• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Сын
  • >
  • ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ БІР ТУҒАН… Жазушы Ш. Мұртазаның «Ақсай мен Көксай» әңгімесіндегі қазақ-қырғыз тіршілігінің бейнеленуі

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ БІР ТУҒАН… Жазушы Ш. Мұртазаның «Ақсай мен Көксай» әңгімесіндегі қазақ-қырғыз тіршілігінің бейнеленуі

  • 15.09.2016
  • 1424 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының 
докторы, профессор

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, құдандалы болып жатқан қазақ-қырғыз тірші­лігінің бейнеленуінде жазушы Ш. Мұр­тазаның «Ақсай мен Көксай» әңгі­ме­сінің орны ерекше. Туындыдан автобио­графиялық сипат аңғарылады. Әңгімедегі бала Барсхан мен шешесі Айша бейнелерін көзіқарақты оқырман жазушының өзге шығармаларынан да біледі. Әңгімеде соғыс жылдарындағы қазақ-қырғыз ауылдарының тыныс-тіршілігі, адамдардың арасындағы бауырластық байланыс, олардың тереңнен тамыр тартқан туыстық-адамдық сезім-сырлары көркем суреттеледі. Туынды Арзы апасы мен бала Барсханның Көксайға – қырғыз ауылы­на жол тартуымен басталып, бүкіл оқи­ға көкірегі ояу, сезімтал бала көңілінің қабылдауымен, қиялымен өрбиді.     
«Біздің ауылды Ақсай дейді. Ал, ел аузында Ақсаймен қатар Көксай да көп аталады. «Ау, мұның Ақсайы біздің ауыл болғанда, Көксайы қай жақта» деуші едім өзіме өзім.


Көп ұзамай Көксайды да көрдік.
Айша мені ерте оятты. Соғыстың үшін­ші жылына аяқ басып бара жатқан кез. Құдайға шүкір, бала болсақ та ерте оянуға үйренгенбіз. Қанша айтқанмен, таңғы тәтті ұйқыны қиып түрегелу ауыр-ақ».
Уақыт соғыстың кезі, қиын болғанмен, Табиғат-Ана  өз  жаратылысымен  күй ке­шеді. Жазғытұрым мезгілде таудың аңғары, сай-жырасы мен жазығы құл­пырып кеткен. Бала Барсхан-жазушы Ш. Мұр­тазаның бұл тұстағы суреткерлік дүниетанымы мен қиялы мейлінше кең. Тәңіртаудың, оның баурайының қайталанбас көркем бейнесін суреттеуде жазушы қаламы шеберлік танытады. Жалпы, қаламгер табиғат көріністерін шындыққа сай құлпыртып бейнелеуге шебер. Автор­дың пейзажы жалпылыққа, әдемі тіркеске құрылмайды, нақты да қайта­ланбас болмыстың шынайы өз көрі­нісіне негізделеді. Сондықтан да оның суреттеуінде құс-шөптердің алуан түріне шейін өз атауымен, қасиетімен сипатталады. Халықтық бай дүниетаным көрінеді.
«Ақсайдан салқын самал сезіледі. Ақбас арыстан аузын ашқан күйінде қатып қалған тәрізді. Енді оның сол аузынан шыққан дем де сап-салқын. Тау аңғары осындай. Ал, аспан жүзі жас нәресте көзіндей жәудір, көкжиегін ғана кілегей шарбы бұлттар тұтып тұр. Шымшықтар шықылықтап, құмыр құрқылдап қалыпты. Үні тарғыл-тарғыл шығып, қарға да қарқылдап қояды, шұбар көкек сұңқылдайды». 
