Айтайын дегенім…

  • 15.09.2016
  • 578 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек  ОЛЖАБАЙ,
журналист

ҰЯТ

Жанымның жұқалтаң жапырақтарын жауратып, бойымды түршіктірген жау­­қазын жастың жазған хаты еді. «Ойнақ­таймын деп жүріп от басқан құр­быларыма сабақ болсын, осы хатымды газетке жариялаңыздаршы, – деп басталыпты, бұралаң-бұлтарысы көп мы­на сұрқай заманда аяғын шалыс басып алған бойжеткеннің жазбасы, – Өзімнен едәуір үлкен бір жігітке өлердей ғашық болдым. Сорыма қарай ол бұрын үйленген екен. Аяғымның ауыр екенін білген соң ол менен теріс айналды. Түсік жасатуға мәжбүр болдым. Әке-шешем «Ішіңдегіден ертерек құтыл. Әйтпесе, бізге ұят болады» деді. «Бар ауыртпалықтан арылдым ғой» деп ойлағанмын. Сөйтсем, маңдайыма сор байлап алыппын ғой. «Енді, бала көтере алмайсың» дейді дәрігерлер. Ана болу бақытынан айырылған әйел затынан сорлы жан бар ма екен мына өмірде? Өлгім келеді».
Түпсіз терең ой тұңғиығына батып кетіппін. 


Қазақ Ұятты барлық құндылық­тардан жоғары қойған халық. «Жаным – арымның садағасы, малым – барымның садағасы», «Өлімнен  ұят күшті» дегенде бабаларымыз ұят атты ұлықтың ұлтты ұйыстырар қасиет-қарымын дөп басқаны айдан анық. Сондықтан, ұлы бабаларымыз Ұлт ұяты жолында күресіп өтті. Жастардың үлкендердің алдын кесіп өтпеуі, «Әке тұрып бала сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без», «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйым» деп үнемі санасына құйып отыруы, тәрбие атты Тәңірге табынып өтуі – ел болмақтың әрекет-амалы еді. 
Бірақ, заман дидарына қарасаңыз, ұрпақ тәрбиесінде ақтаңдақтар көп. Әсі­ресе, қыз бала тәрбиесіне көңіл бөлуді мүлдем ұмытқандаймыз. Неге? Оны мына оқиғалардан соң өзіңіз де іштей пайым­дай бересіз. Жамбыл облысында күре жолдың бойындағы әжетханадан табылған нәрестені ұмыта алмай жүргенде, Алматы облысы Ақши ауылында Сақыш деген әже дәретханадан тағы бір нәрестенің мына жарық дүниеге келгеніне риза болмай шырылдап жатқанының үстінен түседі. Шарананың шырылы тіптен бөлек деседі. Көзін ашпай жатып анасы басқа жер таппағандай нәжістің үс­тіне тастап кеткен соң жан дауысы шық­пағанда қайтеді. Тым құрыса бэби-бокстерге тастап кетпейді ме сәбиін? Осындай жантүршіктірерлік жаманатты жағдаяттар жиілеп кетті. Естігенде денең түршігеді. Еріксіз жаға ұстайсыз. «Жетімін жылатпаған елміз» дейміз. Шараналар шалшықтың ішінде жатыр. «Жесірін қаңғытпаған» қазақ бүгінде бетін аулақ қылсын, «дүниеме ортақ болады»  деп құрсақ көтерген келіндерін үйлерінен шығарып жіберіп те жатыр. Бұған енді ұялу былай тұрсын, беттері бүлк етпейді. 
