Ұлтты құтқарып қалуға бола ма?

  • 15.09.2016
  • 856 рет оқылды
  • 13

Айнұр Төлеу,
журналист

Әдетте хаос есіңе түссе, гармония туралы да ойлауға тура келеді. Анығында адамзаттың тіршілігіне екеуі де қажет. Ғалымдар адамдардың энергия хаосын гармонияға айналдырғанын үлкен жетістікке балайды. Жақсы делік, хаостың соңы  Достоевский айтқан Ұлы үйлесімге айналатынына нанбасқа шара жоқ . Бірақ, бір күйдің екінші күйге айналуы оңай шаруа емес. Оған көп шығын керек: энергия шығыны, уақыт шығыны, жүйке шығыны. Жоқ,  бұл шығындар да түкке тұрғысыз. Ең үлкен шығын-болмыстың өзгеруі.


Судың үш күйін көз алдыңызға елестетіңізші. Энергия мен уақытты шығындау арқылы біз мұзды суға, суды буға айналдыра аламыз. Бірақ, судың аты – су, будың аты – бу, мұздың аты–  мұз. Сіз ешуақытта мұзды бу деп айта алмайсыз, сол секілді суды, мынау бу деп атауға келмейді. Дәл сол секілді, қазіргі жүріп жатқан хаостан ұлт болмысының өзгеріп бара жатқанын бағамдау қиын емес. Хаос өз заңдылығын аяқтап болған соң, үйлесім (гармония) орнайды делік. Сол кездегі қазақтың аты қалай болмақ? Айтпақшы, қандай күйге түссе де, судың атын сақтап қалудың бір жолы бар екен ғой. Буланған су, қатып қалған су-осылайша бу және мұз деген сөзді пайдаланбай, алдына анықтауыш қойып, су деген сөзді құтқарып қалуға болады. Енді, осы формулаға қазақ деген сөзді салып көріп, ұлтты құтқарып қалуға бола ма? Жоқ, болмайды. Бәрі жалған. Атауды сақтап қалуға болар, бірақ, болмысты сақтап қалу қиындау. Қатып қалған суыңыздың (анығында мұздың) кристалдары суға қарағанда тығыз орналасқан. Мұзбен бас жаруға болады. Екеуінің болмысы мүлдем бөлек қой. Сонда, қазақ қалай өзгеріп барады? Қазақтың бүкіл ғұрыптық кешені үлкен бір гармонияға құрылған. Бұл гармонияны реттеген кім екенін білудің реті келмес (бәлки білетін де боламыз, ғылымға күмәнмен қарауға болмас), бірақ, асқан қырағылық пен гуманизм нормаларына сай қалыптасқан қоғамдық жүйе деп баға беруге болады. Бұл бағаны жаңалық ашқандай болып отырған мен емес, маған дейін Л.Н Гумилев беріп кеткен. Саналы ғұмырын түркілердің тіршілігін зерттеуге сарп еткен ғалым Тәңіршілдіктің көшпелілер өміріне негізделіп жасалған ұлы идеология  екеніне бірнеше рет тоқталып, бұл жүйені жолға қойған кім болуы мүмкін деген  риторикалық сауал тастап отырған. Қазақтың жөн-жоралғылары ұлттың өзімен бірге талай тарихи һәм саяси оқиғаларды «басынан өткеріп», бүгінге жеткен. Бірақ, болмысына өзгеріс ене бастаған ұлт бұрынғысы мен бүгінгісінің арасындағы қалыптасқан хаостық кезеңге келіп тірелді. Енді, бұл ретсіздік (хаос) қалай пайда болды? Ислам дінінің енуі ескі танымдарды ысыра бастады. Ғалымдар хақ дін мен  тәңіршілдік бір-бірімен оңай үйлесіп кетті (бізді солай оқытқан) деген пікіріне нана салуға болады. Бүгінгі мұсылман қазаққа осы тұжырымға нану-тиімдірек. Бірақ, жаңа ұстаным келгенде, ескі қағида  міндетті түрде қарсылық танытады.
