Бүгінгі БАҚ және сөз еркіндігі

  • 28.09.2016
  • 2078 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина Имамбаева,
әлеуметтанушы

Сөз еркіндігі төңірегіндегі жағдаят – бүгінгі күні Қазақстандағы  маңызды мәселелердің бірі. Бұл мәселеде саяси және азаматтық бостандықтардың ахуалын зерттейтін халықаралық «Freedom House» ұйымының биылғы жылғы рейтингі бойынша Қазақстан 24 индекс­пен 195 елдің ішінде 165-орында тұр. Сөз бостандығына Конституциямызда кепілдік берілген, сондай-ақ, «Ақпаратқа  қолжетімділік туралы» және басқа заңдар бар. Яғни, белгілі бір деңгейде ақпарат алу мүмкіндігі жеткілікті. Осы ретте журналистердің кәсіби біліктілігі мен білім деңгейіне айтылатын сын да негізсіз емес. Кейбір кездесетін шектеулерді айналып өтіп, ойын астарлап айта білетін журналистерге мұқтажбыз. 


Міне, «Келелі кеңестің» кезекті отырысы қазақ­стандық БАҚ-тың қазіргі ахуалына арналды және оған экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер институтының директоры Тоқтар Есіркепов, «Аbai.kz» ақпараттық порталының Бас редакторы, белгілі журналист Дәурен Қуат, публицист-философ Әбдірашит Бәкірұлы, «Ұлан» газетінің редакторы, журналист Жұлдыз Әбділда, «Түркістан» газетінің тілшісі Жәнібек Ғалым, «Ақиқат» журналының Бас редакторы Аманхан Әлімұлы қатысып, осы тақырыпты талқыға салған еді. 
АбдрашитӘбдірашит Бәкір­ұлы: – Үнді филосо­фия­сында «авидья» де­ген ұғым бар, яғни, жеке адам немесе қоғам өзі­нің алдына белгілі бір мақсаттар қояды, содан сол мақсат-жоспардың төңірегінде адамда небір қиялдар пайда болады. Адам  күнделікті сол арман-қиялдың жетегінде жүрген кезде бір кезеңде сол қиялға енеді де, нақты өмірде сол қиялмен өмір сүріп жүргендей жағдайға тап болады.  Біздің қоғамдағы ақпарат жүйесі  де біршама осы авидья дертіне шалдыққандай. Өйткені, бізде қоғамда болып жатқан құбылыстарды беретін ақпарат көздері және де соған  сәйкес терең сараптамалық бағытта зерттеу жүргізетін журналистер де аз. Міне, соның салдарынан біз кез келген реформаны аяғына жеткізбей жатып орындалған құбылыс ретінде көрсетеміз. Ал, ақпарат жүйесі өзінің алға басу ұранымен қоғамның, мемлекеттің дамуынан көш ілгері жүреді. Дегенмен, кейінгі кезде мемлекет бұл үрдіс мемлекеттің дамуы үшін аса қауіпті екенін сезді-дағы, мемлекеттік медиахолдингтерге еркін ойлы тұлғаларды тарта бастады. 
Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген жақсы  мақал бар, айталық, Кеңестер ке­зеңінде өзін-өзі мақтау, шектен тыс дәріп­теу көп болды, өтірік ақпар беру және т.б. келеңсіздіктер көп болғаны белгілі. Ақыр соңында, Кеңестер Одағы тоқырауға ұшырады, ол толқуларға ұласып, 15 мемлекетке ыдырап кетті.  Біз, әрине,  унитарлы мемлекет саналамыз, бізде федерациялар жоқ болғандықтан ыдыраудың негізгі объективті себептері жоқ сияқты боп көрінеді. Алайда, жалған ақпаратпен өзімізді өзіміз алдай беретін болсақ, сыртқы күштер бізді ыдыратуға дайын тұрғанын ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан, ақпарат кеңістігінде мейлінше ашықтық қажет және қоғамдық келісім ретінде қабылданған заңдарға сүйене отырып, дұрыс ақпарат беру  арқылы халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білу қазіргі биліктің алдындағы ең ауыр әрі қиын міндет болып табылады. 