Контексте Барсханның бала қиялы мен сарабдал суреткердің дүниетанымы, қабылдауы бірігіп кеткен. Бала қиялы қандай ұшқыр, романтикаға толы болса, жазушының суреткерлік көруі соншалықты байсалды. «Ақбас арыстан аузын ашқан күйінде қатып қалған тәрізді. Енді, оның аузынан шыққан демі де сап-салқын» деп келетін суреттеуде ертегі тыңдап, қиял-ғажайып ертегісімен есейген баланың қиял-ойы көрініс берсе, сондай-ақ, жазушы танымымен табиғат бейнесі салмақтандырылып, «шымшықтар шықылықтап», «құмыр құрқылдап», «қарға үні тарғыл-тарғыл шығып қарқылдап», «шұбар көкек сұңқылдап» деп нақтыландыра түседі. Табиғатты бейнелеудегі «салқын самал» деп келетін эпитет, «аспан жүзі жас нәресте көзіндей жәудір» деп келетін теңеу болмыстың реалистік сипатын нақты ашуда көркемдік қызмет атқарып тұр.
Жазушы ыңғайына орай табиғи ортаның өсімдік-шөбін де оқырманның көз алдына айқын елестетіп өтеді.
«Жол қатқақ. Шынының сыны­ғындай боп қабыршақ мұз кездеседі. Марттың іші, наурыз болса да әлі ызғар бар. Осы таяуда ғана алтынкүрек желі соғып, қалған-құтқан үрінді қарды сыпырып-сиырып әкетіп, сай-сайды гүрілдеп қызыл су жүрген. Енді, су тар­тылып, көк қылтиды. Бәйшешек жұмыртқа жарып шыққан балапан құсап, жердің қабыршақтанған топы­рағын тесіп шығып, шоқ-шоқ болып тұнып тұр.
Өткен апта бойы азынай соққан ақ борандардың азабын көрген шоңайна, сиырқұйрық, шырыш сияқты бойшаң өскен қурай бір жамбастап жатып қалған. Түбінен балақтап жаңа тіршілік басталып, жасыл барқыт балауса бас көтерген», – деп суреттейді автор. Мұнда, табиғат бейнесі оның стихиясымен байланыстыра берілген. Күн әлі толық жылына қоймаған. Алдында ғана азынап жел соққан. Ал, оның белгілі жағдайда ортаға, әсіресе өсімдіктер дүниесіне әсерін автор бойшаң өсімдіктердің бір жамбастап жатып қалуымен ұштастырады. Жалпы, табиғаттың көркем бейнесін суреттеуде жазушы қаламы қарымды, қиялы ұшқыр. Халықтық дүниетаным мен түсінік те орынды пайдаланылады. Қазақ халқының әрбір жер атауының астарында терең сыр жататыны белгілі. Әлі қары түріл­меген Тәңіртауды, оң жағында қалып бара жатқан, қар жұқпас қара құз­дары шаншылған Керегетасты, бағыты Манас шоқысын суреттеуде, сондай-ақ, Ыбырай сайын оқырманына таныстыруда халықтық дүниетаным, атаудың сыры орнымен қолданылады.
«Ыбырай сайынан да өттік. Мыңбұлақ­тың ең тереңі осы. Қыстыгүні боран тықпалаған үрінді қар сіресіп көпке дейін жатып, жақында ғана еріп біткені әлі көгі көпсімеген қаратақыр қабақтан білініп тұр. Өткен февральдің аяғында кенет күн жылынып, қар кетіп, мал далаға жайылып жадырап қалып еді. Сонда, осы Ыбырай сайдың үрінді қарына Пияш кемпірдің ала сиыры түсіп кетіп, арам өлді. Қардың беті қатты болғанмен, астынан еріп, кеуек пайда болады екен де, үстінен жүрген мал кеуекке түсіп кетіп, үйелеп қалады екен. Тіпті, бір көктемде Байсалы шалдың жоғалған тушасы әбден қар кеткен соң сай табанында жаңа туған лағымен жайылып жүрген жерінен табылған. Бірақ, сиыр ешкі емес қой, үйелеп өліп қалыпты. Жалғыз баласы соғыста жүрген Пияшты шалдар аяп, «суда өлген мал адал» – деп ала сиырды сойып, елге «қырық жілік» қылып таратып, ақша жиып, орнынан тұяқ тұрғызған».
