Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: «ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚ ҚАНА ЖАРЫЛҚАЙДЫ»

  • 15.09.2016
  • 754 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманғали ҚАЛЖАНОВ, 
журналист.

Бабаларымыз өркениетке 
үлес қосты

– Мырзатай аға, еліміз егемендігін алар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасынан табылдыңыз. Елбасымыздың тәуелсіздікті орнатудағы рөлі туралы талай жерде айтып та, жазып та жүрсіз. Десек те, оны өз аузынан естісек деген тілегіміз бар.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері, мен егемендікті, ақын болмасам да жырлап келе­мін. Менің жырым да, әнім де – тәуел­сіздік. Елбасына арналған «Бәйтерек» дейтін ән де шығардым. Оның сөзін Несіпбек Айтұлы жазды. Ілгеріректе «Түркістан» газетінде «Мен Елбасының ұйқысыз түндерінің, мазасыз күндерінің куәсімін» деген сұхбатым шыққан. Шындығында да солай. 


Қазақта арғы-бергі заманда небір кемең­герлер, небір хандар, хандардың ханы – Абылай өткен. Небір жыраулар, жыраулардың жырауы – Бұқар өткен. Не­бір даналар, даналардың көсемі – Абай өткен. Небір ақындар, шешендер, батырлар өткен. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Неге дейсіз ғой? Тарихтан біз білетін қазақ даласындағы ерлік пен даналықты, қайсарлықты, көсемдікті, шешендікті үзбей келген ұлыларының барлығы армандаған тәуел­сіздікті Нұрсұлтан Назарбаев орнатты. Мемлекет құрып, оның экономикасын қалыптастырды. Бұл мемлекетті әлемге танытып, мойындатты. Қазақтың есіктегі басын төрге жеткізді. 
Идеологиямен айналысып 
отырған адам жоқ

