі Алаш зиялылары Ш. Құдай­бердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыровтар ірге тасын қалаған жазба әдебиетіміз, кеңес дәуірінде де тоқырап қалмай үне­мі ілгері дамып отырған. «Арыстар әдебиетінің» (С.Сейфуллин, Б.Майлин, І. Жан­сүгіров) ізін ала әдеби аренаға «Алыптар тобы» шығып әдебиетімізді әлемдік деңгейге көтерген болатын. Біздің әдеби жылнамамызға «қазақ-кеңес әдебиеті» деген атаумен енетін сол дәуірдің қаламгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғаймыз.
«Алыптар тобы»
«Өтемістен туған он едік, 
Онымыз қатар жүргенде, 
Жер қайысқан қол едік» 
Махамбет
Олар төртеу еді. Әрқайсысы онға татитын төртеу болатын. Ірге тасы енді ғана қаланған төл әдебиетіміздің төртеуі – төрт қабырғасы, төрт тірегі еді. Бәлкім бірі қолына қаламды ерте, бірі сәл кешірек ұстаған шығар. Бірақ, аралары тым алшақ емес. Төрт-бес жастың шамасы ғана. «Бес жас бел құрдас» деп, бір-біріне сіз деп сызылмай, сен деп сөйлеп, әзіл-қалжыңдары жарасыпты. Бірақ, солай екен деп ауа жайылмай, бәрібір Мұхаңды әз тұтып, жасын да, қабілетін де жоғары қойыпты. Мұхаң да бұларды: «Пәлі, бәленшекең, түгеншекең» деп әлдеқандай ғып отырады екен. Иә, өмірде не болмайды. Әрине, үнемі тонның ішкі бауындай болыпты деп айту қиын. Бастары піспеген кездері де, араларынан қара мысық өткен кездері де болған шығар. Олар да пенде. Ашулану, қателесу, оларға да тән. Бұл күнде ағаларымыздың арасындағы қарым-қатынастың көлеңке жағын ғана көріп, тек соны дәріптеушілер көбейіп кетті. «Мұхтар мен Сәбиттің арасы онша болмапты… Ғабит пен Ғабиден де дүрдараз болыпты…» деген сияқты әңгімелерді күнделікті БАҚ пен кейінгі кезде қарасы тым көбейіп кеткен естелік-эссе жаз­ғыштардың жазғандарынан көзіміз шалып қалады. Алыптарымыздың тек көлең­келі жақтарын жіпке тізе беріп, кейінгі ұрпақтың наласына қалмайық. Қайта кейінгіге үлгі-өнеге болатын ағалар өмірінің жарқын жақтарын, жақсы жақтарын айтайық.
Жалпы басы-қасында болмаған соң төрелік айтуға құқымыз жоқ деп ой­лаймын. Заманы солай болған соң, амалдағаны да шығар. Саясаттың сырын терең түсінген адамдар ғой. Бастары тағы да бірігіп кетті демесін деп, сыртқа көз қылған болар. Сырттағылардың да аңдығаны, баққаны, көздегені солар еді ғой. Алауыздық. Айдап салу. Араларына сызат түсіру. Соған көне салған, сене салған кейіп те көрсетуі мүмкін ғой. Үлкен адамдардың сыры да үлкен болады. Көп ешкім түсіне бермейтін жұмбағы да көп болады. Бірақ, соны сөз қылу бізге жараспайтын қылық. Біздер бүгін не десек те, не айтсақ та ағалар әрқайсысы өз орнын, өз қадірін жақсы білген. Біз ойлағаннан әлдеқайда биік, біз айтқаннан әлдеқайда жоғары тұр. Егер, қазақ әдебиеті бүгінде бір биікке көтеріліп, белеске шығып отырса, «төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп, сол төртеуінің еңбегінің арқасы. Оларды арзан сөзбен аласарту, мұқату мүмкін емес. Атын шығарайын деген біреу болмаса. Бірақ, өйтіп шығарған аттың абыройы да шамалы. Үлкеннің беті­нен алып, ақсақалдың сақалына жармасып. Біз оны мақсат тұтпадық. Біздің мақсатымыз ағаларымыздың өздерін сөзге тартып, сырласу. Олардың артына қалдырып кеткен мұраларын пайдалана отырып, әсіресе өздері туралы, замандастары туралы айтқандарынан сұрыптай отырып.
Қалай десек те, кешегі Алаш арыс­тарының орнын ойсыратпай, бастарын бәйгеге тіге жүріп барлық  рухани байлығымызды бауырларына басып, шашау шығармай сақтап қалған солар, тек солар!
Айдарымыздың бүгінгі қонағы «Алыптар тобының» өкілі – Ғабиден Мұстафин. Алайда «осы топтың» қалған өкілдерін де қағажу қалдырмай, Мұстафин туралы әуелгі сөз кезегін соларға береміз. М. Әуе­зов: «Ғабиден жазушылығының ерек­ше­лігі – ол ең алғашқы жауапты қада­мынан бастап арнасын, өз тақырыбын тал­­ғап тапқан жазушы». С. Мұқанов: «…Ға­би­денмен мен 1938 жылдан бері Алматы қаласында тұрып, бірге жасап, әлеуметтік, жазушылық істердің біразын бірге атқарып келеміз. Осындай іс үстінде түсініскен де, түсініспеген де, кейде жақын, кейде алшақ жүрген кездеріміз де болды. Осы жағдайлардың қандайында болса да, бастан өткерген күндерде мен өзім Ғабиденнің ісіне әрдайым жақсы бағамен қарайтын кісімін… Талант, білімі, шеберлігі жеткенше, Ғабиден шығармаларын аса ұқыпты және ойланып жазады…»   Ғ. Мүсірепов: «…Ғабиден Мұстафин осы дәуірдің ішінде қазақ прозасынан өзінің тиісті орнын алумен бірге әдебиетіміздің бетін бүгінгі өмірге бұруымызға да үлкен жетекші болды… Оның үстіне, жазушының ізденіс талаптары тұтас бір бағытта болғандықтан, табысы да олқы емес. Ғабиден типтерді де, типтік жағдайларды да өзіміздің шындығымыздан алып өсіп келеді». 
Сонымен, әлқисса! Біз Ғабиден Мұстафин туралы осынау бір еңбегімізді жазу барысында Ғабекеңнің «Өмір белестері» атты автобиографиялық әңгімесі мен жазушының соңғы жазған көлемді дүниелерінің бірі «Көз көрген» роман-мемуарын негізге алдық. Сонымен қатар, автордың әр жылдардағы баспасөз беттерінде жарық көрген ой-толғамдары мен сұхбаттарын кәдемізге жараттық.
Ғабекең өзі туралы «Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуынша 1902 жылы тусам керек. Қазіргі Теміртау заводы Тельман ауданында, Нұра өзенінің жағасында, Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырандысы Сартөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды түнде туыппын» деп еске алады («Өмір белестері»). Ата-тегіне келетін болсақ: Арғынның бір баласы Матайдан тарайтын Қыдырдың бес ұлы: Ахмет, Алдаберген, Мұқаметше, Мұстафа, Қаметжан. Мұстафадан: Зейне, Ғабиден, Әбдікәрім, Әбдіқалық, Ғазиз.
