Ұлт мектебінің даму барысы және мәселелері

  • 15.09.2016
  • 527 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әзімбай  Ғали,

саясаттанушы

Қазақстанда КСРО кезінде ұлт мектебі қалыптасты, жасыратыны жоқ,  біраз жетістіктерге  жеттік. Айталық, бүгүнгі күні әлемде сауатсыздықты әлі де жеңе алмай келе жатқан елдер бар екенін айту керек. Мәселеңки, Индияда, Пәкістанда, көптеген араб елдерінде әлі сауатсыз не шаласауатты адам көп. Индияда сауатсыздар үлесі 30%, Пәкістанда – 45%, Бангладеште – 42%. Көптеген араб елдерінде сауатсыздық биік  деңгейде және сауатсыздық қайтадан өсіп келеді. Ал, Джибути, Йемен, Ирак Мароккода сауаттылық Араб мемлекеттерінің орта деңгейінен де төмен. Өткен жазда мен Шарм-АшШейхте жергілікті отельдің  мысырлық қызметкерінен араб сөзінің жазылуын сұрап едім, кешегі кетпеншінің тым төмен сауатты екенін байқадым[1]. Бізде болса сауаттылық 99%, әрбір төртінші қазақтың  жоғары білімі бар. Сансыз ғылым докторлары шетелде ағылшынша пікірталасқа жарамайды, мақала жарияламақ түгіл, дербес пайым айтпас, тойда тост қана айта алады. Сонымен, бірге ғылыми атағы  болмаса да қазақтың зиялылары қауымның маңызды бөлігі. Олардың қатарына діндәрлық интеллигенция, дін саласының интеллектуалдары, үлемдері елдің руханиятының сақталуына көп септігін тигізіп келеді.


Ұлттық  мектепте  оқушылар динамикасы (мың адам есебімен)
Нұсқалар:www.stat.kz;www.nao.kz Данные МОН РК (НОБД 2014) Среднее образо­вание в Ка­захстане:состояние и перспек­тивы. Аналитический сборник.Аста­на.2015,с.35[2]

    Оқу жылдары
    1985/86    1987/88    1990/91    1995/96    2003/04    2006/07    2007/08
Қазақ тілінде     936.5    908.9    1008.1    1358.4    1662.5    1567.3    1553.5
Орыс тілінде    2047.1    2009    2027.2    1584.9    1207.3    1029.1    957.3
Ұйғыр тілінде    13.5    11.0    13.8    20.7    20.3    16.4    15.4
Өзбек тілінде    60.4    58.0    64.8    69.1    86.5    81.8    80.3

    Оқу жылдары
    2008/09    2009/10    2010/11    2011/12    2012/13    2013/14    2014/15
Қазақ тілінде    1542.8    1551.0    1573.7    1590.7    1617.6    1649.1    1716.1
Орыс тілінде    903.9    868.5    843.4    819.5    805.4    779.7    802.1
Ұйғыр тілінде    15.4    14.7    14.4    …    …    14.4    14.7
Өзбек тілінде    79.2    79.1    78.9    …    …    77.9    79.0