Осы қазақ қарап отырсаңыз тым-тым ұятшыл. Анаған да, мынаған да ұялып, қымсынып, қымтырылып бітеміз. Көршінің қызының көлденең жүрісі барын біле тұрып, әке-шешесіне ескертуге келгенде бет моншағымыз төгіле қалады. Тағы біреудің баласы­ның сұйық жүрісін көре тұра білме­генсиміз.  «Ойбай, айтпа. Ұят болады. Көрші отырып, суынып кетеміз» дейміз. Ұяттың көкесі көршінің қызы оң жақта отырып босанғанда болатынын ескермейміз. Әлгі бұзық бала әлденені бүлдіргенде барып «Қап! Неге ертерек айтпадық екен?» деп бармақ тістеген кейіп көрсетеміз. 
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі соңғы жылдары еліміз­де жасөспірімдердің жасанды түсік жасауы көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. Жалпы, Қазақстан бойынша 2010-2014 жылдар аралығында 15-18 жас­тағы қыздар арасында 34 772 бала көте­ру жағдайы тіркелген. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Меди­циналық жәрдем ұйымдастыру депар­таментінің хабарлауынша, жасанды түсік жасатушы қыздар соңғы жылдары тым көбейіп кеткен. Тіпті, оның санынан шошынасыз. Елбасы Н. Назарбаев 2020 жылға қарай қазақстандықтардың санын 20 миллионға жеткізу, сөйтіп демографиялық ахуалды жақсарту керектігін басты міндеттердің бірі ретінде айтып келеді. Ал, біз осы межеге қалай қол жеткіземіз? 2014 жылдың өзінде облысымызда 208 бойжеткен жасанды түсік жасатыпты. Былтырғы, биылғы жеті айдағы көрсеткішті айтып жан ауыртқымыз келмейді. Сол 208 сәби жарық дүниенің есігін ашқанда ғой, бүгінде құлдыраңдап шауып жүрер еді. 
Түсік жасатқан сол бойжеткендерімізге кезінде ақыл-кеңес берген өзге емес, өз ата-аналары. «Қызым, біздің көзімізге күйік болма. Ішіңдегі шұбар жыланды алдырып таста. Сосын, бұл үйдің босағасын қайтіп аттама. Сен де бір шіріген жұмыртқасың», деп тар құрсағынан шыққан қыздарын қаңғыртып жібергендер қаншама? Кезінде оларға қыздарының түн жамылып кеш қайтатыны ұят көрінбеді. Енді келіп, болары болып, бояуы сіңгенде ұяла қалады. Ата-ананың ең басты міндеті – балаларына тағы­лымды тәрбие беру. Осы борышты осал орындап жүрміз-ау деп неге ұялмағанбыз? 15-18 жастағы 35 мыңға жуық бойжеткен құрсақ көтеріп қойғанда қайда қарағанбыз? Қуаныш еткен көзіміздің нұры, көңіліміздің жыры – қыздарымыз қағынғандар құрған қақпанға түскенге дейін қайда қарағанбыз? Күлбілтелемей турасын айтсақ, бойжеткендеріміздің бұралаң жолға түсуіне үлкендер де белгілі дәрежеде үлес қосты. Сонда неге ұял­мадық?
Әлгі үйлерінен қуылған бойжеткендер тағы біреулердің қолжаулығына айналарын, қолындағы жас баласымен баспана, тамақ таппай қиналарын біле тұра, неге қатігездікке жол бердік? Оның баспана таппай көрінгеннің есігінде көгенкөз болып жүруі ұят емес пе еді? Жоқ, ата-ана мұны ойламайды. Ол өздеріне келер ұятты ғана ойлайды. Қыздарын қаңғыртып жібергендері үшін қызармайды. Оларға «қыздары оң жақта отырып босанып қалыпты» деген ат келмеуі керек. Басқасына бас қатырмайды. Ұяттың үлкені – қыздарына қамқорлық жасай алмағандарында екені қаперлеріне кірмейді. Сонда олардың ұяты қай ұят?
