• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Еске алу
  • >
  • КЕМЕҢГЕР КЛАССИКТІҢ КЕРЕМЕТ КӨРЕГЕНДІГІ немесе Мұхтар Әуезов Тоқаш Бердияровты орынсыз дау-дамайдан қайтіп арашалап қалды?

КЕМЕҢГЕР КЛАССИКТІҢ КЕРЕМЕТ КӨРЕГЕНДІГІ немесе Мұхтар Әуезов Тоқаш Бердияровты орынсыз дау-дамайдан қайтіп арашалап қалды?

  • 28.09.2016
  • 504 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдісаттар ӘЛІП,
ақын

Биыл  арқалы ақын, жаужүрек жауынгер  Тоқаш Бердияровтың туғанына 90 жыл толғалы отыр. Ол 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Келес өңіріндегі  Ұшқын ауылында кедей шаруа отбасында өмірге келген. Азан шақырып қойылған аты Торқысбай кішкентайынан қиыншылықты көп көрген. Бес жасынан Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Сонда жүргенде тәтті бауырсақты ерекше сүйсініп жейтін баланы маңайындағы қыздар Тоқаш деп атап кеткен. Осылайша, бұл есім оның өмір бойғы бойтұмар  серігіне айналған.  Туған еліне қайта оралған ол 13 жасынан ұжымдық шаруашылық жұмыстарына араласып, мақташылар бригадасының  табель жүргізушісі болып істейді. Кейіннен Бесқұбыр ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін атқарған. 


