ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЗАҢДЫ ЖАЛҒАСЫ

  • 07.11.2016
  • 2605 рет оқылды
  • 2

Дина ИмамбаЙ,
әлеуметтанушы

Биыл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіздікке тегеурін берген, ұлттық намыс пен оның болашақ тағдыры сынаққа түскен сол күндер туралы  анықтап білуге, терең ұғынуға талпыныстар бар. Желтоқсан көтерілісі көлемі және ұлттық мүддені қозғауы жағынан Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстардың көшбасшысы болды. Ол одақтас республикалардың тәуелсіздік шеруін бастап берді (Баку, Тбилиси, Вильнюс оқиғалары). Олар осы үшін де  Желтоқсан көтерілісіне борыштар. Алайда, көтеріліс құпиялары толығымен ашылған жоқ, қайшылықтар көп.  Тәуелсіздікке жол ашқан, ұлттық рухты дүр сілкіндірген Желтоқсанға жаңа көзқарас, саяси, құқықтық, тарихи тұрғыдан лайықты баға қашан берілмек?  Тәуелсіздік дегеніміздің өзі ең алдымен Желтоқсан емес пе? «Келелі кеңестің» Желтоқсан көтерілісіне арналған кезекті отырысында осы сұрақтар талқыға түсті. Кеңеске «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, желтоқсаншылар – жазушы Талғат Айтбайұлы, философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлы, қоғам қайраткері Геройхан Қыстаубай, қолөнер шебері, ұста Айтберген Құлментегі, ақын Болат Шарахымбай, Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысының төрағасы Болат Құрымбаев және «Ақи­­қат» журналының Бас редакторы, ақын Аманхан Әлімұлы қатысты. 

– 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Орталықтан саяси тәуелсіздікті талап еткен шерудің бағасы әлі берілген жоқ. Қатігездікпен басып-жаншылған осы қозғалысты күні бүгінге дейін оқиға деп бағалау басым. Сонымен, Желтоқсан көтеріліс пе, жоқ әлде оқиға ма?
АманханАманхан Әлімұлы: – Шындығында, «Жел­тоқсан» оқиға ма, жоқ әлде көтеріліс пе, осы мәсе­ленің басын ашып алу керек. Баспасөзде  әркім әртүрлі жазады, кейбір тарих оқулықтарында да әртүрлі, сондықтан, мем­лекеттік  дәрежеде де,  ауызекі  айтылғанда да бір қалыпқа,  белгілі бір жүйеге түсіріп алған дұрыс. «Желтоқсанның» себеп-сал­дарын айтатын болсақ, алаңға шыққан жастар әділетсіздікке қарсы шығып, әр республиканы өзінің адамы басқаруы жөнінде және басқа да талаптар қойды. Бұл бір кезде Плеханов «революция әлі пісіп жетілген жоқ» дегенде Ленин айтқан «жеміс беретін кезеңін күтіп жатқан» жай еді.  Әр нәрсенің себебі мен салдары болады, осы жөнінде кеңінен айтқан жөн. 
АйтбайулыТалғат Айтбайұлы: – «Желтоқсан» осы отыз жылда бір де бір рет лайық­­­ты аталып өткен жоқ.  Мұнда ең шоқ­тық­ты тұсы, ең үлкен мән бе­­рілген кезең, ол – «Жел­тоқсанның» 5 жыл­дығы. 1992 жылы  Ғылым академиясында үлкен конференция болды, онда негізгі  баяндаманы Мемлекеттік хатшы, үлкен жазушы Әбіш Кекілбаев жасады. Ол өз баяндамасында «Желтоқсанның» көтеріліс екенін,  бүкіл сипаттамасы көтеріліске келетінін нақтылап айтып берді, яғни, бұл оқиға емес деді. Алаңда екі күн болған қан-қасап, қарудың, әскердің қолданылуы, қысқасы, бүкіл сипаты көтеріліс екенін көрсетеді.  Мен жақында «Желтоқсан көтерілісі» деген екі кітап шығардым, жалпы 8 том жоспарланған, әзірге екі  томы шықты.  
Биыл – «Желтоқсан» көтерілісінің отыз жылдығы. Билік  бұған дейін мән берген жоқ, биыл да үлкен ауқымдағы дүрмек болмайды, ең бастысы, аталып өтеді, бастамасы бар.  Алдағы қазан айының 25-де  астанада ЕҰУ-де Желтоқсан көте­рілісінің халықаралық маңызы жөнінде халықаралық деңгейде үлкен конферен­ция өтпек.  Біз өзіміз де оның дұрыс бағасын бермей жатырмыз. Осыны негізге ала оты­рып, әлемдік деңгейдегі ғалымдарды ша­қырып, кешегі Кеңес Одағының, қазіргі ТМД елдері ғалымдарын қатыстыру көз­деліп отыр. «Желтоқсанның» әлемдік деңгейде  халықаралық маңызы бар, оның ке­шегі Кеңестік Одақты ыдыратудағы рөлін нақтылайтын уақыты осы 30 жыл­дықтың кезінде келіп тұрған сияқ­ты.  
