Бүгінгі ӨЛЕҢ

  • 07.12.2016
  • 1028 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик

Заман  өзгерді. Заманға лайық, соның  ой-пікірінен, көз­қарасынан тұратын жаңа сөз іздеу қажеттігі күн  тәртібінде тұр.  Бұрынғы ақындық  жаңаруға тиісті.  Әр  жерде «неге жаңа сөз жоқ, бәрі де ескіше айтылып жатыр» деген дауыстар да шығып қалады.  Өмір бар жерде,  поэзия болатынын ескерсек, поэзияның өлмейтініне, жаңа  заманға қызмет істейтініне сенесің. Мәселе сол, жаңа үнге құлақ тосып, оның жаңалығын түсіне білуде. Байқап қарасақ, қазіргі өлеңде елдік, Отан, патриотизм  деген  ұран  сөздер аз кездеседі. Оның есесіне ақындар  күнде  көріп көзіміз үйренген қарапайым  шындықты бейнелеп, содан сурет  салып,  сол  арқылы  өмір  сырын  терең танырлық оймен көмкеруді әдетке айналдыра бастағандай. Осы суреттер  арқылы,  ол  айғайламай-ақ,  өзінің Отаншылдығын, елін, жерін  сүйетін  ұлы  жүрегін ашып  көрсете алады.  Ең бастысы – қазіргі қазақ қоғамында  ұлттық  рухтың, намыстың  оянуы,  біздің қазақтығымыз, ұлттық тарихымыздың бар­лығы деректі шындыққа сүйеніп  айтыла  бастады.  Бір кезде ұранды өлеңге, айғайға үйреніп қалған  көзге  бұл  жаңалық бірден  шалынары даусыз. Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» кітабын  оқу  үстінде мен де осыған  анық  көз  жеткізгендеймін.


Ғалым  шығармалары  қазіргі  оқырман  ықыласына бөленген кітаптардың  қатарынан орын алды. Ол  туралы Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Аман­келді Кеңшілік, Қуанышбай Құрманғали тәрізді бел­гілі әдебиетшілер пікірі жарық көрді. Бәрі де Ғалым­ның  ақындық  жолы сәтті  басталғанын  айтып, қуанды.  Әсіресе,  «Тобылғыжарған» атты  (2011) соңғы  кітабы  жұрт назарына ерекше  ілікті. Ақынның  бүгінгі  қазақ  даласының  проблемаларын  қозғай отырып,  дала  табиғаты мен  ел-жұрт тіршілігіндегі өзгерісті  қадамдарды, соған  қоса  өзгеріп  жатқан  адам  психологиясын  кеңінен  толғауы бәрі­мізді де қуантады.  Ең алдымен  байқа­латыны – ақынның  заман  сырын,  өзгерістің беталысын  өткір  сезінетіні. Ақын­дық  талантты  жетілдіруде қоғам сабағы  мен  тәрбиесінің  үлкен  орны бар  екендігі Ғалымның  осы  жолдағы  ізде­ністерінен  танылады.  
В.Белинскийдің А.С.Пушкин туралы  мақалаларында «Ақынның  тағдырын  тек талант  қана шешеді деп  ойлау – үлкен  қателік.  Әрине,  адамды  ақын  ететін, алдымен,  талант  екені рас,  бірақ,  оған  қосымша мінез,  білім  және  ұстанған  бағытың  болуы керек.  Соңғылары ол  өмір  сүрген  қоғамға  тәуелді.  Шындықты  ақындықпен  бейнелеу  табиғи  талантқа аздық  етеді,  ол  үшін  ақынның  өзінің  ақын­дық  шындығы  болуы  керек» деген  сөзі бар.  Бұл – ұлы сыншының «ақын  өз  заманының  перзенті» деген  пікі­рімен  үндеседі.  Сонымен  бірге,  заман  өзгерісі  ақын талантын  ұштай  түсетінін,  бұрынғы көзқарас  пен  ойды жаңарта  нақтылайтынын  атап  айтады.  Пушкиннің талантын ашқан  1812 жылғы  Ұлы Отан  соғысы  болғандығын,  дәл осы  соғыс  қана  орыс  қоғамында  ұлттық  намыс  пен бұрын  қалғып-мүлгіп  келген  рухани  күшті  оятқанын  тілге  тиек  етеді.  Пушкин  осы заманның  рухын  түсінді,  соны  жырлап  өсті  дейді.  
