Ақ серке қой бастаған ай мүйізді

  • 28.09.2016
  • 861 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 
журналист

Есi кеткен ешкi жияды

Иә, атам қазақ «есiң кетсе ешкi жи» дейдi. Өйткенi, ешкi – өсiмтал түлiк. Қой, сиыр жылына бiр рет қана төлдесе, ешкi жылына екi рет төлдейдi, оның үстiне егiзден лақтайды. Қонақжай халқымыз ертеде қонағына қой сойғаны болмаса, былайғы кезде сойысқа бөрте лақты жығатын болған. Басқаларына қарағанда ешкi етiнiң тез қататыны бар. Әйткенмен, ол сiңiмдi әрi жеңiл. Бүгiнгi ғылым ешкi төрт жүз, бес жүзге дейiн шөп түрiн жеп, негiзiнен оның жапырақтарымен қоректенедi дейдi. Таутекенiң тұқымынан жаратылған дейтiн Шекшек ата басқа түлiктердiң тұяғы жетпейтiн тау-тасқа өрмелеп, жұғымды шөптердi таңдап үзедi. Бұлақ көздерiнен судың да тазасын iшетiн де осы шұнақтар. Өйткенi, олар отардың үнемi алдында жүредi. Бастауға ерте жетiп, тұнықтан су iшетiнi сондықтан.


Қазақ қазақ болғалы қорасынан ешкi үзiлген емес. Десек те, қызық халықпыз ғой, ешкi десе елең ете қоймаймыз. Бәлкiм, бұл оның тынымсыздығынан, шошақайлығынан да шығар-ау. Тiптi, ағаштың басына да өрмелеп кететiн ешкiнi ендi кiм жақтыра қойсын. Ал, сол ешкiнiң сан түрлi ауруға ем сүтi, мамыққа бергiсiз түбiтi, одан қалды қылшығы мен терiсiнiң өзi қаншама өркениетке өрмелесек те барша адамзаттың қажетiне жарап келе жатқанын неге ұмытамыз? Ерiнбейтiн елдер ешкiден еселеп пайда табуды баяғыда-ақ жолға қойыпты. Мына, жұмыртқадан жүн қырқатын Қытайда 180 миллион ешкi өсiрiледi екен. Үндiстан – 100, Пәкiстан – 50, Бангладеш – 40, Иран мен Нигерия – 30, Эфиопия, Судан, Сомали 20 миллион ешкi өрiстетедi. Ал, Швейцарияның ақ iрiмшiгi әлемдiк рынокта өте өтiмдi тауар. Неге? Өйткенi, оны ешкi сүтiнен әзiрлейдi.
Ешкiге байланысты елдi елең еткiзетiн бiр оқиғаны айтып өткенiмiз жөн шығар. Елдi таңқалдырған ерекше сауда Сауд Арабиясының Эл-Рияд қаласында өтiптi. Ешкiнiң қадiрiн бiр бiлсе қазақ бiлетiн шығар дейтiнбiз. Өйткенi, бәрiмiз де ешкiнiң сүтiмен өстiк. Сонымен бiрге, ешкi сүтiнiң құнарлылығы, емдiк қасиетi туралы медицинада көп айтылады. Демек, оның осындай пайдасы барын ендi бiлдi ме, мал шаруашылығымен айналысатын бiр фермер Шекшек ата тұқымын 13 миллион реалға, яғни, 3,5 миллион долларға сатып алыпты. Мыңдаған блогер мұнан соң жапатармағай «алтын» ешкi мен келiсiмшартта көрсетiлген банк шотының фотосуреттерiн өз сайттарына орналастырды. Мамандар бұл өте сирек кездесетiн асыл тұқымды ешкi едi деп отыр.