– Аға, тәуелсіздік жөнінде ел арасында әр алуан пікір бар. Тіпті, оны аспаннан түсе салды дейтіндер де кездеседі. Әрине, біз­дің пікіріміз басқаша. Осы тұрғыдан сіз­дің ойыңызды білгіміз келеді.
– Егемендіктің алдында да, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, жұрттың не боламыз деп, басы шыр айналған кезеңде оның ыстық-суығына көнген, соның рахатын да сезініп, бейнетін де көрген адамбыз. Қа­зақ данышпан, кемеңгер халық. Бірақ, Абай сынағандай қазақтың бір басында кем­шілік те жетіп артылады. Басынан асып төгіліп жатыр десек те болады. Қазақ – қызғаншақ. Өз арасынан шығып, өсіп бара жатқан адамды етегінен тар­тады. Болмаса тобықтан шалып, кеңірдегінен алады. Президенттің өзін кеңірдектен алғанды да көзіміз көрді. Бірақ Құдайға тәуба, адам мұрны қанаған жоқ қой.
Мен кезінде бес жыл идеологияны басқарған адаммын. Қазір идеологиямен арнайы айналысып жатқан ешкім жоқ. «Егер сен идеологиямен айналыспасаң, идеология сенімен айналысады» деп мен үнемі айтып келемін. «Осының зардабын шекпесек екен» – деп мен Құдайдан тілеп жүремін. Тәуелсіздік алғанымызда заман тудырған небір қозғалыстар пайда болды. Нешетүрлі қимыл-әрекеттер болып, жұрт жиналып алып даурықты. Егемендікке жете алмай жүрдік қой, соның бәрі бізге не керек еді? Біз  азаттықты қансыз алдық. Жерде жатқан тәуелсіздікті көтеріп алып, жарияладық. Мен даурықпаға салған жұрт­ты жинап алып: «Қазақ, сенің екі жарым мың жыл тарихы бар, содан бері тәуелсіздікті аңсаған жоқсың ба? Осы жолда қаншама батырларың, қаншама хандарың, қаншама кемеңгерлерің басын тікті. Ел шетіне жау келсе, ұлтарақтай жерді қорғау үшін қазақ бір жерден табылды. Қазақтың басы қосылуы үшін оның басына қайғы түсіп, бұлт үйірілу керек пе?» деп айттым.
1986 жылы қазақтың басы бірігіп, жұды­рықтай топтасты. Меніңше, қай жағдайда да қазақтың басы үнемі бір болуы керек. Тәуелсіздік үшін аз қан төгілген жоқ. Орхон ескерткіштерінде, Күлтегін бабаға арналған жырда «Мен қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым» деген жолдар да бар. Одан артық қалай айтуға болады? 
Тәуелсіздік жолында қазақтың көрмеген қиындығы, шекпеген азабы, көрмеген қор­лығы жоқ. Мәселен, арғысын айтпағанда, бергі үш ғасырға жуық Ресейдің боданы болған кезімізде табанға түсіп, тапталдық. Жерімізден, елімізден айырыла бастадық. Ешкімге қиянаты жоқ, кең далада бейбіт тіршілік етіп отырған халықтың арасына үрей түсті. Сол кезде қазақтың байларын, хандардың бәрін «шынжыр балақ, шұбар төс, пәлең-түлең деп» ақымақ қылды. «Қазақтың екі проценті ғана сауатты болды» деген сөздер шықты. Ол уақыттағы биліктің сөзін өзіміз «иә, солай болдық» деп қайталадық. Бұл не деген сұмдық? Бабаларымыз мүмкін кирилицаны оқымаған шығар, алайда, өзіне дейінгі, қазақпен бірге жасасып келген жазулардың бар­лығын меңгеріп, өркениетке үлес қосты. Қайсібірін айтайын, Фарабиден бастап небір даналарымыз өткен. Сондықтан «тәуелсіздік аспаннан түсе салды» деген пікір әлі күнге дейін ел ішінде болатын болса, меніңше бұл үлкен қайғы. Халықтың онда тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінбегені.
Біреу тойып секіреді, біреуі тоңып секіреді. «Қазақ – жылқы мінезді» деп бірде жазғаным бар. Баяғыда біздің елде Тасқасқа дейтін ат болды. Бейшараның көзіне көк шыбын үймелетіп, оны қосқа да қосады, соқаға да тіркеп, арбаға да жегеді. Арқасы әбден жауыр болған кезде Тасқасқаны бір айға бос жібереді. Бір айдан кейін Қаратаудың баурайындағы шүйгін шөп жеп, ол есін жинайды. Сол кезде маңайына адам жолатпайды. Қазақ сондай халық. Кешегісін ұмытып кетеді. Аяз би атамыздың ақылды сөзін де, кеше кім болдық, қазір кім болдық, соны да ұмытпауымыз керек. 
Ана бір жылдары «Мен Жамбыл қайта тірілді» деп кішкентай бір ақын баланы қолынан жетектеп, сахнаға шығардым. «Мырзатай атамның алдына барып, батасын аламын» деп өзі келді. Сонда, ол «Тәңірден келген тәтті сый» деп, тәуелсіздік туралы өлең оқыды. Оның дәмі аузымыздан қалай тез кетіп қалады? Өмір бойы дәмі кетпеу керек. Кеше қолымыз кісендеулі, аяғымыз байлаулы болды. Тәуелсіздік алғанда ойыңа не келеді, айтатынды айту керек. Бірақ, ел бұзуға, ел арасындағы тыныштықты шайқауға болмайды. 