Қазақ  қоғамындағы  ұлттық  рух  пен  намыстың  оянуы біздің  тәуелсіз­дігімізбен  байланысты  екені  енді анық  мойындала бастады.  Қазақ  екенімізді,  ұлттық  тарихы бар,  рухы  берік  халық  болғанымызды  бұрын  аракідік  айтып  қалғанымызбен, ондай  пікір  біз  өмір  сүрген  заманның  рухына сай  емес еді,  сондықтан,  ондай сөз  көп  елене  бермеді,  кейде,  тіпті,  сынға  ұшырап  жатты.  Ал,  бүгінгі қазақ  өлеңі  түгелдей  ұлттық  идеямен рухтана  бастады десек,  артық  айтқандық  емес.  
Ғалым  өлеңдерінің  лирикалық  қаһар­маны – дала перзенті,  тайға  мініп  жыл­қы баққан  малшының  баласы.  Оның  жастығы көшпелі ауылда, далада, мал  ішінде  өткен. Мал  болғанда – жылқы.  Жылқы бағу ол  кезде кез  келген  мал­шының  еншісіне бұйырмаған.  Атқа  міну, ат  үстінде еңбек  ету  жаяу немесе  өгіз мінген  малшыға қарағанда, құрметті жұмыс саналған.  «Ат үстінде ұмыттым  кедей­лікті,  Ат үстінде өлсем  мен  шатпын  дедім» деп Жұбан  ақын айтқандай,  атты  қазақ  қиялға, романтикалық  көңіл  күйге бір  табан  жақын  болған.  Ғалым  қаһарманы да «тай мініп, жеткізбейтін  сағымды қуып» ғұмыр  кешеді,  қолына тобылғы сапты  қамшы  ұстап  «түн түндігін қамшысымен  тілгілеп» өседі, «жылқы мінезді жылқышының баласы тұнықтың  тұнығын  іздейді», «зулаған  күннің  белестері оның    ойын  ұштайды». Осы бір  бейнелі танымдар «байтал-бұлттың құлын-қыр төсін еміп», «Бесіктен  белі шықпай бәйге көрген, Жыр  жазбауға қақы жоқ  сол  баланың» деген  тармақтардың жалғасы.  Бұлар  – өлең негізіне  ақынның  өмірбаяндық  деректерді пайдаланғанының куәсі.  Ол елінен, ата кәсібінен еш уақыт  қол  үзбегенін, сол даланың  перзенті  боп қалғанын  басқа өлеңдерінде  де анық байқатады. Ақпанның ақ  бо­ранында («аш бөрілердей ақ боран ұлып  жатқанда») қарына құрық  іліп,  ел  ара­лайды, «Әппақ әлемде емделіп» («тап болсам, шіркін қазыналарға») қай­­там деп барып, басқаша көрініс­терге тап  болады.  Ол «Қасқыр  ішік­ті, түлкі  тымақты» қарттардың сиреп  қалғанын көреді. «Түнде  айға қарап  ұзақ ұлыған көкбөрілердің бөлті­рік­терінен» тағдыр мойынға ілген  ауырт­пашылықты таниды. «Қара  ша­нақ­тың зарын  құстырып,  өз  қобы­зын  өзі  тыңдайды». 
Жолға шығайын, 
Қарасын  бәрі,  
Көгереміз бе  көнені  күз  деп?
Ақ  түнектердің арасындағы 
Адасып  қалған  өлеңімді іздеп. 
Қоғам,  уақыт сыры мен  қызметі жайлы ойлы, кейде сыншылдық  көзбен  қарап қалам  тербегенде  Ғалымның  оған  қатты кінә  артпай,  ашық  айыптамай,  тіпті, кейде оның  қайшылықты  көрі­ніс­теріне ызаланып  кектенбей  жаза­тынына таң қаласың.  Бірақ, ол енжар емес. Кітаптан  іздемей,  өмірдің өзінен  алған  деректі шындықтың  өзін  ақын  өлең  жолдарына түсіру ар­қылы оқырманына ой салуы оған  жұрт назарын  аударуды көздейді. Бұл – өлеңді саясаттандырмаудың жолы.  Қызылағаштағы су тасқыны, Жа­ңарқа,  Қарқаралы жеріне  протон  құ­лап,  табиғаттың  улануы, дағдарыс, т.б. тақырыптарды жырлауда да ол осы принципіне берік. Мұндай өлеңдер  идея­сы ақынның  көңіл  күйіне  әсер  етері  даусыз. Сондықтан,  ол аруақты  күштерді  «тірілтеді», солардың үніне өз үнін  қосады.  Қызылағаштағы апатты  Ілияс  ақын  жырлаған  Молықбай шал  қобызының  үнімен  естіртеді, Ілиястың ағынды  Ақ­суында  құстай ұшып Құлагер-жыр  құлайды,  қайғыға  Жетісудың  жеті  өзені  жы­лап  үн  қосады.  Өлең  түйінін  ақын  Молық­баймен  тілдесумен  аяқтайды.  
