ТІЛДІҢ БОЛМЫСЫ ДА, ТІРЛІГІ ДЕ – ТІЛДІК ОРТА

  • 07.11.2016
  • 2827 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Ерғали,
мәдениеттанушы

Тіл мәселесінің мәйегі ретіндегі басты факторға назар аударылмай, қазақ тілінің көсегесі көгере қоймайды. Тіл саясатындағы нысаналы бағыт пен шынайы да нәтижелі шараларды қолға алмау мемлекеттің қауіпсіздігін қолдан әлсіретуге апарып соғады.Бұл тақырыпқа барғыштауымыздың да, оны бұқарамен бөлісуіміздің де себебі – сол.

ТІЛДІ ӨЛТІРУ МЕН ТІРІЛТУ АЛАҢЫ. Кез келген лингвистикалық жүйеге жататындықтан тілдердің барлығы да өзінше даму сатысынан өткен, ал, оны жалпылама дамыту ұғымы қисынға сәйкеспейді. Әр тілге тән ақуал – әрқайсысының тілдік ортасының алуан болуында. Әрине, тілдің белгілі бір саласын немесе аспектісін сапаландыруға, дамытуға болады. Бірақ, ол тілді дамыту дегенді білдірмесе керек. Тілдік орта – тілдің тірлік алаңы. Тілдің тірлігі оның қолдану ортасының бар екендігіне тікелей қатысты. Қатынас ортасы жойылған тіл өзінен өзі өшкен тілге айналады. 2000 жылдай өліге саналған лингвистикалық иврит жүйесі қалай қалпына келтірілді? Бар болғаны – оның тілдік ортасы қайтадан жандандырылды! Осылайша, кез келген тілді өлтіруге де, тірілтуге де болады. Тілдік орта – тілдің қолданым аясы;қолданымы жойыл­ған тіл өшкен болып есептеледі. Тілдік ортаның тұтынушылары: жазарман, оқырман, көрермен, тыңдарман, айтарман. Ал, орта сәйкес түрде: тілдегі бүкіл жазба ресурс, кітапхана, электрондық кеңіс, оларды қолданушылар,телевидение,радио, алуан түрлі дәрісхана, аурухана, көше, қоғамдық орындар, ойын алаңы, мектеп, балабақша, жанұя,  ұжым, мәдениет орындары, базар т.т…  
Бүгінгі мемлекеттік шекара бұрынғыша географиялық қоршаудан гөрі тілдік ортамен шектелетіні жасырын емес. Бүгінде әр мемлекеттің тілдік ортасы – соның аумағын білдіретін факторға айналды. Ресеймен ортадағы тілдік ортамыздағы айырманың аздығы біздің елдің егемендігін көрер көзге  тө­мен­­шіктетіп, Қазақстанды бұрынғы метрополияға рухани бағынышты етіп тұр. Егер де, мемлекетке тән тілдік орта болса, оның ықпалы саяси шекарадан гөрі мол болатыны сөзсіз. Біз сол шекараны сезіне алмай отырмыз.
Тілдік орта – тілдің қызмет ету аясы мен мүмкіндігіне жол ашатын, адамдардың ақпарат алу мен беру, қарым-қатынас жасаудағы әмбебап жанды алаң. Оған дамуына көңіл бөлмеу арқылы тілдің аясын тарылтып, оның өшуіне жағдай жасайды. Бізде тілді туындататын да, өлтіретін де, үйрететін де орта екені ескерілмей отыр. Елде тілдік пәндер арқылы ғана тіл үйрету міндеті қойылған біржақты ұғым қалыптасқан. Пән ешқашан ортаны алмастыра алмайды, ол бар болғаны тіл туралы түсінік қалыптастыруы мүмкін, тілдік жүйені таныстыру, игер­туі ықтимал, бірақ, тілді меңгерте алмайды! 