Бізге барымыздан 
айрылмауымыз керек еді

– «Қазір идеологиямен айналысып жатқан адам жоқ» деп айтып қалдыңыз. Ал, қазіргі идеологиямыз қандай болу қажет? Жалпы, билік тұтқасын ұстаған адам­дардың тұлғалық қасиетіне не жетіс­пей отыр?
– Биліктен кетіп отырған қателер жоқ емес, оны біз де айтып жатырмыз. Мен көптен бері «Біз тәуелсіз мемлекет бол­дық, мемлекеттік қызметке алынатын адамдардың бәрі ең алдымен міндетті түрде мемлекеттік тілді білу керек» деп айтудамын. Сол қызметті ат­қаратын адам мемлекетшіл болуы қажет. Ең әуелі ұлтының қамқоршысына айналуы тиіс. Тәуелсіздікті алғанымызға 25 жыл болды. «Бәрін жарылқап болдық, Құдай қаласа әлі де жарылқай береміз. Енді, қазақтың маңдайынан сипап, арқасынан қағатын уақыт келді. Жер – қазақтікі, ел – қазақтікі, мемлекет – қазақтікі. Оны сырттан келіп ешкім құрып берген жоқ. Енді, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды. Жарылқаса қазақты қазақ қана жарылқайды» деп жазғаным бар. Сондықтан халықтың үдесінен шыға алмай жатқан билік басындағы адамдардың, министрлердің кінәсін бір Елбасыға артып қоюға болмайды. 
– Өзіңіз айтқандай, кешегі қолымыз кісендеулі, аяғымыз байлаулы кезеңде Жазушылар одағы ұлттық партияның қызметін атқарды. Бір ғалыммен сұх­бат­тасқаным бар. Сол кісі: «тәуел­сіз­дік кезеңінде Жазушылар одағы мен Ұлттық ғылым академиясынан айрылып қалдық, олардың аты бар да, заты жоқ. Қазіргі келеңсіз жағдайлардың біразы соның кесірінен болып жатыр» деп айтқаны бар. Сіздің бұл жөнінде пікіріңіз қандай?
– Бұл – үлкен өкініш. Бізге барымыздан айырылмауымыз керек еді. Қазақстанның ғылым академиясының ешкімге зияны жоқ еді. Сол ғылым академиясының арқасында, Ресейдің атақты ғалымдарының ықпа­лымен, солардың мектебінен өтіп, өзіміздің ғалым­дар мектебін қалыптастырып отырған едік. Мәселен, қазақта геология саласында, бүкіл ғылымның басында тұрған Қаныш Сәтбаев сияқты көсем бар еді. Әр салада ғалымдарымыз өсіп еді. Ғылым академиясы жабылған соң оның аяғы не болды? Қазір таяқ тастасаң академикке барып тиеді. Ол анау академияның да, мынау академияның да мүшесі болып шыға келген. Бірақ, оның ғылымда не істегенін ел білмейді. Осыған өз басым таңмын. 
Қазір ғылымға ақша бөледі. Оны жоба деп атайды. Сол жобаны конкурсқа салады. Конкурста неше түрлі алаяқтар ұтып, шын ғылым сорлап жатыр. Бұрын ғалым боламын деген адам жанын салып, диссертация корғаушы еді. Соның жолында көз майын тауысып, денесінде құр ет пен терісі ғана қалушы еді. Қазір магистратура дейді, Phd дейді. Мен одан ғылым ұтты деп айта алмаймын.
Баяғыда Жазушылар одағы дейтін ұлтты ұйыстырып, ұлттың іздегенін тауып беріп отырған, халықтың көңілін толтыратын қасиетті ақ орда еді. Оның  есігінен  Әуезовтің шығып келе жатқанын, Мүсіреповтің кіріп-шығып жүргенін көру бізге арман болатын. Біз соларды көріп, сол ұлыларымыздан тәлім алдық. Олар әр түрлі оқиғаларға байланысты елге шығып тұрғанда халық жазушыларды аяғынан тік тұрып қарсы алатын. Қазір жазушылардан қасиет қалған жоқ. Бүгіндері жазушылық өнердің өзі тоқырады. Сонда да, Мемлекеттік сыйлық беріледі. Оның өзі жаяу жарысқа айналып кетті. Әркім өзін-өзі ұсынады, сөйтеді де, соны қарайтын комиссияның арасында «Мені қолдашы» деп, таяғын алып тозып жүреді. Ол сыйлықты кімге берерін мемлекет өзі шешуі керек қой.
– Тәуелсіз Қазақстан тарихында Шер­хан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова сынды халықтың сүйікті қаламгерлері Парламент депутаттары болды. Биылғы сайлауда депутаттардың арасына бірде-бір ғалым, бірде-бір жазушы кірмеді. Сіздің ойыңызша, қаламгерлер мен ға­лымдар билік ісіне араласу керек пе? 
– Әбіш Кекілбай кезінде Парламентті бас­қарды. Жалпы, менің ойымша, шын ғалым, шын жазушы өз ісімен айналысуы керек. Бұл – Алланың берген сыйы, Ал­ланың берген құдіреті деп ойлаймын. Жазу­шылық өнер кез келген адамның қолынан келе бермейді. Меніңше, ғалым болып туу керек. Содан кейін өсіп, толу қажет. Бірақ, ғалымдардың ішінде де халықтың тағдырын шешетін, Парламентте жөн сөз айта алатын, мәселенің тетігін таба алатын адамдар бар ғой. Оған қарсылығым жоқ. Ал, жазушылар өзінің Құдай берген өнерімен айналысуы тиіс.    
    
