КӨРКЕМСӨЗДІҢ ХАС ШЕБЕРІ

  • 07.12.2016
  • 843 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нөсерлі  жаздағы  құлпырған  алқаптай  жайнап  тұрған қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – журналист, баспагер, мерекежазушы Мереке Құлкенов. Қоян жылы қарашаның сегізінші жұлдызында құнарлы Қарабау топырағында іңгәлап дүниеге келген ол кеудесі алтын сандық Бәти (Бәтима) атты әжесінің ертегі-әңгі­мелерін тыңдап, зиялы әкесі Әбдеш пен парасатты, ибалы анасы Талшыннан үлгілі тәлім-тәрбие алып өседі. Үйдегі сол кездегі бай кітапхана, білікті ата-ананың сарабдал ақыл-кеңесі оны ойыннан гөрі ой қууға машық етті, содан ба, жүрегі сезімтал болды, көкірегі күмбір қағып, өлең жаза бастады. Сөйтіп, 6-7 сыныптарда оқып жүрген кезінен бастап туындылары аудандық, облыстық газеттерде жарияланды. Сол кездегі аудандық «Коммунизм туы» газеті бас редакторының орынбасары, өмірден ертерек кеткен қыран талант, ақын Қабижан Сағиев Мұқырға барған бір іссапары кезінде: «Сен жақсы жазып жүрсің, жазумен бірге көп оқу керек. Каникулға шыққан соң Миялыға кел, редакцияда жұмыс істеп көр», – деп ақыл береді. Міне, осылайша ақын ағаның ақылымен бір-екі ай жазғы демалыста аудандық газетте жұмыс жасайды, бірнеше очерк, мақала, репортаждар жазады. Бұл туралы өзі: «Асылы, жазуға құш­тарлығымды оятқан сол аяулы Қ.Сағиев аға болса керек», – деп еске алады.


М. Құлкенов Мұқыр орта мектебін бітіргеннен кейін бірер жыл аудандық газетте жұмыс жасап, көп кешікпей Алматы қаласына ауысып, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне қызметке орналасады. Өндірістен қол үзбей жүріп, ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмәмдап, өмір көріп, тәжірибе жинақтап, бойына біткен талант қарымын таразылай келе өлеңнен қара сөзге – прозаға қарай ойысады. Тырнақалды қарасөзбен жазылған туындылары республикалық баспасөз беттерінде жарияланады. Ол өзінің айтары мол, қаламы жүрдек, тегеурінді тума талант екенін «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жұмыс жасаған жылдарында танытты. Бұл туралы ақын, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубай: «Осы дәстүрлі бай ұлтшыл ортада Мерекемен, Мереке Құлкеновпен де табыстық.  Бірер жыл бір бөлмеде үстелімізді түйістіріп, бетпе-бет отырдық. Сергек, ұстамды, байсалды. Сөзін де, ісін де шашыратпайтын тас түйін ширақтық. Оның үстіне Мереке шылым шекпейді, «түтін» салмайды… Қағаздары да, өзі де тап-тұйнақтай екен», – деп еске алады. 
Иә, жазушы әрі журналист М.Құлкенов «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде исі қазақ­қа ортақ ең өзекті-өзекті мәселелерді көтере білді. Соның бірі «Қайрат» командасы болатын. «Жас журналист жанкүйерлер жү­регіндегі намыс отын үрлеп, шекесіне «Спорт комитетінің назарына» деп шоң­қитып, «Қайда біздің жігіттер намысы бар?» атты проблемалық мақала жазды, бұнда қазаққа етене «аяқ доптың» қазақ шешетін қыр-сыры айтылды. Оның ең бастысы – «Қайраттың» құра­мында Сегізбаевтың ізбасар інілерін кө­бей­тіп, әкесінің қалтасына қарап емес, баласының доп тебісіне қарап алсақ деген темірқазық мүдде жатты. Көккөз тепкен допты қаракөз қазақ баласы да тебе алады деген ойды Мереке сол кездері ашып айтты» (Қ.Түменбай. «Қ.Ә.» 9.11.2001ж.). Бұл мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін таппай келе жатса, ол сол мақаланың қанша­лықты маңызды екенін дәлелдеп тұрған жоқ па? Бұдан басқа «Пас», «Волга мінген балалар»  атты мақалалары да күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.
 Жақсыға қай жерде де орын дайын ғой. Міне, сондықтан, көп кешікпей Мереке жайлы мінезімен, жүрдек қа­ламымен, ұйымдастырушылық қабі­ле­ті­мен әдеби-мәдени ортаға кеңінен танылып, сол кездегі республикадағы екі әдеби журналың бірі – «Жалынға» бас редактордың орынба­сары болып тағайындалады. Бұл кезде ол әдеби көркем шығармалардың санынан гөрі сапасына баса назар аударып, талай жас таланттардың үкілі үмітіне кең жол ашты.  Республиканың түкпір-түк­пірінде тұратын жас талапкер ақын-жазушылар өздерінің алғашқы шы­ғар­маларын осы «Жалын» журналы ар­қылы оқырмандармен қауыштырды. Қат-қабат қарбаласқа қарамастан ол өз шығармашылығын да назардан тыс қал­дырмады. Алғашқы жинағы «Таңғы самал» (Алматы, «Жалын», 1983 ж.) деген атпен жарық көрді. Оған «Қан­жардағы жазулар», «Шаттық» атты хикаялары мен «Көршінің баласы», «Күрес» атты әңгі­мелері енген. Бұл шығармаларда жас­өспірім қыздар мен бозбалалардың мінез-құлқы, пәк сезімі, жамандық атау­лыға қарсылығы, өмірді пайымдаулары, балалық балдаурен шақтары нанымды берілген. Ал,  «Үрей» (Алматы, «Жазушы», 1988 ж.) атты әңгімелер жинағы әдеби қауымды елең еткізіп, әділ бағасын алды. Бұған: «Бәрін тізбелеу шарт емес. Мерекенің «Үрей», «Қылкөпір» атты екі әңгімесін бөліп айтқан жөн, – деп ойлаймын. Әңгіме қысқа да, келісті, кәдімгі әңгіме. Күнделікті тұрмыс, үй арасы тіршілігінің суреттері. Бірақ… Көзқарасы жаңа», – деген филология ғы­лы­мының докторы, ақын, сыншы Асқар Егеубайдың пікірі дәлел бола алады. Сөйтіп, «Қазақ прозасына бетіне көбік көтерген асау толқын емес, әдемі сырлы ағыс келгенін» (Р.Отарбаев, Атырау, 22.12.2001 ж.) көрсетті. 
