Ақиқат пен аңыз

  • 15.09.2016
  • 1129 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ерболат Қуатбек,
сыншы

ШЫНДЫҚҚА ШЫНДЫҚ ЖАҚПАЙДЫ

Тарих неге сүйенеді? Дерек, мұрағат, құжат, фото, видео, аудио, естеліктер, хаттар, жазбалар. Бірақ, мұның барлығында шындық жазылған ба? Әрине, жоқ. Бұрмаланған деректер мен естеліктер жиі кездеседі. Тарихтың шын аты – саясат. Оларға қажеті – оңтайлы тарих. Жақсы тарих. Өткенде informdetox.com сайты «КСРО-ның бұрмаланған тарихи 7 суреті» атты мақала жариялады. Түпнұсқадан керек емес жерлерін қиып һәм «әктеп» тастаған. Былайша айтқанда, Кеңес Одағы тарихты қолдан жасаған. Таңданатын дүние де емес, негізі. Бұрмаланбаған дерек қалды ма? Осы уақытқа дейін Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты мойындамай келді. Тек, 2007 жылы, арада 62 жыл өткенде ғана Ресейдің Әскери тарих институты Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа алғашқы болып ту тіккенін растады. Барлығы қалай басталып еді?


«Рейхстагқа  алғаш  ту  тіккен  кім?»  атты деректі фильм түсірді, орыс­тар. Шындықтың туын  ұстағандай  кейіп  танытқан  екен. Ресми  дерек бойын­ша,  алғашқы  болып  ту тіккен  Егоров  пен  Кантария  делініп  келген еді.  Деректі  фильм  мұны  жоққа  шығарып, Григорий  Булатов алғашқы  болып  ту  тіккен деген  тоқтамға  келді.  Бірақ, Рақым­жан Қошқарбаевтың есімін айтудан қашқақтады. Жазушы  Жанболат  Бай­мұрынов  ағам айтпақшы,  орыстың  қай  деректі  фильмін көрсеңіз  де,  барлығын  өздеріне  бұрып әкеледі. Түгелі орыстан шыққан. Бәрі – орыс. Дегенмен  бұл деректі  фильм  арқылы  біраз шындыққа көз жеткіздік.
Орыстар Рақымжан Қошқарбаев  пен Григорий  Булатовтың  Рейхстагқа  алғашқы болып  ту  тіккендігі  жайлы  білмеді  емес, білді. Және ызаланды. Сондықтан, олардың орнына  біреуді  қою  керек  болған.  Ал,  біреу дегеннің  ұлты  грузин  болуы  керек.  Неге грузин?..  Иә,  Сталиннің  ұлты  – грузин.  Ендеше, Его­ров пен Кантария аталған талаптарға дәл келген. Енді,  мынаған  қараңыз:  1945  жыл­дың 3  мамыры  күні  «Войны  Родины»  газеті: «Рейхстагқа  алғашқы  болып  ту  тіккен – Рақымжан  Қошқарбаев пен  Григорий Булатов»,  –  деп  жазады.  Бірақ  деректі фильмде  мына дерекке  тоқталмаған  екен: Американың «Нью-Йорк  таймс»  газеті  1945 жылдың  1  мамыр  күнгі  санында  «Кеңестік қызыл ту Рейхстаг үстінде желбіреді» деген тақырыпта  хабар жариялайды. Хабарлама соңында: «Рейхстагта  жеңістің екі туы желбірегені белгілі. Біріншісін, №150 Идрицк дивизия­сының  лейтенанты  Рақымжан Қош­қарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30 сәуір күні сағат 15:00 шамасында халық туын; екіншісін, басқа бөлімнің барлаушылары Егоров пен Кантария 1 мамырда сәске түсте Ставка туын тікті», – дейді. Қош!
Тарих  неге  сүйенеді  дегенде  фото,  видео құжаттар деп  едік. Фотограф  Евгений Халдеевтің Рейхстагқа ту  тіккен  сәтті бейнелеген  әлемге әйгілі суреті  бар.  Бұл тарихи  сурет дегенге  сенімдісіз  бе?  Жоқ, әрине. Бұл сурет – Рақымжан мен Григорийдің ерлігін жоққа  шығару  үшін жасалған дүние. Фото 1945 жылдың 2 мамыры күні түсірілген. Мұқият қарап отырсаңыз, суреттен ешқандай  соғыстың белгісін байқамайсыз. Бей­қам тірлік. Өрістен қайтқан мал сияқ­ты. Демек, фотодағы Рейхстагқа ту тігіп тұрған «батыр» батыр емес,  модель  болғаны ма? Тарихи сәт таспаға түсірген  видео  да  бар екен. Мұнда да солай. «Киноға» түсіп жатқан сарбаздар. Соғыс  аяқ­талған.  Жау жоқ. Асықпай,  саспай туды қадап  мәз-мейрам. Әйгілі фотомен салыстыратын болсақ: видеода туды мүсіннің (кайзер Вильгельмнің мү­сіні) қасына тігеді, болмаса,  фотода мүсіннің сұлбасы  да  жоқ. Ал, Рақымжан Қошқарбаевтың естелігін оқитын бол­саңыз, көз алдыңызға қарша бораған оқ елестейді. Таңғы  сағат  5-тен  бас­тап жаумен  алысқан Рақымжан  Қош­қарбаевтың 150-дивизиясы 600  метрдей  жерге  8-9 сағатта өрмелеп шыққан. Нәти­жесінде Рақымжан Қош­қарбаев пен  Григорий  Булатов Рейхс­тагтың биігін бағындырып,  Жеңіс туын  тікті.  Орыстардың келтірген  дерек­терінде  –  бейжай  тірлік  пен бейбіт өмір, әйтеуір. Құдды бір ерігіп жүріп ту тіге салған сияқты.