Министр мемлекетшіл тұлға болуы тиіс

– «Министр болып, жалпы ел басқаратын адам мемлекетшіл тұлға болуы керек» деп айтып жатырсыз. Бірақ, кейінгі жағдайларды, Білім министрлігі мен Мәдениет министрлігіндегі ши­кіліктер жөнінде естідіңіз. Осыған қа­рап, қазір халықтың кешегі Ілияс Ома­ров, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жә­ні­­беков сынды ұлттың шын мәнінде қамқоршысы болған тұлғаларды аң­сайтыны бар…
– Бұл жөнінде менің еңбектерімде жазылған, ол туралы бірнеше жерде айттым да. Өкінішке қарай, жазғанымыздың, айтқанымыздың барлығы жұртқа жете бермейді. Мен өзге министрлерді біл­мей­мін, бірақ,  қазаққа Білім, ғылым және Мәдениет министрі қызметіне бүкіл ел таныған, үлкен тұлға дәре­жесіне жеткен адамдарды қою керек. Бұл ұлттың бет-бейнесін, бағытын айқындайтын, ұлтты алақанына салып, мәпелеп отыратын минис­трліктер. Ауыл шаруашылығы ми­нис­трі нашар болса, оның қара­мағында тракторды жөндейтін, егін айдайтын маман бар. Басқа министрлер де солай. Ал, ұлтты тәрбиелейтін осы екі министрлік. Сондықтан Білім, ғылым және Мәдениет министрліктерінің ұлт ал­дындағы рөлі де, жауапкершілігі де ұшан-теңіз деп ойлаймын.    
– Қазір жоғарыда айтылған тұлға­лардай неге министрлер жоқ? Әлде, Абылайдың түсіне көрінгендей бақа-шаян болып кеттік пе?
– Ондайдан Құдай сақтасын. Өйтіп уайымдамау керек. Өйткені, бізде өсіп келе жатқан алтын ұрпақ бар. Сол жастарды көріп, марқаямын. Біздің бабаларымыз дана болған. Жеті атаға дейін қан қоспаған. Мен де үнемі соны айтамын. Батыс Оңтүстіктен, немесе Оңтүстік Арқадан келін түсірсін. Текті мен текті қосыла берсін. Кезінде қойды да, сиырды да, жылқыны да асылдандырамыз деп ғылыми институттар жұмыс істеген жоқ па? Қазақтың құда түсу салты – еріккеннің ермегі емес. Бесіктен құда түседі. Себебі, текті жерден қыз алғысы келеді. Ұлттың бұл саясаты өте керемет дүние. Сондықтан, мен қорықпаймын. Тек осы ұрпақтың бетіне шіркеу, жүре­гіне дақ немесе шоқ түспесе екен деп тілеймін. Менің уайымым ол емес, менің уайымым қазір мынау (ұялы телефонын көрсетті – А.Қ.). Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Неше түрлі құралдар пайда болды қазір. Дүниежүзінен ақпарат алып отырмыз. Бірақ, жұрт қазір бетпе-бет отырып, бірімен-бірі сөйлесуден қалып бара жатыр. Келешек ұрпақ көзден қала ма деп қорқамын. Күлтегін жырында «Жылай-жылай жұртымның көзі әз болар деп қайғырдым» дейді. Сол сияқты қазақ шешен халық еді, тілінен айырылып қала ма деп үрейленемін. Содан кейін, «қазақтан қаны бұзықтар тумаса екен», деп Құдайдан тілеймін.

