ЖАҚЫПБАЕВТЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ

  • 07.08.2012
  • 778 рет оқылды
  • 1

Тұрсынгүл Аманғалиева,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы, театр өнері
факультетінің 1-курс магистранты

Театр тағдыры режиссерға байланысты. Елімізде театрға еңбек сіңіріп жүрген режиссер ағаларымыз баршылық. Солардың бірі спектакльдерін қазіргі жастардың сүйсіне, қызыға, тамсана қарайтын «Жастар» театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрғанат Жақыпбай екендігі айқын. Режиссердің қай қойылымын алсақ та, іштей байланыс, мықты динамика, жанр болмысына тән нәзіктік, орындаушылардың өз іс-әрекет, мақсат-мұраттарын айқын біліп, сахналық тұтастық тауып режиссерлік ой-тұжырымға топталары анық. Оның қойылымдарынан мизансценалардың ерекше болуы, барынша бейнелі және анық, тұтас қойылымның өзіндік түріне, суреттеу тәсілдерінің өткірлігіне, сондай-ақ, детальдар мен штрихтардың айқындығына аса мән беретіні байқалады. Осы бағыттағы Н.Жақыпбайдың мықты құралы оның режиссерлік қиял жүйріктігі мен тапқырлығы, суреткерге тән байқағыштығы, сезімталдылығы болып табылады.
Н. Жақыпбай қазақ театр өнеріне өзгеше бір пішіндік ізденістермен келген жаңашыл режиссер екенін барлығы мойындайды. Бұлай дейтін себебіміз, оның спектакльдеріндегі бүгінгі өмірдің ащы шындықтары, жастар өмірі, сондай-ақ, классикалық шығармаларды қазіргі қоғамға сай түрлендіре жеткізу процестері әркез басым жатады. Ол бүгінгі көрермендер талғамына сай, соның ішінде, жастардың театрына себепкер болатын, олардың жүрегіне жақын келетін тақырыптарды іздеуге талпынады. Қазіргі замандағы адамдардың бастарынан өтіп жатқан өзекті мәселелерді, адам тағдырында кездесетін әртүрлі сынақтарды сахналауды мұрат тұтады. Мұндай қойылымдар қазіргі заманда өте қажет. Себебі, әртүрлі қиындықтарға тап болған адамдар өздерін сырттан, яғни, спектакльдегі кейіпкерлер арқылы көріп, барлығы өткінші екенін түсініп, тәубеге келуі мүмкін және мұндай қойылымдар адам жанына өте жақын, әрі сіңімді.
Сонымен қатар, режиссердің тағы бір ерекшелігі – қойылымдарының көпшілігінде сахналық кейіпкерлердің залда отырған көрермендермен тығыз байланыста болуы. Сахнадан жұртшылық тамашалап отырған тақырып төңірегінде әртүрлі сауалдар қойылып, көрермендер арасынан сол сәтте сұраққа лайықты жауаптар қарастырылып жатады. Н. Жақыпбай өзінің қойылымдарын пластика жүйесін драмалық шығармаға үйлестіріп, көрермендерді таң қалдыруда. Ол қойған «Ғайыптағы махаббат», «Жан азабы», тағы басқа спектакльдер пластикалық қимыл-қозғалысқа құрылған. Ұзақ-сонар монологтардың орнын пластикалық қимыл-әрекеттерге, әуен-саз әлеміне бағыттауға айрықша талпынады. Адамның ішкі сезімдерін пластика тілімен жеткізе білуге құмар. Оның бірден-бір көздеген мақсаты да – осы пластика машықтарын драмалық шығармаларға орынды кірістіруі. Сонымен бірге, режиссер Н. Жақыпбай қойылымдарындағы сахналық безендірісті жәй көркемдік түр деп емес, оны да бір бейнелік сипат санатында пайдаланады. Ол үшін сахна безендіретін әртүрлі заттарға толы болуы маңызды емес. Мысалы, бір