Тілдік ортаның қаншалықты дамыған­дығы тіл қауқарын көрсететін басты фактор, ол оның кеңдігі мен тереңдігі арқылы өлшенеді және тілдің дамығандығы да сол өлшемдерге тікелей қатысты. Былай айтқанда, ортаның кеңдігі – тіл қолда­нымының саны да, ал, тереңдігі – тіл қолданымының сапасы.
КЕҢДІК. Тілдік ортаның кеңдігі оның қолданыс аясының мүмкіндігімен сипатталады. Тілдік орта бүгінгі қолданыста басты екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша орта. Адамның аты-жөнінен (қазақтың аты-жөнінен хабар алғыңыз келсе, кез келген мектептегі сынып журналына көз жіберіңіз), СМС-тен бастап, ғылыми-саяси баяндамаларға, заңдарға, том-том кітаптарға дейінгі барлық жазба материал тілдің жазбаша ортасын қамтиды. Тілдің қаншалықты көлемде жазбаша материал өндіру қауқары мен қоры болса, оның жазбаша ортаны игеру мен меңгеру мүмкіндігі де соған сәйкес, оның жазбаша кеңдігі де, кеңісі де сондай. Қазақтілді ақпарат тұтынушы күніге қанша көлемде жазу жазып, қанша көлемде сол жазбаны оқыса, тілдік ортаның жазбаша бөлігінің саны да, сапасы да соншалықты қалыптасады.
2009 жылы бір топ қоғамдық ұйым атынан жарияланған «ҚАЗАҚСТАН РЕС­ПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМ­ЛЕКЕТТІК ТІЛ­ДІҢ АХУАЛЫ ЖӨ­НІН­ДЕГІ СА­РАПТАМАЛЫҚ БАЯН» атты құ­жат­та (http://abai.kz/content/kazakstan-res­publikasyndagy-memlekettik-tildin-akhualy-zhonindegi-saraptamalyk-bayan) тілдік орта үшін барынша қажетті әрі қарапайым ақпарат та­рату көзі болып табылатын қазақтілді БАҚ турасында: «Елдегі қоғамдық мәлімет кө­зіне қарағанда, (бұл сала бойынша ресми мәлімет немесе ғылыми зерттеме жоқ) БАҚ өндірісінің қазақшасы 10%-дан ас­пайды, қалғаны орыс тіліндегі өнімдер болып табылады да, олар қазақшаға аударылып беріледі» делінген. Бұл көрсеткіш негізінен газет-журналдарға қатысты, оның 4 жыл өткеннен кейін де өзгергені шамалы, бұл сала аударынды мазмұнға түскені өз алдына мәселе. Ал, жазба тілдік ортаның ең шыңы саналатын ғылыми кітаптар мен оқулықтар жөнінде бірен-саран гуманитарлық саланы айтпағанда, әңгіме айту артық. Бүгінде жазба тілдің сапасы мен мемлекеттік қол­данымын аңғартатын заң шығару саласындағы заң жобаның тек қана орыс тілінде жазылатыны тағы мәлім. Бұған қатысты қазақ филолог ғалымдарының магистратура мен докторантураға барып, ғылым даңғылына түсу үшін әуелі ағылшын тілінен сүрініп жатқанын тағы ескерейік. Ал, бұл қазақтілді  ортамен оның жүйесін көгертуге тиісті ғылымның «бүйректен шыққан сираққа» тәуелділігін аңғартады.
