АҢСАРЫ БИІК АҚЫН

  • 07.11.2016
  • 128 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
жазушы

Алматыдағы өңшең талантты ақындардың басын қосқан Жұматайдың (Жақыпбаев) қағанатына сексенінші жылдардың бел ортасында оңтүстік өңірден келіп тағы бір «ноян» қосылды.  Жұматай қағанның өзі «Темуджин» деп тұмар тағып, қасына ерткен сол жас ноян осы Темірғали Көпбаев болатын. Алматыға арман арқалап жеткен жас жігіт өмірдегі аңсарын жаңа тапқандай, поэзияның тылсым кәусарына шөліркеп келгендей қағанаттағы бас ақын, жас ақындармен бірден етене жақын араласып кетті. Қажытай Ілиясов, Мейірхан Ақдәулетов, Зайда Елғондинова, Әуезхан Қодар, Әбубәкір Қайран, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай, Қайрат Әлімбеков, Айсұлу Рүстемова, Есжан Айнабеков, Серік Томанов, Қазыбек Иса, Бауыржан Үсенов, Кәдірбек Құныпияұлы, Нұрлан Әбдібеков, Мұратбек Оспанов сияқты сол кезде елге танылып үлгерген илхан, гоан, саид, ноян шендеріндегі баһадүрлер Темірғалиды жатырқамай, ыстық ықылас, жылы пейіл танытты. Қағанның оң қабағында болуына Жұматайдың өскен жері Сарноқай өңірінде Темірғали Өскенбаев есімді бірегей ақынның ғұмыр кешкендігі де, біздің Темірғалидың сол кісімен аттас болуы да әсер еткендей. «Темірғали ақынның, қызыл-жасыл шоғыры» деп жырлаған Жұматайдың осы інісіне ерекше ықыласты болғаны анық. 


Ол кез өлеңге шынайы құрметпен қарайтын заман еді. Өлең барлық ортада көп оқылатын. Жазушылар одағының тарапынан да жастардың шығармашылығына баса назар аударылып, түрлі фестивальдар мен кеңестер жиі қолға алынатын. Соның бірі, 1985 жылдың көктемінде өткен жастардың «Жігер» фестивалі болды. Міне, осы фестиваль Темірғалидың республикалық үлкен жыр сахнасына шыққан алғашқы қадамы-тын. Фестиваль қорытындысы бойынша Жазушылар одағында өткен поэзия кешінде оқылған өлеңдердің ішінде өзгеше өрім, соны көзқарас, терең ой топшылауымен елең еткізген мөлдір жырлар жиырмадан жаңа ғана асқан Темірғалидың қапысыз қалыптасып келе жатқан, ешкімге ұқсамайтын ақындық стилін бірден байқатқан-ды. Сол кеште оқылған «Жаңбыр» атты қысқа ғана өлеңді:  
…Кеттім мен кешіп белшемнен,
Төгіліп жатқан маржанды.
Мөлдірлік деген өлшеммен,
Бағалау үшін бар жанды, – деп қайы­руы жас ақынның болашаққа ұстанған бағытын, өлеңдегі өмірлік аңсарын аңғарта түсті. Содан кейін оқылған «Терезем» деген туындысы да көпшілікті бейжай қалдырмады.
Айғыз-айғыз терезем,
Ебіл-себіл жылауда,
Арғы жағы боз қырау,
Тұман ба, әлде тұмау ма? – деп басталатын бұл өлеңде ақын лайсаң шалшыққа тамып түскен жалғыз ғана мөлдір тамшының тағдырына көкірек көзімен, жан дүние­сінің терезесінен қарап, адамзат бол-
мы­сын­дағы, қоғам өзегіндегі күрделі құ­бы­­лыс­тарды ашуға тырысады. Сонымен қатар, өмір­дің өткіншілігі, жалғанның баян­сыздығы хақында ақиқат ой түйеді. 
Иә, өмірде әр адамның өз көкірек терезесі бар. Адам сол терезеден дүниеге қарайды, айналадағы құбылыстарды бажайлайды. Біреудің терезесі саңы­лаудай ғана сығыраяды, біреудің тере­зесі кең дүниедей айқара ашық. Ал, енді, ақынның өзі айтқандай жан-жақ­ты түгел шолатын көп қырлы терезе екінің біріне бұйыра бермейді. Өйткені, ол ақынның көкірек терезесі:
…Ақыл айтпақ болғаным рас, 
            алтындай,
Бірақ менің терезем де көп қырлы,
Сол жылаған ебіл-себіл қалпында, 
Бәрі өткінші, бәрі жалған деп тұрды.
Бір кез мен де мөлдір тамшы емес пе ем,
Бүгін соның көрген түстей бәрі елес.
Сондықтан да, тереземмен егеспен, 
Ал, ақылым еш пендеге дәрі емес.