Жинақ бірыңғай әңгімелерден құрыл­ған, оған ұзын саны он сегіз әңгіме топтас­тырылған. Жалпы алғанда, жинақтағы әңгі­мелерді мазмұнына қарай шартты түрде жіктер болсақ, онда «Жаңбырдан кейін», «Ғашық», «Соңғы күн», «Телевизор», «Кен­же», «Өрттен кейін», «Шарбақ» атты әңгі­мелерін ауыл өмірін, ондағы қилы-қилы адамдар тағдырын, ал, «Бөлмеге түс­кен сәуле», «Үрей», «Қылкөпір», «Қош­тасу», «Ескерткіш», «Жарық беруші», «Үшінші дауыс» әңгімелері қалада тұра­тын әр түрлі мамандықтағы, мінездегі адам­дардың тағ­дырын оқырмандарға қолға шы­рақ ұстат­қандай шынайылықпен бере біл­гендігімен ерекшеленеді. 
«Жаңбырдан кейін». Бұл әңгімеде ауылда тұратын көп кейуананың бірі Мәр­зия кемпірдің тұрмыстағы кенже қызы Ай­жарықтың меңдеп кеткен аурудан дүние сал­ғаны, артында үйелмелі-сүйелмелі Гүл­жан, Салтанат есімді перзенттерінің қал­­ғаны, күйеу баласы Сәкеннің қайтыс бол­ған қызының бейітін көтермегені, оған қоса көптен бері қатынаспай кеткені рет-реті­мен байыпты баяндалады.  Мұңды анаға, әсіресе, күйеу баласының арада жыл толмай жатып, қала жақтан 5 жасар баласы бар әйел алған хабары қақ маңдайдан біреу салып жібергендей әсер етеді. Ақыры: «Жоқ, ертең қалайда барамын… ана екі жетімек әжелеп, екі көздері төрт болған шығар, кім біледі, оларды алып кетуге тура келе ме, біреудің баласын баға қоятын әйел қазір қайдан болсын, құтылғанша асық боп отырған шығар… Өлген әйелінің жылын бермей тұрып үйленген қалай болатынын көрсетейін», – деп түйеді Мәрзия кемпір. Осылай күйеу баласының үйіне келгенде, бәрі де басқаша болады. Тап-тұйнақтай, жып-жылы үй, тап-таза бөлме. Қызы марқұмның фотоальбомы да әлдебір ұқыпты қол арқылы жарқырап тұр. Үйге енгенде, мұрынға сүр еттің иісі келеді. Алдынан сұңғақ бойлы, ибалы ақ сары келіншек қарсы алады. Немерелері Гүлжан мен Салтанат жаңа бауырлары Жанармен тату-тәтті ойнап жүр. Кемпір әлденеге іші жылып қоя береді. Күйеу баласы Сәкен үйде жоқ екен, бірақ сонда да басқа тепкен ашуы тарқап кете барады. Терлеп-тепшіп шай ішіп, келіншектің риясыз сырына қанығып, суға кеткен бұрынғы күйеуінің қайғысына, қатал ата-енесінің қылығына күйініп, оның мұңына өзінің қалайша араласып кеткенін байқамай қалады. Ақыры «таңертең келген Мәрзия кемпірді қас қарая Ақханша мен немерелері үйге дейін әкеп салады». Әңгімеде артық-ауыз ешнәрсе бай­қалмайды. Бәрі де табиғи, шынайы, өмір­дің өзінен ойып алғандай. Тіпті, та­би­ғат та кейіпкер көңіл күйімен орайлас суреттеледі. Күздің қара жаңбыры таңертең шүмектеп құйып тұрса, Мәрзия кемпір үйге қайтып келе жатқанда аспан шайдай ашылып, күздің жайма шуақ күні көкжиекке еніп бара жатады. Міне, осылайша табиғат көрінісі мен кейіпкер жандүниесі қаз-қатар (параллель) алынып, оқырманға әсері күшейе түседі.