Әңгіменің жол сапарды суреттейтін экспозициясында, сөйтіп, табиғатты бейнелеуге көп орын беріледі. Мұның бірінші себебі – бала Барсханның көріп отырған бұл алғашқы таңғажайып көріністері. Өз ауылы Ақсайдың өзі таудың етегіндегі көрікті орын болса, ел аузында қатар айтылатын Көксай зерек бала көңілінде жұмбақ. Сол жұмбақ мекеннің сырын білуге ынтық Барсхан табиғаттың тамаша көріністеріне бей-жай қарай алмайды. Жаратылыстың қайталанбас ғажайып көріністері бала қиялымен, таңданысымен өрбітіле қабылданады. Екіншіден, жол басшысы Арзы апасы да көптен бері бұл жаққа аяқ баспағандықтан, өзі үшін етене таныс тау-тасқа, құз-қияға сағынышты көзбен қарайды, өткен жылдары ойға оралып, көп нәрсені еске түсіреді. Үшіншіден, бала Барсханның қиялымен жарысып автор да өзіне жақын, ыстық төңіректі еркін суреттейді. Төртіншіден, бұл аралық қазақ-қырғыз жерінің шекарасы. Алдағы әңгіме сюжетінің дамуы қырғыз жерінде өтетіндіктен, автор онымен оқырманын кеңінен таныстырып отыру мүмкіндігін қалт жібермейді.
Туындыдағы Арзы апасы мен Барсхан­ның  арасындағы  диалогте халықтық дүние­­таным көрініс береді.
«Арзы апам зираттың тұсынан өтіп бара жатып, аузы күбірлеп қос алақанымен бетін сипады. Онан соң маған бұрылып:
– Зираттың тұсынан өткенде, «Қия­мет­қайым жақын» деп өт! – деді.
– О не деген? – деп сұраймын аң­қайып.
– Аруақтар қиямет-қайымды күтіп зарығып жатады дейді. Жолаушылар: «Қиямет-қайым жақын» деп өтсе, жарық­тық аруақтар қуанып қалады дейді. Ал, тірі адамдар зират тұсынан үндемей өтсе, аруақтар қапаланып қала­ды дейді.
– Қиямет-қайым деген не, ол?
– Ақыр заман. Ақыр заман болғанда о дүниеде адамдар бір-бірімен табысады. Ана баласымен, бала әкесімен…
Бұ сағыныш дегенде дауа болсашы. Өлген аруақтар да жақындарын сағынып жатады екен ғой».
Ұлы Отан соғысының қиын кезеңінде сағыныш әр кеудеде болады. Әңгіме кейіпкері Арзы кемпір соғысқа кеткен бала­лары Орха мен Ноханы ойлайды, әрбір намазда ұзақ күбірлеп дұғасына қосып, балаларының амандығын тілейді. Барсханның өзі де әкесін сағынады. Туынды экспозициясындағы Арзы апасы мен Барсханның арасындағы әңгімеде олардың қырғыз жеріне келе жату себебі ашылады. Баяғыда осы жолмен Арзы апасының айтуынша Барсханның ұлы апасы – әкесінің әпкесі Нұралы қырғызға ұзатылған. Қазіргі бара жатқан бағыты да сол кәрі жездесінің айылы. Сондай-ақ, ана бір жылдары Әміреқұл көкесі Осмоналы деген қырғыздың Шәрбан деген қызына ғашық болып, оның атастырылып қойған жері бар екен, соған қарамастан алып қашып, екі арада үлкен дау болып кете жаздаған. Қыздың өз еркімен келдім деген сөзінен кейін ғана қырғыз ағайындар басылған. Арзы апасы: «Сөйтіп алған қыздың ақыры не болды? Ай, өзі де маңдайға сыя қоймас хас сұлу еді ғой. Сұлулығын күндеп, ішімізге сексеуіл шоғы түсіп кеткендей болушы ек. «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды». Әдіреқалғыр