Ақпарат кеңістігіндегі ашықтық деген не болса соны айта беру емес, ашықтық деген әр құбылыстың объек­тивті бағасын беру, қатені қате,  дұ­рысты дұрыс деу. Оған қоғамның реакциясы қалай, қоғам оны қабылдады ма, жоқ па, соған сәйкес басқару шешімдерін үйлестіріп отыру, міне, ашықтық деген бар болғаны осы. Дегенмен, біз әлі шынайы демократиялық қоғам орната қойған жоқпыз, ал, вертикальды билікке тәуелділік артқан сайын мемлекетке ықпалды ақпарат емес, көмкерілген ақпарат қана жетеді. Шенеуніктердің,  олигархиялық топтардың әрқайсысы өз мүддесін көздеген жерде шындықты бұрмалау, оны теріс, басқа бағытта көрсету жаппай етек алады. Оның барлығы бір есептен қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа, мемлекет мүддесінен тысқары, тікелей жеке мақсат-мүд­дені көздеуге барып тіреледі. Біз осы мәселеден қалай құтылудың жолын іздеп әлекпіз. Коррупциямен күрес барысында ашықтықты неғұрлым ұлғайтқан сайын ақпарат та ашық жүйеге көшеді. 
Dauren  KuatДәурен Қуат: – Мен  осы 165-орын дегенге кү­мәнім бар. Бірақ, менің күмәнім кейбіреулердің «рейтинг мәселесіне фи­лософиялық тұр­ғы­дан қарау керек» деген пікірімен сәйкеспеуі мүмкін. Неге дейсіз ғой? Ай­тайын.  Қалай қарасақ та, рейтингтің аты – рейтинг. Бірақ, дүниенің бәрі рейтингпен өлшенбейді ғой.  Рейтингтің өзінің ар жағында үлкен мәселе тұр.  Мысалы, қазір телеарналар мен радиолардың бағдарламалары, веб-сайттардың қызметі – тегіс рейтинг арқылы бағаланады. Сонда, қандай рейтинг дейсіз ғой ол? Шоудың рейтингі. Осы күні телеарналар мен радиотораптары, газет-журналдар мен интернет-басылымдар неғұрлым жеңіл-желпі, қызылды-жасылды дүниені көп беріп, шоу-бизнес өкілдерін көбірек көрсетсе немесе адамның рухани әлемін езгіге салатын, жанын жаралайтын, адами болмысын өзгертіп, есеңгірететін тақырыптарды молынан қарпыса бітті –  рейтингтің ұшар басынан көрінбек. Мұндай рейтинг бойынша 165-орында тұрмауы тиіс. Оған күмәнмен қарайтынымыз сол. Неге десеңіз, осы күні саржағалданып алған газеттер мен журналдар не жазбай жатыр? Телеарналар не көрсетпей жатыр? Тележәшікті күні бойына қосып, қарап отырыңызшы, бір-ақ күннің ішінде еліріп шыға келесіз. Бұл салмақты, салиқалы БАҚ-тың қыз­метіне кірмейді. Бәлкім, ішінара кейбір адамдар үшін шоу-бағдарламалар керек те шығар. Оны мүлде жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, ұлттық баспасөздің келбетін әйгілейтін ықпалды арналар, газет-журналдар, интернет-басылымдар мемлекет тарапынан нақты қолдау көріп отыруы тиіс. Жеңіл-желпі бағдарламалар мен басылымдар өкіметтің қолдауынсыз-ақ қаржы тауып, жарнама тартып, жан баға алады. 
