Мұнар да мұнар… мұнар тау немесе «Жұмбақ жан»

  • 28.09.2016
  • 815 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ақбота Адамшина,
магистрант-филолог

Құрт-құмырсқа… бақа-шаян…

«Мұнар да мұнар… мұнар таудың» аты-затына бұрыннан-ақ қанық болып келіп, енді, міне, көріп-көрісіп те отырмыз. Ал, «Жұмбақ жан» деген сөзді (Абай-һәкім атаға бағышталған) ең әуелім Тәкен Әлімқұл ақлақ ағамыздан есітіп-біліппіз-ау. Ал, анығында, ашығында – «нені есітіп те, нені білген де екенбіз?.. Бүгінгі әңгімемізден ше?..»
Не нәрсенің де жалпылық та, өздік те қадір-қасиеті болады. Сұрау-сауабы болады. Сондықтан да, оқырман һәм ізденімпаз білімдарлар: біздің жоғарыдағы әлгі сұрақтарымызды – «жәй ғана сауалдар екен ғой» деп қабылдап қалып жүре көрмеңіздер…
«Регрессия» – әлде «деградация»? Қазақша – «азғындау» да ма?.. Қалай дегенде де, күннен-күнге, Абылайхан бабамыздың түсіндей – «құрт-құмырсқа, бақа-шаянданып, азып-тозып» бара жатқандығымыз рас та болса керек-ті-ау. Міне, «цивилизация» – «мәдениеттілігіміздің» жеткергені, жеткен жеріміз…


Сөзді неліктен бұлайша – арыдан толғап та тергеп отырмыз?
Әдебиет. Құдайдың «мың бір атының» – бірі (Жұрт жаңылысып жүргендей… «99» ғана немесе басқалай да емес). Осы тұста, бүгінгі сөз етпек болып отырған Иген ағамыздың мына сөздеріне көңіл қоялықшы:
Кеше, 1970-ші жылдары ғана біздер «нейлон» көйлекті көріп-білдік. Артынша, «балон» плащ келіп-жетті. «Басталды…» Әйтпесе, ол кездері біздер тек қана таза да табиғи киімдер – мақта, жүн, былғарыдан тоқылып-тігілген киушітінбіз. Табиғи заттарды тұтынып, мейлінше – «табиғи» болушытынбыз. (Жаз бойы жалаңаяқ жүрушітінбіз). Ия, үсті-басымыз бит те болушытын. Бірақ, ол бейбағыңыз да табиғи екен-ау… Есіктің алдында, екі гектардан астам жеріміз бар еді (Кейіннен, жемістері енді пісіп-жетіліп тұрғанында, ол жерімізді «қызыл хұкімет» тартып алып, құжынатып қуыршақи үйлер салып тастады ғой). Жаздың күні – қайнаған да жайнаған оңтүстік емес пе – ашық аспан астында, далада – алашаның үстінде жерде жататынбыз. Сол, екі гектардан астам жердің анау түкпіріндегі шыртылдақ қауындар түн ішінде «тарс-пұрс!» жарылып-атылып, шырт ұйқыңнан шоршытып оятатын. Қауын-қарбыз жегеніңде сары ара, дәу қызыл аралар аузыңа кіріп те кетердей еді-ау… (Қазір ғой… ара, тіптім құрт-құмырсқалардың өзі жеміс-жидектеріңіздің маңайына да жоламайды). 
Ал, енді, әңгімеміздің турасына да ашығына көшсек: Әдебиеттің – «әдебиет төбесіндегілердің» құрт-құмырсқаланып, бақа-шаянданып, ұсақталып-ұнтақталып кеткені рас қой? Иген аға әңгімелегендей, тарс-пұрс жарылып, жүз метрден аңқыған иісі танауыңды қытықтайтын шыртылдақ қауындай немесе аузыңа кіріп кететін аралардай әдебиет қалды ма өзі? Жоқ, әлде, жасанды нейлон көйлектей, балон плащтай – жансыз затқа айналып бітті ме? Солай ғой, шамасы?..
Қазір, көркем әдебиеттен – оның ішінде, кенжелеп қалған «прозадан» кімдерді я нелерді оқып, тұщынып та жүр екенбіз? Тағы да, анығын да ашығын айтсақ: «оқы­ғандарың көңіл көншітпейді-ақ». Ия, соң­ғы, нәубети «1945»-ші жылдардан кейінгі кезеңді алсақ: Бердібек Соқпақпаевты, Тәкен Әлімқұлды, Асқар Сүлейменовты, Қарауылбек Қазиды, Оралхан Бөкейді, сосын, жарты ғұмыры «Құдайсыз қызыл сәбеттегі», жарты ғұмыры бүгіндергі «дімкәс демократиядағы» Дидахмет (марқұм – жатқан жерің жайлы, иманың салауат болғыр) пен Рахымжанды анық та ақиқи көреміз. Осылар – бойымызға жасқау, жанымызға жебеу, көңілімізге демеу. Оқып, тоқып, сезіндік… тұщындық.
«Тәуелсіз ел» атанғанымызға – 25 жыл. Ширек ғасыр. Бұл – аз ба… көп пе? Аз да емес, көпте емес болар. Бірақ-та, жетесі барға жеткілікті де жылдар шығар. Осы, тәуелсіз ширек ғасырымызда – әдебиетіміздің (проза) көгінде жарқылдаған да жайнаған кім-кімді айта да көрсете алар едік? Дидаш ағамыз бақилыққа аттанып кетті («Ендігі… біздерге сәлем берер-бермесін Бір Алла өзі білер»). Ал, бір Рахымжан қай жыртығымызға жамау болар?..
 «Оқы, оқы, және оқы» – ешқалай да Лениндікі емес – Құран сөзі (Гитлер бейбақтың «свастикасы» да – кітаптан алынғандығын ұмытпаңыздар; төрт тармақ – «ісләм діні дүниенің төрт тарапына тарайды» деген символикалық ұғым-белгі. Сенбесеңіз, Түркістандағы «Әзіреті Сұлтанның немесе Индиядағы мешіттердің сыртқы қабырғаларындағы өрнектерге қараңыз).
…Оқығымыз, тоқығымыз, танығымыз-ақ келеді. Бірақ-та, бүгіндері, «кімді-нені» оқырмыз? (Үздіксіз оқып отыру – үнемі пышақты қайраққа жонғандай да ғой. Өйтпесең, кетіліп қаласың). Ендігі, бір Рахымжан – бір Елге?.. Біз, өзі, «есеп» білеміз бе?.. Бізде ар-ұят, намыс, обал-сауаптың қалған-құтқан халі нешік өзі?.. (Тағы да, сұрақ та сұрақтар).
Неге бұлайша кержақтанғандай сөй­леудеміз? «Акцентпен?..» Сол үшін – әрнәрсенің, әлгі айтқанымыздай, обал-сауабы, сұрауы, һақиқи сын-таразысы бар…
Біздің бүгінгі баянымыз да базарымыз – алдағы болар – прозаик жазушы Игілік ӘЙМЕН (ИГЕН) ағамыз жайында ғой. Сол, ИГЕН ағамыз бір сөзінде айтып-жазып та еді-ау: «Бүгінгі бықыған әдеби гәзіт-жорналдарымызда «проза» айдарымен үздіксіз жарияланып жатқандардың 99 пайызы – «ХАЛТУРА!» деп те. Солай екені – «шартты» болса да – рас қой. Олай болса, шындығында да «кімді – нені» оқыр да тоқыр екенбіз?..
ИГЕН аға «99 пайыз халтура» дегенде нені мегзеп көрсетті? «Жалғани-көсеми редакторлардың нәпсілеріндегі я ноқалайлықтарындағы – «хұкімети тізімдегі» – «жып-жылы үйінің төрінде жамбастап жатып алып, көк шәйін сораптап, сол қолымен сүйкей бергіш дөкейлер мен дүмшелерді һәм «дорбабайларды» (ИГЕН ағаның өз сөзі).
«Құқайлар мен қоқайлардың тізіміне кірмейтін, шарбақтың сыртындағы» (бұл да ағаның сөзі) жасы бар-жасамысы бар текті де тұғырлы әдебиетшілеріміз – сырттап, көгенкөзденіп қалды; – солай болған, бола да беретіндей ме?.. Екі ортадағы бейбақ оқырманның кінәсі не сонда? Алға – жарыққа талпынғандығы ғана ма?.. (Сұрақтардың соңы болар ма сірә).
Ия, қайталап, тағы да қайталап оқи берер классикамыз – сол, өзіміздің «Тәкендер» һәм әлемдік алыптар ғой. Бұл өзі, біржағынан, оқырман бір орнында «буксовайттағанға» келетін сияқты да ма?.. Бүгіндері, тек қана кенжелеген («кенжелеткен») қазақ прозасы ғана емес, бүкіл әлем қарасөзінің өзі шатқаяқтап тұрғандай-ау…
  Тағы-тағы да, анығын да ашығын, ақиқатын һақиқи тарқатсақ: «Шөлдедік… қаталадық… ашықтық… тарықтық… – РУХАНИ!»
…Біздер, Жаратқан жалғыз Иемізбен тай-таласа береді екенбіз, – аузымызда, тілімізде ғана ұстанып, жүрегіміздің төрінен орын бере бермейді екенбіз. Өйтерімізді сезіп те, біле де бермейді екенбіз (Кейбіреулер сезе де, біле тұра…). Тек, сол, Жаратқан Иеміздің өзі берген бұ ғұмырының соңғы сәтінде ғана бірдеңені ұғынғандай, сезінгендей, қабылдағандай болармыз ба? «Кеш емес пе?..»