«Мұстафа 87 жасында, 1952 жы­лы қайтыс болды. Екі рет қажыға барған шала сауатты адам. Қажыға ол байлықпен бармаған, алғашқыда жалғыз үйір жылқысын сатып, шиеттей үш баласын тастап, менің бірер жасар күнімде, өзінің отыз бес жасында кеткен. Екінші ретінде Жолжан деген байдың ақшасымен барып бедел қажы болып келген» десе, тағы бір жерінде: «Мұстафа мейлінше әділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Құйма құлақ кісі. Егер, дін шырмап қалмағанда, оқығанда үлкен ғалым  болар түрі бар».  («Өмір белестері»). Ғабекеңнің әкесі Мұстафа!.. Қалай барса да сол заманда екі мәрте қажылыққа барған адам. Ол кезде ондай адамдар қазақ ішінде саусақпен санарлықтай ғана, өте сирек болатын. Әкесі туралы Ғабекеңнің «шала сауат… байлығы асқаннан бармаған, шиеттей үш баласының аузынан жырып… Тіпті, екінші ретте көлденең біреудің қаражатымен барып бедел қажы боп келді» деуінде, сол заманның ыңғайына қарай бейімдеушілік бар. Онсыз да «Арғы атасының феодал, әкесінің қажы, қайын атасының капиталист болғанынан» аузы көп күйген Ғабекең еріксіз осылай жазуға мәжбүр. Осы жерде тағы да бір ескеретін жағдай: Ғабекеңнің өзінің жазуы бойынша «Әкесі 1952 жылы 87 жасында қайтыс болыпты». Демек, 1865 жылы туылған. Отыз бес жасында қажыға барса, бұл 1900 жыл. «Менің бірер жасар күнімде» дейді. Сонда Ғабекең 1898 жылы туылған немесе әкесі қажылыққа 1904 жылы барған болып шығады. Тегі Ғабекеңнің нақты уақытын көрсетпеуінің де бір мәнісі болса керек.
Ғабиден аға да сол кездегі барлық қазақ балалары сияқты, тілін молдадан сындырады. Ол туралы өзі «Жас кезімде ауылдағы молдалардан дін сабағын оқыдым. Басқа оқу жоқ, Қазақ елінің тоқсан тоғыз проценті сауатсыз, сауатты дегеніміздің көбі молдалар, діншілдер…»  деп жазады («Өмір белестері»). Он төрт жасына дейін осы білімді қанағат тұтқан бозбаланы бұдан ары қолға ұстау қиын болса керек. Себебі, Ғабекең кейіннен есейе келе байсал тартпаса, жас кезінде қолды-аяққа тұрмайтын нағыз «сары тентектің» өзі болыпты. Қатарластарынан ойы да озық, бойы да биік баланың бағын байлау қиянат болатынын ұққан зерделі әке бір күні баласына: 
– «Балам, қолыңды жайшы! – деді. Баласы қол жайғанда өзі қосыла жайды, – лұқсат. Жолың болсын. Алла бағыңды ашсын. Енді, дүние жолын қуасың. Ол хисапсыз көп, қайсысына түсіп кетеріңді қайдан білейін. Тек, Құдайды ұмытпа, әділ бол, рахымды бол. Бұл үшеуін мықты ұстасаң, дүние, ахиретте қор болмайсың» («Көз көрген», 36 бет) – деп батасын беріп, Спасск заводында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегенге алып келіп: 
– «Жүсіп шырағым, дәмдес, аралас болмасақ та, сәлеміміз дұрыс еді… Міне, бала. Әуелі Құдайға, одан кейін саған тапсырам. Барыңды үйрет. Білетін шығарсың, мен бай адам емеспін. Екі сиыр, үш торпақ, бір атым бар. Бес жаным бар. Азғантай малымды тегіс алсаң да қынжылмаймын. Нысабың білсін. Бала жолында бәрі пида. Тек адам ет!» – деп өз қолымен тапсырады («Көз көрген», 39 бет). Әкесі кетіп бара жатыр. Қанша қазан бұзар дегенмен бұрын үйден ұзап шығып көрмеген бала, кемсеңдеп жылай бастайды ғой. Сонда әкесі: 
–  «Жаман неме, жалына кеп сұрай­сың. Сұрағаныңды берсе көз жасыңды бұлайсың. Үйде өскен бұзау түзде өгіз болмайды. Түзге үйрен. Әкең аспан жерге түскен ыстықта, арабтың құм, шөл даласында, түйе үстінде обамен ауырып жалғыз жатқанда көзіне жас алған жоқ. Мұратқа жаспен жетпейсің, қайратпен жетесің…» – деп баласын сүймек түгілі бетінен де иіскемей кетіп қалады («Көз көрген», 40 бет). Бұл 1916 жыл болатын. Ғабекең жаңағы Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша үйреніп, келесі жылы сол заводтағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне оқуға түседі. 
Торғай даласындағы Амангелді батыр бастаған «Ұлт-азаттық көтерілісі», оның артын ала Қазан революциясының дүмпуі Спасскіге де жетеді. Аласапыран заман бас­талады. Ақтар қаланы басып алады. Алысты болжайтын әке «Заман түзелгенше көз алдымда жүре тұр» деп баласын ауылға алып кетеді. Он үш жасар Абайды Семейде оқып жүрген жерінен қасына алдырып алған Құнанбай қажы сияқты.
«Бала қайтқысы келмей қынжылды. Қатты әке бет бақтырмады. Елсіз далада екеуі үнсіз келе жатқанда:
– Аға! – деді баласы (Ғабекең әкесін аға деп атаған екен).
– Немене шырағым? – деді әкесі.
– Мектепті бітіртпей әкеттіңіз-ау.
– Ғылымды ешкім тауыспайды, ба­лам. Басыңда бірдеме болса осымен де жұртта қалмассың. Болмаса, Нақу-Мантықпен де іштеме бітірмессің.
– Түндік ашылғанда үй іші көрінсе, үзік ашылғанда әлем көрінбей ме?
– Көрінгеннің бәрі пайдалы емес, шырағым. Бәлки, осы кезде көрмегенің де пайдалы. Заман түсініксіз, тұрақсыз болып барады. Анау Орынбек сияқты кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып күнелткенше, етпей-ақ қой. Құлқын үшін, атақ үшін арын, әділетін сатқан адам бір күні ата-анасын да, елін де сатады… Құдай тек сондайдан сақтасын сені. Торғай бишара өзі қорған іздей жүріп, дауылда ұясын қорғайды. Мен сонымен тең. Заман орныққанша көз алдымда бол. Жас көңіл еліктегіш, жақсы-жаманды  айыра бермейді. Жамандықтан қақсам, жақсылыққа жетелесем деймін («Көз көрген», 83-бет).