Астана  руханиятымыздың 
ордасына  айнала  бастады

– Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағдарламасының қадам­дарының бірінде Астананы кәсіп­кер­лерді, студенттерді, зерттеу­шілерді, бар­­лық өңірлерден туристерді тартатын Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру туралы айтылады. Сіз Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры кезінде соны бастап бердіңіз. Біраз жақсы ғалымдарды, жазушыларды, жалпы шығармашылық адамдарын Елордаға алдырттыңыз. Бірақ, әлі күнге дейін «Алматы – мәдени астана» деп айтылып жүр. Астана әлі сондай деңгейге жеткен жоқ па? Осы жөнінен пікіріңізді біле отырсақ. 
– Астана дейтін ғасырлар бойы қалып­тасады. «Үй салғанды, зауыт, фа­бри­ка салғанды көрдік. Бірақ, қала сал­ғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ едік, Құдай оны өзімізге де көрсетті» деп жазғаным бар еді. Ал, жаңа Елорда салынғалы 20 жылға жетпейтін уақытта Астана қазір бүкіл Қазақстанның ғана емес, күллі Еуразия кеңістігінің айнасына айналды. Бізге кішкене сабыр керек емес пе? Құдайға тәубе демейміз бе? Қазір Астана руханиятымыздың да ордасына айнала бастады. Алматының қазақ интеллигенциясы мен ұлттық дәстүрімізді қа­лыптастырудағы, тәуелсіздігімізді тер­­­­­беген алтын бесігі ретіндегі рөлін еш­қа­­шан ұмыта алмаймыз. Оны ешкім еш ға­сырда, еш мыңжылдықта кеміте алмайды. Алматы – алтын бесігіміз және керемет әдемі қала. Ұлттық ғылым ака­­демиясын қалыптастырғандардың көзі тірісінің көбісі әлі сонда жүр. Жазу­шылардың біразы да сонда қалды. 
Екі қаланы шатастыруға, шағыстыруға болмайды. Мәселен, Түркиядағы Стамбул мен Анкараның тарихтан алатын өз орындары бар. Сондықтан, Астана әкімшілік тұрғыдан ғана емес, руханиятымыздың да астанасына айнала бастағанын қайтадан қайталап айтайын. Осында келіп жатқан, осында өмір сүріп отырған ғалымдар, білімпаздар, өнер қайраткерлері ешкімнің тақиясына тар келе қоймайды деп ойлаймын.
– Астанаға Алматыдан өнер ұжым­дары бірте-бірте қоныс аударуда. Мә­селен, «Қазақконцерт» бірлестігі таяуда Астанаға көшіп келгенін естиміз. Бірақ, Елордада отырған, Президенттің пәрменімен құрылған «Ақ жауын» ансамблін тарататындай не күн туды? Осы жағы бізге түсініксіз. Бұл жөнінде сіз не дейсіз?
– Кеше ғана, маған, оркестрдің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбек телефон соқты. Маған өкпелі екен. Мен Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы көркемдік кеңестің мүшесімін. Оркестрді тарату жөнін­дегі мәселе талқыланбай, шешіліп қойған болып шықты. Мен оны естімеген едім. Сол кезде біздің үйдегі апаңа омыртқасына ота жасады. Сондықтан, көркемдік кеңесте отырғаныммен бар ойым басқа жақта болды. Онда не сөз болғанын да білмеймін. Мен: «Секен, сен неменеге күнкілдейсің? Сол жерде отырып, бұрқ-сарқ етіп ашуланып отырғаны есімде, бірақ, не айтып жатқаныңды білмедім» деп айттым.
«Ақ жауын» негізінен Елбасының тапсырмасымен құрылды. Ол кезде Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министрдің орынбасары еді. Сол мені шақырып алып: «Аға, Елбасы «Ақ жауын» оркестрін Астанаға көшіріп алып келіңдер деп отыр. Сіз тұрғанда қайда апарам? Ұжымды осында әкеліп, жайғастыру керек» деп айтты. Мен ол кезде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры едім. Бұл қандай оркестр деп барып көрдім. Қа­лыптасқан өзінің репертуары бар жап-жақсы ұжым екен. Бір күнде көшіріп әкелдім. Ұжымды Студенттер үйіне орналастырдым. Университеттің ішінен зал бердім. Әнші, күйшілеріне қолымнан келгенше жағдай жасадым. 
Бізде кейде адам түсіне бермейтін жағдайлар болып жатады. Секен Тұрысбек мәңгі өмір сүрмейді ғой. Бұл ешкімнің тақиясына тар келмейтін адам. «Секен дейтін құбылыс» деп жазғаным да бар. Ол домбырашы ғана емес, ұлы күйші. Оның күйлерінің бәрі көкейіңе жететін, көкейіңді тесетін шығармалар. «Ақ жауын», «Көңіл толқыны» дейтін күйлері қазақ күйлерінің ішіндегі классика. Өзі жарғақ құлағы жастыққа тимей, мемлекет бөлген аз-кем қаражаты жетпей, табанынан тозып, облыс-облысты аралап осы оркестрді асырап жүретін. Кеше маған: «Аға, не сіз, не Жүрсін, не Бекболат бірауыз сөз айтпадыңыздар» деп ренжіді. Мен: «Былай болайын деп жатыр деп алдын-ала айтпайсың ба?» дедім. Меніңше, оркестрдің таратылуы дұрыс болмады. Бұл қалыптасқан, Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы», Құрманғазы оркестрі  сияқты өнеріміздегі қасиетті шаңыраққа айналып қалған ұжым еді. Соны таратқаны маған түсініксіз. Бұл қалай шешілді деп қарасам, Үкіметтің қаулысымен шешіліп қойған екен. Маған бұл мәселе ұнап отырған жоқ.
 
