ШЕБЕРЛІК СЫРЛАРЫ

  • 07.08.2012
  • 333 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ

Қазақ театр тарихында режиссерлік өнердің өсіп-өркендеуі Ж.Аймауытов, Ж.Шанин, А.Тоқпанов, Ә.Мәмбетов есім­дерімен тығыз байланысты. Бұлар қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына орсан зор үлес қосқан бірегей тұлғалар еді. Олардың санатына Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, В.Пусырманов, Р.Сейтметов, Е.Обаев, т.б. майталмандарды жатқызуға болады. Бұл буын өз кезегінде қазақ театры өнеріне елеулі үлес қосып қана қоймай, жаңаша көзқарастағы мектептер үрдісін ала келді.
Есмұқан Обаев 2001 жылы қыркүйек айында ҚР Мәдениет министрінің бұйрығымен Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемік жетекшісі болып тағайындалды. Бүгінге дейін осы театрдың тандырын баптап, заман талабына сай пісіп-жетілген небір тамаша қойылымдардың көрермен алдына тартылуын мұқият қадағалаумен келеді.
Режиссер Е.Обаев – еліміздің рес­публи­калық, облыстық театр сахналарында жүзден аса спектакль қойған айтулы режиссер. Бұл дүниелер оның шығармашылық ізденісін, кәсіби қабілетін танытады. Сонымен қатар, өзін толғандырып жүрген мәселелерді уақыт талабына сай, өзіндік түйіндер жасап, ерекше көзқарасын, талғамын, қолтаңбасын қалдыруға ұмтылғанын да көрсетеді. Спектакль сюжеттеріндегі түрлі бейнелер, көркемдік-идеялық, философиялық, қоғамдық-әлеуметтік, моральдік-эстетикалық, тәрбиелік мәні бар тұстары режиссердің алға тартқан мақсат-міндеттерін анық байқатады. Обаевтың шеберлігін шыңдай түскен режиссерлік шешім туралы театр сыншылары мен зерттеушілер жиі айтып жүр. Сондықтан, режиссер қазақ театр өнерінің қара шаңырағында Тәуелсіздіктен кейінгі туындыларды сахна төріне тартуда.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары ұлттық драматургияда өмірдің өзекті мәселелерін көтерген Ә.Тарази, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Б.Мұқай, Т.Ахметжан, Ш.Мұртаза, Қ.Ысқақ, Р.Мұқанова, И.Сапарбай, Т.Әбдіков, т.б. драматургтер замандастар тап болған өмір құбылыстарын әртүрлі аспектіде қарастырды. Бүгінгі тыныс-тіршілігімізді сарапқа салып, заманның беталысы мен қоғамдағы айтулы өзгерістерді көркемдік тұрғыда қарастыру кез-келген режиссерге оңай түспесі анық.
Көрерменнің өз заманының үнін танып-білуі, әрбір қоғам мүшесінің іс-қимылына сын көзбен қарауды мақсат еткен Е.Обаевтың режиссерлік жұмыстары, ерекшеліктері өзгеше өріс тапқан. Сахнада қойылған спек­такльдердің бірінде махаббат, отбасы мәселелері қаралса, енді бірінде үміт пен күдік, нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік, жемқорлық тәрізді үлкен қоғамдық дертке айналған келеңсіз жағдайлар көрсетілуде. Соңғы уақыттары театрларды толғандырған мәселелердің бірі діннен, тілден безіп, өскен ортасынан алыстаған, әлпештеген ата-анасы мен іштен шыққан баласына қарамай кететін жастардың тағдыры бар шындығымен сахнаға шықты. Адамның өмірі, әлемдегі түрлі оқиғалардың бүгінгі қоғамға әсері туралы режиссер өзінше толғап, ұлттық салт-дәстүрі мен тілін бойына сіңірмеген жастардың азғындық жолдарға оп-оңай түсіп кете беретіндігін өз спектакльдері арқылы айтқыза алды. Замандас бейнесін сахнада суреттеудің жаңа әдіс-тәсілдерін тауып, уақыт пен қоғам, ар мен ождан мәселелерін дер кезінде қозғауға да өз үлесін қосып келеді.
Бүгінгі күн тақырыбын, қоғамымыздың толғақты жағдайларына үн қосатын, өз жұртымыздың намысын жыртатын тақы­рыптарды көбірек қаузайтыны – театр өзінің барлық болмысымен қоғам, мемлекет, халқымыздың биік кеуделі рухы үшін қызмет ететіндігі. Міне, сондықтан, бүгінде қойылып жатқан шығармалардың көбі қазіргі күн тақырыбын арқау еткен туындылар. Өйткені, театр әр кез өзінің уақытының мұңымен мұңдас, сырымен сырлас, заманының ағымымен үндес. Оған дәлел – Ә.Таразидің «Індет», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай», Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н.Керімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» пьесалары. Бұл қолжазбалардың әрқайсысы өзінің көтерген салмағымен және Е.Обаевтың режиссерлік ізденісімен, шығармаға шырай берген шешімімен аса бағалы.
