Телерадио хабарларын таратуды реттеуге қарсылық көрсетіп жүргендердің көздегені не?

  • 28.09.2016
  • 319 рет оқылды
  • 1

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
«Ақиқат» журналының  Бас редакторы

Мен осы бір тақырыптағы мақалаға кіріскенше, оның әуе­лі кілтін, сосын есігін таба алмай біраз әурелендім. Былай қа­ра­ғанда ол мерзімді басылымдар мен телеарналарда аз сөз болмай жүр­­ген секілді. Мұны айтып отырғанымыз, жаңа газетшілдік пен тә­уел­сіз­дік терісін жамылған әлдекімдерге тәуелді газеттер мен те­ле­ви­зия­ның етек алып, олардың заңдық-құқықтық тәр­тіп-тә­­лім­­ге бой ұсынбауы Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ең басты мәселе болып отыр. Олардың стратегиялық болмыс-бі­ті­мі қазақтың ұлттық сана-сезімге негізделген ойлап-сезіну, қа­был­дау жүйесін өзгертіп, сосын Қазақстан халқының күн­­де­­лік­­ті тыныс-тіршілігіндегі қарым-қатынасты өз дегендері бойынша қалыптастыру. Яғни, сонау 1917 жылдағы большевиктер се­кілді ескі деп қабылданатын дәстүрді күйретіп, өзге ел-жұрт­­тан телінген «жаңаны» сіңіріп, енгізу. Мұны революциялық-ре­­фор­­ма­торлық негіздегі большевизм демеске амалымыз жоқ. Олар­­дың көз­де­ге­ні дәстүрлі қоғамға, қалыптасқан отбасы институтына, діни наным-сенімге, сондай-ақ, басқа да ұлт­тық құн­ды­лық­тар­ға өз­де­рін­ше батыстық, не америкалық реформа жүргізу.

