Бүгінгі күннің көрінісі

  • 07.11.2016
  • 455 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жәмила МАМЫРӘЛІ,
журналист

Бірінші көрініс: Көршісі үшін қам 
жеген басшы…
Облыстағы білдей бір мекеменің басшысын жолық­тырдым, автобуста. Еңбек демалысында жүр екен. Сыр­қаты дендеген ауылдасының жағдайын айтып белгілі дәрігерлерге ота жасауға көмектесуін өтініп келе жатқан беті білем. «Өздері барса квота, портал дегенді алға тартып әуре ететін көрінеді. Отаға төлейтін ақшасы да жоқ, ол байғұстың. Онша-мұнша дәрі-дәрмегіне жазылып кетсінші деп ара-арасында көмектесіп-ақ жүрмін. Квотаны күтсе, күн санап хәлі ауырлап бара жатыр… өліп кетуі мүмкін ғой. Соны барып, дәрігерге түсіндіруге тырыстым…»


Байқағаным, автобуста кездестірген  мекеме басшы­сының өзі де ауырып жүр.  «Емделу үшін» алған еңбек дем­алысын мақсатты пайдалануға мұршасы болмаған. Есесіне, көршісінің жағдайы үшін жүгіруге даяр. Білдей бір мекеменің басшысы ретінде қызметтік көлігін шақыртып алып, бұйымтайын айтатын дәрігерге шікірейіп баруға  жағдайы жоқ дейсіз бе?! Бар. Әбден-ақ жарасатын адым.  Бірақ, ол  өйтпейді. Жүргізушінің де еңбек демалысында жүргенін, демалуға құқысы барын ескереді.  О жағын тәптіштеп айтып түсіндіріп, не себепті автобуста жүргенін айтып, ақталып жатқан о жоқ. Мұның барлығы менің миымның жеткен жеріне дейін түсінгенім ғой. Ал, ол болса, манадан бері көршісінің жайын айтып жатыр маған. Мен танымайтын оның көршісі демде маған тым таныс болып шыға келді.  
– Телефонмен айтсам да болар еді, олай етуге ыңғайсыздандым. Дәрігердің алдына барып, көзбе-көз отырып түсіндірейін, тезірек ота жасалмаса болмайтынын айтайын дедім, – дейді. 
Шынымды айтсам, «қоластындағы қызметкерлері үшін өте талапшыл, жұмысқа келгенде қуырып жеп қояды» деген бұл кісіні жақсы білуші едім. Ешкімді аямайтын адам-ау деп ойлайтыным да рас-ты. Ал, мына әрекетіне қарап…. таң қалдым. Таң қалудан бұрын сүйсіндім. Біртүрлі ішім жылып, жақсы көріп кеткенімді несіне жасырайын. Кейде адамдарды, әсіресе, шенеунік, «мемлекеттік саясатты  ұстанушы» деп ат қойып алған азаматтарға біртүрлі салқын қарайтынымыз жасырын емес қой.  Ал, өзіміз дәл осы азаматтай қайырымды іс атқара алдық па?  Көршіміздің денсаулығынан хабар алмақ түгілі, соңғы рет қашан амандасып, жүз көрісіп ек?! Есіңізге түсіріңізші,  Сіз көршіңізбен қашан емен-жарқын сырластыңыз?  Оның балтыры сыздағанына басыңызды ауыртып көрдіңіз бе?

Екінші көрініс: Туысқанның «жақсы­лығы»
– «Заңды онша білмейміз ғой, – деп бастады халыққа қызмет көрсету орталығында бірге кезекте тұрған ақсақал әңгімесін әріден жалғап. – Құжаттарым да дұрыс емес көрінеді. Оқыған баласың, бізге қарағанда көзің ашық деп, бір нотариус балаға жалындым. «Менің тірлігіммен ары-бері жүріп тұратын болсаң, керек болар.Тезірек бітіру үшін таксимен жүр, айналайын» деп қалатасына ақша сап та бердім. Азсынды. Сен тындырып келемін дегенше зейнетақым кеп қалар. Тағы берермін жетпеген жерін» – деп уәде бердім. Әппақ сақалыммен уәде берген соң, зейнетақымды ала сала  оны да бердім. Тындырып берді. Қуанып кеттім. «Бәрекелді, балам! Бала-шағаңның рәтін көр!» деп шаттандым. Жөн білмеген соң, өзім қанша күн сандалар едім ғой…  Сөйтсееееем… Менің тірлігім сол нотариус баланың  қолында тұрған мәселе екен. Тек мөр басып, қол қойып беріпті құжаттарға.  Болды. Оны кеше осы ЦОН-ға келгенде, анау «әкөшкідегі» бала айтты ғой» – деп ашынған ақсақал санын қайта қайта ұрғылайды.
– Мені қинайтыны, нотариус бала өзіміздің әулеттен ғой. Көз алдымызда өскен өзіміздің бала еді. Әй, ағайын бола отырып, осылай арамдыққа барып, соншама ақшаны қаққанына ренжимін де… 
Ақсақалды ренжіткен жайт мемлекеттік қызмет үшін белгіленген сомадан артық ақы ала отырып тындырып берген «туысқанның» туысқандық әрекеті болып отыр. Не дерімді біл­медім…
«Ақшаны да қойшы. Кетсе туыс­қаныма кеткен шығар дей салдым. Мейірім, қайрымдылық, болысу, көмектесу деген қайда қалды, айналайын?! «Жастар жаман», «…бұзылған» дегенді еш қоштамайтын жанмын. Бірақ, мынадан соң… басқаша қалай айтамын?! Жастар, туысқан, ағайын, мейірім, білмегенге жөн көрсету дегенді білесіңдер ме, өзі?»
Кезекте бірге тұрған ақсақалдың айдаладағы ағайыны үшін қызарып, ұялуға тура келді. «Қайтесіз енді…» дей бергенімді кейін, «лентаны» кері айналдырғанда білдім ғой. Нені біліп, не дегендеймін?  Қария расын айтып отыр емес пе?! 

