Ректор сайлауы: «МЫҚТЫЛАРДЫ ТАҢДАЙ МА, ӘЛДЕ ТАҒАЙЫНДАЙ МА?»

  • 15.09.2016
  • 837 рет оқылды
  • 1

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
журналист

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған мем­лекеттік ЖОО ректорлерін та­ғайын­даудың жаңа ережесі құп­тар­лық қадам деп білеміз. Мұндай ережені ен­гізудегі мақсаттарының өзін құ­зырлы министрліктің айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету ретінде тү­сіндірулері орынды мәселе. Бүгінге дейін ЖОО ҚР Білім және ғылым ми­нистрінің дербес шешімі негізінде тағайындалып келгені мәлім. Биылдан бастап мемлекеттік  ЖОО-дағы барлық ректор баламалы түрде сайланып барып, тағайындалады екен. Ашық конкурс түріндегі іріктеуді ға­лым­дардан, бизнес құрылымдардан, жергілікті атқару органдары және қоғам өкілдерінен құралған  универ­ситеттің Қадағалау кеңесі өткізеді деп атап көрсетілген.


Ректор лауазымына үміткерлер ірік­теудің негізгі өлшемдеріне толық­тай сай келіп, университеттің даму бағдар­ламасын ұсынады дегенге министрлік бек сенімді секілді. Үміткер мақұлданған жағдайда, Қадағалау кеңесі өз шешімін Республикалық конкурстық комиссияға жолдамақ. Қадағалау кеңесі қолдаған үміткердің саны үш адамнан кем болмауы керек дегені де өте орынды қадам. Себебі, бізде ректор лауазымын атасынан қалған мұрадай иемденіп алып, өліспей беріспейтін жағдайға жеткен ректорлер қаншама. Алғашқы ірік­теуден кейін үміткерлер ҚР Премьер-минис­трінің әлеуметтік мәселелерді қадағалайтын орынбасарының жетек­шілі­гіндегі Республикалық комиссияда сұхбаттасудан өткізіліп, алқалы кеңесте соңғы шешім қабылданады дейді. Мем­лекеттік ЖОО ректорлерін сайлау ең алдымен лауазымға тағайын­далу­дың айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету дегенді министрлік барынша басымдық беріп айтумен келеді. Сонымен қатар, конкурстық іріктеу нәтижесінде ЖОО-ның даму бағдарламасына қолдау көрсетіле­тіндігіне сендіруге тырысып бағуда. Әрине, шынымен сондай мүмкіндік берілсе, құба-құп. 
ЖОО-ның Қадағалау кеңестерінің тізімдері университеттердің сайттарында ашық жариялануы тиіс деген де тапсырма берілген. Егер, оны әр университет ректорі өзі дайындап ұсынатын болса, ондай кеңесте қандай мән бар? Кеңес шын мәнінде тәуелсіз адамдардан жасақталса, онда әңгіме басқа. Сонымен, мемлекеттік ЖОО ректорі лауазымдарына үміткерлерді іріктеу басталып та кеткен сыңайлы. Осы мәселеге байланысты саланың нанын ширек ғасыр бойы жеген адам ретінде ойларымызды ортаға салуды жөн көрдік. 
Жалпы, біздегі жоғары білім сала­сындағы түрлі реформалар мен іс-шараларға сын көп. Елімізде 1990 жыл­дардың орта тұсынан басталған жоғары білім реформалары осы сала­ның менеджмент жүйесін түсініксіз жайларға душар етті. Оны әркім әртүрлі түсіндіреді. Біреулердің пайымдауынша, мәдениеті жоғары дамыған АҚШ-тың жүйесін механикалық тәсілмен көшіргендіктен, біздің жағдайымызға үйлес­пей жатқан көрінеді. Ал, енді бір сарап­шылардың  айтуынша, Американың үлгісін қабыл­дағанда, кейбір маңызды процедураларын жоғалтқандықтан, шынайы мазмұнына сай келмей  бұрмаланды деседі.