Әңгіме – қиын жанр. Көлемі шағын бол­ған­дықтан, ол жазушыдан барынша жи­нақы болуды талап етеді. Әңгіменің сюжет желісі қызықты, композициялық құрылысы тұтас болуы керек. Оқиға басталысымен-ақ оқырманның көз алдына өзіндік ерекшелігі бар адам келе бастауы тиіс. Ол адам жалаң көрінбей өзін қоршаған орта,әлеуметтік топта танылуы шарт. Әлгі адам соның өкілі, типтік тұлға болуы қажет. Бұның бәрі жа­зу­шыдан өмірді терең білуімен қатар, тартымды тіл байлығын, байқағыштық пен талғампаздықты, асқан шеберлікті, мол білім мен биік мәдениетті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жазушының «Ға­шық» атты әңгімесі оқиға желісінің тосын­дығымен, кейіпкер бейнесінің бірте-бірте жарқырап ашыла түсуімен, байыпты да байсалды баяндалуымен ерекшеленеді. Бұл әңгімеде ауылда тракторшы болып жасайтын балалы-шағалы Сақтаған деген жігіттің астанадағы атақты ақын қыз Мақпалға өліп-өшіп ғашық болуы, білте шамның жарығымен әр күн сайын жан сырын ақтарып хат жазуы,  өлеңдерін жі­беруі, тіпті, сол ақынмен Алматыға барып кабинетінде бетпе-бет кездесуі, алай­да, өзінің жасық-момындығынан бір ауыз жөндем сөз айта алмай пұшаймен хал кешуі, өлеңдері өзі пір тұтатын ақын Мақпал арқылы баспасөзде жарияланып, жинақтарға еніп жатса да, өзін ақын ретінде сезінбей жасқаншақтай беруі… ақыр соңында қалаға шұғыл шақыру келсе де ауылдың күйбең тіршілігінен босап шыға алмай, өз ортасына түсініксіз хал кешуі – бәрі-бәрі нанымды суреттелген. Сөз жоқ, әр ауылда не ауданда Сақтаған секілді іштен булыққан, әр саланың көзі ашылмаған дарындары бар. Бірақ, олар­дың кең өріске шығуына ауылдағы күйбең тірлік, отбасылық жағдайы, қоршаған ортасы көп жағдайда мүмкіндік бермейді. Сақтаған да солардың бірі. Әңгімеден осындай ой түйеміз. 
«Шын жазушыға тақырыптың немесе кейіпкердің үлкен-кішісі жоқ. Бар мәселе – құнарлы тілде, оқиға құрылымында, айтар ойда, – дейді жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев. – Сексенінші жылдардың бас кезінде жазылған «Ғашық», «Үрей», «Шар­бақ» атты үш әңгіме Құлкеновтің твор­честволық әлеміндегі шеберліктің эталонындай. Мерекенің «Ғашығы»  жарық көрген соң қағаз күйелеп жүрген біраз қаламгерлердің қарны ашып қалған. Өзгеге емес, өздеріне. Неге дейсіз ғой?… Қаныңды қыздырған, сүйе­гіңді балқытқан, жаныңды еріткен ақ махаббатты көбіне-көп анайылыққа ұрындырып алыппыз… Сол тракторшы құла майдан далада әлі күнге сағыныштан сарғайып хат жазып жүргендей… сабақ оқыған бала, сығалаған әйел бейнесі жаныңды үгіп, қиялыңды байытып, бірде ысытып, бірде суытып байызыңды қашырмай ма? Сол бір қарапайым да аяулы бейнелер қанша жыл өтсе де санаңда бірге өмір сүрмей ме? Ендеше, бұл шығарманың қоспасыз шынайылығы».
«Соңғы күн» атты әңгімесінде Сәду атты адал, момын жігіттің тамыр-таныстыққа жем болуы, «Телевизор» әңгімесінде Ленин орденді озат балықшының сөзден іске бейім­ділігі, «Өрттен кейін» әңгімесінде інісі Асылбекке қарағанда ағасы Батырбектің аңғалдығы қаламгердің көркем шығарма ма­ти­вировкасын ширақ өретініне толық куә. Ал, «Үрей» атты әңгімесін А. Егеубай: «Сол кездегі қала адамдарының бой­күйез бере­кесіздігі. Әрі-беріден соң, әлеуметтік әлсіздіктің қатерлі кеселі. жаңаша көз­қарас», – деп бағаласа, жазушы Р. Отар­баев: «Автордың айтпағы-үрей. Ол үрей ауру, аш мысықтың даусы боп келе ме, жаманат хабар боп жете ме, снаряд үні боп естіле ме, бәрібір, әйтеуір адамдардың жан-дүниесін үрей жайлаған, ырық-күшін үрей мендеген. Не себеп? Бұл тіпті тоқшылықтың нәумез шыңқ етпесі ме, әлде сана түкпірінде, ой астарында, жан қалтарысында жатқан генмен дарыған дерт пе? Олай болса, бұл дерт ұлтымызға қашаннан бері үйір боп жүр? Бірақ, біздің қазақ ұзын арқан, кең тұсау тарихында қашан үрейден арылып еді? Қазірдің өзінде әлемді сол үрей билеп тұрған жоқ па? Осы тәрізді сан-сапат сауалдармен арпалыстырып қойған Құлкенов қаламына қалайша сүйсінбессің», – деп тереңнен толғап, үздік баға береді.  Сондай-ақ, «Бөлмеге түскен сәуле», «Қыл көпір», «Жүрек», «Жарық беруші», «Жазылмаған хабар», «Мазасыз түн» атты әңгімелері де оқыр­манды бірден баурай жөнеледі. «Ақкөңіл», «Ескерткіш», «Үшінші дауыс» атты әңгімелері қала адамдарының бастан кешіп жатқан оқиғалары тосындығымен, ерлі-зайыпты адамдардың бір-бірін алдап, онысынан өздері өлердей қорқатындығы да нанымды суреттеледі. Қорыта айтқанда, «Үрей» кітабына топтастырылған әңгімелеріндегі кішкентай, қарапайым жандардың тіршілік суреттері өмірден түйген бір әлеуметтік топтың шынайы көріністерін көзге тосады» (Асқар Егеубай).
Жалпы, жазушы шығармаларын оқып шыққанда, қандай ой түюге болады? Біріншіден, көп оқып, үздіксіз ізденіп, көңіліне көпті түйген жазушы өзі анық білетін тақырыптарға ғана қалам тербейді, сондықтан, оның шығармалары шынайы әрі нанымды болып келеді. Екіншіден, әр шығарманың оқиға желісін бас кейіпкер арқылы өрбітуге баса назар аударады, мұның өзі әңгіменің тартымды әрі қызықты оқылуының негізі деп білеміз. 