Ақынмын,  елімнен жоқ қиыр  күнім,
Молықбай,  сен  де  менің  күйімді ұғын.
Қара шал  немересін  таяғымен 
Іздеп  жүр  арасынан  үйіндінің. 
Қазақ  жеріне  ғылыми-техникалық  прогресс әкелуге, космосты игеруге  қызмет  етеді  деген  протон  құлап,  кең даланы уға  толтырса,  соның  кесірінен  енесі  өліп  жетім қалған  құлын  мен  «өзіне өзі  қол  жұмсап  күйеуі  өлген» әйел  де жесір  қалса,  өзен-сулардан  даланың  аң-құстары ауса,  малшылар  сойған етін  өткізе  алмай,  күнкөрісі ауырласа, соны көрген ақын  ел-жұртының  көңіл  күйіне ортақтасса,  оның  несі айып? Осының  бәрін  ақын  баяндау  жолымен  емес,  бейнелі көркем суретке айналдырып, санаңа  әсер  етеді.  Жетім  құлын  мен  жесір  әйелдің көз  жасы ақындық  параллель  арқылы  ортақ суреттен танылады. «Жетім  құлын  қаңғитын  әр  аулада, жесір  әйел жылайды түніменен», «Жесір  әйел  сипаса маңдайынан, жетім  құлын  көзінен жас  ағады» деген  өлең  тармақтары  бұған  дәлел. Бұл  екеуінің  қайғысын түсінбей, «Құлыныңды  қаңғыртпай  қамасаңшы» деп  жетімдерді кінәлауға дайын тұратын қазақтың  кінәмшіл  мінезін  де ақын  іле кетеді.  Гептилді  залалсыз  деп  шешім шығарған өкімет  өкілдері өлеңде  суреттелген  оқиғаларды бекітіп  тұр. Мұның  бәрі  ел  басына  түскен  жоқшылық  пен  жетімсіздікті  ұлғайтып,  ұлт  қайғысын  көбейткенін түсінесің.  Іштей  қиналғанмен,  ақын мінезі сабырлы,  өлеңін  жұпыны ғана,  тілекпен  аяқтайды.  
Қайтейін,  асығыс бәрі 
Жөн  еді  қашық  ұшқаны. 
Ресейдің құламаса екен 
Зымыран  тасығыштары.
Арқам-ай,  арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала… жүдеп.
Құрдасым  тартады арақты
– Уды қайтарады, – деп.  
Бір  қайғыға екінші  қайғы қосылып қалыңдап  жатқанының  суреті.  
Т.Медетбектің Ғалым  жырларын  көкіректе қордаланып қалған  шер  мен  шеменді қопарып  тастайтын  адуын  күшке емес, сол  шер мен  шеменді  сипалап  отырып  сылып  алатын  сиқырлы күшке  ие  шертпе күйге  теңеуінің  сыры  да осында  болар.  Ақын  мұнымен  шектеліп  қалмайды, кейде қайғыны ауырлататын  суреттерге  де  барып, сұмдықтың  бет-пердесін  жұла сөйлейді.  «Сұр  қаланың  сұрқай өңі  қажытты, сұры  қандай сұрапыл», «торыққан  да, тозған  бәрі, тоналған,  тас көшеде тас адамдар  қаптаған», «Қараулықтың  қарау оғы қарауылдан  тосқан заман», «Ақ сәулесі  түнге  алмасқан, Ақ-қарасы  күнде  алмасқан» дегенде де ақынның  ой-танымы  мен  сезіміне  жат  дүниелер  тізбеленіп  кетеді.  
Қазақ  жеріне  соңғы  жылдары  көбірек келген  осы тәрізді  экологиялық  апаттар,  бүгінгі  даланың  жүдеп-жадап кеткені – Ғалымның  көп  өлеңдерінде  көрінетін  шындық. Әсем  дүние  бұзылды. «Ақ бұлттарға  қанатын  малып  алып  әлемді  жарқырата ұшқан  әппақ  құстар,  көздері жарқыраған  бұлақтар,  аптығып арқыраған  өзендер бүгін жоқ. Су тартылып немесе  мұнай  басып  аққулар  кетті.  Мұны ақын  «өзегімнен өрт шықты мен  түскелі,  соры қалың  соқпақтың  сорабына» деген  жолдармен  білдіреді.  Күзеудегі қараша үй  қалтырап  тұр. Жер-көкті  қоңыр  күй кернеді.  «Қаздардың қанатындағы»  жаз өтті.  Осы бір  өмір  сәтін ақын: 
Жанымның  отын  жандырдың,
Жолаққа орап  ымыртты ақ.