Тағы бір мәселе, «Freedom House» сияқ­­ты ұйымдар Қазақстандағы сөз бос­тан­дығын орыстілді мамандар берген есеп бойынша анықтайды. Ал, сол ұйымдар қазақ журналистерінің жағдайымен қан­ша­лықты таныс? Меніңше, мүлде таныс емес. Қазір телеарналарда жабылып жатқан қандай бағдарламалар? – Қазақтілді тәп-тәуір бағдарламалар. Жабылып жатқан қандай газет-журналдар? – Ұлтқа, билікке, Елбасына шын достық, жанашырлық танытып келе жатқан, заманы мен уақытына сай білімді сөз айтып отыратын қазақ тілді газет-журналдар. Алайда, қазақ журналистері, менің әріптестерім, үндемейді, бәріне төзеді. Бұл – олардың дәрменсіздігі, қор­қақ­тығы емес, «елімізге сырттан жаман сөз жамалмасыншы» дейтін жанашырлығы. Сол жанашырлықтан туған үндеместік. Ал, әлпештеп, аузынан ақ май ағызып отырған баспасөзі (еліміздегі орыстілді баспасөз) сырт айнала бере көкиді, аузына келгенін бүркеді. Дегенмен, олар Қазақстанда сөз бостандығы жоқ деп айта алмас еді. Себебі, оларға бар жағдай жасалған. Сөз бостандығы Қазақстандағы баспасөз кеңістігінің шын иесіне – қазақ баспасөзіне еркіндік тигенде ғана болатындығын «Freedom House»  осы күні біліп қалды. 
АманханАманхан Әлімұлы: – Біз сөз бостандығы, еркіндік дегенді демо­кра­тиялық қоғамның басты қағидасы деп есеп­тей­тініміз  аян. Осыған орай,  мемлекеттік мүддеде  жұмыс істейтін басылымдар бар да, өзін оппозициялық санайтын басы­­лымдар бар. Жалпы, мемлекеттік басылымдарға сын көп айтылады. Шынында да, ашық қоғамда әңгіме ашық жүруі керек. Бірақ, сөз бостандығының, ерік еркіндігінің де шегі бар. Біз кейде тәуелсіз басылымдарда сөз бостандығы бар, мінді де айтады  дейміз, тіпті, жеке адамдардың кемшілігін де айтып жатыр, мұның бәрі дұрыс. Бірақ, олардың кейбір кезде белден басып кететін тұстары аз емес, ал, осындай басылымдардағы журналистер сөз бостандығын толық пайдалана алады деп айта алмас едік. Өйткені, олардың да иелері, құрылтайшылары бар екені анық. Міне, сол тәуелсіз басылымдар өз қожайындарының бойын­дағы кемшілікті қозғай алады деу қиын. Біз көп жағдайда мемлекеттік га­зет-журналдарды айыптауға дайын тұ­рамыз. Рас, оларда кемшілік бар. Бірақ, еркін басылымдар негізінен қоғамдағы кемшіліктерді айтумен шек­теліп, өз­деріне қатысты мәселелерді айта ала ма, міне, осы тұсқа келгенде таразы басы теңесетін секілді. Олай болса, осы басылымдардағы мақалаларға да сын көзімен қарап үйренсек. Тіпті, таяуда бір журналист «мемлекеттік басылымдарды  оқыса жүрегі айнитынын» айтып қалды. Осы дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Сондықтан, сөз еркіндігі де, мәдениетті, заңды тұрғыда болуы тиіс.
жулдызЖұлдыз Әбділда: – Бұл сол адамның мәде­ниетінің деңгейі ғой. 
Аманхан Әлімұлы: – Мәдениет де­ген­нің өзі сол сөз бостандығын қалай пайда­ланамыз де­ген­нен шығады. Әрбір мем­лекеттік басылымның өз орны бар, айталық, «Заң газеті» құқықтық, заң­­намалық тілді қалыптастырып, құжаттарды толтыру үлгілерін көр­сетіп келеді. «Егемен Қазақстан» мем­лекеттік-әкімшілік аппараттың тілін қалыптастырды, өзіне тән стилі, ерек­шелігі бар газет.  Осы біз кейде сын дегенді біржақты түсінетін сияқтымыз.
Жұлдыз Әбділда: – Негізі, БАҚ және сөз еркіндігі дегенге басқа тұрғыдан келу қажет. Өйткені, мемлекеттік және тәуелсіз басылымдарды салыстырып-салғастыру сөз бостандығын дамыта қоймайды. Жалпы, бізде заң жүзінде баспасөз бостандығы бар, мәселе соны қалай пайдалануымызда. Біздің журналистердің көп жағдайда кәсіби біліктілігі соған жете бермейтіні жасырын емес. Көбінесе сөз бостандығы дегенді тұрпайы, анайы тұрғыдан тү­сініп, қарабайыр түрде беретін болдық. Соның бір дәлелі, 18 шілдеде Алматыда болған оқиға кезінде баспасөз бостандығын пайдалану деңгейіміз, журналистердің кәсіби біліктілігінің төмендігі анық байқалды. Сот үкімі шықпай тұрып, бірден «қылмыскер», «лаңкес» деген сипаттағы жазбалар БАҚ бетін жаулап алды. Заң бойынша адамның қылмысы дәлелденгенше қылмыскер деп айтуға болмайды. 