Түркі дүниесіне Нобель сияқты сыйлық қажет

– Сіз Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің алғашқы төрағасы екенсіз. Бүгіндері түркі әлемінің бірігуі туралы көп айтылуда. Сол үшін қазір не істеуіміз керек?
– Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүние­сін, түркі тектес халықтардың басын қосу, біріктіру жөніндегі саясатын қолдауымыз керек. Бұл бағытта Президент көп жұмыстарды істеп жатыр. Осы кісінің ықпалымен Түр­кі мемлекеттері басшыларының кеңесі құ­рылды; Түркі мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі пайда болды; Түркі мемлекеттері Парламентінің кеңесі жұмысын бастады; Түркі мемлекеттері ақсақалдар кеңесі құрылып, халықаралық Түркі академиясы ашылды. Осының бәрі аз емес. Енді, осының шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар өте көп. 
Қазіргі ұрпақты атаң бір деген рухта тәрбиелеуміз қажет. Сенің әзербайжанмен, түрікпен, қырғызбен, өзбекпен, сахамен, татармен, башқұртпен, қарайыммен, қара­шаймен тегің бір деп тәрбиелеуміз керек. Менің мынандай үш ұсынысым болды: біріншісі, бөлініп кеткенге дейінгі ортақ тарихты бір тарих қылып жазып, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында оқыту; екіншісі, Түркі дүниесі деген телерадиоарна ашу. Сол арқылы тектілігімізді, бірлігімізді насихаттай беру; үшіншісі, дүниежүзінің назарын аудару үшін Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін Нобель сыйлығы сияқты сыйлық тағайындау. Әзірге көріп отырғаным осы. «Бармасаң, келмесең жат боласың» дейді. Алыс-беріс, қарым-қатынасты жиілете беруіміз керек.
– Шатаспасам алдыңғы екі ұсыны­сыңыз іске асты ғой деймін…
– Иә, іске асты. Құдай қаласа, үшіншісі де орындалады деп ойлаймын. Өзбектер, түркімендер бері қараса ортақ қаражат шығарып, қор жасасақ рухымыз көтеріледі. Сонда, Нобель сияқты сыйлықты тағайын­дасақ, ертең дұшпандар да бізге қарап: «Бұлар ешкімнен кем емес екен ғой» деп ойлаушы еді. Біздегі байлар менің қолыма миллиард берсе, сол сыйлықты өзім-ақ тағайындар едім.
Шоу айтыс – айтыстың 
пародиясы

– Жаңа байларды айтып қалдыңыз. Меценаттар ғой олар, енді. Кезінде айтыс өнерінің басы-қасында жүрдіңіз. Сол кезде Мұхтар Құл-Мұхаммед, Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов сияқты меценаттар төл өнерімізге қолдау жасады. Қазір ел арасынан неге сондай атымтай-жомарттар шықпай жүр?
– Аттары аталған адамдарға үлкен рахмет. Олар ең қиын кезде айтысты қолдады. Ұлттық өнерді  қолтығынан демеді. Соның арқасында айтыс қалыптасты. Қазір Құ­­дайға тәубе, «Нұр Отан» партиясы қол­дап отыр. Енді, Құдайдан айтыстың сапасының жақсаруын тілеймін. Шынын айту керек, айтыс шоуға айналып кетті. Шоу дегенді мен түсінбеймін. Бәлкім қартайған шығармын. Шоудың арты бейбастық. Оның еш мәні, мағынасы болмайды. Берекесі де жоқ. Айтысты ең алғаш ұйымдастырғанымызда ақындар жазғанын тізесіне қойып та айтысты. Біз оған мүмкіндік бердік. Тәуелсіздік келген соң ұлттың бұл төл өнері қайта жанданып, халықтың рухын оятты. Құдайға шүкір, айтыс өсті. Кезінде, қолымда билік тұрғанда бір күнде ешқандай ереже, тәртіпке бағынбай үш ақынға халық ақыны атағын бергіздім. Түске дейін айтысты келіп көрдім де, түстен кейін атағын алып бердім. Бұл тарихта бұрын да, кейін де болған жоқ. Қазақ осыны да айтқысы келмейді. Мұны не үшін істедім? Өзім үшін емес, айтыстың деңгейін, ықпалын көтеру үшін жасадым. 
Қазір жер-жерде айтысты әкімдер, жалпы алғанда, билік қолдап отыр. Үлкен оқиғаларға байланысты мемлекеттік деңгейде айтыстар өтіп жатыр. Бірақ, айтыстың деңгейі төмендеп барады. «Жұлдыздар айтысы» деген шықты. Қан­дай жұлдыз бұл? Бұл – айтыстың пародиясы. Заман өзгерді екен деп, қазақтың өзімен бірге туып, бірге өсіп, қалыптасып, дамып келе жатқан өнерді жұлмалай бермеу керек.