Өткен жылы «Желтоқсанның» қарсаңын­да Ұлттық кітапханада Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен үлкен бір басқосу өтті. Сонда, тарихшы Мәмбет Қойгелді «Желтоқсанның» халықаралық маңызы жайында жақсы айтты.  Бірақ, соны ұғынуға  біздің өреміз жетпеді. Жалпы, бұл көтеріліс пе, жоқ оқиға ма дейтін нәрсені саудаға салып қажеті жоқ, тек қана көтеріліс деп айта беру керек. Өйткені, бұл – қазақ халқының, қазақ жастарының ұлы ерлігі. Ал, енді, «бұның шығуына не себеп?» деген кезде тағы да жер мәселесіне келіп тіреледі. Оның астарында  ұлттық кемсітушілікке ұшырау, тілді жоғалту, ділден айрылу жатыр.  Бірақ,  Д.Қонаевты алуға себеп болған негізінен жер мәселесі болатын. Қазақстанның батыс облыстарын бөлшектеу мәселесі күн тәртібіне қойылғанда Димекең қарсы болды. Қазақ үшін жер мәселесі өте күрделі. Ендеше, басқа ұлттың есебінен жасаймыз деп Колбинді әкелу себебі сол. Колбинді қою арқылы қазақ халқын өздерінің мені жоқ, мінезі жоқ халық санады. Бірақ, көтеріліс олай  емес екенін көрсетті, кешегі кеңестік жүйеде біз ұлттық рухымыз мықты екенін көрсеттік, Желтоқсан соның  айқын айғағы. Алаңға шыққан мыңдаған жастар соның дәлелі.  
222Әбдірашит Бә­кір­ұлы: – «Желтоқсан» кө­теріліс пе, оқиға ма деген сұрақ дұрыс қойы­лып отыр. Біз бір нәрсені мойындауымыз керек, бұл жерде ерлік, ұлттық намыс категориялары бой көрсетіп отыр. Біз мұны біржақты көтеріліс деп санаймыз. Бұл жерде басты талап билікті (бұл жерде біз Колбинді айтып отырмыз), орнынан кетіру мақсаты, «әр халыққа өз басшысы» – ең алғашқы тәуелсіздік идеясы.  Екіншіден, екі жақтың текетіресі ешқандай ымыраға келе алмай, ашық қақтығысқа ұласты, әрине, ол қақтығыста көтерілісшілер аяусыз жаншылды, жазаланды, қудаланды. Бұның барлығы да нағыз көтерілістің белгілері саналады. Бірақ, «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен кітаптар, мақалалар шығып жатса да, барлық жерде термин ретінде қабылданса да, осы оқиға деген атау артымыздан қалар емес.  Бұның бір себебі, оқиға деп аталғанда ондағы орын алған қудалаудың, жазалаудың саяси мәні жоғалады, ол қатардағы бұзақылық ретінде көрсетіледі де, сол қудалау, жазалау әрекеті тәртіпті сақтау әрекеті болып шығады.   Тәуелсіздікке дейін осылай атау КСРО кезіндегі билікке өте қажет болатын. Ал, енді, тәуелсіздіктен кейін біз қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері туралы сонау Кенесары көтерілісінен бастап  айтып, жазып келеміз. Биыл 28 тамызда Қарқара көтерілісінің 100 жылдығын атап өттік, енді, Желтоқсан Қарқара көтерілісінің мұрагері екені анық. Яғни, қазақ халқының бұлқынып шыққан кезеңдері осы Қарқара, одан кейін Желтоқсан деп мойындауымыз керек. Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ халқына «ұлтшыл» деген таңба жапсырылды, бірақ, кейіннен оны біздің зиялы қауым дәлелдеп, алдыртты. Бірақ, көтеріліс деңгейінде мойындатуға олардың шамалары жетпеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, сол ұлт-азаттық көтерілістердің қатарында Желтоқсан оқиғасы да аталуы, ресми түрде мойындалуы керек еді.  Сонда, оның мәртебесі де анықталатын еді. Әрине, алғашқы кезде мемлекеттің дамуында қиыншылықтар болды, мәртебе беру мәселесі де көптеген материалдық шығындарды талап етеді. Ал, енді, қазір ел есін түзеп, экономикасын реттеп алған кезде,  Желтоқсан мәртебесін тоқтатып тұру, ол әрине, тарихтың алдында үлкен қиянат.  
ШарахымбайБолат Шарахымбай: –  1986 жылы 17 жел­тоқсанда басталған Алматыдағы көтеріліс жө­нінде бірінші рет «Известия» газетінде жа­рияланған кезде оқиға деп көрсетті. Міне, содан бастап «оқиға» аталып кетті. Бұл жалғыз адамның ойлап тапқан термині емес, сол партия серкелерінің өзара бұны қалай жариялаймыз, қалай береміз деген кезде барлығы бірауыздан оқиға деп, көтерілістің мәртебесін төмендетіп көрсету мақсатынан туған атау. Егер, бірден көтеріліс деп жарияланып кетсе, онда партиялық номенклатураның, биліктің басқыншы екенін білдіретін атау болар еді. Сондықтан, көтеріліс деп жазуға болмайтынын олар о бастан түсінді, одан кейінгі Тбилиси, Вильнюс, т.б. бәрін оқиғалар деп жазды.  Бұл Мәскеудің осы көтерілістердің мән-маңызын төмендету үшін ойлап тапқан, әдейі жасалған термині. Ал, біз үшін ол – көтеріліс. Жалпы, Ресей  басқыншылығы тұсында 362-ге жуық көтеріліс болды  дейміз, одан көп болуы әбден мүмкін. Айталық, Шымкентте Бостандық деген Өзбекстанға қараған аудан бар, ол жерде де 500-ге жуық адам қатысқан кәдімгі қарулы көтеріліс болған. Желтоқсанда  алаңға кем дегенде 30 000 – 40000-ға  жуық шерушілер шықты, тек шығып қана қойған жоқ, жұдырық жұмсалды, тас атылды, адам өлімі болды.  М.Шаханов кейін «Известия» газетіне берген сұхбатында алаңда 168 адам өлді деген дерек келтірілген, ал, кейін комиссияның қорытындысында ол дерек жоқ боп шықты. 168 адам өлсе, ол көтеріліс емей не?  Қалай да бұл мәселеде күрделі, астарлы дүниелер жатқан сияқты, оның ар жағында Ресей империясының көзқарасы жатқаны анық. Біз азаттық қозғалыстарының барлығына тек орыс империясының, басқыншылардың көзқарасымен қарап келеміз, енді, өз көзімізбен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын.