дүния сол екен ғой. Әміреқұл мен Шәрбанның бақытын күндемеген адам кем де кем. Әйтеуір, сол елдің тіл-көзі тиді ме, кім білсін, бейшара Әміреқұл көкең сендер туған соң бір жылдан соң қайтыс болды. Сол, сірә, отыз үшінші жылдың күзі болар…» деп еске алады. Шәрбан Медетхан баласын ертіп төркініне кетеді, одан баласын өзімен бірге алып кетіп басқа жаққа тұрмысқа шығады. Арзы апасының таратып айтуындағы Барсханның түйдей құрдас бауыры Медетханның тағдыры осы, белгісіз қырғыз айылында тіршілік кешіп жүр. Айша апасының жолға шығар алдында Арзы апасына: «Қырғыз атаға айта бар: Барсханға Медетханды көрсетсін» деген өтінішінің де мәнісі сол еді. Әңгімеде қазақ-қырғыз құдандалығының бір әулеттегі тарихы осылайша таратылып беріледі. Ал, мұндай тағдырлар қаншама: қойы қоралас ағайындардың қыз беріп-қыз алысуы ерте кезден басталған. Әрине, әңгіме экспозициясындағы бай табиғат көрінісі, оны нақты көркем суреттеудегі жазушы шеберлігі, Барсханның соғыстың қиын кезі болса да, алып-ұшқан романтикаға толы бала көңілі, өткенді ойлап күрсініп қоятын шежіреші Арзы апасы, олардың астындағы мінген есектеріне шейін әрқайсысы бөлек реңкте суреттелуі – бәрі орны-орнында болғанмен, жол сапардағы олардың қашқын қырғызбен тау ішінде кездесуінсіз, арадағы қақтығыссыз туынды бәрібір солғын тартып сала берер еді. Жазушы шеберлігі де сол – жол-сапар оқиғасын осылайша кенеттен ширықтырады. Көптеген шығармаларда суреттелетін Ұлы Отан соғысы кезіндегі қашқынның кейпі мұнда да көрінеді. Бұл жағдайда қашқынның да, Арзы апасының да, бала Барсханның мінездері даралана түседі.
Туындының екінші бөлімі «Ымырт үйіріле, Аршағұлға келіп жеттік» деп басталады. Арзы апасы екеуі келгенде, қырғыз ата таяғына сүйеніп, есіктің алдындағы төбешікте тұр екен. Бұларды көріп төмен түскенмен, танымай қалады. Үйден шыққан қартаңдау әйел танып, асты-үстіне түсіп бәйек болады, тіпті, жылап та жібереді. Көзі жөнді көрмей, құлағы жөнді естімей, аң-таң қалып тұрған аппақ қудай бүкір шалға әлгі қартаң әйел: «- О, атекем, танымай қалдың ба, тайекем келді, тайекем, Мұраттың баласы мен Мамытбектің үйіндегі тайеке келін келді», – деп айқайлайды.
«Шал қос қолын маған созып, ағаштай аяқтарымен бір-бір басып, жаныма келді. Менің ыңғайсызданғаныма қарамай басымды арық кеудесіне басып, тұла бойы дір-дір етіп, үнсіз өксіді. Арқамнан сидиған арық қолымен сипалай берді, сипалай берді» деп суреттейді жазушы-бала Барсхан. Әңгіменің оқыр­манды баурап алатын ең көркем жазылған тұсы – қазақ-қырғыз арасындағы туыстық сезімнің суреттелуі. Автор мұны бірде жастайынан тағдыр маңдайынан сипамаған бала көңілдің ішкі мұңымен астастыра суреттесе, енді бірде, қарт қырғыз шалының арман-тілегімен тереңдете сипаттайды. Параллель алынған ішкі толғаныс – психологизм шағын болғанмен, қазақ-қырғыз бауырластығын ашуда терең мәнге ие болып тұр.