 Әдебиеттің басты материалы сөз болса, жазушы М.Құлкенов сөзді құбылтып, құлпыртып қолдануға шебер. Мысалы, мұны «салпы етек жаңбыр», «дуайқұрт сезім», «қарадомалақ телехабарлар», «қиям­­пұрыс ой» т.б. тілдік қолданыстар анық  дәлелдейді. Сондай-ақ, «…күздің қара жаң­быры шатырлар мен тере­зе­лерді тынымсыз сабалағанына жалық­қандай…», «күн батыстан көрін­ген қара шұбар бұлт қабағын түйіп қарайды», – деп жаңбыр мен бұлтқа жан бітіре суреттеу мәнері де жазушы қаламына тән.  Бұған қоса, жазушы адам бейнесін, табиғат көрінісін қапысыз дәл береді. Демек, М.Құл­кенов – тілге, сөздік қолданысқа жауапты қарайтын, портрет пен пейзажды, диалог пен монологті орынды қолданатын қаламы төселген жазушы. 
2006 жылы оның  «Біздің қоғам» атты мақала-очерктер жинағы жарыққа шықты. Оған бүгінгі заманда болып жатқан сан қилы оқиғалар арқау болған. Еліміз болашақта қай бағытта дамиды, Шығыс пен Батыстың құндылықтарының қайсысын таңдайды, жаҺандану дәуірінде алатын орны қандай? Кітапта осыған философиялық тұрғыдан терең жауап беріледі. Басқасын айтпағанда, «Шенеуніктер», «Әкім және оның командасы», «Депутаттар», «Ақсақалдар», «Жастар», «Мемлекеттік тіл және қазақша мен орысша», «Құдіреті күшті ақша», «Бізде қылмысты топтар бар ма?», «Бай мен кедей», «Қазақ неге жалқау?» деген тақырыптардың өзі көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па? Бұл кітапқа сонымен бірге шет елге жасаған сапарнамалар да әр беріп тұр. 
Жазушы қазір не жазып жүр? Бұл сұраққа  ол: «Жазып жүрмін. Өзім жаз­ғаныма өзім күмәнданып, сын көзбен қараңқырайтын жанмын. Бүгін жазып, ертең шығаруға құштар емеспін. Әйтпесе, жылына екі кітап шығаруға мүмкіндігім бар екені әріптестеріме аян», – деп жауап береді. Ал, жазып жүр­гені қандай шығармалар? Бұл туралы телефонмен өзімен сөйлескенімізде «Шаңырақ» атты хикаяттың, «Қытай күйеу бала», «Әуелей ұшқан тікұшақ» атты әңгімелердің аяқ­талып, баспасөзге ұсынылатынын айтып қалды. Одан басқа Х. Досмұхамедұлы туралы кең тынысты туындының, т.б. бірнеше шығар­малардың қатар жазылып жат­қанынан да хабардар етті. Сөз жоқ, «Сені іздейтін оқырман болса, сол үшін жазуға болады»,– деген жазушы сөзіне имандай сенесің. Бұған қоса ол майталман, батыл журналист. Бір ғана мысал.  «Ана тілі» газетінде редактор болып жүргенде, 2000 жылы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н. Ә. На­зар­баевқа «Ана ті­лі­нің тағдыры – сіздің қолыңызда» деп тайсалмай, өз атынан Ашық хат жазып, жан-жақтан қаптаған қоғамдық пікір туғызып, Президент Жарлығымен «Тілдерді дамытудың 2001-2010 жыл­дарға  арналған бағдарламасын» қабыл­дауға ықпал етті. Бұл оның «Қазақ деген халықтың тағдырына жайбарақат қарай алмайтынын» айғақтайды.
М.Құлкенов қазір үлкен бедел биігінде жүр. 1993 жылы «Жалын» журналының, ал 1997-2006 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы болды.  Одан кейін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Редакторлар Кеңесінің төрағасы-Бас директоры болып та қызмет атқарды. Қазір «Мереке баспалары» ЖШС-нің Бас директоры, оның құрамына «Өлке» баспасы, «Таң-Шолпан» , «Бала Би» журналдары, «Евро Азия» газеті кіреді. Міне, осылайша ол бірнеше нарға жүк болатын салмақты бір өзі көтеріп келе жатыр. 
Мерекенің  мерейтойына байланысты атақты ақын, жазушы, сыншылардың кең толғаған, республикалық газет-журналдарда жарияланған материалдарында есеп жоқ. Мысалы, солардың бірі айтулы сөз зергері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, сегіз қырлы жазушы Дүкенбай Досжан: «Кейіпкер сомдаудың хас шебері, …тірі сөзден шер төгіп, сыр айтудың ұстасы, үлкен қаламгер Мереке Құлкеновтің қаламынан туған жан шуағы мол, уыз тілді, кемпірқосақ бояулы көркем әңгімесі мен көрікті көсемсөзі бүгінгі жас ұрпақтың тәлімгер тәрбиешісі, ұстазы. Қиялына қанат жалғап биікке жетелейтін, аяғына басқыш қоятын, жігеріне жігер қосатын қолдаушысы. Жарылқаушысы. Жан азығы», – деп оның шығармашылығына жоғары баға береді.
Жазушы, журналист, қайраткер, баспагер М.Құлкеновтің еңбегі әркез үкімет тарапынан жоғары бағаланып жүр. 1998 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» деген атаққа ие болса,  2003 жылы журналистика саласы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, ал 2004 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 
Мереке бүгінде шаттығы шалқыған шаңырақтың бәйтерегі, зайыбы Гүлсім Мұқышева да жазушы-журналист. Дидар атты ұлы, Нәркес есімді заңгер қызы бар. Зарина атты келінінен Айсауле атты немере сүйіп отыр.
