ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫС МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ МОДЕЛІ

  • 15.09.2016
  • 1227 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейдулла Садықов,
профессор

1991 жылғы желтоқсан айының басында үш республика басшыларының – Ресей Федерациясының, Украина мен Белоруссияның Беловежье орманында кездесуі аса маңызды бірқатар құжаттарға, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Мәлімдеме де бар, қол қоюымен аяқ­талды. Осылайша, Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін ресми түрде тоқтатты. Бұл КСРО халықтарының өзін-өзі ұлттық айқындауы процесінің заңдылық тұр­ғыда толық аяқталуына алып келді. Ал, Қазақстан өзінің мем­лекеттік егемендік жөніндегі Деклара­циясын бұдан бір жылдай уақыт бұрын, яғни 1990 жылғы 25 желтоқсанда қабылдаған болатын. Тәуелсіз Мемлекеттер Достығын құру жөніндегі мәлімдеме мен 1991 жылғы 21 желтоқсандағы оның Хаттамасы туралы қайталап айтар болсақ, кейіннен бұл құжаттар төңірегінде әр түрлі пікір­лер айтылды. Біреулер бұл Кеңес Одағында болған Конституцияға мүлде қайшы келетін кезекті мемлекеттік төңкерістердің бірі болды деді. Тағы біреу­лер бұл кез-келген империяда болатын, олардың пікірінше, бұл жерде КСРО негізге алынып отыр, оқиғалардың болмай қалмайтын барысы әрі заңдылық деп есептеді. Үшінші біреулер Б.Ельцин, Н. Кравчук пен С.Шушкевич жағдайды пайдалана отырып, ыдыраған алып елден ірі көлемде қарпып қалуға тырысты деген жорамал жасады. Ал, төртінші біреулер жаңа құрылып жатқан мемлекеттердің бірінші басшыларының қатысуынсыз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құ­рыл­ғаны жөніндегі жария ету өзге рес­публикаларда тұратын халықтарды сыйламаушылықтың көрінісі болды деген пікірге келді. Жоғарыдағы ой-пікірлер мен тұжырымдардың қай-қайсысы болмасын негізсіз емес еді… 


Бұл тарихи акт жөнінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Ғасырлар тоғы­­сында» кітабында «КСРО-ның құлау себептері жайындағы әр алуан пікір­лер, негізінен, екі арнаға тоғысады. Біріне құлақ ассаңыз: КСРО өздерінің бірден-бір идео­логиялық  және  геосаяси бәсекелесінің көзін құртуға тырысқан сыртқы және ішкі іріткі күштердің бірлескен қимылы нәтижесінде құлады. Екіншісіне ден қойсаңыз: бұл әлдеқашан математикалық дәлдікпен жете мөл­шерленген, ешқандай обьективті де, су­бьек­тивті де себепсіз-ақ тап осы кезеңде қалайда болмай қоймайтын заңды құбылыс еді», – деп атап көрсетті.
Беловежье Мәлімдемесінен кейін, 1991 жылғы 16 желтоқсанда республика Пар­ламенті «Қазақстан Республикасының тәуел­­сіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылдады. Осылайша, Қазақ елінің жаңа тарихи парақтары ашылды, қазақ халқының  жасарып-жаңғыруға бағытталған жаңа дәуі­рі басталды. Ата-бабалар ғасырлар бойы аңсап өткен тәуелсіздіктің арайлы таңы атып, ұлан-байтақ қазақ жерінде толық Тәуелсіз мемлекет пайда болды.
 Қазақстан ауыр экономикалық жағдайда Тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қа­дам басты. Кең  байтақ еліміздің қыруар қа­зынасы, жылдар бойы жасалып-жасақ­талған потенциалы еншімізге берілді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былайша толғанады: «Тәуелсіздік алысымен алғашқы кезектегі маңызды мәселелерді шешуіміз талап етілді. Бірінші кезекті мемлекет ретінде қалыптасуымыз қажет болды. Бұл дегеніміз биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада танылуға жетудің, әр түрлі дүниежүзілік ұйымдарға кірудің қажеттілігін көрсетті». Осы және өзге де міндеттерді жүзеге асыру 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының» Стратегиясы бағдарламасын жасау қажеттілігі талап етілді. Президенттің айтқанындай, онда белгіленген жоспарларды жүзеге асыру «…көбіне көп тірі қалудың стратегиясы ретінде… біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді. Стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қа­ла­ған республиканың тұңғыш ресми құ­жаттарының бірі болды». 
Ұлт алдында тұрған бірінші кезектегі ұлы міндет Тәуелсіз мемлекеттіліктің сипатты бейнесін жасау болды. Ең алдымен қоғам назарын кейінге қалдыруға болмайтын проблемаларды жедел шешуге және реформаларды қысқа мерзімде жүргізуге ау­дару қажеттігі туындады. Алғашқы кезде қарулы күштер, кеден қызметі секілді жаңа министрліктерді, жаңа мемлекеттік институттарды құру, республика Сыртқы істер министрлігінің қызметін тәуелсіз мемлекет талаптарына сәйкестендіру керек еді. Оның үстіне халықаралық ұйымдармен байланыс орнату, жаңа қаржы құрылымын жасау, жоғары экономикалық кеңес құру, республиканың алтын және алмас қорларын қалыптастыру міндеті бой көтерді. Бұл маңызды шаруаларды еш кешіктіруге болмайтын еді, себебі Кеңес Одағының ыдырауы қоғамды қайыршылық қалге жеткізген болатын: дүкендердегі бос сөрелер, бірінші кезектегі азық-түлікке ұзыннан-ұзаққа со­зыл­ған кезек, талон мен карточкалық жүйе, т.б.  
Көптеген саясаткерлер, қоғам­тану­шылар мен мемлекеттік қайрат­керлер Қазақстанның болашағы жөнінде өз ой-пікірлерін жарыса айтып жатты. Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы қадамдарындағы проблемалар   жөнінде   шетелдік бұқара­лық ақпарат құралдарында уақыт та, орын да  бөлініп отырды.  Негізінен ал­ғанда, олардың көпшілігі сыни тұр­ғыда болды, елде жүргізіліп жатқан реформаларға күмәнмен қараушылық басым түсіп жатты. Әсіресе, ресейлік басылымдардың теріс көзқарастары атойлап отырды. Олардың беттерінде көбіне-көп Ресей Федерациясымен байланысын үзген Қазақстанның тәуел­сіз мемлекет ретінде өмір сүре ал­майтындығы, оның алдына «тізерліп келуге» мәжбүр болатыны ашық айтылды. Еліміздегі орыс журналистері мен қоғам қайраткерлері санатындағы кейбір орыс азаматтары да бұл мәселеге «білек сыбана» кірісті. Ал, енді,  бұған орыс тілді кейбір өз қандастарымыздың да үн қосуы, жағдайды ушықтыра түсуге атсалысулары егемендік жолының тым ауыр болғанын айқын айғақтағандай.