Бірінші  тұжырым,1985/86- 2014/2015 оқу жылдары арасында орыс тілінде оқушы­лар саны кеміді: 2047.1 мыңнан  802.1 мыңға дейін. Яғни, орыс тілінде оқушылар саны  мөлшері 2.5 есе азайды. Ол өзгерістердің бас себебі еліміздің егемендік алуы. Тоталитарлық КСРО құлағаннан кейін еліміздің әрбір ұлт өкілдері қалағанынша төл мектебіне балаларын беретін болды. Екінші тұжырым, Егемен Қазақ республикасы  басқа ұлт тілінде оқушылар санының өсуіне мүмкіндік берді. Сол кезеңде ұлттың мектепте  оқушылар саны өсті.  Айталық, қазақ тілінде оқитындар саны:1985/86 оқу жылында  – 936.5 мың болса 2014/15 жылы – 1716.1 мыңға дейін өсті, өзбек тіліндегі оқушылар: 1985/86оқу жылы – 60.4 мың оқушы болса, ал, 2014/15-79.0 мың оқушыға жетті, ұйғыр тілінде оқушылар саны : 1985/86 оқу жылында  – 13.5 мың оқушы болды, 2014/15 – 14.7 мың оқушы болды. Сол сияқты, тәжік мектептері пайда болды. Үшінші тұжырым, ұлттың мектеп тағдыры демографиялық өсім мен миграцияларға тәуелді болды.Орыс тілінде оқушылардың санының азайуы себебтерінің бірі орыс, украин, неміс  эмиграциясы. Орыс Ресейге, неміс – Германияға, украиндер – Ресей мен Украинаға аттана бастады. Мәселеңки, 1990 жылы КСРО әлі  де бар кезде республиканың 16 млн.300 мың жұртшылығы болды.Сол жылы табиғи өсім 233.5мың, республикаға көшіп келгендер саны – 180 мың, республикадан көшіп кеткендер саны – 272.4 мың адам. Сонда, 1990 жылы миграциялық сальдо минус 92.4 мың адам болды.Қазақтың басқа республикалардан және мемлекеттерден қайтуы 1934 жылдан кейін (ашаршылық аяқталғаннан кейін) басталып бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ал, орыс, украин, белорустардың Қазақстаннан көшуі 1970 жылдан бас­талып әлі де тоқтамай тұр. Сондықтан, жергілікті қазақтар  славян тектілерді сыйдырмай қуып жатыр деген сөз бекер. КСРО саясаты отарларды колонизациялау  болса да бұл саясат 1970 жылдан бастап пәрменін көрсетті. Келесі фактор славян халықтары мен татарлардың туу деңгейі тым төмен болды, ал, 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін орыс, украин, белорус, татарлар  ішінде депопуляция үрдісі байқалды. Яғни, өлгендердің саны бұл этностарда туғандардың санынан артық. Аталған ұлт өкілдері саны азайып келді.1994 жылы 477 мың адам көшіп кетті де, 70 мыңдай адам көшіп келді.1990 жылдан бастап келгендердің басым көпшілігі оралман еді. Мөлшерлеп алағанда оралмандардың 60% – Өзбек­станнан, 12% – Қытайдан, 10%  – Моңғолиядан, 8 % – Түркменстаннан, 4% – Ресейден екен. Жалпы Қазақстанда 1 миллион оралман ағайын қоныстаныпты. Оралмандар негізінен балаларын қазақ мектебіне берді. Төртінші тұжырым, бұрын қалада қазақ мектебін тіпті класын ашу қиын болды. Біз Шона Смаханұлы, Мұхтар Қазыбекұлының ерлігі мен белсенділігін айтып отырмыз. Бүгінгі таңда  қазақтың жартысынан көбі, 57% қалада тұрады. Бесінші тұжырым, бүгінгі таңда оқушылардың 73% – қазақтар, 14% – орыстар, 4%  – өзбектер, 1.5% – ұйғырлар, 1.3% – украиндер. Қазақ баласының мөлшері 87% қазақ мектебіне барады және бұл көрсеткіш өсіп келеді. Алтыншы тұжырым, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында қазақ оқушылар саны қысқаруда: 2013 жылы – 21116 оқушы 139 мектепте қазақ тілінде оқыса, 2014 жылы 20813 оқушы 136 мектепте қазақ тілінде оқыды. ҚР Білім және  Ғылым Министрлігі  Президент Әкімшілігі көрсеткен келеңсіздікті саралап,  дұрыс шара қолданады деп есептейміз. Же­тінші тұжырым, қа­зақтың үлесі 70% жақындады. Қазақ биік қарқынмен өсіп келеді. Егер де, 1989 жылы қазақтың саны 6 млн.534 мың,1999 жылы – 7млн. 985 мың, 2009 жылы -10 млн. 096 мың,     ал, 2015 жылдың 1 қаңтарына есептелген мемстат агенттігінің болжамы бойынша – 11 млн. 497 мыңға жетіп­піз.1989-2015 жылдары қазақтың жалпы өсімі – 5 млн. (нақтырақ айтсақ 4 млн. 963 мың) болыпты. Бізге ұлттық бірегейлік керек [3]. Ол қазақстандық ұлт емес, Үлкен қазақ ұлты. Басқа ұлт өкілдеріне әкімшілік кедергісіз қазақ болып жазылуға мүмкіндік беру (қазақша білген жағдайда) қажет. Егер, оралман бауырымыз: «Мені жат жерде өзбек, қарақалпақ, қырғыз,т.