Шық  шайған  шашын  шалғынның,  
Балқаймақ күнді түн  ұрттап, – деп суреттейді.  Әр  сәттің  өз  заңдылығы  бар.  Ымыртты ақ  жолаққа ораған,  балқаймақ  күнді  түн  ұрлаған  қай жақсылықтың  белгісі  дерсіз. Ақын  жаны­ның  отын  үрлейтіндер  – осы көріністер.  
Ғалымның  «Алғадағы аққулар» өлеңі – қазақтың  өзен-көлдерін  мекен­деген  текті  құстың  кейінгі тағды­рына  арналған  жоқтау.  Ол: 
Асылдарым  бар  еді,  
Жасылдарым  бар  еді, 
Жарық  күнде жыртылдың,
Аққу құсы Ары еді,
Аққу текті  жұртымның.
Талып  таңғы  тасқында,  
Шырқыраған  шырайлым.
Қалдығының астында,
Қалғаның  ба  мұнайдың?
Құдіреті-ай  Құдайдың.
Аққулар-ай 
Ардам-ай!
Шер  күйім  боп  шертілген.
Жалғаны көп  жалған-ай,  
Өлмесімді өлтірген.
Өлеңнің  стилі, жоқтаулық  үлгісі  мазмұнына  жарасып  тұр. Оның  «Аққуы  жоқ  көл  деген, Ақыны  жоқ  елмен  тең» деген  соңғы  түйіні – ел  тіршілігінен  орын  алған  үлкен  апатқа айып артудың  белгісі. Өмір  сәні – Аққу, сол  өмірдің  жыршысы – Ақын, бірінсіз  бірінің  күні жоқ, бұлардан  айрылу – бүкіл  халыққа  қайғы.  Осыны түсіну  керек-ақ! 
Табиғаттың  өзгеруін  Ғалым  қоғам  дамуының  үрдісімен  түсіндіреді.  «Таңғы  нұрдың сәулесі шайқалып», «көшкен  елдің  көнерген  жұртындай елегізген», «қаңғып  ұшқан  қаңбақтай  бағдары  жоқ  керуенге» ілескен, «жетегі  сынып,  арбасы  ұшқан», «маңайы  қарға-құзғын, тойған  құмайға» толы дағдарыс  жыры  біздің  көз  алдымызға  басқаша сурет  әкеледі.  «Күндер  қашып  барады, күндер  қашып, қысырақтың  күздегі үйіріндей», «Күресінде күлге аунап  жатыр, әне, қараша  үйге  құт  болған қара саба» – деп түйеді  ол өлеңінің  соңын.  Көктемнің  («Осы көктем») жарқын  суреттерінің  өзі  өткен-кеткенді есіңе  түсіреді.  
Ақын «Жылғаларда жылап  ағып  бара  жатқан» жылдарын  сағынады. 
Фәни-көктем  жылғаға  жылжығалы,
Түн жылады, 
жанарым тұнжырады.  
Сұрғылт  әні тірліктің сарнағанда,
Шыңғыртады уақыттың қыл бұрауы.
Өткен  өмірді ойға алғанда, ақын  өткінші дүниенің сырларын  шолады.  Елге барып,  ескі қорымның  ұлғайып  жат­қанын,  аға ұрпақ  («Әкем көшкен, артынан  ағам  көшкен», «Көз  алдымда  көлбеген  көштің легі», «Үркердей  боп қалыпты  үлкендерім, Ескі қорым  үлкейіп  көз  алдымда») көшкеніне  алаңдайды.  
«Ескі жұрт» – кейінгі ұрпаққа  ел, жер  туралы ұлағат  сөз. Ол сол  жұртта өсіп-өнген  ұрпақ,  іске асқан  үлкен  армандарды  еске  алады.  «Ескі  жұртты  ескі  үйдің  орны деме, махаббат  пен  бірліктің  бесігі де» дейді, ақын.  
Өткен  күннің  айналды  бәрі  аңызға,
Туған  ауыл, ескі жұрт санамызда. 
Айдын  көлін  аңсаған  Аққулардай,
Келіп кетіп жатамыз Анамызға. 
Сырды ұғыңдар  мендегі 
мұңды  ұғыңдар.  
Бірлігім  бар  болғанда,  
тірлігім  бар.  
