Ермек Серкебаев: «ҚАҺАРЛАНСАМ, ҚАМАЛ БҰЗАМЫН…» немесе Олжас неге үнсіз қалды?

  • 01.08.2016
  • 539 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ халқын әлемге танытқан ұлы әнші, Қазақ ССР және СССР халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың  көзі тірісінде ол жөнінде кітап тұрмақ, жөндем мақала да жазылмаған екен (оған өзі де ырық бере қоймаған сықылды). Әйтсе де, 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ән ғұмыр» атты эссе-диалог кітап жарық көріп, соңынан қатарынан үш рет қайталап басылды. Әншінің тек өз аузынан айтылғандар бойынша жазылған кітап алда тағы да басылмақ. Кітап жарыққа шыққалы бері бас газет – «Егемен Қазақстаннан» бастап, көптеген басылымдарда үзінділер жарияланып келеді.
Төменде «Маэстро» деген атпен екінші рет жарық көрген кітаптан (автор З.Асабаев) «Қаһарлансам қамал бұзамын» деген тарауды оқырмандар назарына ұсынамыз. 


*** 
– Ермек Бекмұхамбетұлы, сәлеметсіз бе? – деймін телефон соғып. – Ауру-сырқаудан саусыз ба? Көңіл- күйіңіз жақсы ма?
– Әй, сен қайда жүрсің? – деп гүр етті. –  Жоғалып кеттің ғой!
– Жүрміз. Өткенде сұхбатты жаңа жылдан бастап қайта жалғастырамыз деп едік.
– Есімде, келе бер.
Әдеттегідей (әйелі жұмыста), үйде бір өзі екен. Есікті өзі ашты. Қимылы нық. Өңі жақсы. Көздері күлім қағады. Желсоққышты өшірді. Шам жақты. Үйреншікті орнымызға жайғастық. Маэстро әлдебір әуенге салып ыңылдайды. – Құттықтаймын, Ереке!
– Не үшін? Ә, президент сайладық қой. Сол үшін бе?
– Әрине. Даусыңызды кімге бердіңіз?
– Кімге болсын, Назарбаевқа! Сайлауға көтеріңкі көңіл-күймен бардық. Оған дейін түн ұйқымды төрт бөліп ұзақ ойландым, елдің жағдайын сараладым, сараптадым. Оппозициямыз деп жүргендердің топшылауын електен өткіздім. Президент сайлау оңай-оспақ нәрсе емес, бажайлау, таразылау лазым. Нұрекеңді ақыл тоқтатқан ақсақалдардың сүйемелдегеніне тәнті болдым. Өзім де солардың бірімін ғой. Қазір ел тұтқасын ұстайтын Нұрекеңнен лайықты тұлға жоқ. «Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан боз ереді» дегендей, сайлауға байланысты неше алуан қисынды да, қисынсыз да сөздер, пікір-пайымдаудар айтылып жатыр ғой. Ол заңды құбылыс, басқаша болмайды. Басты нәрсе –  халықтың қалауы, көзқарасы. Шүкір, қазір көзқарас бір ізге, бір қалыпқа түсті.
– Оппозицияны ауызға алып қал­дыңыз, айтыңызшы, олар неге жеңілді, қай жерден мүлт кетті деп ойлайсыз?
– Бұл жайлы бас қатырғым келмейді, әйтеуір, әңгіме көп. Таласым жоқ, тәуір жақтары бар да шығар, титтей төмен­детпеймін. Бірақ, нақты жағдай, бол­мыспен санаспауға тағы болмайды. Меніңше, қазіргі оппозицияның мүмкіндігі қораш, өз басым олар елді ұшпаққа шығарады дегенге иланбаймын, сенімім аз. Әуелі ширасын, жетілсін, дәлелдесін, өздерін көрсетсін. Кімнің кім екені шың басына шыққанда білінеді. Анау билікке қып-қызыл дау-дамай, ызғын-шу, ұрыс-керіспен жеткен Ющенко, Саакашвили, Бакиевтердей «көсемдерден» сақтасын… Біздегілер асық­пасын, аптықпасын, олардың көше­лерінде де той болатын сәтке ақыл-парасатпен жетсін. Сонда, оларға да ақ бата беретін кез келуі ықтимал.