Айтберген КулмантегАйтберген Құл­ментегі: – Желтоқ­сан­­дықтарға қарсы қол­­данған  құрал­дар­ды 25 жылдықта біз ағайын­­ды үш жігіт Алма­ты  қаласының мұра­жайына тап­сыр­дық. Сол күндері қардың ас­тына көміп кетіп, 3-4 күннен кейін жасырын алып кеткен болатынбыз.  1,5 метрлік арматуралар, резеңке байлаған арнайы істік темірлер, әскери кү­ректер, барлығы 5 түрлі зат апарып өткіздік. 
Дос Көшім: – Біз әлі күнге дейін осы мәселені, көтеріліс пе жоқ оқиға ма деп талқылап жүрміз. Сондықтан, көзқарас та әртүрлі: биліктің көз­қа­расы, халық жағы­ның көзқарасы. Дегенмен, ха­лық өзінің бағасын берді, көтеріліс деп атады. Тәуелсіздік жылдарында осы Жел­­тоқсанның мәселесін ысырып тастап, көп айтпай, тереңдемей,  әйтеуір, оның болғанын ғана мойындап, адамдарға атақ берумен шектеліп, әрі қарай «шулатпауға» тырысу бағыты болатын. Бірақ, қазір олар бұл үдерісті тоқтатуға болмайтынына көзі жеткен тәрізді, демек, бұл жерде халықтың бағасы үлкен рөл атқарды. Және де бұл ұлт-азаттық көтеріліске жатады, әрине, басында шерумен басталып, соңынан қарсылыққа ұласты, сондықтан, көтеріліс деген дұрыс. 
– КПСС ОК-нің қазақ жастарының қарсылығына «қазақ ұлтшылдығы» деген анықтама бергені мәлім. Дегенмен, қазіргі күн тұрғысынан қарасақ, осы «ұлтшылдық» деген атау жағымды естіледі. Біз, қазір, биік мағынасындағы ұлтшылдыққа жете алмай жүрміз, оны жоғалтып алғандаймыз. Осы 1986 жылы Желтоқсанда дүр етіп көтерілген ұлттық рухты біз неге сол күйінде сақтап қала алмадық?
Әбдірашит Бәкірұлы: –  «Желтоқ­санға» қатысқан жастардың 90  пайызы ауылдан  өсіп-өніп шыққан және олардың барлығы дерлік қазақы менталитетпен, қазақы ділмен тәрбиеленіп келген жастар. Өздеріңіз білесіздер, Кеңестер Одағының негізгі идеологиялық тұғыры марксизм-ленинизм болды, ал, марксизм-ленинизм бойынша кез келген революцияның қозғаушы күші – жұмысшы табы. Осы теорияны басшылыққа алған КПСС одақтас елдерде жұмысшы табының қалыптаспауына мейлінше мүдделі болды. Сол  саясаттың әсерімен өндіріс ошақ­тары орналасқан қалаларда негі­зінен өзге ұлт өкілдері жұмыс істеді. Зауыт-фа­бри­каларда жалақы тұрақты, әлеу­меттік жағдай да жоғары. Олардың бәрі негізінен қалаларда орналасқандықтан қазақтар одан шеттетілді.  Алматыға келген қазақтардың оқуға түсе алмай қалғандарының көбін құрылысқа алатын.  Бұл қазақтарды шектеп ұстаудың бір амалы еді. Бірақ, бір жаманның бір жақсысы болады дегендей, сол қазақ­тарды резервацияда ұстау арқылы қазақтың ділі, мәдениеті, тілі біршама сақ­талды, қазақтың менталитеті сол ауылда генерацияға ұшырап отырды, яғни, өзін өзі қайта дамытып, түлетіп отырды. 