Ескі жұртқа жайылған тамырым бар,
Туған  жерге  байланған кіндігім бар.  
Өткенді еске алғанда, ақынның  «Сынық  арба» өлеңін  аттап  өту қиын. Бұл – өткен  заманның, кеше  ақынның  өзінің  балалығы  қалған  өмірдің суреті,  бейнесі. Соны еске  түсіріп, Ғалым «Шалғайдағы шалғымен  шалғын орған» қара  шалға,  олардың  төзімді  мінез-құлқына  сүйінішін білдіреді. «Желді  күні жар  басына  үй  тігіп», «тіршіліктің  арнасында толқынмен  араласып» өскен әкелердің ақ  таңмен  сынық  арбаны  атқа  жегіп  шығатыны, соларды жұмыс  басына таситын  сынық  арбаның  «майланбаған,  шиқылдақ дөңгелегінен тіршіліктің «әні» естіліп  тұратыны,  «сынық  арба қасындағы  сынық  көңілді» сынық айдың жүзіндегі  сызбен  салыстыру сияқты» детальдар  мен  бейнелі  тіркестер  өлеңнің  көркемдік, суреткерлік  бағасын  көтеріп  тұр. «Шаңырақтың  көтереді уығы», «Қап  арқалап  бара жатыр  қыз  бала», «Бәрі ағады», «Ей,  енесі өлген  құлын  күн», «Ай көрдім»  сияқты  өлеңдерде де қазақ  басына түскен  заман  ауыртпашылығының  суреттері мол.  Ол  қазағымен  тікелей сөзге келіп, «Күреңітті күздің  қара  суығы,  халің қалай,  әй  қазақ!» деп сұрайды.  Оған  айтылар  жауап  жоқ.  Сондықтан,  ақын  өзі үн қосады.  «Базар  барып бақ  сынайтын  күн  бе еді,  Басыңдағы  мына  күн?» «Қара  базар  қарайтады  көңілді, Ақ  ішіп  жүр, қарағым!» дейді.  Шарасыздықтан  туған  ақыл.  
Қап  арқалап  бара  жатқан  қыз  баланың  бейнесі – тұтас  бір  қайыршылықтың  суреті.  
Көшесі бұл  қайыршының, 
мастың да,  
Нөпір  адам… 
ұқсайды екен  тасқынға.
Қайысады,  майысады  нәзіктік, 
Ала  тайдай  ала  қаптың  астында.  
Көңілдерге көктем  сыйлар  күй  керек,
Кімге  айтарсың  
көріктіге тиме деп.
Көк базарға  бара  жатыр  көркем қыз,  
Көне  күрте, ескі  етігін  сүйрелеп. 
Қалтырап  гүл…
Қалады ма қырмызы,
Жарқырап  бір  жанады ма                      жұлдызы? 
Қап  арқалап  бара жатыр  көшеде,  
Арыс  туар  Алашымның  бір  қызы. 
Осының  бар  кінәсін  ақын  заманға  арта  сөйлейді. Өзгерген  заманның  қаһармандары да  бөлек.  Олар  ірі  іске  жегілмей,  «түлкі  заманға  тазы  болуға» тырысады.  
Қатыны  ортекедей  ойқастаған,
Ақыны  орамсыздау  ой  бастаған.
Заман-ай,  әңгүдік  таз  той бастаған, 
Заман-ай, қотыр серкеш қой                            бастаған. 
Ақын заманын  «Жыртқыш  жылдар» деп  атайды.  Қоғам бура сипатты,  шайнап  тастайды. Озбырлығында  шек жоқ. «Киік-күндер» көкжалдан  қашып  күн  көруде.  Аққу – жырды жасқанбай тісіне  басатын  да осы  жыртқыштар.  «Жыр саулайтын  жүректен  қан  саулаған,  Жастық  жылап  барады  жан  сауғадан». 
Ұлтым  қайғы  кешкенде,  
жұртым  қайғы,
Сары  уайым  сағаты  сыртылдайды.
Ақындары  алақан  жайған  елдің 
Қатындары  қол  бастар  ұл  тумайды.  
Өмір  суреттерін  бұлтартпайтын  шындыққа негіздегенмен,  ақынның  жалпы  заман,  қоғам  жайлы ойларында  алдан  күтер  үміт  мол. 
Самсаған  жұлдыз  көрдім Сүмбіледе,
Ай  көрдім, аман  көрдім  толған Айды,
Бошалап  кеткен  Бозкөлдің бозінген­дері
Боталап қайтса болғаны туған  ауылға, – дейді ол. 