Лезде өңі-түсі бозарып, сұрлана калған Ерекең бірауық үнсіз отырды. Қабағы қату, басын (жайлап) оңды-солды шайқайды. Кас пен көздің арасында кандай шыбын шағып алғаны белгісіз. Ізінше түйткілді өзі шешіп: «Бүгін саған айтсам ба деген екі қуанышым бар еді. Ананы сұрап, мынаны сұрап, миымның әңкі-тәңкісін шығардың», – деді аузын бұртитып.
– Ғафу өтінемін.
– Жо-жоқ, орынды, ренжіме. Өткен сұхбаттарда Нұрекең туралы біраз ойымды айтқан соң, енді қайта сайлағанда қалай үндемеймін? Әлгі екі қуанышымның біреуі сол.
– Екінші қуанышыңыз не, онда соны айтыңыз.
– Өзің білесің, өткен жаздың соңы мен күздің алғашқы айларында біраз гастрольдік сапарларға шықтым. Омбы, Қызылжар, Көкшетау… одан Ақтөбе. Астанаға бір-екі қайтара бардым. Алматыда да күнде жиын, күнде той. Президент сайлауы қарсаңындағы концерт, кездесулерге қатысқаным өзінше. Солардың салдарынан ба, ара-тұра шікірттеніп те қалып жүрдім. Таяуда зайыбым Альфиямен бірге Астанада өткен Күләш Байсейітова атындағы әншілер байқауына барып қайттық. Мен оған көп жылдан бері төрағамын, Альфия жауапты хатшы. Барлық құжатты қаттап, реттеп, жөнге салатын сол. Бұл жолғы байқау бұрынғылардан жақсы өтті, көптеген дарын иелерінің көзін аштық. Білікті, сауатты, әлемнің кез-келген түкпірінде өздерін биік деңгейде көрсете алатын кәсіби әншілер қатары толығып келе жатқанына марқайдым, масаттандым, кейбір күдік-күмәндәр сейілгендей болды. Жүлделі орындардың дені алматылықтарға бұйырды. Гран При сыйлығын алған Дина Хамзина қызымыз, меніңше, алысқа шапқалы тұр. Болашақта жер жүзінде Қазақстан десе, Динаның аты-жөні қоса атала ма деген үміт басым. Бірінші орынды иеленген Жан Тапин деген жігіт те жүзден озған жүйрік ретінде көрінді. Ал, енді түркістандық әйбәт әнші Оразкүл Есімбекқызы Дәулетоваға – екінші орын алса да – жан-тәніммен риза болдым. Алматы, Астана ғана емес, алыс елді мекендерімізде де сондай дарындар барына қуандым. Мен, өзің білесің, анау-мынауға елп етіп, оңай иілетін кісің емеспін. Жастар жан дүниемді баурап, көңілім сенген соң айтып отырмын. Екінші қуанышым сол. Қалай, арзи ма, жоқ па?
– Ойбай-ау, сіздей ғұламаның қаң­тардың аязындай қатал сынына төтеп берген өскіндерге біз не айтайық. Алдарынан жарылқасын.
– Үшінші қуанышым да бар. Қырық болса, қырық бір болсын деп, соны да айтайын. Сендер білесіңдер ме, жоқ па, өткен жылғы қазан айының 7 мен 9 күндері қазір шетелдерде жүрген бір топ қазақ өнерпазы туған топыраққа келіп, Алматы мен Астана қалаларында «Шығыста бүр жарып, Батыста шешек атқан» деген девизбен батысқазақстандық филармонияның оркестрімен бірге өнер көрсетті. Іштерінде Америкада тұратын өзімнің ұлым Алмас та бар.