Ақынның жан күйзелісі айқын сезі­леді. Мөлдір тамшының бейопа дүние­дегі бейдауа тағдыры ақын жүрегін тіл­гілеп өткендей. Жалғыз тамшы тамып түскенмен лайланған шал­шық тазармайды ғой. Керісінше,  көз жасындай мөлдіреп тұрған тамшы ластыққа сіңіп, ғайып болмай ма? Өкінішті жайт. Дүниеден хабарсыз, пәк жаралған сәбидің өсе келе қоғамдағы ластықтарға араласып пәктіктен жұрдай болатыны, амалсыз күнә кешетіні, тіршілік қамытына шарасыз жегіліп, пендешіліктің батпағынан шыға алмай қалатыны, тіпті, адамгершілікті тәрк етіп, түрлі қараулықтарға баратыны өмірлік ақиқат емес пе? Иә, бұл – даусыз ақиқат, дауасыз қасірет. Өмірдің сан бұралаң соқпақтарында ақиқаттың тура жолынан адаспай, адамшылық пен ардың туын биік ұстап өтетін жандар сирек кездеседі. Осыны ерте түйсінген Темірғали бала кездегі кіршіксіз күндерге,  арманшыл шақтарға аңсарлана қарайды. Балалық шақты із шиырлап үлгермеген сонарға, әппақ әлем­ге, сәбилік кезеңді таңғы мөлдір шық­қа балаған ақынның өмірлік аңсары – кіршіксіз тазалық, поэзиядағы түпкілікті ұстанымы – алғаусыз адалдық екені сол тұста-ақ байқалған. Оның:
…Сонарлы сәтті қармандым,
Қыс аппақ,
Көргім келеді.
Кіршіксіз кезін жалғанның,
Құшақтап өлгім келеді.
(Қаңтарда)
немесе:
Сен сонда кім едің?
Мөлдір шық едің.
Таңнан да таза еді-ау тілегің.
Аппақ нұрға 
толып тұрған 
көзедей 
көркем еді түр, өңің…
…Жүрегім, жүрегім, жүрегім!
Шырайың қашып,
Бұзылды-ау реңің.
(Жүрегім) немесе:
Өңкей аппақ сезімдерден құралған,
Ғалам жасау болды маған шын арман.
Қоғам миы арылмасын құнардан,
деп тілеумен өңдір өлең шығарған,
орамды ойдың жолын қуған жан едім,
Жаса,жаса, тұнық ойлар, ұлы арман!
(Қиял)деп жырлауы ақын көңілдің ал­ғашқы сонардай кіршіксіз дүниеге  ің­кәр­­лігін көрсетеді. 
Балалық шақ – аппақ армандар мекені. Бала кездегідей көкірек тазалығын сақтап, өмірден баладай аңғал, сәбидей сенгіш қалпында өту некенсаяқ құбылыс. Бір қарағанда тіпті, мүмкін еместей көрінеді. Өйткені, өмірдің өз заңдылықтары бар. Дегенмен, Темірғали барлық адамдардың бойынан балалық шақтың белгілерін іздейді. «Сәбилік романтика мен таза­лықты пір тұтқан адамдар ғана тоқсан тарау тіршіліктің, қызылкөз пенде­шіліктің ығында кетпей, өзінің о баста Тәңірі сыйлаған табиғаты мен шынайы келбетін сақтап қала алады» дейді ол. Бұл орайдағы ақын дүние­танымының орам­дары төмендегідей өрі­леді:
…Бұзылмаған көңілдің қаймағы әлі,
Қайғы алады дейсің сен қай баланы.
Кілем түрін таныған күннен бастап,
Періштелер періге айналады.
Досым, сен де құр налып, күйме тегі,
Өмір өзі осыған үйретеді.
Көп қулыққа күні ертең ми жетеді,
Аңғалдардың амалсыз күйді етегі…
(Бір баланы көргенде)
Бала кездің балдай тәтті 
            таңдары-ай,
Аңғал күннің қалдым сырын аңдамай.
Кемпірқосақ бояуындай еріген,
Әй, арман-ай! Алакөбең жалған-ай!
…Еліткені ес қабарлық неше ойдың,
Есалаң күн мен несіне есейдім.
Бала кезден қалған аппақ арманды
Жарты үміттің табанына төсеймін.
(Әй, арман-ай!)
Шығармашылық жолындағы ты­ным­­­сыз ізденістер Темірғалиды ауыл-ай­мақтың маңайындағы майда күй­беңнен алыстатып, ұлттық таным шеңберінен шығандата көтерді, жал­пыадамзаттық тақырыптарды еркін толғауға жол ашты. Өйткені, оның туындыларының бас­ты тақырыбы – адамның өзі болатын. Қоғам қаншама ілгерілеп, заман қаншама құбылғанмен адамның физиологиялық сезім түйсік­тері сол қалпынан өзгерген емес. Көз көреді, құлақ естиді, жүрек соғады т.б. Жер жаһандағы қай адамды алып қарасаңыз да Алла жаратқан екі аяқты пенде. Ақ адам ба, қара адам ба, бәрібір – Адам! Темірғалидың көптеген өлеңдерін дүниенің төрт бұрышындағы қай адам тауып оқыса да одан өзін көретіндігі, жанына жақын сезім күйлеріне кезігіп, санасын селт еткізер ойларға қанатындығы күмәнсіз. 
…Көкірегін қылқобызша боздатып,
Адамды айтса аруана жүрек әр ақын,
Алдаспандай ардың отын маздатып,
Қарау ойдың кессе деп ем қанатын.