Өмір  сүйгіш  ақынның  түпкі  идеясы  берік.  Ол  тәуелсіздікке  иек  артады. Шалшық  судың  бетіндей  шашыраған  ақын  сөзінің  тұғырына  тұрақтайтынына сенеді.  
Біз  дегендер… Темірдей төзімі  тым,
Өз  арманын  аялап,  өз үмітін.
«Түгел  сөздің  түбі  бір» дегенменен, 
Сөзі бүтін  халықтың  – өзі  бүтін». 
Рухтың  оралуын  Ғалым  «Оралу» өлеңінде әдемі  аша білген. Бұл –  кеше сергелдеңге түскен тағдырлардың жаңарып  қайта оралуы туралы  жыр.  Оны жазуға  себеп  болған  – Көкшеде Құлагер  атқа  ескерткіш орнату  оқиғасы.  «Құлагер  құла түзде құйындаса»,  Ақан Айнакөлдің аққуларына  қосылып  ән  салады.  Сол  қайғылы далада ақын  Құлагермен тілдесіп: 
Жүрекке серік болса,   қыран, құмай,
Алдынан  ор  кезікпес Жыландыдай.
Тұғырға  өзіңменен  бірге  қонған
Рухым  аласармас бұдан  былай.  
Өткеннің  өзегінде  дауылы қалып,
Қосылдың  аламанға  сауығып  анық. 
Көкшеден  көкжиекке  көсілші енді
Қазақтың қайран жерін бауырыңа  алып, – деп  жырлайды.  
«Бір  түп  емен»  өлеңінде  Ғалым  бұтақтары майысқанмен, қайыспай,  қай­сарлық танытқан еменді елдіктің берік  іргесіне балайды. Ол  ғасыр жүгін  көтеріп,  өр тұлғасымен  көтеріп тұрғандай  елестейді.  
Ғалымның «Тобылғыжарған», «Дала­ның  өзендері», «Күзеудегі қараша үй», «Сүмбіледегі  сурет», «Ләйла қыз», «Көзімнің  тұңғиығында», «Құмдағы  сексеуілдер», «Бұлақ  басындағы  бұлдырық», «Қара нөсер қараша», «Жыр  жауған  жылы күндерім», т.б.  өлеңдері қазіргі әдемі  лириканың  үлгілері саналуға  лайық. Бұларда  сурет  те,  ой да,  сезім де  жарқын.  Көктемде тобылғының  жарылуы, жарқырап  қар­сы  алатын  өзендер  мен  аққуы  көш­кен  көлдер,  қоңыр  қаздар  әніне  елтіген  қыр,  күзеудегі  қараша  үйдің  қарашадағы суреті, елі сиреген  ескі  кең  жайлау,  тай  мінген  бала – бәрі де бізге  жасымыздан  таныс  ауыл  тіршілігінің  көріністері.  Ақын  бүгінгі  даланың  осы  келбетін  заман  өзгерістерімен  көмкере,  біздің  қалыптасқан  ұғымымызды  бұза-жара  өзінше жинақтап  бейнелейді.  Оның  танымы да,  соған  лайықты  теңеулері де,  қолданған  метафоралары да жаңа.  Оның  сезім  күйі сол  ортаның  өзгерістерінен  туады.  Көктемгі тобыл­ғының  жарылуы  өмірдің  жалғасуын  елестетеді.  Ол  ақынға  жақсы көңіл-күй сыйлайды. Тобылғыға ысталған  сабадағы  қымыз,  жолаушы  қолындағы тобылғы сапты қамшы  тобылғы  түсті  өмірдің  ағымындай  көрінеді. Бір  қарасаң,  осының  бәрі  өткен  өмір  сияқты.  Бүгін  тобылғы  іздеп,  оның  жарылуын  құмартып  көретін кім бар? Тобылғыжарған  бүршік  жармаса,  «тобылғы сынды ақын» да  торыға  ма,  қалай? Түңілсең де,  тірілсең  де,  уақыттың  ұлы көшінің бет  алысы  солай! Сүмбіле жұлдыз  жанғанда  туған  Сүмбіле  қыздың  бейнесі, соған  тамсанып ай  дірілдеп, көңілі  толқыған  ақынның  күбірлеуі,  ай мен  жұлдызды,  сүмбіле  қыз  суретін  қоса  жұтып  қойған  қара жер  обырлығы,  Сүмбіле қыз  суретінің  ертегі  боп  қалғаны  әдемі, жарқын суреттерді елестетсе,  Ләйлә қыздың  бейнесін  ашу үшін екі өмір  мен  екі ақынды еске  алып,  тұтасқан бір  арман, бірге үміт  күткен  күндерге жүгінеді.  