Қош! Біз ислам діні енген кезеңдегі қазақ турасында әңгіме қозғағалы отырған жоқпыз. Сонымен, соңғы және хақ дін негізінде жаңа дәстүрлер мен мерекелер пайда бола бастады. Кейбір салт-дәстүр ысырылды, кейбірі қос танымға сүйене отырып пайда болды. Егер, дінге қатысты сұрақ туындайтын болса, Орта Азия жеріне дін тарату мақсатымен жіберілген миссионер тайпа Қожаларға жүгінуге болады. Дін таратуға келген миссионерлер дала көшпенділерінің кристалдарының тығыз орналасқанын, салт-санасына тиісуге болмайтынын жақсы түсінген. Сондықтан, исламды тарату арқылы өздері әлгі тығыз кристалды тайпалардың күйін, ұлттың болмысын қабылдаған. Олар да көшпелі өмір  кешіп, жергілікті тайпалар тірлігіне сіңіп кеткен. Демек, дала көшпелілерінің Л.Н Гумилев айтқан ұлы идеологиясы тәңіршілдікке қан­шалықты дәрежеде нұқсан келіп, қаншалықты деңгейде ортақ келісім болғанын бағамдаудың өзі қиындық тудырады. Бірақ, шын мәнінде қазақ жеріне тараған ислам діні де асқан көрегендікпен жүзеге асырылған. Себебі, тарпаң тұлпардың тұяғымен жер қайыстыратын көшпелілерге ислам дінін үнемі шайқас арқылы енгізу қиынның қиыны болатын. Қысқасы, дін қабылданғанда ұлттың болмысы бәлендей өзгере қоймаған ғой. Одан кейін қазақты күштеп шоқындыру жылдарына бірақ аттайық. Алайда,  қазақтың түбегейлі шоқынып кетпегеніне жау тілімен айтсақ  әлгі құрып кеткір, сан ғасырлар бойы түзіліп қойған  ұлы жүйе кедергісін келтірді. Неге? Себебі, бұл жүйеде әркімнің өзінің тұлғалық орны бекітіліп қойған. Сол орыннан ешкім аттамауға тырысады һәм әркім өз орнын біледі. Еркегі  түздің тірлігін бітіреді, келіні өзіне тән бұлжымас заңдылықтарды аттамайды, статусы қалыптасқан ене өзіне бөлініп қойған рөлін сомдайды. Ақ сақалы алдын жапқан қарттың өз миссиясы бар. Енді, осы бітісе қайнаған туыстық ортадан біреу шоқынып көрсінші, қалғандарының көзқарасы оны тұншықтырып жібермей ме? Ал, адам жалғыздықтан қатты қорқатын жаратынды болып табылады. Туыстық ортадан шеттелген, өзге дін қабылдаған қаймана қайда барып бас сауғалайды? Демек, бұл халықтың болмысына іріткі салу үшін ең алдымен тығыз кристалдарды бірінен бірін алқаштату керек. Қалай? Халықтың «сауатын» ашу қажет. Сауатты адам билікке араласатынын көрген қазақ, балаларын міндетті түрде оқуға береді. Ал, бала – жарқын болашақ. Олардың көзқарасын оңай бұрып, болмысын тез өзгертуге болады. Осылайша қазақ жеріндегі сауат ашу, өз кезегінде нәтиже берді, бірақ, кесірін де тигізе бастады. Бұның барлығын байқап, бағамдап отырған сауатты һәм зиялы қазақтар 20 ғасырдың басында ұлттық мемлекет құруды арман етті, қазақтың негізгі болмысын сақтап қалуға жігерін жұмсады. Бірақ, ұлт ішіне дендеп еніп алған кесел қарсылық танытқандардың басын жалмап түсердей жағдайға жетіп үлгерген еді. Патша өкіметі құлап, «шоқыну» деген сөз «күн тәртібінен» алынып тасталғанмен, Құдайсыздықты идеологиялық тетікке айналдырған жүйе де, қазақтың мінезін өзгертуге пәрменді болатын. Құдайсыз империя құлады. Құламағанда қайтсын? Ол түгілі Құдайды аузынан тастмайтын династиялардың да дәурені өткен. Одан соң, қазақ деген ұлттың атын мемлекет атына түбір етіп алған жаңа ел пайда болды. Бірақ, бұл елдің есік- терезесі ашық. Тәуелсіздікті жариялай салған тұста әлгі туыстық тығыздықты қайта қалыпқа келтіріп, ұлттық бірлік пен бітімді дереу қолға алуға болатын еді. Бірақ, одан да басқа саяси һәм экономикалық, «кезек күттірмейтін»  мәселелерді шешу керек болды. Әйтсе де,  адамның туылуы мен өлуі де кезек