Мұнар да мұнар…  жұмбақ 
жанмен  жүздесу

Ең әуелімнен, ескертіп те сауалданып өтеріміз (қайтадан сұрақтар): «Мұнар да мұнар – көгілдір де асқақ таулар ғана шығар; Жұмбақ – Құдай ғана болар; ал, басқасы – неліктен мұнар да жұмбақ болуы тиіс?..»
Бәрі-бәрі де сол Құдіреті күштінің ырқында екендігін біле тұра – білгіміз келе де бермейтіндігі (сайтанилық) шындық екен-ау. Онымызды – «шындықты» (Құдайдың бір атын) – «пәндәуишілік» деп, өзімізді-өзіміз жұбатқансимыз (алдағансимыз). Бір, дұрысты-бұрысты кездейсоқ кезіккен нәрсені – «пәндәуи себеп» дейміз. Ал, әлгі «шындығына» салсақ, ол – ешқандай да пәндәуи себеп емес – сол, Жалғыз Иеміздің пәрмені.
Ендігі, түңілгендей боп та жүрген едік қой. Сөйтсек, пәндәшілігімізбен кезекті мәрте қателесіппіз. Мұндай «абайсыздық-қателігімізге» («бүгіндері шынайы да шырайлы әдебиет жоқ» деген) – «Құдайға мың да бір шүкір!» деп, қуанып, жүрегіміз жарылардай боп отырмыз. «Ел іші өнер кеніші» немесе «Ел іші сарқылмас қазына» деген-дегенді де жадтан шығарып ала береді екенбіз ғой.
«Интернет» дегеннің де пайдасы мол екен. Кезінде, ИГЕН ағамызды сол интернет арқылы тапқанбыз (Топырлаған топайкөк (ағаның сөзі) әдебиет редакторлары неге – неліктен іздемейді-ә? Көрмейді!?. Керек – қажет етпейді ғой…). Сосын, хабарласып, жүрегіміз алып-ұшып жеттік…
«Әлем-әлем» деп аузымызды аңқита берер екенбіз. Ал, әлем – әманда өзімізде тұрып келіпті ғой!.. Неткен жадсыз да жабайы едік! (Осындайда еріксіз есіңе оралады екен ғой – кешегі күндері, шеттетіп, ит қосып қуып, пәленбай жылдар өткен соң, бүгіндері төбемізге көтеретін Қасым, Мұқағали, Шәмші әруақтар. Сонымен бірге, күні-түні Мәскеуге арыз тоғытып, қолда тұрған «Лениндік сыйлықты» Есенберлинге – «қазақ әдебиетіне» бұйыртпай қойған «ойсани ерліктеріміз»). Қазақы қапастық осылайша жалғаса беретіндей ме? Қашанғы?!.
Бір қызығы (шыжығы), пайғамбар жасындағы ИГЕН ағамыз «Одаққа» мүше емес екен. Одақтың 999 мүшесінің ішінен – әлі күнге дейін жарым-жарты орын бұйырмапты (Неткен қазақы қызғаныш – көреалмастық!? Көртопастық – Надандық!?.). Турасында, мұның бар себебі де салдары – көсемпай да құқай төраға (екі-үш мәрте атына шынайы сын айтқаны үшін) «қаламының желі бар» деп қабылдамай қойыпты. «Сөйтіп, ойсанидың сойқани ерлігін жасап тастапты»… Айтпақшы, сонау 1970-ші жылы, мектепті үздік бітірген ИГЕН аға жүрегі алабұрта Алматыға алып-ұшып барып, ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне құжатын тапсырып, бірақ, сол бір «қазақы-көсемпайлардың» кісәмпірлігінен оқуға қабылданбаған да екен (Бүгіндері… «тарих қайталануда…»). Сөйтіп, басқа оқу оқып кеткен де екен.
Құдіреті күштінің о баста бойыңа құйған қасиеті сыртқа шықпайынша адамда дегбір-сабыр болар ма? Алдымен, ИГЕН аға тосыннан ауырыпты… Содан, тамұқты төрт-бес жыл өткенде, 1999-шы жылы, 47 жасында Құдіреті күштіден: «Жаз! Бойыңа берілгенмен шұғылдансаңшы! Енді құрисың ғой!» деген аян һәм пәрмен келіп, қолына қаламын қайтара ұстапты…

Мұнар да мұнар…  жұмбақ  жанның 
жан-дүниесі

«Мұнар да мұнар… жұмбақ жанның жан-дүниесі» дегенімізде – ИГЕН (Игілік ӘЙМЕН) ағаның «шығармашылық болмысын» айтудамыз ғой.
Жалпы, әуелімнен, «ИГЕН ағаның жазушылық кредосы, ұстанымы не екен?» деген сұрақты қойып алар болсақ – қалай боп та шығар екен?
ИГЕН ағаның өзі айтады: «Менің айтып, хатқа түсіріп, уағыздап‑жырлап, зарлап та зырлап жүргендерімнің түп негізі не еді өзі? КӨРКЕМ КЕЛБЕТ КЕСКІНДЕРІ. Яғни, Құдай – оның нұр‑сәулесі, мейірім‑шапағаты һәм сөз‑құдіреттің қадір‑қасиеті мен киесі де сұрауы» деп. Мінеки, осы «ДҮНИЕӘУИ ҚҰЛШЫЛЫҚ» сөзден һәм пәк жүрек сезімінен бәрі-бәрін де түсініп те ұғына беріңіздер.