Оның: 
Көзімнің тұңғиығында,
Көңілімнің бір қиырында; 
Арымның  асыл  көлінде,
Жанымның  жасыл  белінде – 
Сен  жүрсің…
Өлеңнің назирасындай,
Жаңарқа  жазирасындай.
Тағдырдың  арман  шыңындай,
Шалғынның  тамған  шығындай – 
Мөлдірсің… – деген  жолдары  сүйік­тісіне  арналған  көңіл-күйінің  жарқын  көрініс­терін  құрайды.  
Бұл өлеңдерде  өмірдің  қымбат  сырлары,  өткіншілік  сипаты,  табиғат пен  адам, оның  көңіл-күйі, ақын  мен  ақындық  сезімнің  түйісуі,  т.б. мәселелер  сөз  болады.   Бәрі де ақындық  ойдан  туып, сезім­мен  астасып  өріледі.  
Ақынның жырмен туысқан күндері  қандай  еді.  Оқып  көрейікші: 
Жыр  жауған  жылы  күндерім, 
Нұр жауған  ғұмырымда едің.
Тұлпардың  тұғырында  едің, 
Бұлақтың  тұнығында едің.
…Көз  ашып  көргенім  еді,  
Өлеңнің  өрнегіндегі,
Есілдің  толқынындағы, 
Көкшенің  көлдеріндегі.
Сыр  айтпай  сырғалым  қалды,
Мұнартты… мұң  қалыңдады:
Қаратау  қатпарындағы, 
Алатау  шыңдарындағы…
Алғашқы  шумақтар  жыр биігі  мен  тұнығын,  өрнек пен  толқында туған  шағын  елестетсе,  соңғы  шумақ  сырғалымы  сыр  айтпай  кеткендегі  қайғының  қалыңдығын  бейнелейді.  Тапқыр,  бейнелі  суретке  тұнып  тұр. 
Сөз өнері – Ғалымның  ақындық  рухы.  Ол сол  рухтың  биіктігі  үшін  күреседі.  Қиындыққа да,  зорлыққа да оңайшылықпен  берілмейді.  Өйткені,  оның  негізінде халықтың  ерлік  салты  бар.  Ақын  арманы  арнасын  толтырып,  жартастың  толқындарын  сүйеді.  Ақ  қарда туып,  аппақ  әлемге  жаны бөленген.  Ақын  боп аққудың қанатына  өлең жазып,  ешкімнің  тұлпарына  мінгеспей еркін  өскен. «Сәуле  ойнатып  сұлудың  сырғасына, күнім  шықты  өрмелеп  қыр  басына», Еңіске  басын  идіріп, өзін  кеңістіктен  іздеген  тұлға!
Ғалым  ұлы  ұстаздарын  еске алғанда да оларды  жалаң мадақтамайды.  Соларды  түсініп,  жаңа  сөз  айтуға  тырысады.  Абай  мен  Махамбет,  Әсет  пен  Иманжүсіп,  Мағжан  мен  Сәкен – бәрі де ол  үшін  қадырмен,  тарих  сабағын  сыйлаушы,  әр  заманның  таңдаулылары.  Оларды  еске  алудың  кейінгі ұрпақ  үшін  қажет  ұлағатын, ұлттық  рухты ұлықтаудағы  маңызын  жырлайды.  Рухтардың  ақындармен  бірге  көмілмейтінін еске салады.  
«Қызыл  іңір,  Қызылжар», «Есіл  ағады», «Кер  бетегелер», «Назымхат» өлеңдері – таза табиғаттың көркіне сүйсінген, одан  өмірдің  әсемдігі мен  терең тамырын таныған адамның  ой-сезімі. Ақын табиғатпен сырласады,  шоқ қайыңдарға: «Ақ дүниеден  адалдық іздегенде,  Ақ қайыңдар, сендерге кеп  тұрайын», – дейді.  «Есіл» – әнге айналып  кеткен өлең.  Ол  Мағжан  жырлаған  шолпының  сыңғырын  еске  түсіретін,  сырбаз  Есілдің сұлулығына,  еркелігіне  еліте  жазылған.  Кербетегені еске алғанда,  ақын  бойын  осындай  сезім  билейді.  Кеше  бұл өсімдіктен  Нарманбет  жерінен  айрылған  елдің  бейнесін  таныған  еді.  Ғалымның  кербетегесі  осыны  ойға түсіреді.  Ақын  құстармен  сырласады,  биікке  самғаған құстармен  араны «Қанатсыз  болып  туып, аспанға  қарап  жүргендердің»  арманымен  жалғайды. 
