Расымен, біз қайда барамыз, кімбіз?!.

  • 07.11.2016
  • 678 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айнұр ТӨЛЕУ, 
журналист

Барлық халықтың мәдениеті амандықтан басталады. Қоғами өмірге енді қадам басқан үш жасар балаға біз ең алдымен үйге келген қонаққа амандасуды үйретеміз. Тілі шыққан баланың жөнді біліп, жоралғыны түсініп тұрғанына, түсінбесе де адамдық тәртіпке сай қалыптасқан мәдениеттің алғашқы әліппесін білгеніне не жетсін? Солай емес пе? Бірақ, сол мәдениеттің әліппесі деп қарап отырған амандасудың өзін де батыстандырып алғанымызды байқадық па екен, әлде байқамадық па? Бұл күнде кімнің жолы қандай екенін парықтап жатқан ешкім жоқ.

Сондықтан, келін сәлем салып, құда төс қағысып жатқаны шамалы. Ұлттың сәлемдесу ерекшелігі таңда жұмысқа, кеште үйге асыққан қалалық өмір ағысына мүлдем келіңкіремей ме, қалай өзі? Ал, жарайды келіңкіремесе, біз қалай амандасуымыз керек. Жеке тұлға ретінде менің өзіндік өрісім бар. Оны бөгде адамның аттап өтуіне болмайды. Бөгде адам менің сыр ақтаратын досыма, жақсы танысыма айналғанда ғана мен оны тұлғалық өрісіме енгізе алуым мүмкін. Бірақ, бізде олай емес. Кеше таныс болған адам, екінші күні бетіңнен сүйіп амандасқысы келеді. Қол созғаннан кейін, бетін тоса қалатын адамдар  да жетерлік. Амандасу барысында бетін тосқан адамға ыңғайсыздық танытпау үшін сен де сол ыңғайдың ығына қарай кетесің. Бірақ, бұл қаншалықты қазақ мәдениетіне тиесілі? Расымен қазақтар қалай амандасқан? Жақсы, дос, қызметтес, серіктестермен қалай амандасуымыз керек? Адамның қо­ғам ішіндегі әрекеті, екінші біреуге ерсі көрінбес үшін, ол ұлттық танымға негізделген мәдениеттерді сақтауы тиіс емес. Қайын ағасының бетінен сүйіп амандасып, қолынан ұстап тұрған келіндерді сөгіп жүрген ауыл әйелінің әрекеті заманнан қалғандық па, әлде жөнді білгендік пе? Расымен біз қайда барамыз. Кімбіз? Шынымен мәдениеттіміз бе? Мәдениетті болсақ, қарапайым амандасуды неге білмейміз. Енді, қашанға дейін осылай жүреміз?
Егер, екі ғасыр бұрын той мәдениеті деген тіркес қолдансам, мен танымы төмен, ойсыз адамның сөзін саптап тұрған болар едім. Себебі, ол уақытта той деген сөздің семалық өрісі мүлдем басқа ұғымды сыйпаттайтын. Той-той! Қуанышыңды өзгемен бөлісіп, Құдайға шүкірлік етіп жарлы мен жақыбайды тойдыр! Тойдың  бастапқы мағынасы мен шығу мотиві осындай болатын. Бірақ, қазір  жарлы-жақыбайды тойдыру үшін емес, жарлының өзі баймен жарысып қарны жуанды қарызданып тойдыруды құп көріп жүр. Неге?
Той – ұлт мәдениетінің көрсеткіші. Ұлттық фольклорымыздың көптеген мұрасы той-жиын шараларында туған. Сыңсу, беташар, айтыс, ән өнері, ұлттық ойындар т.б барлығы ел жиналған жерде  жүзеге асады. Қай ел? Әрине, қазақ. Ал, бүгінгі қазақ бас қосуы осы фольклорлық мұраларды қажетсіне ме? Тойында дәстүрлі ән айтылып, салған жерден қыз бен жігіт айтыса кететін той көріп жүрсіз бе? Айтысқанды айтасыз-ау, біз бүгін қазақша сөйлеуден қалып едік қой. Өзіміз сөйлей алмайтын болған соң, сөйлейтін адамдарды жалдаймыз емес пе? Жақсы, заманыңның реті мен талабы асабаны той басқартуға алып келген болар. Бұрында да жаршылар той-думанды сырнайлатып-керней­ле­тіп хабарлап, тойдың ойдағыдай өтуіне қызмет атқарған. Бірақ, сөйлей алмайтын қазақ, сол сөйлеу үшін жалдап қойған асабасының сөйлей алатынына қаншалықты сенімді? Жиналған сыйлы мейман мен өсіп келе жатқан жас өрімдердің сырттан бақылап тәлім түйетіндей білімді азамат тойыңызды басқарып тұрса, онда сіз той ғана жасамайсыз, сауапқа кенелесіз. Бірақ, біздегі асабалар күллі жұртты күлдіру үшін түрлі әрекеттер мен айла-амалдарға барып жүргендері бар.  Өнер иелері үшін негізгі табыс тетігі – той. Асабалардың тойға шығуға рұқсат қағаздары болуы тиіс. Бізде мың құлақ жоқ. Екі ғана құлақ бар. Ал, сол екі құлақтан ұлтқа қажетсіз қоқыс әрекеттер мен сөздердің еніп кетпеуінің алғашқы алғы шарты сол ғана. Бесіктегі баладан,  таяғына таянған қарттарға дейін баратын той – ұлттық мәдениетке негізделуі тиіс. Қазақтың амандасуынан тойына дейін жөнге салынып, тәртіпке келетін кезі жетті. Айналайын, қалқам, қарағым, қарашығым деген сөздерден де жерініп барамыз. Осы сөздерді айтатын адам таппай, өз даламда өгей күй кешіп жүрмін. Осы мен кіммін? Мынау, байтақ мекен шынымен менің кеңістігім бе? Бұл кеңіс­­тіктің мұрагерлері уақыттың алдына барып сүрініп түскені несі. Иә уақыт және кеңістік мәселесінде де әлсіз болып шыққанымыз ба? Кеңістік баяғы, уақыт басқа. Бірақ, кеңістіктің үстіндегі ар­лы да-берлі қозғалатын тірі денелер уақытқа гендік ақпаратты дұрыс алып келе алмады. Олар бабаларының гендік ақпаратын осы кеңістікте сақтап қалуға тиіс. Оларың кім? Расында,  бұл кеңістікте дене көп. Қас­қыр баяғыша ұлып жүр, ит те үруінен жаңылмаған, байғыз баяғыша түнде зарлы үн шығарады. Бұл кеңістікке үні мен болмысын өзгерткен, гендік ақпарат-аманатын алып келе алмаған мен ғанамын. Мен және менің туыстарым!

 

Алдыңғы «
Келесі »