«Әкей кеткелі, еркек атаулыдан мұндай мейірім көрмеген басым, көңілім босап, оның үстіне жол-жөне­кей көрген қорлығымыз есіме түсіп, оқыстан даусым шығып кетті де, булығып-булығып шалдың ақ жейделі арық кеудесіне басымды тыға түстім. Өзім ес білгелі тұңғыш рет дидарласып тұрған қарттың маған әкемдей жақын көрінгені сонша, оның бауырынан ажырағым келмеді. Әлі булығып, өксігімді тоқтата алмай, қайта солығым үдей түсті. Бұл үнсіз, тұншыққан жылауда толып жатқан шағым бар еді: әкейдің жоқтығы, Қайрақбай қарауылдың сиырың колхоздың жоңышқасына түсіп кетті деп, шешемді былапыт сөз­бен балағаттағаны, қыстың ұзақ боранды түндерінде үрпек бас үш бала Айшаның бауырына тығылып, бір көрпенің астында боранның ұлыма даусын тыңдап қорқып жататынымыз; Жуанқұл бастықтың жұмыртқаны ұрлап жейді деп Ақжол дейтін күшігімізді атып өлтіргені; Салмен дейтін шалдың мені көрсе дереу: о, жетімек, о жетімек! – деп бас шайқай беретіні; августың айсыз түнінде Борандының элеваторынан қайтып келе жатқанда, есегі жүйріктер озып кетіп, мен елдің ең соңында жалғыз қалып, жол-жөнекей терең-терең сайлардан өткенде үрейден тынысым тарылған кезде, Евгеньевканың бұзық балалары жалғыз өзімді ортаға алып сабағаны; сонда менің жүзін көрмей, сыртынан медеу тұтып жүретін Медет деген бауырымды іздегенім, – бәрі-бәрі мына шалдың алдында ақтарылған арыз еді. Үнсіз, тілсіз арыз. Кәрі көкірек соның бәрін айтпай-ақ түсініп қойды. Мені бауырына қысып, көпке дейін егіліп тұрып алғаны да сондықтан.
Әлде кім біледі, о да маған сонда арызын айтып шағынды ма! «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма батады, балам. Сен бесіктен белің шықпай жатып көрген қиын­шылықтың бәрін мен кәрің білемін. Түнде түсіме кіресің, күндіз ойымнан шықпайсың. Итті құдай иесімен қинасын. Әкең жоқ болған соң, менің алыста жүріп уайымдағанымнан не пайда. Қол ұшын бере алмадым, балам. Қапа болма. Бала да болсаң әкеңнің орнын басқан азаматсың. Жақсы әкенің аруағы жаман балаға қырық жыл азық. Әкең жақсы еді. Сенің әкең менің балдызым болатын. Өзім қырғыз, қазақтан қыз алып, содан бала сүйдім, Нұралы деген атым қырғыз-қазаққа ортақ еді. Бүгінде қартайдым, балам. «Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ». Тірі аруақ боп қалқайып отырмын. Әбдібек жиенің әскерде. Көптен бері сендерге ат ізін салмай кеттім. Кәріліктің зауалы, соғыстың зардабы балам…»
Бала Барсханның қырғыз шалына деген туыстық сезімін бейнелеуде, жазушы оның көптен әке бауырын, ыстық құшағын сезінбеген көңілдің басынан өткерген қиын күндерімен, сәттерімен байланыстыра өрбітеді. Адам көңілінен мұның бәрінің бір сәтте өтуінің еш қайшылығы жоқ. Бұл арқылы жазушы бала Барсханның жас та болса өмірдің біраз қиыншылығын басынан өткенін, оның өзінің бала көңілге ауыр ізін салғанын аңғартып өтсе, көңіл түкпіріндегі қордаланып қалған шердің ақтарылуы арқылы қырғыз шалының да өзіне етене жақын болып бара жатқанын білдіреді. Бала көңіл сезінуімен қырғыз шалының да монологы қысқа қайырылғанмен, шынайы ашылған. Бір жағы кәрілік, бір жағы соғыстың қиын кезі болып қатынай алмағанмен, көңілі таза. Қырғыз отбасында ат басын тіреп келген қазақ ағайынға еш жаттығы жоқ екендігі үйден шыққан қартаңдау әйелдің Барсханды танығаннан кейін «- О, қағылайын, Мұраттан қалған жарығым, тұлпардан қалған тұяғым», – деп олай да, былай да сүюі, арасында көзіне жас алып жылап жіберуін суреттеумен автор бекіте түседі. Бұдан кейінгі кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатыс та сағынышты көңілдің әуенімен дамиды.
«- Оу, атекем, мына Мамыттың үйіндегі келініңізбен амандаспайсыз ба? – деп қартаң әйел шалдың құшағын менен ажыратты.
– Е, қағылайын, Мұраттың үйіндегі келін бе? – деп шал қалт-құлт етіп, жығыла жаздап, Арзы апама бұрылды. Арзы апам қос қолын беріп амандасты.