Ел басына ауыр күн туған сұрапыл соғыс жылдары  17 жасар бозбала өзі сұранып  ұрысқа  аттанады. Төртінші Украина майданында қатігез  жаумен шайқасады. Екінші  дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Батылдығы үшін»,  «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Сол бір жылдарда оның кеңес жауынгерлерінің  ерен ерлігін жырлаған өлеңдері алғаш рет жарық көреді. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, бес жылдай уақыт  Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз  флотында теңізші болып қызмет еткен.
1950 жылы бейбіт өмірге қайта  оралған ол, Алматыдағы көркемсурет  учи­лищесінде оқиды. Алайда, оқуын аяқта­мастан ақындық жолға түскен. Сөйтіп, баспа­сөз беттерінде өлеңдері жиі жариялана бас­тайды. Тоқаш Бердияровтың «Шалқы, теңіз» атты тұңғыш  жыр жинағы 1952 жылы жарық көрген. 1958-1962  жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» және  «Лениншіл жас» (қазіргі – «Жас Алаш»)  газеттерінде қызмет істейді. 1962 жылдан еркін шығармашылық жұмыспен айналысқан. Оқырман қауымға енді ғана таныла бастаған жас ақынның «Мен өмір сүремін» атты поэмасы кезінде сын тезіне ұшырайды. Белгілі ғалым, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин баспасөз бетінде Әбділда Тәжібаев,  Хамит Ерғалиев, Тайыр Жароков, Дихан Әбілов, Жұмағали Саин секілді ақындардың шығармашылығын сөз ете келе Тоқаш Бердияровтың өлеңдерін сынаған «Мұхтар Әуезовке хат» атты мақала жазады: «Енді, соңғы кездегі қазақ поэ­зиясына енген жаңалықтар жөнінде бір-екі сөз айта кетейін. Қазақтың өлең құрылысына, түріне, сөз образына енген жаңалықтар көп-ақ. Соның бірқатары орынды, оқушы жұртшылыққа ұнамды түрде  енгізілгенін байқау қиын емес. Сонымен қатар, «бүйректен сирақ шығарып» деген секілді ретпен келген жаңалықтар да бар.  Өлеңнің ұйқасы, ырғағы, екпіні, буыны дегендер мұндай «жаңалықтарда»  ескерілмейтін секілді. Сондықтан да, ондай өлеңдерді қарапайым адамның түсініп оқуы  өте қиынға соғады. Мысалы, Тоқаш Бердияровтың «Мен өмір сүремін» деген поэмасын алайық («Әдебиет және искусство» журналы, 1955 жылғы  тамыз айы, №8). 
Тоқаштың газет-журналдарға шық­қан талай өлеңін оқығаным бар еді. Одан көп үміт күтетін, жақсы жазылған өлеңдеріне қуанатын едім. Ал,  жоғарыда аталған  поэмасын оқығанымда  оған  қарным ашып сала берді. Біріншіден, бұл поэмада желілі сюжет, тартымды оқиға жоқ. Екіншіден, ақындық алғыр шабытпен берілген сурет жоқ, көркемдігі күңгірт, бояуының реңі жоқ. Осы поэмадан:
 Нажағаймен қамшылап қуып еді,
Жіберді бұлт көз жасын                     сорғалатып.
Немесе:
 Америка банкирі кебін киген
Дей қалса егер: «Солдат бол!»
Тоқта, саспа,
Ойла, фриц, біз құйған темір мимен,  – дегендерді алайық.
Бұлт жайын сөз еткенде мынадай бір нәрсе еске түседі. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын жазылған бір роман «Бұлт бошалап аспанға шықты…»  деп басталатын еді. Кейіннен жазушының осы сөздері күлкіге, анекдотқа айналып кетіп еді. Мұны еске салып отырған себебім, Тоқаштың да бұлт жөніндегі теңеуі, жасаған метафорасы көңілге қонбайтын, нашар сияқты. Ал, ақынның «біз  құйған  темір мимен» дегенін тіпті түсінбедім, – деп түңіліпті.Өзінің шығармалары жөніндегі  осындай әділетсіз көзкарастарға төзбеген Тоқаш Бердияров  Мұхтар Әуезовке хат жазуға мәжбүр болған. Бұл хатқа түсіністікпен қараған заңғар  жазушы, оны бұл орынсыз дау-дамайдан арашалап қалады. Мұхаңның «Қазақ әдебиеті» газетінде 1955 жылы 11 қарашада жарық көрген «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» атты мақаласы аталмыш басылымда сол жылғы 28 қыркүйекте жарияланған ғалым, қайраткердің «Мұхтар Әуезовке хат» атты мақаласына жауап ретінде жазылған. Онда қазақ поэзиясының жай-күйі мен өсу ересі, ақындардың шығармашылық ерекшеліктері туралы теориялық ой-толғамдар талғампаз сыншы-ғалым­ның көзімен сараланып, ақындар ізденіс­терінде жаңалықты өрнектер әлі де же­тіспей, кемшін түсіп отырғаны айтылады.Мұхтар Әуезовтің Мәлік Ғабдул­линге жазған жауап хатының мәтіні   кейіннен жазушының  «Қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері» (Алматы, 1957 жыл, 59-71 беттер), «Әр жылдар ойлары» (Алматы, 1959 жыл, 371-381 беттер) атты кітаптарда, 12 томдық (Алматы, 1969 жыл, 12-том, 137-150 беттер), 20 томдық (Алматы, 1985 жыл, 18-том, 382-396 беттер), 50 томдық (Алматы,  «Жібек жолы» баспасы,  2008 жыл, 33-том,70-84 беттер) шығармаларының толық  жинақтарында жарияланған. Онда:
«…Және Мәлік, Сіз жеке жолдарын сынағанмен, әңгіме желісін де қабыл­дамағаныңызбен, мен өзім тың табыс деп жас Тоқаштың жаңа поэмасы «Мен өмір сүремінді» айтар ем. Ол поэманың Сіз сынаған кейбір ақындық теңеуінің жайында кейін тоқтаймыз.
Жаңағы аталып өткен ақындардың (бұл жерде Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқма­ғамбетов, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Аманжол Шамкенов туралы сөз болып отыр – Ә.Ә.) бәрінің де поэзияға келісінде өте шыншыл, анық өз тағдыр талайынан туған жыр баса бар. Көбінің жаныңды шарпыр жас сырлары болған-ды. Жетім тайлақтың табаны құмға мөрдей басылып, алдағы күніне алабұртып келе жатқан Тайыр үні сондай-ды. Арық байталын иыққа қағып, алдағы күнге ол да  бет бағып келе жатқан бала  Ғали бастауы қандай еді? Жетімдіктің жыртық тонын тастап, Кеңес – ана бауырына келе жатқан Қасым сыры қаншалық еді. Осылар да, осылардан басқалар да поэзияға барынша шынымен, анық жан тебірентер оттай ыстық өксігімен келген-ді. Тек қана шыны мен сырын бала өнерінің қанаты етіп әдебиетімізге әкелген-ді. Бұлар да, осыларға ұқсаған өзгелер де осындай шымыраған шынайы өлеңдерімен бағзы заманнан бері қазақ поэзиясы айтып, тыңдап көрмеген сипатта келді.