«Роман Кармен деген оператор бол­ған. Соғыстың басынан аяғына дейін түсіріп, хроника  жасаған. Сол  хро­ни­­када Рақымжан Қошқарбаев пен Гри­горий Булатов  та бар. Бірақ,  белгісіз  себеп­термен қырқылып тасталды», – дейді  тарихшы Өмір Шыныбекұлы. Де­мек,  орыстардың түсірген таспасы жойы­лып кеткен  таспаны бүркемелеу үшін жасалып отыр. Спектакль.
Рақымжанның ерлігі туралы  тек  қазақ зерттеушілеріне  сүйеніп  отыр  дейтін шығарсыз. Жоқ, басқа да  куәгерлер мен тарихшылардың айт­қаны бар.  Жазушы Валерий  Суб­ботин  өз  кітабында  Кеңес Одағының  қолдан жасаған «батырларын» әш­керелеп, шын­дықты жазады. Бел­гілі жазушы Борис  Горбатов  «Герой  штурма Берлина»  атты  естелігінде: «Біздің жауынгерлерді бүркіт пен қыранға теңегенді доғару керек. Қай  бүркіт пен қыран қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа тең келеді екен? Ол  менің  көзімше  неміс  әскерінің  қарша бораған  оқтарына қарамай  ерлік  жасап, Рейхстагқа ту тікті», – дегені өтірік пе?
Рақымжанды мойындамаудың үлкен себебі де бар. Не дейсіз ғой? Рақымжанның әкесі  жалған саяси  жаламен сотталып, ГУЛАГ  лагеріне қамалған. Халық  жауы. Міне, мәселе қайда жатыр. Халық жауының баласына  Халық  қаһарманы  атағын  кім берсін?.. Рақымжанның әділетсіздік  күйігінен туындаған хаттары бар. Генерал Лицицынға былай  деп  жазады:  «Қадірлі  Генерал!.. Сол  сұрапыл жылдарда,  Отанға  деген сүйіспеншілік  пен ар-намыс таразыға салынға кезде,  еліміздің әр азаматы жан алмай  шайқасты.  Атақ  пен  награда  үшін емес. Азаттық пен болашақ өмір үшін өлімге тікті  жандарын.  Сондықтан  да,  ол  күндер туралы  естелік  жазу  –  аса  жауапты  іс.  Сіз өз  естеліктеріңізде  шындықты бұрмалап жазғансыз. Оны әскери архивтердің негізінде дәлелдеу қиын емес. Сіз: «Генерал Шатиловтың  естеліктеріне  сүйендім», – депсіз. Шатилов ол кезде дивизия командирі ретінде соғыс алаңынан алшақ жерде орналасқан  штабта  болатын. Сондықтан, операция барысын ол тек штабқа жеткізілген хабарламадан біліп отырды. Шын  мәнінде, Рейхстагқа бірінші болып  ту  тіккен  Булатов екеуіміз  едік. Оны  дәлелдейтін  талай куәгерлер  де бар. 3-армияның басшылығы жіберген  қателігі  кесірінен  жауынгер Григорий  Булатов  өз-өзіне  қол  жұмсап, қайтыс  болды. 3-армияның  әскери  кеңесі мен сіз сияқтыларға  оңды теріс  айналдыру неге керек болғандығын әлі күнге дейін түсіне алмай келемін». Естеліктің бәрі шындықты айта бермейтінін дәлелдеп отыр  бұл  хат.  Кітаптағының  бәрі шындық емес  екені  тағы  бар.  Рақымжан Қошқарбаев 1975 жылдың  7  қаңтары  күні «Они брали Рейхстаг» кітабының авторына былай деп хат жазады: «Полковник жолдас! …Мұндай қателіктің неліктен орын алғанын сіз менен жақсы білесіз. Егер де, менің фамилиям сол кезде Қошқарбаев емес, Кошкаберидзе болса, бәрі де өз орнында болар еді. Менің адал сөзіме сеніңіз. Мен қазақ халқының ұлы болып  туғаныма  еш  өкінбеймін.  Керісінше, мақтан  тұтамын.  Сондықтан  да,  қазақ халқының  баласы орыс  жігіті  Була­товпен бірге  30  сәуір  күні  Рейхстагтың  төбесіне алғашқы болып ту тіккені – тарихи шындық. Жылдар  өтер.  Сіз  бен  біз  де өтерміз  бұл дүниеден.  Алайда,  халық,  уақыт  өте  келе әскери  мұрағаттардың  негізінде  ақ-қарасын ажыратып, әрқайсымыздың ісімізге әділ баға беретініне өз басым кәміл сенемін». Сеніміңіз ақталды.