Проза: әңгіме-новеллалар

ИГЕН  ағаның  алғашқы  әңгімелерінің бірлері – «Тектілік», «Көгілдір таулар… Қайдасың көк теңіз?!.» Бұл әңгімелер – бір-бірімен – егіздің сыңарындай. Сол, жоғарыда айтып өткеніміздей – «табиғилық» пен «жасандылық». «Тектілікте» Құдайсыз қызыл сәбет құлағаннан кейінгі, мал біткен басқа да дүниелермен қоса түгел тәркіленіп те тоналып, тып-типылданып, бірақ-та, – «әрнәрсеге бір зауал да септік», – мал тұяғы азайған соң кәрі таудың жасарып, жанданып, сылаңдап салғаны текті қойшының құлазыған көңіл-күйімен астаса параллель суреттелінеді. Және де, бұл әңгімеде екінші бір параллель бар – текті қойшы мен пәндәуи қойшының таным болмыстарының айырымы. Ал, енді, әңгіменің негізгі түбірі – қасқыр. Қасқыр болғанда, «бүгіндері жоғалып та кетті-ау» деп жүрген, бірақ-та, әлі де бар екендігі айғақтанып шыққан – АРЛАН! Бұл арлан пәндәуи қойшыға я басқа да ұсақ жандарға қарағанда әлдеқайда текті! «Мұндай текті арландар барда ақырзаманның ауылы әзірге алыстау». Міне, әңгіменің ауқымды идеясы да, алымды концепциясы да, шырқау пафосы да – ОСЫ! Текті арланның арамызда жүргендігі расталынып шыққаннан соңғы текті қойшының шырқау көтеріңкі көңіл-күйі және де қарт та әз-Қаратаудың қалайша адамша бір серпіліп салғаны әңгіменің жабыларында қалай-қалай автордың шеберлік ой-қиялымен берілер екен – қараңыз да таңырқаңыз: 
«Ішінен не ойлағансып жатқанын әуелім бір Құдайым білер; алақ-жұлақ етіп, аузы тынбай быламық ризашылығын қотарыстырған Масақбай (пәндәуи қойшы) дайын тұрған тамақ мезіретіне қайырылмастан, қиын қылғандай қарасын батырған. Дәулетке (текті қойшы) керегі ол емес-тұғын; қайта, мезеттік болса да оның «жарқ етпес қара көңіліне» дәл қазір бірден-бір дауа – дәру: өзімен-өзі, мына жарқыраған бейкүна – пәк әлеммен де жеке-дара қалуы еді. Күрең төбел ескі дос қимасының селдір-селеу жалын саусақтарымен салалай – байыбымен мәпелей тарақтап, сылап-сыйпалап, «күреңім… күреңі!..» деп әуездете ыңыл­дап алып, ара-гідік «қайран қартым Қаратауым!..» деп езіліп те салып, өзінің шырайлы да шыжықты ой-сезімдеріне алаңсыз берілген. Әлден уақыттарда, шабыты тіптен шарықтап, шалқарланып, асып та-тасып та кеп сала бергені.
– Ой-хой-ии… бекзаттарым-ой! Арландарым-ой! Бар екенсіңдер ғой әлі де!? Қайран, Тектілік! Шіркін, Қан-құдірет!.. Шүкір-шүкір, тәубә-тәубә… шүкір, тәубә.
Құптағаны ма даттағаны ма… Дәу­лет­тің аяғының астындағы құба жон ыңырси демін шақырып, дүр сілкінгендей. Кәрленгені ме қуанғаны ма… айнала кәрі таулар да сақыр-сұқыр қозғалып, толағай-тербетіліп те кеткендей».             
…Сіздің де – қадірменді оқырман – жан-дүниеңіз жасарып, жанданып, түлеп те түленденіп, шырқап та шарықтап қалған шығар-ә бір!..
Егіздің сыңары – «Көгілдір таулар… Қайдасың көк теңіз?!.» әңгімесінің түп қазық концепциясы – тозып та торығудағы («адам» атты жебірдің жалмауыздығынан) Табиғат-Ана һәм әкелі-балалы екеудің құлазыған да алаң-ғұлаң көңіл-күйі. Әкелі-балалы екеу кәрі таудың етегіндегі қызыл төбенің үстінде қарауылдап та, қайда-қайда үміттене көз сүзіп те талдырып тұр. Кенет, кішкентай балақан өрепки: «Әке-әке! Әне, бұлттар! Келе жатыр-келе жатыр!» дейді. Артынша: Әке, тағы да тұз жауар ма екен?!.» деп томсырайып салады. 
Үлкен пақырдың жан-дүниесі әлем-тапұрық:
«– Данышпан, кәрі-көз, көгілдір тауларым-ай! Қартым-ай! Еңсең салыңқы ма, өзі? Мына мұңлы түріңе қарағанда жаның әбден жаралы-ау, шамасы. Ия, білемін, жараңның асқынып бара жатқанын сезіп, көріп жүрмін. Қолымнан келер шипа жоқ. Қайран жоқ! Кешіре гөр, алыбым…»
«– Қайран, көк Теңізім-ай! Қай мекендерге ұшып кеттің екен. Білмей қалдым ғой!?. Әй, сен кешіре алмассың біздерді! Ұшты-күйлі жоғалуыңа қарағанда қапалығың зор-ау, әсте. Не дәрмен? Парызым да қарызым да мойнымда…»
Бұл әңгіменің де соңындағы астарлы да ауанды пафосына қараңыз да, тағы да тамсаныңыз:
«Қанат ауланың сыртқы есігін ашпақ болып тартқылап жатқанында, ол – бұрылып, тау тұсқа тесіле телміріп, тұсатылып қалды. «Қарауытып, қою тұтасқан сұлбасы бейне шексіз тұңғиықтай. Ұйықтап жатыр ма, әлде ой құшағында ма? Мүмкін, жанын жегідей жеген жарасымен үнсіз арпалысып, демін ішіне тарта аңысын аңдап та жатқан шығар: «әлде-қалай… тағы да осылар не істер екен?» деп. Әттең, тілсіздік, қысқалық-ай!?.»
– Әй, айналып кетейін қартым-ай, көгілдір Тауларым-ай!!! Шыбын жандарың шырқырап, қай көктерде жүр екен?..
– Қайран, мейірімі шексіз Ананың Анасы – көк Теңіз (Арал теңізі)!!! Қай жерлерді мекен етіп, бебеу қағып жүр екенсің?..»
«Оның тұла бойы атойлай түшіркеніп, көкірек тұсы өрепки ісініп, кебірсіген жан-дүниесінің бірден жіпсіп те жадырап та салғаны, – бейне томағасы сыпырылған қырандай да еді. Өз үй – өлең төсегі ып-ыстық тартып, табалдырықтан нық аттады…
 Тыста жарқыл-жұрқыл от ойнап, «күр-күр» дабыл естілді, – терезе әйнегіне алғашқы қарлығаш тамшылар тырс-тырс қона бастады. Дәл осы бір мезетінде, сезім шіркіннің жанданып, шабыттанып, сартылдай сайрап та кеп бергені!.. Айқара-ашық есік-терезелерден ішке, оның таңдай-танауына, – арқасынан сүріне-қабына, сүйіншілей‑сауғалай жетіп жығылғандай, – қай-қай қиырлардан бусана-бұрқыраған жусан иістері, арқырай-аңқылдаған теңіз лебі лап қойды».
Міне, көріңіз де біліңіз – «ӘҢГІМЕ»! Дүниеәуи ШЕДЕВР!
«Өліара өртеңі» әңгімесінің желісі де концепциясы – «өліп кетсем де жеңіл жүріске баспаймын!» деген – ес тоқтатқан, бірақ-та өркөкірек әйелдің бір мезетінде қалайша айнып салғанын білмей де қалғаны. Бірақ, деген де, ИГЕН ағаның концептуальды шешімінің мықтылығы сонда – соңғы үкімді де ықпалды Құдіреті күштінің өзіне қалдырады. Байқаңыз:
«…әрине, ендігісі – кеш-тей де еді.
Солай десек те, Аллаға шәк жүрмейді,  – бәрі… қолында. Қайбір тірлікте де, ең болмаса «Құдай қаласа» десек имандылығымыз болар-ды емес пе, – Жаратқанымызды жүрегімізде ұстасақ жетіп жатпады ма.
 Алла тағала – «үмітсіздікті» де сүймейді. 
«…жарық дүние есігін  ренжіп –  қапалықпен ашқан жоқ едің ғой!?.»
ИГЕН ағаның «бір шығармасынан – бір шығармасы анандай екен, мынандай екен» дей алмайсыз. Мықты жазушыларда солай – алғашқысынан кейінгісі асып отырады я болмағанда пара-пар келеді.
«Арманым, аңсарым, аяулым Менің – Ақ Шағалам!» Бұл – мұңлы элегия түріндегі – новелла. Түп негіз – Құдайға деген құлшылық һәм сүйіспеншілік сезім. Жаныңыз жабырқап та жіпсіп отырып оқисыз. Шығарманың бастауы мен финалынан үзінділер келтірелік те, басқасын оқырманның өз таным-түйсігіне қалдыралық:
«…Қаратаудың арғы беті – Теріскей. Салқын-саумал. Өзендері ары қарай ағады. Бергі беті – Күнгей. Керімсал-ыстық. Өзендері бері қарай ағады. Сулары қандай шекер-бал!!! 
Күнгей менен Теріскей, өзендері мен өзендері – қай-қиырлардан, ұзақ-ұзақ тауқыметті сапарлардан кейін, сағыныса-сарғайыса барып қауышады, – қуанышты көз жастарын төгісіп барып қосылады. Содан соң, – қайта айналып ынтызарлана көрісулері үшін, – тағдыр-тәлейтті, қилы-қилы жаңа сапарларға аттанысады».
 «…Менің бақытым – осы шығар?! Тағдыр жолымызды қиылыстырмағанда, әлде-қалай болар еді, ә, а?  Мен – бақыттымын!
– Сен, сен ше… арманым, аңсарым, аяулым менің – Ақ Шағалам?!»
«…Көктем де келді. Қаратаудың күнгейінде бәйшешектер бой көтерді. 
Сен көшіп кетіпсің, – кішкентай қызғалдақ ботақаныңды жетелеп, – жылы жағалауларыңды іздеп пе?.. алыстап кеткен көк теңізіңді аңсап па?..
Талай  көктем  келер. Қарт  Қаратаудың теріскейінде де бәйшешектер бүр жарар. Дауыл соғар… Теңіз шулар… Шағалалар шаңқылдар… 
– Әрдайым бақытсыздарға бақыт сыйлашы, бақыт-теңізіңді тапшы: Ар­маным, аңсарым, аяулым Менің – Ақ Шағалам! Шаршап-шалдығып, үмітіңді үзе көрмеші! Ренжімеші!? Сапарың сәтті – аман болшы!..»
«Биіктіктің қайта оралуы». Суреткердің осы ішкі терең психологияға құрылған әңгімесін оқығанда – Тәкен Әлімқұлдың «Қараойы» мен Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі»: «Адамды өлтіруге болар, бірақ, жеңуге болмайды» деген сөздері есіңе еріксіз оралады. Бұ жалған дүниенің құйтырқылықтарынан әбден шаршаған, денсаулығын алдырған жанның қалайша қайта түлеп («феникс құсындай»), өмірге аса бір шабытпен кірісерге бет алғаны асқан шеберлікпен беріледі. ИГЕН ағаның бұл шығармасы «әлем әдебиетінің ең-ең!.. озық үлгілерімен (әлбетте, басқа да көптеген дүниелері) бір қатарда» деп анық та нық айта аламыз.
Жалпы, ИГЕН ағаның әңгімелері мен новеллаларының саны да сапасы да деңгейлес. «Әңгіме» жанрын – «үйреншікті» дей қойсақ, ал, «новелла» – қазақ әдебиетінде кенже де кемшін. ИГЕН ағаның новеллалары (һәм лирикалары да) көгілдір таулардан сызып қана төгілген саумалдай, – сызылып аққан сылқым өзендей, – ай сәулесіне шомған тымық түнгі көл бетіндей. ИГЕН аға бұл жағынан Саттар Ерубай, Стефан Цвейгтермен тектес те астас. «Мәңгілік менің махаббатым» новелласы осы айтқанымызға дөп те нақ дәлел. Бұл новеллада – Жаратқан жалғыз Иемізге деген махаббат асқақ та ақық жырланады. Оны шығарманың эпиграфынан-ақ білерсіз де байқарсыз: «Мәңгілік сағыныш – сағым бір бейне, – білгің келсе, жүрегімнің айнасы да сол бейне.»
Шығарма: «Уақыт-мезгілі жетіп, сын-сағаты туғанында жаныңды нұрға бөлер, жай тапқызар, бар ғаламды дүр сілкінтер де, Әнімсің Сен – Ұлы Мәртебелі – Сәт-Сапар! «Бір жолмен барып, екінші жолмен қайт» – жолың болғыр жолаушы! Алғашқы да соңғы – бірбүтінге айналған, құдіреті шексіз – Мәңгілік Менің Махаббатым!!!» деген асқақ пафосты, асқан сүйіспеншілікті жолдармен түйінделеді. Сол, сүйіспеншілікті пафосқа барар жолдағы новелланың арқауы – «сайтанға серіктес жауыз жемірлер мен иманын қырағы сақшыдай күзеткен басты герой»!..
Көлемі шағын, көтерген жүгі қомақты әңгімелер жайында да бірер сөз. ИГЕН аға: «– Ей, оқырман! Сенің, байқаусызыңа: менің дүниелерімнің қыры-сырының, ойы-шұқырының – айсбергтердің, таулардың төбелері сияқты – сегізден бір бөлігі ғана көрініп тұрар ма екен?!.» дейді бір сөзінде. Сол айтқанындай, «Беймезгіл күз», «Нағыз шындық», «Көсемпай», т. т. екі бет-екі беттік қана әңгімелері – НАҒЫЗ ШЕДЕВРЛЕР! Жазушы – «паспорты» немесе «портреті». Басқалай айтсақ, «Жазушының жаны һәм жүрегі». Немесе, «бүткіл шығармашылық болмысының» сартап та бал-шырын сырқынды сөлі! «Беймезгіл күз» – бұл да, «өліарадағы» өлімші хәл. Жазушының шеберлігі – осынау көлемі шап-шағын әңгімесінде – бір «сап-сары қауын» арқылы, «жалғани иман» мен «шынайы иманды» таразыға салады… «Нағыз шындық» әңгімесі – «РУХ КӨТЕРІЛІСІ! РУХТЫҢ АТОЙЛАУЫ!» Ия, жас мұғалима қыздың қылығы көңіліңе қаяу түсіреді-ақ. Бірақ, ол да өткінші болар… Әңгіменің пафосы – шырқау шығанда!.. «Көсемпай», «Менің кемпішім қайда?» миниатюраларының астар-ауаны «қатерлі де ауыр» сарказмге құрылған…
Біз, бүгін, ИГЕН ағаның барша әңгіме-новеллаларына талдау жасап шығуды мақсұт тұтпадық. Жүрегіміз алабұрта атқақтап, өрепкіп, тезінен де төтесінен ниет-пікірімізді білдіріп алғымыз келді, – жалпақ жұртқа жеделінен жария еткіміз келді. Түбегейлі зерттеулер келешектің ісі болар… Құдай қаласа.