Қалай болғанда да еліміздің жоғары білім беру ісіне жұрттың көңілі толмайтыны рас. Әлемдік қалыпты /стандартты/ айтпағанның өзінде, бұ­рын­ғы барымызды жоғалтып ал­дық деушілер де бар. Қанша жерден өзгерттік, жаңарттық деп өзеуресек те, біздің берген дипломдарымызды әлем елдері мойындап отырған жоқ. Қазіргі таңда ғылым мен білім туралы заң бекітіліп, салаға жаңа министр келгелі еліміздің ЖОО, соның ішінде ұлттық мәртебеге ие болған университеттер үшін екі мәселе аса маңызды болып отыр. Оның біріншісі – ғылыми зерттеуді басшылыққа алған университет (research university) болу, екіншісі – шынайы оқу ордасына (training center) айналу. Озық ойлы ғалымдардың пікірлеріне келсек, еліміздегі ірі уни­верситеттердің өзінде қалыптасқан жағдай сын көтермейді. Айталық, жоғарыда атал­ған research university-дің мәнін жетік түсінбейтіндіктен, ғылыми кеңестің өзі ректорлардың жете­гін­дегі  аты бар да, заты жоқ ұйымға айналған. Кеңес шын мәнінде, профессор, оқы­тушылар ұжымы алдында есеп беруге құлықсыз, ректордың ай­дауын­дағы енжар құрылым болып кеткен. Осының салдарынан бүгінде уни­верситет менеджментіне профессор оқытушылардың қатысуы, олардың жұмыстық белсенділіктері іс жүзінде қысқарған көрінеді.
ЖОО базасын жетілдіруге еліміздің үкіметі айтарлықтай көңіл бөліп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, уни­верситеттердің қаржылық көздері оқу ақысынан, демеушілердің көмегінен, ғылымға бөлінетін дотациядан, патент, лицензия, роялттық төлемдерден және мемлекеттік бюджеттен құралады екен. Батыс Еуропа елдері, Жапония, Австралияға қарағанда,  АҚШ-та үкімет тарапынан ЖОО-ны қаржыландыру жа­ғы айтарлықтай аз. Алайда, соған қа­ра­мастан, соңғы жылдардағы мәлімет­терге қарағанда, АҚШ бакалаврдан жо­ғары академиялық дәреже беретін уни­верситеттердің барлық кірістерінің 50,77%-ын мемлекеттік немесе жергілікті бюджет құйса, 18,06%-ын оқу ақысы, 25,32%-ын көмекші шаруашылықтар, қызмет көрсетудің өзге түрлерінен түс­кен табыс, қалған 5,83%-ын демеу­ші­лерден бөлінген қаржы құраған. Біздегі жағдай туралы университеттер БАҚ-ты айтпағанның өзінде, жеке веб-сайттарына да мұндай мәліметтерді ұсынбайтындықтан, алдын ала бір­деме деу қиын. Әрбір құпияланған есеп-қисап пен қаржы көздерін, табыс­ты бүркемелеу жемқорлыққа күдік тудыратындығын ескерсек, еліміз университеттерінің бұл әрекетін түсіну оңай болмайды.
Жалпы, біз өз жағдайымызды бажайлап, даму бағытымызды дұрыс белгілеу үшін, өзгелердің тәжірибесімен егжей-тегжей танысуымыз маңызды. Жоғары дамыған әлем елдеріндегі университеттерден үйрену үшін, ең алдымен оның менеджменттік құрылымын жіті зерттеуіміз керек сияқты. Әрине, әр елдің және оның университеттерінің өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Соған қарамастан, либералды демо­кратиялық елдердің ЖОО жүйесі Америка және Еуропа үлгісіндегі деген екі басты топқа бөлінеді екен. Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония секілді жоғары дамы­ған елдерде университеттердің өзін-өзі басқару менеджменті жетіл­ді­ріл­­гендіктен, барлығын оқу орны­ның ішкі мәселесі ретінде қарас­тырады. Нақтырақ айтсақ, уни­верситетті басқарудағы негізгі тетік – оқы­ту­шы, профессорлардың, ғылыми қыз­меткерлердің, қатардағы жұмыс­керлер мен студенттердің қолында.
Аталмыш елдер университеттерінің басқарушы ұйымдарының құрылымына келсек, ректордың өзі де, оның жасақтаған командасы – ректорат та оқытушы ға­лымдар арасынан сайланған басқарушы кеңес пен одан дербес құрылатын бақы­лаушы комитетке бағынады. Айта­лық, осындай құрылымы ең күшті дамыған Жапонияға келсек, елдің ЖОО-лары (Цукуба университе­тінен басқасы) өзін-өзі басқару жүйесіне көшкен. Уни­верситеттің штатындағы оқы­тушылар, қызметкерлер, студенттердің өкіл­дері қатыстырылған сайлаудың нә­ти­­жесінде ректор тағайындалады. Ал, Батыс Еуропа елдеріндегі жағдай сәл өзгешелеу. Онда университет ұжымынан сайланған «парламенті» іспетті басқа­рушы органы бар. Сол өкілетті орган арқылы ректорды сайлайды және отс­тавкаға кетіреді.