Әлгі батысқазақстандық оркестрдің жанашыры қазір Англияда тұратын М. Бисенғалиев. Әне, «Отанымыздағы кон­церттер» деп аталатын сол шерудің де жөні бөлек болды. Бірегей скрипкашы М.Бисенғалиевтан бастап, әншілер Э.Құрманғалиев, М.Мұхамедқызы, биші С.Рахмедова, дирижер А.Торыбаев, пианист Т.Ержановтарға көрсетілген көрермендер құрметінен көзге жас алардай күй кештік. Көбі менің Алмасымның шығармаларын орындады. Оның үстіне, шетелдерден бірге келген қандас әріптестері Алмасты мақтап, жылы ықыластарын білдіріп жатты. Оған бәрекелде. Алмастың екінің бірі, егіздің сыңары емесін өзім де білемін. Қайсы күні түннің бір уағында Нью- Йорктен – шамасы, сонда іссапарда жүрген болса керек – анау әлгі өзіміздің Мәдениет министрі болған ініміз Дүйсен Қасейінов телефон соғады. «Ереке, солай да солай, жаңа ғана Нью-Йорктің симфониялық оркестрі Алмастың фортепиано үшін жазған концертін орындады. Қазір содан шығып тұрмын, халық көп жиналды, концерт тамаша өтті, құттықтаймын», – дейді. «Дирижері кім?» – дегеніме, америкалық атақты біреуді айтты, аты-жөні есімде жоқ, үшінші қуанышым осы. Туған ұлыңның туындылары өз отандастары, онан соң әлем жүртшылығының кәдесіне жарап жатса, қуануға болатын шығар деймін, қалай ойлайсың?
– Құтты болсын. Жақында скрипкашы Жәмилә қызыңыз «Қазақстанның еңбек сіңірген кайраткері» атанды. Ол да құтты болсын.
– А, иә, рахмет. Жәмилә туған інім, Қазақстанның халық артисі Мұраттың перзенті ғой, бірақ, менің де қызым. Фамилиямыз бір. Іншалла, ол да Серкебаевтар әулетінің бір жұлдызына айналып келеді, ұлтжандылығы қандай. Талабына нұр жауа берсін. Жәмиләні көбіне әжесі (менің анам) тәрбиелеген болатын.
–  Мұраттың әйелі қазақ па?
– Біз өзі әкемнен бастап барлығымыз интернационалдық отбасы болдық қой. Мұраттың үйіндегі келінім белорус қызы. Жақында теледидардан көрген де шығарсың, Мұрат басқаратын оркестрмен өзімнің жас кезімнен сүйікті әнім «…небо синеені» орындадым. Менен кейін Жәмилә скрипкада ойнады.
– Ереке, әлгіде өзіңіз айтқан «Шығыста бүр жарып, Батыста шешек атқан» қазақ жастарына қатысты тағы да бірер сұрақ келіп тұр көкейге. Өткендегі әңгімелерімізде қазақ халқы әлемге әдебиет пен өнер арқылы танылуы тиіс, соңымыздан ерген жеткіншектер бар, алда не күтсек те солардан күтеміз дегендей пікір айтып едіңіз. «Біз болмасақ сіз барсыз, үміт еткен шырағым» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, сол жастардың ішінде сенімнен шыға бастағандары бар ма?
– Әзірге бірдеңе деуге ерте. Оларды бір-бірінен бөле жаратындай ерекшелікті байқадым дей алмаймын. Әйтеуір, шеттерінен дарынды екені даусыз. Егер «асыл пышақтың қап түбінде жатпайтыны» шын болса, бірі болмаса бірі әлі-ақ шырқау шыңға шығып қалуы ғажап емес. Уақыт көрсетеді.
– Ендеше, мынаны айтыңызшы. Орыс тілді газеттердің бірі сол жұл­дыздарға елді сағынасыңдар ма, қашан ораласыңдар деген сауал қойыпты. Оған М. Мұхамедқызы: «Қайда шақырса, сонда барып ән саламын», Т.Ержанов: «Қазақстанның азаматы емеспін», Э. Құр­манғалиев: «Мен қазақпын, бітті», А.Торыбаев: «Шақырса келемін», С. Рахмедова: «Қай қиырда жүрсем де өзімді қазақпын деп сезінемін», ал, сіздің ұлыңыз Алмас: «Ниеттері ақ болса, бі­рінші шақырғанда-ақ оралуға әзірмін», – деп жауап қайырыпты. Осы пікірлерге қалай қарайсыз?