Ресейлік бірқатар басылымдар өздерінің бұрынғы өктемдіктерін аңсап, тәуелсіз рес­публикамыз жөніндегі байбаламға толы мақалаларды үдете түсті. Оларға өз рес­публикамыздағы «Караван» сияқты орыс тілді газеттер ара-тұра болса да үн қосып отырды. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Владимир Виноградовтың «Глядя на карту Родины» атты мақаласына көз жүгіртейік. Ресей елшісі бұрынғы Кеңес одағының картасына қарап отырып, сезімге беріледі. Оның түп-төркінінде бұрынғы өктемдік ниетінің жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай атойлайды. «Все мы с детства – где бы ни жили: В России, в Узбекистане, в Казахстане, на Украине – всюду, привыкли к законным очертаниям нашей Родины, Союза СССР – от полуострова Таймыр на Севере до Кушки на Юге, от Чукотки на Востоке до Бреста на Западе», – деп жазады Ресей елшісі. Мұның түп-төркінінде Өзбекстан, Украина, Қазақстан, тағы да басқа  республикалар орыстың иелігіндегі нағыз отаны болмаса да, Кеңес одағы кезінде бұлардың бәрі де «менің отанымның қарауындағы мекендер болды» деген астамшылдық сезім жатыр. Мұндай орыстық сезімді орнықтырудың саяси, идеологиялық, әлеу­меттік және құқықтық тетіктері  Кеңес одағында мұқият ескеріліп отырғандығы құпия емес. Қоғам өмірінің барлық саласында орыс тілі, орыстық пиғылы өктемдік құрып келді. Кеңес одағын тек орыс ұлты ғана нағыз отаны деп сезінетін. Аталмыш мақаласында елші В.Виноградов «А вот сейчас глядя на карту, поневоле ловиш себя на мысли: чего то много ей не хватает и самый большой кусок как бы вырван как раз по середине – на юг. Это-Казахстан» дейді. Бұл жолдардың астарында орыстардың «Қазақстаннан айырылып қалдық-ау» деген үлкен өкініші жатқандай. Бұған қарсы жазушы-публицист Ақселеу Сейдімбектің «Картаға кімнің көзімен қарау керек» деген жауап мақаласы жарияланды (Егемен Қазақстан. 1994. 4 мамыр). Қазақ жазушысы Ресей елшісінің мақаласын жан-жақты талдай отырып, оның өктем пиғылы мен көзқарасына оқырманның айызы қанарлықтай тойтарыс берді. «Қазақ халқы – (тек қазақтарға ғана емес) Кеңес одағы деп аталған империя мен оның қол шоқпарының бұл сияқты түлкі бұлаңын жақсы біледі,- деп күйінеді публицист. – Түптеп келгенде, бүгінгі қазақтар дәстүрінің,  төл тума (самобытный) мәдениетінің мейлінше құлдырауы, жерінің тозуы, тіптен,  қазақ халқының биопсихологиялық тұрғыдан аза бастауы тек қана КСРО империясы жүргізген отаршыл экспансияның нәтижесі екеніне күмән жоқ. Басқа басқа-ау, елші мырза көксеп отырған кеңес одағы өз құрамындағы республикаларға адал болса, неге 500 атом және сутегі бомбасын қазақ даласына, қазақтардың ең шоғыр жеріне жарды екен? 1932 жылы 6 миллион қазақтың қанша миллионын империялық саясаттың қырып салғанын елші мырза  біле ме екен? Бір анадан туғандай этномәдени тұтас қазақ халқы Кеңес одағы кезінде ғана дүние жүзінің 32 еліне тентіреп кеткенін елші мырза бір сәт ойлап көрсе ғой. Соңғы екі жүз жылда қазақ халқының ел қамын ойлаған дарынды ұл-қыздарының бірде-біреуі өз ажалынан өлмегенін немесе бірде-біреуі  жазалаусыз  қалмағанын елші мыр­за өзі көксеп отырған империялық отанының қажеттілігі болды деп сене ме екен? Жоқ! Қазақтарға және қазақтар сияқты ондаған ұлттарға, соның ішінде орыстарға да кеңес одағы сияқты импе­рияның керегі жоқ. Қазақтарға, қа­зақтар сияқты ондаған ұлттарға, соның ішінде орыстарға да тек қана азаттықтың баянды болғаны керек. Сондықтан, Кеңес одағы деп аталатын империя құлағаннан кейін Еуразия халықтарының азаттық алып, болашағына үмітпен қарай бас­таған қуанышына елші мырзаның  іш­тарлық жасамауын қалар едік. Керісін­ше, азаттықтың  баянды болуына, азат елдердің өзара тату байланыс орнатуына ықпал етсе, елшіге жарасатын іс сол болмақ». 
Кезінде республиканың бір топ кәсіпкер жастарының жерді сату, мемлекеттілік сипаты және мемлекеттік қос тілділік туралы бүкілхалықтық референдум жайлы Президент Н. Назарбаевқа жолдаған хаты республика  жұртшылығының (әсіресе қазақ­тардың) наразылығын тудырды. Әрине, жас кәсіпкерлер әлдекімдердің айдап салумен болар, жоқ әлде қоғамдық құбылыстарға нақты баға бере алмағандықтан ба, өзекті мәселелерде бірқатар қиғаштықтарға барды. Ал, «Литературная газетаның» Қазақ­стандағы тілшісі мұны іліп ала жөнеліп, «Казахстан: конец эры химер» («Қазақстан: құбыжықтың дәуірі бітті») атты мақала жариялады (1994. 22 желтоқсан). Автор кәсіпкер жастар хатындағы айтылған жайларға талдау жасауға тырысады. Ол жастар пікірлерін бетке ала отырып, қалың бұқара мен зиялы қауымды бөліп тастайды. Жерге жеке меншік, орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ету, мемлекеттік сипатын өзгерту туралы мәселелерге қарсы шыққан зиялылардың бәрін автор «национал-патриоттар» қатарына қосады. Бұлар кеше «коммунизмнің» моральдік кодексінің жырын жырлап еді, енді, «национал-патрио­тизмнің» қосығын тартып отыр деп айыптайды. Журналист А.Самойленконың  ұшқары пікірлері ұлт намысын қоздырды. Міне, бұл жөнінде қарт журналист-жазушы Ә.Жұмабаев ашына отырып, өз ой-пікірін ашып жазады. Ресей журналисін тәубеге келуге, ақ сөйлеп, адал ойлауға  шақырады (Түркістан. 1995. 15 наурыз). 