Ал, АҚШ университеттерінің жүйе­­сі мүлде өзгеше. Ондағы барлық университеттің билігі басқару кеңесі (board of trustees, regents), әкімшілік (administration), ғылыми кеңес (senate, council, house) деген үш институттан тұрады. Олардың әрбірінің өкілеттік субьектісі, құрылу ережелері, атқа­ратын міндеттері мен құқықтары әр бөлек. Ондағы басқару кеңесінің орны ерекше. Олар университеттің күнделікті жұмысына тікелей аралас­пайды. Керісінше, ғылыми кеңестің нұсқауымен ректор мен проректорларды тағайындап, ағымдағы жұмысты жүргіздіреді. Ал өздері ректораттың жұмысына бақылау жасайды. Университет менеджментіндегі тағы бір маңызды институт – ғылыми кеңес екені белгілі. Оны білім ордасы ұжымы сайлайтындықтан барлық мүше тең құқылы. Басқару кеңесі құрылтайшы өкілеттілігін білдірсе, ғылыми кеңес оқытушы, ғалымдар яғни, уни­вер­ситеттің академиялық ядросының өкілдері болмақ. Сондықтан, кеңестің төрағалығын біздегідей ректорге ғана беріп қоймайды. 
Сондай-ақ, ғылыми кеңес өзінің ережесі бойынша белгілі мерзімге сайланатын басшысы, орынбасары, өзге қызмет штаттарымен қатар тұрақты және уақытша комитеттер ар­қылы өз ісін ұйымдастырады. Академиялық мәселелерді шешумен қатар университет өмірінің өзге де проблемалары жайында ректоратпен мәмлеге келіп отырады. Сондықтан да, аталмыш құрылым университетте ұжымдық басқарудың принциптерін жүзеге асырады.  
Американдық үрдісті толық түсіну үшін Калифорния университетін мы­салға алайық. Атқару кеңесі (Board of Regents) 25 мүшеден тұра­ды. Оның 18-ін штат губернаторы тағайындайтын көрінеді. Университетті басқара­тындар да, осылар. Қалған 7 мүшенің 4-ін үкі­меттегі    лауазымды  тұлғалардан таң­даса, 2-і түлектер одағынан сайланса, 7-ші – мүше ректордың өзі. 18 мүшені бірден жергілікті үкімет тағайындауының себебіне келсек, оқу орны жергілікті үкіметтің мүлкі, әрі халыққа қызмет көрсететін маңызды нысан ретінде қарастырылатын­дығында. Сонымен қатар, универ­си­тетті жергілікті биліктен, саясаттан бейтарап етіп, оның академиялық еркіндігін қамтамасыз етуде оның маңыздылығы жатыр. Университетті саяси алаң, партиялық идеологияның нысаны деп қарау тым аңғалдық болар еді. Керісінше, ол біліктілік пен қабілеттілікті (merit) қастерлеп, алға тартатын принципті (meritocracy) ұстанатын білім ордасы болып табылады. Сондықтан, алаулатқан-жа­лау­латқан «Жас Отаннан» бас­тап, саяси ұйым атаулының бәрі одан тыс тұруға тиіс. Тіпті, жастардың ара­сында «ҚДМ» деп аталатын көп­шілік ұйымдардың өзін ешбір саяси партиялардың меншіктеуге құқы жоқ. Ал, біздегі заңдар мен заңды­лық­тарға сай ұлттық университеттер принциптік те, практикалық та тұрғыдан келгенде, іс жүзінде Білім және ғылым министрлігінің бюро­кратиялық бір баспалдағы болып шы­ға­ды және саяси машинаға тәуелді, қағазбастылықтан көз ашпайтын енжар ұйым ретінде көрініс табады. 