Ерлік жасаған жылы Рақымжан  небәрі 20  жаста  екен.  Ал,  Булатов  19-да.  Батырды тудыратын  да  –  соғыс,  өлтіретін  де  – соғыс.  Рақымжан соғысқа  жастығын  берді. Қайтарымына түк те алған жоқ. Керек те емес. Тек  шындық  іздеді.  Бауыржан  Момышұлы Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновке хат  жазып: «Ерлік елеусіз қалмауы  керек», – деді. «Оның өмірбаяны – отпен жазылған өмірбаян», – дейтін де – Бауыржан. Батыр  өлді. Ел  жылады. Мадақтады. Марапаттады… Баяғыдай.
P.S. Бір жазушының қысқа ғана әңгімесі бар.  Желісі  былай:  «Шындық іздеген  адам  толарсақтан  саз  кешіп  жүріп Шындықты  тапқан  екен.  Бірақ, Шындықтың түрі ұсқынсыз дейді. Шындық деп жүргеніміз өңі кеткен,  төрінен  көрі  жақын  кемпір  екен. Сонда  кемпір:  «Елге  менің  түрімді  сұлу деп айтып  бар»,  –  дейді».  Шындықтың  өзі шындықты қаламайды деген осы-ау?
Бір  ағай:  «Біз  өзімізді  дәріптеуіміз  керек. Бір жерде байқау болады екен. Соған біздің балаларды апарыңдар да, қатысқан сияқты қылып  суретке түсіріп  алыңдар»,  –  дейді. Міне, «керемет» тарих осыдан басталады…
Шындыққа шындық жақпайды.

ӘЙЕЛДЕР-АЙ,  ӘЙЕЛДЕР!

Бірі оны сүйеді. Бірі оны жек көреді. Бірі одан қорқады. Бірі одан үмітті. Бірі оны мақтаныш көреді. Бірі оны марапат деп есептейді. Ол кім? Ол – әйел. Еркексіз әйелдің, әйелсіз еркектің күні қараң. Бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Бұл – табиғат заңдылығы. Әйел заты – шешілмес жұмбақ. «Сайтан тектес пе едің, о, әйел?!» деп қаласың кейде?! Өйткені, қай жағдайды алмаңыз, әйелдің қатысынсыз һәм қатысуынсыз өтпеген. Тіпті, соғыс өрті тұтануының басты себебі де – әйел. Былайша айтқанда, әйелдің жүрмейтін жері жоқ. Түстікке барсаңыз – әйел, терістікке барсаңыз да – әйел. Ең көбі де – осы әйел. Ол кім еді? Неге ондай? Данышпандар олар жайлы не деген? Осыған ден қоялық. 
Бұқар жырау былай деп жырлайды:
«Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалыңмалы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның –
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде,
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан асқан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тартпай қоймас негізге».
Барлығы тамырына байланысты. Қазақтың әйелі өз орнын білген. Турасын айтқанда, орнын көрсеткен. Еркектің ездігі қатынның жаман болғандығынан емес. Ез – қатынсыз-ақ ез. Бірақ, еркектің мәртебесін асыратын да – әйел, төмендететін де – әйел. Әрі қарай кеттік. Конфуций әйелдер жайлы былай деген екен: «Әйелдермен және ұсақ адамдармен тілдесу өте қиын. Жақындай қалсаң – айырылмайды, алыстасаң – жек көреді». Өйткені, мына эгоизмдік қасиет тек әйелдерге ғана тән. Өзі жайлы айтылған әрбір мақтау ғана жанына жақын болып келеді. «Әйелдерге махаббаттан гөрі еркелік жақын», – депті бір бейбақ. Ал біреуі: «Әйел ғана – шынайы сезімге ие», – деп айтса керек. Әрқайсысы өзіне кездескен әйеліне қарай айтқан шығар. Кім біледі? Ал, сіз грек ойшылы Палладтың не айтқанын білесіз бе? Ол былай дейді: «Әйел біткеннің бәрі – зұлымдық, бірақ, екі жағдайда ғана жақсы бола алады: не төсекте, не табытта». «Әйелге қатысты дені дұрыс сөз табылмаған ба?» деп налитын шығарсыз. Әрине, шешілмес жұмбаққа көзқарас та бөлек болмақ.