Үлкен асуға алқынбай шыққан қа­рымды, қайраткер қаламгер М. Құл­кенов қазір де үлкен шығармашылық сапарда келе жатыр. Сол сапар сәтті де олжалы болсын деген тілектеміз. Тілегімнің жалғасын «жазушы М.Құлкеновке» деп жыр жолдарымен жалғаған едім. Оны Мереке жақсы біледі. Сонда да, биік асуларды тілегенмін. Менің тілегім де көптің тілегіне ұлассын.

Қалидолла ІЗЕКЕНҰЛЫ, 
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

ОЙҒА  БАТЫРАТЫН  КӨСЕМСӨЗДЕР

Жерлесіміз Мереке Әбдешұлының жа­зу­шылық, жорналшылық, баспагерлік қыр­­­лары мен қабілеті, таланты Қазақстан жұрт­кул оразшылығына әбден таныс. Осыдан он жыл бұрын Мерекенің 50 жылдығы Алма­ты­ның сәнді көшелерінің бірі – Достық даң­ғылының бойындағы «Жалын» деген еңселі мейрамхана ғимаратында өтті. Сонда, жазушының еңсесі биік, беделі зор, танымал жазушы екендігіне көзіміз жетіп еді. Бағы жанып, жұлдызы жоғары екенін білдік. Ақын-жазушы, жорналшылар, ға­лымдар мол болды. Қазақ сөзіне жан бітіріп, майын тамызып сөйлейтін Зейнолла  Қабдолов Мерекені бауырына қысып тұрып, тебіренді-ай дейсің, зал сілтідей тынды. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин де аянып қалған жоқ. Творчестволық табыстар тіледі. Содан бері, міне, он бес жылда атқан оқтай зымырап өте шықты. Жазушының шеберлігі шыңдалды, өсті, толысты. Әңгіме, новелла, жинақтар бірінен кейін бірі жалғасын тауып жатты. Мен тек қана эссе  дейміз бе, публицистика дейміз бе Мерекенің көсемсөзіне назар аударғым келді. Осы біздің қоғам не қоғам, қандай істер, іркілістер, оқиғалар  бар, адамдар қалай тіршілік етіп жатыр, күнелтіс түрі қалай? Ар-ождан, ізгілік, адамгершіліктің бет-пердесі қан­­­дай, алдау, арбау ше? 1920 жылдары қазақ ақыны Сәбит Дөнентаев «Заман кімдікі» деген өлеңінде: «Бұл заман байқағанда күштінікі, азулы тырнақты мен тістінікі…» деп жырлап еді. Мере­кенің «Біздің қоғам» деген эсселер (көсемсөздер) жинағын қолыма алғанда, Сәбиттің сол жолдары есіме оралды. Тақырыптарының өзі мазмұнын ашып, атойлап тұр. Көкейіңдегіні дөп басқан соң, амалсыз бас изейсің, автормен келісе кетесің. «Бізде қылмысты топтар бар ма?», «Бюрократия», «Тым орыстанып кеткен халықпыз», «Бай мен кедей», «Қазақ неге жалқау?». Атының өзінен-ақ айтар әңгіме, қозғалатын тақырып белгілі. Жекешелендіру деген желеумен қолында билігі барлар күреп алып, асап жатыр. Сарай, ғимарат, кеңсе, монша, балабақша, мемлекет мүлкі деген жоқ, ешкім де қақалмады, шашалмады, ықы­лық та атпады, дүниенің қызығын көрді, қалалардан екі этажды коттедждер салып алды, балаларына үй сатып әперді, талап жатты, тонап жатты, «әй дейтін Ажа, қой дейтін Қожа» болған жоқ. Заң орнындағылардың көзі соқыр, құлағы керең, мылқау. Қара халық бәрін көріп-біліп отыр. Айтар ауыз бар да, тыңдар құлақ жоқ. 
Тендер деген бәле шықты. Жол салады, мектеп, аурухана, балалар мекемелерін, спорт сарайларын, қонақ үйлер, әмбебап дүкендер, автотұрақтар, демалыс үйлерін, тіпті, зауыт, фабрика тұрғызады. Кейбірінде техника түрлері, керек-жарағы болмаса да тендерді жеңіп алып, бәрін де жалға алып алшаң басып, миығынан күліп, қаға­нағы қарқ, сағанағы сарқ болып жатады, сондықтан да ғой статистика бойынша ауқатты адамдар республикада 3-4 пайыз, ал, кедейлер 25-30 пайыз болуы. Ал, сол тендерді жеңіп алғандардың артында дөкейлер, шляпасы әдемілер отыр. Кедей-кепшіктердің, жарлы-жақыбайлардың арыз-шағымдарын, мұң-мұқтажын кім тыңдайды, оларға деген есік тарс жабық. Сондықтан, «бара бергенше, пара бер» деген аксиома өмірге енген. 