Міне, біз сөз бостандығы осы екен деп мәдениетіміздің деңгейін көрсетіп алатынымыз бар. Сондай-ақ, оқ тиіп жараланған адамның суретін жаппай жариялау да адамгершілік қағидаларды, журналистік этиканы елемеудің көрінісі болды. Демократияны, сөз еркіндігін желеу етіп, асығыс байлам жасау, жарияға жар салу біріншіден, мәдениетсіздік, екіншіден, жеке адам­ның құқықтарына қол сұғу деген сөз. Танымал тұлғалардың отбасылық проблемаларын сөз ету де осы тәріздес сипат алды. Яғни,   «екі елі ауызға бір елі қақпақ» қоюды ұмытып, эфирден қалай болса солай сөйлеуді демократия деп түсініп жүрміз. 
Дина-ИмамбаеваДина Имамбаева: – Осындай  ішкі  цен­­зурасы төмен, жур­­­­налистік этиканы мең­гермеген жур­налис­тер қайдан пай­­да болды? Бұл оқу жүйесіндегі кемшілік пе әлде біз­де­гі оқырман, көрермен жинаудың тә­сілі ме? Немесе  астарлы  сөзбен кез келген цензураны айналып өте ала­тын, «Эзоптың тілін» меңгерген жур­налистердің аздығынан ба? 
Жұлдыз Әбділда: – Бұны оқырман тарту деп ақтауға болмайды, айталық, Қайрат Нұртасты бір оқырман жақсы көреді екен деп, басқа оқырмандар зиян шекпеуі тиіс. Жалпы,  оқырман дегенде журналист Ербол Азанбектің «қазақ басылымдары өз оқырманын білмейді» деген пікіріне қосыламын. Біздің орташа статистикалық оқырманымыз кім, ол не оқығысы келеді, оның білімі мен тұрмыс деңгейі қандай?  Осы жағынан қазақ БАҚ-ы ақсап жатыр.
Сөз бостандығы дегенде мемлекеттік, оппозициялық деп бөліп қарауға болмайды, кез-келген БАҚ кез-келген мәселені жаза алады, мәселе соны қалай беруде. Мысалы, қазіргі «үштұғырлы тіл» саясатын мемлекеттік басылымдар неге тек қолдап, дұрыс деп беруі керек, кемшілік жағын да неге айтпасқа? Ал,тәуелсіз басылымдар керісінше, «бәрі бітті, құрыды» деумен шектеледі, мысалы, жаңағы «үштұғырлы тілдің» жақсы жақтарын айтпайды. Айналып келгенде, бұл біліктілігіміздің жетпеуі, көбінесе популистік, дилетанттық көз­қарасқа бейімбіз. Мәселені әр қы­рынан зерттеуге, талдауға шамамыз жете бермейді. Ол үшін журналистер  мамандармен,  сарапшылармен сөйлесуге ерінеді. Тіпті, қазір сол сарапшылардың рөлін әншілер атқаруда. Бұндай жағ­дайда сөз бостандығы туралы ай­тудың өзі қиын. Сондай-ақ, көп мәселе бас редакторларға да байланысты, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Журналистиканы  дамытпай отырған осы деп білемін. 
