БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ КӨҢІЛ БӨЛІП ЖҮРМІЗ?

  • 15.09.2016
  • 684 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ӘДЕПТІ БАЛА –АРЛЫ  БАЛА
Шолпан Орунбаева,
Қостанай облысы

Әлеуметтік-отбасылық пікір алысу отауы
  Отбасы бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік.
Қазақстан Республикасының Консти­туциясында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан – 2050» бағдарламасында жас ұрпақтың болашағы қандай  болуы керектігі  жөнінде айтылған. Сонымен  бірге  «Отбасы  туралы Заң», «Жоғары және орта  білім тұжырымдамасында»  әрбір отбасы өзінің ұрпағын тәрбиелеп  қатарға қосу міндеті жүктелген.
   Дүние есігін ашқан әрбір сәби, бүлдіршін ата-анасының ғана көз қуанышы емес ол елінің ертеңгі ту  ұстар азаматы. Бұл үшін ата-ана, мектеп, қоғам жас  ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне  ерекше жауапкершілікпен  мән берсе нұр үстіне  нұр болар еді. Демек, баланы  дүниеге әкеліп  тәрбиелеп, азамат ету – ата-анаға ортақ парыз. Дегенмен, «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін  жібітіп» дегендей, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген  перзенті  үшін ана  тәлімінің алатын  орны ерекше.


Бала тәрбиесі ана құрсағында жатқан  сәттен басталатындығын  атам қазақ ертеде- ақ ескерткен. Сөйтіп, ананың қабағына кірбің түсірмеуді ойлаған. Өйткені ана куанса – іштегі  бала да қуанып, қайғырса – бірге қайғырады деп білген.Кез келген адамның әдептілігі  мен  жан  дүниесінің сұлулығы балаға ең әуелі анадан  даритынына көздері жеткендіктен де сәбиін өмірге әкелетін келінінің жүріс-тұрысына, көңіл-күйі  мен тамақтануына және демалысына аса мән беріп қараған. Сонымен қатар ана  бойындағы  мінез-құлқы мен денсаулығындағы ақаулар  құрсақтағы балаға  берілмес үшін  жаман  әдеттерден  арылуға, таза  жүруге  үндеген. Бұған жүкті әйелдің  кештетіп суға  бармауына, орамалсыз  жүрмеуіне және т.б. көптеген  тыйым сөздер  негіз болды. Ал мұның  астарында  ұлттың  ертеңі, дәстүрлі  тәрбие мәйегі  жатқаны анық.
Медицина  ғылымына  жүгінсек, ана  бастап  тәрбиелей  беруге  болады екен. Сол себепті  бойына  бала  біткен ана  құрсағындағы баланы төрт айынан бастап  тәрбиелей беруге болады екен. Сол себепті  бойына  бала  біткен ана жүріс-тұрысын  түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман  қылықтардан арылып, денсаулығын  қадағалап, сұлу табиғат  көрі­­ністерін тамашалаумен қатар әсем ән мен күй  тыңдап, алған әсерін  жан-күй  тебіренісі арқылы  іштегі нәрестеге жеткізе  білуі тиіс.
Баланың жақсы қасиеттерін, әрекеттерін  көргенде кейде оны  мақтау да  артықтық етпейді. Өйткені бұндай  жылы  сөздерден  кейін олар  жақсылыққа ынталанады. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы  «Балам деген  ел  болмаса, елім деген бала  қайдан шығады», – деген ұлы сөз  бүгінгі  күні  де  өзектілігін жойған жоқ.
Балалардың өмірін  түрлі  келеңсіз жайттардан, ауыр  еңбектен  қорғауға  бүгінгі  таңда үлкен  мән  беріліп отыр. Болашақта  адамгершілікке, әділдікке, баянды  өмірге толы  қоғам құру үшін  балаларға  барлық  жағдай  жасау  керектігі айтылуда. Әлемде  өмірі қатерге  толы  балалар да  баршылық.Атап айтқанда, аш-жалаңаштық, соғыс, лаңкестік оқиғалар және т.б. ортасында өмір  кешіп  жатқан  әлемде  бейкүнә сәбилер  қаншама. Бұл – қорғансыз балалардың  басына  түскен  үлкен  ауыртпалық  екендігі  шындық. Елімізде  егемен  еліміздің  тұлымды  ұлы, бұрымды  қызы  үшін  көптеген жағ­дайлар жасалуда. Балабақшалар салынып, түрлі үйірмелер ашылуда. Боламын деген баланың бетінен  қақпай, белінен буатын дана  халқымыз  жас  буынға тағылымды  тәрбие беріп, кішпейілділікке  баулып, ұлы­лыққа жетелегені белгілі.
Бұрынырақта әр  отбасында  аузы дуалы аталар мен  ісі  өнегелі әжелер бала  тәр­биесімен  айналысатын-ды. Аузынан  «айналайыны»  түспейтін  мейірімді, жылы  жүзді, сабырлы  жандарға  болмысы нәзік  бала  атаулы да  тартылып  тұрмаушы  ма, еді?! Олар  немересін бауырына басып, жылы  сөйлесіп, жаман жолға  түсіп  кетпеуі  үшін  мысал әңгімелерді, ертегілерді еліктіріп айта білетін. Бала ес біле бастаған  кезден бастап ел тарихы, ұлағатты  адамдар жайлы да жақсы әңгімелер  айтатын. Жас ұрпақты тек бір отбасы  ғана емес, бүкіл ауыл болып  тәрбиелеуші  еді ғой. «Пәленшенің баласы жаман»  деген  сөзге қалдырмау  үшін бүкіл ағайын-туыс баланың  дұрыс жолға  түсуіне бағыт-бағдар  беруге  тырысатын-ды.
Баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы – отбасы болып саналады. Ата-анасы өмірдің мақсаты, оның құндылықтары туралы  алғашқы мәліметтерді береді. Отбасындағы әртүрлі жағдаяттар мен  төтенше ахуалдарда басқалармен  қарым-қатынас орнатудың  дағдысын,өзін қалай  ұстаудың, мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін үйретеді. Сөйтіп, ата-ананың үгіт-насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі-өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының  психо­логиялық тынысы арқылы  балалардың  әдеті, мінез-құлқы, жақсы-жаманды бағалау өлшемдері  қалыптасады. Сонымен қатар қандай қылықтары  үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын түсінеді, әділдік пен адалдық туралы  ұғымдарын  бірте-бірте кеңейтеді.Осы орайда, бала  тәрбиесі қай кезенде  де  жауапкершілігі мол екеніне бағзы  заманнан бері айтылып келе жатқан халық  даналығы куә. Мәселен, «Бала әкеден не кете  туады, не жете  туады, не өте туады», «Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар. Атадан жаман ұл туса, ат үстінде ит қабар», «Ата- бәйтерек, бала – жапырақ», «Ананың сүті-бал, баланың тілі бал», «Жақсы бала әкесінің басын  төрге сүйрейді, Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді», «Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік», «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, Он бестен ары онымен досындай ақылдас», «Балалық шағы, патшаның тағы», «Өсер елдің баласы, Қозынан күтіп қой қылар». Өспес елдің баласы Қозысын сойып той қылар», т.б. қанатты сөздердің берер тәлім-тәрбиесі мол. Балаға қатысты мақал-мәтелдердің барлығында  да ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқанына  күмәніміз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біз балалардың тәрбиесіне жете мән беруіміз керек. Мақалаға орай пікір  білдірген азаматтар да  бірінші кезекте осы  мәселені  атап өтті.

Алдыңғы «
Келесі »