Қазақтар бұрыннан көшпелі халық, оның мінез-құлқын отырықшы халықтармен салыстыра алмаймыз. Отырықшы халықтарда сауда-саттық сияқты қасиеттер басым болса, көшпелі халықтардың менталитеті негізінен адамдардың бір-біріне деген ілтипатына негізделеді және екі арадағы қарым-қатынастың әділетті болуын көз­дейді. Ондай қатынас болмаса көшпе­лілік жағдайында өмір сүру мүмкін емес, – табиғатпен бетпе-бет келген кезде табиғатты алдай алмайсың.  Қасыңдағы жолдасыңды алдап кету – ол өзіңді де қаталдыққа басы бүтін байлап беру деген сөз. Яғни, өмір сүрудің бірден бір кепілі – адамдардың ара­сында әділеттіліктің,  теңдіктің болуы. Дала демократиясының өз заңдылықтары болды, әлеуметтік стратификация бойын­ша қазақтың жігіті, ақсақалы, келіні, – әрқайсысының өз функциясы, орны бар. Міне, осы әр қазақтың ішкі дүниесінде жатқан әділеттілікке деген ұмтылыс Желтоқсан көтерілісі басталуының басты түрткісі болып саналады. Д.Қонаев сияқты құрметке ие болған басшысын  ауыстыру, оның орнына қайдағы бір Колбин дегенді алып келу, екеуі  қайраткер ретінде де тең емес. Міне, осылай алтынымызды  жасыққа айырбастауы ұлттық намысты бірден оятты, қазақ халқы бұны әділетсіздік деп бірден таныды. Сөйтіп, жастардың бәрін  алаңға қарай жетелеген қазақтың, әр жастың бойындағы ұлттық мінездің көрінісі болатын. Бұл стихиялы түрде басталды, оның ұйымдастырушысы ұлттық мінез болатын.
Айтберген Құлментегі: – Мен 86 жылғы уақиғаның куәгерімін және жас­тардың алаңға көптеп келгенін кө­зім көрді, шамамен 30-40 мыңдай. «Жел­тоқсанның» ұлт-азаттық көтеріліс екенін ең алғаш мойындаған зиялы қауым, ғалымдар болатын. Негізінде әрбір тарихи уақиғаны айтатын да, жеткізетін де, мойындаттыратын да зиялы қауым өкілдері. Ал, енді осы біздің жастар не үшін көтерілді, соншалықты ұлттық көтеріліске алып келген не? Осы ретте біз өзіміздің зиялы қауым өкілдерінің еңбегін бағалауымыз керек. 1960-жылдардағы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан бастап, Әбіш Кекілбаевтің шығармалары, Мұхтар Мағауиннің ақын-жырауларды биікке көтеруі, ұлттық интеллигенция қатарына жеткізуі, музыка саласында  Сыдық Мұхамеджанов,  Нұрғиса Тілендиев туындылары, «Отырар сазы» оркестрінің құрылуы да ұлттық рухты көтеруге жұмыс жасады. Болат Сарыбаевтың еңбегі өте зор, қазақта екі ғана аспап бар – домбыра мен қобыз делінетін. Бұл кісі қырық түрлі аспапты сипаттап, дәлелдеп, этнографиялық ансамбль құрды. Кино саласын айтсақ, А.Қарсақбаевтың, М.Бегалиннің фильмдері, С.Қожықовтың «Қыз Жібегі» елді дүр сілкінтті. «Біздің халықтың мәдениеті бар екен ғой, осындай дәрежеге жеткен екен ғой» деген сілкініс сананы оятады, содан барып адам ізденеді, намысын қайрайды. Сол кезде естеріңізде болса, Рахманқұл Бердібай Мұхтар Әуезов музейінде дәрістер ұйымдастырған. Онда сол ауыл шаруашылығы институтының студенттері толып отыратын. Осылайша интеллигенцияның жұмыс жасауы ақыр аяғында рухтың көтерілуіне, намысты таптатпауға әкеп соққан сияқты.  Суретшілер С.Айтбаев,  Гүлфайруз Исмаилова, Айша Ғалымбаева және т.б. жұмыстары  рухты көтеру, мінезді көрсету еді.  Қазақстанның сәулет өнері Кеңес Одағы кезінде екінші орында болатын, сәулетшілеріміз керемет архитектуралық туындылар туғызды. Ақселеу Сейдімбеков ұлттық рухта қаншама еңбек жасады, Жәнібек Кәрменов екеуі жасаған хабарлар талай жасты оятты.  Ал, алаңға шыққан жастардың көбі оқыған азаматтар еді.  Әрине, жұмысшы табы да болды, Алматы үй құрылысы, мақта-мата комбинаттарында жұмыс істеген қыз-жігіттер көп келді. Мұның астарында әлеуметтік теңсіздік те жатыр.  Ол кезде Алматы қаласында тіркеуге тұру қиын, басқа да шектеулер бар.  Қазақша жұмыс жасайтын екі-ақ мекеме болды –  Әуезов атындағы драма театры мен жастар театры. Басқа қазақша сөйлейтін жер жоқ. Кейінгі кезде ақтала бастаған Алаш зиялыларының еңбектері де зор әсер етті, олардың мінез-құлқы, істеген ісі әрбір жасқа үлгі-өнеге болды.  Ұлттық рухқа жұмыс жасау үшін сауатты, білімді болу керек, рух мықты болатын болса тәуелсіздік мәңгі жасайды.
Сол тұстағы қазақ баспасөзі ұлттық рухтың жаршысы болды. «Білім және еңбек» журналында сол кезде қандай этнографиялық материалдар шықты, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналын бәріміз жаздыртып оқыдық. Шынын айтқанда, «Желтоқсанда» біздің ұлттық интеллигенцияның еңбегі зор. 
Болат Шарахымбай: –  Сол Желтоқ­санда оянған ұлттық рухты неге сақтай алмадық деген үлкен мәселе. Қазір мен ЖОО-да жұмыс істеймін, сонда байқағаным, конференция болсын  немесе дәріс оқығанда ұстаздар еш уақытта  «ұлт» деген сөзді қолданбайды, «ұлтжанды» дейтінді шығарды. Жалпы, ұлт деген сөзді ауыстыратын халық, ел деген сөздер бар. Ал, «ұлтжандылық», т.с.с. сөздер осы 91-жылдардан кейін  ғана пайда болды. Жұмсақтап келтіруден туған сөздер ғой.  