Ешкi өсiру қазақ үшiн таңсық емес. Тiптi, осы шаруамен айналысу кеңес өкiметi тұсында да жүйелi жолға қойылғанын растайтын құжаттар бар. Мәселен, Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының «Восток» совхозының директоры Хакiм Зәкiшев деген кiсi 400 ангор ешкiсiн өсiрiп, нарықтық экономикаға өткен алғашқы елең-алаң кезеңде не iстерлерiн бiлмей отырған ауылдастарын қиындықтан құтқарып қалған. Сонда, олар тек түбiт жүндi ғана сатып, қыруар пайда тауыпты. Ол кiсi тiптi қой мен жылқыны, сиырды былай қойғанда қара түлкi, құндыз да өсiрген. Ара шаруашылығын жолға қоя бiлген. Ал, егемендiгiмiз қолға тигелi берi елiмiзде алғашқы ешкi фермасы Атырау облысының Махамбет ауылында құрылыпты. «АтырауАгроӨнiмдерi» шаруа қожалығының жетекшiсi Владимир Розметов жылына 180 тонна ешкi сүтiн өндiретiнiн айтып отыр. Ферма Голландиядан «Залинская» аталатын асыл тұқымды 150 ешкi сатып әкелген. Олары жергiлiктi ауа райына тез бейiмделiптi.
Қазiр Қазақстанда қанша Шекшек ата тұқымы бар? Оны республикалық статистика саласына қалдырайық. Ал, Оңтүстiк Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2016 жылғы 1 шiлдесiне дейiнгi есебi бойынша өңiрiмiзде 417,3 мың ешкi бар. Жеке шаруа­ларда осы түлiк түрi жыл сайын көбейiп келе жат­қаны байқалады. Облысымызда ешкiден еселеп пайда тауып отырғандар да бар. Солардың бiрi – Ордабасы ауданы Төрт­күл ауылындағы фермер Арыстан Омаров. Тоқырау жылдары жоғары бiлiмдi жiгiт жұмыстың ретiн таппай бiраз әуре-сарсаңға түседi. Табысы тәуiр жұмыс iздеп Астанаға да көз тiгедi. Бiрақ ата-анасы оның туған жерде қалғанын қалайды. Содан соң ол Төрткүлiне қайта оралады.
Iстi неден бастау керек? Ол мал шаруашылығымен түбегейлi айналысуды ойластыра келгенде ықыласы ешкiге құлайды. Неге? Өйткенi, ол осы түлiктiң өсiмталдығын бiлетiн едi. Қолдағы азын-аулақ ақшаны басқа салаға салғанда қайтарымы қандай болады? Осылай ой қорытқан Арыстан әуелi 100 ешкi сатып алған. Қора-қопсысы сақадай-сай едi. Ауылдан сәл ұзаса көк шалғынды алқап бар. Содан не керек, Арыстан баққан ешкi айналасы бiрер жылда мың басқа жетiп жығылады. Ендi, ешкiлi бай есеп құра бас­тады. Жылына 200-дей ешкiнi сатқанның өзiнде отбасы бюджетiне үш миллион теңгедей табыс түседi екен. Әр ешкi 800 грамдай жүн бередi. Оның 1 келiсi 500-1000 теңге аралығында делiк. Сонда, Арыстан қанша пайда табады? Жә, бiреудiң қалтасындағы ақшаны санаған жақсы емес. Осымен тоқтайық.
Қазақтың қырқасында қазiр күн сайын көкпар болып тұрады. Көк­пар ешкiсiз өтпейдi ендi. Сонда, көкпаршылар кiмге келедi? Әрине, Арыстанға. Десек те, ешкi фермасын ұтымды ұйымдастыра алмағандар да кездеседi екен. Оған түрлi себептер де бар көрiнедi. Мәселен, Бәйдiбек ауданында Жеңiс Бейсенов – ешкi фермасын алғаш ұйымдастырғандардың бiрi. Бiрақ, ол бұл түлiктен пайда көре алмапты. Себебiн өзiнен сұрап көрдiк.