Проза: повестер

ИГЕН  ағаның  келешекте  қалайда жарық көрер «Мәңгілік  менің  махаббатым» деген жинағында – екі повесі бар.
«Өткінші жаңбыр». Аты айтып тұрға­нындай – бүгіндергі аты да заты да жоқ өкінішті де өлімші күндер «өткінші» болса керек-ті-ау. Лайым, солай болғай… Повестің финалына қараңыз да, басыңызды шайқаңыз: «…Жол – қасиетті де киелі Ұлы Жол: қилы-қилы –  қыспақ-ты; соны-сонарлы – ұзақ-ты! Ербол айтпақшы, «азапты» да. Әйтсе де, қайткенде де, соңы – сауапты. Дүнияәуи сауапты – қайырлы!.. Ия, әуел баста, бұлар – ұзақ жолға жаратылғандар – ағысқа қарсы жүзетіндер санатынан да еді ғой. Айналайындарым – «періште-әуминдерім» –  жандары «нұрлы демнен» жаратылғандардан еді ғой! Тағдырлары берік өз қолдарында. Алдарынан жарылқасын! Күні ертең, мүлдем басқаша, Жаратқанның жақсы күндерінде жарқын жүзді жүздесерлеріңізге – небір қызықты да көркем оқиғалардың куәсі боларларыңызға кәміл сене беріңіздер! Сіздердің де алдарыңыз ашық болсын, үмітін серік еткен сергек, ізгілікті, барша имани оқырман һәм тыңдарман».
Повестегі басты герой – жоғары оқуды бітіріп, енді-енді өмірге араласқан жас қыз – Ақнұр. «Ә дегеннен маңдайы тасқа ұрылды». Қосалқы герой – Ақнұрдың бірер жас үлкен замандасы – Ербол. Ол да «бір құлап» тұрған («Құлауды үйренбей қалайша аяққа тұрарсың…»). Ендігі, екеуі де желкендерін тігіп, тіктеп, бағытын түзеп, толқынды да дауылды дүлей теңізге бет қоюға шешті… Осы – «Ақнұрлар, Ерболдар» алып шығатын шығар-ау елді-жерді өткіншіліктен…
«Ақымақ» повесі. «Елу жылда – ел жаңа; жүз жылда – қазан». Бүгінгі керзаманда, барша жақсылар – «жаман» боп шығып тұр да, бүкіл жамандар – «жақсы» боп жүр ғой. «Парадокс!?.» Жоқ, ешқалай да ештеңе емес. «Сайтан – сайтанилық…». Сол сияқты, повестің басты геройы Тайман Таймас та – «бүгінгі ақымақ» (Достоевский – «Идиот»). Жебірлер мен зиянкес-зиялылармен алысып-арпалысып болған ақымақ. Екінші бір «ақымақ» – пойыз үстінде кездейсоқ жолығысқан дәп Тайман кейпіндегі замандас-құрдасы – Айжан… Повестің соңындағы «символдық пафос» керемет те келісті!..