Шулы да думанды Шымкентіңізде де ерте жүкті болғандар, балаларын шы­рылдатып перзентханаларға, қоқыс жәшіктеріне, басқа да жерлерге тас­тап кеткендер жеткілікті. Олардың санын да айтып бере аламыз. Алайда анықтама, нақты дерек беретін кейбір мекеме қызметкерлері «Осының санын көрсетпей-ақ қойыңызшы, ұят болады ғой» деп мәлімет беруден қашқақтайды. Түсінеміз. Төбеде тыйым бар. Бірақ, желөкпе жастарымыз осы жолға түспесе, халқымыздың саны бүгінгіден де көп болар еді-ау деп ойлаған қайсымыз бар?
Қол сынса, бас жарылса, қанап мұрын,
Ол да – менің сорақы ағаттығым.
Ар сотының алдына алып барып,
Алдымнан есігін аш абақтының!
Себебі бәріне мен жауаптымын! – деп М. Мақатаев жырлағандай, қоғамдағы қоқыс атаулының жауапкершілігін өз мойнына алар Ерлер қайда бүгін? 
«Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар.
Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе? Оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған Құдай Тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болды деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір, өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп. Жаманға салысып, жақсы бола ма?» деп ұлы Абай жиырма үшінші қарасөзінде неге күрсінді ғой дейсіз? Иә, бізде біреудің сүрінгенін көрсе, қуанатындар да бар.  Солардан сақтанайық деп сергексиді. Бұл қай сақтану? Бұл қай мақтану? Ұлт болып ұйысамыз, ұлғаямыз деген жұрт қарақан басының қамын ғана ойламай, ұлт ұяты үшін күреспес пе? Өзің ғана таза болып, қандасыңның былыққа батып жатқаны, оны қай ұшпаққа шығарады? Мұндай өзімшіл өркөкіректер елдің қамын ойлай ала ма? 
Осы біз неге тасбауыр болып барамыз? Қатігездік қанымызда жоқ еді ғой. Ал, біз баламызды шырылдатып шетелдерге асырамыз. Қит етсе, қоғамды кі­нә­лап шыға келеміз. Тастанды баланы бауырға басу үшін де қоғам кінәлі ме? 
Көне ғасырдың Менандр деген данышпаны «Әр адамның Құдайы – өзінің ары» депті. Біз сол ішкі Құдайға қаншалықты құлақ асып жүрміз? Сөйте тұра, ұят туралы әңгіме айтамыз көсіліп. «Жұрттан ұялған жақсы, ал өзіңнен ұялу бәрінен де жақсы» депті орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой. Сіз өзіңізден ұяла аласыз ба? Егер, жұрттың барлығы өзінен ұяла білсе, жоғарыда айтқандай ұлт намысына тиетін сорақылықтарға жол бермес едік-ау.
Иә, бүгінде ұят туралы әңгіме айтудың өзі ұят болып барады. Дана қазаққа қауіптің бірі ұяттан келіп жүрмегей. 

Қала мен дала

Жуырда теледидар тамашалап отырып, мынадай әңгіменің куәсі болдым. Алматыда бір базар жабылып, жұмыссыз қалған сатушылар «енді қайда барамыз?» деп басшылардың жағасынан алып, арадай гу-гу етеді. Базар басшысы да сасқан жоқ. «Ауылға барыңдар. Жер шаруаларға берілетін болып жатыр. Егін егіңдер, мал бағыңдар» деп бір-ақ кесті.
Ойланып қалдым. Жүректері алып-ұшып ауылдарға барды дейік. Оларды құрақ ұшып құшақ жая қарсы алатын жан бар ма? Егін өсіру үшін ең әуелі жер керек. Сол жерді әлдебір шенеунік әлдеқашан жекешелендіріп, үстіне шыбын қондырмай қорып отырмасына кім кепіл? Ауыл әкімі су шықпайтын, тастақ немесе сор жерді көрсетер. Қаладан барған жастардың қолдары күлдіреп кетпен-күрегін лақтырып тастап, «қой, арба сүйретсем де бір күнімді көрермін» деп қалаға қашпай ма? Егін егуге құлшынған жасқа техниканы, тұқымды, суды кім береді? Оларға жеңілдетілген несие бар ма? Міне, мәселе қайда жатыр? 