Желтоқсан көтерілісінен кейін 1987 жылы шілде айында ОК-нің Саяси бюросы «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулы қабылдады, бұл сол кездегі ең сорақы қаулы-тұғын. Бірақ, меніңше, оның қазаққа көп пайдасы болды. Кейін  1989 жылы Саяси бюро осы қаулыны алып тастады, бірақ, кешірім сұраған жоқ. Саяси бюро да, орыс империясы да, ештеңе болмағандай жылы жауып қойды. Кейде осыны   бекер алып тастады-ау, «қазақ ұлтшылдығы» деп тұра беру керек еді деп те ойлаймын. Ұлтқа келген кезде біздің бойымызды рух кернейді, ол көзге көрінбейтін, бірақ, ішімізде бұлқынып тұратыны рас. Сондықтан, осы қазіргі балалардың арасында рух мәселесін қолға алуымыз керек. Рух ең алдымен тарихты, азаттық қозғалыстарын насихаттаудан тұрады. Қытайдың бір данышпанының «қытай халқын біріктіру үшін басқа халықтардың шеккен азабы туралы оқытуымыз керек, сол арқылы тәрбиелеуіміз керек» деген сөзі бар. Қазақ жастарын патриоттық сезімге тәрбиелеу үшін, басын біріктіру үшін, бауырмалдыққа жетелеу үшін біз әсіресе, осы орыс отаршыларынан көрген азабымызды айтып жеткізуіміз керек.  
ГеройханГеройхан Қыс­тау­бай: – Сол тұста, мен Сейс­­мология институты дейтін мекемеде жұ­мыс істедім. Менің таң­ғалатын нәрсем – солдат­тар, милиция қоршап тұрған кезде аузын ашқан жігіттерді шығарып алып тепкілеп жатты, сонда жап-жас қыздарымыз «оның орнына мені өлтір» деп оларды  кеуделерімен жапты. Сол қыздарды шаштан тартып ұрып жатқанда жігіттеріміз де сөйтті.  Бұл қазақ ұлтының бір-біріне бауырмалдығының, жанашырлығының дәлелі. Бірін-бірі танымайтын қыздар мен жігіттер бір әке-шешеден туғандай бірін-бірі жанын беріп қорғаған оқиғаларды өз көзіммен көрдім. Бұл шын мәнінде көтеріліс болды, ол жерде мемлекеттік мүддені қозғады, сол мемлекеттік билікке қауіп төндірді. Ал, оқиға мемлекеттік билікке  қауіп төндіре алмайды, мысалы, Қырғызстандағы оқиға ұлтаралық араздық, қанша  үлкен болғанмен, екі ұлттың арасындағы жанжал болатын. Ал, бұл жерде  ұлт араздығы немесе басқа мүдде болған жоқ.  Жастардың көтерген мәселесі, мақсаты, ұрандарының өзі саяси талаптар.  Елімізді басқа жақтан келіп басқарғанды өзіне ар санады.  Сондықтан, «Желтоқсанды» көтеріліс деп атау қажет. 
– Тәуелсіздік жылдарында Желтоқ­сан­ның шындығына қол жеткізу мақса­тын­да құрылған бірнеше қоғамдық ұйым бар. Көтерілістің мән-маңызын ашып көрсетуде олар көп еңбек сіңірді. Осы ретте «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің бағыт-бағдары қандай? 
КурымбаевБолат Құрымбаев: –  Бала кезден қазақтың ән-жырын, батырлық эпос­тарын тыңдап өстік.  Үл­кен ақсақалдардың жақсы әңгімесін ұйып тың­дайтынбыз. Кейінде   спортпен айналысқан кезде басқа ұлттан жеңіліп қалсақ, «неге біз жеңілеміз, біз батырлардың ұрпағы емеспіз бе» деген психология болды.  86-да мен медицина мекемесінде жұмыс істедім, бізді алаңға жинап алып келді. Қолдарына арматура ұстаған, каска киген солдаттар тізіліп тұр. Ығы-жығы адам, алаңға келген соң сонша халықты көріп рухымыз оянды. Жастар зардап шексе де егемендікке үлесін қосты, соның ақыры КСРО-ның күйреуіне әкелді. Азаттық қозғалыстары басқа республикаларда жалғасты.
Желтоқсан көтерілісіне қатысты айтсақ, бізде қазір 8-9 ұйым бар, бірақ, ауызбіршілік жағы айтарлықтай емес. Біз құрған  «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің қатары көбейіп келеді, шындықтың ашылуына өз үлесімізді қосуды мақсат тұтамыз. Биылғы 13 шілде күні арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, іс-шаралар легін бастап кеттік. Жақында 24 тамызда Талғат  Айтбайұлының мемлекеттің қолдауымен шыққан екі кітабының тұсаукесерін өткіздік. Зиялы кісілер мен халық қолдау көрсетсе, алға қойған мақсат көп. Мысалы, көтеріліске қатысушылардың саны 5000-нан аса адам дейді, соны зерттеп, халыққа жеткізу қажет.