Жалпы, адамдық  ой,  идея шексіз  ізденістің  жемісі.  Ақындардың  жақсы-жа­маны, ұлысы  мен  кішісі – бәрі де осы  ой  мен  оның  көркем  бейне  тауып  жарыққа шығуынан  танылады.  Ақын қаншалықты талантты болса,  оның  туындылары соншалықты  биік  сапада жасалады.  Әр  туындыда  ой мен  сурет  жатады.  Сондықтан,  ақындық  идеяны  Белинский «пафос», «құштарлық» деп  атаған.  Ақындық  рухтың  күштілігі автордың  бойындағы  биік  қасиет. Ол  талантпен, заман  сабағымен,  біліммен  толысады.  Осыны  түсіну арқылы біз  ақын  құпиясына  кіреміз, оның  жазғандарын  жанымызбен  қабылдап,  табиғатын тануға  бір  табан  жақындаймыз.  Ғалым  ақын бойында  осындай ұлы  ақындарда  болатын  қасиет  бар.  Әр өлеңінен  оның  өз  суреті көрінеді.  Өмірдің  көшірмесі  емес, өз бейнесі.  Ұлттық  сипат, ой барлық ақынға  тән. Бірақ,  Ғалым  оны да  өзінше түсінеді, әркімнің ойындағысын  тауып, бойындағы  сипатын  түсініп,  жалпыға  ортақ  етіп  айта біледі.  Оның  өлеңдерінде заман  сыры, адамның көңіл-күйі,  үміті,  ойы,  сезімі,  мұңы мен  шері – бәрі тұтас табылатыны  осыдан. Ақын  не  айтса  да  егіліп,  беріле жырлайды,  ойларындағы  лирико-философиялық сарын өлең  боп төгіледі.  Қазақтың  елдігін,  тұтас табиғатын  қастерлейді,  жоғын  іздейді,  өкінеді,  мұңаяды.
Ақынның  – Шыңғыс, Баян, Ұлытау, Түркмен, Париж сапарларында  жазыл­ған  өлеңдерін  де жол  әсерінен  туған  деп  бір  жақты  түсінбеу  керек.  Онда  көргені  тізбеленбейді,  ақындық ой  мен  сезімге бөленеді. Баянтауда Жасыбайдың  көліндей мөлдір  өлең  қалдырса, Ұлытаудан «ұлтым» деп  шыққан  күн  көреді,  түркмен мен қазақ  туыстығын,  құмда  өскен  сексеуілдің  бар  мінезін  осы  екі  халықтан  танитынын тілге тиек  етеді.  Ақынның  Ақселеу  мен  Серікке (Ақсұңқарұлы), Жүрсін  (Ерман) мен  Талаптанға (Ахметжан), тағы басқа жеке  адамдарға  арналған  өлеңдерінде  де жалпылық емес,  солар­дың  бейнесін  ашар  нақтылық  басым. 
Ғалымның  ақындық  өнердегі жаңа­шылдығы  тілінде,  оның бейнелік  сипа­тында,  суреткерлігінде. Қазақтың қара өлеңінің  дәстүрін  бұзу кім-кімге болса да  оңайға  түспеген. Кезінде  Маяковскийге еліктеген  Сәкен,  Сәбиттер  де қара өлең  үлгісін,  ондағы  ұйқас, буын,  ырғақты сақтай отырып,  жаңартуға тырысқан. Қазір де ақындар  негізінен  сол үлгіні  сақтап, ой ырғағы  мен  екпіннің күшімен  тармақ  санын  кейде азайтып,  кейде көбейтіп,  ІІ буынды  тармақтарды   қысқарта  пайдалануға барып жүреді.  Бұдан  қара  өлеңнің  негізі  бұзылмайды,  әр  ақын  оны  өзінше жетілдіруге,  өңдеуге  құқылы.  Ғалым  да солай.  Онда  бір  кезде  Қасым  қолданған,  бір  ұйқаспен  жалғасқан  шумақ, бес тармақты өлең жиі бой көрсетеді, ақын  ойының  мазмұнына  сәйкес түр жаңалықтары да  байқалады.  Ойшылдық  пен  сыршылдық, шындыққа  тік  қарап,  көңіліндегіні  жалтармай айта  білу,  соған  лайық  жаңа  бейнелі  сөз  табу,  ондағы кейде нәзік,  кейде  сазды, кейде  тіпті көңілдің  өрлігі ашық  бояулы  ақын  жырларын өзгеше  танытады.  
Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – бүгінгі өлең.

Алдыңғы «
Келесі »