1918 жылдан бастап 1925 жылға дейін ауылда болады. Сол кезде ел ішінде болып жатқан ірілі-уақты оқиғалардың бел ортасында жүреді. Бірақ, бұлай жүре берсе, алған азын-аулақ оқуы ұмытылып, кәдеге аспай қалатынын уайымдап, үлкен жерге баруды, білім алуды армандайды. 1925 жылы көктемде келіншегін алып (сол қыста екінші рет үйленген болатын). Қазақстанның астанасы Қызылордаға оқу іздеп келеді.
Оқуға қабылдайтын уақыт өтіп кетіп, үйсіз, күйсіз, тамыр, таныссыз дала­ға келгендей боп, әрі-сәрі күй кешіп қиналып жүргенде Тұрар Рысқұловқа жолығып, бар сырын айтады. Рысқұлов: «Сарыбала, сенен бірдеңе шығады. Жазуыңды жетілдіріп, жаза бер. Мен Бейімбетке айтайын. Жазғандарыңның жарық көруіне жәрдем етеді» дейді. Рысқұловтың осы «Сарыбаласын» ұмытпаған автор кейіннен «Көз көрген» роман-мемуарында басты кейіпкерін солай атайды. Ол Сарыбала автордың өзі болатын. Осылай ағаларының арқасында Қазақстан Жоғарғы сотына қатынас қағаздар тіркеуші болып қызметке орналасқан Ғабекең, ақырындап газет оқуға ауызданады. Кейіннен өзі де республиканың «Еңбекші қазақ» газетіне шағын хабарлар жаза бастайды. Келесі (1926) жылы очерк, фельетондар жазуға әуестеніп, Сәбиттің «Ақбөпесіне» еліктеп әңгіме жазуға кіріседі. «Ол кезде жазушылық кәсібімнің маңызын түсінген емеспін. Жазғым келгенде көргенімді, сезгенімді сол күйінде жаза салатынмын. Әлі күнге мектеп көрмесем де, сол кездегі екі сала айтыстар өз тұсымнан ізденуге, оқуға күшті әсер етті. Орыс тіліне жөнді түсінбеймін, сонда да оқи бастадым» («Өмір белестері»).
Міне, осылай Ғабекеңнің алғашқы әңгімесі «Сәрсен мен Боқаш» деген атпен Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған «Жыл құсы» журналында 1927-1928 жылы жарияланады. Ал, 1929 жылы «Ер Шойын» атты әңгімелер жинағын шығарып, әжептәуір жазушы атанады. Соның әсері ме, кім білсін «Әліме қарамай Тоғжанов, Сейфуллин сияқтылармен пікір таластыра бастап едім, Сейфуллиннен басқасы қағажу көрсетті. Қазақ ауылы ғана емес, аз ғана оқымыстылардың, жазушылардың да арасы быт-шыт екен. Әдебиеттегі топтық күрестерден аулақ тұрдым. Жазғаным өтпей қойған соң 1930 жылы май айының ішінде Қарағандыға жұмысқа кеттім» дейді («Өмір белестері»). Кейіннен Ғабит Мүсі­репов ағамыз академик інісі Манашпен (Қозыбаев) әңгімелесіп отырып:  «…Ға­биден болса дүние салды. Мен оны көп жазушылардан жақсы көретін себебім: ол елді қаралау, жазалау науқанына қатыспай, бойын таза сақтаушы еді» – деп есіне алады (М. Қозыбаев. «Ғабеңнің аясында»). Мүсіреповтің осы мінездемесі Ғабиден ағамыздың орынсызға омырау­ламай, келеңсізге кимелемей, туабітті қасие­тін жоймай, тең-құрбысына қадірін қашырмай өткеніне көзімді жеткізді. Міне, осылай астанада тұратын зиялы қауыммен дәм-тұздары жараса қоймаған Ғабекең Қарағандыға келеді. Шахтаға түседі. Жұ­мысты жер қазудан, темірлердің тотын қырудан бастап, бірнеше сатылардан өткен соң, токарь болып шығады. Осылай үш жылға жуық уақытын кеншілер арасында жұмысшылықпен өткізген Ғабекеңді, 1932 жылдың аяғы, 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдар төменнен жоғарылатып, «Қарағанды пролетариаты» газетіне жауапты секретарь етіп бекітеді. Бірақ, «Бұл газетте көп істегем жоқ» дейді. «Новосибирь қаласында «Қызыл ту» атты жаңа газет шығатын болып, Қарағандыдан кадр сұраған. Тіленіп сонда ауыстым» (Өмір белестері»). Мұстафиннің «Қызыл ту» газетіндегі қызметі 1933 жылдың майынан 1938 жылдың февралына дейін созылады.  
Ғабекеңнің «өзі тіленіп» Новосибирь­ге кетуінің астары да арыда жатыр. Құй­рығына байланған «шаланың» барын іші сезгендіктен, бой бағу, із тастау үшін жасалған қадам. Ол кісінің сыртта бес-алты жыл жүріп келуінің бір сырын осылай түсінсек шындықтың ауылынан алыс кетпейміз. Осы бес-алты жыл Ғабекеңнің 1937 жылғы репрессиядан аман қалуына себеп болды. Әрине, 1938 жылы да науқан басыла қоймаған болатын. Сол науқаннан Ғабекеңнің құ­тылып кетпеуін «Қарағандылық жанашырлары» да қатты қадағалап отырады. Ғабекеңнің үстінен «домалақ арызды» допша жаудырады. Бірақ, олардың «дос­тық»  пиғылының жүзеге асуына жер арасының шалғайлығы кесірін тигізсе керек. «Жанашырларының домалатқан арызы» Алматыға жеткенше, «срогі» өтіңкіреп, әйтеуір, онша-мұнша әсері бола қоймапты. Үндемей жүріп осының бәрін ойластыра жүргеніне қарап, Ғабекеңнің сол кездің өзінде-ақ үлкен «стратег» болғаны байқалады. Ал, Новосібірдегі өмірі туралы өзі «…Новосибирьде, орыс арасында болған бес-алты жыл уақыт тәжірибе, білім жағынан маған университет сияқты болды. Орыс әдебиетімен, орыс газетчиктерімен жақсы таныс­тым. Соның нәтижесінде, 1938 жылы Алматыға келе сала «Өмір мен өлім» романын жаздым. Бұл менің тоғыз-он жыл бойы жазушылықтан қол үзіп кетіп, қайта оралған шағым. «Өмір мен өлім» – роман жазу жолындағы тұңғыш қадамым» дейді. Бұдан Ғабекеңнің шал­ғайда жүрсе де шығармашылығынан қол үзбегенін көреміз. «Бұрын жаңа жаза бастағанда үлгіні тек Сәбит, Бейім­беттерден алсам, енді Толстой мен Гюгодан алуға тырыстым. Гюгоның оқиға, сюжет құруына, адамдарының ерлі­гіне, Толстойдың суреттеуіне қы­зықтым. «Өмір мен өлімде» шамам келгенше Гюгоға еліктеп бақтым. Толс­тойдың суреттеуіне қызықсам да, сыл­­бырлығына шыдамай, кейде жыл­дамырақ кетіп отырдым» дейді. Жас кезінде адамның ойы ұшқыр, қолы жылдам болады ғой. Бұл жерде соны меңзеп отырса керек, «Шығанақты» жазғанда Толстойдан да Гюгодан да іргені аулақ салып, өз тұсымнан бір жол салуға шыққанмын. Сонда да олардың әсері аздап қалып қойыпты» дейді. 