Осы ұзақ көрісудің басынан аяғына дейін мен қатарлы бір бала біресе құлағына дейін жайыла күліп, біресе қабағын түйіп қасымызда тұрды.
Қартаң әйел бір кез оған қарап:
– Оу, Мамытбек, бұл тайекеңдердің есектерін байла, – деді. Мамытбек ылдым-жылдым жүгіріп, біздің көлік­терімізді жайғады. Содан үйге кірдік. Үй дегенде біздің ауылдағы сияқты тоқал там. Сығырайған жетілік шам. Төрге шығып, жүгері паяның үстіне төселген сырмаққа отырдық.
Қартаң әйел бетіме қайта-қайта қарап:
– Қағылайын, тайекем! Танисың ба мені! Ауылыңа барғанда талай көтеріп едім ғой. Мен Сусар апаңмын ғой. Танымайсың, ә? Қайдан танисың. Онда кішкентай едің ғой. Мен Зинат дейтін қызымыз екеуміз барғанбыз. Е, Зинат есіңе түсті ме? Зинатты күйеуге бергенбіз…
Иә, енді еміс-еміс білетін сияқтымын. Басына шошақ бөрік киген, шашын майда-майда толып жатқан бұрым етіп өрген бойжеткен қыз енді есіме түсті. 
– Мынау – Мамытбек жиеншарың. Әбдібек жиеніңнің жалғыз баласы осы. Сенімен түйдей жасты.
Мамытбек екі езуі құлағына жеткенше ыржия күліп маған қарап отыр. «Медетхан қайда?» – деп қойдым ішімнен».
Соғыс ауыртпалығы мен қайғысы қырғыз ауылына да келген. Мұнда да соғыстан ардақты жаны қайтпаған, қаралы қағаз алған отбасылары бар. Соғыс қиындығы Барсхан мен Мамытбектің қабылдауымен беріледі.
«Ертеңгі шайдан кейін Нұралы атам есегін ерттеп, Арзы апамды ертіп, Шекер дейтін айылға кетті. Сол жақтан астық қарастырмақшы. Біз Мамытбек екеуміз Күркіреу судың бойын араладық. Көктем жаңа шығып келе жатса да, өзен жағасына киіз үй тігіліпті. Үйдің төбесінде бақанға байлаулы аттың қара құйрығы тұр екен. Менің аң-таң болғанымды көріп Мамытбек:
– Қара қағаз, – деді. Үйге жақындап барып, есігінен баспалап қарап едік, қара жамылған екі әйел іргеге қарап, жоқтау айтып отыр. Бізді көріп босағаға он үш-он төрт жастағы қыз бала жақындады. Бізге кет деп айта ма деп едім, кет деген жоқ. Қайта келгенімізді құптағандай. Үстінде түгі түскен шибарқыт камзол, омырауына жағалай күміс теңге тағып тастапты. Шашын майда өріп, жағалата бұрым салған. Басында үкілі дөңгелек бөркі бар. Мамытбекті таниды екен. Мені көрсетіп:
– Бұл кім? – деп сұрады.
– Бұл қазақ туысқанымыз. Аты Барсхан, – деді Мамытбек.
– Менің атым Чолпон, – деді қыз.
Іргедегі екі әйел жоқтау айтып әлі отыр. Олар осылай қозғалмай тас мүсін боп қатып қалатын шығар…»
Жазушы азалы отбасының қайғы-қасіретін суреттеуде қырғыз халқының «Қарағұл ботам» аңыз желісі мен соған сәйкес шыққан жырды пайдаланады. «Анау үйдегі екі әйел не айтып отыр?» деген Барсханның сұрағына Чолпон жауап береді.