күттірмейді. Одан бері қаншама сәбидің кіндігі һәм тұсауы кесілді. Оларға ұлттық идеология керек. Олар кім? Ашық-шашық терезеге телміріп, көршіге һәм батысқа қарап өсуі тиіс пе, әлде қара киім тұмшаланып алып, соғысқа кеткені дұрыс па? Олардың сауатты және көзі ашық болуына қызмет ететін білім саласының тетігін ұстағандар 25 жылдың ішінде қаншама жүйе ұсынып тастады? Жүйе-жүйесіздіктің нәтижесінде ұсыныла береді. Ал, өмір сүру дағдысы қалыптаспаған, кім екенін білмейтін балаға биік рухты болуды қалай үйретесіз? Рухсыз балаға бабалар рухы туралы ертегі қызықты бола қоймасы тағы да түсінікті. Сыртқы жау қаншама ғасырлар бойы жасап бере алмаған хаосты өзіміз қалай ғана оп-оңай жасап алғанбыз, десеңізші. Хаос деген сол   –  әркім өз орнын білмейді. Әйел ерек болғысы келеді. Келін енеге бойсынбайды. Ағалаған қарындастың назын, азғындықпен түсінетін хәлге жеттік. Арзан күлкімен, бос сөзбен өмірімізді өткізіп, қазақ деген сөздің біржола жоғалып кетуіне барынша «үлес» қосып жатырмыз. Құлдықтың құрты миымызды жеп қойғаны соншалықты, өз тілін бұрап сөйлеуге намыстануға шара қалмады. Төрде отырған ақ сақалымыздың сөзінде мыс жоқ. Шамасы жетсе, оған алты жасар бала ақыл айтып кете береді. Ешкім өз орнын білмейді. Хаос деген осы.  Біреудің қызын алдап тұрған байқұс, өзі ауа сіміріп тұрған кеңістікте енді біреуге өз қарындасының алданып тұрғанынан бейхабар. Кеше ұзатқан қыз, бүгін кешке есік қағып  үйге келіп тұса, оған арланып жатқан ешкім жоқ. Неге арланады? Оны кім ар сотына салыпты? Ешкім! Әркімнің өз өмірі. Қоғам мен ұлттық таным тұрғысынан нормаланған бүгін белгілі, ертең белгісіз өз орнымыз бен құқығымыз бар. Арланып бара жатсақ, «сенің менде не шаруаң бар» деп құтыламыз. Қалай болғанда да біз реттемейтін хаосты, Ұлы үйлесім иесі міндетті түрде реттейді. Бірақ, болмыс өзгеріп барады. Ұлы үйлесім иесі он сегіз мың ғаламды өзі жаратқан. Қазақ болып сақталып қалу біздің мүддеміз. Енді, осы хаосты кім реттейді. Реттеушінің сөзін қазақ тыңдауы тиіс. Бірақ, біз ешкімді тыңдағымыз келмейді. Бұрын қазақ дін мәселесінде қожаны, түрлі дау мен салт мәселесінде төреге төрін беріп, шешім күтетін. Әйтпегенде, Үйсін Төле бидің малын баққан Сабалақ хандық дәрежеге дейін көтерілер ме еді? Қайдағы бір жетім малшы  бүгінгі күнде биліктің төрі түгілі, есігінің тұтқасын ұстай алар ма еді. Демек, өткен шақты армандай берудің қажеті шамалы. Сонда,  бұл елге кім ие болмақ? Осыған дейін салт-дәстүрге әркім өз білгенін қосып, жаңалық ашып жүргенін жазған болатынмын. Тұсауды сары-ала жіппен кесіп, беташарда үйленбеген қыздарды келіннің екі жағына тұрғызып,  сәлем салдырып, кеше ғана босаға аттаған келінді төрдің төбесіне отырғызып қойып той жасау, шырағың сөнбесін деп тілек айтудың орнына балауызды үрлеп өшіріп жүрген қазақтың танымын өзгермеді, хаосқа айналмады деп қарсылық таныта аламысыз? Демек, Діни басқармасы секілді, бзге бүгінгі таңда этногрофтардан құрылған Ұлт­тық салт-дәстүр басқармасы керек деген сөз. Қазақтың той жасауы ғана емес өлік жөнелту салты да түрлі өзіміз білемдікке салынып, айтыс пен тартысқа ұласып барады. Әркім өзі біле беретін болса, ауызбіршілік жоғалып, ұлттың басынан бақ қашады!