Біздің еліміз тек қазба байлықтары ғана емес, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, кесіртке, жыландарға да бай екен ғой. Бір тасбақа Францияда 60 доллар тұрады екен. Осындай байлыққа кенелгісі келген бір жатжұрттық 8 қапқа салынған 840 тасбақамен қолға түссе, бір шетелдік 4500 тасбақамен ұсталған. Жамбыл облысының аумағында қызғылт түсті жыланның әрбірін қытайлықтар 1500 теңгеге  қолма-қол сатып алады екен. Елімізде ұйымдасқан қылмыстар өте көп. Теледидарды қосып, радиоға құлақ түріп отырсаңыз, осы саламен күресетіндер өте мол. Қаржы полициясы, «Нұр Отан» халықтық бірлігі партиясы, прокуратура, кедендік одақтар, самұрық қазына, тіпті көп, алайда алпауыттар, қазақша айтқанда биені бүгімен, түйені түгімен қылғытып жатқандар торға ілікпейді де, мәлөгі ғана қолға ілігеді. «Қара жүректен би қойсаң, аузы кетпес парадан»-ның кебі. Автор заманның көшіне мықтап зер салады, өскелең буынға келешегіміз кемел болуы үшін уақыттың тамырын дәл басып отырады. «Алдыңғы толқын, кейінгі толқын» тарауларын бей-жай көз жүгіртіп шығу қиын. «Аққан жұлдызда» Мәншүкті жоқтаса, «жоқтауға, сағынуға тұратын жан еді» деп мемлекет, қоғам қайраткері Атырау, Маңғыстау облыстарын 15 жылдай басқарған Саламат Мұқашевты, «Жазушының жүрегі» деп, тамаша жазушы, «Құдіреттің» авторы Өтебай Қанахинді шеберлікпен суреттепті. «Адам адам дейміз, адамшы­лығы болмаса адам неге керек» деген ғой классик жазушымыз Ғабиден Мұстафин. Сол айтқандай, Мерекенің суреттеп, жазып жүрген персонаждары болмыс-бітімі жағынан болсын, кескін-келбеті жағынан да үлгі алатын, кісі құмартып еліктейтін бейнелер. 
«Ұлттың бақыты немесе мен білетін Шерағаң» деген жазбасы менің құрдасым болғандықтан емес, кісілік келбетін келіс­тіріп жазғанымен ұнады. 1991 жылы Ғ.Сла­новтың 80 жылдығына байланысты республика үкіметі Шерханды басшы етіп комиссия құрған-ды. Сонда жерлесіміздің қасық қаны тамған Тайсойғанда, Миялыда көп сырласып, әңгімелесіп едік, екеуіміздің де алғаш оқыған романымыз «Дөң асқан» екен. «Қазақ тілі» қоғамының  республикалық құрылтайында да талай кеуде қағыстырдық, қайғыларымызбен бө­ліс­тік. Депутат кезін­де де ешкімнен қай­мықпайтын, алмас қы­лыш­тай  кесіп түсе­тін. «Екі тіл» жыланда ғана бар дейтін, қолын шошайтып, батыл айтқан осы Шерағаң ғой. Оның сұсты, қатулы қабағын, мінез-құл­қын Мереке дәл сурет­тепті ғой. Фариза Оңғарсынованы, Оралхан Бөкейді таланттарын танып, «Лениншіл жасқа» (бүгінгі «Жас алаш») алған осы Шер­хан. Қазіргі көптеген ақын-жазушылар өздерін «Шерханның шек­­пенінен» шықтық деп мақтанады, өте орын­­ды! «Ешкімге ұқса­майтын ғажайып әлемі» пікірлес досы Ра­хымжан Отарбаевқа арналған екен. Жа­зу­шылардың тәуір деген туындылары орыс, неміс, француз, ағылшын, испан тілдеріне аударылғанда мақтаныш сезімде аталып жатады. Ал, Рақаңның шығармалары Каирда египет тілінде, Пекинде қытай тілінде басылып шықты. Құдырет дейсің бе, ғажап дейсің бе, өзің біл, өзің бағала! Баяғыда Миялыда Салтанат Балғымбаев қолдап, үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаевтың өзі келіп, Қаратау бабаға арнап мешіт тұр­ғызу салтанатында осы Рахымжан тө­гіл­тіп баяндама жасаған, қара сөзді құй­қыл­жытып жорғалатқан. Жұрт оны ұмыта қойған жоқ. Р. Отарбаевтың ой орамдарын, шеберлігін жазушылар ұна­тып, қолдап, жарыса жазып жатыр. Мереке де «күміс жалды, алтын тұяқты, шалқұйрықты тар­ланбозым» деп дұрыс теңеп отыр. Абыз ақынымыз Әбділда:
«Жиырмамда қыран құстың түлегі едім,
Отызда от бассам деп тілеп едім.
Қырқымда қиындықтан тоят іздеп,
Елуде ел дегеннің біреуі едім.
Алқынтпай 60-ым да қалды артымда,
Я, тәңір, жетпісімді  өзің оңда, деп қай­рат-күшін, өткен өмірін жырлап еді, сол айтқандай, Мерекенің болашақтағы жет­пісін де Алла тағала қолдасын, үрім-бұта­ғына нұр шапағатын төге берсін!

Құлкеновтердің үнемі тілеулесі:   
Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
Халел Досмұхамедұлы 
атындағы сыйлықтың иегері, 
Миялы селосы,  Атырау облысы

ӨРЕСІ  БИІК  ТҰЛҒА

кулкен«О, туған жер,
Кеңпейіл, құшағың кең,
Саған көңіл бұлқынар, күш ағынмен.
Сағынышымды қанат қып саған қарай,
Балапандай талпынып ұшамын мен»,–деп Фариза ақын жырлағандай, Мерекенің 40 жасқа толғанда туған жерге балапандай талпынып келгені есімізде еді. Ол кезде Мереке шабатұғын құр аттай шұлғып тұрған еді. Енді, міне, 65-ке толған шағында талтүс болып келіп отыр. Ауылымыздың бел баласы, мектеп түлегі, оқушымыз. Әке-шешесі ауданымызға белгілі әулет иелері еді. Әбдеш осы ауылда ауылдық кеңес төрағасы болса, Талшын апай малшы-механизаторларды жылы киім-кешекпен қамтитын тұрмыс комбинатын басқарды. Мектепте Мереке жақсы оқыды, жазу-сызуға бейім болды. Белсенді, озат оқушы ретінде пионерге өтуден бастап, творчестволық жолын да «Пионер» газетінен бастады. Кейін «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жалын» журналдарында бас­пал­дақтап өсті. Республикамыздағы бел­гілі жазушылар санатына қосылып, қарымды қаламымен елге танылды, ел мақтанышына айналды.