–  Шырқыраған    шындық,   Желтоқ­санның нағыз ақиқаты әлі айтылған жоқ дейміз. Ал, көтеріліс туралы шындықтың айтылуы біз жоғалтқан Желтоқсан рухының қайтып жаңғыруына алып келуі бек  мүмкін.  Отарсыздану, құлдық санадан құтылудың алғашқы қарлығашы болған уақиға жаңа ұлттық үрдістерге серпіліс бере ала ма? Жоқ, әлде тағы да сол белгілі бір ортада айтылатын әңгіме күйінде қала бере ме?
Дос КошимДос Көшім: – Талқыға түспеген тағы екі маңызды мәселе бар, біреуі қоғамға,  екіншісі жеке адамдарға байланысты. Мен бірнеше жерде Қазақстан халқы ассамблеясының азаматтарына бұл тек қана қазақ халқына қатысты емес, Қазақстанда болғаннан кейін Қазақстан халқының тарихы есебінде мойындалуы керек деп айтып жүрмін.  Бірақ, басқа ұлт  өкілдері дәл біз сияқты қабылдап жатқан жоқ.  Неліктен Желтоқсан күндері Ассамблеяның адамдары өздерінің ұлттық киімдерін киіп, осында бізбен бірге қатар тұрмайды, құрбандарға құран оқытуға қатыспайды? Олар сол жерде өздерінің Қазақстан тарихына қатысы бар екенін, болған оқиғаға жүрегі ауыратынын көрсеткенде бұл ұлтаралық достықты, қатынасты нығайтудың нақты белгісі болар еді. Иә, дұрыс екен ғой деп, бір жылы ассамблеяның атынан басшылары әкімшілікпен бірге келіп гүл шоғын қойды. Бірақ, әңгіме онда емес. Неге 17-сі күні тек біз, қазақтар ғана шығамыз?  Міне,  осыны бір идеологиялық құрал, біріктіруші фактор ретінде пайдаланбасқа.  
Желтоқсанда негізінен көп зорлық көрген, қанға бөккен студенттер болды. Ендеше, Желтоқсанға тағзым етуге Ал­матыдағы оқу орнының ректорлары неге келмейді? Мен осыған әлі де таңқаламын. Ескерткіш қойылды, тамаша сөздер ай­тылды. «Желтоқсаншылардың аруа­ғына басымызды иеміз» деп Президент айтады да, сол Президент қойған ректорлар студенттердің қаны төгілген жерге келіп гүл қоймайды.  Бұл бір екіжүзділіктің белгісіне де ұқсайды. Ректорлар сол мәселені жете түсінбей отыр. Әрине, кейбіреулер қорқуы мүмкін. Қорқатын ешнәрсе жоқ, осында құран оқимыз, ас береміз. Ал, түрлі сөздер, пікірлер міндетті түрде айтылуы керек. Конституциямызда бізде идеологиялық жан-жақтылық және саяси плюрализм бар деп жазылған.    
Екінші мәселе жеке адамдарға қатысты. Зерттеушілер жақсы біледі,  осы жел­тоқсандағы жастарды ұрып-соққаны, көтерілісті басқаны үшін қаншама адамға атақ берілді, марапатталды. Меніңше,   осы адамдар халықтың алдында арылуы керек.  Осындай арылу әлі жасалған жоқ. 1-2 адамның орденін тапсырғаны бар. Бірақ, олар жүздеп, мыңдап саналады. Бұл келешек үшін қажет. Біздің балаларымыз соларды қайталап, қолдарына таяқ алып шықпауы үшін қажет. Сол қателіктер мойындалса,  бұл «Желтоқсанның»  қайталанбауының белгісі болар еді. Бұл осы отыз жылдықта бүкіл халықтық қозғалысқа, акцияға айналуы тиіс. Сондықтан осы екі мәселені жүзеге асыру, қоғамды біріктіруші шараға айналдыру керек. Халықтың алдында тазалану арқылы қоғамда  билікке, мемлекетке деген сенім  күшейе түседі.   
Және де бұл заңмен емес, адамның өздерінің ішкі сезінуі, түйсінуі арқылы орындалуы маңызды.  Өзінің жасаған ісінің, сол  уақыттардағы заманның талқысын халыққа көрсету келешек жастарға үлгі болады.  Ал, қанеки, қол қойыңдар деген уақытта жастарымыз көзін жұмып қол қоя салмасын, ертең алдынан келетін зауал бар екенін білсін. Жасаған жақсылығың балаңа, немереңе жетеді, жамандығың да жеті ұрпағыңның алдынан шығады.  Бұл жалпы өмірдің заңы.  Желтоқсандықтардың барлығы осы отыз жылдықта арылу акциясына кіріссе бұл нақты жұмыс болар еді.
Аманхан Әлімұлы: – Дос арылу туралы жақсы айтты. Кездейсоқтық па, заңдылық па, кеше ғана Әбділда Тәжібаевтың естеліктерін оқыдым. Арылу жайында осы естеліктерде айтылады. Тәжібаев «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторына хат жазып, өзінің А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Мағжан туралы ойларын айта келіп, «мен де оларды сынап едім, сыртқа тепкен едім, ол қателігімді түсіндім» дейді. Міне, арылу деген осы. Ә.Тәжібаев кезінде жіберген қателігі үшін өз атынан да, сол кездегі зиялылардың атынан да кешірім сұрайды. Мұны мен үлкен ерлік деп санаймын. Шынында, біз осындай арылу, кінәні мойындау дегенді біле бермейміз. Шәкәрімді атқан Қарасартовтардың ұрпағы әкелері үшін арылуға болады. Иә, біздің әкелеріміз осындай қателік жіберді, оған заман, саясат, адамның әсері болған шығар, отарлаудың кесірі, т.с.с. деген әңгімелер айтылса, оған ұрпақ та түсіністікпен қарар еді. Шындықты мойындауда тұрған ештеңе жоқ, қайта тазарып, арылады. Барды бар деп айту қылмыс та емес, ұят та емес. 