Басшылық қызметтен алыс кезде де театр тың жаңалықтарды, өзгерістерді талап ететінін талғампаз режиссер Е.Обаев бар болмысымен түсінді. Театрдың директоры, әрі көркемдік жетекшілікке тағайындалғаннан кейін, ол бұл істі мұқият қолға алды. Оның режиссерлік әдіс-тәсілі өзінің азаматтық ұстанымы мен шығармашылық көзқарастарын танытатын спектакльдерінде айқын жүйеленді. Обаевтың белсенді, қойылымдық режиссурасы – жаңа көркемдік идеясының көрінісі. Өз заманының қарымды да, озық ойлы театр қайраткері бола отырып, Е.Обаев актерлік өнерді өзінің шебер ойластырылған тұжырымына, яғни, спектакльдің басты идеясына, күрделі режиссерлік шешімге бағындырды. Өзіне дейінгі режиссерлер мен театр актерлерінің жинаған мол тәжірибесін жалғастыра отырып, Обаев қалыптасқан актерлік мектептің тиімді, өзінің мақсаттарына сай жақтарын орынды пайдалануда. Ол таптаурындықтан қашып, қалыптасқан әдіс-тәсілдерге, актерлік бейнелеу құралдарына жаңалық лебін енгізіп, соны басшы ретінде қадағалап келеді. Осы уақытқа дейін қазақ театр сахнасында актерлік өнер спектакльде басымдылық танытса, «белсенді» режиссураның пайда болуымен актерлік өнер тұтас бір спектакльдің құрамдас, әрі бастаушы бөлшегіне айналды. Яғни, «әкем театрдай» қара орманның басында отырған Е.Обаев қоластындағы сантүрлі сипаттағы актерлердің сахналық шеберліктеріне мән беріп, оларға жемісті түрде режиссерлік басшылық жасап келеді. Пьесадағы мінез-кейіптерді, олардың өзара қарым-қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-әрекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жіберулеріне көмек болып жүрген режиссердің үлгі-өнегесі көп.
Е.Обаевтың мектебінде өсін-өніп жүрген актерлер – көркем образдарды сомдаудағы шеберліктері бар таланттар. Көрерменнің сана-сезімін ессіз баурап, олардың көңілін сахнаға аударып, жан дүниені тебіреніске түсіріп, ойнай білу – актердің басты міндеті. Соны үнемі еске түсіріп отыру – Обаевтың әдетіне айналған дағдысы. Себебі, адам болмысын көркемдік көзбен көріп, оны үлкен сезіммен көрерменге жеткізу – тек талантты суреткерлердің ғана қолдарынан келер құдірет. Ал, тау тұлғалы Е.Обаевтың: «Тұңғыш қадамымды осы театрда Сер­ағаң­мен, Елағаңмен, ұлы Қаллекилермен 1965 жылы «Жаяу Мұсаны» қойып бастаған едім. 40 жыл­дай осы театрдың кеңістігінен алшақ кет­пе­гендіктен де, табалдырығын аттаған сайын, театр мен үшін бір үлкен Мекке сияқты, бір үлкен сыйынатын орын сияқты. Өзіңді-өзің бағалай алатындай, өзіңді-өзің қайда жүрмін, не істеп жүрмін деген сауалдар төңірегінде ой толғайтын дәрежеге жеткендейміз. Бүгінде аға режиссер емес, ата режиссер болдық», – дейді.
Қазақтың театр өнері дара тұлғаларға бай. Талантына табындырған, тамсандырған небір саңлақтар мен ұлы суреткерлер ұлттық сахнаға ұлағатты мол сыйлағандары да рас. Ал, осы театрдың ағзасына тіршілік отын тұтататын, тамырларына ыстық қан тарататын жаны, жүрегі дейтіндей ұстыны – режиссер десек, қазақ топырағында тұтас дәуір жасаған, қол бастап, көсемдік еткен кәсіби режиссер санаулы сияқты. Нақ осы санаулы сиректер қатарында Есмұқан Обаевтың аталуы әлдебір заңдылыққа, нысанды құбылысқа саятындай. Е.Обаевтың қазақтың қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында тұрақтап, көркемдік жетекшілік жасап келе жатуы алдағы күндердің береке-бірліктеріне бастап бара жатқандай.

Алдыңғы «
Келесі »