Бір кездері «жастар өркениетке, жаңа технологияға жақын болуға тиіс. Сондықтан, оларды қалаға тарту керек» деген де пікірлер айтылды. Онсыз да екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргендер у-шуы мол қалаға қарай ағылды. Солардың көбі арзан жалдамалы пәтер іздеп сабылды. Өткенде, «Шымкентмай» АҚ-ға журналистік сапармен жолымыз түсті. Жол бойындағы «жетім бұрышта» отырғандардың қарасы ауқымды. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, қаладан жұмыс табылса, олар «жетім бұрыштарды» жағалап, не үшін жүр? Кесімді айлығы бар, жылына бір рет болса да материалдық көмек беретін кәсіпорындардың біріне жұмысқа тұрып алмай ма?
Жастарды ауылға бауыр бас­тырудың бір жолы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы дедік. Осы жоба аясында облысымызда 379 маманға 56,3 миллион теңге көтерме жәрдемақы ұсынылыпты. Оларға 445,4 миллион теңге несие берілген. 140 маман баспаналы болған. Қарап отырсаңыз, ауыл гүлденіп-ақ жатқан сияқты. Шын мәнінде солай ма?
Облысымызда ауылшаруашылығы сала­сына қажетті мамандар даярлау  барысына көңіл тоғаяды. Мәселен, бір ғана М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде агроном, мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы, су ресурстары және суды пайдалану, аграрлық техника және технология, топырақтану және агрохи­мия, ветеринарлық медицина, жерге орналастыру, кадастр мамандарын оқытады. Студенттер Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институтында, «Тассай» ғылыми-тәжіри­белік бөлімшесінде, «Физио­логия­лық кешенінде», сондай-ақ Түл­кібас ауданындағы, «Жас кешу» және «Қайнарбұлақ» ауыл округіндегі саяжайда өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Ал, Шымкент аграрлық колледжінде 15 мамандық бойынша ауыл шаруашылығы саласының мамандары даярланады. Осы оқу орнын былтыр бітірген 562 маманның 543-і тұрақты жұмыс тапқан. Осы айғақтарға қарап, ауыл шаруашылығы саласы мамандардан тапшылық көріп отырмағанын білуге болады. Дегенмен, жастар ауылда неге тұрақтамайды? Өйткені, ауылда тұрақты жұмыс көздері аз. Мектептер мен ауруханаларда ғана жыл он екі ай жұмыс бар. Бірақ, екінің бірі мектепке жұмысқа орналаса ала ма?
Мына бір оқиға еске түсіп отыр. Ол кезде бүгінгі сенатор Қуаныш Айтаханов Отырар ауданының әкімі еді. Жыл қорытындысы бойынша әкім есеп беретін болды. Кездесу Темір (қазіргі Шәмші) ауылында өтіп жатты. 
– Ауылымызда акушер-дәрігер тапшы. Сол мәселені шешіп берсеңіз, – деді көпшілік арасынан бір кісі.
– Облысымыздан акушер сұрат­қанымызбен, мұнда тұрақтап қалуы неғайбыл. Сондықтан, ауылдың бой­дақ жігіттерін медициналық оқу орындарына аттандырайық. Олар универ­ситеттерді, академияларды торуылдап жүрсін. Акушер мамандығын оқып, бітіргелі тұрған қыз болса, дереу құлағына ен салсын. Міне, бітті! Бұл проблеманы осылай шешуге болады. Мойнына құрық түскен қыз қанша бұлқынса да қалаға қайта алмайды, – деді сонда Қуаныш аға.
Бізге бұл ұтқыр жауап сияқтанып көрінді. Расында да, ауылға аку­шер-гинеколог аса қажет. Оны тұрақтан­дырудың жолы осы ғана. Жасыратыны жоқ, ауылда әлі де мәдени-рухани демалыс орындары аз. Барының өзі көңілге қонымсыз. Ауыл кітапханалары жаңа кітаптармен толықтырылып тұрмайды. Тіпті, кей кітапханаларда күнделікті баспасөз басылымдары да аз екенін көріп жүрміз. Өзіне керектісін таба алмаған соң жастар кітапханаға бас сұғады ма?