– Мемлекеттен субсидия алу үшiн фермада 1000 ешкi болуы керек екен. Оның 910-ы аналық болуы тиiс. Бiз бұл талаптан шыға алмадық. Өйткенi, 1000 ешкiнi бағу үшiн тәжiрибелi малшы жетiспейдi. Басқа малдай емес, олар суыққа төзiмсiз келедi екен. Содан кейiн жайылым тапшылығы да қолбайлау. Сүтiн қайда өткiзерiмiздi бiлмедiк, – дейдi ол.
Шардара ауданында да бiр шаруа ешкi бағып көрген. Асыл тұқымды ешкiлердi мың басқа жеткiзе алмаған соң ол да ферманы таратып жiберген. Ешкi жаппай лақтағанда сақпаншылар жеткiзе алмайды екен. Өйткенi, баяғы кеңшар кезiндегiдей көктемде жастар түгелдей сақпанға шықпайды. Жүн өткiзу де өзiнше бiр қиындықтар туғызады. Алайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлiмiнiң бас маманы Мұсахан Дәулетов жүн қабылдайтын әрi өңдейтiн «ШымкентКашемир» ЖШС-нiң бар екенiн алға тартады.
Иә, әлi күнге дейiн Қазақстанда ешкi сүтiн өңдейтiн зауыт жоқ. Ал, Тағамтану академиясының президентi, медицина ғылымдарының докторы Төрегелдi Шарманов Израильге барған сапарында ешкi сүтiн өңдейтiн зауыттың жұмысын көрiп, таң қалғанын айтады. Израиль жерi бiздiкiне қарағанда қолайсыздау, сонда да олар бiзден көш iлгерi. Ендеше, жерi құнарлы әрi шұрайлы қазақ жерi ешкi өсiруге сұранып-ақ тұр емес пе? Айталық, Созақ ауданындағы Бетпақдала, Арқа жайылымдары, Отырар мен Бәйдiбек аудандарының даласы босқа тусырап жата бермек пе? Сондықтан, ешкi өсiрiп, еңбегiн еселеп қайтарып отырған елден үлгi алып, әрекет етуiмiз керек-ақ.
Осы қазақтың мiнезi қызық. Бiреудi келеке еткiсi келсе «Айдағаны бес ешкi, ысқырығы жер жарады» деп шыға келедi. Бұл мысқыл бүгiнге жүрмейдi. Себебi, қазiргi қазақтың қорасынан бес емес, бiр ешкi де таппайсыз. Ешкi бағуды ерсi көретiндер де бар. Сол ерсi көретiндер берекесiн бес ешкiден тапқан елдердiң ысқырығын былай қойғанда, брендi жер жаратынын бiлсе ғой.
Сiрә, бiз «есiң кетсе ешкi жи» деген ата-бабалар өсиетiн де архивке өткiзiп жiбергенбiз-ау, шамасы…

Қылшығы да қымбат 
түлік бұл

Қазір дүкендерде киімнің неше атасы сықиып, сыймай тұр. Қалтаңыз көтерсе, қалағаныңызды аласыз да киіп кете бересіз. Сонда да, маған қолдан тоқылған дүниелерге ешнәрсе жетпейтіндей көрінеді де тұрады.
Жоғары сыныпта оқып жүргенімізде Жібек деген апай биология пәнінен сабақ берді. Жасырып қайтейін, сыныптастағылар, сыныптастар ғана емес-ау, бүкіл мектеп Жібек апайға ғашық болып қалдық. Апайымыздың аппақ бөкебайы, мойын орағышы, шәлі, қолғабы қандай әдемі десеңізші. Сыртқа шығып кетсе, ұстап көреміз. Жұп-жұмсақ мамықтай. Қыздар қолғабын киіп көреді. «Өл-ә, жып-жылы ғой мынау» деп шешкісі келмей тұрады. Сөйтсек, Жібек апайымыз осының барлығын ешкінің түбітінен тоқытады екен ғой.
Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат. Тіпті, жібекпен теңдес саналған. Түбіт иіруге де икемді. Жалпы, ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Ешкіні түлеген кезде қырқады. Сосын, түбіт пен қылшықты айырады. Дамыған елдерде түбіт пен қылшықты бөлетін техникалар бұрыннан болған. Ал, қазақы ауылда әжелеріміздің бұл жұмысты жеңілдетуге өзіндік қулықтары болатын. «Қылшығынан тазартып әрі таудай етіп түбіт түтсең Құдай сол таудай боп түтілген түбіттің астына қалаған нәрсеңді қалдырады» дейтін. Бойжеткендердің қалауы көп болады ма білмедім, түбіт түтуге келгенде енді алдарына жан салмайтын.
Түбіттің басты қасиеті – жылу сақтағышы. Сондай-ақ, ол ылғалды көп сіңіреді. Түбіттің табиғи түсі көбінесе ақ, қара, қоңыр болып келеді. Ақ түсті түбітті кез-келген түске бояуға болатындықтан, жоғары бағаланады.
Қазақ қылшықты да қажетіне жаратып отырған. Мәселен, арқан-жіп ескенде міндетті түрде ешкінің қылшығын қосқан. Бұл арқанның беріктігіне де кепіл. Сондай-ақ, тақыр кілем, алаша секілді бұйымдарға да пайдаланады. Мұндай кілем, алашалар көпке дейін шыдас береді.
Қаратау сілемдерінің сүйірленіп бітер тұсында Ақсүмбе атты ауыл бар. Сол ауылдың жанындағы төбенің ұшар басында Дешті Қыпшақтың көзі, мәңгілік махаббаттың символы – Ақбикеш мұнарасы талай ғасырлардан бері жел мен жауынға, дауылдар мен борандарға төтеп беріп, қасқайып тұр. Ақбикеш мұнарасының мүжілген кірпіштеріне қарасаңыз, арасына жылқының қылы мен ешкінің қылшығы қосылғанын көресіз. Осыдан соң-ақ қылшықтың қымбат тауар екенін тани беріңіз. 
Енді, ешкінің терісіне келейік. Серкенің терісінен иленіп, жүні сыртына қаратылып тігілетін тон, ішік жауын-шашынды күндері таптырмайтын киім. Тау халықтары күні бүгінге дейін осы киімді киеді. Өйткені, ешкі жүні қылшықты болғандықтан, оған су сырғып, тоқтамайды. Жауын-шашыны мол Кап, Балқан, Альпі және басқа да таулы жерлердегі халықтардың ешкі терісінен тон киетіні сондықтан.  
Қазақтың көп уақыты түзде өтіп келген ғой. Сонда, олар суыққа жиі шалдыққан. Мұндайда оларды жаңа сойылған ешкі терісіне орайтын болған. Ешкі терісіне орау арқылы емшілер науқасты басқа да аурулардан сауықтырып отырған. 
Қой терісіне қарағанда ешкі терісінде май бездері азырақ болады. Сондықтан, ол былғары жасауға өте ыңғайлы. Жұмсақ та берік былғары шикізат ретінде өте жоғары бағаланады. Одан жеңіл аяқкиімге арналған өте әсем былғары – шевро дайындалады екен. Етік тігетіндер осыны ұмытпағаны жөн. Қарап отырсақ, байлық дегеніміз аяғымыздың астында жатыр.
Төрінде домбыра ілінбейтін қазақ қазақ емес. Қазір соның ішегіне балық ұстайтын жильканы пайдаланамыз. Ке­зінде күйшілер домбыраға ешкінің ащы ішегінен шек жасайтын болған. Мұн­дай домбыраның үні өзгеше сазды, құ­лаққа жағымды естіледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Созаққа келіп Сүгірдің күйін тыңдағанда домбырасының шегі ешкінің ащы ішегінен жасалған еді дегенді қазақ әдебиетінің классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов жазып қалдырған. 