Вольтер былай деп жар салады: «Әйелдің күштілігі еркектің әлсіздігінде». Сонда, еркектің күштілігі әйелдің әлсіздігінде ме? Менің бір досым бар. Бір қызды ойлап басы қатады да отырады. Қызға деген көзқарасы күнде өзгереді. Дегенмен оны сүйеді. Ашуланады. Жек көреді. Қызғанады. Ойланады. Ал, қыз ше? «Сізді кімде-кім ашуландыратын болса, ол сізді, демек, басқарып отыр», – депті ғой бір данышпан. Бұл – әйелдің бір қыры ғана. Жоғарыда соғыс туралы айттық. Троя соғысының басталуына әйел себеп болды дегенге кім сенеді? Осман империясының құлдырауына әйел себеп болғанын білмеп пе едіңіз? Сіз көп нәрсені білмейді екенсіз. «Кез келген әйелдің қателігінде еркектің кінәсі бар» (Гердер). Қазақ бір-ақ сөзбен айтқан ғой «қатынды – бастан, баланы – жастан» деп. Әйелің опасыздық жасаса – өз кінәң. Ноқтасыз жіберген – өзің.
«Биологтердің көзқарасы бойынша, сізді бірдеңе шағып алатын болса, ол міндетті түрде аналық әйел болуы керек» (Скотт Круз). Әлгі досымның біраз жерін шағып алды-ау деймін, осы. «Қызға бола неге басын қатырады?» деп ойладым бір. Бірақ біз де қатырған едік. Әйел үшін басыңды беру деген – осы.
Генрих Гейненің мына сөзімен келісесіз бе? «Әйел бір уақытта алма да, жылан да бола алады». Қалай? Бал мен у қатар жүреді дегені де. Балдай тәтті болса, басыңыз айналмасын, удай ащы болса, мойымаңыз.
Махаббатқа кеңес бермейді. Бірақ, досымның жағдайы қиындай түсті. Сондықтан, оған Альфред де Мюссенің мына сөзін жеткіздім: «Әйел – сіздің көлеңкеңіз: оның соңынан жүрсеңіз, ол сізден қашады. Оған арқаңызды берсеңіз, сіздің соңыңыздан жүгіреді». Досым ойланып қалды. «Ойлан», – дедім. Ал, Лев Толстой былай дейді: «Еркектердің басым бөлігі өздерінің ар-иманы төмен бола тұра, әйелдерден пәктікті талап етеді». Барлығын өзіңнен бастау керек. Біреуге кінә тақпас бұрын өзіңе қарап ал.
Кім не десе, о десін, әйел деген – әйел. «Еркек неге бөленуі керек?» деп сұрақ қойса, «әйелдің махаббатына» дер едім. «Еркек неден қорқуы керек?» десе, «әйелдің махаббатынан» деп жауап қатамын. Онсыз өмір кешем деген еркек әлемдегі ең ақымақ адам шығар. Мүмкін емес қой. Менің бір ағам айтады: «Әйелге ешқашан сүйетініңді білдірме», – деп. Демек, оның сенің кім екеніңді бес саусағындай білгені. Білгені – сенің жеңілгенің. Ғазиз басыңнан айырылғаның. Жағдай қиын болады, досым!
Құдай: «Алманы жеуге болмайды», – дегенде, дәмін татқан кім? Әйел. Демек, ең бірінші күнәһар – әйел. Нәпсі мен әйелдің арасы бір елі. Мынадай қызық дерек бар екен: кез келген қылмысқа әйелдің қатысы бар. Қылмыскер болмауы мүмкін, бірақ, қатысы болады. Дәлелденген. Әйел жүрген жер – осы.
Әйел еркектің басында, жазушының шығармасында. Бір жазушы кітап шығарған екен. «Еркек әйелден басқа нені ойлайды?» деген. 400 беттік кітап екен. Жұрт таласып-тармасып алса керек. Тақырыбы қызықтырған ғой. Ашып қараса, ақ парақтан басқа түк жоқ дейді. Жазушы бұл әрекеті арқылы «еркек әйелден басқа ештеңе ойламайды» дегенді жеткізбекші болған.
Оскар Уайльд айтпақшы, «әйелдер сүйікті болу үшін жаралған. Оларды түсінудің қажеті жоқ». Бірақ, «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» демей ме қазақ?! Дегенмен, Мұхтар Мағауиннің «Қуыршағын» оқысаңыз, оларға деген көзқарасыңыз мүлде өзгеріп шыға келеді.