ТЕРЕҢДІК. Тілдік ортаның терең­дігін, яғни, сапасын сөз етсек, оны қина­лыссыз-ақ бүгінгі журналистика тілінен оңай табамыз. Бұл турасында бүгінде ерінбеген адамның бәрі сынайтын болды. Жазарман мен оқырман деңгейі өзара тығыз қатынаста – қандай жазарман болса, дәл сондай  оқырман қалыптасады. Осыған орай бүгінгі қазақ журналистикасының сауатынан бастап, көркем әдебиет пен өнердің тоқырауы да, оны тұтынушы қазақтілді оқырманның орыстілді  жазбалы ортаға ойысуы да осындай қордаланған кешенді мәселенің салдары екені сөзсіз. Бүгінде «тіл – адамдардың өзара қарым-қатынас құралы» деген тұжырым әлде­қашан ескірді. Жаһандану үдерісі тіл нысанына жаңа анықтама бере бастады, соның бірі тілдің – ұлттық сана мен ойлау жүйесінің бірден бір көзі екендігі. Былай айтқанда, гендік тегіне қарамастан, өз тілінде сөйлемейтін адамда ұлттық ойлау жүйесі мен танымы ғана емес, басқаша ойлау аппараты мен талдау тәсілі, соған сай әрекет қалыптасады. Тіпті, адамның антропологиялық түр келбетінің де өзгеріске ұшырайтыны да құпия емес. 
Кісінің қай тілде сөйлеуіне байланысты, оның ауыз қуысы мен сөйлеу аппараты да өзгеше қалыптасып, соған сәйкес дыбыс жүйелеріне көндігеді. Бұл жағдай адамның есту қабілетіне де қатысты: адам қандай дыбысты естіп, қабылдай алса, сол дыбыстар жүйесінен құралған тілде ғана сөйлей алмақ. Сол себепті, есейген адамды тілге үйрету барынша ауыр және оның қалыптасқан ауыз аппаратын өзгерту мүмкіндігі мейлінше аз. 
Кеңестік мемлекет миллиондаған орыс еместерге ешбір орталық ашып, бюджеттен қаржы бөлген емес, бұл мәселені орыстілді ортасы қалыптасқан жұмыс ұжымдары мен мәжбүр болған психологиялық жағдай оп-оңай шешіп берді. Осы жерде осы мақсатқа бюджеттен бөлініп жатқан қыруар қаржы мен оның тиімділігі әрі нәтижесі біздің көзімізге шұқып тұрған салдар емес пе?! Әрине, қызыл империяның бұл жүйесі кісі қызығарлық емес, бірақ, бұл жердегі айтпағымыз – тілдік ортаның тіл үйретудегі орасан қауқарының аяқасты болуы мен тиімділігінің біздің жағдайымызда қарастырылмай отырғандығы.
Тілдік ортаның тереңдігі кейбір тілдерде мұхит секілді, ал, кейбір тіл­дерде шалшыққа айналуда. Бұл – ортаны ескермейтін болмаса қасақана түрде ол мәселеден айналып өтетін дәрменсіз тілдік саясаттың салдары. Бір  тілді ғана мұхитқа айналдыруға тырысып, қалғанын шалшық пен балшыққа айналдыру бізге көрші елдердегі мемлекеттік саясат екені рас. 90 пайыз тілдік ортасы бар алаңдар көрер көзге өгей тілдік ортаға орын беріп, тереңдік тайыздалып, суалуда. Реті келгенде, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1000001128) басты құжатта тілдік ортаға қатысты ешбір сөйлемнің жоқтығын келтіруге мәжбүрміз.
ТІЛДІК БЕДЕУЛІК. Қазақ тілді жаз­балы ортаның сауатының төмендігі негізінен тілдік ортаның өгейтілді ортаға бодандығынан, ықпалынан туындап отыр. Бүгінгі тілдік ортаның жазба бөлігі шамамен 90-95 пайызға дерлік орыс тілінің аударынды нұсқасы болып табылады. Демек, қазақы тілдік орта өз бетімен ойлаудан қалып, орыстілді ортаның ойлау жүйесінің жетегіндегі күйді кешіп отыр деген сөз. Осыдан келіп, тілдік ортаға тән өзіндік стиль мен сөз орамы өзге тілдің көшірмесі мен жаңғырмасы түрінде ғана көрініс табуда.