– Қалай қараймын, дұрыс қараймын. Өзің ойлашы, әрқайсысы әр елде жүрген сол қыз-жігіттердің бір-бірін іздеп тауып, атамекенге ат басын бұрулары ғажап емес пе? Байқауымша, сен оларды қара бастың қамы үшін мұхит асқандар қатарына қосқың келетін сияқты. Дұрыс емес. Туған елдің кім-кімді де магниттей тартып тұратын киесі болады. Ол ешкімді де жібермейді. Әне, өздері де айтыпты ғой бірауыздан «келеміз» деп. Қазақтық қаны болмаса, Англияда тұратын М. Бисенғалиев Оралға келіп оркестр ұйымдастыра ма? Австрияда оқитын Алан Бөрібаевты Астанадағы симфониялық оркестрдің бас дирижері болды деп өздерің жазғансыңдар. Ал, анау Теміржан Ержановтың «Қазақстанның азаматы емеспін» дегеніне шамданатын дәнеңе жоқ. Мен білемін, ол шынында да біздің елдің азаматы емес, Мәскеуде туып-өскен. Әлде, шетелде тұратын миллиондаған қандастарымыздың бәрі Қазақстан азаматы ма? Қайта Теміржанның үйірін тауып, ата тегін ұмытпай, қастерлеп жүргеніне бәрекелде. Алмасқа келсем, «өйт, бүйт» демеймін, өзі біледі.
– Рахмет, Ереке! Келесі сұрақ. Достарыңыз бар ма, көп пе, кімдер? Жалпы, дос дегенді қалай түсінесіз?
– Біз сенімен өмірімде із қалдырған қымбат та аяулы адамдардың барлығы жөнінде –  осы әңгімеміз біткенше – есіме түскендерді айта беремін деп келіскенбіз. Бір айтқанды екі айтып, қайта күйсеместен, әлбетте. Қазір қатты сезінетін бір нәрсе, адам қартайғанда бала болады деген рас па деп қалдым. Орыстар «стар и млад одинаковы» дейді. Достардың бәрінен дерлік айырылып біттім десем болады. Бала кезде – мектепте бірге оқыған – Сәбит деген досым бар еді. Сол екеуміздің жүрген-тұрған, қисық-қыңыр қылықтарымыз еске түскенде көңілім босайды. Өзімді жалғыз сезінемін.
Ал, енді, бауырым, дос дегенді әркім өзінше түсінетінін менсіз де шамалайсың ғой. Мағынасы терең, күрмегі күрделі, философиялық ұғым. Мен саған бір тәмсіл айтайын, бәлкім, содан бірдеңе ұғарсың. Ертеректе Н.Завадский деген Мәскеулік көрнекті режиссер болды. Атақ-даңқы одан да биік Галина Уланова деген биші болды. Олардың арасындағы аңызға бергісіз махаббат хикаясы жұрттың бәріне бес саусақтай мәлім-тін. Әне, соларды жастары ұлғайған шақтарында бір көргенім есімде. Завадскийді жақынырақ танитынмын да, Уланованы сырттай білетінмін. Үшеуміз жолыққан сәтте Завадский Улановаға соншалық нәзік сезіммен елжірей қарап: «Друг мой! Я хочу познакомить вас с великолепным певцом из Алматы Ермеком Серкебаевым», –  деді оған «сіз» деп сөйлеп. Сол-ақ екен, жанары сөне бастаған көздерінде кілт жарқыл пайда болған Уланова маған қарай кілт бұрылып: «Солай ма? Өте тамаша. Айтыңызшы, қымбаттым, пәлен қыраттың үстіндегі пәлен үй орнында ма, бұзылған жоқ па?» –  деп жік-жапар болсын, соғыс жылдары Алматыда тұрғанын меңзеп. Бір ол емес, сол бір қиын шақтарда Алматыға ұлы кинорежиссер С.Эйзенштейн, М.Рошаль, ұлы актер Н.Черкасов, белгілі жазушы А.Толстойдан бастап көптеген Мәскеулік әдебиет, өнер қайраткерлері уақытша көшіп келген-ді. Іштерінде Г.Уланова да болатын, әрине. Басқалар бірнеше отбасы боп бір үй, тіпті, бір подвалды (онда көптеген жеке меншік, барақ үйлердің асты толы пәтерге лайықталған подвал болатын) мекендесе, Г.Улановаға жеке ғимарат беріпті. Айтып тұрғаны сол.
– Ой, ол үй орнында, бұзылған жоқ, бұзбайды да. Көрген сайын сізді еске аламыз, –  деп жатырмын.
– Байқап отырсың ба, Н.Завадскийдің сол жолғы Улановаға «друг мой» деп сөйлегенін. Біле білгенге, шын пейілден зор ізеттілікпен айтылған сол сөзде қаншама құрмет, нәзік сезім, терең астар жатыр. «Дос» дегеннің осындай да құдіреті болады.