Осы мақаланы жазарда Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» атты еңбегімен танысып шықтық. 1903 жылы жазылған осы еңбекте ешкі мүйізінен шақша, сондай-ақ, пышақ пен қамшыға сап жасалатынын айтып өтіпті. Таңқаларлығы сол, ертедегі бабаларымыз атты ешкінің мүйізінен жасалған шегемен тағалайды екен. Ешкінің мүйізі тез ериді. Сондықтан, одан әшкейлі бұйымдар жасаған. Шақша, тастарақ, құстарақ, бітеуине, шұқуыштар, пышақтың бөдесі ешкі мүйізінен жасалған. Ешкінің тұяғынан жылқы ақсағанда ішкізетін арнайы дәрі әзірлеген. Осыдан-ақ бабаларымыздың бүгінгі «қалдықсыз технология» деп жүргенімізді сол есте жоқ ескі замандарда-ақ игергенін пайымдауға болмай ма?
Қазір ешкінің мүйізін қадеге жаратып жүрген кім бар? Мүйіз тұрмақ жылқының қазы-қартасынан жиіркенетін ұрпақ өсіп келе жатқанын қалай жасырамыз? Біз жастайымыздан «Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні бөртеде» деген жырды естіп, құлаққа сіңіріп өстік. Алайда, сол «бөрте» сөзіне көп мән бермеппіз. Бөрте – жүнінің түсі, түгі, сапасы жағынан ең әдемісі. Мұны малсақ бабаларымыз баяғыдан білген. Европадағы әйелдердің ең бағалы, ең сапалы, ең жылы, жібектей жұмсақ биялайын «Лайка» деп атайды. Әдетте, «Лайка» деген итке тән атау. Бірақ, бұл жердегі «Лайка» басқа. Ол ешкі терісінен тігіледі. Апаларымыз текеметті әдіптеуге де бөртені пайдаланған. Таспаны қазақ ешкі терісінен алған. Дырау қамшылар ешкі терісінен өрілген. Сәндік бұйымдар да осы теріден жасалыпты. Ешкі терісін арқалаған бұрынғы қазақтардың Меккеге еш мұқтаждық көрмей жетуінде осындай гәп жатыр. Ешкі қылынан басжіп пен ноқта өріледі.  
Бірді айтып, бірге кетпелік, бүкіл әлемді қаһарымен тітіренткен Шыңғысханның әйелінің есімі Бөрте болуы әрине, тегіннен тегін емес-ау.
«Малсақ қазақпыз»  деп мақтан­ғанда аспанға лақтырған бөркіміз жерге қайта түспейді. Бірақ, ешкінің қабілеті жылқы мен иттің қабілетінен ешқандай да төмен емес екенін қазақ емес, Лондонның Королева Мария уни­верситетінің биологтары анықтады. Ға­лымдар тәжірибе жасау барысында ешкілердің үй жануарлары ішіндегі ең ақылдылардың бірі екеніне көз жеткізіпті. Олар қашанда адамдардың әртүрлі әрекеттеріне жауап қайтарып, оларға қиын кездерде көмекке келе алады екен. Шекшеката тұқымы адамның көңіл-күйіне қарай өздерін де өзгертіп тұрады деседі лондондық ғалымдар.
Біздіңше, ешкі туралы ескі пікірден арылар күн келді.
 
БҮГІНГІЛЕР СЕКЕЙ СӨЗІН БІЛЕР МЕ ЕКЕН?

Оқырмандарға, шаруаларға, кәсіп­керлерге ой тастау мақсатында жазылған «Ақ серке қой бастаған ай мүйізді» сериялы мақаласына орай ешкінің ұмыт бола бастаған атауларын естеріңізге сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Осы жерде айта кетер бір мәселе, киіз туырлықты моңғол ағайындар еңсесін тіктеп, елтаңбасын кестелегенде алдыңғы қатарға түліктерін шығарған екен. Сонда, ешкіні бесінші түлік ретінде тіркеген.