Алғаш Мерекенің газет-журналдарға шыққан мақалаларынан бастап, «Ескі мектеп» шығармасын, «Шарбақ», «Үрей» атты жинақтарын оқушы қауым жылы қабылдап, сүйсініп оқыды. Әлі де біз «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, газет-журналдардың бетін ашып қалғанда, өз перзентіміз – Мерекенің шығармасы болса, алтын көргендей, оқып шыққанша асы­ғамыз. Мереке маған бір кездескенде «Біздің қоғам» деген кітабын сыйға тартқан болатын. Ондағы әр алуан қоғамдағы ке­леңсіз кемшіліктерді (жекешелендіру, жем­қорлық, т.б.) тап басып, қаймықпай, қатал сынағанына айызымыз қанған болатын.
Мереке біраз уақыт «Ана тілі» газетін басқарып, тіл тазалығы үшін, мемлекеттік тіліміз үшін күресті.
Мереке – бірнеше  кітаптың авторы, танымал қаламгер. Оның талай жылғы жемісті еңбегі еленбей де қалған жоқ. «Құрмет» орденін алды.
Елбасының өз қолынан Президент сый­лығының лауреаттығын алғанына қа­лай сүйсінбессің, қалай мақтанбассың? Алшаңдап алпыс беске келгенмен, тұғырдан түскен жоқ. Қазір өзі құрған «Өлке» баспасын басқарып, ұлт зиялыларының жазған шығармаларын басып, халыққа таратуда. Біз – Мерекенің жерлестері, ауылдастары, ұстаздары оны кемел жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып, оған Алатаудай биіктік тілейміз.
Қайыржан КЕТЕБАЕВ,
ардагер-ұстаз

ЕТ-ЖҮРЕГІ  ЕЛІМ  ДЕП  ЕЛЖІРЕГЕН

Қызылқоғаның қасиетті топыра­ғын­да кіндік қаны тамып, киелі өлкеде тү­леп ұшқан қарымды қаламгер  егемен еліміздің, жарқын болашағымыздың жолында аянбай тер төкті. Киелі Қызылқоға топырағы, суы, ауасы, әрбір шөбі, яғни, елдің өршіл табиғатымен дарыған таудай талабы мен болашаққа деген арманы оны қияға жетеледі, қырандай биікке самғатты.
Еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, та­лан­­ты мен талабы арқылы өмірде қатар­ларынан оза шауып, дараланып шыға келді. Ол аруақты ата-бабаларының рухынан нәр алып, ел саясатын, ұлт намысын жеке мүддесінен жоғары қойды, тіл жанашыры, ел жанашыры болып, шалдықпай, шаршамай тарланбоз болып алпыс бесінші асуға жетті. Жай жеткен жоқ, батыл да табанды, қоғам белсендісі болып жетті. Міне, жерлесіміз деп мақ­танып, көкке көтеріп жүрген Мереке арқылы біз де мақтана аламыз, себебі ол мақтануға тұрарлық тұлға. 
Енді, бір-екі өзім көрген, куә болған әңгі­ме­лерімді айта кетуді жөн көрдім.
1994 жылы сәуір айында сол кездегі аудан әкімі мені Х.Досмұхамедовтың 110 жыл­дығы және ауданның 50 жылдығын тойлау үшін қолыма хаттар беріп, Алматыға жіберді. Елдегі жағдай әлі түзеле қоймаған кез. Мен ауданға 1993 жылы  су тасқыны келгенін, халықтың көңіл-күйінің де кө­терілу керек екенін, әрі Халелдей ұлы тұлғаның 110 жылдығын атап өту керек деген халықтың хатын алып, Алматыға ұшып кеттім. Мерекеге барып, бар жағдайды түсіндірдім. Ол жерлес ағамыз Зейнолла Қабдолов екеуі сол кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы болып қызметте отырған Әбіш Кекілбаевтың қабылдауына кіргізді. Әбіш аға да елдегі су тасқыны жөнінде бүге-шүгесіне дейін сұрады. Мереке де сөзін өткізіп, тойды республикалық дәрежеде өткізуге, сол жерде-ақ қаржы бөлуге кө­мектесті, тойдың қаржысы дәл сол кабинетте шешілді. Зейнолла аға екеуінің сөзінің өтімділігі бөлек еді. Міне, ол той осылайша басталды. Ал, Халелдің бүкіл тума-туысының көзі тірілеріне түгел апар­ды, ол бөлек бір әңгіме. Аудандық мұра­жайдағы Халел Досмұхамедовтың материалдарын түгелімен Мереке жинақтап, әкелген еді. Алматыға екінші рет барып Х.Досмұхамедовтың қазіргі тұрған ес­керт­кіш тақтасын Мереке самолетке салдыр­тып, алып келдім. Ескерткішті дайын­датқан да Мереке еді. 