Айтбергеннің айтқаны дұрыс, біз ақын-жазушыларымыздың еңбегін елеп, ескере бермейміз.  Көркем шығарма деген көпжылдық жеміс сиқты, мысалы, жаңғақ ағашы жемісін 25 жылдан кейін береді екен.  «Абай жолы», «Қилы заман», «Көшпенділер» бұлардың бәрі біртіндеп әсер етті.  
Әбдірашит Бәкірұлы: – Жалпы, арылу өр мінезді, рухты адамға тән қасиет.  Бұл өзі қоғамда көптен күтіліп отырған мәселе. Бір адам бастаса ары қарай жалғасын табады. Бұл мәселенің қазір жасырын, астыртын түрде тұрғаны ұлттық мінез бен ұлттық мемлекеттің арақатынасынан туындайды. Бізде көп ұлтты мемлекет жағдайында қазақ ұлты өзге ұлттардың қатарына теңестірілген, ал, осы теңестіру қазақ ұлтына – тіліне, мәдениетіне, рухына қатысты көптеген жайларға жол ашып отыр.  
Ұлттық рухын сезінбеген халықты ұлттық рухқа қарсы әдет, қылық, мінездер жайлай бастайды, жарамсақтық пен жағымпаздық пайда болады. Оларда шекара жоқ, яғни, оған ұрынған қоғам өзінің ұлттық құндылықтарын артқа тастап, алдыңғы қатарға өзінің қолы жететін жылы-жұмсағын қояды, ол қызмет, лауазым, бизнес, капитал болуы мүмкін. Сонымен қоса, мемлекеттің құндылықтары да біртіндеп өзінің мағынасын жоғалтады. Ондай жерде мемлекеттің маңызды дүниелеріне салғырт қарау, мысалы, жер, тіл мәселесі, көші-қон, дін, т.с.с. көптеген келеңсіздіктер орын ала бастайды. Яғни, егесі жоқ елдің киесі де жоқ, міне, негізгі түйін осы.  
– Тарихтан тағылым алу міндет. Желтоқсан көтерілісінің мәні мен ма­ңызын өз дәрежесінде дәріптеу, жете танып білу үшін алдағы уақытта не  істеу керек?
Дос   Көшім: – Біріншіден,  Желтоқ­санның 25 жылдығы өз деңгейін­де аталып өткен жоқ, биыл да осы мәселе көтеріліп отыр. Мен Қазақ­стан халқы ассамблеясының Ғылыми сарап­­тама кеңесінің мүшесі ретінде Қар­қара көтерілісінің 100 жылдығын, Желтоқсанның 30 жылдығын атап өту туралы жобаға кіргізгенмін.  Бірақ, бұл ұсыныстардың екеуі де елеусіз қалды.  Ең алдымен Үкімет мемлекеттік деңгейде атап өту шараларын өткізуі керек. Ғылыми конференциялар халықаралық деңгейде өткізілуі тиіс. Екінші мәселе, әлі де болса Желтоқсанға қатысқан көптеген  азаматтардың әлеуметтік жағдайы, оларды марапаттау мәселесі жүрдім-бардым жасалып отыр. Жекелеген әкімдердің біреуге үй бергені, ас бергені мемлекеттің марапаттауына жатпайды. Желтоқсаншылардың 7-8 ұйымының қойып отырғаны негізінен осы екі мәселе.  Желтоқсандықтардың қатары барған сайын азайып барады. Біз олардың егемендігімізге қосқан үлесі бар десек, күрескен адамдарға жағдай жасау міндетіміз. Сонда, жас  ұрпақ та келешекте ұлт үшін күрессек алғыс алады екенбіз ғой деп біледі. Бұл патриоттық тәрбиенің нақты бір бағыты деп санау керек. 
Талғат Айтбайұлы: –  Ресейдегі 1991 жылғы Тамыз төңкерісінен кейін қайтыс болған үшеуіне Ресейдің батыры атағы берілді. Ал, біздің тәуелсіздіктің нағыз күрескерлері желтоқсандықтар ғой. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы медалімен де марапатталғандар некен-саяқ. Алаңға не үшін шықты, не үшін қан төкті, мүгедек, кемтар болды, ұрпақсыз қалды? Соның сұрауы қайда? Мәңгілікке кетіп жатқандар бар, Күлімхан  Жұмабаева деген келіншек қайтыс болды, биыл кітабын шығардым.  Желтоқсанды, 30 жылғы құрбандарды зерттеуші Армиял  Тасымбеков дейтін азамат, Лесбек Оспанов, Бауыржан Үсенов, т.б. осыларды биыл 30 жылдықтың қарсаңында бағаласақ лайықты болады.  А.Сейдімбеков, Р.Бердібаев, М.Байділдаев, Шона Смаханұлы, С.Әшімбаев, бәрі ұлт үшін қызмет қылған адамдар. Алаңға шыққан, құрбан болған, жазаланған, мәңгілікке кеткендерді есте қалдыру үшін Алматының көшелеріне есімдерін беру керек.  