Бүгінде ауылға бара қалсаңыз, әке ошағын, жылы орындарын суытқысы келмегендер мен қалаға көшуге мүмкіндігі жоқтар ғана жүргендерін көресіз. Мектеп жасындағылар болмаса ересектері түгел қалаларға кеткен. Жуырда, Созақ ауданындағы Құмкент ауылына жолымыз түсті. Ағайындарға аялдадық. Үйіргелік жеріне қауын-қарбыз, жүгері егіпті. Қызанақ, қияр өсіріпті. Сауын сиырлардан өзге малды  тауға айдапты. Малшы жоқ. Бұрын жекеменшік қой баққан бір азаматты зорға көндіріпті. Ол да әр қойға төленер бағаны көтеріп бағыпты. Әрең дегенде көндірген соң оның айтқанына тоқтамай бола ма? Жайылым тапшы. Сиырлар өрістен сүйретіліп зорға жетеді. Қауын мен қарбыздың қабығы, артылған тамақтың қалдығы сиырдың аузына тосылады. Әйтпесе, сүт жоқ. Қысқа жетерлік шөпті қайдан аламыз деп уайымдап отырғандар да бар. Мына Көсегенің көк жонынан, Алтыағаштан, Сарытаудан, Көксеңгір мен Маралбайдан шөп орып, тайлап әкелу үшін техника қажет. Қолы ұзындар әкелген шөп қымбат. Зейнетақыға қарап отырғандардың мал басын көбейте алмайтыны сондықтан.  Ал, сіз «жастар қалада босқа сенделгенше, ауылға барып мал өсірмей ме?» дейсіз.
Жуырда ҚазМедиа орталығында БҰҰ Даму бағдарламасының қызметкерлері брифинг өткізді. Онда БҰҰ ДБ тұрақты өкілі­нің кеңесшісі Ирина Горюнова сөйлеп, қазір Қазақстан халқының жар­тысына жуығы қалада тұрады деді. Оның айтуынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға жетпек. Қала­лықтардың көбейіп, ауыл халқының азаюы қоршаған ортаға жасалатын кері әсерді де күшейтеді. «Сол үшін, – деді Ирина Горюнова, – алдағы уақыттарда шаһар­ларда, әсіресе, өнеркәсібі дамыған, экологиясы көңіл көншітпейтін, халқы көп қалаларда экологиялық таза көліктерді көбейту, «ақылды» жарықпен, жылумен қамтамасыз ету сынды шараларға баса көңіл бөлінеді».
Байқап отырған шығарсыз, адам­дардың қалаға ағылуы бір сәт те то­лас­тамақ емес. «Ақылды» жарығы, көңіл көтеретін неше түрлі орта­лықтары бар қалаларға жастар неге үйірсек деп оларды тағы кінәлай алмайсыз. Сонда жерді кім игермек?
Қала мен дала. Салмақтап көріңіз. Айырмашылығы жер мен көктей. Біз өзімізді Ұлы Дала ұландары санаймыз. Ендеше, сол Ұлы Даладан қашып, неге қаланы қалқалаймыз? Ауыл асыраушымыз болып келді, бола да береді. Сондықтан, көрсеткіштер көлеңкесінде қалмай, жастардың жолдамамен барған жерлерінде тұрақтауы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Ал, Жер-Ана балаларын ешқашан өгейсіген емес…

Құрмет келерінде –қиын, кетерінде құйын

Бүгінде қаншама бүркемелегені­мізбен, егемендіктің елең-алаңында ебін тауып екі асап, биге шыққандар көбейді. Оларға түрлі ат теліп жаттық. «Жаңа қазақ» дедік. «Коммерсант» атанып, жалы күжірейіп жүретіндер де көп еді. Соңыра олар кәсіпкерлерге айналды. Әлімсақтан кім қалталы болса, барлық құрмет пен бедел де соның қолында. Коммерсанттар мен кәсіпкерлер дүрілдеді дейсіз бір. Тіпті, олар үлкен-үлкен жерлерге сөзін өткізе алатын болды. Бірқатар белділердің өзі олармен санасатын жағдайға жетті.