Өз кезегінде тілдік ортаның өгей ортаға тәуелді болуы ұлттық ойлау жүйе­сінің әуелі тоқырап,келесі сатыда жасампаздықтан ажырап, ұлттық бол­мысқа тән ғылыми,әдеби, өнери тоқырауға ұшырап, сапалы да ықпалды туынды тудыра алмайтын «бедеулікке» ұрына бастайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Кино, театр, сатира саласы сценарий зәрулігіне ұшырауға басты себеп – тілдік ортаның ойсырауынан, ұлттық танымға арқа сүйейтін этноойлам жүйесінің тығырыққа тірелуінен. Бодандық құр­сауында болған дәуірдегі ұлттық болмыс-бітімді көрсететін классикалық әдебиет, өнер туындыларының деңгейіне жете алмауымыз – ұлттың басты мәйегі болып табылатын тілдік ортаның осалдығы мен әлжуаздығынан. Демек, тілдік орта –  ұлттық сапаның көрсеткіші ғана емес, төлтума болмыстың түпқазығы да. 
АУЫЗЕКІ ТІЛДІК ШЕКАРА. Ұлттың өзімен өзі болуға ұмтылуы  – Л.Н.Гумилев дәйектегендей,пассионарлық қуаттың жүзеге асу көрінісінің жоғарғы сатысы. Бұл егемен болу үдерісінен де, өз тілі мен руханиятын, болмысын, санасын сақ­тауға деген ұмтылыстан күннен күнге көрінуде. Бірақ, біз егемен болған кезден бастап ауызекі тілдік ортаның ауқымын тарылттық. Оны сол кезде «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» деген ұранның пайда болып, оның тілдік ортадағы басты реттеуішке айналу әуселесінен аңғарамыз. Содан бері қазақ тілі ресми-бейресми орталарда толыққанды  қатынас құралы болудан қалды. Мемлекеттік тіл мемлекеттік шешуші құжаттар әзірленетін не ресми сөйленетін тіл болып толық қалыптаса алмай келеді.
Ауызша тілдік ортаның әлемге жайыл­ған шекарасы бар, ол – ілеспе аудар­ма, яғни, тілмаштық орта. Ілеспе аударма – ауызекі тілдің шарбағы да, бекінісі де. Ол болмаған жерде төл тілдік ортаны өгей орта бұзып-жарып, өз салтанатын құрады. Өткен ғасырдың 90-жылдарында әрбір әкімдік пен мәслихатта пайда болған синхрон аударма түріндегі тілдік бұл шекара жоғарыда келтірілген «Жұрттың бәрі түсінетін тілде сөйлейік!» науқаны енгізілген соң келмеске кетті. Себебі, қазақтілділердің барлығы да орыс тілін ұғатын еді және оны түсінбеу қоғамда сауатсыздық пен мәдениетсіздіктің, артта қалудың көрсеткішіндей қабыл­данып, орысша сөйлеу сәнге айналды. Сөйтіп, қос тілдік қазақтілді орта монотілді болып түзіле бастады.
Бірқатар мемлекеттік ұйымдар­да, органдарда арнайы аударма бөлімі бар, алайда ол бөлім негізінен қазақша-орысша ілеспе тілмаштықпен ғана айна­лысып,орыстілділерге ғана қызмет ететіні құпия емес. Арнайы талап етілгенде ғана қазақтілді ортаға арналған орысша-қа­зақша аударма қолға алынады. Ресми форумдар мен отырыстарда ауызекі тілдік ортаға деген саяси көзқарас осылайша әйгіленіп отыр. Сөйтіп, жазба тілдік орта негізінен аударманың салдары түрінде қалыптасып отырса, ал, ауызекі ортаға керісінше, тілмаштың тілі байланып, шекарасыз қалып отырған жағдай тән. Соның салдарынан Қазақстан өзге елдермен өгей тілде араласып, қазақ тілінің өзге тілдермен тілмаштық қарым-қатынасы дамымай, тілдік шекара қалыптаспай отыр. 
