Тұлғалар тағдырындағы иірімдер

  • 28.09.2016
  • 608 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ерболат КУАТБЕК,
сыншы

Гогольдің өлімі

Толық жазылмаған шығармалар бар. Аяқталмай қалған романдар легі қаз-қатар тізіліп тұр. Қаншама шығарманың нүктесі сол беті қойылмай кетті. Мүмкін, шарықтау шегі сол нүктесіз сөйлеммен аяқталған шығар? Бір Құдай біледі. Дүниеден ерте өткен ақындар шынымен өздерінің жазарын жазып, айтарын айтып кетті ме? Үлгерді ме екен? Осы сауалдар оқырманның көкейін тесіп келеді. Ақын мен тылсым о баста бір туған болуы керек. Шайырлардың өмірі тылсыммен астасып кеткен. Кейбір ақынның тағдырына бой ұсынсаң, жаның кәдімгідей түршігеді. Эдгар Поның жұмбақ өлімі туралы айттық алдыңғы мақалаларымыздың бірінде. Есенин, Маяковский, Цветаева, Бердібектердің өлімі осы уақытқа дейін жұмбақ болып келеді. «Бердібекті бәзбіреулер ағашқа асып кеткен» деген әңгіме де бар. Өр ақын Өтежан Нұрғалиев «Өлгендер ояу, тірілер неге ұйқыда?» атты өлеңінде:
«Арыстан туған Бекеңді…


Ата жау болған дұшпандай,
Алпыста сегіз жасында,
Ағыбай ердің асында – 
«Ағамыз ғой» деп, еркелеп,
Өлтіріп тындық, не керек…
Еркелеп жүріп енесін,
Ұрдық та жайлап…
денесін – 
Ағашқа асып тастадық! – дейді. Тра­гедия емес пе? Өз қолымызбен өл­тір­дік. Кімді өлтірмедік? Сол бір жұмбақ өлімдердің бірі – Гогольдың өлімі. Го­гольдың мәйітіне тек­сермекші болып қабірін ашып қараса, ақынның бас сүйегі жоқ болып шығады. Және етбетінен жатқызған екен. «Жазушыны ұйқы кезінде көміп тастаған» деген де қауесет бар. Аңыздың ақиқатқа айналар кезі алда. Жоғарыда аяқталмаған туындылар туралы әңгіме қозғадық. Енді, әңгімемізді өртенген, турасын айтқанда, өртелген поэмаға қарай бұрайық. Өздеріңіз біліп отырғандарыңыздай, ол – Гогольдың «Өлі жандары». Гогольдың өртеп жібергені – поэманың екінші томы.

БІРІНШІ ТОМ

«Өлі жандар», негізінен, формасы жағынан роман болып есептелгенмен, оның ішкі ырғағы – поэзия. Автордың «Өлі жандарға» поэма деп айдар тағуы да содан. Поэманың бірінші томы 1835 жылдың 7 қазанынан бастап жазыла бастады. Бұл туралы Гоголь Пушкинге жазған хатында поэманы бастағаны туралы айтады. 1842 жылы жалғанның жарығына шықты. Кітаптың атауы «Похождения Чичикова или Мертвые души» болды алғаш жарық көргенде. Кейіннен «Өлі жандар» болып қалғаны белгілі. Поэманың бірінші бөлімін Гоголь Пушкинге оқып береді. Сондай-ақ, поэманың қалай өрбігені жайлы Аксаков, Карамзин, Тургеневтар куә болады. Гоголь бұл поэманы «Пушкиннің аманаты» деп білген. Неге?

АВТОРЫ – ПУШКИН

Белгілі бір шығарманы жазу үшін ақынға бір жайт түрткі болуы керек. Басқаша айтқанда, сол жайт әсер етеді. Ол жайлы ізденеді. Образ жасайтыны әлімсақтан белгілі. Гогольға «Өлі жандарды» жазуға қандай дүние әсер етті екен? Осыны ойлап көрдік пе? Поэманың сюжеті бойынша, Чичиков «N» қаласына сапар шегіп, ол жерден өлі жандарды сатып алмақшы болады. Оның бар мақсаты осы еді. Өлі жандар дегеніміз – іс жүзінде өлгенмен, қағаз жүзінде әлі де өлді деп тіркелмеген адамдар. Чичиковтің бұл пиғылы бірінші том­ның соңғы бөлімінде белгілі болады.
Негізінен, идея авторы – Пушкин. Дәлеліміз де жоқ емес. Басынан бастайық. 1831 жылы Кишиневке Пушкин екі мәрте барып қайтқан екен. Ақын бір қызық жайтқа тап болады. Бендера деген аймақта осы уақытқа дейін ешкім өлмеген деседі. Он тоғызыншы ғасырдың басында бұл аймақтан бір түменге жетердей шаруалар қашып кеткен екен. Полиция қашқындарды ұстауы керек болған. Содан бұлар өлген адамдардың аттарын құжаты жоқ шаруаларға беріп, бар бәлені осылай жаба салған. Пушкин Гогольға осы әңгімені айтып береді. «Өлі жандар» осы сәттен бастау алады.

ӨРТЕНГЕН ҚОЛЖАЗБА

Екінші том толығымен өртенбеген. Бізге төрт бөлімі жеткен. Бұл туралы Гогольдың дә­рігері Алексей Тарасенков өз естелігінде былай дейді: «Жарық дүниемен қоштасардан ай бұрын жа­зушының халі күрт бұзылды. Уақыт өткен сайын күшейе түсті. Матвей әкей дұға оқыды. Пушкиннен бас тартуын талап етті. Шыдамаған жазушы әкейден жалғыз қалдыруын өтініп, 11-інен 12-сіне қараған түні Гоголь баспаға дайын тұрған кітапты өртеп жіберді». Содан кейін еңіреп жылаған деседі жазушының соңғы сәтінде бірге болған куәгерлер. Бұл 1852 жыл еді. 1837-де Пушкин, 1841 жылы Лермонтов, 1848-де Белинский, соңғысы болып 1852 жылы Гоголь кетті.
Екінші томын естігендер (Гоголь шығар­маларын оқып беретін болған) бар. Мысалы, Арнольди «Менің Гогольмен танысуым» атты естеліктер кітабында Гогольдың поэманың тоғыз томын оқып бергендігін айтады. «Екінші томдағы Уленька образы – Гоголь ғашық болған Анна Вьельгорская», – дейді.
Негізінен, «Өлі жандар» үш томнан тұруы керек екен. Бірақ үшінші томын жазған-жазбағаны белгісіз. Бірақ поэма же­лісі Сібірде өрбитіні жайлы деректер де бар. Себебі, Гоголь Сібір жөнінде мәліметтер жинаған екен. Бәрі де – жұмбақ.
P.S. Гоголь өлімі – «Өлі жан­дар­дағыдай». Бірақ, керісінше. Ол қағаз жү­зінде өлгенмен, іс жүзінде өлген жоқ. Ол тірі.

 

Алдыңғы «
Келесі »