Даңқ дегеннің дақпырты дүлей дауылдан да жойқын болады-ау, сірә, қолына өлшеусіз байлық пен сый-құрмет іліккен соң байшыкештер белден басуды да тәп-тәуір меңгерді. Өзінен төмендерге түйіліп қарайтындар табылды. Әуелгіде социализм сағымынан босана алмай жүргендерге халық тұрмысындағы алшақтық түсініксіздеу болды. Нарықтық қатынастардың талабы қатаң екеніне көзі жеткендер ендігі жерде жұмыстарын жаңаша ұйымдастыра бастады. «Дәулет сорғалап келеді, қошемет жорғалап келеді». Жорғалы қошеметке торқалы тоғышарлар талтайды да қалды. Басынан құс ұшырмайтындар да кезікті. Өйткені, олар байлықтың бар пәледен құтқаратынын тез ұқты.
Менің бір танысым болды. Жастайы­нан иненің көзінен өтердей пысық еді. Ұстаздарымыз «түбі осыдан бірдеңе шығады» деп мақтап отыратын. Біз жоғары сыныпта жүргенде түні бойы жымыңдаған жұлдыздармен «сөй­ле­сіп» бойжеткендерге алабұртқан сезім­дері­мізді жеткізе алмай құлаш-құ­лаш хат жазатынбыз. Әлгі танысым, мұн­дай ғащықтық өртіне шалынбай-ақ қыз жүрегін жаулап алды. «Несімен өтімді?» деп басымыз қататын. Сөйтсек, бұл пысық сол кездің өзінде есебін тауып қыздарға байлығын, өзінің қолынан барлығы келетінін көрсетіп жүреді екен ғой. Иә, ол қызмет баспалдағымен тез-ақ көтерілді. Комсомол комитетінің хатшысы, партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі сияқты лауазымдарда жүргенде әбден ысылды. 
Бірде сенбілікке шықтық. Ау­дандық партия комитетінің бірін­ші хатшысының өзі ортамызда жүр­ген. Шілденің аптап ыстығы ми қайна­тардай еді. Сенбілікке шыққандар көлеңке іздей бастады. Бірінші хатшымыз да «сәл тынығып алайық» деген. Ал, әлгі жарамсақ болса қолындағы кетпенін тастамай бір өзі ортада тырбаңдап жүріп алды. «Мына бала еңбекқор екен ғой» деп айтса екен деген ішкі жымысқы ойын бәріміз сезіп тұрдық. Пысық жігітіміздің шашы жұқалау еді. Әлден соң жып-жылтыр маңдайынан тер сорғалады. Соңы не болды дейсіздер ғой? Оны «жедел жәр­деммен» ауруханаға жөнелттік. Коммунизм үшін күрескерлік қабілетін танытқан осы сабаз Кеңес өкіметі күй­регенде титтей де өкінген рай көр­сеткен жоқ. Күрескердің бұл қылығын алғашқыда түсіне де алмадық. Ол бізге социализмді сатып кеткендей көрін­ді. Негізінде адамдардың түбіне сат­қындық жеткен. Сол социализм шек­пенінде барлығымыз да болдық. Тым әсіреқұмар коммунист емес едік. Сонда да коммунистік партияның белді өкілінің тез құбылуы бізді әрі-сәрі күйге түсірді. Зады, үріккен жылқыдай жалт беру ешқашан жақсылық әкелген емес.