б.ұлт өкілі ретінде әкімшілік жолмен жазып жіберді, бірақ, мен қазақпын», – десе, азаматтық та, қазақтықты да беру керек.  Сол сияқты идентификацияны өзгерту құқығы жеке ұлт өкілдеріне де берілуге тиіс. Бұл біздің еліміздің КСРО тоталитарлық жүйесінің озбыр­лығынан бас тартқанымыз болады. Қазақстанның егемендігі басқа ұлт өкіл­деріне де өз жақсылығын тигізуі керек деймін. Олай десек, орыс болып жазылып кеткен украиндер, еврейлер,татарлар төл ұлттылығына оралады. Жетінші тұжырым, мәселеңки, өзбек, ұйғыр, тәжік  мектебін бітіріп,  одан кейін не іске, не оқуын  жалғастыруға жарамай, жағдайы жәйсіз жүрген азаматтарды қайтеміз. Сол сияқты орыс мектебін бітірген орыс балалары тіпті университеттің  орыс бөлімін бітіріп,  қазақша білмегендіктен офис қызметіне де жарамай жатыр. Өзбек ,тәжік мектебінің  түлегі шетінен кетпенші мен дүкеншіден  аса алмай жүр. Орта мектеп пен университет әлеуметтік өсуге, карьера жасауға жол ашуға керек. Сондықтан, аз ұлттар (орыс мектебі соның ішінде) мектебін жаппау керек шығар, бірақ, ол  мектептерде 80% сабақ қазақ тілінде  өту керек, сонда ғана ұлттық азшылықтар  мектебін бітіргендер өз талабы мен талантына сәйкес орнын Қазақстанда табады, тіпті, тәуір қызметтік карьера жасайды.
Сегізінші тұжырым, локалдық тіл­дер, өлкелік тілдер және дүниежүзілік тіл. Тілдік конъюнктура және тілдік диверсификация. Испан, араб, орыс, француз тілдері өлкелік тілдер. Неміс тілі мен жапон тілі локалдық тіл қатарында. Бірақ бұл тілдер озық технология мен ғылым тілі. Хинди, урду, суахили, бахаса – пәлендей дамымаған елдердің өлкелік тілдері. ІЖӨ көлемі бойынаша Индия әлемде төртінші орында, бірақ, ол маңызды емес. Тілдік конъюнктура және тілдік диверсификация талабы бізге бір-екі тілді ғана таңдауды дұрыстайды. Солардың ішінде, ең маңыздысы ағылшын тілі мен қытай тілі. Біздің Президент прогрессист, озық адам, заман талабы мен жаңалықтың лебін уақытында сезеді. Мектеп пен Жоғары оқу жүйесіне ағылшын тілін еңгізу негізінен орыс тілі есебінен болу керек. Егер де, орыс тіліне елімізде қайтадан үстемдік берсек, қазақ тілі тағы да шегінуге мәжбүр болады. Сосын біз ағылшын тіліне ерік беріп, қазақ тілін қорғасақ, ағылшын тілі орыс тілін өзі ығыстырады. Мен өзім университетте ағылшын тілінде тарих пәнін беремін, менің біраз студенттерімнің  орыс­шасынан ағылшыншасы тәуір. Ре­сей экономикалық, технологиялық ба­ғытта кенжелеп келеді. Бізге орыс тілін  қолдау саясаты емес, қай жеңгенің менікі демей, тек қазақ тілін қолдау қажет. Біздің Ғылым, Мектеп пен Жоғары оқу жүйесінің бір елеулі кемшілігі, ол ағылшын тілінің жетіспеушілігі. Мықты деп жүрген ғалымдарымыз ағылшынша тіл қатпайды, яғни, оқымайды. Егер де, әлемдегі Ғылым мен Білім жүйесі ағылшын тілінде десек, онда көп ғалымдарымыз әлемдік үрдістен тыс жүрген қарағымдар. Бізге шет тілдер диверсификациясы керек. Біз орыс тілімен оңаша қалдық. Қытайдың әлемдегі экономикалық қуатын есепке алып отырып, біз қытай технологияларын жерсіндіру және игеру мамандығын игеруіміз абзал. Сол сияқты, Қытай қазақтары атамекенге жетуден бұрын сол мемлекеттердегі технологиялық мамандықтарды игергені жөн. Бұрын француз, неміс факультеттері бар болатын олар ғайып болды.Енді қытай тілін оқытуды да мемлекет шындап қолға алу керек. Бұл маңызды бағытты өзімен өзін жіберуге болмайды.

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1. Азимбай Гали. Arabica-кофе без кофеина.2015;https://en.wikipedia.org/wiki/List_of_countries_by_literacy_rate.
2. www.stat.kz;www.nao. kz  Данные МОН РК (НОБД 2014) Среднее образование в Казахстане:состояние и перспективы.Аналитический сборник.Астана. 2015.
3. Әзімбай Ғали. Ұлттық болмыс және сипаттар. 18.12.2015 http://www.shyn.kz.

Алдыңғы «
Келесі »