Кез келген еркекке «әуретін жапқан әйел мен лыпасыз әйелдің қайсысын таңдайсыз?» деген сұрақ қойсаңыз, әуретін жапқан әйелді таңдайтыны хақ. Өйткені, ондай әйел еркекке шешілмеген жұмбақтай көрінеді. Шешілген жұм­бақтың несі қызық? Киім демекші, мынадай қызық эволюция бар: Хауа Анадан бастап біздің заманымызға дейінгі әйелдердің киім кию үлгісін қарасаңыз, таң-тамаша боласыз. Хауа Анадан берірек әйелдердің киім өлшемі ұзара түсті. Одан берірек, керісінше, қысқара бастады. Бұл нені білдіреді сонда? 
Солай, досым, әйел деген сондай! «Мойыма, жасыма, жігіт болсаң». Фрэнк Хаббард айтыпты ғой: «Әйелді басқарудың екі-ақ жолы бар, бірақ оны ешкім білмейді», – деп. Мүмкін, оны сіз тапқан шығарсыз…

БЕРДІБЕКТІҢ  ӨЛІМІ

Жария етуге тұрмайтын дүниелер бар. Мұны аудиториялық әңгімеге жат­қызамыз. Бірақ, әңгімені айтарда сол аудиторияның өре деңгейіне де қарау керек. Қабылдауға ауыр тиеді. Міне, осы аудиториялық әңгіме баспасөз беттеріне шығып қалып жүр. Кез келген адамның өмірбаянын қазбалай берсеңіз, мін табасыз. Сол секілді, шығармашылық адамның кемшілігі де бар. Оның пендешілігін жариялаудың қажеті қанша? Бұл дегеніміз – шындықты бүркемелеу деген сөз емес. Артық ақпарат. Біздің мақсат – пайдалы дүниені жеткізу. Ал, өлім ше? Мұны жасыруға болмайды. Шындығы айтылуы керек.
Бердібек Соқпақбаевтың өлімі. Ресми дерек бойынша, өз-өзіне қол жұмсаған. Жетпіске қараған шағында. Бозбала емес. Қария. Ойлап көріңізші? Күмәнді көрінбей ме сізге? Ақымақ шал деуге аузың бармайды. Оқыған-тоқыған. Өресі биік азамат. Елге ақыл-кеңес айтып, дауға төрелік жасайтын адам. Күмәнді. Онда не болды? Кім өлтірді? Оның өлімі кімге керек болды? Қадырдың «Жазмыш» және «Иірім» атты кітаптары бар. Жариялауға тұрмайтын дүниелер осы кітаптарда да бар. Дегенмен «Қазақтың бейпіл сөздеріне» қарағанда, пайдалы дүниелер баршылық. «Жазмыш» кітабында Берді­бектің өлімі жайлы былай деп жазады: «…Арулап о дүниеге аттандырдық. Қи­мас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де, көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем, күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бер­дібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарынан түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды… Ол – өзін-өзі өлтіретін адам емес-ті. Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін».
Бұл – Қадырдың тұспалы. Турасын айтқанда, күмәні. Бірақ, дәлелі жоқ. «Иірім» кітабына жүгінейік.
« – Беке, не жазып жүрсіз? – деп сұраймын.
– Не жазушы ем? Түк те жазып жүр­гем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы! Олар ең болмағанда бастарын жазады. Жазбайын демеймін, әрине! Жазғым-ақ келеді. Бірақ, ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым кел­мейді! – дейді ол, бір жағынан, әзілдеп, бір жағынан, мұңайып.
– Жазушы болып жаратылғаннан кейін әйтеуір бірдеңе жазуымыз керек қой! Жазушы жазбай жүре ала ма?!
– Жүре алады! Қиын! Бірақ амал жоқ!
Бекеңнің бұл жауабына мен еш­қашан сенген емен. Әлі де сенбеймін. Құдай біледі, Бекең бірдеңе жазып жүрді. Бірақ, Азия және Африка жазушыларының Ташкентте өткен конференциясынан кейін кәдімгідей қорқып қалды. Өйткені, ол содан кейін КГБ қадағалауына тап болды. Оған ешқандай күдігім жоқ. Әйтсе де, қайталап айтам, ол бір мықты шығарма жазды. Ресей жазушылары жасырын жазған дүниелерін шетелдерге шығарып, жариялап жатты. Бекең оны жақсы біледі. Ондай мүмкіндікті ойламады дейсіз бе?! Ойлады, Құдай біледі. Бастыруды мақсат етпесе, жазып бітіруді мақсат етті. Жаз күндерін көбіне-көп саяжайда өткізетін. Сол көлденең көзден аулақта тек арамшөп отап жатты дейсіз бе?! Бірдеңе түртіп те жатқан шығар. Бірақ, «айналдырған жау алмай қоймайды» деген. Бекеңнің, әсіресе қолжазбасының соңына түскен тыңшылар түбіне жетіп тынғанға ұқсайды. Егер, менің осы болжамым рас болса, онда ол қолжазба құрыды! Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін!.. Өмірінің соңғы күндерінде Бердібек ағамыз көп нәрседен түңіле бастаған-ды. Төніп қалған қара бұлтты қатты сезінген болу керек».