Олар бейнебір өз анасынан ажырап, ел енесінің бауырына келе жатқан құлыншақтай. Әлі өнер шынын, сырын аңдап кермеген жас жеткіншектер өздеріне жарастықты күйлі, мұңды шындықтарымен келген. Жас ақындар өзгеше шыншыл бала тілімен балдыраса да ақын бала жанын аңғартқан. Тамылжыған тәтті күймен келісті. Ақындықтың болайын деп тұрған бал-бөпесі. Осы күнге шейін сол өлеңдерін оқысаң көзіңе жас оралғандай бой балқытады. Шыншыл демдері жаның­ды жалындай шарпиды.
…Образ іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнінде Сіздің Тоқаш Бердияровтың поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес. Достоевский прозасының өзінде «Карамазовтың арының маңдайы жез еді» дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы  ізденулерге соққанда тегі біздің сыншылар, әсіресе, әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден бас­қаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек. Орыс әдебиет сыны көлемінде ондайды «академизм» деп атайды…», – деп жазған екен Мұхаң жарықтық.
Осылайша кезінде кемеңгер классик керемет  көрегендік танытқан. Иә, шынтуайтында қазақ поэзиясына тыңнан түрен салған Тоқаш Бердияров шайырлықтың шыңына шыға білді. Сөйтіп, кешегі жаужүрек жауынгерден арқалы ақынға айналған. 1986 жылы 27 тамызда  «Лениншіл жас» газетінде  жарияланған «Әуезов ескерткіші, балалар және мен» атты өлеңінде  ұлы жазушының бейнесін шынайы сүйіспеншілік сезімімен жырлайды. Ойлы оқырмандарға «Таңғы шапақ», «Бейбітшілік көшесі», «Мен өмір сүремін», «Тораңғыл», «Оқ пен гүл», «Дауылдан кейінгі тыныштық», «Көгілдір ымырт», «Бозторғай», «Күн­дер, күндер, күндерім», «Ескі паровоз», «Жаңа дала», «Сөнбейтін оттар»,  «Есік алды көк терек», «Біржан сал», «Осындай партия бар», «Шынар» атты тамаша поэзиялық және «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» атты  прозалық  туындыларын, ұзын саны отыздан астам кітабын  ұсынды. Әдеби көркем туындылары сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, қалың жұрт­шылыққа кеңінен танылды. Оның есімі төл әдебиетіміздің бай тарихы мен ал­тын қорына еніп, халқымыздың мәдени мұрасын молықтыра түскен. Көптеген шығармалары КСРО халықтарының тілде­ріне аударылған. 
Тоқаш Бердияров ақиық  ақын Мұқа­ғали Мақатаевпен айырылмастай айнымас дос болған.  Шайырдың  шәкірттері Аманхан Әлімов  пен Есенғали Раушанов өздерінің төл көкесінен өлең өнерінің көп қыр-сырын  үйренгені  тағы бар. Өмірі де, өлеңі де өзгеше ақынның өлімі де өзгеше еді. Пайғамбар жасына жетер-жетпес тұста  бұл жарық дүниемен қош айтысқан.  Демалыс үйінде жазатайым тайып сүрінген оның  қарақұсы тасқа тиіп кетеді.  Осылайша арқалы ақын,  Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер  1988 жылғы 29 шілдеде  кенеттен қайтыс болған.
Ақын Тоқаш Бердияров дүниеден өткен­де сайыпқыран сатирик жазушы Садықбек Адамбеков:
Дауылдатып, селдетіп, 
Борандатып, желдетіп,
Тоқаш өтті дүниеден 
Көзінің жасын көлдетіп.
Босағада тұрып қалмастан,
Өлең жасап кейде гүлден,
Кейде алмастан –
Шықты төрге түйіліп,
Жақсы ақынға сүйініп, 
Жаман жырға шүйіліп,
Шараппен шайып тастайтын –
Қасірет шексе күйініп.
Өзінің сүңгуір қайығындай –
Жау кемесін жаратын.
Тоқаш өтті дүниеден, 
Тойға да жалғыз баратын,
Дауға да жалғыз баратын…
Қысқанда талант-әруақ
Отты өлеңді төгіп-төгіп алатын,
Моласында шырақ болып жанатын.
Жанпида еткен халқына 
Мұра болып қалатын.
Тоқаш өтті дүниеден,
Бір уыс қара шал болып.
Ізінде өлең толқыны – 
Бұйра-бұйра жал болып… – деп  қатты қайғырған.
«Менің тойым болған жоқ» деп өкінген ақынның көзі тірісінде 50, 60 және өмірден озғаннан кейін 70 жылдық мерейтойлары өткізілгені болмаса, 80 жылдығы тойланбады да. Енді  оның 90 жылдық мерейтойы  республикалық деңгейде атап өтілсе екен деген ізгі  үміт бар. Өкінішке орай, бүгінде арқалы ақын Тоқаш Бердияровтың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары ұмыт қалып барады.  Бірен-саран  кішігірім еске алу кештері болмаса, жарты өмірі  өткен Алматы да оны тым сирек іздейді. Шырайлы Шымқала да үнсіз отыр. Өзі туып-өскен Келес өңіріндегі елеусіз  ескерткіш пен  ақын есімін иелеген №127 орта мектепті айтпағанда, оны ойға алатындай дерлік ештеңе жоқ секілді. Осы орайда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ақынға арнап мектеп пен көше  атауларын беру, Оңтүстік астанадағы өзі  тұрған Тайыр Жароков көшесі, 199 үй, 20 пәтерге ескерткіш тақта орнату, өзінің кітаптарымен қоса   ол жайлы эсселер  мен естеліктер  жинағын  шығару – өскелең  уақыт талабы болуы тиіс дер едік. Бұл игілікті іс-шарадан Қазақстан Жазушылар одағы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, қәсіпкерлер мен қарапайым жұртшылық шетқақпай қалмайды деген ойдамыз.

Алдыңғы «
Келесі »