Үшінші көрініс: Жас бала қараңғыда  көшеде қалды…
Бұл сізді қынжылтпай ма? Етіміз үйреніп кеткені сонша, мұндай көрініске күнде, сәт сайын куә болып жатсақ та қоғамды өзгертуге деген талпынысымыз жоқ.  «Не деп кінә артып отырсың?!» дейсіз бе? Айтайын….
Кештетіп шығып, ауылға жетіп алу үшін таксиге отырдым. Жол бойы қолын бұлғап, «ала кетші» деген адам қарасы көп. Әйел де, еркек те, шал да, кемпір де күре жолдың бойында тұр.  Таксиде орын бар. Әсіресе, қараңғы бола бастаған шақта сөмкесін асынып тұрған мектеп оқушылары көзіме берден түсті. Өзімнің де бала-шағам ауылдан қалаға қатынап оқиды. Қайтеміз?! Ата-ана ретінде баламыздың сапалы білім беретін мектепте білім алғанын қалаймыз. Сол үшін, алыста болса қаладағы маңдай алды мектепте оқығанын қалаймыз. Не деп айып тағарсыз? Сонда…
– Сабақтан кеш шығыпты ғой… ала кетпейсіз бе?-дедім.
– Ой, құрысын! Бәлесінен аулақ!
Таксист баж ете қалды.
– Неге? Ақшасын төлемей қояды деп қорқасыз ба?
– Жоқ ииии. Ертең жоғалып кетсе, «Қандай көлікке мінді, саған мінді» деп шығады. Әсіресе, анау бастауыш сыныптарда оқитын жас балдарды алмаймын. Дұрыстап айтпайды баратын жерін. «Ана жерге дейін…», «мына жерге шейін…» деп міңгірлеп, көздері бақырайып отырғаны. Жоғалып кетсе… «кімге мінді ана таксиге мінді» дегіздіріп қайтем…
Жақсылық жасаудан да шошына бастаған ба бұл халық?
 Періште емес пендемін. Кешігіп келе жатқаным, баланың үй тапсырмасын орындау қажеттігім, байға «неғып сонша кешіктің?!» деген сұрағына жауап беруім керектігі  мені дәл мына таксиден түсіп қалуға мәжбүрлей алмады. Амал жоқ… Бірақ, біздегі мейірім, адамға деген сенім, бейтаныс болса да басына іс түскен жанға деген жанашырлық қайда кетті? Қай  ғасырда, қай жерде қалдырып кетті, осы бір ізгі қасиетімізді? 

Төртінші көрініс: Айтпақшы… 
Жоғарыда айтып өткендей  ұл-қызымыздың сапалы білім алуы үшін қашық та болса ауылдан қаладағы мектепке сүйрелеп апарған өзіміз. «Жақсы оқысын. Білімді болсын» дегенді кез-келген ата-ана баласына тілейді емес пе? Ендеше, дәл сол, көп ата-ананың бірі бізбіз. Енді, қараңыз. Біздің ауыл мен қаланың арасына қатынайтын таксилердің «құны»  100-150 теңге. Ал, біз баламызға жолкіреге 200 теңге береміз. Неге дейсіз ғой? Таксист ағай жолдың арғы бетіне тоқтап, баланы бергі бетке аман-есен өткізіп жібергені үшін.
Иә-иә, баланың амандығы үшін алдымен ата-ана ретінде өзім жауаптымын. Қалаға апарып оқытып жатқан – өзім. Тәшпүшін де өзім көтермекке тиістімін. Оны міндет етіп отырғаным жоқ. Сол себепті де, баламыз айтпақшы «мені көрсе таксист ағайлар «жирный клиент келе жатыр» дейді» демекші, 100 теңгелік жолға 200 теңге төле­мекке құмбылмын. Бірақ…
–  Құдай-ай, мына тұрған жерден ақы­ры келе жатқан такси, баланы көшенің бергі бетіне өткізіп жібергеніне екі есе ақы алмай-ақ, аман болсын деп-ақ көшеден өтікізіп жіберсе несі кетер екен…, – деп енем айтпақшы, «несі кетер екениииии» деп ойлайсың да кейде, пенде болған соң. Сосын, «құрысыншы. Менің баламды көшеден өткізіп жіберуге міндетті емес қой» деп өзіңді өзің жұбатасың.Сонда, 100 теңге төлесек, бала көлік зуылдап өтіп жатқан жолдан өте алмай қиналса немесе бетін аулақ қылсын, көліктің астына түсіп қалса, ана таксистің ары оянбай ма? Ұяты маза бермей ме? Титтей ( 2, 3 сынып) баланың жолдан аман-есен өтуіне мүдделі болмай ма?  Міндетті түрде, ол қызмет үшін де ақы төленуі керек пе?! 
Белгілі қаламгер, мықты жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың аузынан  «Қазір Ақша Құдай  болған заман ғой…» дегенді жиі естіп қаламын. Барлық нәрсені байлықпен, ақшамен өлшеуге машықтанып алғанымыз сонша,  ұят, ар, міндет, парыз дегенді ұмытып, кешірімшіл болу, қайырымды болу, қарапайым болу деген ұғымдарды арнайы түсіндірме сөздіктерден мағынасын іздейтін күйге жетпесек болғаны. 
Әйтпесе не…. Сіз, не дейсіз?

Алдыңғы «
Келесі »