Дәурен Қуат: – Нақты ақпарат бар жерде астарлап айтудың керегі жоқ. «Эзоп­шылап» езудің кезеңінен өттік-ау деп жүрміз. Бірақ, шебер журналист, тілді мықты меңгерген қаламгер «Эзоп тілін» қажет кезінде пайдалануы мүмкін. Алайда, 18 шілдедегі Алматыда болған оқиғаны эзопшылаудың жөні жоқ-ау деймін. Себебі, ҰҚК мен ІІМ тағы да бір-біріне қайшы келді. Ақтөбеде болған лаңкестердің әрекеті барысында да бұл екі күштік құрылым бір-бірінің дерегін жоққа шығарып, жұртты таң қалдырған. Аталған оқиғалар барысында адекватты талдау жасай алатын журналистерден бұрын бізде күштік құрылымдардың үйлесіп жұмыс істей алмайтындығы, жалпы, жүйе­нің жоқтығы анық көрінді. Мәселенің мән-жайы интернет-басылымдарда, әлеуметтік желілерде талқыланды. Қазір сөз бостандығы, ой азаттығы мен пікір еркіндігі осы жаңа медиа мен әлеуметтік желілерде қалыптасып келеді. Бұны теоретиктер «азаматтық журналистика» деп атайды. Дәстүрлі БАҚ өз қотанында қалып қоймай, кейде осы «азаматтық журналистиканың» беталысына да қарап отырғаны дұрыс деп ойлаймын.    
Аманхан Әлімұлы: – Қазір де жер мәселесіне қатысты тек сатпау керек дейміз, ал, оның қыр-сырын зерттеп, талдап отырғандар жоққа тән. Осы ретте қоғам үшін өзекті жайттардың қыр-сырын ашып беру, пайдасы мен зиянын саралау жетіспейтіні шындық. Осыдан келіп біздің журналистика сөз еркіндігін дұрыс пайдаланбай келеді.   
Әбдірашит Бәкірұлы: – Жер мәсе­лесі, оны сатудың қазақ халқы үшін зардабы тәуелсіз газеттерде де, басқада да егжей-тегжейлі талқыланып, терең сарап­тамалық талдаулар жасалды. Осы тұрғыдан алған кезде «оппозициялық» деп аталатын, шын мәнінде халықтың мүддесін көздейтін басылымдарға жөнсіз тиісудің қажеті жоқ.  Олардың  халық тара­пынан қолдауына ие болуының өзі олардың  сөзі өтімді екенін көрсетеді. Мұны да ескеру қажет. 
Журналистердің сауатсыздық, мәде­ниет­сіздік танытуы, жеке басқа тиісуі сөз бостандығының деңгейін көрсетеді.   Шынайы демократиялық қоғамда жур­­налистердің ішкі мәдениеті өте жо­ғары болуы тиіс. Жаңағыдай келеңсіз көріністер демократиялық қоғам тарапынан айыпталады, сондықтан, демо­кратиялық қоғам дамыған сайын БАҚ өкілдерінің де ішкі мәдениеті сол жоғары деңгейге көтеріледі, соған сәйкес ақпараттық қоғам заңдарының аясында жазатын болады. Ал, ішкі цензура жоқ кезде бүгінгідей дөрекі, тұрпайы сөз бостандығы орын алады, оған заңның қажеті жоқ. Бәріміз заңға бағынған кезде түсіністік те, бірлік те болады, ал, оған дейін екіге бөлініп алып, бір бірімізді терістеп отыра береміз. 
Тоқтар Есіркепов: – Ғалым ретінде негізгі еңбектерімді жиырма жыл­ға жуық уа­қыттан бері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газет­терінде жариялап келем. Сол кезде маған күніге бірнеше жур­налист келіп сұхбат алатын, қазір қайда солар? Соңғы бірнеше жылда олардың тарапынан сұраныс жоқ. Мысалы, жер туралы кодекске қатысты ұсыныстарымды кезінде айтқан едім. Осы тұста мынадай заңды сұрақ туады: мемлекеттік басылымдар деген не? Мемлекеттік басылымдар бас­қарушы органдардікі ме, жоқ әлде салық төлеушілердікі ме? Әрине, салық төлеушілердің басылымы. Егер, билік өз мүддесі үшін ашықтықты қамтамасыз етпесе, сөз еркіндігі бола ма? 
Дина Имамбаева: – БАҚ қыз­мет­ке­рінің жеке басының қауіп­сіздігі мен ты­ныш­тығы халыққа шынайы ақпарат жет­кізуге неге кедергі болуы тиіс? 