Американың жүйесіне көзсіз елік­теген кезде, оның ішкі қыр-сырын жетік түсінбей, механикалық тәсілмен көшіру­дің салдарын, міне, осыдан аңғаруға болады. Принциптік тұрғыдан келсек, ұлттық университеттердің шынайы құрыл­тайшысы Білім және ғылым министрлігі емес, шын мәнінде, Қазақстан халқы (public) деп түсінуіміз қажет және солай болуға тиіс те. Себебі, сол оқу ордаларын салып, тұрғызуға жұмсалған қаржы-қаражат халықтың қалтасынан өтелді. Сонысымен де, ол ұлттық университет. Олай болса, Қазақстандағы барлық ұлт­тық университеттердің мақсаты ұлты­мызға адал қызмет көрсетіп, халқымызға жоғары білімді мамандар даярлап беру. Оны халықтың атынан ұйымдастырып, үйлестіріп отырған «команда» ол – қазақ үкіметі. Сондықтан, әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев, Лев Гумилевтің атымен аталатыны бар, өзге ірілі-ұсақты барлық университеттер – қазақстандықтардың иелігінде және халыққа қызмет көрсету міндеті жүктелетіндіктен, олар бір ғана министрлік аппаратының «қолбаласы» емес, болмайды да. Осы себептен, ұлттық университеттердің басқару кеңесі дейтінді құратын бол­сақ, ол құрылым Қазақстан халқы­ның өкілетті ұйымы ретінде ел аза­маттарының атынан ортақ мүлікті қорғап, оған жұмсалып жатқан әр тиынды қадағалауға міндетті болмақ. Мәселенің келесі жағына келсек, ұлттық университеттер – Қазақстан халқының мүлкі. Ол санаткерлік бола ма, тікелей мағынада заттық бола ма бәрібір. Сонымен бірге, ол ғылыми-зерттеу әрі білім беру меке­мелері болғандықтан, қандай бір саяси ықпалдан тыс, дербес тұруға тиіс. Өкінішке қарай,  біздегі заңдарға, қаулы-қарарларға жүгінер болсақ, ұлттық университеттердің ректорлері бір ғана министрліктің «ашса – алақанында, жұмса – жұды­рығында». Оның өзінде ректорлер қанша жылға тағайындалады, неше рет қайта тағайындауға болады – ол жағы әлі анықталмаған. Университет ректорлері проректорларын өзі тағайындап, босататындықтан, оның жанындағы ғылыми кеңестің тіпті рөлі жоққа тән. Сонысымен ғылыми ке­ңестер өзінің негізгі міндетін атқаруға да дәрменсіз рәміздік дәрежедегі бю­рократиялық бір баспалдаққа ай­нал­ған. Қысқасы, қазіргі таңда ұлт­тық университеттер жанындағы бас­қару дейсіз бе, ғылыми дейсіз бе, тіпті, қадағалау дейсіз бе, қай кеңесте де, өз аппаратын бақылауға қабілетсіз, ондай құзыры да, тәжірибесі де жоқ. Оған ешбір негіздің болмасы да айдан анық. Ректорлер университетке келеді, кетеді. Ал,  кеңес деген тетік университетпен мәңгі жасайтындықтан,  ректормен бірге проректорларды да шынайы түрде бекітетін билікке ие болса, өзінің негізгі миссиясын атқарған болар еді.
Университеттерге қатысты мәселелер қарастырылғанда, әртүрлі шешімдер ұс­таз-ғалымдардың қатысуынсыз тек қана рек­тордің  жеке   қалауымен    тағайын­далған ат төбеліндей лауазымдылардың бас шұлғуымен қабылданатын жағдайға жеттік. Сол ләппайшылар мәселенің мәнін терең талдап түсіндірудің орнына рек­торді жер-көкке сыйғызбай мақтаумен, турасын айтқанда, жағымпазданумен күнелтіп жүрген жайлары бар. Ондай ғылыми кеңестерде қандай бедел болсын. Сайып келгенде, еліміздегі ұлттық университеттердің басқару жүйесін жетілдіру, оған шұғыл бетбұрыс жасау қажеттілігі өмірден туып отыр. Оны жасауға жоғарыда атап өткен АҚШ университеттерінің ұжымдық басқару тәсілдері тәжірибе болар деп үміттенеміз. 
Бүгінде бізге үлгі болып отырған Америкада ХІХ ғасырда университет деп атауға тұрарлықтай оқу орны бол­маған екен. Ал, бүгінде әлемдегі ең ұлы мәртебелі 30 университетті ата десе, оның 20-сы осы елден табылатындығына Гарвардта көп жыл декан болған Генри Росовскийдің кепілдік беруге бар екенін мәлімдеуі тегін емес болар. Мұндай ірі жетістіктің кілті университеттердің басқару құрылымын жетілдіруде болса керек. Ал, білім министрлігі ұсынып отырған жаңа сайлау жүйесі қазіргі ректорлерді түбегейлі ауыстырып, шын мықтыларды таңдап тағайындай ма, әлде, қазіргілердің мұртын бұзбай креслоларына мәңгілік етіп шегелеп тастай ма, оны уақытында көреміз. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. 50 пайыз теория 50 пайыз практика болмаса ауызша білімнен пайда жоқ

Пікірлерге тыйым салынады.