«Мұстафиннің өзіндік қолтаңбасын көрсететін туындысы қайсы?» – деген сауалдың төңірегінде ой жүгіртетін болсақ: ол туралы өзі «Егер, менің басқадан титтей өзгешелігім болса «Миллионерде» көрінуге тиісті.  Өйткені,  жұрт­тың бәрінен «қашып», өз бойымды көр­сетуге бар ынтамды салғаным…» дегені біраз жайды аңғартқандай. Ал, «Қарағандыда» «Миллионерден» асуға барымды аяғам жоқ. Бірінен-бірін асыр­ған сияқты болсам да, «әттеген-ай, ана бір жерін…» демей қалғам жоқ» дейді тағы. 
Иә, Ғабекеңнің «Миллионері» мен «Қара­ғандысы» жазылу стилі жағынан сол кездегі қазақ қаламгерлерінің туындыларынан өзгешелігі байқалатын. Бірақ, бұл Ғабе­кеңнің қазақ жазушыларының бәрінен ерек  болды деген сөз емес. Оның да үйренген, үлгі алған адамдары болды. Ол туралы өзі де «Бертін келе сөз саптау жөнінде қа­зақ жазушыларынан Әуезов Мұхтар мен Мүсірепов Ғабит қана ұнады. Ғабит сөзі­нің дәлдігі, жинақтылығы, мысқылы ұнаса, Мұхтар сөзінің салмақтылығы, тереңдігі ұнады. Ұнатсам да екеуінің сөз қасиеттерін жиі електен өткізіп, ұлпасын ғана пайдаландым…» деп жазады «Өмір белестерінде». «Қажының» баласы, «Сейт­­кемелевтің күйеуі» деп қудалаудан көз ашпаған Ғабекең партия қатарына 1940 жылы ғана өтіпті. Партияға өткен соң да, «домалақ» арыздарға жауап беруден қолы көп босай қоймапты. Бұдан тек 1953 жылы Сталинді өлтіріп барып зорға құтылған көрінеді.  «Ал, енді, Сейіткемеловтің күйеуі» дегенге келетін болсақ. Расында да, Ғабекең қайда барса да, қыр соңынан көлеңкесіндей боп қал­май қойған «Сейткемелев Әубәкір деген кім?!» деген сауалға жауап іздеп біраз көз майымызды тауысқан едік. Бұл туралы «Өмір белестерінде»: «…түбі өзбек, Сейткемелдің Әубәкірі Бәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты» десе, «Көз көргендерде»: «Саудамен байи бастағандардың бірі – Әубәкір Сейткемелев шала қазақ – әкесі өзбек, шешесі – қожа» деп тағы да толықтыра кетеді. Біздің бұған қосарымыз: Әубәкірдің әкесі Сейткемел үлкен молда болған адам екен. Қыдырдың бар игі жақсысы содан дәріс алып, тілін  сындырыпты. Сейткемел  қайтыс болып, Әубәкір жастай жетім қалады. Өзі жас, өзі жалғыз, өзі кірме. Жастайынан түрткі көріп, жоқшылықтың зардабын шегіп өседі. Тіпті, әкесінің көзі тірісінде құда түсіп келісіп қойған қалыңдығына да, төркіні «жалғыз үй кірмеге қыз бермейміз» деп жолатпай қояды. Осы кезде Ғабекеңнің әкесі Мұстафа «Әубәкір тумаса да туғандай, Қыдырдың бір ұлындай болған жігіт, кешегі ұстазымыздың көзі. Оны қорлағаның бізді қорлағаның» деп дауыс көтеріп, көп болып тізеге салып Әубәкірді қалыңдығына қосады. Мұстафаға қатты разы болған Әубәкір: «Бел құда болайық» деп жатып жабысады. Құдай ниетін қабыл алып, Әубәкір қызды болады. Оны уәде бойынша Мұстафаның ұлы Ғабекеңмен атастырады. Еті тірі, әрі саудаға ебті Әубәкір Қарағанды жаққа көшіп, сондағы жалғыз дүкенші, әрі бай Ақметжан деген ноғайдың оң қолы болып алады. Көп ұзамай Ақметжан дүние салды. Баласы жоқ, екі әйелі бар екен. Бар дүниесін Әубәкір басып қалып, аяқ астынан байып шыға келеді. Атағы дүркіреп бүкіл дуанға белгілі болады. Байыған соң мінез шығарып, о бастағы уәдесінен танып түлкі бұланға сала бастайды. Бұлар «Енді Әубәкір бізге қызын бере қоймас» деп үмітін үзіп жүргенде. Ақ қашып қызыл қуған заман келіп, Әубәкір қызы Бәтиманы өз қолымен әкеліп беруге мәжбүр болады. Бұл 1919 жыл еді. Бірақ, көп ұзамай Бәтима қайтыс болады.
«Қызғанарлық бағым, мансабым, не кесірлі мінез-қылығым жоқ. Маған неге өшігеді?! – деп таңданатын едім, өшігетіндер жат адамдар деуші едім. Жат еместердің, тіпті, достарымның ішінен талай пейілі нашарлар табылды, кейде жақсы дегенім жаман, жаман дегенім жақсы болып шықты, табынған адамдарымнан тайыздық байқалды… Соның бәрі дүниеге сын көзімен қарауды, онша алысты көре алмасам да, аяқ астын көрсетерлік қолға бір шырақ ұстауды үйретті» дейді («Өмір белестері»). Ғабекеңнің табиғатының томаға-тұйықты­ғының сыры да осы «дүниеге сын көзімен қараудан» пайда болған мінез болса керек. Тағдырлары аумалы-төкпелі заманға тап келген қайран қазақ зиялыларының көбі осылай іштей ой түйіп қана, сүрініп кетпеуге тырысып, «шырақ ұстап» өткен екен-ау! 
«Адам әрқилы күнелтеді, әрқилы із қалдырады артына. Күнелтуде, із қалдыруда мен жазушы еңбегінен ар­тық­ты тілемедім, іздемедім.
Жазушы еңбегі – қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарқ ұрып іздене беремін. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып жарамды дегенімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қайғырамын, жылаймын.
Жазғаның өзіңе осылай әсер етпесе, басқаға мүлде әсер етпесе керек. Қиналмасаң, қиналып тапқан бір сөзің, не бір ойың «Мен бақытты!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не?