ТІЛДІК САЯСИ ЖҮЙЕ. Арнайы ілеспе аудармалық техниканың орнына әрбір мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Тілдерді дамыту басқармалары мен бөлімдері құрылғанымен, бұл құрылымдар мемлекеттік тілдің пайдасына қызмет етуге арналмаған, бұлардың басым бөлігі сол ұйым басшыларын тілдік шабуылдан құтқаратындай және ісжүргізімді жазбаша ортаға емес, мұрағатқа ғана қызмет ететіндей қасаң да жансыз жазбаша аудармаға жегілген. Және де бұл бөлімшелер мемқызметшілерді мемлекеттік тілге үйретуді ұйымдас­тырушы болғанымен, оның нәтижесі барынша төмен, өйткені, ресми түрде мемтілді білу талабы жоқ, қазақ тілге деген ресми сұраныс қалыптаспаған. Осылайша, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін айтарлықтай қаржы нәтижесіз, тілдік ортаның қызығын көрмейтін формалды тілдік курстарға жем болуда, оның нәтижесі мен тиімі сұралатындай жүйе енгізілмеген. Қазақ тілін білу деңгейін тексеретін бірден бір құрал – ҚазТЕСТ жүйесінің дайын болғанына бірнеше  жыл болса да, оны мемқызметшілерді білуге міндеттейтін әлі күнге нормативтік құжат болмағандықтан, бұл сайманды қолданудың мүмкіндігі тағы жоқ. 
Мемтілдік ауызша орта әлеуметтік-қоғамдық орындарда мейлінше шетте­тілген. Банктерде, дүкендер мен басқа да қоғамдық қызмет ету орындарында біртілді (яғни, орыстілді) қызметшілер монополиясы мен диктаты орнаған. Бұларда қазақтілді қызметшілер іші­нара жұмысқа алынғанымен, бірақ, оларға сәйкес еңбекақы төлемей-ақ қостілді қызметке жегу орын алған. Айта берсе, атай берсе, бұл саланың осалдығын айтып тауысу қиын. Себебі, елде мемтілдік ортаны дамыту тұжырымы тіптен талқыланған да, қарастырылған да емес. 
САЛДАР. Нәтижесінде Қазақстандағы тілдік орта мен демографиялық әлеуеттің арасында мейлінше қайшылық туындап отыр.Мемлекеттік мәртебесі бар саяси-ресми бас тіл болып табылатын қазақ тіліне деген көзқарас әлдебір саяси осалдықты қымтайтын көрпе ретінде қалыптасқан ақуал байқалады. Нәтижесінде орыстілді қауым билік пен байлыққа ие жоғары каста рөлін атқарып отыр, оған қарсы қостілді болса да қазақтілді ортаның алакөздігін қоздыра түсуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын айтылған философ ақсақалАмангелді Айталының«орыс тілі – байлардың, қазақ тілі – кедейлердің тілі» деген уәжі бұрынғыдан бетер аңғарылуда.
Барған сайын демографиялық ақуал­дың қазақы тілдік ортаның пайдасына шешілуіне қарамастан, аталмыш баянда аталып өткендей, 2009 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда жарнама мен хабарландырудың түпнұсқасы мен тарату үдерісі 100 % -ға дерлік әуелі орыс тілінде жүзеге асады, қазақ тіліне аудару екінші кезекте ғана қолға алынады. Осы­дан келіп, қазақтілді жарнама тілдік ортаға икемсіз, өгей мазмұнда. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, Алматыдағы 200-ден астам жарнама агенттіктерінің бір де бірі қазақ тілінде жарнама жасамайды. Сөйтіп, жарнама берушілер қазақтілді тұты­нушылар мүддесін ескергендіктен емес, тіл саясатында тууы мүмкін дау­дан қашқақтағаннан амалсыз түрде орыстілді жарнаманы үстірт, жүрдім-бардым есеп үшін ғана қазақшалаумен шектеледі. 