Алдыңғы «
Келесі »

13 Пікір бар

  1. Мен осы автордың жазуын кутип жургем

  2. басхаша ойлайтын журналист

  3. Айтпайтыны да, ойлап таппайтыны да жоқ екен өзінің

  4. Діни басқарма секілді “САЛТ-ДӘСТҮР БАСҚАРМАСЫН” құру керек деген бастамасына толық 100% қолдаймын. Онымен қоса мектеп бағдарламасына алғашқы сыныптан бастап салт дәстүрді насихаттап күнделікті тұрмыс жағдайында қолданатындай етіп барлық ұлт өкілдеріне үйретіп, дәстүрімізді сыйлатуымыз қажет.Дәстүрімізді сыйлау дегеніміз – Қазақ ұлтын сыйлау дегеніміз.

  5. Ойланып қалдым.Оқыдым.

  6. Ер айтатын сөз. Наркескен қыз

  7. Сіңлім, пікіріңе сүйсініп отырмын. Осы сөздің ер азаматтарымыздың аузынан шықпағанына күйініп отырмын.

  8. Рас қазіргі орынсыздықты түсіндіріп жеткізе алдыңыз, бірақ қазіргі таңда бізді түрлі жағымсыз ақпараттарымен миымызды толтырып тіптң өзімізді басқаралмайтын халге жеткізген журналистеріміз дегім келеді жəне бізге бастысы елге идеология керек жақсылыққа қызықтыру керекпіз бұл бағытта жұмыс жасау үшін телеарна журналдарымыз жұмыла жұмыс жасау керек сонда барып саналы қоғам құралып əркім өз орнына баратын болады

  9. Ну и что?

  10. Қарындасымның сөзіне толық қосыламын. Ойымдағыны дәл тауып толық жеткізгеніңіз үшін алғысым шексіз. Қайтсем қара қазақтың жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеймін деген ой мененде бір сәт шыққан емес. Тұрмыс демекші, тізгін ұстаған ағаларымыздың басты қатесі, экономика, экономика деп қақсап жүріп рухани мәселені ақсатып алғанымызда. Қайтсек ел боламыз, қасиетімізді қалай қайтарамыз? Үлкен сұрақ. Дегенмен сіздің ұсынысыңызды қуана қолдаймын. Ел тізгінін ұстаған азаматтардың барлығына, кадрлық саясатты қайта қарағада дұрыс. Ел басына елін жерін, тілін, дінін дәстүрін құрметтейтін. Ел болашағы үшін аянбай қызмет жасайтын азаматтар қажет-ақ.

  11. Қарындасымның сөзіне толық қосыламын. Ойымдағыны дәл тауып толық жеткізгеніңіз үшін алғысым шексіз. Қайтсем қара қазақтың жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеймін деген ой мененде бір сәт шыққан емес. Тұрмыс демекші, тізгін ұстаған ағаларымыздың басты қатесі, экономика, экономика деп қақсап жүріп рухани мәселені ақсатып алғанымызда. Қайтсек ел боламыз, қасиетімізді қалай қайтарамыз? Үлкен сұрақ. Дегенмен сіздің ұсынысыңызды қуана қолдаймын. Ел тізгінін ұстаған азаматтардың барлығына, кадрлық саясатты қайта қарағанда дұрыс. Ел басына елін жерін, тілін, дінін дәстүрін құрметтейтін. Ел болашағы үшін аянбай қызмет жасайтын азаматтар қажет-ақ.

  12. Біздің басты кемшілігіміз ұлттық идеологиямыздың жоқтығы.Бет-бетімен кеткен бір дүние.Журналист қарындасымыз өте орынды мәселені көтріп отыр.Оиланаиық ағаиын.

  13. Салмақты сараптама

Пікірлерге тыйым салынады.