Ал, енді осы жасыма дейін менде дос болды ма, болды әрине. Олардың ішіндегі бір де бірегейі – жас арамызда едәуір алшақтық болғанмен – Шәкен Айманов еді. Маңдайға сыймай кетті ғой. Ойлағанда әлі күнге дейін сай сүйегім сырқырайды. Онан соңғы бір досым ұзақ жыл опера театрында дирижер болған Халық артисі Тұрғыт Османовпен жұбымыз жазылмайтын. Бірге жүріп, бірге тұрдық, арамыздан қыл өтпейтін. Ол да кетті бақиға. Мүсілім Абдуллин де кетті.
Қазір қуаныштан жабырқау басым, құлазу жиі. Мұны дұрыс ұғын. Шүкірлік ететін жайлар да жетеді. Талдықорғандағы –  әкемнің бірінші әйелінен туған –  Ғалия апам жиі хабарласып, хал-жайымды сұрап тұрады. Таяуда осындағы органда істейтін полковник қызының үйінде бас қосып, арқа-жарқа болдық. Қыз деген мейірімді ғой, Ғалия апам мені әлі күнге сол баяғыша басымнан сыйпап аялайды, еркелетеді (сексендегі шалдың қалай еркелейтінін көз алдыңа елестете бер, ха-ха-ха!). Бұл да болса зор медеу, сүйеніш. Өзім ешкімді онша көп іздемеймін, бара бермеймін, елпілдеп-желпілдеуге жоқпын. Туабітті мінезім солай болса, қайтейін. Бірақ, жаным жұмсақ.
– Ермек Бекмұхамбетұлы, енді, өткендегі кейін жауап беремін деген сұраққа келсек.
– Есімде жоқ. Ол не сұрақ?
– Бір сөзіңізде осы жасыма дейін төрт рет үйлендім, төрт әйелімнің әрқайсысымен өзімізше бақытты ғұмыр кештім дегенсіз. Сол некелі әйелдеріңіз хақында егжей-тегжейлі баяндасаңыз қайтеді? Олардан қанша перзент көрдіңіз? Балаларыңыз қанша, іштерінде сіздің жолыңызды қуғандары бар ма? Олар қазір қайда, не істейді? Барлығы да алыс, жақын шетелдерде тұрады деген рас па?
О, тоба! Аяқ астынан нілдей бұзылған Ерекең жиырыла қабағын түйіп: «Олардың не керегі бар, ішкі мәселеге араласып қайтесің, түк те айтпаймын», — деп шарт кетсін. «Сіздей тұлғаның ішкі болсын, сыртқы болсын, өмір иірімдері қалың оқырманға, қала берді, өзіңізге керек, мен үшін қажеті аз « дегім келіп бір тұрдым да, тілімді тістеп, үнімді жұттым. «Айтпасаңыз айтпаңыз, – дедім сәлден соң. – Кейбіреуі туралы айтып қой­ғансыз, жазылған да. Мәселен, бірінші әйеліңіз жөнінде. Ең болмаса, соларды толықтырмайсыз ба? Жұрт барлығын өз аузыңыздан білгені дұрыс емес пе?»
Сол-ақ екен, айтуы да, қайтуы да тез жарықтық: «Ә, мейлі, айтсам айтайын, – десін бірден шөлден көлге айналып. –  Бірінші жаным қалап үйленген әйелім Тамара Ефимовна. Мамандығы химик болатын, химия институтында істеген, мәдениетті, тәрбиелі жан еді. Одан Алмас, Байғали деген екі ұлымыз болды».
– Сөзіңіз аузыңызда, не үшін ажырастыңыздар?
– Не үшін болсын, дәм-тұзымыз жараспады да.
– Соны былай тарқатыңқырап айтсаңыз қайтеді?