Проза: лирикалық баян-хикаяттар

ИГЕН ағаның (Игілік ӘЙМЕН) осы «МӘҢГІЛІК МЕНІҢ МАХАББАТЫМ» жинағындағы – «лирикалық баян-хикаяттар, повестер, әңгіме-новеллалар, өлең-жыр һәм ғашық-нәмалар» – басты дүниесі «Құс жолы» лирикалық баян-хикаяттары болса керек-ті-ау. Ия, басқа шығармалары я өлең-жырлары бұдан асық болып жатуы да бек мүмкін.
2000-шы жылы Сиднейде бокстан Олимпиада чемпионы атанған жиырма жасар арда азамат Бекзат Сейілханұлы Саттарқантегінің әруағына бағышталған осынау көркем дүние – ағып та төгіліп тұрған, рухы асқақ та аламат – ТОЛАҒАЙ-ТОЛҒАУ ЖЫР!.. Осы хикаяттарға ең алғашқы болып Әбіш Кекілбайұлы әдебиет-ақсақалымыз үн қатып, «Қаратау мектебінің заңды мұрагері» деген ұлыәуи алғысөз жазып, өзі госзаказбен «Фолиант» баспасынан жарыққа шығарған екен. Одан кейін, артпа-арт қазақы-жанашыр Герольд Бельгер көкеміз «Қазақ әдебиеті» гәзітінің бетінде ИГЕН ағаның жалпы шығар­машылығына «Бағаланбай жүрген қазақ аз ба?» деген күйінішті де сүйінішті жүрек-жардысын бағыштады. Нина Казорина – ағамыздың орыс тілінде жазған «Я – странник» өлең-жырлар топтамасына һәм «Құс жолына» арнап «Я родился без углов да острым!» деген ғашықтық толағай толғау-тебіреністі одасын жазды. Сонымен бірге, ИГЕН ағамыз, өзінің «Қаратау-қазақтан (өзі) да бір ауыз…» деген алғысөзінде былай деген де еді: 
P. S. Автордан айрықша өтінішті ескерту: «Құс жолы» – құрылымы өзгешелеу, болмысы бөлектеу шығарма. Он бес бөліктен тұрады: пролог есебіндегі – екі бөлік; эпилог орнындағы – бір бөлік; ортасындағы, негізгі – он екі хикаят. Әрбір бөлік –  өздігінше басталған, өздігінше аяқталған, жеке‑жеке дүниелер. Сонысымен бірге, мәселе сонда, егер де, сіз, он бес бөлікке зерделі көзбен ТҰТАСТАЙ қарар болсаңыз ғана бүтін бір дүние шығады. Ол – «ҚҰС ЖОЛЫ».
Ия, айтса – айтқандай-ақ; оны қайталап жатпай-ақ қоялық. Деген де, – «прологтар да, он екі хикаяттар да, эпилог та, – бірінен біріне жалғасып, өрбіп, өсіп отыратын «последовательность» бар. Бәрі бірігіп, монолит – бір «Құс жолын» құрайды. «Құс жолының» композициясында Лермонтовтың «Герои нашего времени», Саттар Ерубайдың «Менің құрдастарым» романдарының сілемі де каркасы бар екендігі (өнеге алушылық) рас та шығар-ау. Деген де, «бөлек, өзгеше, өзіндік»…
Айтпақшы, ИГЕН аға, өзінің әлгі ал­ғы сөзінде: «Құлагерді мертіктіріп – Ақанды опынтқан қазақты; қара­жаяулатып – Мұсаны зар қақтырған қазақты; ит қосып қуып – Шәмші, Жұмекен, Төлеген, Мұқағалиларды қан-қақсатқан қазақты; қолың сынғыр – Абайдың төбесіне таяқ үйірген қазақты; сонау сұңғыла Төлешке жауыққан – Қыз-Жібектің көз жасына қалған  қазақты қалай жазбасқа?!» деп күйіне де ашына ақтарылатыны бар. Мінеки, лирикалық баян-хикаяттардың идеясы да, концепциясы да, пафосы да – «ҚАЗАҚЫ ҚАСІРЕТ!..»
Анығын да ашығын айтуымыз керек: «Бекзатты өлтірдік… «Қазақы жауыздық – қанішерлік!» жасалынды… Алланы ұмыттық…» 
Бір нәрсені естеріңізге сақтап, мәңгілікке бекітіп қойыңыздар: «Бекзатты, Бекзат сияқты Ерлерді өлтіре алар-ау, бірақ, «ЖЕҢУ» – ешқалай да, ешқандай да мүмкін емес!!! (Эрнест Хемингуэй: «Человека убить можно, но, победить нельзя»).
«Мүйізің шықты!.. Тағы, тағы да шығар!.. Атаңның алты жерден басына шығар – сол мүйізің өзіңнің кіндігіңе қадалар – мақау да марғау, надан қазақ!?.»
Бекзат – Олимпиада жеңімпазы атанып, елге үлкен абыроймен оралды, – Тәуелсіз Отанымыздан шыққан тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионы, бокстан Қазақстан тарихында алғаш  қазақ Олимпиада жеңімпазы!.. «ҚАҺАРМАНДЫҚҚА» әбден-ақ лайық еді-ау!?.
Талантты да текті жаратылған сүйгені Жұлдыз-қыз дүниеәуи жүрек-жардысын алты әлемге ақтарды:
– О, Құдыреті күшті жасаған Ием! Сенің қазаққа деген көзің Оң! Әрдайым елеп, ескеріп, есіркеп келесің.
Іштей: «Бұл қазақ та тегін емес-ау, әйтеуір, Иесіне ұнайтындай бірдеңесі бар болуы керек» дегендей пендешілік ой да ілесіп жүретін… «Бірдеңесі» – қанының сұмдық тазалығы, Рухының асқақ биіктігі шығар!
Сол тазалық, Асқақ Рух – бүгін бүкіл қазақтың төбесін көкке тіреп тұр! Көк байрағының желбірі: ауыздық салдырмас асау арғымақтың тұяғының тегеурініндей жердің түгін жапырып, қиян шыңдардың ұланы Мұзбалақтың алмас қанатындай көк аспанды тілгілеп, сартылдап, барша әлемге – Еркіндігін, Асаулығын, Тектілігін паш етуде!
О, Бекзат бауырым! Саттархан тегі Бекзатым!
Сені туған Анадан – Әкеден айналдым! Сені берген жерден, елден айналдық!
Бекзат! Бек-затым! Барша қазақтың Бекзаты!
Сен, білесің бе – не тындырғаныңды?!
Сен – Тәуелсіз Отанымыздан шыққан тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионысың! Қазақ тарихында – бокстан алғашқы қазақ Олимпиада жеңімпазысың! Келешекке жетелер, жалғастырар – Жарық Жұл­дызсың!
Сен – қазағыңмен бірге едің, – қазағыңмен бірге заңғар көкке көтерілдің! Қазағыңды асқақтаттың!
Бүгін, айналам толы – той-думан, шаттық, қуаныш, бақыт! Аспан жүзі айнадай – ашық! Жер-Ана бедері айшықты түкті кілемдей – көз тойғысыз! Жаңа туған қарадомалақ бауырларың Сенің жеңісіңмен ауыздандырылуда!
Телегей тілек. Айбарлы ұран. «Қазақ!.. Алаш!.. Көк түркі!..»
«Ақсарбас! Ақсарбас! Ақсарбас!..»
Бекзат! Сендер – Қазағымның туын алыс та жақын, қасиетті де қасыретті бауырлас Австралия жеріне желбіретіп барып, желбіретіп қайттыңдар. Бұл – тарих! Ал, енді… «қазағыңның мінезін» білесің, сезесің ғой!?
Ешқашанда  «бостық» жасай көр­меңдер! Олай етуге хаһыларың жоқ!
Сен – қазағыңның қаһарманысың ғой!
Сен – Олимптің асқар шыңына қонған ақиық қырансың ғой!
Қаһарман – ешуақытта иілмейді, сын­байды!
Қыран – ешқашанда төменде қалбалақ­тамайды, қайыспайды!
Қазақ даласындағы дүбірлі той – бүткіл түркінің киелі бесігі, екі дүние есігі, төрт қақпалы – қасиетті Түркістанымның Ұлы тойына ұласты. Әруақтарымыз орындарынан қозғалып, аунап, Жер-Ана тербетілуде!
Мақтансаң қазақ – Сен бүгін Мақтан!
Бүгін – мақтануыңа тұратын Күн!
– О, Жасаған Ием! Құдіретіңе, әміріңе құлдық. Бергеніңе шүкір. Бекзатымның, Қазағымның жеңісін ұзағынан сүйіндіре гөр!!!
«Құс жолының» өн бойында осы «ОДА» ән-ұранша шырқап тұрар болса, қасірет те қатарласа ілбесіп отырады.
Тағы да, Жұлдыз-қызға көңіл қойы­ңыздар:
Аспанымды қасірет бұлты шалды,
Жазирамнан жаз көшіп, жұрты қалды.
Көңілімнің құлазып қуанышы,