Дәурен Қуат: – Журналистердің өзін-өзі шектеп, өздеріне өздері цензура қойып алғаны рас. Бұның өзі біздегі «көзге көрін­бейтін» цензураның пәрменінен шығып отырған жайт. Ақпараттың еркін тарауы үшін, сөз бостандығы үшін, әрбір өткір мақала үшін журналист пен бас редактор барын салып күреспесе, қарсы тұрмаса, онда цензура күшейе береді. БАҚ өледі. Бұндай жағдайда БАҚ өз  миссиясынан айрылады да, бас еркін цензураға беріп тынады. 
Мұндай әсіре сақтықпен ұлттық баспасөздің  өрісі кеңи қоймасы анық. Сұрақ дұрыс. Расында, БАҚ қызмет­керінің жеке басының қауіпсіздігі мен тыныштығы халыққа  шынайы ақпарат жеткізуге  кедергі болмауы керек!  Кәсіби міндетін жеке басының қауіпсіздігімен шатастыратын жорналшының баспасөзде емес,  балабақшада қызмет еткені жөн. Журналистика, бұл – майдан. Мылтықсыз майдан. Осы мылтықсыз майданның ардагерлері «ақ­мылтық» аталатыны сондықтан. Әри­не, баспасөз туралы заңымызға БАҚ өкілдерінің жеке басының қауіпсіздігін мейлінше қамтамасыз ететін баптар енгізуіміз керек. Бұл енді басқа әңгіме. 
Жанибек-2Жәнібек Ғалым: – Қазақстандық БАҚ-тағы аға буынды, орта буынды және қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі буынды салыстыратын болсақ, менің топшылауым бойынша, бір­неше кезеңді бөліп көрсетуге болады. 2003-2006 жылдар аралығы қазақ журналистикасында сөзін еркін айта алатын, өзекті мәселелерді өткір көтере алған, билікке, халыққа ықпал ете алған кезең болды. Одан  кейінгі кезеңде, ақпарат саласындағы менеджерлерге байланыс­ты, баспасөзге белгілі бір кедергі қою басталды.  Халықтың сөз бостандығына ұмтылысы күшейіп, демократияға деген шынайы қадамдар жасала бастаған кезде саяси партиялардың бәрі ыдырап, тарап, сөз еркіндігі әлсірей бастады. Ал, қазіргі экономикалық дағдарыстың салқыны біздің баспасөзге де тиіп отыр, өйткені, БАҚ-ты  негізінен мемлекет қаржыландырады. Жеке оқырмандар тарапынан жазылу арқылы күн көру, газет шығару мүмкін емес. 
Қазақ баспасөзі көптеген тұлғаларды қалып­тастырды, елге танытты, оның ішін­де белгілі саясаттанушылар, депутаттар бар. Алайда, солардың өзі қазір бас­пасөзге жанашырлық танытпай отыр. Сөз бостандығы бар деп те, жоқ деп те кесіп айту қиын, себебі, белгілі бір салалар бойынша, айталық медицина, әлеуметтік мәселелер баспасөзде үздіксіз жазылып келеді. Сондай-ақ, балалар  басылымдары тек балалардың мәселесін көтеріп қоймай, өз деңгейінде өзекті проблемаларды айтып отырады. Дегенмен, кейде қай облыс басылымға көбірек жазылса, соның сүйкімділеу болатыны бар. Бұл баспасөзге деген тұрақты ұстанымының жоқтығынан болып отыр. Ал, кейбір кетік-кемшіліктің етек алуы уақытша құбылыс, ол әбден шегіне жеткен кезде қайтадан ретке  келеді, біз сол уақытты күтеміз әрі оған дайын болуымыз керек.
Әбдірашит Бәкірұлы: – Біз қазіргі заман­дағы сөз бостандығының кри­те­рийлерін дұрыс жасауымыз керек. Тек  жур­­­налистік этика сөз бостандығына өлшем бола алмайды. Кәсіби этика шын мә­нінде журналистің ішкі цензурасы мен мәдениетіне қатысты дүние. Ал, сөз бос­тан­дығы критерийлерін анықтап, билік­тен бастап бүкіл қоғам болып мойындайтын болсақ, онда біз Жәнібек атап өткен қайшылықтардың бәрін біртіндеп ашуға саңылау табамыз. 