– Әй, өзің бір сүліктей жабысқан неме екенсің. Айтқызбасты айтқызатын болдың, ақыры. Сірә, жастықтың әсері болу керек, әйтеуір, көріне жолдан таю, көрсеқызарлық не кеңестік жүйенің тілімен айтсақ, мо­ральдық азғындау емес, мен бір әйелге өліп-өшіп ғашық болдым, білдің бе? Бала-шағалы екеніме қарамастан, жан-тәніммен сүйдім. Ол бар жерде өмір құлпырып, жоқ болса, қараңғы қапасқа айналады. Көбіне үйге қонбай, түзде болуым жиі. Соны Тамара да сезіп жүрді, бірақ, сыр білдірмейтін. Оған да, маған да қиын. Ақыры жаңадан тапқан жан қалауыма біржола кетуге бел будым. Киім- кешегімді арқаладым да, үй-жай, дүние-мүліктің бәрін қалдырып, соқа басым шығып жүре бердім. Қайтейін, тағдыр солай екен, өзімді тежеуге, тоқтатуға әл-дәрменім жетпеді.
– Әйеліңіз сотқа жүгініп, дау-жанжал шығарған жоқ па?
– Ойбай-ау, айтып отырған жоқпын ба бәрін соған тастадым деп. Не деп жүгінеді сотқа?! Өз басым кейбіреулердей қазан-табақ, көйлек-көншекке таласып, ит- ыржың болуды жек көремін. Сол үшін соттасатындарға түсінбеймін. Пәлені бастадың ба, мойныңмен көтер. Некеден ажырау басқа әңгіме.
– Іргелеріңіз бөлінген соң балалар кіммен қалды, оларға көмектесіп тұрдыңыз ба?
– Балалар анасымен қалды. Көмектеспей не көрініпті, көмектестім, әрине. Тамара қайтқан соң да балаларды жетімсіреткен жоқпын.
– Бірінші әйеліңіз қашан, неден қайтыс болды? Ауырды ма?
– Ой, одан бері не заман. Әлдебір қиын дерттен айыға алмады ғой. Жерлегенде басы-қасында боп, топырақ салдым, рухынан кешірім өтіндім.
– Сізді отбасыңыздан ажыратып, есіңізден тандыра ғашық еткен әйел кім? Елден-ерек сұлулығына қызықтыңыз ба, әлде, ақылы асқан данагөй ме еді?
– Біріншіден, отбасымнан ажыратқан ешкім емес, өзіммін. Екіншіден, мәселе сұлулықта емес, «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» демей ма? Үшіншіден, көркіне ақылы сай болмаса, жолап нем бар? Күйдіріп-жандырған ғашығымның аты-жөні –  кейін екінші әйелім болған –  Лидия Сергеевна. Қазір Америкада тұратын қызым Иринаның анасы. Мамандығы педагог болатын. Жоғары және орта дәрежелі оқу орындары министрлігінде инспектор боп істеді. Кеше ескі фотосуреттерді қарап отырып, Лидияның бейнесіне ұзақ үңілдім. Жан-дүнием толқып, жүрегім шымырлады. Қарғашым еді ғой, аяулым, асылым. Дәм-тұзымыз келіспеді, жазмыш шығар.
– Лидиямен неге ажырастыңыз?
– Оны айтпаймын, әуре болма.
– Үшінші зайыбыңыз кім еді? Одан неге ажырастыңыз ?
– Оның есімі Раушан, ештеңе бітірмеген, үй шаруасындағы адам болатын. Перзент көргеміз жоқ. Үйлендік, ажырастық. Жаман тұрдық дей алмаймын. Басқадай қосып-аларым жоқ, бітті. Сұрамасаң да айтайын, бәрібір сұрайсың ғой, өзің көріп жүрген төртінші әйелім Альфия ақылды, нәзік, сезімтал, қонақжай, жаным сүйетін ардағым. Білімді, сауатты. Консерваторияның хор дирижерлігі факультетін бітірген, қазір опера театрында, басқа салада істейді.
– Ендеше, балаларыңызға келейік. Қанша балаңыз бар, не бітірді, іш­терінде сіздің ізіңізді қуғандары бар ма? Немерелеріңіз қанша? Қазір қайда тұрады дегендей.