Ресейлік «Известия» газетінің Қа­зақстандағы  меншікті  тілшісі  Владимир Ардаевтың елімізде жүргеніне талай жылдар болды.  Сонау 86-жылғы Желтоқсан көтерілісіне империялық тұрғыда баға беріп,  «Известия»  газетінде құлаш-құлаш материалдар жариялаған, қазақтың зиялы қауымына азу тісін батырған, сөйтіп мақалалар арқылы отқа май құйған осы Ардаев болатын. Еліміз  тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның  ішкі-сыртқы саясатына кірісіп, қақ­пайлап ойнау, мемлекетаралық ірі сая­сатта ел Президентінің істемегенін істеді, жазбағанын жазды дей салу, мем­леке­тіміздің ішкі саясатының  ең осал тұсы  – Тіл туралы заңды бұрмалап, небір құйтырлыққа бару, т.б.  В.Ардаевтың  қашаннан бергі позициясына айналып кеткен. Мұның бәрі дәлелдеп отыруды қажет ете қоймайтын басы ашық мәселе.  Публицист М. Ақдәулетұлы Ардаев сияқ­­­тылары «ардақтаудың», арқасынан қағу­дың аңғалдық, дәрменсіздік екеніне тоқталады.    
Қазақстанда сөз бостандығы дәуірледі. Бірқатар орыс тілді басылымдар үшін демократия мен сөз бостандығына монополия жасау, жас мемлекет үшін қауіпті факторларға – «мүддесі белгісіз ойыншыға» айнала салу түк емес. Бұлардың бәрінің басында «Караван» тұрды. Бұл алпауыт басылымның қазақы болмысты онша ұната қоймайтыны, қазақ тілі мен ділін үнемі кемсітумен келе жатқаны, қазақтың мүддесіне қарсы пікірлер таратудан жалықпайтыны мәлім еді. Ұлттық намысты жоғары ұстаған М.Ақдәулетұлы, А.Әлім, т.б. публицистер «Караванмен» ашық майданға шықты. Таралымы жағынан шарықтап өсіп, бүйірін қампита түскен «Караван» газеті өзінің алғашқы шыға бастаған кезінен-ақ, империялық өктемдік пиғылын аңғартумен болды. Демократия мен сөз бостандығын бүркемеленген басылым айылын жимады десек, артық айтқандық емес.  Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары оның бәрі де қалыпты, үйреншікті іске  айналғандай еді.  Сондықтан да болар, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы кезекті бір мақаласын «Енді бірер жылда Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын да, тәуелсіз еліміздің билігі мен байлығының иесін де өзге емес «Караван» газеті белгілеп беретіндей болып жатса, таңдануға болмайтын шығар. Мұны «Караван» өзі де айқын сезіне бастаған секілді. Бұған мысалды мыңдап келтіруге болады. Мәселен, газетте жарияланған «Г-н Алим нашел врагов народа» атты мақала соның айғағы…», – деп, ашу-ызамен бастайды.
Түсінікті болу үшін мәселенің мәніне келейік: публицист Аманхан Әлім «Караван» синдромы біздің халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне зиянын тигізіп, оның тіліне, менталитетіне, діні мен намысына тиісіп отыр» дей келіп, Тіл туралы заңды өзінің ескі тәсіл – «әрі итеріп, бері жаққа» салған «Караванға» деген ашу-ызасын білдіреді. Автор қалып­тасқан жағдайға байланысты «Сион данышпандарының протоколдарынан» сөз орайында үзінді келтіріп өтеді.  «Ка­ра­ванның» – «ұстата қоймайтын» тұс­палдарымен өзінен өзгенің бәрін кемсітетін байырғы тәсіліне тоқталып, сөз соңында осы газеттің тенденцияшыл позициясына байланысты сонау бір замандарда В. Розанов айтқан пікірді келтіреді: «Қазір де әр редакцияда өз Франгі, өз Любовь Гуревичі отыр. 
Олар жазбайды немесе аз жазады. Бірақ олар басқарып, бағыттап отырады. О, холдеялық  жұлдызшылар. Сендер өз гороскоптарыңды білесіңдер». А.Әлімнің жазғаны осы. Осы мақаладан соң  «Караван» байбаламға басады. Оның астарында ескі тәсіл – өзгешелеу ойлайтын жұртты қорқытып қою, үрей себу, қайткенде де азиаттықтарға «Караванның» құдірет­тігін білдіру – «өзгеге сабақ болсын» деген пиғыл жатыр еді. Бұдан арғысы – «Караван» А.Әлімді соттатпақшы да болды: «Біздің пікірімізше, Әлім мырзаның шимайында «Караванның» кейбір қызметкер­лерінің ұлттық ар-намысын қорлау бар да, шимайдың өзі ұлтаралық араздықты тұтатуға бағытталған».  
Публицист М. Ақдәулетұлы жоғары­дағы мақаласында әріптесі А. Әлімді «Караванның»  қаныпезерлік шабуылынан жанын сала қорғады. Автор «Караван» құдіретінің құпиясына үңіле келе, «тәуелсіз» газеттің «А.Әлім мәселесінде» тым асыра сілтеп жібергеніне егжей-тегжейлі тоқталады. «Демократия мен сөз бостандығын ешкім де «жекеше­лендіре» алмайды, – деп, ашына жазады публицист, – ал «Караванның» бүкіл қызметі – «менікі дұрыс!»-тың «демо­кратиясы».  Бұған мысалды мыңдап келтіруге болады. …«Караванның»  А.Әлімге қатысты қылығынан демокра­тияның, сөз бостан­ды­ғының емес, 1937 жылдың иісі шы­ғады. Әйтпесе ұлтын сүйгеннің, соның жоғын ашына айтқанның бәрі Геббельс болып шығатын болса,  «геббельстіктен»  қаш­қанда кім боламыз?». 
Публицист   мақаласының    құнды­лығы сонда, ол өзінің әріптесі А. Әлімді шо­ви­нистік өктемсуден қорғай отырып,  «Караванның» Қазақстандағы ақпарат кеңестігіне толық қожа болуының қыр-сырын жілікше шағып, байсалдылықпен талдап береді.    
Қазақ «іштен шыққан жау жаман» деп, тегін айтпаған. Өзі оқыған, ғылыми атақ-дәрежесі бар, өзін қазақ санай отырып, орысша сөйлеп-жазып, орысша ойлайтын, солардың сойылын соғатындар өз арамыздан шығып жатса не шара? Және олар дегеніміз аз да емес. Олардың туған ұлтына қарсы бағытталған адам жанын түршіктіретін ой-пікірлері орыс тілді тәуелсіз басылымдар мен телеарналардан жария етіліп жатса, бұған қалай шыдарсың?!     
Еліміздегі сондай «жазғыш» жаңдардың бірі марқұм Нұрболат Масанов болды. «Караван» газетінде «Мало их мочили …» деген тақырыппен туған халқы туралы адам жанын түршіктіретін, ой-толғамға келмейтін, өзіндік шектен шыққан тұжырым-кесімі жарық көрді. Сонымен Н.Масанов: «Все уперается в казахский менталитет. Уроды! Их урыть надо – и все! У них нет будущего. Вот те казахи, которые вырвались из мамбетского, колбитского состояния – я, Кажыгельдин, Косанов, Габдуллин, другие – мы все мы вырвались, мы будем нормальными людьми, наши дети и так далее», дей келе өз халқына топырақ шашады. Космополиттік бағыттағы батысшылдардың сойылын соғып, ұлт намысын таптайды… Әрдайым ұлт намысын жоғары ұстап келе жатқан, оны өзінің отты материалдарымен дәлелдеп жүрген публицист Аманхан Әлім Масановтың жоға­рыдағы шығармашылығын егжей-тегжей талдай отырып, жауап береді (Масанов камердинер емес пе осы? // Қазақ әдебиеті. 1998. 19 масым). 