Жәнібек Ғалым: – Сөз бостандығы үшін зардап шеккен журналистер қай кезде де болды…  
Жұлдыз Әбділда: – Кез келген журналист мәселені жазудың әдісін, кілтін тауып алуына болады, біз көбінесе сол кілтін таппай жатамыз. Әр сөзді, әр ұғымды қай жерде, қалай пайдала­нуды білсек, кез келген басылымда шын­дықты жазуға болады. Бірақ, әрбір оқиғаға, құбылысқа көзіңмен көріп, қо­лыңмен ұстағанның өзінде күмәнмен қараған жөн. Олай болмаған жағдайда, бір ғана журналистің теріс ақпары жазықсыз жандардың жазалануына әкеп соғатынын көріп жүрміз. 
Аманхан Әлімұлы: – Соған қарағанда журналистердің сөз бостандығын пайдалануда, жеткізуде әлі де тәжірибелері жеткіліксіз сияқты. Қоғамдағы барлық жайтты айтуға болады, мәселе соны қалай жеткізуде. Ал, біздің көптеген жур­налистер шындықты айтуды тікелей әрі әсірелеп айту деп түсінетін болуы керек. Осы жерде журналистік біліктілік, кәсіпқойлық, құқықтық сауаттылық, заң­намаларды жақ­сы білген жөн. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – Сөз бостан­дығы дегенде шындықты айтуға кім қабілетті, кім құзыретті деген мәсе­лені естен шығармау керек. Мейлі ол журналист болсын, басқа болсын, сол жазайын деп отырған шындықтың өзе­гіне санасымен бойлай алса, кеңінен қарап, оны қоғамдағы заңдармен үйлес­тіріп айта алса, сөз бостандығын пай­далану деген осы. Ал, шындықты тек маман ғана айта алады. Осы ретте кәсіби шеберлік жағына келсек, бұл мәселе ақпарат саласының армиясын даярлап жатқан журналистика факультеті деңгейінде шешілуі тиіс. Айталық, тәуел­сіз басылымдардың сөзі өтімді бо­луы­ның бір себебі, онда жазатындардың көбі кәсіби журналист емес, белгілі бір са­ла мамандары. Жалпы, сөз бостандығы қоғамның саяси-азаматтық деңгейімен де анықталады, яғни, екі жақтан өзара түсіністік болмаған жерде, халық пен биліктің басы бір бағытта тоғыспайынша толыққанды сөз бостандығы болады деу жаңағыдай «авидьяға» айналады.
1Тоқтар Есіркепов: – Сөз бостандығы Конституцияда жазылған, демкора­тия­лық қоғам, адам құқығы, биліктің тар­мақтануы, бәрі де көрсетілген. Яғни, ең басты мәселе – Конституцияны жұмыс істету, ал, оны жұмыс істету үшін саяси реформалар  керек, онсыз билік пен халықтың арасы ажырай береді.
Аманхан Әлімұлы: – Сөз еркіндігі деген жақсы, әрине. Бірақ, ол мемлекеттік құпияға қатысты мәліметтер, тіпті, отбасылық құпия, жеке бастың құпиясы деген болады,  соның бәрін айта беру керек деген сөз емес қой. 
Жұлдыз Әбділда: – Бізде мемлекеттік құпия айтылмайды, ол тұрмақ, біз әлеуметтік мәселелердің өзін ашып айта алмай жүрміз. 
Тоқтар Есіркепов: – Негізінде кез келген елде құпия бар, мемлекеттік, коммерциялық және т.б. Бірақ,  біз енді ашық қоғамға қарай келе жатырмыз, сондықтан, кешегі құпиялар бүгін құпия болмай қалуы бек мүмкін. Айталық, Швейцария банк құпиясын алып тастады. Әлемде осындай үрдістер бар. Кеше құпия болған дүниелер біртіндеп ашыла бастайды. Осы ретте баспасөздің рөлі үлкен. Кейде бізде құпия еместі жасырып-жауып, заңды қолдан жасап алушылық бар. Мысалы, таяуда жер дауына байланысты «ірі жер иелерінің аты-жөнін айтатын болсақ, соттап жібереді» деген сөздер айтылды. Ендеше, ондай заңды өзгертейік, халықтың мүддесіне қарай. Биылғы жылы күшіне енген «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңда да шикіліктер бар,  ашықтыққа кері нормалары көп. 