…Адам, саған мұңымды айттым,                 жалғанда
Тәубе сырын тани түссін деп тілеп.
Ғарасаттың майданына барғанда
бір көрермін тұрғаныңды көк тіреп.
(Сыр)
Адам! Атаң болған шығар өзіңдей,
Сен де өткіздің көп түндерді 
                 көз ілмей.
Құлақ түріп қамыс қаққан ызыңға,
Атаңа ұқсап ұйқың да әбден бұзылды, ә.
Күндеріңді ұрлағанда құм сағат,
Күнә кештің пәктігіңді тұмшалап.
Амал қанша, жаралмадың бұлт болып,
Қала алмадың шық болып…
(Күнәһар)
…Содан кейін… басталар хикая мың,
Күнә кешу, күйкі күн, күйкі аяның.
Ит талаған иманын кісәпірдей,
Итаршыға бұйырар итаяғың.
Салқам сері, сарт болып сәлде теңі,
Сөзіңнен дәм, ісіңнен мән кетеді.
Адалдықтың кіріп ап арасына,
Аша тұяқ аш сайтан әндетеді.
…Содан кейін… содан соң… содан ары,
Не болары неғайбыл, не болары?
Дүмше көңіл, дүмбілез ділге қарық,
Дәнекүстеу дидарың жоғалады.
(Содан кейін…)
Бұл өлеңдердің бәрі де адамзат болмы­сының ақиқат сырын ашуға арнал­ған. Әсі­ресе, «Күнаһар» өлеңіндегі «Жарал­мадың бұлт болып, қала алма­дың шық болып…» деген жолдарда өзекті өртердей өкі­нішті арман бар. Адам жаратылғанда жел қуса жөңкіліп көше беретін бірмойын бұлт­тардай мақсатсыз жаратылған жоқ. Жаратушы оған өзгеше рух берді. Шықтай жан берді. Дүниенің ластығынан пәк етіп жаратты. Бірақ аша тұяқ  Ібіліс те қарап қалмады. Адамды азғырып, дегенін істетті. Адам күнә кешті. Шықтай мөлдір қалпында қала алмады. Қаншама заман өтсе де солай. Күнә кешу, нәпсіге құл болу, ашкөздікке делбе ұстату ұрпақтан ұрпаққа ауысып жалғаса береді. Міне, осы орайда ақынның күйіне сөйлеп, күңірене жырламасқа лажы қалмайды. Осы өлеңнің алғашқы жолдарында: «Құлақ түріп қамыс қаққан ызыңға, Атаңа ұқсап ұйқың да әбден бұзылды, ә» дегенде ақын не айтпақ болды екен? Тереңдеп енсеңіз осы екі жолда жалпы адам атаулыға тән біраз қасиеттер сипатталғандай. Айна­ладағы құбылыстардың бәріне елең­деп, кез-келген нәрсенің сырын білу­ге ынтығу, керекті-керексіз хабар-ошар мен өсек-аяңды талғамай қабылдау, ке­сенің ішіндегіні місе тұтпай түбін төңкеріп көруге қызығу, ызың еткен әр сыбысқа құлақ түріп, түн ұйқысын төрт бөліп, дег­бірсіз күн кешу жүйкеге салмақ түсі­реді. Адамды ұсақ уайымшылдық қар­тайтады. Уайым түбі тұңғиық, баты­рып әкетеді. Қалай десек те біздің жаратылысымыз сондай. Мына жалғанда уайымсыз пенде жоқ. Абыл мен Қабыл заманынан бері осылай. Міне, ақын қос тармақта соған мегзейді.
Қызыл сөзге, жылтырауық ұйқастарға ұрынбай, шөпті де шөңгені де өлең етпей, жүрек көзінде тұнған сырды ғана тұла бойын шымырлата отырып, алпыс екі тамырын идіргендей иін қандыра жеткізу Темірғали талантының басты қыры дер едім. Әлдебір кездесуде өзіне қойылған «Өлеңді қалай жазасыз?» деген сұраққа ол «Ақын сыры» деген өлеңімен жауап береді: «Шабытынан шуақты мұң өрілген, Сөзді дерт деп ұққанның бірі едім мен,Тіл ұшынан көргем жоқ таспа тіліп, Жан тереңін жырладым жүрегіммен» – дей келіп: «Кісінесе құ­лын жыр желідегі, Бар табиғат тіл қатып емінеді, Жүрегімнің көзінен тамған тамшы, Ақ параққа жыр болып өріледі, Адамзатқа сыр болып төгіледі» –  деп түйеді. Ол өлеңді жүрекпен жазады. Ақынның бәрі де жүрекпен жазар-ау. Бірақ жүректің шері бөлек. Темірғалидың «Мұңды өлең» деген өлеңінде: «…Жырым менің қайнап шыққан қайнардан, Қуаныш пен сағыныштың жасындай…» немесе: «…Жүрегіммен көтерген соң салмағын, Қызыл сөзді, қысыр ойды термедім…» дегені ақынның имандай шындығы екеніне күмән жоқ. Осы шындыққа «Шер» атты келесі өлеңді де қосуға болады. Бұл өлеңде ақын поэзия әлеміндегі өзінің жеке позициясын шынайы жеткізген:
Жаза алмадым демеспін, бәлкім біліп                 жазбадым,
Бәйге дәме бәйітті жаратпадым                 мақсатқа.