Елдегі азаматтық ақпарат алу, айталық хабарландырулар мен құлақ­тандырулардың өзі біртілді ортаның пайдасына арналған индустрияға жол беріп, дамудың даңғылына түскен. «Из рук в руки», «Колесо» газет­тері, тіпті коммерциялық жүгіртпе теле­жол­дардың өзі, СМС арқылы таралатын Төтенше жағдайлар саласының хабарламалары да мемтілді ортаны оп-оңай айналып өтіп, қазақтілді ақпарат тұтынушының бар-жоғына мән бермейді. Бұл жағдайды саралап, талдап ресми түрде бағалап отырған уәкілдік органдар жоқ, қазақтілді ақ­парат тұтынушылардың құқығы тапталып жатқанымен құқық күзету орган­дарының да ісі жоқ.
2005 жылғы ақпарат бойынша Алматы қаласындағы 66 жоғары оқу орнында оқитын 205 мың 657 студенттің 39%-ы ғана қазақ бөлімдерінде, 61%-ы орыс бөлімдерінде оқыған. 2013 жылғы көрсеткішке жүгінсек, 37 пайыз қазақ баласы есебінен білім орыс тілінде беріліп, жүздеген орыстілді мектептер саны солардың есебінен сақталуда. Бұл жағдай білім сапасы қазақтілді ортада жоғары болса да, осылай сақталып отыр: нәтижесінде ушығуға жеткізбейтін шаралар жасау мүмкіндігі мол болса да, елімізде тілдік теңгерім мен үйлесім мейлінше алшақ күйінде қалғаны өз алдына, барған сайын тілдік алакөздік ұлғая түсуде.
ҚОРЫТЫНДЫ. Атап айтар басты аңғарғанымыз – тілдік саясат мәдениет пен ақпарат саласына қатыстылығынан гөрі, елдің ішкі саясатының бірден бір өзегі екендігі уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде. Сол себепті, тіл мәселесімен кәзіргідей Білім және Мәдениет минис­трліктері,әкімдіктердің бөлім­шелері емес, елдің біртұтас Ішкі саясат құрылымдары айналысуы керек. Сонда ғана бар мәселе оңалып,  оңай шешімін табатынына сенеміз. Және де бұрынғыдай тіл мәселесін жаба тоқитын жауыр сипатынан гөрі тиянақты түрде нәти­желі іс-әрекеттермен әдіптеген абзал. Өйткені, тілдік ортаның ақуалы мен елдегі демографиялық жағдай барған сайын мәселені басқаша қоюға душар етпек.
Бүгінде мемлекеттік шекара мен тіл­дік орта шекарасының беттесуі барынша маңызды да өзекті. Ресей-Украина арасының ушығуына да тілдік ортаның алғышарт жасағаны мәлім. Бізге шынайы қостілді ортаны дамыту әсіресе солтұстағы тараптар үшін қажеттілік болып қала береді.
ҚЫРҒЫЗ  ЛИНГВИСТИКАСЫНЫҢ  ҮЛГІСІ 
Бүгінгі қазақ лингвистикасы советтік тіл білімнің жұрнағы ретінде тірлік кешуде. Азаттықтың 25 жылы қазақ тіл білімінің 25 мәселесін шешпей-ақ қойсын, ең болмаса басты мәселелерін қолға алғаны жөн еді. Өкінішке орай, бүгінгі қазақ орфоэпиясы мен орфографиясын советтік өнім ретінде әлі тұтынып келеміз. Әрине, совет дәуірі қазақ лингвистикасын ғылым ретінде қалыптастырды, іргелі дүниелерді теориялық жағынан да, практикалық жағынан да өз кезеңіне сәйкес шешті. Мәселе – азат Қазақстанның азат тіл білімінің дамымауында болып отыр. Біздің сөздіктеріміз – міні ескерілмей сол советтік тұжырыммен қайта басылудан танбай келеді және көтерілген мәселелер сол бетбақтырмаған күйінде қалуда.