«Кей кейде маған Масанов камердинер секілді көрінеді, – дейді публицист. –  Камердинерде ар-намыс, тіпті болмаған жағдайда адалдық та жоқ. Бүгін бір қожайынға қызмет етсе, ертең екінші… үшінші… қожайынға қызмет етіп кете береді. Қарын тоқ болса. Оны айтасыз, тіпті бір сәттерде аталған мырзаны люмпен бе деп те қалам. Тапсыз топтың «оқыған» өкілі ол антогонистік қоғамның типтенген көрінісі. Яғни, өзегіне құрт түскен бір буынды қалыптастыратын қоғам зиянкестері».     
А.Әлім Масановтың соңғы жылдардағы қазақ туралы айтқан сөздері мен ойларын келтіре отырып, космополиттік-либерал бюрократтың ел алдындағы сатқын­дығы­на қалың оқырманның көзін айқын жеткізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдердегі бұқаралық ақ­парат құрал­­дарында Қазақстанның бола­шақта Түркияның немесе Кореяның, не Сингапур­дың даму жолын таңдауы мүм­кін дегендей жорамал жасаған материалдар жарияланып жатты. Ал, Президент Н. Назарбаев қандай жағдайда да елдің өз даму жолын таңдайтындығын қайталаумен болды. Осы және өзге де көптеген мәселелерді шешуде республика бұқаралық ақ­парат құралдарының рөлі ерекше еді. Халық­тардың  еркіндікке, өзін-өзі айқындауына және ел тәуелсіздігіне деген қуатты серпілісінің нәтижесінде коммунистік идеология  толық істен шықты, ал  бас­пасөз әлеуметтік-саяси институт ре­тінде Қазақстанның өз тағдырын қалай шешетіндігіне, оның өз болашағын көз алдына қарай елестететіндігіне, өз кү­шіне деген сенімділігіне байланысты көптеген мәселелер бойынша жария­лымдарға кең өріс ашты. Осы ретте бірқатар газет-журналдар өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезіне отырып, елдің жарқын болашағына қарай бағытталған жаңашылдық, іскерлік үдерісін берік ұстауға нық қадам жасай бастады. Оның астарында, ең бірінші кезекте, тәуелсіз ұлттық мем­лекет жағдайында ғана мүмкін болып отырған ұлттық идентификация, ұлттық бірегейлік проблемаларын шешу жатыр еді. Міне, дәл сондықтан да Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік егемендікті ту ете отырып, қазақ мемлекеттілігін дамыту мәселелеріне баса көңіл қойды. Әлеуметтік, саяси, экономикалық және басқа да даму жоспарларын жүзеге асыру жергілікті этностың сана-сезімінің өркендеуі  мен идентификациялануынсыз мүмкін емес екендігі дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат. Ал, бұл проблеманы тек күшті мемлекеттіліктің арқасында ғана шешуге болады. Сондықтан да республика баспасөзі Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары, XXI ғасырдың ал­ғаш­қы онжылдығында да мемлекеттік құрылыс мәселелерін тұрақты назарда ұстады. Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің унитарлық тұтастығы, оның территориясының мызғымастығы мен бірлігі, күшті президенттік билікке негізделген күшті егеменді мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тақырыптарына барынша зер салып отырды. Газеттер мен журналдарда осы және өзге де өзекті  тақырыптар «Тәуелсіздік баянды болсын десек…», «Уақыт», «Қоғам», «Қазақстан-2030»,  «Бас редактор бағаны», «Әкімшілік реформасы»,  «Өзекті мәселе»,  «Тол­ғаныс», «Президент Жолдауы», «Публицистика», «Президент», «Көзқарас», «Парламент» және басқа да айдарлармен тұрақ­ты берілетін болды.     
Осындай айдарлармен берілген материалдарда экономиканы либеризациялау, нақты қатынастардың заңдылық және институциональды базасын құру проблемалары талқыланып, саяси және басқа да салаларда кездесетін қиындықтар туралы айтылды. Бұл жарияланымдар көбіне-көп сыни тұрғыда болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы баспасөз материалдарында Қазақстан басшылығының дамудың қандай жолын таңдайтындығы жөніндегі қызу пікірталастар жүргізілді: социалистік, дәстүрлі, либеральді даму жолдары сарапқа салынды. Социалистік даму жолы жөнінде әңгіме болуы мүмкін емес еді. Өткенге оралудың кері кетушілік екені баршаға белгілі болатын. Ал, дәстүрлі  даму жолына келер болсақ, ол қазіргі кезге дейінгі әлемнің заманауи құрылымына альтернатива ретінде қарастырылады. Кейбір журналистер одан ұлттық мемлекеттіліктің идеалық даму базасын көреді. Осы орайда олар мұның рулық қатынастарда шиеленіске алып келу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Кеңестік дәуірдегі қайта құру кезеңінде және тәуелсіз дамудың алғашқы жылдарында рулық қатынастар өзінің ренессансын бастан өткізді. Олар қоғамды дүрбелеңге бөлеп, дискуссиялар жүріп жатты. Бұл жөніндегі ел басшылығының позициясына келер болсақ, дәстүрліліктің мемлекет дамуына идеялық негіз бола алмайтынына айқын көз жетті. Дегенмен де, мұның жаңа қоғамдық құрылысқа ықпалы мен маңызын жоққа шығаруға болмайтын еді.  Президент Н.Назарбаев 1993 жылдың 12 мамырында «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық  бірлігінде» тұрғысында сөйле­ген сөзінде «Ұлтаралық келісімді нығай­тумен қатар, Қазақстан қоғамының бір­лесуі идеясын жүзеге асыра отырып, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту  да ма­ңызды. Қазір бұл мәселе орын алып отыр, сондықтан, міндет ұлттық идеяның бі­рік­тіруші, сындарлы рөл атқаруында жа­тыр. Қазақтардың ішіндегі жүзге, руға, аумақтық топтарға бөлінудің тарихы мен табиғатын оның өткен уақытта және казіргі   кезде қоғамның дамуына әсерінің әр түрлі сипатын зерттеу тұрғысынан әлі де ой елегінен өткізу қажет. Бірақ, мәселе мынада, қазір ұлт ішіндегі бөлінудің жаңа, тіпті де зиянсыз емес үрдісі пайда болды. Қоғамдық өмірдің демократиялануын, аймақтардың белгілі бір дербестігін жергілікті үстем топтар ресурстарға жеке-дара бақылау жасау тұтқалары ретінде пайдалана бастады. Рулық тамыр-таныстықтың, туыстық және аумақтық бөлінудің әр түрлі формалары өкімет құрылымдарында, қаржы және коммерция салаларында өркен жая бастады», – деді.    