Бізде ешқандай дәлел жоқ дедік. Олай болса, логикаға жүгінейік. Меніңше, қолжазба үшін өлтірген жоқ. КГБ-ның адамдары кітап оқығыш болды дейсіз бе? Ал, Азия және Африка жазушыларының конференциясы жайлы әңгіме ақылға қонымды. Мүмкін, Бердібек конференцияда «артық» сөйлеп қойған болар. Себебін айтайық. Олжастың «Аз и Я-сы» мен Борис Пастернактың «Доктор Живагосын» мысалға алсақ та жетіп жатыр. Осы екі шығарманы табалағанның бірі де шығарманың өзін оқыған жоқ. Онда неге айыптайды? Домалақ арыз деген қазақ қауымына етене жақын. Абай заманынан бері келе жатыр. Мағжанды да, Ахметті де, Олжас пен Пастернакты және Бердібекті де құртқан – домалақ арыз. Олжасты арашалап қалған – Қонаев. Брежневке: «Кітаптың өзін оқып көріңіз», – деп ұсыныс білдіреді. Ал, Хрущев кейіннен «Доктор Живагоны» оқып, антикоммунистік көзқараста жазылған шығарма еместігіне көз жеткізеді. Мәселе арандатушыларда болып отыр. Ал, Бердібектің: «Түк те жазып жүргем жоқ. …Өтірікті жазғым келмейді», – деуі –шын сөз. Кез келген жазушы шығармашылық тоқырауға тап болады. Шығара беретін мәшенке емес олар. Жазушының өмірбаянына қарап отырсаңыз, жетпісінші жылдардан кейін жарияланған шығармасы жоқ. Бұған екі-ақ жауап бар: тоқырау не жариялағысы келмеді. Ал, Бердібектің Қадырға айтқан сөзін негізге алатын болсақ, оның тоқырағаны айдан-анық. КГБ-ға келейік. Шынымен, Бердібек КГБ-ның бақылауында болған. Рым­ғали Нұрғалидің естелігінде бар. Сексенінші жылдар. Ақын-жазушылар Бердібекті: «Қонаевтың үйіне барып, туған күнімен құттықтайық», – деп ертіп апарады. Сонда, Бердібек Қонаевқа базынасын айтқан екен. КГБ-ның соңына түсіп алғанын да айтқан. «Мен Қазақстан түгіл, одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия және Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш-бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын, орыстарым болмаса, аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жариялағаннан кейін, көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді», – деп бір түйіп, Димекеңе ренішін білдіреді. «Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз – өтірік. Барлығы – өтірік. Кітап – өтірік. Газет – өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас – өтірік. Өтірік. Бәрінен жалығып кеттім», – деген екен. Бұл сөздерден жазушының күйінішін байқаймыз. «Менің атым – Қожаның» қалай жарыққа шыққанын біліп отырмыз. Жақында Қанат Әбілқайыр ағамыз abai.kz порталына Бердібектің 1966 жылы «Қазақстан пионері» газетіне үзіндісі беріліп, толық нұсқасы тек 1990 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан «Ергежейлі еліне саяхат» атты шығармасын жариялады. Бердібек шығармасы туралы былай дейді: «Мен бұл повесті бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім. Шағын үзіндісі «Қазақстан пионері» газетінде (1966 жылы, №2-4) жарияланды. «Жұлдыз» журналына бердім, баспады. Сол кездегі Бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «Баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттандырмайды. Қайдағы бір ергежейлі елін біздің социалистік елден артық көрсетесіз. Осы жарай ма?» – деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жатудан пайда жоғын білемін, билік кімде болса, соның сөзі дұрыс.
Міне, ана заман өзгерді, шығар­мамды бір сөзін өзгертпестен «Жұл­дызға» қайта беріп отырмын. Заман да, журналдың аппараты да өзгерген кез. Нағыз үлкен өзгеріс, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім мол».
Бұл шығарма кітап болып шықпаған. Осы шығарма өліміне себепші болуы да мүмкін. Ширек ғасыр бойы ешкім жарияламағаны несі? Толық нұсқасы өмірінің соңғы жылдарында жария болған. Бұл да – болжам. «Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз, осы жайында Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жазуымыз керек», – деген жазушыдан кім қауіптенбесін?
Жазушының өліміне қатысты шынайы сот-медициналық анықтама сақтаулы. Мұны құпия түрде жасырып отыр. Бар шындықтың сонда жатқаны анық. Бұл құжат табылмайынша, болжамдар мен күдіктер айтыла да, жазыла да береді.