2004 жылы  ауданның 60 жылдық тойына қыркүйек айында сол кездегі аудан әкімі той өткізуге әдейі қор ашып, Алматыға жерлестермен сөйлесуге жіберді, тойдың ұйымдастыру жұмыстарын жүргіздім. «Өл­ке» баспасынан «Қызылқоға – құт мекен» – 1000 дана, «Тарихи тұлғалар», әрбір пап­касында 4 кітаптан – 1000 дана. Кітап­тардың шығуына Мереке ерен еңбек етті. Жіберілген материалдардың жетпестігін өзі архивтер арқылы іздеп тапты, кітаптардың жақсы шыққанына ел халқы куә болды. Жерлесіміз Жауқашты Нәбиевке барып, Қызылқоғаның төсбелгісіне тапсырыс  берді, тойға шақырылғандарға берілетін футболка, бейсболка, блокнот, қаламсап, сөмке, кілемшелер, шапандар мен Алғыс хаттарды, шақыру билеттерін түгелімен «Өлке» баспасынан шығарып берді. Біз қайсыбір ерте  қамданамыз, тек жақындағанда, жан алқымға келгенде  асығып жүретін әдетіміз ғой, уақыт  болып қалды той болатын, мені осыларды бітіріп алып келмей, келмейсің деп жіберді, ал мен күндіз-түні «Өлке» баспасының қызметкерлерімен бірдей жұ­мыс жасадым, ақыры кітаптарды да, беріл­ген тапсырыстарды да өзіммен таудай етіп алып келдім. Онымен қоймай, аудандық мұражайға Мереке Кейкин Жәрдемнен 32, Сафи Өтебаевтан 12, Жауғашты Нәбиевтен 27, Нұрғожа Жұбановтан 6, Сәтімжан Санбаевтан 15, Балтабек Қуандықовтан 9, «Үш қиян» баспасынан 16 әр түрлі жәді­герлер, Нұрберген Балғымбаевтан 53 сурет, алып келді. Жерлестеріміздің өздері пайдаланған заттарын барып үйлерінен алдым. С.Зиманов, З.Қабдолов, М.Салықов ағалармен кездестім. Мереке арқылы Қы­зыл­қоғаның бүкіл зиялы азаматтарымен жақын таныс болдым.  Аудандық мұражайға  осы кісілердің құжаттары, суреттері, өз­дері тұтынған заттары сияқты бас-аяғы 160-тан астам музей төрінен орын алуға лайықты бұйымдарды жинап,  алып келдім. Одан басқа Мереке жерлестеріміз Роман Қосжанов, Орынбасар Берденов,  Толыбек Тілегенов, Махмут Мұқанов, Ерік Ахметов, Талап Кенжебеков, Шолпан Ұғыбаева, Жолдығали Бақытов, Халел Сағын, Абзал Дүйсенғалиев, Айбек Меңдіғарин тағы басқа көптеген жерлестерімізді тауып, кездесуге мүмкіндік жасады. Осы  аталған барлық іскер, кәсіпкер  жерлестерім құрақ ұшып қарсы алып, бәрі ауданның тойына өз үлестерін қосты. Осы азаматтардың барлығы Мерекенің ұсынысын қолдап, ауданның мерейтойын  өз деңгейінде өткізу үшін жағдай жасады. Осындай жақсы­лықтарды кез-келген адам жасай алмайды. Жақсылық жасаса да, атүсті көңіл қимас­тықпен бірдеңе қылар, бірақ беріліп, бе­делін салып өз жұмысы ретінде қабылдап, бастан-аяқ өзінің жүріп, істі соңына дейін тындыру кез-келген азаматтың қолынан келмейтіндігін мойындауымыз керек.  
Мерекенің айта берсе жақсылығы же­терлік. Мереке Қызылқоға десе бүй­регі бұрып тұрады, оның туған жерге, елге деген ыстық ықыласы ерекше. Өзін сабырлы,  байсалды ұстайтын кербез де, кісілік тұлғасы басым. Ешкімді жатсын­байды, кім-кімге де риясыз қа­рым-қатынас жасайды, елге қамқор, жайдары да жарқын жүреді. Елі, туған жері оған «Қызылқоғаның құрметті аза­маты» деген атақты дер уақытында берді. Мерекенің тілге, әдебиетке деген ерекше сүйіспеншілігі мен бейімділігі сүйегіне сіңген қасиет. Мереке кім-кімнің де көкірегін толғандырған, небір өткір ой, кесек көзқарастарын кеңінен көсілтіп қозғай алады. Небір айшықты ой орамдарын көкейтесті толғаныстарын қы­зы­ға да құлшына тыңдайсың. Ол жалғандық пен жалтақтыққа төзбейтін, қара қылды қақ жарған, әділеттілікті ту еткен адал, мөлдір, киелі ұрпақтың жалғасы. Ал, Мерекенің өмірлік адал жары Гүлсімнің өмір жолы бір бөлек әңгіме. Тек әйел, жар, ана ретіндегі  рөлін ол артығымен орындап отырған адам. Гүлсімнің өте қарапайымдылығын, кішіпейілділігін, қонақжайлылығын айтып жеткізу мүмкін емес. «Ішкен ас түске жетпес, ықылас-ниет  естен кетпес» деген, Алматыға неше барсам да Гүлсіммен бірге қою шай ішіп, ауылдың етін пісіріп, бауырсағын беруден бір шаршаған емес. Үнемі күтіп алып, шығарып салып отырды. Бала тәрбиесіне, жолдасының бабын табуда ол алдына жан салмайды. Ал, жұмысты да бір кісідей атқарып, балалар сүйіп оқитын «Балаби» журналын басқару да оңай шаруа емес. Үйінен талай зиялы қоғам қайраткерлері де дәм татқан. 
Міне, Мерекенің кемел шаққа келген тұ­сындағы мерейтойында айтарым көп еді. Бірақ оның барлығы бір мақалаға қайдан сия қойсын. Менің айтарым, Мерекенің алар асуы әлі алда, ол қоғам қайраткері, елі­не де, қоғамға да керек тұлға. Қай кезде де біз Мерекені іздеп отыратынымыз ақиқат. Мере­кенің беделін, ортасына сыйлы екенін, бір ауыз сөзімен барлық ортаны тыңдата алатынына талай көзім жеткен. Мен Мерекенің барлық жақсылығына ризашылық білдіре отырып, шығармашылық табыс, отбасына амандық, ұрпағына бақытты ғұмыр тілеймін.

Жәния ІЗБАСҚАН,
«Мәдениет қайраткері», 
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

 

 

Алдыңғы «
Келесі »