Денсаулығы мықты халықтың келешегі де кемел

  • 07.08.2012
  • 337 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қ. ИСАЛЫҰЛЫ.

Елбасының жуырда баспасөз беттерінде жа­рияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деген тапсырмасында тұрғындарды емдеумен қатар сауықтыру шараларына да баса көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Аталған міндетті жүзеге асыру мақсатында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» деген мемлекеттік бағдарламасын одан әрі жетілдіру жолдары қолға алынды. Соның нәтижесінде көп­теген отандық медицина мекемелерінде тұр­ғындарды сауықтыруға және салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған түрлі шаралар қолға алынуда. Мұндай игі іс Алматы қаласындағы № 7 қалалық клиникалық ауруханасында жалғасын табуда. Құрамында 20 клиникалық, 14 қосымша клиникалық бөлімдері бар аурухана еліміздегі ең күрделі гемотология, нейрохирургия, эндокринология және неврология саласы бойынша жоғары деңгейлі дәрігерлік қызмет көрсететін бірден бір іргелі сауықтыру орындарының бірі болып отыр. Сондай-ақ, мұнда бүйрек қызметі бұзылған жандарға көмек беретін жаңа қондырғылармен жабдықталған гемодиолиз бөлімі, нейроинсульт орталықтары бар. Аурухана қалалық клиника аталғанымен республика тұрғындарына да меди­циналық көмек көрсетеді. Мұнда жылына 67 мыңға жуық адам денсаулығын тексертсе, 25-26 мың адам өздерінің сырқаттарының түрлеріне орай емделіп, денсаулықтарын жақсартып шы­ғады.
Клиника соңғы жылдары аурудың алдын алу, анықтау, емдеу, медициналық қызметті ұйым­дастыру істері бойынша елуден астам жаңа инновациялық технологияларды игерді. Ауруханада С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 7 кафедрасының кли­никалық базасы, Алматы Мемлекеттік дәрі­гер­лердің білімін жетілдіру институтының, Қа­зақ­стан-Ресей медицина университетінің, Ал­маты қалалық медицина колледжі мен Республика медицина колледжінің және «Эмили» институты кафедраларының орналасуы аурухананың базасының мықтылығын, мамандарының білікті­лігін білдірсе керек.
Аурухананың бірінші қабатына орналасқан физиотерапия бөлімшесі негізгі емдеу орын­дарының бірі болып есептеледі. Бөлімшеде 8 кабинет жұмыс істейді. Әрқайсысында әртүрлі физиотерапиялық емдеу тәсілдері жүргізіледі. Мұнда электр токтары, ультракүлгін, инфрақызыл және лазерлік сәулелер қолданылады. Емдік уқалаудың түр-түрі жасалады, дене шынықтыру жаттығулары кеңінен қолданысқа ие. Ингаяция, ЕДШ, балшықпен емдеу және ванналардың бірнеше түрі – иодобромдық, минералданған, О2 + пентогематоген ванналары бар. Суда омыртқаны созу, парафинмен емдеу түрлері де қызмет көрсетеді. Бөлімшеде заманауи жаңа технологиялар енгізілуде, келген сырқаттар орга­низмді қалпына келтіру-сауықтыру емін қабылдайды. Бөлімшеге гемотология, нейрохирургия, эндокринология және неврология, басқа да бөлімшелерінде ем-дом алып жатқан науқастар қажетінше көмек алады. Физиотерапиялық және оңалту шараларының жиынтығы зақымдалған денсаулықты қайтадан қалпына келтіруге, адам­ның еңбекке қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталған. Дене шынықтыруға арналған құрыл­ғылар арқылы да ауыр сырқаттанған жандардың денсаулығын қалпына келтіруге болады. Мұнда әртүрлі қозғалу, дем алу жаттығулары жасалады. Алуан-алуан массаж кабинеттері оның саналуан түрін қолданады. Бірі науқастардың бірнеше сағатқа созылған операция барысында қатып қалған бұлшық еттерін босаңдатса, бірі сал ауруына душар болған жандардың өлі жасушаларын тірілтеді. Кабинеттердің кейбірінде артериялық қысымы жоғары науқастарға, буын ауруларына шалдыққандарға қызмет көрсетіледі.
– Бұл өмірде адам денсаулығынан қымбат ешбір құндылық жоқ, – дейді бөлім меңгерушісі, білікті дәрігер Гауһар Нәбиолдақызы, – Сондықтан да, қоғам үшін адамзаттың жанына араша түсіп, өмірін сақтап қалу жолында аянбай тер төгіп жүрген ақ желеңділердің алар орны бөлек. Бүгінгі күні медицина саласының алдында зор міндеттер мен келелі істер тұр. Денсаулығы мықты ха­лықтың келешегі де кемел болары хақ. Бұл орайда, бөлімде өз ісіне адал, сырқаттардың алғысына лайықты жандар көптеп саналады. Атап айтқанда уқалаушы-медбикелер Рыскүл Бойдақбаева, Рыс­күл Елғонова, Айгүл Қарашова, Минура Бекмурзинова, Айгүл Лекерова, медбикелер Мәдина Жақаева, Ғалия Оспанова, Назым Мырзаханова, Сания Ахмедова, Гүлмира Омарқалиева, бас дәрі­гердің медбике ісі жөніндегі орынбасары Ольга Николаевна Золкина, ЕДШ нұсқаушысы Венера Жарасова, шаруа бикесі Несіпжамал Омарова, күтушілер Ғалия Төлтаева, Шекерхан Үкібаева, Шы­нар Тұрысбековаларға емделушілер үнемі жылы лебіз білдіріп, алғыстарын айтады.
Бөлімше меңгерушісі: – Бөлімшенің басты мақсаты – науқастардың тез сауығып кетуіне ықпал ету. Бүгінде нау­қастарды оңалтудың физиотерапиялық емдеу тәсіл­деріне сұраныс жоғарылап келе жатыр, – дей келе, – Жуырда ғана жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Н. На­зар­баевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы аясында бұл бағыт тіптен мықтап қолға алынды – дейді.
Бұл бөлімшеде қолданылатын тәсілдер адам­дардың әртүрлі жүрек-қантамыр ауруларынан кейінгі ауыр операциялар мен ем-домнан кейін науқастардың зақымдалған ағзасын толық қалпына келтіруге зор үлес қосады. Мұнда қолданылатын емдеу амалдары денсаулыққа ешбір қауіп төндірмейді, жағымсыз жағдайлар да болмайды, науқастың тез сауығуына жетелейді. Осы мақсатқа мемлекет жеткілікті түрде қаржы бөліп жатыр. Шамамен, күніне алпыстан астам науқас физиотерапия бөлімшесінің көмегіне жүгінеді. Олардың бәрі емдеу тәсілдерінен оң өзгеріс алғандарын айтып отырады. Ең бастысы – осы.
Қ. ИСАЛЫҰЛЫ.

Материалға қатысты суреттерді мұқабаның 4-бетінен көре аласыздар.

Алдыңғы «
Келесі »