«Күйкентайдай күн кешсең, күйттеп                 өтер өз қамын,
Өлдің Мамай… – деді ағам. 
– Арманыңды ақсатпа!»
«Алтын иек жоқ мұнда…», 
аңсарымның бары рас,
Ернеуінен шыққандай шерге 
            толы зеренім.
Тарпаң мұңын жанымның тайыз             мұндар танымас,
Таныған жұрт күні ертең тауып 
            алар керегін.
Бүгінгі таңда ақын ретінде әбден кемел­деніп, соңғы он жыл бедерінде мейі­лінше тұлғаланып көрінген Темір­ғалиды астарлы ой айтудың, аз сөзбен көп мағына берудің хас шебері деп таныған дұрыс. Әр өлеңде келелі ой, сақи мұң, тулаған жүрек, шамырқанған сезім көрініс береді. Оқыған жанды ойландырмай қоймайды. Өзінің «Ой» деген өлеңін ақын былай деп түйеді:
Ой дегенің өлең бе?
Өлең тартты тереңге.
Не жазса да Тәңірім,
Маңдайымнан көрем де…
… Мен дағы бір күй едім,
Мұңнан жонған тиегін.
Тереңіме құласаң,
Шашылар-ау сүйегің.
«Тереңіме құласаң, шашылар-ау сүйе­гің» деп айту үшін көкірекке қандай сенім керек десеңізші! Темірғалидың күрделі ойға құрылған сезім өрнектерін оқыған сайын ол сөздің растығына көз жете түседі. Мысалы:
Ойлар, ойлар зіл батпан,
Күн көрінді жүйкемнен.
Қараулығы мың қатпар,
Неткен тірлік күйкі емген?
Жүре алмадым күліп кіл,
Болып бейне басқа адам.
Жүйкем менің – жілік бір
Ой – ит мүжіп тастаған.
(Жүйке)
Осы өлеңдегі «Күн көрінді жүйкемнен» деген тосын салыстыру Темірғалиға дейін айтылмаған дүние. Жүйке байғұстың жұ­қар­ғандығы ғой. Енді соны «жүйкем жұ­қарды» дей салсақ сөздің қуаты күнделікті тұрмыстық қолданыс аясында қалып қояр еді. Әдетте қатты жұқарған нәрсенің арғы бетінен күн көрінетіні бар. Ақын бұл жерде жүйке деген түсінікті басқа параллельге көтеріп, сөзге тың серпіліс береді. Айтар ойдың ішкі қуатын бірнеше есе арттырып жібереді. Бұл нағыз сөз шеберінің ғана қолынан келетін көркемдік тәсіл. Өлеңнің соңғы шумағындағы  метафоралық қатарлар да өте сәтті өрілген. Бұған дейін ешкімнің «ғұмыр бойы шыр бітпес жүйке деген бейшараны» – кемірілген жілікке, жүйкені күнде кеміріп жатқан зіл батпан ойларды – итке теңеп нақты көрініске ие сурет жасағанын байқамаған едік. 
Тағы бір мысал: 
Кесеміздің түбінде,
Кесел бұқты бүгін мың.
Кесапаттың түрінде,
Кесір барын ұғындым.
Кескестеді жолыңды,
Кесірткедей кекір Ой.
Кескіні жоқ толымды,
Кәркестенің беті ғой.
Күнін кештік керіктің,
Ойы қысқа, бойы ұзын.
Көкезу күн жерітті,
Сөзге салмай ой үзім.
Қимадай тіл қышыған,
Жымысқы ойдан жеріп бой.
Қызыл тілдің ұшынан,
Қысыр сауған Көрікті Ой.
(Қысыр сауған)
Ақынның өнер атаулыдан да, өмірдің өзінен де іздейтіні терең мағына, көрікті ой. Өкінішке орай, қоғамды жел сөз бен кесірткедей кекір ой буып алған. Өнер адамдары да, ақын-жазушылар да, мінбелерден жиі сөйлейтін саясаткерлер де күйкі тіршіліктің қамын ғана ойлап, қызыл сөзге ерік беріп, ой бағудан қалғандай. Жаттанды, таптаурын сөздерді қайталай-қайталай қоғамның құлағы сарсыды. Заманның кесе­ліне ай­налған сырғытпа жауап, құрғақ сөз ақынды шамырқандырады. «Күнін кештік керіктің, ойы қысқа бойы ұзын. Көкезу күн жерітті, сөзге салмай ой үзім» – дейді. Қоғамда сөз көп те, зиялы ой жоқтың қасы. Әрекідік қана іліп алар татым­ды ойлар айтылады. Ойдың түбі көбінесе жымысқы. Соның өзі қым-қуыт ақпарат алмасудың астында қалған  мына қо­ғамда қысыр сауғанмен бірдей. Терең ой мен шынайы сезім болмаған жерде сөздің де, өлеңнің де қадірі түсетіндігін айтқан ақын өзінің ойын төмендегіше топшылайды: 
Сөз – әуелден қазынасы Алланың,
Тағдырымыз – сөз бен істің тізбегі.