Болат Шарахымбай: – Тарих оқулық­тарында Желтоқсан туралы қысқа ғана 3-4 жол болатын, кейіннен 1,5 бет­ке ұлғайды. Бұның өзі кішкентай болса да жеңіс. 10 томдық кітап шығып жатыр, сотты болған, жазаланған желтоқ­саншылардың кітаптары жеке-жеке  шыққан. Кезінде сотталғандардың істері жүздеген томға жеткен. Осының ұңғыл-шұңғылын зерттеп, оқулыққа енгізу керек. Ол үшін мемлекеттің өзі оқулыққа, кинофильмдерге тапсырыс беруі тиіс. Мемлекеттің өзі қозғау салмайынша ол еш уақытта мойындалмайды, тапсырыс берудің өзі –  мойындау.
Айтберген Құлментегі: – Біздің қазіргі телеарналарымыз ән-күйге көп көңіл бөледі. Осы 30 жылдықта ақпарат құрал­дарында Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Талғат Айтбаевтің 10 томдығы киноға дайын тұрған сценарий. Алматының әр мектебінде Желтоқсанға арналған мұражай болуы тиіс. Қазір  жастардың бәрі интернетте отырады, соларға жеткізудің жолын іздестіру керек. Кезінде «Оян, қазақ!» деп Алаш зиялылары айтты,  соны 86-да жастар шамасы жеткенше орындады. Жалпы, Желтоқсанды Алаш идеясының жалғасы деп қарау керек. Мәмбет Қойгелді Қарқараның 100 жылдығында бұны геноцид деп атады. Қазақ қаншама қорлық көрді. Менің өзімді ҰХК бір жыл бойы мазалады. 
Әбдірашит Бәкірұлы:  – Желтоқсан идеясын ұрпаққа қалай жалғастыру маңызды мәселе. Кино, бейнероликтер түсірілуі керек, әдістемелік құралдар шығарылуы тиіс. Сол құралдарды қолдана отырып, балалардың санасына Желтоқсан көтерілісінің мәні мен мазмұнын, маңызын түсіндіруге мүмкіндік туады. Қазір ақталу деген мәселе бойынша біреулер сотталған, жазаланған деген анықтама алып, сот оларға ақталу қағазын беріп жатыр. Шын мәнінде, кімнен, кімнің алдында ақталу керек? Желтоқсанға  барғаны қылмыс боп тұр, солай емес пе? Жоқ,  Желтоқсанда алаңға шыққаным қылмыс емес, ерлік!  Сондықтан, осы мәселені қарапайым форматқа көшірген жөн. Айталық, біреу 3 күн түрмеде жатып шықты, ол анықтамасын алып келіп ақталды. Ал, енді, қолға түспегендер ақтала алмаймыз, өйткені, біздің қылмысымыз дәлелденбеген. Сондықтан, бұл мәселені күштік құрылымдар басқаша шешуі тиіс. Желтоқсаншылардың бірнеше қоғамдық ұйымы бар, олар алаңға кімдер барғанын біледі. Барғандардың тізімі республика көлемінде жасалса, сол тізім бойынша бір ғана шешіммен Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың барлығы ақталды деп шешім шығарылғаны жөн. Осындай шешім шыққаннан кейін барып Желтоқсан көтерілісінің қатысушыларына мәртебе беру мәселесі жеңілдеу болады. 
Болат Құрымбаев: – Желтоқсан төңі­ре­гінде сұрақ көп, біз осы 8-9 қоғамның басын біріктіріп, мәселенің бәрін бірігіп көтере берсек, шешімін табары сөзсіз. Ең бастысы, арнайы мәртебе алмай ештеңе шешілмейді. Бір ғана қаһарманымыз бар – Қайрат Рысқұлбеков, ол мойындалғаннан кейін желтоқсаншылардың бәрі қаһарман. 
Геройхан Қыстаубай: – Ең бірінші мәселе – Желтоқсанның мәртебесін анықтау. Ары қарай басқа мәселелер де шешімін табады.  Міне, «Желтоқсан көтерілісі» деп кітап шыққанының өзі оның мойындалуын білдіреді. 
Талғат Айтбайұлы: –  Бұл кітап­тың ерекшелігі – бұл айғақ кітап. Орыс тілінде екі кітап шықты. Бұған алаңға шыққандардың басынан кешкені, комиссияның материалдары кірді. Әлі де материал өте көп, біз әлі шет жаға­сында жүрміз.Бүгінгі күні билікте, Парламентте отырған Желтоқсанның қаһармандары бар. Олардың  уақыты келді.   
Иә, тарихты адамдар жасайды, одан тағылым алу да адамдар үшін керек. Желтоқсан қазақ тарихының шерлі де қасиетті беттерінің бірі болып қала береді. Уақыт өткен сайын оның мән-маңызы арта түспесе, кеми қоймасы анық. «Келелі кеңес» соңында Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысының төрағасы Болат Құрымбаев жазушы, Желтоқсан күрескері Талғат Айтбайұлына мү­шелік билетін тапсырды. Дос Көшім және Аманхан Әлімұлы ұйымның Ақылдастар алқасына қабылданды. Желтоқсан ақиқаты қазақ тарихының қайғылы беттері қайталанбауы үшін, тәуелсіздікке тәу ететін ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. 

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Дұрыс. Жоғарыда айтылған пікірлермен келісемін. Желтоқсан оқиғасына дұрыс саяси баға берілсе…

  2. Желтоқсан оқиғасының ұмытылуына жол бермеу керек.

Пікірлерге тыйым салынады.