Ақиқат тіл қатқанда, шындық барарға жер таппайды, өтірік – зым-зия! (қаз-қалпында)

  • 07.11.2016
  • 206 рет оқылды
  • 1

Құрманғазы Рахметов,
«Нағыз Желтоқсан» қоғамдық 
қорының президенті

Желтоқсанның жетінші жылдығы да жақындап қалған кез. Олжас Сүлейменов ағамыздың үлкен көмегінің арқасында Виноградов көшесінде бой көтерген «Демократия Үйінің»  екінші қабатынан «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігіне де бір бөлме бұйырып, сол жерге көшкенімізге бірталай уақыт болған. Бас қосып отыратын өзіндік бір ша­ңырақтың болғаны жұмыстарымыздың реттелуіне септігін тигізіп, алыстан ат арытып келіп жатқан желтоқсандықтарға өзіндік бір күш жігер бергені рас. Желтоқсандықтардың ғана емес, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстардың (диаспоралардың) мәдени орталықтары, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен партиялардың ортақ үйі болған «Демократия Үйі», сол заманның қасиеті ерекше ғимараты болып көрінетін. Екінші қабаттағы жиналыс залында күнделікті әртүрлі басқосулар мен қызу айтыс-тартыстар, құзырлы орындардың «елшілері», БАҚ (камералары мен микрофондарын арқалаған) журналистері мен тілшілерден үзілмейтін. Қысқасы, нағыз азаматтық қоғам қалыптастырушылардың мекені еді.