ПУШКИН ФРАНЦУЗ 
ТЫҢШЫСЫ МА?

Пушкин мен Дюма – бір адам. Дантес қанішер емес. Пушкин – орыс және француз әдебиетінің өкілі. Барлығына аян, отыз жеті жасында емес, жетпіске қараған шағында дүниеден өткен. «Три мушкетера», «Граф Монте-Кристо» романдарының авторы. Қысқасы, Александр Дюма деген адам болмаған. Ол – Пушкиннің бүркеншік есімі ғана. Бұл нұсқа қалай сізге? Ақылға қонымды ма? Мүмкін бе ондай? Дәлел ме? Табылады.
Есіңізде болсын, ең оңайы – тарихты өзгерту. Белгілі бір оқиғадан күмәнді жайт аңғарылатын болса, демек, жалған дерек. Пушкин мен Дюма да – сондай жағдайдың бір көрінісі. Ал, енді, ұқсастықтарға көшейік.
Бірінші. Аттас. Бірақ, бұл «екеуі – бір адам» дегенді білдірмейді. Әрі қарай қазбалайық. Екінші. Пушкин француз тілінде шығарма жазған. Поэзиясын оқып отырсаңыз, француз сөздері кездеседі. Жалпы, француз тілінің орыс әдебиетіне әсері мол. Француз тілін жетік меңгерген – Пушкин ғана емес. Зиялы қауым өкілдері де білді. Демек, Пушкин «Граф Монте-Кристоны» жазды деу нанымды. Дегенмен бұл да толық дәлел бола алмайды. Үшінші. Екеуі де – квартерон. Яғни, тегінде африкалықтың қаны бар. Дюманың әкесінің әжесі зәңгі (негр) болған. Ал, Пушкиннің нағашы жұрты қара нәсілді. Анасының арғы атасы Абрам Ганнибал – африкалық. Тіпті, Пушкин Пушкин боп тұрған кезінде атасы жайлы «Арап Петра великого» деген повесть жазған. Дегенмен аяқсыз қалады. Дюмаға айналған кезінде повесті неге жалғастырмады? Әлде бетпердесі шешіліп қалады деп қорықты ма? Төртінші. Фотосурет. Жас кезіндегі суреттерін (фотоаппараттың шықпай тұрған кезі) салыстырып көріңіз (1-сурет). Ұқсай ма? Дюманың сақалы жоқ демесеңіз, қалғаны аумайды. Тағы бір дерек. Пушкиннің көзі тірі кезінде түскен фотосуреті табылды. Түсірген кім дейсіз ғой?! Луи Дагер. Фотоаппаратты ойлап тапқандардың бірі. Ал, алғашқы сурет 1839 жылы түсірілген. Бұл фото Пушкиннің 1837 жылы дүниеден өтпегенін дәлелдейді. Енді осы фотосуретпен (2-сурет) Дюманың егде тартқан шағындағы фотосуретін салыстырып көріңіз. Ұқсастық бар. Және Луи Дагердің француз екенін ескеріңіз. Бірақ… Бесінші. Ақталу. Мұның бәрі ұқсастық қана емес пе? Рас, екеуінің бір-біріне ұқсас болуы олардың бір адам екенін білдірмейді. Меніңше, бұл – ақтап алу. Кімді? Дантесті. Пушкин мен Дюма бір адам деп дәлелдеу арқылы Дантесті ақтап алады. Ол да мүмкін. Дегенмен бір ойым «Дантесті қанішер деу – қателік» дейді. Дуэль – ердің ісі. Қазақша айтқанда, жекпе-жек. Жекпе-жекке шақырған – Пушкин. Дантес оны қабылдады. Дуэль өтті. Пушкин жеңілді. Болды. Алтыншы. Бағыт. Екеуі де – романтизм бағытының өкілі. Жетінші. 1832 жылы Дюма ату жазасына кесілді деген қауесет тарайды. Алайда, 1837 жылы Дюма өлімінің шындыққа жанаспайтыны мәлім болады. Яғни, сол жылы еліне оралады. Нені меңзеп отырғанымды түсініп отырған шығарсыз?! Бір қызығы, мықты шығармалары 1837 жылдан кейін дүниеге келе бастайды. Мәселен, атақты «Три мушкетера», «Граф Монте-Кристо» романдары 1844-1847 жылдар аралығында дүниеге келген. Қолтаңбасы ше? Екеуінің қолжазбасын салыстырып, бір адамның жазуы екенін анықтаған. Міне, қызық. Әрі қарай кеттік. Сегізінші. Шығарма. Мысалы, Дюманың «Учитель фехтования» (1840) романы декабристер жайлы. Оқиға желісі Петерборда орын алған. Ал, Дюма Петерборда болмаған. Көрмеген нәрсесін қалай жазды?! «Граф Монте-Кристо» романының