Мұндай ақпараттық кеңістікте жүріп жатқан «соғыс» бомба жарылып, оқ атылмай-ақ ұлтты жер бетінен мәңгүрт, одан да әрі кеткенде көзқаман (ұлтын сатып кететіндерді айтады – А.Ә.) етіп, жойып жіберетін бірден бір ақпараттық-идеологиялық майдан. Қазір біз сол бұқаралық-ақпараттық қызметті реттеп алмай, яғни, оған ұлттандыру (национализация) жүргізбей кө­ші­міз тү­зел­мей­ді. Дәп осы жерде ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам де­сең бесігіңді түзе» деген сөзін қайталасақ, еш қа­те­лес­пей­міз ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, қазақ-орысы, тағы бас­қа­сы бар либерал-радикал бағыт-бағдардағы реформаторлар БАҚ үшін неліктен жан алып, жан беріп күреседі. Сосын, неге олар, яки, кейбір олигархтар Қазақстанның ақпараттық кеңістіктерін сөз бостандығы мен ой еркіндігін желеу етіп билеп алғысы келіп жүр. Сондықтан да, біз қазір ұлттық мүддемізді қорғағымыз келсе, ақпараттық шабуылға емес, ақпараттық қорғанысқа кө­шу­ге тиіспіз. Ол үшін алдымен соңғы он жылда Қазақстанның ашық-шашық жатқан ақпараттық кеңістігін жайлаған, жайлап қана қоймай оған әртүрлі құйтырқы жолдармен лицензия алып, қол жеткізген бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсысын да ұлт­тық, мемлекеттік, қоғамдық, саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, мо­раль­дық ар-ождандық тәртіпке шақырып, сол ақпараттық ке­ңіс­тік­ті ластанудан арылтып, тазалауымыз керек. Әрине, оған қол жеткізу қияметтің қайымы.
Өйткені, соңғы бір-екі айдың ішінде Қазақстандағы БАҚ туралы, оның қандай болып, қай бағыт-бағдарда қызмет істеуі керектігі жөнінде екінің бірі, «ерінбеген етікші боладының» кебін киген кез келген жазарман жазатын болды. Және олар­дың ақ­па­рат­тық кеңістікте хабар таратуда БАҚ туралы, Тіл туралы, Ав­тор­лық құқық, Байланыс туралы заңдарды өрескел бұзған, не бұзып жүрген басылымдар мен теледидарларды қор­ғай­ты­нын қайтесіз. Бұған олардың шет ел телерадио ха­бар­ла­ры­ның 20 пайыздан аспауы тиістігі жөніндегі ұсынысқа жан-тәнін сала қар­сы­лық көрсететінін қосыңыз. Жаңағыдай тәртіп пен заң­ға бой ұсынғысы келмейтін тәуелсіздік терісін жамылған тә­уел­ді га­зет­тер­дің иелері – ақшалы қалта-олигархтар да өздері жалдап ал­ған журналистерден әрі БАҚ-тардан ешқашан қол үзгісі келмейді. Ал, мұның бәрін сөзсіз реттеу керек. Реттегенде күш­пен, не жөн-жосықсыз емес, кәдімгі ұлттық, мемлекеттік, қо­ғам­дық мүддедегі талап-тілектер арқылы әрі заңдылықтармен реттеген жөн. Әйтпесе, сонау жылдардағы ақын Н.Не­кра­сов­тың «современники» поэмасындағы:
«Не у нас – во всей Европе
Прессой правит капитал,
Был же Генкель, есть же Гоппе…
Ты бы ярче их сиял!
Прессе нужны коммерсанты» – дегендей немесе өзіміздің ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің сонау 1922 жылы жазған, әрі мерзімді баспасөз туралы айтқан: «Кей­бі­рі­нің (мерзімді басылымдарды айтып отыр – А.Ә.) кім екені белгісіз. Көбі ары-бері сандалуда. Сондықтан, газеттерден қазіргі уақытта жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқи­ды. Ол неден?.. Себебі – жамандау қазақ (Бұл қазаққа ғана тән болмаса керек – А.Ә.) мінезінде өсекшілдіктің салдары: бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан, ол бөлімнің оқушысы көп» дегендей күй кешуіміз мүмкін. Өйт­ке­ні, қазіргі Қазақстандағы өзін тәуелсіз санайтын әлдекімдерге тә­уел­ді қай тілдегі, қандай газет болмасын сол екі ұлы адам айт­қан бағыт-бағдарда қызмет ететінін біздің қай-қайсымыз да кө­ріп-біліп отырмыз. Жоғарыдағыдай жайларға жол бермеуге және БАҚ туралы, Тіл туралы, Авторлық құқық, Бай­ланыс туралы заң­дар­ды реттеуге құрылған Қазақстан Республикасы телерадио хабарларын таратуға құқық беру жөніндегі комиссияның ә дегендегі қызметін қолдап-қорғауға болады. Өйткені, дәп осы бір қы­сыл­таяң кезде кез келген БАҚ-тың иесі, не сондағы қыз­мет істейтін журналистер өздерінің мүдделерін қандай да бір жолдармен қолдап, қорғануға тырысады. Мысалы, соның бірі «Таң» ком­па­ния­сы­ның президенті Бақытжан Кетебаевтың күні кеше ғана «31» каналдан сөйлеп, республикалық телеарналардың Тіл туралы заңды орындауына өз тілімен айтқанда «Проблема кадрами» мәселесі мүмкіндік бермейді екен, сосын оның айтуынша «жа­қын бір-екі айдың ішінде КСРО кезінде дайындалған қа­зақ­ша хабарлар бітіп қалған соң» телерадио арналар Тіл туралы заң­ды орындай алмай қалады екен-мыс. Сонда, қазақта телеарналарда қызмет етіп, онда жақсы хабарлар жүргізіп, бағдарламалар жасайтын журналистер болмағаны ма? Әлде, қазақ журналистикасы КСРО құлағаннан кейін тұралап қалды ма? Оданда ол мырза, қызметсіз жүрген қандас журналистерге қызмет тауып