Сол коммунист көкеміз қып-қызыл атеист еді. «Құдай жоқ» деп құлағымызды сарсылтқан осы кісі болатын. «Дін – апиын» деген тақырыпта талай лекция оқығаны тағы бар. Сөйтіп жүрген Дүйсекең көп кешікпей дүмше молда болып шыға келді. Дүмшелігі сол, ауыл адамдарын дүрдараз етіп бітті. Молдалығы сол, қайтқан кісілердің жаназасын шығарып, Құран оқудан әрі аспады. Молшылыққа малынып үйренген молдекеңе «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» қағидасы жүрмей қалды. Осыдан соң Дүйсекең мешітті шәкірттеріне тастап, әлдеқайда ұзақ-ұзақ жоғалып кететін болды. Сөйтсек, бұл иманжүзді имамымыз Құдай жолын мүлдем тәрк етіп, коммерциялық жолға біржола бет бұрған екен. Бұл Бетпақдала дегеніңіз тұнып тұрған байлық па деп қалдық. Сол тұста, мына қытайыңыз ақбөкеннің мүйізі мен жүн-жұрқа, тері-терсегіне дейін қабылдады емес пе? Дүйсекең деген дамолла домаланып жүріп далада шашылып жатқан шексіз байлықты тышқанша тасымалдаған ғой.
Сонымен, Дүйсекең «кімсің?» деген көлденең сауалға «коммерсантпыз» деп керги жауап береді. Сәлде Бетпақдаланың бір сортаңында қалып қойды. Ауылдағы алғашқы жекеменшік азық-түлік дүкеніне ие болған да осы ағамыз. Енді өзі дүкен бола тұрып онда арақ-шарап неге сатылмасқа? Ауылдың сандалбай жастарынан бастап сақалдары кеудесіне түсетін шалдарына дейін осы дүкеннен қызара бөртіп шығатынына таңырқауды қойдық.
Жонданып, қоңданып алған Дүй­секең қалаға қарай жылжыды. Мұнда да қолы жүріп кеп берді. «Шаһар­дағы «жаңа қазақтар» қатарына қосылды. Бұған алақандарын шапалақтап, қуанғандар да табылды. «Япырым-ай, соңы не болар екен?» деп уайымдаған ағайындар да бірқыдыру еді. Торайдай тығыз тоғышарға құрмет мысқалдап келе бастады. Ол бай-бағландар қатарына қосылды. Өкініштісі сол, Дүйсекеңнің ағайын-туысқа қайырымы болмады. Есесіне, соңынан ерген сөз көбейді. «Түгеншені сазға отырғызып кетіпті», «Пәленшені сыртынан жамандапты» деген секілді сыпсыма сөздер құйындай ұйытқиды. Дүйсекеңнің дүниеқоңыз болып алғаны соншама бауыр дегенді мүлдем ұмытты. Қашан көрсең де қауырт. Мақтанға келгенде алдына жан салмайды. Соны көріп Абай еске түседі. Ұлы ақын не деп еді?
«Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, Құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-қары, қыс, суық – сұғанақ – солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді», – депті сегізінші қара сөзінде.
Иә, қолы тимей қайқаңдап жүрген ол тәп-тәуір бір қызметтің жалынан ұстап еді, көп кешікпей басы бәлеге шатылды. Ақыры істі болды. Сонша жыл тірнектеп жинаған дәулетін ұлдары ұстап қала алмады. «Дәулет еңбекке келіп, ақылға тоқтайды» деген рас болып шықты.
Қаншама қиындықпен келген құрмет құйындай ұйытқып жоқ болды. Тегі, «қамысты борсық жағалайды, қыңырды қырсық жағалайды» деген рас-ау. Жаратқанның басқа берген бақытын көпсінбей, борсық та, қырсық та болып ағайынның наласына қалмай, мына жарық дүниеде жалпақ жерді жай ғана басып жүргенге не жетеді?
Айтпағымыз осы еді.

Алдыңғы «
Келесі »