Ел Президентін қазақ халқының даму­дың қандай жолына түсетіндігі ұдайы толғандырумен болды. Ол қазіргі жағдайда тұңғыйықтан тек либеральды идеяның ғана алып шығатынына нық сенімде еді. Елбасы бұл жөнінде ұдайы айта жүріп, мінез-құлық пен идеяларды қас-қағым сәтте өзгерту мүмкін емес екендігін, оны өркениетті тәсілмен шынайы реформаларды жасау негізінде адамдардың саяси мәдениетін жаңғырту қажеттілігін басты назарда ұстады. Сонымен, тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарынан бастап-ақ Қа­зақ елінің,  Елбасының   бұлжымас  Стра­тегиялық бағыты республикада жаңа демократиялық қоғам орнату болып табылды. Соның жарқын дәлелі – 1991 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіз­дігі туралы» Конституциялық  Заңда  және 1993 жылы қабылданған  Қазақстан  Республикасының  Конституциясында де­мо­­кратиялық қоғам мен құқықтық мем­лекет құру жөніндегі міндеттердің басты бағыт ретінде  айқындалуы.  Ал,   1995 жылы қабылдаған  Ата Заңда  қо­ғамды одан әрі демо­кратияландыруға басым бағыт берілді. Бір сөзбен айтқанда, де­мокра­тиялық   даму   Қазақстанның ерік­ті таңдауы болып табылады. Бұл  қазіргі жаңа қазақстандық мемлекеттің идентификациялануына, ұлттық  бәсекелестікке қабілетті халықтың шоғырлануына мүмкіндік берді. Тәуелсіз бұқаралық ақ­­парат құралдары әлеуметтік-саяси инс­­титуттардың бірі ретінде шынайы демократияның маңызды элементіне айналып, ұлттар мен ұлттық мемлекетті ұйыстыруда қуатты құрал болып отыр. 
Конституция, шын мәнінде, саяси плюрализм мен көппартиялылықты қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда ірі саяси партиялар, олардың арасында оппозициялық бағыттағы да, елдегі саяси процестерге өз әсерлерін тигізуде.  Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы көш бастап келеді. Үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде. Олардың саны 1995 жылы 400-дей болса, 2005 жылы 5000-нан асты. 
Еліміз  Тәуелсіздіктің    25 жылға   таяу     уақыты ішінде саяси, әлеуметтік-экономи­калық, мәдени салаларда түбірлі өзгерістер жасай отырып, ұлттық саяси-экономикалық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді  жаңғырту жолында аса күр­делі үдерістерге кең өріс ашты. Міне, бұл қоғамның барлық саласын  қамтып, жаңа сая­си құрылымдарды дүниеге әкелді. Әсіресе, мемлекеттік басқарудағы, саяси жүйедегі мүлдем жаңа қайта құрулар, ақпараттық кеңестіктегі айқындық, ашықтық, тағы да басқа салалардағы түбірлі өзгерістер қазақ қоғамына тән қалыпты құбылысқа айналды. Қоғамдағы саяси жаңарулардың түбегейлі нәтижесі президенттік институт, кәсіби парламент, көппартиялылық, азаматтық қоғам, үкіметтік ұйымдар, тәу­ел­сіз бұқаралық ақпарат құралдары сияқты жаңа құрылымдарды дүниеге әкеліп, қалыптастырды.     «Күрделі де көп қырлы мәселелердің бірі, – деп жазады саясаткер Г. Нұрымбетова, – еліміздегі прези­денттік институттың қалыптасуы. Қазақстан Президенті бүгінгі күні мемлекет басшысы, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағытын аңықтаушы және Қазақстанды ел іші мен халықаралық қатынаста көрсетуші ең жоғарғы қызмет иесі болуымен қатар, әлем мойындаған көшбасшыға айналып отыр. Ал президенттік   институт еліміз­дегі демократиялық өзгерістерді жүзеге асырудың іргелі негізі. Бірақ  Президент  институты кеңестік саяси жүйеде бұрын-соңды болмағандықтан, оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі орнын аңықтау барысында көптеген қиыншылықтарды еңсеруге тура келді. Олардың қатарында, атап айтқанда, президенттік  институтты ендіру мемле­кеттік басқарудағы түбегейлі өзгерістерге бірден әкеле қоймағаны, оның басқа билік  тар­мақ­тарымен қарым-қатынасын рет­тейтін механизмнің болмауы сияқты мәселелер  тұрды.     
Келесі  бір іргелі мәселе – демо­кра­тиялық құндылықтар мен демокра­тиялық саяси институттар мәсе­лесі. Қазіргі  заманғы демократиялық қоғам мен саяси жүйені дамыған партия­лық  құрылымсыз  көз алдымызға елес­­тету қиын. Демократиялық режим жағ­дайында азаматтар, әлеуметтік топ­тар мен қоғам мүдделерін шыңайы саяси үдеріске партиялар айналдыра алады. Осы мүдделерді білдіру тұрғы­сынан алғанда саяси партиялар азамат­тық қоғамның басты тірегі».     Тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалайтын атрибуттар жөнінде әңгіме қозғағанда, оның аса маңызды элементі саналатын жүйесін құру бағытындағы жүзеге асқан мәселені айтпай кетуге болмас. Ұлттық валютаны айналымға енгізу егеменді қазақстандық мемлекеттікті құру жолындағы ең алғашқы батыл қадам­дардың бірі болды. Еске түсірейік. Республикалар өздерінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Ресей мен ТМД-ның өзге бес елі жаңа рубль аймағын құру жөніндегі келісімге қол қойды. Сол кезде-ақ, Ресейдің оған қандай да бір мемлекетті болмасын араластыра қоймайтыны түсінікті болды. Бұл оның осы аймақта болатын өзге мемлекеттерге тиімсіз шарттар қоюынан-ақ айқын аңғарылған еді. Ол бойынша өзге мемлекеттер ең алдымен, Ресей мүддесін көздейтін жүйенің тұтқынына айналар  еді. Тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстан алдында мынадай диллема тұрды: біртұтас рубль аймағында қалу керек пе, әлде өз болашағына өзі жауап беруге қабілетті ұлттық валюта енгізуге батыл қадам жасау керек пе?  Ел тағдырындағы аса маңызды бұл мәселе 1992 жылдың көктемінен бастап қолға алынып, өзіндік ақша бірлігіне көшу құпия жүргізілді. Олай етпеген жағдайда бұл жөніндегі ақпарат халықты мазасыз күйге түсірген болар еді. Баспасөзде осы мәселе жөніндегі сандаған келісімдердің қорытындылары ғана жарияланды. 