Құран Кәрім дүниенің бар мәнін
Асыл сөздің астарынан іздеді.
Сезім екен сөздің бағын көтерген,
Жақұт ойдың жарық құйған сәтінде.
Біздің қоғам құлағының еті өлген,
Құлдық ұрып құба-құрғақ мәтінге.
(Астарлы сөз)
Аз сөзбен көп мағына беру – кемел ойдың белгісі. Келісімін тауып, ықшам айтылған жақұт ойдың мәйегі – афоризм, қанатты сөз. Ақиқатты әспет­тейтін астарлы ойдың бейнелі көрінісі – идиома, тұрақты тіркес. Темірғалидың өлеңдерінен терең ойға жетелейтін бейнелі тіркестерді көптеп кездестіруге болады. Біразын термелеп көрейік: «Пайғамбардың бәрі адам, Адамның бә­рі пайғамбар емес» (Содан кейін…), «Ойды ойлаған кісі әуре, ойланбасаң іс әуре» (Ой); «…Талантқа тас атудың керегі жоқ, Талантты мақтай берсең өзі өледі» (Мақтай берсең…); «…Ар­маныңды қайтейін, Арды жерге көмгесін» (Арман); «…Ақын жаны аппақ нұр деп түйгенмен, Сахнаның сырын ол да үйренген» (Сахна); «…Кімге дәру кемелі жоқ кекселік» (Қиял); «…Еркін болып көрмегеннің ешқашан, Еркіндік – дерт, мұңы емес» (Есалаң); «…Мықтымын деп айтпаудың Өзі нағыз мықтылық» (Мықтылық); «…Қара бояу болмаса, Ақ қадірін кім білсін» (Ақ пен қара); «…Қызыл түлкі құмай қоссаң қағылар, Қайта келмес қызыл күнің сағынар» (Сонар); «…Қамшылауға көндіккен сауыр шыдар, Шыдағанмен салмағын ауырсынар» (Тарпаңдар); «…Өсекте жыныс болмаған, Болмайды бұдан былай да» (Өсек); «…Балауыз шам секілді, Бұрмалайды ел шындықты» (Галилей. Ақиқат пен шындық); «…Ақ аюдың баласы сияқтанып, Алыс-алыс жүреміз тірімізде» (Кеңсай); «…Өлгендерді тірі­лер мақтағанда, Ұқсап кетер өздерін ақтағанға» (Есжанға); «…Тәтті түс пен өмірдің жібі келте тоқылған, Бір кітаптың қос беті асығыстау оқылған» (Диалог); «…Жақсы жырды жалған мұң жасық етер» (Қайралу); «…Өмір деген өмір емес көкешім – Арпалысы тұйықтардан шығудың» (Тұйық); «…Қандай қиын күн туса да басыңа, Не жетеді туған жердің тасына» (Суық­торғай); «…Ақын деген өлеңіне Ұқса­маса не болғаны?» (Парадокс); «…Ба­зар қуған оңды сөзге жарамас» (Базарда); «…Еркіндік ер көңілді арманды етер, Жасыққа жалпақ дүние жалған, бекер» (Кие); «…Жарық күн қас пен көздің арасында» (Кие); «…Ноқталамас нәмарт пиғыл нәпсіні, Кейбіреуге тоқ­шылықтың өзі мұң» (Оңтүстік)… 
Бұл бір парасы ғана. Темірғалидың жыр жинақтарын парақтаған сайын өмірдің әр түрлі құбылыстарына қатысты балталасаң бөлінбейтіндей етіп, жұп-жұмыр әрі шымыр айтылған қанатты ой өрнектері алды­ңыздан өре түрегеліп, санаңызды самалдай сергітеді. 
Ақын – туған халқының төл перзенті. Ел мұраты, ұлт мүддесі, халық аңсары ақын­ның жүрегінен аяулы сезім болып төгіледі. Жас күнінде «Толағайы боп елім­нің, Өтсем-ау жүгін арқалап»  деп толғаған Темірғали ақынның бертін келе «Көк аттының көксүңгі найзасынан, Қалқан болып қорғасын жыр, өлеңім» немесе «Ба­сын тігер елі үшін шынайы ақын, Елге тиген бір сөзге мұңаятын» немесе «Бұл дүниеде ел үшін отқа түссем, о дүниеде өзімді ақтап алам»  деп тебіренуі заңды әрі нанымды көрінеді.
Халықтың өткені мен болашағын жіті шолып,  уақыттың тамырын дәл басатын ақынның көңілінде ел тағдырына байланысты көп жайттарға алаңдаушылық та жоқ емес. Соның бастысы да бірегейі – бас-көзсіз еніп келе жатқан Қытай экспансиясы. «Ақырзаман боларда дүниені қара қытай қаптайды» деген бабалар сөзі ақиқатқа айнала бастағандай. Шығыстағы көршіміздің көптігі сонша, бүгінгі таңда олардың алты құрлыққа өріп кеткендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Америка, Африка, Азия, Еуропа елдері, тіпті мынау тұрған Ресей Федерациясының өзі қытайдың  жымысқы «басқыншылығымен» бетпе-бет келіп отыр. Аз ғана халқы бар Қазақстанның кең байтақ жеріне, көл-көсір байлығына «айдаһар» елдің назары бұрылғалы қашан? Дауасыз экспансия бізге де жетті. Темірғали «Қауіп» деген өлеңінде былай дейді:
Жақыныңа жүргенде жаттай налып,
Жылмиған жұрт жеріңде қаптайды                     анық.