Қазақты бөлмейтін адам билік басында отыр

– «Қазақтың жері кең, көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алады» деп жатамыз. Қазіргі жер мәселесін айтайын деп отырған жоқпын. Кезінде жеріміздің талай бөлігі Ресейде, Өзбекстанда, Қытайда, Моңғолияда қалды. Сіздің сол мемлекеттерден елге оралып жатқандарға: «Ата-баба жерін тастап қайда барасыздар?» деп айтқаныңыз бар. Сонда, «Мырзатай оралмандарға қарсы» деген әңгіме де шыққан. Әрине, мен олай ойламаймын. Бірақ, қазір көші-қон мәселесі кішкене тоқтап тұр ғой. Осының жайын өзіңіз тарқатып берсеңіз.
– Қазақтың көшін бастадым деп айтпай­мын. Бірақ, Елбасының қасында жүріп, соған ықпал еткен адамдардың бірі –менмін. Қазақтың тұңғыш дүниежүзілік құрылтайын өткіздім. Содан бері де талай құрылтай өтті, әлі де өтеді деп ойлаймын. Алайда, ешбір құрылтай сол тұңғыш құрылтайға жетпейді. Сол кездегі арман, сағыныш басқа болатын. Бұл құрылтайдың кезінде шетелдегі қазақтарға қатысты көп шешімдер қабылдадық. Мәселен, сол елдердегі қаракөз балалар Қазақстанға келіп оқысын деп шештік. Ол уақытта мен Премьер-министрдің орынбасары едім.
Жоғарыдағы сөзді айтқаным рас. Ал, оны неге айттым? Біз ол жерлерден айырылғанымыз жоқ. Мәселен, Баян – Өлгей – қазақтың жері. Сонда тұрып жатқан қандастарымыздың кемінде жеті атасы сол жерлерде жатыр. Мен бұл сөзді айтқанымда жас ұрпаққа: «Түгел сол жерлерден көшіп кетпеңдер. Ата-бабаларыңның моласын қайда тас­тайсыңдар? Кететін болсаңдар, ол жерден біз айырылып қаламыз» деген емеурін таныттым. Қытайдағы Алтайдың баурайы да қазақтың жері ғой. Мен соны айтқанмын. Неге қарсы болам қазақтың көшкеніне? Келе берсін. Көш тоқтамайды, ондай уайым болмасын. Бірақ, пәленбай жылдан кейін ғана азаматтық беріледі деген не сөз? Келді ме, бірден берілу керек. Қазір мұны жөндеді ғой, бір жылдың ішінде береді. 
Тырнақ астынан кір іздейтіндер бар. Қазақты бір кісідей жақсы көріп, бөлмеймін. Кезінде ұлы бабамыз Төле би «Жүзге бөлгеннің жүзі күйсін» деді ғой. Бұл сөзді жаны күйгеннен айтты. Кеше ғана Алла менің аузыма «Қазақ үш жүзге бөлінбейді, қазақ үш жүзден құралады» деген сөзді салды. Оны кім айтып отыр? Мен айтып отырмын. Күңкілдегендер осы сөзді айтып көрсінші… Оңтүстікке барғанда да «Басың ажырамасын, бір отырыңдар. Бір дастарханнан дәм татып, бір дастарханның басынан бата алып, тарап отырыңдар» деген сөзді айттым. Өз басымнан мысал келтірдім. Әулетімде үш жүз түгел тұр. Бірі – нағашым, бірі – қайын жұртым, бірі – құдаларым, бірі – бөлем, сонда мен қайтып бөлінемін?! Мені қазақтан ешкім бөле алмайды. Оның үстіне қазақты бөлмейтін адам билік басында отыр. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің қадірін білуіміз керек.
Елбасы сияқты қазақтың ыстық-суығына көнген, бүкіл жүкті арқасына арқалап отырған бір адам жоқ. Өкіметтің басындағы адамдардың бәрі сондай еді деп айта алмаймын. Отанын сатып, ұрлап, тонап қашқандар қаншама. Кейбіреуі қылмысты болып жатыр. 
Қала қазір жайнап тұр. Қаладан сәл шығып, ауылға баршы, не болып жатқанын көресің. Соры қайнап отыр ауылдың. Менің есімде Нұрсұлтан Назарбаев «ауыл, ауыл, ауыл» деп, соның көсегесін көгертемін деп, кемінде үш рет жоспар жасап, қомақты қаражат бөлдірді. Бірақ, қазір қайда кетті сол ақша? Менің тақияның аясындай ғана Ақтөбе дейтін кішкентай ауылым бар. Сол ауылға соқыр тиын барған жоқ. Баяғы күйін кешіп отыр. Қазақтың қай ауылына барсаң да сол. Ал ауылды жерді негізінен мекендеп отырған кімдер? Қазақтар. Сондықтан, барлық игілік қазір ауылға жасалуы керек.