Жазиралы жанымның сұрқын алды.
Сертке берік сезімнен жаратылған,
Абырой мен атағын ала туған,
Сиднейдегі сайыста Ер атанған –
Жан едің­­-ау, еңселі дара тұлғаң!
Тұлғаланып, зерделі зейініңмен,
Жаралдың ба, беу, месел – мейірімнен?!
«Мен мұңлықпын»… Сен өттің                 жұмбақ     күйде,
«Аққу бейне» – періште пейіліңмен.
Білмей өттің – «жалғанның»                     жалғандығын,
«Көгілдірің» артыңда қалғандығын.
Алласына арызын айта алмай –
«Уран-мұңмен» уланған арман ұғым.
…Бекзат, дос-жарандарымен қарт та әз-Қаратаудың ең биігінде – Мыңжылқы-Бессаздың үстінде тұрады. «– «Күн шығады – шықпасына қоймасқа; батады – батпасына болмасқа. Бір кездергі тірілер – өледі; өлілер – тіріледі. Мәңгілік – Жаратушы! – Жаратушының сүйгендері…» дейді. «Бұл да бір қасіреттің қасіреті!» Мұны кім – қалай түсінді я түсінеді?.. Кейіннен, Бекзат бұ жалған дүниеден қайғылы-қасіретті жағдайда өтіп кете барғанында, осы сөзді Жұлдыз-қыз қайталайды. Басқаша – келешекке деген үкілі-үмітті сарында. Себебі, «Бекзат кеткен жоқ, ол – әрқашанда өзімізбен бірге».., Қанат, Гүлжан бастаған айнымас достары бар – Жұлдыз-қыздың өзі бар…
Спорттық бокс өнерінің жұлдызы Бекзат та «сөз» иесі; Жұлдыз-қыз да «тіл» маманы – ақын… «Шолпан жұлдыз»! (Ел көркі – осылар…) Көріңіз, көріңіз де көрімдігін беріңіз –қалай-қалай шырқар екен Жұлдыз-қыз:
 Жаныңа не керек? Рахат па?
Жантайып жатар барақат па?!
Түк те емес… жұмақ та емес, – 
«Сүю» керек – сүю! «Сағыныш» керек!
…жану керек – күю керек!
Сүю керек – сүю! Сүю керек!!! 
Жану керек – күю керек:
Ұлы даланың дархан даналығындай,
Ежелгі Үстірттің түпсіз                 шыңырауларындай,
Сыр-дария, Ертістің адуын                     ағыстарындай,
Қарт Қаратаудың шежіре 
            тастарындай,
Асқар Алатаудың тәкаппар                     шыңдарындай,
Ақиық Алтайдың кермарал келбетіндей,
Көгілдір Көкшенің аққулы көлдеріндей…
Қыз-Жібектің «гәккулі» әндеріндей, – 
шолпысының сыңғырындай,
Махамбеттің ереуіл арғымақтарындай, 
           – егеулі найзасындай,
Абай-һакім атаның жыр-    \
жәуһарларындай, – өлмес өсиетіндей!..
Әйтеуір, ештеңе де емес, – 
«Қайта айналып дүние келмес»:
…ұйтқыған бұрқасындардай,
…буырқанған теңіздердей,
…қақталған шөлейттердей,
…мәңгілік мұздақтардай,
…мөп-мөлдір бұлақтардай, 
…сарғайған жапырақтардай –
Сартаптанған – Саф – Сағыныш 
            керек!!!  
…жану керек – күю керек!
Басқалай ғұмыр кешіп – күйкентайлап –
Әуре болмау керек, әуре болмау керек!!!»  
И-и-и-ия, жаман төбетше әупілдейтін Бөрібасарлар, қанденше шәңкілдейтін Қоқыштар, сауысқанша шықылықтайтын Зығиралар да жүр… Енді қалай? «Уақытша дүние» емес пе бұл. «Сын – сынақ…»
И-и-и-иә… Бекзат өлмес жұлдызды жолын салып кетіпті. Ол жолды жастарымыз жалғастырады – жалғастыруда… 
Ия-ия, ол жол – аспандағы «ҚҰС ЖОЛЫНДАЙ» мәңгілік!.. 
Лирикалық баян-хикаяттардың өн бойында, «Бекзаттан кейінненгі» – Жұлдыз-қыздың үзік-үзік ой-күйзелістері «шегініс» ретінде беріліп отырады:
«…ойлаймын; ойлаймын-ойлаймын да, тағы да қайтадан ойлаймын. «Ойдан басқа маған серік қалмағандай-ау» деп те ойлаймын. 
… ия, маған, енді – ойдан басқа ештеңе қалмағандай ма? Сонысы да, мен – мен  сияқтыларға мына жалғанда өте-өте лайықты-дай да ма?!. 
Ой түбіне кім жеткен, сонда да – ой мені қуып па, мен ойды қуалап па, сарсыла да таусыла да беремін.» 
Сол күйзелісті ой-пайымдарының бірі – мектептен барып, мақта теріп жүр­ген­де­ріндегісі:
«Бекзат арагідік ыңылдап қояр еді. Мен де іштей әуендететінмін.
– Жұлдыз! – деп еді-ау, біруақытта Бекзат, – мына кең дүниенің, ақ алтынды алқаптың да кінәлары не?
– Кеңдігінен, кеніштігінен басқа – кінә­лары да күнәлары да жоқ! – дегенмін мен.
– Неге онда, – дөкейі бар-құқайы бар, шілтігі бар-мілтігі бар, – жыбырлап, сыбырлап, жынданып, өзеурей өлерменденіп бағуда өкірештер?!
– Сол… о баста реңктері қара бояу­дан сызылған соң, бәріне де қараңғы көз­дерімен қарауларынан – жақсылық біт­­кенге жаулықтарынан болар. Сайтан­гер­шілік!..
– Сіз бен біздердің ше?.. – Бекзат әзіл-шыны аралас жымия күлген.
– Бұ жалғаныңызға «бөгделігіміз – көзтүрткілігіміз – өмір-өзен бейбағыңызға қарсы жүзерлігіміз» ғана шығар?
– Ия-ия, біреу – олай… біреу – бұлай… Тағы біреулер – олай да, бұлай да бұл­талақтағандар. Таусылмас тартыс, бітіспес бәтуә, бітпес дағуа. Тап рас: «өз уақытына – таразы-өлшеміне» дейін. Сын. Ұлық сын!..
Біз ұшқын-оттарға оранып, тамылжи ән салған айлы түннің құшағында ұзағынан тербетілген де едік-ау. Бар шаршағаным да, шөліркегенім де, әлдеқашан саппа ба­сылған-ды да-ау…»
Жұлдыз-қыздың тағы бір түйінді ой-күйзелісі:
«Осы күндері, мұнар таулар есіме түсіп кетсе – Бекзат көз алдыма келіп тұра қалады; Бекзат есіме түссе – мұнар таулар елес қағады. Саттар мен Меруерт жайындағы толғаныстарымыз ойға оралса ғой – «шыны… жауаптары… осы ма еді?!» деп сандырақтап, сұрапылданып та кетемін. 
Жақында, Бекзаттың дос-ағалары – Ермахан, Болатхан, Мұхтархан және Қанат, Ержан, Гүлжан – ескі достар, бәрлеріміз мұнар тауларға барып қайт­тық.
…Мұнар таулар – маған келіп, бүгіп жатқандарын ақтармайды екен; мен өзім барып, сұрап, сырласып, ұғынып, тоқуым керек екен.
Тағдырыммен де,  анығынан – ашығынан – һақиқатынан сөйлесуім қажет екен!»
Біздің, басты герой Бекзаттың өзі туралы аз сөйлеп отырғанымыз – («Бекзат өткен­нен кейін) лирикалық баян-хикаяттар Жұл­дыз-қыздың атынан баяндалады емес пе, шегіністерімен қоса. Шығармада – «Жұлдыз-қыз сөйлей түскен сайын», соғұрлым, басты герой Бекзаттың бейнесі жарқырай да жана түседі!..
Енді, мына, Жұлдыз-қыздың кезекті бір ой-күйзелісімен – «Құс жолы» жайындағы бүгінгі ой-пікірімізді аяқталық:
«Ия…   мен іздегенімді де, жоғалт­қа­нымды да тапқандаймын.
Бекзатымды тауыппын, – «КҮН ШЫҒАДЫ, ШЫҚПАСЫНА БОЛ­МАСҚА!» – мәңгіліктің жолын мәңгілікке тауыппын! – өзімді де…
Бұл күндері – сан ойланып-сан толған­ғандағы – түйгенім де түйсінгенім де, бәрі де бары да осы болды. Ал, енді, ендігісі не еді? «Құдайдың бір аты – СӨЗ! «Түгел сөздің түбі бір…» сонау бабалар кезеңімізді былай қойғанда, кешегі «һәкім атамыздан» соң, «алаш ардақтыларынан» кейін – бүгіндері Сөз кезекті рет түзелді; сенің де, ендігі, ақыры бір түзеліп, тұтынғаның ғана қалып тұр… қадірменді ағайын?»