Қолайсыздау қонағың төрге шықты,
Үлгіргенше кермеге ат байланып.
Кер ат байлап қазақтың кермесінде,
Күн айналып жеткенше кең бесінге,
Алдарқатып рухыңды жеңбесін де.
Қарағайдың басынан шортан көрген,
Көңіл айтып Асан шал келмесін де. 
«Қарағай басын шортан шалар» деп ауызы түкті орыстың бір заманда жерімізді басып алатындығын кө­ре­гендікпен болжаған Асан Қайғы баба­мыздың айтқаны келмеді ме? Талай ға­сыр орысқа бодан болып, Тәуелсіздікке үзіле аңсап жеттік. Ал, енді, қытай басса аталарымыздың «Қара қытай келгенде, шегір көзді орыс туған әкеңдей болар» дегеніндей қиын жағдайға кез болмас па екенбіз? Қытайдың қыспағы орыстың ойранынан он есе қатты болмасын кім біледі? Тәуелсіздікке жеттік деп масайрап, тойдан қолымыз тимей жүргенде басымызға қайта бұғалық түскенін біл­мей қалмасақ болғаны. Осыны ойлап ақынның ұйқысы бұзылады. Бұл уайым оның түсіне де кіреді. Ол туралы ақын «Түс» деген өлеңінде айтады:
Кәлима айтып ішімнен,
күбірледім. 
Күн шықты.
Түнде көрген түсімнен,
Тұла бойым түршікті.
Ат жалы, атан қомында,
Әуен кетті әуелгі.
Сауда амалы соңында,
Тәуелді етті сау елді.
Жұлынын жеп туылған,
Жолын ашып жарақшы.
Күнде қырық құбылған,
Қанды балақ қарақшы.
Жан баққанды мыңғыртып,
Жақын салды іргесін.
Жұмыртқадан жүн қырқып,
Жалдап кетіп жүрмесін.
Көптің аты көп. Көп көптігін жасамай тұрмайды. Ал, біз аз халықпыз. Қазақты қынадай қырып, жер бетінен жойып жіберуді ашық мақсат тұтқан ақ патша мен қызыл империяның зобалаңды саясаты болмағанда бүгін қазақтың саны елу миллионға жуықтар еді. Амал не? Тағдыры талапайға көп түскен жұртымыздың бүгінгі бары он миллион. Қазір Қазақстандағы қытайлардың саны  300 мыңнан асыпты. Түбінде қытай халқының 1 пайызы ғана біздің елімізге енетін болса нендей күн тумақ? Қатты ойланатын нәрсе. Бұл жамандық шақыру емес. Жаман айтпай жақсы жоқ. Саясатты  түзеп, сақтануымыз керек. Қандай жағдай болғанда да қазақтың мүддесін бәрінен жоғары қоятын дербес мемлекеттігімізді сақтап қалудың дұрыс амалдарын қарастырып, алдын-ала нақты іс-әре­кеттерге бүгін көшпесек, ертең кеш қа­луымыз да ғажап емес. Осының бәрін жарық күнде уайым еткен ақынның көкірегіне шер тұнады. Ол  «Күріш пен бидай» атты өлеңінде:
Кетпесін деп кері күн.
Айға ұлыған бөрімін.
Уысында ұяттың,
Қайрап намыс көрігін,
Дүбірінен тұяқтың, 
Түн ұйқымнан жерідім – дей келіп, қыр астынан дүбірі сезіле бастаған қытай деген қалың нөпірдің ертең жерімізге құмырсқадай қаптап кететіндігін жан айқайымен ескертеді. Өлеңнің түйіні төмендегідей:
Бір қап күріш ішіне,
Бидай салып бір кесе,
Не болады замана,
Диірменін үрлесе.
Бір қап күріш сезінем,
Бидай болмас бүрлесе.
Бидайыңның көзінен,
Күріш шығып жүрмесе.
Күріш еккен қытай мен бидай көзді қазақ. «Бір қап күрішке бір кесе бидай қосып диірменге тартса не болады?» дейді ақын. Әрине, бидайдың ұны шықпасы кәдік. Табиғи ассимиляция талай халықтарды жер бетінен жоқ қылған. Үлкен халық­тар аз халықты құмға сіңген судай сіңіріп, жұтып жібергені тарихтан мәлім. Шыңғысханның тұ­сында моңғолдар қы­тайды шауып алып үстемдік жүр­гізді. Арада елу жыл өтті ме, өтпеді ме ешқандай соғыссыз-ақ қытайдағы моң­ғолдар өздерінің ізін де таба алмай қалды. Көп халық көптігін жасады. Оны ешкім сезген де жоқ. Бір қазаққа мың жарым қытайдан келетін мына заманда бізге қатты сақтанбасқа болмайды. Ақынның міндеті – айту, сақтандыру. Ақынның сөзі – ұлттың жан дауысы. Халық болып оған құлақ асуға тиіспіз.