Президент Н. Назарбаев 1993 жылғы 12 қарашаның кешінде ұлттық телевизия арқылы сөз сөйлеп, 15 қарашада таңертеңгі 8-ден бастап Қазақстан аумағында өзіндік ұлттық валюта-теңгенің айналысқа түсетінін мәлімдеді. 13 қарашада елдің барлық газет­терінде «Қазақстан Республикасында ұлттық валютаның енгізілуі туралы» Президенттің Жарлығы жарияланды. Теңге ел өмірінде оның экономикалық тәуелсіздігі, мемлекеттілігі мен күш-қуаты негіздерінің символы ретінде ғана рөл атқарып қойған жоқ, сонымен қатар оның халықаралық аренадағы беделінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның бедерінде қазақ халқы мен оның мемлекеттігін қалыптастыру жолында тер төккен  ұлы да тарихи тұлғалар бейнелері көрініс тапты. Бұл ұлттық мақтаныш сезімін асқақтатты, кеңес өкіметі кезін­де теңгеде бейнеленген ұлылардың кейбірінің есімдерін еске алуға да тыйым салын­ған болатын. Міне, осы актіден кейін Қазақстан газет-журналдары бұл шара­ның мәжбүрлілігі мен қажеттілігін белсенді түрде түсіндіруге көшті. Ел баспасөзінде ұлттық валютаның төлем жүйесінде берік орнығуында алда қандай қиындықтар тұрғаны, оған деген сенімділік дәрежесін арттыруда не істеу қажеттілігі туралы материалдар үзбей жарияланып жатты. Жарияланымдарда бұл үшін импортты және экспортты баж салығын теңге  төлеміне көшіру, бөлшек саудада шетелдік валютаға  тосқауыл қою, бартерлік операцияларға жол бермеу, т.б. мәселелерге баса назар аударылды. Мерзімді басылымдардағы түсінік-анықтамалық материалдар тұтас елдегі жағдайды, ұлттық нарық финансын тұрақтандыруға мүмкіндік берді: шындығына келгенде халық ұлттық валютаны енгізуге психологиялық жағы­нан  әзір емес еді, ақша-кредиттік қа­таң саясат оны қолдау барысында қарсыластардың да бой көтеруіне  әкеліп соққан еді. Сондай-ақ, басылымдарда купюрдегі бейнелердің берілу мән-маңызына да түсінік беріліп отырды. Бұл тақырыптың маңыздылығы сонда, өз валютасына деген қатынастағы құрмет сезімін оятып, қалыптастыру адамдарды біріктіріп, топтастыра түсуге бағытталды. Ұлттық валютаны енгізудегі күрделі жағдайдың бірі Қазақстанда әлі де болса мемлекеттік тиісті қаржы-экономикалық құрылымдардың толық құрылып бітпе­гендігіне байланысты болды. Бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында оларды құру жөніндегі жұмыстардың қалай жүргізіліп отырғаны да көрініс тауып жатты.  Оларды, нақтылап айтқанда, Қаржы минис­трлігінің  шын мәнінде қалай қайта құ­рылғаны, Салық комитеті, Кеден коми­теті,  Ұлттық банк қызметтерінің ұйым­­дастырылғаны айтылды. Көптеген за­меткаларда, мақалаларда, сұхбаттарда, есеп­тер мен корреспонденцияларда және тағы басқаларда білікті кадрлардың же­тіс­пеушілігі проблемаларының қалай ше­шіліп жатқандығы, бюджетті жоспар­лау­­дағы кездесіп отырған қиын­дықтар хабарланып отырды. Газеттер мен жур­нал­дарда  экономика   саласындағы  қа­лып­­тасып  отырған күрделі жағ­дай­ларға байланысты дамудың болуы мүмкін түрлі сценарийлері, сан алуан болжамдар айтылумен болды. Авторлардың көпшілігі қалыптасып отырған қиын­дықтарды сергек оймен бағалай келе, Тәуелсіз жас Қазақстан мемлекетінің өз күшіне, потенциалына сүйене отырып, алда тұрған болуы мүмкін қиындықтарға төтеп беруі қажеттілігін басты назарда ұстады. Осы орайда, сондай-ақ, елдегі орын алып отырған қиын экономикалық тығы­рықтан шығуда шетелдік тәжірибені өз еліміз бен жекелеген мемлекеттердің экономикасымен тығыз байланыстыра отырып, пайдалануға шақырған мате­риалдарға да орын берілді.     
Ел тағдырындағы аса өзекті бұл мәсе­лелер жөнінде ұлттық басылымдардағы жарияланымдар легі XX ғасырдың соңғы онжылдығында толассыз шығумен болды. Бұл проблема XXI ғасырдың алғашқы он­жылдығында да маңызын жойған жоқ. Баспасөз материалдарында Қазақстанның қандай үлгіде дамуы тұрғысындағы пі­кір-таластар жүріп жатты. Осы орайда «Қазахская правда» газетінің тұтас екі бетінде жарияланған «Қазақ барысы» оңтүстік-шығыс «жолбарыстарын» қуып жете ала ма?» атты көлемді пуб­ли­цис­тикалық мақала  назар аударады (2005. 13 шілде). Автор Қазақстанның қазір­гі шақта Орталық Азия мен ТМД-да көшбасшы елге айналғанын айта келе, «Қазақ барысы үшін дамудың қандай моделі табыс соқпағы болады?» деген сауал төңірегінде ой қозғайды. Г. Шекей  халқымыздың идентификациялық па­ра­ме­тр­лерін келтіре отырып, оның дамуының қазіргі кездегі деңгейі   жөнін­де пікір айтады. Ол мемлекеттік құры­лыста әлемдік тәжірибені белсенді пайда­лануға шақырады. Публицист Ма­­лай­­зияның қандай жолмен биікке кө­те­­рілгенін тілге тиек ете отырып, мына жайларға назар аударады: «Өз дамуының бастапқы кезеңіндегі Жапония сияқты ұзақ уақыт Батысқа қарап бой түзеп келген Малайзия Батыстың бұрынғы динамизмінен айырылып, тоқырауға тап болып отыр­ғанын түсінді. Сондықтан да, ел «пози­тивті этникалық дискриминация»  саясатын жүргізе бастады, бұл жергілікті тұрғындар-малайлықтардың ел өмірін­дегі рөлінің арта түсуіне мүмкіндік ту­ғызды, нақтылап айтқанда, малайлық ұлт­шылдық антиколонизммен бір сапта мемлекет дамуы мен гүлденуі жолындағы саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс болды. Көптеген параметрлер бойынша  Қазақстанның Ма­лайзиямен ұқсастықтары бар. Тек  енді оның эконо­микалық алға басуы мен ұлттық өрлеу жолын қайталау ғана қалып отыр». Бұдан әрі ол Қазақстанның Сингапур мем­лекет-қаласының тәжірибесіне көңіл аудару қажеттігіне тоқталды. Сингапурдың шенеуніктері де періште емес, сирек те болса шенеуніктің сыбайлас жемқорлықпен бай­ла­нысы сезіліп, дәлелденсе, ол бірден-ақ елден қуылады.     