…Менің жазушылық жолымдағы өмірім, ойым, қысқартып айтқанда, осылай. Шығармаларымнан, күнделік дәптерімнен, мүмкін, бұдан толығырақ көрінер» дейді жазушылықтың қыры мен сыры туралы ағынан жарылып («Өмір белестері»). 
Ғабекеңнің соңғы жазған сүйекті туын­дысының бірі –  «Көз көрген» романы. Ол туралы өзі «…Ойлап-ойлап келіп, «Көз көргенді» жазсам ба дедім. Қилы-қилы кезеңдерді басымнан өткердім. Көптеген адамдармен дәмдес болдым. Солар туралы кейінгіге айтып кетсем дедім. Мемуар жанрын таңдадым. Романда шығарма желісінен шыға алмайсың. Ал, мемуарда бұрылуға, кең жазуға болады. Соның бірінші кітабын бастадым. Одан кейін үлкен қарсылыққа кездестім…» деген екен жақсы көретін інілерінің бірі – Ахат Жақсыбаевқа («Парасат», №11, 2002 ж). «Көз көргеннің» бірінші кітабы шығысымен тағы да дүрбелең басталады. Авторының үстінен домалақ арыздар көбейеді. Жазушының басына бұлт үйіріледі. Тіпті, аға газетіміз «Социалистік Қазақстанға» («Егемен Қа­зақстан» М.Р.) үлкен мақала шығып, кі­тапты қатты сынға алады. Бұл «Көз көргеннің» жазылу стилі мен шындығын Орталық Комитет онша ұната қоймады деген сөз. Олар, тіпті, автордан «жаздым-жаңылдым» деген сыңайда мақала жа­зу­ды күткендей ыңғай танытыпты. Бірақ, Ғабекең «ыңғайға» көнбейді. Га­зет­тің мақаласына қарсы мақала жазып, оның бір сөзін де өзгертпей басуды талап етеді. Онсызда «осыдан бір ши шығып кетпесін» деп қипақтап отырған газеттегілердің оған дәттері шыдамайды. Ғабекең мақаласын қайтарып алады (Ғабекеңнің «сол хаты» қайда екен?). «Үлкен үйдегілердің» авторға бұлай салқын қабақ көрсетуінің сыры: «Көз көргеннің» екінші, үшінші кітабы жазыла қалса оқиғалары ұлы кәмпеске, ашар­шылық, ұжымдастыру – асыра сілтеу нау­қандары мен 1937 жылдың қуғын-сүргініне дәл келеді екен. Егер, сондағы болған оқиғалардың бар шындығын боямасыз қаз-қалпында жазатын болса, ол «жаманат хабардан» Мәскеу құлақтанып, мұндағы «қырағы көздер» Кремльдің қы­рына ілінетін еді. Кітаптың жарық көруі былай тұрсын, авторы бар, редакторы бар, баспасы бар, басқасы бар, бәрі де бастарымен қайғы болатын еді… Осындай себептермен о баста екі-үш кітап болады деп жоспарлаған «Көз көрген» бірінші кітаппен тоқтайды. Көпті көрген тәжірибелі жазушы солай боларын алдын ала болжағандай «Көз көргеннің» бірінші кітабында-ақ қолындағы қандауыр-қаламын қоғамның сыздап тұрған дертіне бойлатып жіберген болатын. «Көз көргеннің» әуп бісмілләсінің өзі көшкен ауылды суреттеуден басталады. Азан-қазан ауыл. Шулаған бала. Жылаған әйел. Түнерген еркек. Үйлер жығулы. Жүктер буулы. Переселендер жерін тартып алып, көшіп бара жатқан қазақ ауылының барар жері белгісіз. «…Біз әлі сендердің жерлеріңе орналасқанымыз жоқ. Үйіміз Ресейде. Шолушымыз… Келімсектердің бәрін орыс деулерің қате. Шоқай – эстонец. Қызылжар – неміс, Қараөзек – хохол. Соның бәрі де еркімен келген емес. Туған жерінен күштілер түріп шыққан соң амалсыз келді. Жер – ана. Анадан айырылу кімге оңай! Столыпин онда бізді, бұнда сіздерді зарлатты…» («Көз көрген», 13-бет) деп қарашекпендердің біреуі жұбатқан болады. Сол Столыпиннің елді «зарлатқан реформасы» Хрущевтің тұсында «Көтерілген тың» деген желеумен қайтадан көтерілді. Қаншама миллион гектар жайылымдық жерлердің шаңы аспанға шығып, көкірегі қарс айырылып, құлазыған дала. Жерінен бір, қолындағы малының өрісінен екі айырылып жұтқа ұрынғандай жұтап қалған жергілікті жұрт. Тағдыры тағы да талапайға түскен халық. Қызыл матаға ақ бояумен жазылған «Халықтар достығы» деген ұранды төбесіне көтеріп тұс-тұстан ағылған өзге ұлттың өкілдері. Қаперлерінде түк жоқ, тап бір соларды сағынып, аңсап күтіп отырған нағашыларының ауылына келгендей алшаң-алшаң. Қазақ жерін отарлаудың оңтайлы тәсілін ойлап тауып: «Сендердің үш жүз жылда орындай алмағандарыңды, мен үш-ақ жылда жүзеге асырдым!» деп төсін ұрған Никита Сергеевич. Өз жерінде өгейдің күйін кешкен жергілікті ұлт. Жүні жығылған, жігері жасыған. Оларды жер иесі осылар екен-ау деп елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Оны айтасыз, сол кездегі Солтүстік облыстардағы партия басшысының бірі Соколов деген сабаз: «қазақты неміспен будандастырамыз – өз бетімен халық бола алмайды» деп сәуегейлік танытса, кейіннен оның орнын басқан Коломинец деген мықты Алматыны аттап өтіп, тікелей  Мәскеумен сөйлесетін болған. «Астықты өңір» деген атауды иеленген солтүстіктің бес облысы «Ресейдің құрамына өтеді-мыс» деген сыбыс ел ішін гулеп тұрған кез еді.