Ел тақырыбына келгенде Темірғалидың поэзиясындағы азаматтық дауыс ерекше естіледі. Ол ел өмірінің өзегіндегі, қоғамдағы барлық оқиғаларды жүрек көзі­нен өткеріп, сергек үн қатып отырады. Өзге жұрт тәуелсіздік  туралы бірінен бірі өткізіп, жоғары пафоспен жарыса жырлап жатқанда ол:
Азат елге аңсаған ән салдырып,
Ту көтердік, әлемге жар салды үміт.
Тәуелсіз күн таңдайды қақтырады,
Таңқурайдың дәміндей тамсандырып.
Мың  жыл аңсап жеткенге                     масайрадық,
Тойшыл халық тойды енді жасайды                     анық.
Той болғанмен ой болсын дейтін елміз,
Кетпесе екен бақыттан бас айналып, – дейді «Тәуелсіздік» атты өлеңінде. Иә, сан ғасырлар бойы аңсап жеткен тәуелсіздіктің біз үшін бергені де, берері де көп. Бірақ, «бақыттан бас айналып кетпеу» жағын да ойлауымыз керек. Қалпағымызды аспанға ата бермей, бір сәт ойсырап жатқан тұстарымызды ой елегінен өткізіп, әлі де болса оңтайы келмей тұрған көп тірлігімізді түгендесек керек-ті. Өз бойындағы кемшіліктерді өзі танып, өзі реттей білген  ел ғана өркениеттің ұлы көшіне ілесе алады.  Әзірге ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де ұқсата алмай келе жатқан жайттарымыз аз емес. Оның жай-жапсарын тағы да ақын айтады:
Абайларын сабатқан,
Алыппыз біз, алыппыз,
Алла бөлек жаратқан,
Ала-құла халықпыз.
Ойсыз, момын қойларды
Ойша көріп қорған біз.
Озық туған ойларды,
Отап жатқан орманбыз.
Қамыс жебе  садағын
Күнге тартқан ердейміз.
Шортандары шабағын
Қылғып жатқан көлдейміз.
Шетелдіктер көңілін
Шешеміздей аулаймыз.
Өрт жалмаған өңірін,
Ығы жоқ бір таудаймыз.
(Елміз ғой біз, жоқ  дауым)
Ұлы Абайға қамшы сілтеген қазақ қоғамы арада ғасыр өтсе де сол қарама-қайшылықты қасиеттерінен арылған жоқ. Даурықпашыл, науқаншыл, мен­меншіл, керенау, жалқау. «Тыя ал­массың азабы мен мазағын, аман-есен  Абай көрген қазағың» (Сахна) дейді Темірғали. Десе дегендей-ақ, ұлттық психологиямыз бен болмысымыздағы Абай күйіне көрсетіп кеткен кертарт­па  мінез-құлықтардан әлі күнге ада еместігіміз рас. Халқымыздың бойын­дағы кім көрінгенге еліктеушілік, өз асылын бағаламай  өзгенің жасы­ғын құрметтеуге үйірлік, озық ойлы ұл­да­рының аяғынан шалуға құмар­лық, реті келсе бос мақтанмен кеуде қағып, айналасын бір ықтырып қою­ды аңсайтын даңғойлық, өз шамасына қарамай өзгені менсінбеушілік, ми тоңдырған менмендік кесел, ауызбірліктен ажырататын алауыздық, көре алмаушылық, т.б. залалды кесапат қасиеттер ақын қаламынан тысқары қалмайды. Осының бәрін маңдайдан салып қалғандай етпестен кейде тұспалдап ұқтырып, кейде астарлап сездіріп, сыпайы, терең ойлармен, түрлі көркемдік әдістермен, сан алуан тілдік құралдармен шебер жеткізе білетін Темірғалидың қалам қуаты жыл өткен сайын еселеп артып келеді. 
«Бабамыздың шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен» деп данышпан Қадыр ағамыз айтқандай Темір­ғали халық туралы сөйлегенде сы­ңарезу сөзге жүгінбей, сонау Сақ зама­нынан бері мұқалмай келе жатқан ұлы рухымыз бен Көкбөріден жалғасқан киелі тегіміз хақында асқақ көңілмен жырлайды. Өзінің «Оңтүстік» атты поэмасында жердің арғы бетіндегі Техас штатында жолыққан американдық бір кісінің: «Мен сізді Испандық па деп қалдым» деген сөзіне ақын былайша жауап береді: 
– Қас Сақ бабам ұлы дала шәйірі,
Қаны таза, асыл текті туғаннан.
Менің теңім испандық па тәйірі,
Табиғатым, тілім, ділім тұрғанда.
Испандыққа қазаққа ұқсау шығар мұң,
Қазақ болу бақыт, – дедім, – бір                     басқа.
«Мен Қазақпын» деген жырын                     Жұбанның,
Қайдан білсін қаны басқа бұл қасқа.
