• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ойтолғақ
  • >
  • БІР АУЫЗ СӨЗ немесе салбөксе сараңдық, күшәлә күндестік, іріңді іштарлық, қиямпұрыс қызғаныш бізді қайда апарады?

БІР АУЫЗ СӨЗ немесе салбөксе сараңдық, күшәлә күндестік, іріңді іштарлық, қиямпұрыс қызғаныш бізді қайда апарады?

  • 01.08.2016
  • 10616 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
жазушы

Қазақы ортада өсіп, жаны да, қаны да қазаққа айналып кеткен Герольд Бельгердің «Күнделік беттерінен» атты ой толғақтарын оқып отырып, мынадай жолдарға тап болдым. «…«Датта», «Пепел Класса» деген мақалам шықты. Оны менен бұрын оқыған тоғызыншы қабатта тұратын көршім Кеңес Түктібаев хабарлады. Сүйінші дайын, кел де ал дедім. Кеңес те, әйелі Сәуле де зейнеткер, екеуі де ізетке бай, мәдениеттері жоғары, кішіпейіл, қарапайым жандар».


Бұл – өзі айтқандай, дал-дұлы шыққан денсаулығы ескі арбадай қиралаңдап, ХХІ ғасырдың 14 жылына жеткен қарт жазушы Герольдтің жан толқыны, жүрек тебіренісі. Бір мақаласының газетке шыққанына сүйінші сұраған жанға деген риясыз сезімі. Қарт жүрекке бір ауыз сөз үлкен қуат берген, шабыт сыйлаған. Соны жазушы ұмытып кетпей тұрғанда күнделігіне түртіп қойған. Не деген зерделілік! Не деген зиялылық! Тегі, біз біреудің жақсы ісін көре тұра бір ауыз сөз жылы лебіз білдіруге келгенде түпсіз терең сараңдыққа бой алдырып бара жатырмыз. Неге? Оның жауабын хакім Абайдан іздеп көрдім. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілемейтұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?
Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ; өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» депті ұлы Абай «Үшінші қара сөзінде».
«Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» деп алып, қазақтың мінін жіпке тізіп шығатын данышпан адамдарды қызғаншақтықтан, сараңдықтан, қуыскеуделіктен, жалын­сыздықтан сақтан­дырады. Арсыз, тойым­­сыз, қорқақ, надан адам қашан да өзге­нің шыққан биігіне қызғанышпен қарайды. «Қалай етсем мына пәлекетті сүріндіремін?» деп түрлі қитұрқы кедер­гілер іздей бастайды. Іштегі қызғаныш деген қызыл ит бүкіл өн бойын тырналай-тырналай келе әлгі адамды ниеті харам, ойы бұзық, жүрген жеріне жуа бітпейтін жексұрын жыртқышқа айналдырады. Жал­пы, жыртқыш атаулыда сана-сезім деген түйсік болмайды, жолындағысының барлығын жапыра береді. Ешкімге досты­ғы жоқ адамдар тек қаскүнемдікті ғана ойлайды. Олар тек өзім ғана болып-толсам деп армандайды. Мұндайлардың маңайындағыларға көлең­кесі түспейді. Дана Абай айтпақшы, олардың бәрі төрт аяқты малды қалай көбейткеннен басқа ойының жоқтығынан, өзге – егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Олар мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.
Жүректі қан жылататын және бір жәйт – күншілдік. Егер, біреу атқа қона қалса, оның түп-тұқиянына дейін түгін қалдырмай зерттейміз. Соңыра «Ә, бәсе!» деп берік байлам жасаймыз. Осы байламсыз шешім кейде сандырақтап, мүлде басқа арнаға түсіп кетеді. Ақыры оны түкке алғысыз біреу етіп шығаруға келгенде тағы да алдымызға жан салмаймыз. Сонда, біздің сапымызда сау адам қалады ма? Қазақтар «Бөлінгенді бөрі жейді» деп мақалдатқанда ауызы қисаймайды. Сөйте тұра бөлшек-бөлшек болып бөлініп, тоз-тозы шығып жатады.  «Болды да партия, ел іші бүліндіні» Ұлы Абай он сегізінші ғасырда айтып күйінсе, бүгіндері ата-атаға бөлініп, ағайындар бір-бірімен алауыз болып жүр. Топ-топқа бөлініп алған базбіреулер үнемі жіліктің майлы басын мүжуге талпынады. Осы жолда небір қитұрқы әрекеттерге барады. Өзгелердің таудай тірлігін тары құрлы елетпеу жолында жанталасып жүргендер де солардың жуан ортасында.
Таяуда «Жұлдыз» журналының №5 санында белгілі жазушы Серік Жанәбілдің «Құлагер ақынның құлыны» атты очеркі жарияланды. Оқып шықтық. Жақсы дүние екен. Осы очеркті талдап тұрғанымызда қасымызға бір әріптесіміз келе қалды. «Мына хикаяны көрдіңіз бе?» деп жур­налды ашып, жарияланымды көрсеттік.
– Осы да жаза береді екен, – деп әлгі әріптесіміз журналды жаба қойғаны.Ішіміз қылп ете қалды. Қаламгерлік қолдау қайда? Әріптестік тілек қайда? Ішмерез іштарлық адамды ұшпаққа жеткізер ме? Бір ауыз жақсы тілегін айтса несі кетеді?
Аймақтық коммуникациялар орталы­ғында брифинг өтетін болып бара қалдым. Осында «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, қаламы жүйрік журналист Бақтияр Тайжан да келіпті. Салған жерден:
– «Егемендегі» мақалаңды оқыдым. Жақсы мәселе көтеріпсің. Бізге осындай ашық пікірлер жетіспейді, – деді.
Бір ауыз сөз! Кәдімгідей қуанып қал­дым. Задында, бізді шабыттандырып, жігерлендіріп қоятын осы бір ауыз ғана сөз. Кейбір ішмерездер жақсыңды көре, біле тұрса да тым құрығанда несие көңілін де қимайды. Сонда деймін-ау, салбөксе сараңдық, күшәла күндестік, іріңді іштарлық, қиямпұрыс қызғаныш бізді қайда апарады?
Қамығып жатып қайран Қадыр Мырза Әлі ағам есіме түсті. Сөзді созып қайтейін, ақиық ақын айтудайын айтып кеткен ғой. 
Кез-келгеннің өнегелі бір ісін,
Көре тұра көрмегендер құрысын.
Нең кетеді жақсы десең – жақсысын,
Нең кетеді дұрыс десең – дұрысын!

 

Алдыңғы «
Келесі »