– Қазіргі қалыптасқан жағдаятта қазақстандық баспа және электронды БАҚ  қызметі қай бағытта өрбуі тиіс? 
Жұлдыз Әбділда: – Сөз, ой-пікір еркін­дігі дамуы үшін ең алдымен әркім өзінен бастау керек және әркім өзі білетін іспен айналысу керек. Сонда қоғам да өзінен өзі дамиды деп ойлаймын.
Дәурен Қуат: – Баспа және элек­тронды БАҚ жаңа медиа мен «аза­мат­тық журналистика» қозғап отыр­ған мәселелерді талдап, сараптап, салмақтап, әр қырынан ашып беруге ұмтылуы керек. Кәсіби журналистика өзінің мықтылығын тек осылай ғана дәлелдей алады. Әлемжелідегі әңгімелер де өткінші. Енді, бірер жылда оның белсенділігі де қалыпты белсенділікке айналады. Міне, сол кезде кәсіби журналистика алдыға шығатын болады. Бірақ, оған дейін  дәстүрлі баспа және электронды БАҚ медиа-технологияның барлық жаңалығын игеріп, алда болатын, болып жатқан, үрдіске айнала бастаған жаңалықтарға сергек қарауы тиіс.   
Жәнібек Ғалым: – Бізде сөз бос­тандығы жоқ деуге болмайды. Біз, енді, сол өзіміз айта алмағанды өзімізден кейінгілер айтуы үшін мүмкіндік жасауымыз керек. Қазірде интернетте неше түрлі әлеуметтік желілер бар, өз ой-пікіріңді білдіру мүмкіндіктері баршылық, кешегі күннен ілгеріміз. Түңілетін ешнәрсе жоқ, ең бастысы ішкі механизмдер жұмыс жасай берсе, сыртқы тосқауылдар  бәрібір бір күні жойылады. Жеке адамның  өзі табандылық танытуы тиіс.
Тоқтар Есіркепов: – Бұл өзі екі жақты процесс, журналистке де, жеке адамдарға да байланысты. Бұл біріншіден, екінші жағынан қоғам, оның ішінде мемлекетті де айтып отырмын, сөз еркіндігіне жағдай жасамай, сөз бостандығы  болмайды. 
Әбдірашит Бәкірұлы: – Менің негізінен сыни бағытта жазылған мақа­лаларым «Ақиқат» журналында шығып келеді. Осы тектес ойларымды тәуелсіз басылымдарға да жариялап тұрамын. Осы ретте ұлттық, қо­ғамдық мәселелерді көтеру біздегі сөз бостандығына қайшы еместігі көрі­не­ді. Тек біздегі кейбір топ­тардың мүд­десіне сай келмейтін та­қырыптағы мақалалардың жарияланбауы біздің әлі де күштік құрылымдардың ықпалында отыр­ғанымызды көрсетеді. Дегенмен, соңғы кезде сол құрсауға қоғам тарапынан қарсылық пайда бола бастады.  Біз енді қоғамға, мемлекетке зардабы тимейтіндей етіп, қоғамдық келісім арқылы сөз бостандығын мейлінше кеңейте беруіміз керек. 
Аманхан Әлімұлы: – Осы тұста А.Зиновьевтің «Целились в коммунизм, попали в Россию» деген сөзі еске түседі. Біздер  сөз бостандығын еркін пайдаланамыз деп жүріп, қазақ тәуелсіздігіне зиянымыз тиіп кетпеуін де ұмытпауымыз қажет. 
Тоқтар Есіркепов: – Біз ғалым ретінде әр мәселенің оң-терісін бағамдап айтамыз. Ғылым дегеннің өзі объективті нәрсе,  ол саясат немесе оңшыл, солшыл емес. Осы тұрғыдан алған кезде, сөз еркіндігі жалпы халықтың  мүддесінен туындайды. Сон­дықтан, одан қорқудың керегі жоқ.

Алдыңғы «
Келесі »