Бір қайыру – пысықтау

Көрдіңіздер… енді, төмендегі айтылар жәйттерден һәм түйінді сөздерімізден де тағы байқарсыздар – ИГЕН ағаның жалпы «жазушылық толық дерлік болмысын». Деген де, онсыз да, – «тезінен де төтесінен, жеделінен жеткізгіміз келді» дегенімізбен де, – эссеәуи-зертнәмамыздың көлемі ұлғайып бара жатқандай ма. «Көп сөзділік» те… «қиын» ғой. Солай болса да, біле де сезе тұра – бір-екі ауыз…
ИГЕН аға – өзі де, барша көркем шығар­малары һәм басқа еңбектері де (көсемсөз, нақыл сөз, пәлсапа, драма, мақалалары, т. т. т.), ендігі байқап-ұғынғандарыңыздардай – «Бір Құдайдан» шығады. Сол үшін де, былай деп те айтқан: «Қайбір шығарма да – Құдай жолымен тексерілгенде, соған сәйкес келгенде ғана барып, жоғары дәрежелі шынайы әдебиет болмақ» деп. Міне, осы сөзі – СӨЗ. Қаламын қолға алғанда да, былайша жүріп-тұрғанда да, отырғанда да айтатын сөзі – «Шүкір! Шүкір! Шүкір! – Бір Алла! Бір Алла! Бір Алла!..» Келесі бір адами да шығармашылық болмыстары – «Махамбеттің рухы! Абай-һәкім атаның даналығы һәм қарт та әз-Қаратау.» Әне, Бір Құдайдан кейінгі жолдар – осылайша жалғасады. Сәл басқаша айтып көрсек, ИГЕН аға шығармашылығының қыры да сыры – сол, жоғарыда айтып өткен «Шығыс жұлдыздары», Иассауи, Абай, Пушкиндердің «тылсымдығы».
ИГЕН аға шығармашылығының «ерекшеліктері» һәм «жаңашылдығы». Оның үшін де, әуелім, әдебиет мэтрлеріне сөз беріп алалықшы. 
Әбіш Кекілбайұлы: «Әдебиетке кешеуілдей келген Игілік ӘЙМЕН – қа­зақ қара сөзіндегі әйгілі «Қаратау мек­тебінің» жақсы үлгілерінің заңды мұра­гері болып жетіліп келе жатқанын байқатады. Әңгіме, новелла, эссе, хикаят­тарында, өлең-жырларында, мақа­ла, қара сөз, көсемсөздерінде, тіптен, сын-зертнәмаларында да – Саттар Ерубайдағы лапылдаған арманшылдық, Тәкен Әлімқұлдағы арғы мен бергіні қатар өрбітіп отыратын тарихилық пен табиғилық, Асқар Сүлеймендегі әлеуметті ұлпа жерінен ұшынта шымшып алатын қиқарлық, Қарауылбек Қазиға тән мақпал әуез-лиризм анық бой көрсетеді. Оның үстіне, Абайдың заман мен наданнан түңілген күңіренісін қосыңыз…» 
Герольд Бельгер: «Игілік Әймен бір өлеңінде «Ақын‑жүрек сыздайды» дегенді оқырманға жария етеді де, артынша «Дерті оның не дейді?» деп сұрақ қойып қояды. Міне, осы сөздерден, меніңше, прозашы, ақын, сарапшы, көсемсөзші-пәлсапашы Игілік келбетінің негізгі шығармашылық әуені (лейтмотиві) сезіледі. Игілік шығармашылығының өзегі не? Автордың өзінің жауабы:
Шартарапты шарлайды,
Бар тапқаны – зарлайды:
«Момын бейбақ не ұқты?
Бәрінен де сол қайғы».
Игіліктің зарлауы бекер емес. Қоғамдағы, әдебиеттегі, пәлсапат дүниесіндегі қазіргі хал‑жағдай оны қанағаттандырмайды, керісінше, көңілінде алаң туғызады, жүрек құрғырды сыздатады, беймаза ойды шартарапқа жүгіртеді. Игілік әр жанрда қалам тартады, тілі көркем, бай, шұрайлы; айтатын ойларын ассоциация тәсілімен бейнелеп, қиыннан қиыстырып жеткізеді; кейде қырсық, қыршаңқылау, құйтырқылау сөздерге бейім тұрады; әдебиетті көп оқитыны, дүниежүзілік әдебиеттен хабары мол екендігі атой береді. Әттең, «жолы болғыштардың» қатарында әуелден жоқ. Жаратылысы бөлек жан. Дүние-танымы, болмысы, талант тұғыры дара. Әдеби, қоғами үрдістер жайындағы ой‑пікірлері «көш серкелеріне», замана ағымына көбінесе қайшы келеді. Игіліктің ондай ерекшеліктеріне, тіл байлығына, ассоциативті ойлау жүйесіне, сөз сараптасына қасиетті «Қаратау әдеби мектебінің» түлегі екеніне алғаш жіті назар аударған Әбіш Кекілбайұлы болды. Игілік талантының бұл қырына кейін менің де көзім жетті. Әр салада жазылған шығармаларымен әрі көсемсөздерімен жылдар өте әбден таныстым. Үйреншікті қалыптан өзгеше екен. Мінезі де, көзқарасы да, түйсік‑түсінігі де, шығармашылық бағыты да, тіпті жүріс‑тұрысы да. Талантты адамға жарасып тұратын, өзіндік – тән қасиет. Игіліктің алдына қойған мақсаты да өр, биік: «Ақыл‑ойымды, күш‑қуатымды, жүрек сезімдерімді жұ­мылдыра отырып, бір Алланың атымен хатқа түсірілген еңбегімді қарт Қаратауыма, «Мен қазақпын!» деген барша ізгі ниетті оқырман қауымға, озық ойлы адамзат атаулыға арнадым» деп толғанады».
Енді, ИГЕН ағамыздың өзін де тың­дап көрелік: «…мына, бүгінгі қазаққа – һаһиқи жүрегімізден «бір ғибрати-сөз» ұсынылды. «Құс жолы» лирикалық баян-хикаяттарынан (қияли ой-пәлсападан туындаған) – документ, дерек іздеп детектеудің, қазымырланып, қақаяқтанып жатудың қажеті шамалы, – астарын, ауанын аңдаңыз. Басты мәселе – «мазмұн, идея, өнеге! Түбірлі-түйінді концепция! Ұлы мәртебелі Пафос!..» Үстірт қарағанға, шығармада – жеңіл ойнақылық жатқандай; екіншілей қарасаңыз – қызғылықты-шыжғылықты оқиғалар; ал, шындап автордың көзімен үңілуге ниет қойсаңыз – астарлы ауыр ой қылаңдайды. Тағы да, «Ұлы мәртебелі – өмір шындығы, жауапкершілік!» шырқырайды. Ескерте кетер келесі бір жәйт: Менің хатқа түсірілген көркем туындыларымның басым бөлігі тылсымданып, жұмбақтанып, жел өтіндегі кернейдей дыңылдап па, зыңылдап па да тұратындай ма. Ол не деген сөз? Қазақ ымға түсінген – жұмбақтап сөйлеген халық. Содан ба, әлде неден, ол жағын ойлап жатыппын ба, әйтеуір, ой-идеяларымды айқара ашып тастап, жекелеген образдардың болмыс-бітімдерін тәптіштеп таратып, дап-дайын күйінде ұсынып жатуды мақсұт тұтпаппын. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы аға-буын өкілдерінің жан-дүниеңді жүдетер жиіркенішті қылық-шылық-былықтарын, жаңашыл да жасампаз жас-өскін ұрпақтың жалынды да шерлі жүрек лүпілдерін де көбіне-көп мұнартпен бүркемелеп, мұнардың арғы жағынан (шымылдықтың арқасынан) жай ғана мөлтеңдете сығалатып: «ал, зерделі оқырман, енді… ол жағына өзіңнің хал-хадарыңша сүңгіп, өз қолыңмен ұстап, көріп, байқап, өз оқырмандық жеңісті еңбегіңнің жемісін рахаттана бір татсаңшы! – мұнар да мұнар… көгілдір де келелі келешекке соны да сергек, ерек те ерен серпінмен қанат қақсаңшы!» дегендеймін бе? Мүмкін… «бір күш нені қалай берді – соны солай» хатқа түсірген де болармын.»