«-Әжем мен апам жоқтау айтады. Әкем соғыста қайтыпты деп хабар келді. Содан бері әжем мен апам «Қарағұл ботамды» айта беред. Ертеде бір мерген кісінің жалғыз ұлы болған екен. Қарағұлға еліктің терісінен тон тігіп кигізіп қойған екен. Бір күні жаңа қонысқа келіп қонғанда, мерген киік аулап кетеді. Бірақ, ол күні жолы болмай, құр қол қайтып келе жатып, үйіне жақындай бергенде атқұлақ қурайдың түбінде жатқан елікті көреді де, атып салады. Әлгі елік «апа!» деп жатып қалады. Барса, елік емес, елік терісінен тон киген жалғыз баласы Қарағұл қансырап жатыр. Сөйтсе, ол әкесін іздеп шығып, атқұлақтың түбінде ұйықтап қалған екен. Абайсызда баласын атып алған мерген сонда ұлын жоқтап айтады екен:
Кең қолдың басы кең шеңбер, ботам,
Қансырап жатқан, Қарағұл ботам.
Тарқолдың басы тар шеңбер ботам,
Талықсып жатқан, Қарағұл ботам.
Алтыннан сақа құйылды, ботам,
Айыңа жетпей қиылдың, ботам.
Күмістен сақа құйылды, ботам,
Күніңе жетпей қиылдың, ботам.
Мен елік атып тигіздім, ботам,
Мен елік тон қайдан кигіздім, ботам.
Ертең бір аулың көшеді, ботам,
Көк қайқы барып қонады, ботам.
Мен абайсызда қарамай, ботам,
Балдырған тобы былқ етті, ботам,
Балалы елік деп қалдым, ботам.
Мен ботамды жеп қойдым, ботам,
Тобыршағың тер болар, ботам.
Сенің тозағың тартып қор болар, 
            ботам,
Тоқсандағы атекең, ботам,
Арғымағың ат болар, ботам,
Алпыстағы анаң сенің
Азабын тартып қор болар, ботам.
Құлыны өлген биедей, ботам,
Қуартып кеттің, Қарағұл ботам.
Ботасы өлген түйедей, ботам,
Боздатып кеттің, Қарағұл ботам.
О, Қарағұл ботам,
О, Қарағұл ботам!»
Әңгімедегі аңыз желісі қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігі мен халық­тық дүниетанымын суреттеуде жо­ғары көркемдік қызметке ие болып тұр. Жазушы шеберлігі де сол – туынды оқиғасына аңыз-жырдың ара жігін білдіртпей әдемі сіңістіріп жіберген. Зарлы жыр – ел басындағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қайғы-қасі­ретпен ұштасқан. Фольклорлық үлгідегі сезім – көңіл-күйдің шынайы, өріс­тетіле берілуі қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі сарындармен жақын, үндес келеді. Образдың берілуіндегі троп түрлері мен айшықтаулар да, синтаксистік-психологиялық параллелизмдер де – екі халықтың эстетикалық-дүниетанымдық көзқарастарының тым жақын екенін білдіреді.
Әңгіменің үшінші бөліміндегі Арзы апасы мен Барсханның астық алып ауылына қайтуы, жолай су тасып, әбігерге түсуі, жарамды ат мінген қырғыз жігітінің бұларды арғы бетке амалдап ептілікпен өткізуі, Арзы апасының астындағы есегінің суға кетуі оқиғаны қоюлатып, табиғи өрбиді. Бұл шығарманың тартымдылығын күшейте түсумен қатар қарапайым қырғыз жігітінің адамдық қасиетін, батылдығын көрсететін тартымды эпизодтар. Тұтастай алғанда, әңгімеде қазақ-қырғыз халқының туыстығы, құдандалығы көркем бейнеленген. Шығарманың бүкіл бітімі бас кейіпкер бала Барсханның екі елдің туыстығы жөніндегі лирикалық-психологиялық толға­нысына құрылған. Жалпы, әңгіме жанры­ның айтулы шебері Ш. Мұртазаның қысқа қайырылған әңгімелері шымыр сюжетімен, нәзік лиризмімен, жеңіл де көркем оқылуымен оқырман көңілінде сақталып қалады. Өзге әңгімелеріне қарағанда біршама көлемдірек келетін «Ақсай мен Көксай» – қазақ әңгіме жанрының классикалық туындылары қатарынан берік орын алатын шынайы шебердің қолынан шыққан көркем шығарма деп білеміз.

Алдыңғы «
Келесі »