бөлмедегі жағдайды көрсету үшін терезе немесе шкаф секілділер ол үшін керек емес. Яғни, актер оған тәуелді емес. Ол үшін ең маңыздысы – еркін қозғалыс, актер пластикасында. Актер сахнада өзін жансыз заттардың арасына тықпай, өзіне ғана сенеді де, барлық ішкі және сыртқы пластикасын ой-санасымен ұштастырып, көрермен жүрегінен орын табады. Оның кейбір қойылымдарында ешқандай безендірілу жоқ. Көбінесе сахна алаңын орындаушылардың еркін қимылдауына мол мүмкіндік туғызуға арнаған. Тіпті, оның қойылымдарына актердің ойнайтын рөліне жас шамасының, сыртқы кескін-келбетінің сәйкес келуі шарт емес. Қойылымдарға қатысушы актерлердің жас мөлшерлерін шығармадағы кейіпкерлердің жасымен сәйкестендіріп, гриммен өзгертуді керек етпейді. Сондай-ақ, оның қойылымдарында музыка мен жарық маңызды рөл атқарады. Бұдан біз режиссердің қойылымның ішкі мазмұнына, сыртқы пішінінен көрі көбірек көңіл бөлетінін аңғарамыз.
Режиссердің тағы бір ауыз толтыра айтуға болатын ерекшелігі, актерлерге өз ойын жеткізуден, түсіндіруден басқа, олардың алдына ешқандай тосқауыл, тежеу қоймайды. Режиссер орындаушылардың сахнада өздерін барынша еркін ұстап, қиялдан туатын қалыпты қимыл-қозғалыс, әрекет жасауына баса назар аударады. Актердің өз еркімен рөлін меңгеруге, оның бойындағы дарын даралығын, ерекшелігін ашуға тырысады. Н. Жақыпбай орындаушылардың өз рөлін шынайы бейнелеуіне аса ұқыптылықпен, зор жауапкершілікпен қарайды. Ол актерлерге үнемі сахналық тәжірибелер мен әдеби шығармалар негізін мысал ете келе, сахнагерлердің орындаушылық шабытына дем береді.
Н. Жақыпбай драматургиядағы уақыт тынысын дәл айқындап, басты оқиғалар мен мағыналы сөздер жиынтығын қойылымның композициялық құрылымына кедергі келтірмейтіндей етіп, даралай біледі. Режиссер қойылымдарды сахналауда бұрынғы қалыптасқан дәстүрлі сахналық шешімдерден қашып, жаңа көзқараспен, өзгеше пайымдаумен қараған. Н. Жақыпбай репертуар таңдауға да аса мән беріп, оған жауапкершілікпен қарайды. Оның спектакльдерінде тек актерлер қауымы ғана емес, сонымен бірге, сахналық безендіру де, кейіпкерлердің киімдері, театрдың сахналық жабдықтары да ойнап, сөйлеп тұрады.
Қиял мен ой шапшаңдығын, асқан ұқып­тылық пен үлкен шеберлікті талап ететін режиссура саласы бойынша еңбек еткен Н. Жақыпбай қазақ кәсіби театр өнерінің тағдырына алаңдап, оның болашақта кемеліне келген, дамыған өнер түрі болып қалыптасуына жалықпай, тағатсыз ізденіс үстінде жүреді. Режиссер, мейлі классиканы, болмаса аударманы, әйтпесе, қазақ шығармаларын қойса да, ол үшін ең маңыздысы – туындының бүгінгі күнмен үндестігі. Қазіргі заман тақырыбын сезіну оған жаңа заманға сай спектакльдің пішінін тудырады. Ол әрбір пьесадан жаңа нәрсе тауып отырады. Өйткені, режиссер репертуар таңдап, кәстөмдер заман талабына сай, заманауи болуын қадағалап, қойылымдарда пластикаға көбірек мән береді. Осының барлығынан режиссердің ерекше талант иесі екені көрінеді. Режиссердің еңбектері – қазіргі жастардың қалауындағы еңбектер.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Аккемпирим сол

Пікірлерге тыйым салынады.