Қорыту – түйін

ИГЕН ағаның шығармашылық бол­мысының сегізден бір қырын тағы да қайталап өтсек – ол: «БИІК ТЕ БИІК РУХ! – ДАРХАН ДА ДАРИЯ ДАНАЛЫҚ («Абай – Махамбет»)!
ИГЕН ағаның шығармашылығы – «ҒАСЫР-СӨЗ». «Тәуелсіздігімізге» – 25 жыл – ширек ғасыр. Осы уақыттар аға шығармашылығында түгел қамтылады. Сондықтан да, «ширек ғасыр» – шартты айтқанда, біздер үшін – «ғасырға» тепе-тең де пара-пар. («Ғасырдан да ұзақ күн» деген де сөз бар емес пе еді енді). 
ИГЕН ағаның шығармашылығы – бастан-аяқ, «тұнып тұрған» ТРАГЕДИЯ. «АЛАПАТ ТРАГЕДИЯ!» «Неге – қалайша» екендігін баяндап жатпаймыз. Ол жағын күнделікті өмірімізде өздеріңіз көріп те, біліп те, сезіп те жүрсіздер ғой… ИГЕН аға ешқалайда «пессимист» емес. Жүрегінің терең түкпірінде «үкілі үміті» басым. Соның үшін де, қай-қай шығармасының ақыры да – «оптимизммен» аяқталып жатады. «Биіктіктің қайта оралуы» деген дүниеәуи шедевр әңгімесінің жабыларынан бір мысал: «…Күн екіндіден әлдеқашан ауып қалғанымен, шілде кі­рер аптап шаптығып, әлі де от бүркіп тұрған-ды. Бірақта, қалай дегенмен де, со-о-о-нау шығыс тұстан, әз-Қаратаудың төбесінен қылаң берген көңілді қоңырқаз бұлттар бірте-бірте тастүйінденіп, қанаттарын серпіп, осылай қарай – шөліркеген егістік алқапты қарауылдай, асыға-аптыға, бүйректері бүлкілдей, суыт бет алып қалған мезгіл де еді. Керемет бір шақ – уақ  еді!..» (Қандай тамаша да керемети сурет – астарлы да ауқымды –  метафора… аллегория!..)
ИГЕН ағаның шығармашылығы – жанр жағынан жан-жақты. Проза, пәлсапалық өлең-жырлар һәм ғашық-нәмалар, драма, аудармалар, сын-зертнәмалар, қарасөз-көсемсөздер, пәлсапа-афоризмдер, хикмети аңыз-әфсаналар, одан қалса сыр-сұхбаттар, күнделікті «қандары сорғалаған» мақалалар…
ИГЕН ағаның «бір тілі» – тиісті жерлерінде – сол, Абай-һәкім ата айтқандай: «Улы сия, ащы тіл». Уытты сарказм де, өткір юмор да, памфлеттік қыршымалар да, бәрі-бәрі де бар да жетерлік.
ИГЕН ағаның өзі айтады, өкінішпен: «Соңғы 5-6 жылым «тәуелсізсымақ гәзіт­терге» тегін жұмыс істеумен кетті – «қара халықтың қараңғы күйі, жемқорлық, зиянкес-зиялылар…» Прозам – көркем дүниелерім амалсыз көгенкөзденіп, тоға­рылып қалды. «Тоғарылғаны» – күннен-күнге, сәт сайын, жанымды қатты-қатты қинап жүр» деп.  
ИГЕН ағаның көрмегені жоқ.., әсіресе, «тәуелсіздік» жылдарымызда. Астанаға қоныс аударғаннан кейінгісі – тіптен де, «адам сенгісіз!..» (Ары қарата айта берерге ағадан ыңғайсыз болар). Деген де, бір нәрсені – дүниеәуи өкінішті айтып өтпеске болмас, онымызға аға ренжи қоймас. Осы Астанада жолдасы қайтыс боп кеткенінде, үйсіз-күйсіз сенделіп-сарсылып жүргенінде (ипотекалық үйін уақытылы төлеп тұра алмаған соң, банкі тартып алып, сатып жіберген ғой), жасап қойған дап-дайын «төрт томдығын» сөмкесімен бірге көшеде ұрлатып алады… Дүниеден түңілгендей боп, «е өлі де емес, е тірі де емес» халде жүргенінде – ағаның есіне түседі: «бір жерге – біреуге электронды нұсқасын бекітіп кеткендігі (Бірнеше жерлерге «бекіткен» де ғой – бірақ, олар уақыт өте, өшіріп тастаған…). Сөйтсе, «ол бекіткені» – «төрт томдықтан» іріктелініп алынып құрастырылған мына бүгінгі жинағы екен. Соған да шүкір, Құдайға! ИГЕН аға жылап-көріседі – «іштен шыққан бауыр-еттерімен»…
И-и-ия, сонымен, Елге, Жерге, тіптен, Әлемге «сөз» айтып жүрген, бірақ-та, сол көгенкөз оқырмандарына жеткізе алмай серсіліп жүрген – осынау өтпелі де өкінішті «өліара» уақыттары жанын жегілеп, тәнін жұлмалап, қан құсып та отырған – «Мұнар да мұнар… жұмбақ жан». Деген де, жоғарыдағы сұрақтарымызды қайталап-қайталап қорыта қояр болсақ, арамызда жүрген жанды «мұнар да да мұнар… жұмбақ» еткен – көзжұмбай ететіндер «КІМ, КІМДЕР?!» Міне, ендігі, солар ойланса хұба-хұп болар-ды. Сол кезінде, көп нәрселер өз-өзінен анықталып та шешіліп шыға келер де еді-ау…
И-и-ия… мұнар таулар алыстан ғана асқақ та алып көрінер ме… Жұмбақ жанның жұмбағының шешуі тұңғиық та тереңде жатар ма… ИГЕН ағаның өзіне де – өнегелі де өрнекті шығармашылығына да ұзақ-ты ғұмыр тілейміз!..
Қазақ Әдебиетінің көгілдір көкжиегі кеңейе берсін!..

Алдыңғы «
Келесі »