Қазақтар төрт түлікті түгелдегенде ешкіні қоспайды. Неге? Өйткені, ешкі тумысынан тарамыс мал. Оның еті тоңазып қалатындықтан, күзде бөрте лақты жеңсік тамақ ретінде пайдаланған. Бір қызығы қасқыр ешкіні жемейді екен. Оның етін жеген қасқырдың ішіне май қатып, алысқа ұзай алмаған. Айналшық болып, бір орнында айнала берген. Мұндай кезде қасқырды бала да соғып алған.
Жаугершілік заманда бабаларымыз жауына ешкі етінен өздері білетін тәсілмен тамақ әзірлеп берген. Оны жеген адам ешкішек болып қалады. Бұл түйнемемен бірдей. Кейде оны жұлдыз ауру деп те атайды. Науқас бір түннен қалса тұрып кетеді. Сондықтан, қазақ ешкі өсіруге құлықты болмаған сияқты. Десе де, қазақ ешкінің қалдықсыз технология екенін жақсы білген. Сондықтан, осыған байланысты әрекет жасапты.
Етін мысалға алып көрелік. Жеңіл, денеге тез таралады. Дәруменге өте бай. Жасы келген адамдарға таптырмайтын тамақ. Құрамында қажетті кальций жеткілікті. Серкені қазақ қаракүзде сояды. Майы қартайған адамға қуат береді. Ешкі етінен соң бір аяқ қымыз не ашыған айран ішсе жетіп жатыр. Олар майдың қатуына жол бермейді екен.
Ешкінің аса семіретін кезі қазан айы. Оның майы алты айға дейін сақталады. Бұдан асқан соң май өзін өзі жей бастайды екен. Ешкінің етін жеген қасқыр шөп жейді дегенге бәлкім сенбессіз. Жегенде қандай! Бұл шөптің аты – ермен. Ол ешкі майын ерітеді. Осыны білетін бабаларымыз ешкі терісін илегенде майдан арылту үшін ермен шөбін қолданған.
Құс ұлпасындай жеңіл ешкі жүнінен тоқылған киімдерге құрт-құмырсқа жола­маған және олар жылы болған.
Құлтабан деген сөз қазақтармен қатар моңғолда, қалмақта бар. Неге құлтабан? Өйткені, соғыс кезінде қолға түскен тұтқынды жұмыс күші ретінде жұмысқа жеккен. Жау оңайлықпен қара жұмысқа көңдіге ме? Олар қашып кетпес үшін табанын тіліп, ешкінің қылын сіңірген. Демек, құлтабан сөзі қылтабан дегеннен шыққан болды ғой.
Қазақ ешкі бағушыны – шекшек атаған. Шопан емес. 
Ешкінің табыны – тасар. Отар емес.
Ешкінің ағы – көкпек.
Қойдың ағы – қатық.
Қойдың жүйрігі – келепан.
Ешкінің жүйрігі – секей.
Кезінде емшек сүтімен бала көтерген аналарымыз аз болмаған. Мәселен, жылдың басында босанған аналар соңында өмірге тағы бала әкелген. Жыл соңында туылған балаларды үлкендер ерекшелеп балақай деп атаған. Қазір біз осы сөзді балаларды еркелеткенде атайды деп түсініп жүрміз. Солай жазамыз. 
Көпке топырақ шашқымыз келмейді, бірақ, қазір қойдың құлағынан қорқатын ұрпақ өсіп келеді. Малсақ бабалардың ұрпағы төрт түлікті оқулықтан ғана танитын жағдайға жеттік. Қой-ешкі деп Шопаната тұқымымен қосарлана айтылатын түліктің қадіріне жетсек, одан әлі де талай пайда алуға болады.

 

Алдыңғы «
Келесі »