КҮЙШІ ТҰРЫСБЕК ТҮСІПБЕКОВ

  • 07.08.2012
  • 542 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әсел Қайратқызы,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты

XIX ғасырдың бас кезінде халықтың қо­ғамдық және рухани өмірінде дәстүрлі музыка өнері жалғасын тауып, жан – жақты даму процестеріне түсті. Қазақ даласында әлеуметтік және саяси өзгерістер бұған ықпалын тигізді. Ән мен күй жанрлары халықтың мәдени болмысында қарқынды дамуымен қатар әншілік пен аспаптық орындаушылық (күйшілік) жекелей жетіліп, биік көркемдік және шеберлік деңгейі жоғарылады. Шығармашылық өнердің түрлері дамып, өзіндік жаңашылдығымен ерекшелене бастады. Аспаптық музыкаға келер болсақ, алғаш құрылған халық аспаптар оркестрі, түрлі ансамбльдер пайда болуының негізінде жеке орындаушылық өнердің күйі кете бастады. Сонымен қатар музыканы қабылдау мен эстетикалық жаңашылдық көз­қарастар жағынан прогрестік ұғыныңқылық қалыптасты. Өнер иелері мен оны орындаушылар мен насихаттаушылар әлеуметтік мағынада танылып, ұлт тарапынан ерекше беделге, сүйіс­пеншілікке бөленді. Соған қарамастан дәстүрлі орындаушылықты місе тұтқан Мағауия Хамзин, Әбікен Хасенов, Қаршыға Ахмедияров сынды дүлдүл күйші-орындаушылар дәстүрлі күйшілік мектептердің түп төркінін сақтай отырып, кемеліне келтіруде мол мұра қалдырған. Әрине, ұлттық өнердің негізін қалаушылар – халық, сол халық арасынан шыққан композиторлар. Дәстүрлі аспаптық музыкада ең көп тараған мектеп шертпе күй мектептері. Соның ішінде Арқа күйшілік мектебі жайында айтар болсақ Тәттімбеттің атымен басталады. Тәттімбет дамытып қалыптастырған күйшілік мектеп Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек сынды біртуар күйшілер арқылы ары қарай жалғасын тапты. Ұлттық рухани нақышпен айқындалатын бұл өнер халқымыздың ерекше болмысын көрсетіп, уақыт өткен сайын өзінің құндылығын жоғалтпайтын рухани асыл мұра болып қалыптасты. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын күйшілік өнерде алдыңғы буын өнерпаздардың өнеге -үлгісін көздің қарашығындай сақтап, келесі буынға табыс етуде аса үлкен мәртебе саналады. Осындай рухани үрдістің дәстүрлі жолы Әшімтай, Дайрабай, Сембек, Баубек, Әбді, Ахметжан, Аққыз, Әбікен, Ақмолда сияқты күйшілер арқылы жалғасын тапты. Осылайша ғасырдан ғасырға ауысып отырған дәстүрлі күйшілік өнерде әрбір іргелі күйші өзіне ғана лайық жеке қолтаңбасын білдіріп, өзіндік көркемдік үлгілерін де көрсете білген Тәттімбеттің тікелей ұрпағы Шаншар руынан шыққан Тұрысбек Түсіпбеков 1948 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылының Абай бөлімшесінде дүниеге келіп, Мыржық тауының етегінде Маныбай бұлағымен сусындап өскен. Бұл рудан белгілі домбырашы Битен, Шитен, Мауқай, Маныбай, Кенжетай сынды орақ тілді ақын, сал-серілер шыққан. Тұрысбекке күйшілік тегімен дарыған. Тәтекеңнің шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеп жүрген Тұрысбек Түсіпбеков жайлы көптеген еңбектерде жазылып келеді. Уәли Бекеновтың еңбегіндегі «Тәттімбет елінде ата күйін мирас көрер, тамылжыта күй толғар күйші ұрпақтары: Ақан Әжібекұлы, Сақия Қорабаева, Тұрысбек Түсіпбеков және Қабдылқұмар Кә­ріп­беков. Бұлар ата мұрагерлері. Әсіресе, Са­қия Қорабаева мен Құнан Кәріпбеков шебер орындаушы десек, Т. Түсіпбеков Тәттімбет өнерінің әрі орындаушысы, әрі насихатшысы» деген мағлұматтар бар[2.37б.]