Қазақ тіл білімінің проблемалары қыруар, бір мақаланы былай қойып, бірнеше конференция да шеше қоймайды.  Бірақ, кезінде тіл білім саласына қазақ ғалымдары атсалысқан қырғыз лингвистикасы бізден анағұрлым жоғары ма деуге дәйек бар. Біздің лингвистика тіл білім теориясының практикаға диктатурасы күйінде қалып, өмірдегі тіл мен ережелер, қағидалар  соғыс ардагерінің жылына бір рет киілетін кителі секілді сықиған күйі өзгерер емес. Айталық, тіл үндестігінің қазақ орфоэпиясы мен орфографиясындағы біржақтылығы жоқ: МҰРЫН деп жазып, МҰРҰН түрінде айтамыз да, бұны қып-қызыл теория ретінде баланың да, шағаның да басын қатырамыз. КӨКӨНІС деп жаздырамыз да, енді оны «көгөніс» деп айт дейміз…Осыдан келіп онсыз да сауатсыз дикторлар мен жүргізушілердің жер-жебіріне жетеміз. Айналайындар, қарапайым қазаққа теорияның керегі қанша! Оның тіліне неге теориялық тұсау саламыз, неге лексикалық болмыс адамның сөзіне (речіне) шідер болуы керек? Сол тілді шығарған жазу емес, қазақтың тілі ғой! Әрине, лексикологияны тіл айтымына түгел бағындыру сөкеттік, бірақ, тіл табиғатын сақтау мен қолдану арасын жуықтатуға болмас па?..
Қырғыздар бұны оп-оңай шешіп алған, тіпті, совет заманында-ақ шешкен: МҰРҰН  қалай айтылса, солай жазылады. Бұл жерде сөздің айтылуы мен жазылуын біріктіру мәселесі емес, қайталап айтамыз, түркі тілдеріне тән сингормонизмнің айтуда да, жазуда да сақталу принципінің қазақ лингвистикасында жоқтығы. Соны ажыратып, жасанды теорияны балалатып отырмыз. Бұл қазақ тілінің айтылуы мен жазылуының арасына жік болып отыр. Қазақ тілінің үндесімін сақтай алмайтын емленің керегі қанша?! Бұл мәселенің бір егжейі ғана.
Лексиканы алайық. Тіл мәселесінде үлкен дау тудырған «көшпенді» сөзі үндінің қасиетті сиырындай болып кіріккелі қашан. «Қалыптасқан лексемада не жының бар!» деуге кез келген көзі үйренген қазақтың қақы бар, бірақ, қазақ тілінің сықиған сөзжасауын бұрмалап, квазилексемаларды балалатуға қандай қақымыз бар? Оны түзетуге, дамытуға болмаса, бізге тілбілім саласының керегі қанша?! Ал, бұл сөзді қырғыздар тіліміздің тіл табиғатынан бөлмей-ақ, сол күйінде тауып, қалыптастырып алды: КӨЧМӨН. Қазақшаласақ – көшпен/көшпөн. Көш адамы. Бұндай тұлғалы сөз тілімізде жетіп артылады: түрік+пен. Түрік адамы. Қырғыздар көпше түрін КӨЧМӨНДӨР  түрінде көчмөндер деп  үндесімді бұзбастан көпше жалғауын да икемдей салады, ал, біз жазуға тілімізді икемдеп итіміз шығады. Тым жақсы мұрынды маңқа етумен жүргеніміз. Ал, қазақ тілінде КӨШПЕ деген болымсыз бұйрық райлы етістікке жұрнақ жалғап сөз құраудың мысалы некен-саяқ. Бар,  «өшпе+нді» сықылды барынша жағымсыз тұлғаларды тудыратын сөз… Демек, «көшпендіні» әспеттеуге ешбір желеу де, дәйек те, негіз де жоқ.Біздің тіл болымды бұйрық райлы етістікке жұрнақ жалғап зат есім жасайды: көш+інді, қос+ынды,азайт+ынды, шай+ынды…
 Қыруар ғалымдары мен академиктері бар Тіл білім институты, филология саласы неге тілдің қажетіне жарай алмай отыр. Қаржы бөлінбесе, Білім және ғылым министрлігі қайда қарауда? Мәселе, ғылым­ды ұйымдастыра да, дамыта да алмауы­мызда болып отыр.

Алдыңғы «
Келесі »