бермей ме? Міне, осындай абсурд, санаға симайтын пікірге қа­лай қосылуға болады. Бұл мемлекетті, ұлтты, қоғамды, сосын он­да­ғы қалыптасқан діл мен тілді, әрі қарым-қатынасты күй­ре­ту­ге апаратын бірден-бір жол емес пе? Ал, дәл осы кезде Қа­зақ­стан БАҚ-ның тағдыры шешіліп жатқан кезде Бақытжан кетебаев секілді сөз бостандығы мен ой еркіндігін не болса соны жазып, не болса соны сөз етіп, көрсетуге болады деу­ші­лер­дің кө­бей­ме­се, азаймайтыны тағы белгілі. республикамызда 2002 жыл­дың 1 ақпанына дейінгі мәлімет бойынша 1397 БАҚ бар да, оның 1019-ы газет, 378-і журнал, 124-і телекомпаниялар мен студиялар көрінеді. Соның лицензиясы бары, яғни, эфирде жұ­мыс істеп тұрғаны 76 екен. Бұлардан басқа 14 ақпарат агент­ті­гі бар. Бұл Қазақстан үшін ақпараттық-идеологиялық ке­ңіс­тік­те аз күш емес. Сондықтан да, оларды жөн-жосыққа салып, реттеп отыр­ма­сақ, онда біздің мемлекеттік деңгейдегі ұлт­тық қа­уіп­сіз­ді­гі­міз­ді былай қойғанда, ондағы тұрып жатқан кіндік ұлт қазақ және басқа да ұлт өкілдерінің сана-сезімін, олардың бір-біріне деген дәстүрлі қарым-қатынасын бұзатын іс-әрекеттердің етек алып кетуіне кім күмән келтіреді. Жалпы, іштен пісіп жетілмей, сырттан телінген сөз бостандығы мен ой еркіндігі, тіпті, демократия психологиялық дерт. Ал, ол дерт әр уақытта да сыртқа, яки Батысқа не Америкаға, тіпті, болмағанда Ресей идеологиясы мен идеясына еліктеп-солықтаудан жұғады. Сон­дық­тан да, қай кезең, қай уақытта да өзгені компиляция­лау еш­­кім­­ге абырой әпермеген, ал, оған компиляторлық етіп «об­ро­зо­ван­щи­на­лық алғырлық» таныту одан да қауіпті. Әсі­ре­се, ол ұлт­­тық сана-сезім, ой-жүйе қалыптасып, оң-солымызды то­лық танып үлгермеген кезімізде ақпараттық майданда жеңіліп қал­­сақ одан да қасіретті. Кітәби, әрі газети күйретуші теория – либерал-радикалдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-сая­си, яки, өзгелердің ой жемісі – демократияны насихаттаушы тә­уел­сіз­дік терісін жамылған әлдекімдерге тәуелді газеттер мен телерадиолар үшін қазіргі мемлекеттің ұстанған бағыты, әрине, жақпайды. Ал, оларға жақпайды деп принциптен қайтып, заң­сыз­дық­қа жол беру ешкімге де абырой әпермесі шындық.
Біз білеміз, кейбіреулер қазіргі БАҚ-қа басты ықпал ететін күш – әлеуметтік-экономикалық нарыққа негіздел­ген еркін бәсекелестік дейді. Хош, оған біздің ешқандай қар­сы­лы­ғы­мыз жоқ. Бірақ, ол қазіргі батыстық ләззаттану мен тояттану принципіндегі материалдық-тұрмыстық күн кө­ру­ші­лік іс-әрекеттерге негізделмей ар-ождан-моральдық, мем­ле­кет­тік, ұлттық, қоғамдық принциптерге негізделуі тиіс. Ол сонда ғана еркін сөз бостандығы, сосын, еркін ой көр­сет­кі­ші бола алады. Онсыз демократия күйретуші күш­ке ие – демагогия. Біздің сан қақсап, сан жазып жүргеніміз де сол. Әйт­пе­се, маған, менің әріптестерім, мемлекетті, ұлтты, қо­ғам­ды жи­нақ­тау­шы әрі тұтастырушы, сондай-ақ, біріктіруші ба­ғыт-бағ­дар­да қызмет істейтін қазақ-орыс, әрі басқа ұлт пен ұлыс өкіл­де­рі журналистеріне сөз бостандығы мен ой еркіндігі ке­рек емес дейсіздер ме? Керек болғанда қандай. Сондықтан да, бұл салада біз ойланатын жағдай шаш-етектен.
Ал, қазіргі Қазақстандағы БАҚ мәселесінде еліміз президенті мен Үкіметінің алға қойған заңдылыққа негізделген мақ­са­тын, БАҚ туралы, Тіл тура­лы, Авторлық құқық, Байланыс туралы заңдарды аттап өтіп, әсіресе, Тіл туралы заңға келгенде мемлекеттік тілдегі бағдарламаларын әлдеқандай бір ешкім көр­мей­тін мезгілдерге қойып, өздерінің мақсат-мұратындағы әрі ұс­тан­ған бағытындағы хабарларды ыңғайлы, ел-жұрт көретін уа­­қыт­­тар­­ға орналастырып көзбояушылық танытса, онда бізге ондай БАҚ-тың не керегі бар. Сондықтан да, қазіргі Қа­зақ­стан­да­ғы БАҚ төңірегінде жүріп жатқан мәселеде мемлекеттік, ұлт­тық, қоғамдық ара қатынасты күйретпей жи­нақ­тай­тын, сосын ұлт­тық сана-сезім, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге оң ықпал ететін принциптерде әуелі республикамыздағы БАҚ-тардың өзі, сосын мемлекетіміз алған бағытынан бір таймауы тиіс.

«Заң газеті».
20 ақпан, 2002 жыл

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Акпарат министрине оте орынды усыныс!! Орынды сын айтылган!! Осыдан талим алып, жумыс жасайтын министр болса!!

Пікірлерге тыйым салынады.