. Бала кезінен күйшілікті немерелес жақыны Зейнолла Хаймулдиннен Тәттімбеттің «Сары қамыс», «Шәйір қалды» күйлерін үйренген. Тұрысбектің ағасы Ырысбек Тәттекеңнің «Бозайғыр» күйін тартқан. «Көш жанаған», «Мыржық», «Аққу», «Ақбөпе», «Бертіс» күйлерін және бірнеше «Қосбасарларын» осы кісінің орындауында қол жеткізген. Ол да, бұл күйді Зейнолла Хаймулдиннен үйренген. Ал, інісі Кенжебек талантты әнші, әрі домбырашы. ГДР -дегі Рудольштат қаласына барып, Біржан, Ақан, Мәдидің әндерін шырқап, Тәттімбеттің «Саржайлау», «Сылқылдақ» күйлерін тартып, фестиваль лауреаты атанған. Текті ұрпақ аманатын арқалап жүрген Түсіпбековтер отбасында негізгі жүк Тұрысбектің еншісіне тиесілі болды. Сол аманатты жеткізу, насихаттауда сіңіріп жүрген ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының егемендігіне 10 жыл толу мерейтой қарсаңында елбасының алғыс хатымен марапатталды. Өнер жолында көптеген ғұлама зерттеушілер Ю.Г. Попов пен Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Оралхан Бөкеев, Дүкенбай Досжан, Кәкімбек Салықов т.б. ақын-жазушылармен қарым-қатынаста болған. Егіндібұлақ ауылында тарихи-өлкетану мұражайын 20 жылдай басқара жүріп, жастарды көркемдік-эстетикалық тәрбиелеуде сіңірген еңбегі мол. Көптеген облыстарда, аймақтарда өскелең ұрпақты Тәттекең тәлімімен таныстыруда дәріс-концерттер өткізуі осының бір айғағы. Арқа шертпесінің төресі жайында жазылған көптеген еңбектердің авторы. Ахмет Жұбановтың еңбегінде «Тәттімбет тек домбырашы ғана емес әрі әнші, әрі сөзге шешен болды» дейді. Бұған дәлел есебінде Омбы генерал-губернаторының алдында халық атынан біраз шақпа, шешендік әңгіме айтылғандығы келтіріледі. Осы мағлұматқа сүйене отырып, Түсекеңнің айтуы бойынша Тәттімбет 1848 жылы «Қоянды жәрмеңкесін» ұйымдастыруда Шаншар болысына барып, жергілікті елді, жерді тегіс жинап, Вазнава Ботовпен қарым-қатынас жасай отырып жәрмеңкені ашуға көмектескені жайында тағы бір қырынан тануға болады. Сәкен Сейфуллин атындағы педагогикалық институтын тамамдап «Знамя Илича» газетінің баспасында қызмет атқара жүріп, халық күйшісі Тәттімбеттің шығармашылығы туралы ақпараттарды баспасөз беттеріне шығарған, насихаттаған. Түрлі мерекелік концерттерде, сайыстар мен фестивальдарда белсене араласып, белгілі ақын, жазушылармен шығармашылық байланыстар қалыптастырды. Тәттімбет атындағы Республикалық күйшілер сайысында әділқазылар алқасының мүшесі болып келеді. Тәттімбет шығармашылығын насихаттау өмірлік ұстанымы болған Тұрысбек Түсіпбеков Астана қаласында «Алтын домбыра» қорын ұйымдастырып, дәстүр үрдісін ұрпаққа жалғастыруда.

Алдыңғы «
Келесі »