Менің «қосбасарларым» кешегі «қосбасарлардың» жалғасы
 
– Жақында Илья Жақановтың сіздің композиторлық, күйшілік өнеріңіз туралы «Дүние, шіркін» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оның беташарына өзіміз де куә болдық. Сонда, кітап авторы сол қырыңызды жақсы ашқаны айтылды. Бұған дейін сол өнеріңізге сенімді болдыңыз ба?
– Жоқ, сондай сенімде болған жоқпын. Фаризамен, Әбішпен жиі кездестік қой. Жолсапарларда үшеуіміз бірге жүрдік. Сонда Фариза: «Аға, домбыра ұстап, бір күйіңізді тартып, әніңізді айтыңызшы» деп үнемі сұрайтын. Мен: «Ой, Фариза, менікі әншейін бір әуен ғой өмір бойы мені жетелеп келе жатқан» деп құтылатынмын. Ал, негізінен менің әуендерім қайғымды да, қуанышымды да бөлісті, маған ақылшы болды, менің сырласыма айналды. Кейбір табысқа жетсем, соған ортақ болды. Кейіннен Ермұрат Үсенов деген композитор кейде домбыра тартқанымда үніне құлақ түріп: «Аға, мынау «Қосбасар» ғой» дейтін.
Бір күні белгілі күйші Жанғали Жүзбай келді. Оған: «Жанғали, мынандай күйім бар. Бұл менімен кемінде отыз-қырық жыл жолдас болып келе жатыр. Бұл өзі қазір қалыптасып, құралды. Тұтас түскен сияқты дүниеге айналды. Сен тыңдап көрші» деп едім, ол: «Аға, бұл «Ойтолғау» ғой» деп жауап берді. Қазір бұл Атыраудағы Дина Нұрпейісова оркестрі мен Оралдағы Дәулеткерей оркестрінің репертуарына кір­ді. Осында Ильямен кездесу өткенде Еркін дейтін бас дирижер келіп, соның пар­титурасын жасап, Қазақ ұлттық өнер университетінің оркестріне салып, орындады. 
Менің «Қосбасар» дейтін күйім кешегі ұлылар тудырған «Қосбасарлардың» дәс­түрінде туған. Өзіме көп жылдардан бері әуендер келеді. Олар қалыптасып, әнге айналады. Көбінесе таңға жақын туады. Мен нота білмеймін, сондықтан, кейбіреуінен айырылып қаламын. Кейбіреуі қайтып келеді. 
«Барлық жақсылық анадан» дейді ғой. Менің анам әнші, ақын еді. Алпыс бес жылдан кейін анамның менің құлағыма бала кезден сіңірген екі әнін есіме түсіріп, нотаға түсірттім. Мен Ильяға: «Мені композитор қылып не керек, ыңғайсыз ғой. Құдайдың маған берген басқа да бақыты жетеді» деп айтқанмын. Сонда ол: «Басқасын айтпағанда, «Дүние, шіркін» сияқты бір әнмен аталарымыз халық композиторы атанған» деп жауап берді. Сондықтан, кітаптың авторы мен емес қой, оны Ильядан сұрау керек. 
Ән, күй шығаруыма өскен жерімнің әсері болды деп ойлаймын. Ауылымда әншілер, күйшілер көп болатын. Қыздар шеті­нен шаңқобызшы еді. Сондай құді­ретті шаңқобызшыларды әлі күнге дейін көрген емеспін. Осы құдіретке әлі күнге дейін таңым бар. Оны ауылымыз аралас болған соң, Ілекең де көрді. Шынтуайтында айтсам, Құдайға тәубе, мен жайында аз жазылған жоқ. Бірақ мен жайында Ильядай жүрекпен, терең жазған материал осы күнге дейін болған жоқ. Менің еңбегімді бағалап, қалай болсын солай эмоцияға беріліп жазбаған ғой. Әнді орындаушылар немесе соны тыңдаушылар, әннің қадірін білетін музыканттар, композиторлардың пікірін тыңдаған. Кітапты екі жарым жыл тапжылмай жазды. Күнара менімен бір сағат-бір жарым сағат сөйлесіп тұрды.  Ол – Қазақтың Ильясы, менің досым, бауырым, оған ризамын.
– Аға, ұлтқа сіңірген еңбегіңіз көп. Әлі де алған бағытыңыздан таймай келесіз. Сексеннің сеңгіріне алқынбай шығып барасыз. Алла ғұмырыңызды ұзақ етіп, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.

Алдыңғы «
Келесі »