Көктемде  Парламент  алдында өткізілген үлкен митин­гіден кейін бірталай адамдарымызға әртүрлі әкімшілік жаза қолданылып, Шора, Жамбыл және тағы да басқа оншақты адамды 5-15 күндік қамаққа жапқан болатын. Сол күннен бастап 45 күнге созылған ашаршылық акциясынан кейін жеткен жетістігіміздің нәтижесі: жігіттер түгел дерлік, ешқайсысы ешқандай айыппұл төлеместен босатылды; 10 жігітімізге Алматы қаласынан пәтер беруге әкімшілік келіскен болатын. Бергі тарихта желтоқсаншылардың бұндай жаппай ашаршылық жариялап қана қоймай, жеңіске жетудің өзіндік тактикасын көрсеткенінен кейін, мен де тұрмыстың бітпейтін күйбең тірлігіне кірісіп кеттім. Ол жаққа жол түспей кеткеніне біраз уақыт болған.  Жігіттер үлкен басқосуға шақырғаннан кейін «Демократия Үйіне» кешеуілдетіп болса да жеттім-ау, әйтеуір. Кеңсенің алдындағы жігіттермен амандасып есіктен кіре бергенім сол еді, «Уау, жақсы келдің, сен қай «тізімге» жазыласың, өртенесің бе, әлде кесілесің бе», – деп бірне­шеуінің жамырай кеткені. Бұндай тосын сұрақтың мәнісіне алғашында түсінбей, сәл абдырап қалғаным рас. Сөйтсем, біздің жігіттер кешке болатын бір үлкен акцияға дайындалып жатқан көрінеді. «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің сол кездегі төрағасы марқұм Аманжол ағамызбен Шора екеуі жалпы тізімді түгендеп, 17 желтоқсан күні Алаңда өзін-өзі өртеуге бел буған жеті жігітпен бүгінгі күні кешке өз-өздеріне қол жұмсайтын жігіттердің тізімін белгілеп қойған екен. Түрлеріне қарасам ешқандай абыржу, болмаса қобалжу белгілері байқалмайды. Алаңда өртенуге бел буған, кебіндерін де дайындап қойған жетеудің бірі Құрманбай досымды шақырып, темекі шегуге далаға алып шықтым. Қолындағы темекісін құшырлана ішіне тартқан Құрманбайдың ойына енуге ықшамдалғаным сол еді, ол бойын бірден тіктеп алып: «Ау достым, сен сөзіме сенбей тұрғаның қалай, жігіттермен бірігіп шешіліп қойылған. Болды, тек Дина мен қызыма көзқырыңды дұрыстап салып жүрсең болғаны, ал, «Талдыққа» дәмеленбей-ақ қой», – деп қалжыңға бұрғаны. Иә, расымен де жігіттер шешіп қойса, олардың бетін қайтару мүмкін емес те еді. Жігіттердің ауыз­біршілігі керемет болатын, әркім өз сөзінің қожайыны және ол үшін жауап та беретін. 
 Екінші қабаттағы жиналыс залына Президент әкімшілігі мен Алматы әкімшілігінен келген қонақтарымыз төртбұрышты дөңгелей жасалған үстелге шен-шенімен жайғаса бастады. Арасында біздерден бір елі де қалмайтын «құзырлы» орындардың адамдары, өзіміз жақсы танитын майор ағамыз да осында. Жиналысымыз басталып та кетті.Талаптарымыз қойылып, орындалмай жатқан жағдайда  17 желтоқсан күні басты алаңда жеті жігітіміз жиналған халықтың алдында өз-өздерін өртейтіндігі жөнінде айтылды. Бір сәт жым-жырт тыныштық орнаған болатын, есік ашылып төрт-бес жігітіміз кіріп келді. Соңғысы есікті дұрыстап жапқан кезде жанына тағы екеу-үшеуі бара бергені сол еді,  ортаға суырылып шыққан үш-төрт жігітіміз: «Біз сіздермен ойнап отырғанымыз жоқ, болмаса», – деп бірі білектерін жалаңаштай, бірі қарындарын жалаңаштай «лезвиелерімен» өздерінің білектері мен қарындарын осып-осып жібергені!Атқылай жөнелген қандарын көргенде, ондайдың талайын көрген менің өзім орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін, басқа адамдардың жағдайларын өздеріңіз бағалай жатарсыздар… Залдың іші әп-сәтте иу-қиу, шу болып кетті. Біреулері терезеге қарай ұмтылса , кейбіреуі есік жаққа лап қойды.Ешкімді ешқайда шығармай жігіттер тұр. Өре түрегелген көпшілікті сабырға шақырып, шарқ ұрып мен жүрмін, әйтеуір, «жедел жәрдем шақырыңдар!»,  – деп айқайлап жүргенім есімде. Үсті бас­тары қан-қан, едендегі қанға тайғанап жығылып жатқандары да бар, бөлменің іші демесеңіз, тура сол 86-ның Алаңы болып кетті…Көздері шараларынан шығып кеткен кейбірлерін көзіме елестетсем, әлі күнге езуім тартады. Неше минутқа созылғанын қай­дам, бір кезде тыныштыққа қол жеткіздік. Өздеріне қол жұмсағандардың ішінде ер көңіл Қадыр бауырым мен Құттыбегіміз аямай-ақ кескен екен, оларды «Жедел жәрдем» бірден алып кетті, қалғандарының сол жерде жаралары таңылып, алғашқы көмек көрсетілді. Президент әкімшілігінен келген Қайырбек Сүлейменов ағамыздың ортамызға түсіп, «талаптарың орынды, орындаймыз» деген уәдесінен кейін, жігіттер сабасына түсті. 1993 жылы 17 желтоқсанда алаңда ешқандай ың-шыңсыз іс-шарамызды атқарып, бастарын өлімге байлаған жеті жігітіміз де аман қалған болатын. Берген уәделерінде тұрып, көп кешікпей 1993 жылы 28 желтоқсандаҚазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «1986 жыл­ғы 17-18 желтоқсандағы оқиғалардың ақталған қатысушыларын әлеуметтік-тұрмыстық қамтуға қатысты мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстарды жандандыруға байланысты комиссияның қызметі туралы»  № 591-Р Өкімі шықты. Өкім бойынша Қ.Сұлтанов басқарған арнаулы комиссия құрылып, өз істерін бастап та кеткен болатын. Дегенмен, қыс өтіп көктем келісімен бірталай шаруаларымыздың басы шалынар деген үмітіміз ақырын-ақырын аяң­дап, алыс­тап бара жатқаны байқалды. Өкінішке орай, комиссияға жүктелген жұ­мыс­тар толығымен орындалмай қалды. Ал­маты қаласынан басқа өңірлерде тұрып жатқан желтоқсандықтар (сотталып, то­лық ақталған қыз-жігіттеріміз) әлі күнге дейін Өкімде көрсетілген жеңіл­дік­тер мен артықшылықтарға қол жеткізе алмай келеді. 
Өкімнің шығуы мен комиссияның құ­рылуына тікелей әсер еткен, Тәуелсіз­дігі­міздің жариялануынан төрт күн бұрын шық­қан 1991 жылғы 12 желтоқ­сандағы Қа­зақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә. На­зарбаевтың «Қазақ­стандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқ­сан­дағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» №540 Жарлығы болатын. «1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деп дәл бағалаған ҚР Пре­зиденті, Елбасы  Н.Ә.Назарбаевқа: «Желтоқсанның» биыл отыз жылдығы, Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы қарса­ңында, бергі тарихымызға, «Желтоқсан көтерілісі»  азапты тарихымыздың ашуға толы ақтық беті, азат тарихымыздың арман мен айбынға толы алғашқы беті болып табылады.Қазақстан тәуелсіздігі үшін, қазақ ұлтының гүлденуі үшін, оның тарихы мен мәдениетінің барынша өркен жаюы үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың барлығына да аса қымбат, аса қасиетті. Ол баяғы ата-бабаларымыздан бермен қарай көкейкесті болып келе жатқан біршама мұраттарымызға жарқын бетбұрысымыздың жойқын беташары болып енген», тарихи «Желтоқсан көтерілісінің мәртебесі туралы» жаңа Жарлығыңызбенен толықтырылады» деген сенімімізді жеткізгіміз келеді. 
Тәуелсіздікке жету мен оны қорғап қалу­дың амалы екі басқа. Бүгінгі тәуекел – осы жолдағы жаппай жауапкершілік. Бүгінгі ерлік – осы жолдағы жаппай ыждаһат. Желтоқсан рухы бізді осыған үндейді. Азаттықтың туын асқақ, тәуелсіздік тұғырын берік ұстауға ша­қырады. Осы жолда қан төккендердің жаны жәннатта болсын, тер төккендердің еңбегі жана берсін! 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Соңғы жағындағы “Желтоқсан көтерілісі” азапты тарихымыздың…,-деп басталған жерден бастап, сол кезегі мемлекеттік хатшы, марқұм Әбіш Кекілбаев ағамыздың желтоқсан көтерілісінің он жылдығына арналған “Жарқын бетбұрыстардың жойқын беташары” атты мерекелік жолдауынан алынған болатын. Желтоқсан оқиғасы дегеннен аспаған тарихшыларымыз бен мемлекет қайраткерлерінің бағасы бертінде өзгеріп,былтырдан бастап “Қазақстан тарихы” оқулығы, 11 сынып оқушыларына: “1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі”,- деп оқытыла басталды.
    “Ақиқат үн қатқанда, шындық барарға жер таппайды, өтірік, зым-зия!” Тоқтар Бейсембинов.

Пікірлерге тыйым салынады.