– Үш  перзент сүйдім. Алғашқы әйе­лімнен көрген Алмас пен Байғали әке жолына түсіп опера әншісі болмағанмен, екеуі де музыкалық білім алды. Қазір Американың Бостон қаласындағы балетте (солай аталады) істейтін Алмастың мамандығы пианист, композитор ретінде де танымал. Классикалық бағыттағы шығармалары әсіресе батыстық елдерде жиі орындалады. Бір қуанарлығы, шығармаларының ұлттық нақышы мен қазақы бояуы қанық деседі айтушылар (өзім де байқаймын). Шетелдердегі қазақ музыканттарының дені Алмастың шығармаларын орындауға бейіл, шеттерінен мақтайды. Алмас Америкаға 1999 жылы кетті. Алғашқыда әлқисассын фортепианодан бастап, ептеп музыкатанумен де айналысқан-ды. Үйленген. Келінімнің ұлты орыс. Анастасия деген қызы, (есімін менің келіскен-келіспегеніме қарамастан қойған) Ермек атты ұлдары бар. Мәскеуде тұратын екінші ұлым Байғали сондағы «А студио» ұжымының жетекшісі. Байғали Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебін, одан соң консерваторияны бітірген. Оның да мамандығы пианист. Кәмилә, Сана дейтін қыздары бар. Раушан келінім қарапайым қазақ қызы. Сәтбек, Сұлу есімді құда-құдағиым бар, осында тұрады.
– Ирина ше? Қайда, не істейді, тұрмыс құрды ма?
– Ол менің Лидия Сергеевнадан көрген періштем ғой, айналайын. Әке үшін қыз деген тәтті болады екен. Ирина Мәскеу университетін бітірген. Белгілі жазушы Сапар Байжановтың Ерлан деген ұлымен тұрмыс құрған еді, әлденеден ажырасып кетті. Бірақ, Дидар атты ұлдарын бірге тәрбиелеп, қарым-қатынастарын үзбейді. Ирина қазір Америкадағы – аса құзырлы саналатын – мүгедектер пансионатында істейді. Алмас ағасымен араласып тұрады. Дидар немерем де сонда, сауда флотында оқиды, бұйырса, кеме капитаны болатын шығар. Ал, Сапар құдам бүгінде бақилық. Күләш құдағиым зейнетке шықса да, жұмыс істейді деп естимін. Айтқандай, кеше Сапарды еске алу мәзіріне қатыстым.
– Әсіресе, қыз-келіншектердің сіздің көрікті де көркем келбетіңіз бен ерекше әншілігіңізді меңзеп «бір басына құдай бәрін үйіп-төгіп бере салған» дейтінін талай естідік, куә болдық. Ендеше, үй сыртында да нақсүйерлеріңіз аз болмаған шығар? Қалай дейсіз? Бармақ басты, көз қысты махаббат дастандарыңыз жайлы айтарыңыз бар ма?
–  Сен, бауырым, менімен кездескелі бері осы сұрақты тікелей де, жанамалап та қоюдай қойып келесің. Алғаш ғашық болған қызыңыз болды ма дедің, айттым. Сізге ғашық болған қыз-келіншектер болды ма, олардың сезіміне сезіммен жауап бердіңіз бе дедің, айттым. Жас кездегі көңілдес болған кейбір бикештердің аттарын да атадым. Енді, неғыл дейсің? Тамара Ефимовнаның көзі тірісінде – құпия түрде басталып –  (Лидия Сергеевнаға) үйленумен аяқталған күйдім-пістім ахуалдан басқа кейін менде атын атап, түсін түстеп айта қоятындай махаббат романы болған емес. Болса, жасырып қайтемін, қорқамын ба? Шамасы, сендер батыстық жұлдыздар емін-еркін сілтей беретін ғашық-машықтыққа естерің кете елтіп, менен де сондай бірдеңе-шірдеңені дәметесіңдер-ау деймін. Әлбетте, бәріміз де басы жұмыр пендеміз, бәлкім, арғы-бергіде кездейсоқ көз түйіскен арулармен қас қағымдық ыстық сәттер болса болған шығар. Оларды сөз етіп керегі не?
Ешкімнің аты-жөні де есте жоқ. Егер, көкейіңді тесіп отырған –  мен жоғарыда атаған –  Уланова мен Завадскийдің ұзақ жылдық құпия махаббатына ұқсас хикаят болса, иегің қышымай-ақ қойсын. Жоқ, жоқ, тағы да жоқ. Біз қалай дегенде де, отбасына адал болу керек дейтін кеңестік идеалды берік ұстандық, бауырым. Сол есіңде болсын.