Көпті көрген «Көз көргеннің» авторының революцияға дейін болған тарихты жазып отырып, дәл сол тұстағы болып жатқан осындай келеңсіз оқиғаларды қарауылға алып отырғанын санасында саңылауы бар цензура түсінбеді емес, түсінді. Түсінгендіктен авторға түрлі-түрлі қысымдар жасалды. Коммунистік режим ондайларды жүзеге асырудың шебері болатын. Мүлт кетпейтін, жаза баспайтын. Ғабекең «Мен есімді білер-білмес кезімде, жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасск заводының шығыс жағында он жеті километр – «Көктал-жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Атамекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары көңілімде өлмейтін суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегімде осы оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым» деп («Өмір белестері») алдын-ала ескерткен еді. Бұл жерде автор­дың ары таза. Айтып ұрлағанның айыбы жоқ. «Көз көргеннің» одан кейінгі тағы бір үлкен «жаңалығы» он алтыншы жылғы «Ұлт-азаттық көтерілісін» суреттей келіп: «Алаш қамын жеген Әлихан, Мержақыптар «қарсыласпа» деп хат жазыпты» (68-бет) деген жетім жолды сыналап отырып кіргізіп жібергені. Бұл жолдарды автор жанынан шығарып отырған жоқ, болған оқиға, тарихи шын­дық. Бірақ, шындық болса да, ай­туға тыйым салынған «шындық» болатын. Бұл олардың әлі ақталмаған кезі (1963 ж). «Халық жаулары» мен «Алаш қамын жегендер» туралы сөз қозғау сау басыңа сақина тілеп алғанмен бірдей. Егер, Хрущевтің «жылымық кезеңіне» тап келмесе осы жетім жолдың өзі авторының басын жұтуға жетіп артылатын еді. Заманның ыңғайын қозы көш жерден көре білген көшелі жазушы бұл мүмкіндікті де мүлт жібермей ұлтының кәдесіне жаратуға тырысады. 
 «Көз көргендегі» басты кейіпкер Сарыбала – бұл автордың өзі дедік, екінші басты тұлға әкесі – Мұстафа қажы. Роман­ның негізгі желісі «әке мен баланың», яғни, көне мен жаңаның арасындағы тартысқа негізделген. Бұл соцреализмнің принциптеріне қайшы емес. Бірақ, үнемі жаңашыл көзқарастағы кейіпкерлердің жеңімпаз болып шығатынына сенімді кеңестік жүйеге «Көз көрген» күтпеген «тосын сый» жасайды. Бұл романда басты кейіпкер Сарыбала – жаңа заман­ның өкілі бола тұра, ескіліктің шыр­мауындағы «қажы әкесінің» көлең­ке­сінде қалып қойып,  масқара болады. Ал, мұндай бағыттағы шығарма цензураның көзіне шыққан сүйелдей еді. Олар оны «кешіре» алмайтын. Сіз қандайда бір әлем мойындайтын шедевр шығарма жазсаңыз да: «Қайдан тапсаңыз да тап тартысы туралы табыңыз» деп, міз бақ­пай отырып алатын кеңестік қызыл көздер «қартайғанда кәрі боздың тарлан шығарын» кеш түсініп, бармақтарын шайнап қалған сияқты. 
Ғабекең ертеректе жазған «Өмір белес­тері» деген автобиографиялық әңгімесінде: «Әкем ұзақ түндерде, Хикмат кітабын бар даусымен оқып отыратын. Әділдік, адалдық, уәдешілдік, кішіпейілділік, бұл жолда тайынбайтын ерлік жайында көп әңгімелер айтатын. Өзінің туған ағасы Мұқаметше отыз жыл би болды. Сол кісінің алған параларын, әділсіздігін менің қайын атам Әубәкірдің қиянатын, зорлығын өзінше соттап отыратын. …Әкем бірақ мұның бәрін таптық санамен емес, «Мұхаммет жолы үшін» істеп жүрді. Ол кісінің нанымынша Мұхаммет ұлы патша, Құдайдың ең бірінші досы, тәркі дүниені, кедейді, ғаріптерді, халықты сүйген. Осындай фанатик бола тұрып, әкем Советтерді де жек көрген жоқ. Өкімет әмірін орындау парыз, кедейлерді қолдайды, әділ дейтін. Өзі бай болмаған соң советтен ол қысым көрмеген. Жалғыз-ақ Құдай жоқ дегенді жаратпайтын. Өз басым Құдайшыл болмасам да, әкемнің осы мінездері жас сана-сезіміме көп әсер етті» дейді. Осы жолдардан біз Ғабекеңнің әкесіне деген құрметін көреміз, әрі ол кісінің бойындағы адалдық, әділдік, туралық деген қасиеттердің бәрі әкесінен жұққан мінез екеніне көз жеткіземіз. Мұны біз қызыл сөз үшін қиыннан қиыстырып, жанымыздан шығарып отырған жоқпыз. Бұл Ғабекеңнің көзін көрген, сыралғы болған адамдардың пікірі. Солардың бірі танымал сыншы, академик Серік Қирабаев: «…Ғабиден ойындағысын ашық айтатын, жалтақ емес еді» деп Ғабекеңнің табандылығы туралы  тамсана әңгімелейді. Міне, академиктің осы пікірі Ғабекеңнің уақыттың ауанына жығылмай, әкесінен алған тәрбиесіне кір жұқтырмай, адалдығынан айнымай өткенінің дәлелі. Ал, «Көз көргенде» Мұстафаның бейнесі биіктеп өзінің шарықтау шегіне дейін көтерілген. Жалпы, «Көз көрген» әкелер рухына арналған мәңгілік ескерткіш іспетті тәбәрік дүние. Бір өкініштісі Мұстафа ақсақал ұлының өзіне арнап жазған тәбәрік­намасын оқи алмады. Ол кісі «Көз көрген» жазылмай тұрып 1952 жылы, 87 жасында дүниеден озған болатын. Ғабекеңнің өзі айтқандай әкесі «Егер, дін шырмап қалмағанда, оқығанда үлкен ғалым болар түрі бар» адам еді. Амал не, қазақтың қаншама марғасқалары Құдайдың берген қабілеті мен қарымын ретті жеріне пайдалана алмай бар өмірі – отбасы, ошақ қасы асып кетсе ауыл-елдің айналасында ғана өтті. Заманы мен қоғамы қосанжарласып оларға бойларындағы барын жарқыратып көрсетуге мұрша бермеді. Мысалы, Құнанбай қажы мем­лекеттік деңгейдегі қайраткер, ірі тұлға еді. «Атын үш жүздің қазағы түгел білетұғын орны бар еді» (Шәкәрім). Бірақ бар өмірі тобықты мен Ырғызбайдың айналасында ғана өтті. Олар Құнекеңнің аға сұлтандығын, атағын, абырой-беделін жер дауы мен жесір дауының деңгейінде ғана пайдаланып,  ал, қажының адамгершілік, мұсылманшылық, әділдік туралы насихаттарына мән бермеді. Абайдың «Ол сыпатты қазақтан, Дүниеге ешкі келмепті» дегені Құнанбайдың тұлғасына берілген әділ баға болатын. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай мен шынайы өмірдегі Құнанбайдың ара-жігін ажырататын талдауларымызды ал­дағы Мұхтар Омарханұлына қатысты тарау­лардан оқитын боласыздар. Ал, бұл жерге Құнекеңді кірістіріп отырған себебіміз, Ғабекеңнің «Көз көргенінің» ішіне көміп қойған тағы бір «көмбесі» осы Құнанбай қажы бейнесі болатын. Сол кездегі кеңестік жүйенің жүйкесін жұқартқан «Мүйізі қарағайдай, нағыз шынжыр балақ, шұбар төстің өзі!». Оны азсынып отырсаңыз, «Көз көргеннің» Құнанбай қажысы, «Абай жолындағы» Құнанбай қажыға ұқсамайды. Өзгеше. Мүлде бөлек. Басқа қырынан келген. Автор тағы да «әке мен бала» диалогін ұтымды пайдаланып кетеді.