Қаны аралас түп атасын танымас,
Қайдан білсін Арийлердің дүрмегін.
Алмандардың ластыққа қаны қас
түп атасын бізден іздеп жүргенін.
Осы эпизодта өмірге басқа емес, қазақ болып келгендігін ерекше мақтаныш сезіммен айтқан ақын біраз тарихи шын­дықтың бетін ашады. Европадағы ең асыл текті саналатын неміс халқының өзі Адольф Гитлердің тұсынан бастап «Біз арийліктерміз!» деп жалпақ әлемге жар салғанын білеміз. Ал, Арийлердің ежелгі Қазақстан жерінде Андрон мәдениетін қалып­тастырған біздің бабаларымыздың ұлысы екендігі айнымас ақиқат. Демек, ғұлама ғалым Лев Гумилевтің «Этногенез и биосфера земли» атты еңбегінде нақты айтылғандай пассионарлық кезеңдерде ұлыстан ұлыс шығу тарихын зерттей келе неміс халқы өздерінің түп атасы біз жақта жатқанын аңғарған ғой. Темірғали соны меңзеп отыр.
Оқырман қауымның ыстық ықы­ласына  бөленген «Қызыл қырғын» поэ­масында ақын ақ патша мен қызыл импе­рияның қазақты мақсатты түрде жер бетінен жойып жібермек болған аяр саясатын әшкерелейді. Нақты тарихи деректерге негізделген бұл туындыда Ресей билеушілерінің жалғыз қазақты ғана емес бұрынғы ғасырларда кав­каздықтар мен татарларды қалай қырғынға ұшыратқанының сырын ашады. Экспозициясында жыраулық дәстүрдің бүгін­гі жарқын үлгісін танытқан рухы биік шығарманың өне бойындағы ұлтқа, халыққа деген сүйіспеншілік сезім намы­сыңды қайнатып, қайратыңды жани түседі. Ең бастысы мұнда түңілу­шілік жоқ. Керісінше, ширығу мен қайралу бар.
Ары қарай тыңдауға еш құлқым жоқ,
Татарлардай мола құшып жыламан.
Екі мүшелде төрт миллион жұртым                     жоқ,
Алатау тұр, Қаратау тұр дін аман.
Көш келеді Қаратаудың  басынан,
Қаралы көш қайыстырар зар демі.
Мен Кавказдың ұзанындай жасыман,
Ғұнның рухы сынған кезі бар ма еді?
Өрлігі мен еркін ойы ұнамай,
Саясаттан жер жастанды 
                  көп құрақ.
Ұлтымызды қырып салды қынадай,
Рухымызды жерлей алған жоқ бірақ.
Елсүйгіштіктің, былайша айтқанда па­триотизмнің ерен үлгісін көрсетіп өткен ұлы композитор Фридерик Шопен­нің қайғылы тағдырын арқау еткен «Асқақ рух» поэмасында Темірғали ақын­ның өз болмысы, характері мен дүниеге көз­қарасы айқын көрінеді. «Амал қанша мен тағдырдың ырқымен, күн кешуді өттім білем үйренбей» деген ақын поэманың ең соңғы шумағында қоштасу сөзі ретінде Шопеннің аузына мынадай сөздер салады:
Өмірімді өгейлікпен өлшемен,
Өлімді де қарсы аламын еңсемен.
Рухым әр кез биік тұрды тағдырдан,
Қош бол әлем, жеңілгем жоқ мен 
                        сенен!
Жалпы, Темірғали поэзиясы – өршіл, рухты поэзия дер едім. 
Талантты ақынның тақырып ау­қымы өте кең. Қай тақырыпты жырласа да сөзге, өнерге асқан жауап­кершілікпен қарайтын қарымды қалам иесі шынайы сезім мен терең ойды бірінші кезекке қояды. Мейлі таби­ғатты, мейлі махаббатты немесе көңіл күй толқындарын сөз етсін, ол ой мен суретті асқан шеберлікпен қабыстыра өріп, өлеңге жүректерді селт еткізер дән сала біледі. Әсіресе, табиғат құбылыстарын көз алдыңнан кинолентадай көлбеп өтетін, тартысқа толы жанды суретке айналдырудағы ақынның суреткерлік ерекшелігі тәнті етеді. Бұл сөзімізге қыруар мысалдар келтіруге де болады. «Боран» деген өлеңнің соңғы шумағындағы жанды көрініске ие бір ғана ғаламат суретті оқырманға ұсынуды жөн санадым.
Діңкесі Айдың құриды,
Боз тұман көзін тұмшалап.
Бөрікөз боран ұлиды,
Құйрығыменен қыр сабап.
Артық сөздің керегі жоқ. Көз алдыңызға боранды күні жортатын көкжал бөрінің ішін тарта ұлығаны, маңайдың ойпаң-тойпаңын шығарып құйрығымен ызалана қыр сабап жатқаны еріксіз елестейді. Дәл осыған ұқсас суреттер Темірғалидың поэзиясында өте жиі кездеседі. Бұл оның даусыз талант иесі екендігінің нақты дәлелі десем артық айтқандық емес.

Алдыңғы «
Келесі »