Бұл жерде автордың меңзеп отырғаны мынау: егер Қазақстан коррупция­мен аты шыққан әлемдегі 136 ел қатарындағы ті­зімде 122 орынды иеленіп отырса, мұн­дай масқаралықтан құтылуда синга­пур­лықтардан үлгі алуы қажет. Қоғамда кор­­рупцияға, сыбайлас жемқорлыққа дем бе­ріп отыратын жекелеген топтардың бар екен­дігі, тамыр-таныстықтың, жең ұшынан жал­ғасудың, парақорлықтың шектен шығып кеткені құпия емес. Ең өкініштісі сол, мұның шырмауында мемлекет пен биліктің жекеленген өкілдерінің болуы. Міне, бұның бәрі, журналистің пікірінше, ұлттық мемлекеттік құрылысқа үлкен нұқсан келтіруде, көп­теген диаспоралардан құралған тұтас қазақ­стандық халық пен мемлекет құраушы жергілікті қазақ ұлтының бірігуі міндеттерін барынша күрделендіре түсуде. Республика баспасөзі  коррупция, сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты қоғам өзегіндегі жегі құртқа айналған мәселелерге ұдайы баса назар аударып, бітіспес күрес ашты. Бұл ретте ел Президентінің коррупциямен күресті күшейту жөніндегі Жарлығы бағдаршамға айналып отыр. Осы орайда республикалық беделді газеттер «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан», т.б.  газеттердегі материалдар ерекше назар аударады. Сондай-ақ, «Ақиқат», «Парасат», т.б. журналдары да осы өзекті мәселеге ұдайы айналып соғып отырады. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, мемлекет тұтастығы, оның шека­расының мызғымастығы мәселелері Қа­зақстан публицистикасындағы басты тақы­рыптардың біріне айналып келеді. Бұл мә­се­леде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде былай деп жазады: «Ұлттық аумақтың кішкентай бір бөлігін жоғалту – саяси оқиғалардың географиялық салдары ғана болып саналмайды. Оның ең терең зардабы – ол ұлттық өзіндік сана нысанының өзгеруіне әкеліп ұрындырады.  Әңгіме тек жерге байланыс­ты аумақ атаулының мызғымастығы жайында болып отырған жоқ, оның белгілі мөлшерде, тіпті ересен елеулі мөлшерде ұлттық төркінділіктің бірден-бір белгісі ретінде, өте-мөте нәзік және терең ұғымға айналып кететіндігінде болып отыр».
Тәуелсіз  Қазақ елі мемлекеттілігін қа­лып­тастыру жолындағы ауыр да қиын кезең артта қалды. Ең бастысы, шынайы мемлекет болып қалыптастық, басқаға үлгі боларлық елге айналдық. Өз әскері, нарықтық экономикасы, білім-ғылым жүйесі бар, еш­кімнен кем емес егемен елміз. Көгілдір ас­панымызда көк Туымыз желбірейді, қазақтың қара шаңырағы бедерленген Елтаңбамыз бар, Әнұранымыз асқақ естіледі! Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі Тәуелсіздігі ұлт тарихындағы аса маңызды өзгерістермен сипатталады. Ұлт­тық психологияда терең өзгерістер жүріп жатыр. Қалыптасып қалған бір қоғамдық формациядан мүлдем жаңа фор­мацияға өту дегеніміздің өзі мәні аса зор тарихи құбылыс. Қазір қоғамда санасы белгілі бір идеологиялық штамптармен, схемалармен уланбаған мүлдем жаңа ұрпақ өсіп келеді. Мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты. Дегенмен де, бұл айтқандарымыздан қазақ қоғамының барлық проблемалары толық шешімін тапты деген пікір тумаса керек, азамат­тардың сана-сезімі тұрғысында әр­қилы пікірлер туындап жатады. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарындағы жекелеген авторлардың материалдары мысал бола алады. Осындай жариялымдарда негізінен алғанда қазақстандық мем­лекеттілік, оның демократиялық сипаты, саяси жүйенің орнығуы туралы талқылаулар мен берілген бағалар, қара­ма-қайшылықты ой-пікірлер толқыны көрініс табады.
Қазақстандағы мемлекеттік құрылысқа баға берудегі ой-пікірлер алуандығына қарамастан, бұқаралық ақпарат құралдарын тұтастай алғанда және жүйелерді жекелей алғанда қоғамды шоғырландыруға бағыт­талған идеяларды өріс алдыруға шама-шарықтарынша қызмет етуде. «Ең бас­тысы, кейінгі жылдары азаматтардың сана­сында түбегейлі психологиялық өзгерістер болды, – деп, жазды Президент Н. Назарбаев бұл тұрғыда. –  Бұрынғы КСРО-ны көксеу сезімі жаңа Қазақстан мемлекеттілігінің азаматтығын сезінумен алмасты… Біздің замандастарымыз ендігі үміттерін Қазақстан басшылығымен тікелей байланыстыратын болды, бұл – өте үлкен табыс». 
Қазақ елі тәуелсіздігінің ширек ғасырлық уақыттағы арайлы өзгерістерінің ең негізгісі – ұлттық мемлекеттік болып табылады. «Мемлекеттік» пен «еркіндік» ұғымдары сабақтас. Тәуелсіздік жолындағы қазіргі қадамдар жарқын болашаққа деген сенімді нығайта түскендей. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты, саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени салаларда түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр.     «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің таңсәрісінде елдің саяси басшылығы алдында, – деп жазды кезінде республика Президентінің кеңесшісі, профессор Е. Ертісбаев, – бас­қарудың әкімшілдік-әміршілдік әдісінен дамыған демократиялық елдер­дің озық жетістіктеріне негіз­делген технологияларға көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемле­кеттік құрылыстың жаңа жүйесін қалып­тастыру мәселесі тұрды.  Оның үстіне кезең-кезеңді, логикалық тұрғыда мы­ғым елді саяси модернизациялау ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жария­лаған «алдымен экономика, сонан соң саясат» реформасының моделі негі­зінде жүргізілді. Экономикалық ре­фор­маның бүкіл өн бойында саяси жаң­ғыру мәселелері қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және кон­фессияаралық келісім­ді қамтамасыз ету арнасында жүргізілгенін атап өту қажет.  Қазір біз мемлекет басшысының «Қазақстан-2030» Стратегиясында, Қа­зақ­­станның әлемдегі бәсекеге қабі­летті 50 елінің қатарына  ену Стратегиясы­на және Президенттің  «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында тұжырым­далған ел дамуының ұзақ мерзімді сер­пінді дамуына жауап  бере алатын логи­калық тұрғыда мығым саяси модер­ни­зациялаудың куәсі болып отырмыз». 
Тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік құрылыс мәселесінде қазақ халқының ежелден тән болып келген басқарудың  жекелеген формаларын өркен жайдыру үлкен маңызға ие. Осы арада ақсақалдар кеңесінің республика өміріндегі алатын орнына тоқталайық. Бұл жерде, ең алдымен, сан қырлы, өзекті мәселелерді шешуде олардың өмірлік тәжірибелерін, кемелденген байыпты да салиқалы ақыл-ойының әлемдегі барлық халықтарда мойындалатынын баса айту қажет. Ал, Шығыста үлкендерге құлақ асудың, оларға тағзым етудің көп ғасырлық дәстүрі бар екеніне ешкім де қарсы дау айта алмаса керек. Ақсақалдардың түрлі мемлекеттік мәселелерді шешудегі рөліне, айталық, Түркіменстанда айрықша мән беріледі. Алайда, жасыратыны жоқ, ру-тайпалық қатынастар бар қазақ қоғамында ақса­қалдар кеңесін құрудың өзіндік қиын­шылықтары болатыны белгілі жайт. Басқару органдарының құрамына кірген жекелеген жандардың рулық мақсат-мүддені көздеп кетпейтініне ешкім де кепіл бола алмайды. Жалпы, қазақ қоғамының өркениетті жолмен қалыптасуында рушылдық, жершіл­дік  дерттің тигізіп отырған теріс ықпал-әсері жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» деген еңбегінде Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдардағы орын алған қиындықтар мен өзекті мәселелерді ой елегінен өткізе отырып  «Бүгінгі дербес мемлекеттің алғашқы кезеңі тудырған жалпылық желіктің нәтижесінде ұлттың өзін-өзі тануға деген ынтасының қарқын ала бастауына шалағай мамандар ара­ласқан кезде өзінің өткенін білуге деген табиғи ұмтылыстар, түптеп келгенде, әркімнің ойына келгенін бопсалап соғуына, өзін-өзі дәріптеп, өзінің ата-тегін асқақтатуға  тырысушылыққа алып келіп отыр. Бұл ахуал Қазақстан азат­тығының алғашқы екі жылында ай­рықша етек алды. Ұлттың этногенезі мен тарихын өз «руының төбешігіне» шығып алып жазатын тұрпайы тарихшылар қаптап шыға келді», деп жазады. Мемлекет құраушы жергілікті ұлт – қазақтардың бойындағы рушылдық, қала берді жершілдік дерттің тұтас ұлт ретінде ұйысып, даму жолында тигізіп отырған кесел-кесапаты жөнінде республикалық, ұлттық баспасөзде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.
Ұлттық даму жолында сиықсыз сипат алып отырған осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде ұлт мүддесін жалаулатып жүрген елге танымал фило­соф-ғалым Амангелді Айталының өзек­жарды пікірі терең ойға жетелейді: «Ниги­­лизмге шалдыққан ұлттың өкіл­дері, – дейді философ, – ұлттық ішкі байланыстарының әлсіздігіне, ұлттық намы­сының төмендігіне қарамастан, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі тірлігі көбіне ұрандатудан, болмаса дау­рығудан, бас иіп қостаушылықтан ас­пайды. Бүгінгі қазақтың психологиясында олардың әртүрлі жағымсыз көріністері байқалады. Қазақтың қонақ­жайлылығы – жалпақшешейлікке, кіші­пейіл­ділігі – құлдық ұра берушілікке, елдігі – рушылдық, жүзшілдік, жершіл­дік микропатриотизмге, кеңпейілдігі ысырапшылдыққа ұласып жатады. Қа­зақтың мақтанышы бүгін  даң­ғой­лыққа айналды. «Жүз ат бәйгеге  қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз?», – деп Абай айтқандай, бүгінгі қазақтың қуанышы кейде артымызға қарап ма­саттануға сүйенген» (Ұлтшылдық пен ұлтсыздық. Замана зиялылар зердесінде //Егемен Қазақстан. 2012. 27 маусым). 
Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен­дігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ министрліктер мен облыс әкім­дерінің басшылығына тамыр-таныс­тықтан, сыбайлас жемқорлықтан қолы, рушылдықтан санасы таза адамдарды орналастыруды тереңнен ойластырып, осы бағытта қыруар іс жүргізуі, рушылдық ылаңына тосқауыл қою мақсатынан туындаған аса игі шаралар деп қабылдағанымыз жөн. Қазақстанның мемлекеттік идентификациялануы елдің бұқаралық ақпарат құралдарында басты тақырыпқа айналумен келеді. Жоғарыда айтылғандай, жариялымдарда пікірлер сайысына, көкейдегі толғанысты ойларды еркін айтуға еркіндік берілген. Өзекті материалдардың жарық көріп жатуы мемлекеттік идентификациялану процесінің аяқталып бітпегенін айқындай түседі. Республика бұқаралық ақпарат құралдарындағы проблемалық материалдардың көптігі, әркелкілігі жақ­сылықтың нышаны, олай болатыны қалың бұқара осылар арқылы өзекті мәселелердің байыбына барады, қоғам мүшелерінің санасында қазіргі қазақ ұлттық мемлекеттілігінің контуры бейнеленеді, алда тұрған міндеттер, ұлы үрдістер айқындала түседі.     Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қоғам­дас­тықта іргелі мемлекетке айналып ке­леді. Соның жарқын дәлелі, бүгінгі таңда Қазақстанды әлемнің 130-ға жуық мемлекеті мойындады, елде  67 ел­шіліктер мен 19 халықаралық ұйым­дардың өкілдіктері тіркелген. Қазақ елі шетелдерде өзінің дипломатиялық өкілдіктерін ашты, көптеген халық­аралық ұйымдарға мүше болды.  Қазақ­стан Республикасы экономикалық және әлеуметтік даму көрсет­кіштері жөнінен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Дүниежүзі мемлекеттерінің санатында нарықтық экономикалық ел ретінде мойындалды. Қазір дүниежүзі Қазақ елін Орталық Азия аймағындағы дамыған көшбасшы демократиялық ел ретінде таниды.  Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы аймақтағы геосаяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ұлан-ғайыр еңбегімен халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды. Айталық,  2007 жылы желтоқ­санда Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынты­мақтастық ұйымына қауым­дас­қан 56 мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің Қазақстанның осы ұйымға төрағалық қызмет атқаруын мақұлдап дауыс беруі, Қазақстанның 2010 жылғы 3 тамызда осы ұйымға Төраға болып бекітілуі соның жарқын дәлелі болып табылса керек. Қазақстан ТМД елдерінің арасынан аталмыш ұйымға төралқалыққа сайланған бірінші мемлекет! 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда  Астанада ЕҚЫҰ Саммиті табысты өтті, Астана Декларациясы бір ауыздан қабылданды. Осылайша, Қазақстанда әлем тарихында алтын әріптермен жазылған ұлы тарихи оқиға болды! Әлем назары көк Туы желбіреген Қазақ еліне ауды! Қорыта айтқанда, ұлттық мемлекеттік құрылыстың әртүрлі аспектілері Қазақстан журналистикасы пен публицистикасында ой елегінен өткізіліп, халықты алдағы ұлы міндеттерді орындауға тас-түйін жұмылдыруда.  Қазақ­стан баспасөзі орын алып отырған кейбір кемшіліктерді жою жолындағы бітіспес күрестің  алғы шебінде келеді. Республика бұқаралық ақпарат құралдары ұлттардың еркін дамуына өз үлестерін қосуда, осы арқылы ұлттық және ұлттық мемлекеттік бәсекелестік, өзге өркениетті ұлттармен пара-парлыққа ұмтылыс шебі айқындалуда. 

Алдыңғы «
Келесі »