– «Естімеп пе едің. Құнекең кәртайған кезде Мекке барып, дүние сөзінен тиылып жатса керек. Ыбырай: «Әкем неғып жатыр?» десе, қатынаушылар – «Бәдуәм» оқып жатыр дей беріпті. «Әкем өмір бойы «Бәдуәмның» бес қағазын бітіре алмағаны-ау!» деп күледі Ыбырай. Соны Құнанбай естіп айтқан екен: «Бәдуәмда» шариғат, хақиқат, тариқат бар. Әрқай­сысы бір өзен. Ол қайдан бітеді. Абайжан жас. Аттап-аттап өте шыққан ғой.
– Тағы қандай қалжыңдарын білесіз?
– Абай бір күні құрбы, замандастарымен бас қосып, қымыз ішіп отырғанда: Жұрт рас айтса, әкем қазақтан асқан сияқты. Онда мен әкемнен астым депті. Құнанбай бұны естігенде: «Аспақ түгілі жеткен жоқ әлі. Өзінен асырып бала туғызса менімен тек теңеледі» деген екен. Шырағым, жастың көңілі жоғары. Абай ойнаса да ойындағысын айтқан болар. Күндердің күнінде көңілің сондай жоғарыласа, менің де берер жауабым осы.
– Сонда екеуінің қайсысы артық, аға?
– Құнекең артық та! Меккеге барды, Құдай жолына үй салдырды. Қазақ ішінде қарадан шыққан хан – аға сұлтан болды. Екі дүниесін бірдей қамтыған кісі» («Көз көрген», 94-95 б).
Міне, Мұстафа ақсақал сөз бағасын пайымдау арқылы өз қадірін де көтеріп тұрған жоқ па?! Бұған дейін де Құнекеңнің айналасында талай сөз болған, бірақ «Құнекең артық та!..» дегенді айтқан тұңғыш қазақ Мұстафа, оны бізге жеткізуші Ғабекең! Осылай автор бір «қажыға» келесі бір «қажының» аузымен баға беру арқылы, кеңестік-атеистік идеологияның қитығына тиіп, жанды жерін дөп басады.
«Дінді – апиын» деп таныған қоғамда, қажыны – апиыншыдан әрмен көретін. «Қажы мен молданың» атын естісе болды өре тұратын әпербақан, ұрда жық қолшоқпарлардың осындай «қауіпті элементтерді» насихаттап отырған Ғабе­кеңнің өзін аман-сау қалдырғанына тәубә дейміз. Ал, «Көз көргеннің» екінші, үшінші кітабынан үміт күту, қашпаған сиырдың уызынан дәметкенмен бірдей болатын. Бір сүрінген жерінен екінші мәрте жаза баспайтын қырағы көздер оған жол бермесі анық еді. Сондықтан, бұл жерде ағамыздың алтын басы олжа, бастан құлақ садаға дегеннен басқа сөз артық.
Заманы авторға шындықты жазуға ерік бермеді. Ал, автордың заман талабы мен идеологияның қыспағына көнгісі кел­меді. Пайғамбар жасынан асқанда әлде біреулердің айтқанымен жазып-сызу­ды бойына лайық көрмеген Ғабекең: «Ден­сау­лығым көтермейді, көздің көруі нашарлады» дегенді желеу етіп Қар­ғалы тауының бөктеріндегі үйінен көп ұзап шықпай жатып алады. Жазса да жазушылық шеберлік, тіл мәселесі, әдебиет туралы тақырыптардан арыға аттап баспай қояды. Көп ешкімді бойына жуытпай, дара өмір сүреді. Тіпті, бауырдағы қала Алматыға да сирек қатынайды. Бар ғұмырын Ясная Полянасында өткізген данышпан шал Толстой сияқты, Ғабекең де өмірінің соңғы жиырма жылын осылай оңаша өткізеді. Табиғат аясында серуен құрады. Бау-бақшасына қарайды. Одан қалса ағаштың көлеңкесінде отырып алып таяқ жонғанды ермек қылады. Ғабекең үйде де, түзде де басынан тақиясын, үстінен кестелі көйлегін, қолынан келте таяғын тастамайды екен. Мүмкін бұл ағаның заманға көрсеткен сесі болар?!
Тұрар Рысқұлов айтқан «Сарыбаладан» сарабдал жазушыға айналған Ғабиден Мұстафиннің жүріп өткен жолы, міне, осындай. Тар заманның қайыс ноқтасына бастары сыймай өткен қайран ағалар!!! Ғабиден Мұстафин 1985 жылдың 20 қаңтарында Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде көз жұмды.  Жүрек талмасы дертінен.
Бізді алаңдатып отырған бір мәселе алыптарымыздың артында қалған мұраларының насихатталуы. Оларды тек мерейтойлары кезінде ғана еске алған боламыз. Оның өзінде атүсті. Немқұрайлы. Жүрдім-бардым. Есеп беру үшін ғана. Болды. Содан кейін келесі мерейтойға дейін «іс бітті, қу кетті» деп жылы жауып қоямыз. Тіпті, айтпасқа амал жоқ 2012 жылы «қос Ғабең» де (Мүсірепов, Мұстафин) 110 жасқа толған болатын. Осыған орай, республикамыздағы №1 әдеби басылым «Жұлдыз» журналы жалпыға жария жасап, мерейтой иелеріне ілтипат қылатын жөні бар еді. Бірақ, өкінішке орай, «Жұл­дыздықтар» қос алыбымыз туралы жұм­ған ауыздарын ашуға жарамады. Қа­зақта ондай жазушылар болмағандай. Жым-жырт, тым-тырыс. Кеше ғана осы ақсақалдарымыздың талай шарапатын көрген «журналдың» тап осылай қылатындай реті жоқ еді. Қалай дегенмен «көзден тайса, көңілден ұмыт болар» дегенді «жұлдыздықтар» жақсылап тұрып дәлелдеп берді. Осы мақаланы жазу барысында мектеп оқушыларынан Мұстафин туралы сұраудың реті келіп еді. Дені «білмейміз» деп бастарын шайқады. Оқу бағдарламасына енбей қал­ған жазушыны балалар қайдан білсін. Ғаби­ден Мұстафиннің шығармалары тек 11 сыныптан бастап оқытылады екен. Елінің ертеңіне елеңдеп өткен есіл ерлеріміздің еңбектерінің еленбей жатқаны қынжылтады. Басқа жұрттарда болса әлдеқашан төбелеріне көтеріп, төрлеріне шығарар еді. Біздікі сол баяғы… Тек деп отырған ешкім де жоқ. Өзіміз. Өзіміздің енжарлығымыз бен керенаулығымыз. Тіпті төбемізге көтермей-ақ, лайықты бағасын берсек те болатын еді. Өркениеттің көшіне ілесеміз деп жүріп, өткендерімізге мойын бұруға мұршамыз келетін емес.