басты кейіпкері кім? Дантес. Сәйкестік пе? Ондай сәй­кестіктер жетіп артылады. Айтпақшы, Дюма шығармаларын бірлесіп жазған. Барлық шығармасы десек те болады. Ол – Огюст Маке. Соңғысының еңбегі зор. Қайдан білесіз, Огюст Маке Пушкин шығар? Пушкин «серый кардинал» болуы мүмкін. Огюст Маке есімімен жасырынып өмір сүрсе ше? Бірақ кімнен? Не үшін? Оны соңына қалдырайық. То­ғызыншы. Дуэль. Жекпе-жекке қайта оралайық. Тарихқа сүйенсек, Пушкин дуэльде мерт болған жоқ. Яғни, ол Дантестің оғынан жараланды. Тек арада екі күн өткенде ғана дүние салады. Екі күн?.. Кезінде бір ақымақ Пушкин-Дантес дуэлін қайталамақшы болған. Ол да Пушкин секілді жарақаттанған. Салдарынан екі күн емес, екі сағаттан кейін дүние салған. Пушкиннің қасында екі күн бойы санаулы адам ғана болған. Пушкинді көпшіліктен жасырып жерлеген. Бір қызығы, жерлеу рәсіміне әйелі Наталья Гончарова келмеген. Дантеспен кетті ме? Әлде, Пушкиннің өлмегенін білді ме? Арада төрт жыл өткенде күйеуінің басына дұға оқуға барады. Неге төрт жыл? Оныншы. Кавказ. Дюма Ресейде болған. 1858-1859 жылдары орыс жерін аралап, әрі қарай Кавказ барған. Оған дәлел – сол жылы жарық көрген «Кавказ» кітабы. Ал, Пушкиннің Кавказды жырлап өткенін білесіз.
Кавказ подо мною. Один в вышине
Стою над снегами у края стремнины;
Орел, с отдаленной поднявшись     
               вершины,
Парит неподвижно со мной наравне.
Отселе я вижу потоков рожденье
И первое грозных обвалов движенье.
Бұл – Пушкиннің «Кавказ» атты өлеңі. Пушкиннің өзі Кавказда жиырмасыншы жылдары болған. Он бірінші. Қабір. Пушкиннің қабірін қалпына келтіру барысында тылсым жағдайға тап болған. Қабірден екі адамның мүрдесі табылған. Екіншісі – әйел. Бірақ, оның кім екендігіне көз жеткізуге ешкім талпынбаған. Бұл нені білдіреді? Әйелдің мүрдесі кездейсоқ пайда болды ма? Бірінің үстіне екіншісін көме салған ба? Мүмкін, Пушкиннің орнында басқа біреу жатқан шығар? Ал, Дюманың орнында Пушкин жатса ше? Он екінші. Донжуандық. Екеуі де жүргіш болған. Он үшінші. Бүркеншік есім. Александр НКШП, Иван Петрович Белкин, Феофилакт Косичкин (журнальный), P., Ст. Арз. (Старый Арзамасец), А.Б. Бұл – Пушкиннің әдеби псевдонимдері. Александр Дюма да бүркеншік есімі болуы мүмкін. Ал, Дюмада ешқандай бүркеншік есім болмаған.
Түйін. Басты сұрақ: Пушкинге французға айналудың керегі не? Отызыншы жылдары Франция төңкерістен кейін қалпына келе бастайды. Оның тарихы мен ерлігін жазатын жазушы керек-тін. Оған бірден-бір үміткер – Пушкин. Мемлекеттік құпия құжат­тармен таныс. Тыңшы. Сол кезеңде тыңшылық сән болған. Француз тілін білетіндігін айттық. Жоғарыда кел­тірген дерек Пушкиннің француз жазушысына айналуына толық мүмкіндік береді. Дуэль – сценарий. Ал, Дантес – мемлекеттің адамы. «Пушкин ауырып өлді» деу нанымсыз. Басқа сценарийлер келмейді. Дуэль – таптырмас идея. Пушкин өлгеннен кейін, Дюманың есімі мәшһүр болуы осыдан. Бірақ, тағы бір сұрақ туындайды: Францияда жазушы құрып қалған ба? Гюго қайда? Бальзак ше? Олар тыңшылық жасамаған болса керек. «Франция тарихын әспеттеу керек болды» дейді. Дюма шығармаларын оқып отырсаңыз, талапқа кереғар болғанын байқайсыз. Яғни, антиқаһарман көп. Күмән мен қарама-қайшы дүние баршылық. Кел­тірген болжамға қайшы пікір туындауы сондықтан. Мұндай мысал Пушкин мен Дюма жазған шығармада да көп.

Алдыңғы «
Келесі »