Біздің мұны жазғандағы мақсатымыз біреуді мұқату, сынау емес, шенділеріміз бен шекпенділеріміздің назарына ілінсе бір нәтиже болар ма еді деген үміт қана. Осылай Мұстафин туралы мақалаға нүкте қоя салуыма да болатын еді. Бірақ, Ғабекең жайлы әлі де жетер жеріне жеткізіп айта алмаған сияқтымын. Сондықтан да, ол кісіге қайтадан оралуға мәжбүр болдым.  Ал, Ғабекеңе қайтадан оралатын бол­сақ. Ғабекең Қарғалыдағы үйінде қарап жатпаған екен. Тек сырт көзге сондай сы­ңай танытып сынаржақ идеологияны тағы да қапыда қалдырып, өмірден түйгені мен күйгенін кейінгі ұрпаққа өсиет қып жазып кетіпті. Қартайса да қолынан қаламын тастамай өткен қарт қаламгеріміздің қай­сар­лығына қайран қала отырып, Ғабе­кеңнің қазыналы ойларын журнал оқыр­мандарымен бөлісеміз. Иә, Мұстафин туралы, Мұстафиннің өзінен асырып ешкім де жаза алмайды екен. Тіпті, олай ойлаудың өзі асылық екен.

Ғабекеңнің ой-пайымдары

«Жазғанымнан көргенім, білгенім, тіпті бастан кешіргенім асып түседі. Бір кезде тақырып аз, күш көп сияқты еді. Енді, тақырып көп, күш аз. Оғы азайған аңшы орынсыз оқ шығармайды». 

***
«Міне, өмірімнің жетінші белесіне көтерілдім. Бұрын лып-лып соғатын жүрек енді баяу соғады. Бұрын ұшып тұрған дене енді қорғасындай ауыр. Желікті ой, көрікті әжім басты. Мойымаған тек тілек қана. Жетпісімде мұнша жоғалтыппын, сонау жүзге жеткенше не қалады? Осыны біле тұра тілек шіркін жасай бер, жасай бер дейді. Жасағым келеді, бірақ, алжығым келмейді.
***
Бақыт деген ежелден ел құмар, ғажап бір көркем құс. Ол таңдап келіп біреулердің басына қонады. Бақыт қонған басқа жұрт шұлғып тұрады. Егер, ол бас «маған шұлғыды» десе, бақыт құсы бір саңғиды да ұшып кетеді. Был­ғанған бастан жұрт енді жиреніп, теріс айналады. Осы былғанған бастар қанша екен? Есебіне жете алмай жүрмін. Бақыт құсы қонбаса қонбасын, әйтеуір басым таза болсын деп жүрмін.

***
Кейбір жазушының сөзін қағаздан оқып, өзін алыстан көргенде сүйсінеді жұрт. Ал, сол жазушыны жақыннан көріп, сөзін өз аузынан естігенде қомсынады екен. Сондықтан, мен мінбеден қашқақтап жүремін».

Ғабекеңнің «сұрыпталған сөздері»

Қымбат дүние қолға түсе бермейді, қымбат сөз ауызға түсе бермейді.
Адамшылық деген ұлы сөзді айта бергеннен де көрсете берген жақсырақ.
Шешендік – көп сөздікте емес, тапқырлықта.
Жолдас көп. Кім қаншаға баратыны жол айырығында көрінеді.
Арман дегеннің таудайы, түймедейі бар. Өзіңнің түймедейің басқаның тауындай көрінбесін.
Бақ – кейде тауып, кейде ауып қонады. Ауып қонса есіртеді, тауып қонса, есейтеді.
Сырты сұлуды айтқанша, іші сұлуды айт. Сырты сұлуға көз қызығады, іші сұлуға жүрек қызығады.
Өз қайғысы жоқтай-ақ, басқаның қайғысына ортақ – ақ көңілді айт.
 Менде ғана болғанша елде болсын. Елде болса маған да жетеді, менде ғана болса елге қалай жетеді, – дейтін кең пейілді айт.
«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп отырған ынтымаққұмарды айт.
Бойы биік, көлеңкесі шағын, бойы аласа, көлеңкесі көлемді ағаштар бар. Адам да сол сияқты. Бойың биік болғанша, ойың биік болсын, көлеңкең шағын болғанша, бойың шағын болсын.
Жаман баланы табудан құтылу қиын.
«Жақсы бол» деп әркім айтады, «жаман бол» деп ешкім айтпайды. Жаман сонда да бола береді. Адал дән егумен шығады, арам шөп өзі шығады. Жамандық арам шөп сияқты, жұлмаса өседі, егіннің өнімін кеседі. Сондықтан егін мен арам шөп, жақсылық пен жамандық өмір бойы отаса алмай келеді.
Халық көзі қырағы: ойнас, ұрлық жасырын – сонда да оны көреді; жердің тыққан асылын, тауып қолға береді; арам кеуде ішінде аузын буған сан қалта, оны да тауып төгеді. Елді алдаймын дейтіндер, түбінде өзі алданады.
Адамға бәрі керек, солардың ішінен үшеуін ғана таңда десе, менің таңдайтыным: денсаулық, айнымас жол­дас, суымас махаббат.
Көңіл көкте, көз көкжиекте. Көк шолақпен тепеңдеп, келем қашан жетем деп.
Ешкімнің өлгісі келмейді, өлмесе дүниеге сыймайды, сонда да өлмеу – арман.

Біреулерге мінездеме

Уәдесі көп, орындауы аз. Болмашы беделін байламсыз сөзі жойып барады.
Сөзі сылдыр, ойы бұлдыр, қолды-аяққа тұрмайды құрғыр.

Күле кіреді, күңірене шығады. Досы кім, қасы кім екені белгісіз.
Е, тәңірі, өз бұзауымды сақта, көршінің өгізі садаға!
Мінгені есек, айдағаны өсек, тұла бойы есеп.
Татуды араз етсе қыбы қанады, өзінен озықты көрсе іші жанады.
Біреуге бетін, біреуге … бере күнелтеді, сонда да кісімсіп жүреді.
«Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда!» Бақ пен атақ жолында өзімнен өзге садаға, деуші еді Талтаңбай. Екеуіне де қолы жетті, қарны тойды, жасы келді, бірақ ұят, ынсабы әлі жоқ, өлгенде де аузын ашып жатар ол.
Оның басқамен, басқаның онымен ісі жоқ. Керегі тек – тойғаны, өзімен-өзі болғаны.
Болмашыға бет жыртысады, кейін табысады, тағы жыртысады, не қалды беттен?
Р.S. Қазақ мансап пен байлықты қолдың кірі дейді. Сондықтан, Ғабекеңнің атқарған қызметтері мен алған марапаттары туралы тізбелеп жатуды орынсыз көрдім.

 

Алдыңғы «
Келесі »