– Түсінікті, Ереке! Кешегі кеңес кезінде қазақ музыка өнері айтарлықтай өсті, дамыды. Өзіңіздей әншілер шықты. Музыкалық сауаты бар композиторлар пайда болды. Олардың шығармаларын бірнеше буын өкілдері тыңдап, шырқап, патриоттық, ұлттық тәлім-тәрбие, рухани нәр алды. Бүгінде көбі орындалмайды, авторлары аталмайды. Жазықтары не сонда? Кеңестік қоғам, социалистік үрдіс, компартияны әздектегені ме? Мәтіні болмаса да, жүз толғанып, мың ойланудан туындаған музыкалық жәдігерліктер мәңгі сақталуы үшін не істеу керек? Қазір қайта жаңғыртылып жатқан алтын қорға солар қосылар ма екен? Ғұмырынша өнерге қызмет еттік, соңымызға өлмейтін-өшпейтін үлес, мұра қалдырдық деп бақиға аттанған тұлғаларға обал емес пе? Рас, сіздің қолыңызда тұрған пәрмен жоқ. Сонда да… Жаныңыз ауыра ма?
– Түсінемін. Жаным неге ауырмайды, жаным түгіл, жүрегім де ауырады. Міне, сен ескі жараның бетін тырнап, тағы да ауыртып отырсың. Бірақ, өзің айтқандай, бұл жөнінен менде қазір не қайран бар. Ойланса, анау мәдениеттің тұтқасын ұстап, өнерге қорған боп жүрміз дейтін әкімдер ойлансын. Солар өздері Т. Жүргенов, I. Омаров, Ө. Жәнібековтердің істегенін істемек тұрмақ, аты-жөндерін білер ме екен?
Әлде, кеңестік кезеңдегі көл-көсір музыкалық туындыларды мұртын бұзбай сақтау үшін социализмге қарай кері шегінеміз бе? Олай болмайды ғой. Сен кеңес дәуіріндегі қазақ композиторларын айтсаң, осы күнде сол замандағы ұлылардың ұлысы Исаак Осипович Дунаевский бастаған алыптардың өзі назардан тыс қалып тұрған жоқ па? Айтшы, қазір Шостакович, Пахмутова, Соловьев-Седой, Островский, Блантер, Бабаджанян, Хачатурян т.б. кім біліп, кім ескеріп жатыр? Қаншама құлақтан кіріп, бойды алатын жеңіл музыкасы бар Дунаевскийдің «Капитан Гранттың балалары» фильміне жазған музыкасы қандай еді, шіркін (Осы арада көзі жасаураған Ерекең аталмыш фильмнен бір-екі әнді айтып жіберді). «Широка страна моя роднаясы» ше?! Мен оны Чайковскиймен қатар қоямын. Өзімізге келсек, егер, қазақтың халық әндері өлмесе, біріншіден, өз әндері ұмытылса да, бірақ, Брусиловский өлмейді, соны біліп қой. Ахмет, Мұқан да солай. Ахмет демекші, «Абай» операсының афишасына амалсыз жазылатыны болмаса, қайран Ахмет Жұбановтың аты да аталмайтын боп барады емес пе? Не еске алу кеші, не байқау, жарыс, жүлде өтпейді. Бірнеше бөлімнен тұратын «Тәжік билері» неліктен насихатталмайтынына таңмын. Ол деген классика ғой. Ахаң марқұм сол үшін Тәжікстан ғылым академиясына толық мүше боп сайланбап па еді?
Қой, айта берсе сөз көп, реніш-нала көп. Меніңше, кеңес дәуіріндегі қазақ композиторларының, ең болмаса, лири­калық сарындағы шығармаларын жиі-жиі насихаттағаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жақында, ұмытпасам, сондай бір кеш өтті-ау деймін. Шақырса барар ма едім, кім білсін, шақырған жоқ. Бірақ, соны ұйымдастырған азаматтарға алғысым үлкен. Менің ұстаны­мым: темірқазық, тамыр мықты бол­сын. Әне, анау Иосиф Кобзон, Лев Лещенколар Алматыға келген сайын зал толы көрерменге қасқия қарап тұрып: «Сендерде Ермек Серкебаев деген әнші бар, білесіңдер ме?» –  дейді. Тамырдың мықтылығы деген сол емес пе? Бәріне төреші уақыт. Орнына қояр, не қоймас, бірақ, үмітсіз сайтан.
– Еліміз тәуелсіздік алған тұстарда тозығы жетіп, ұсқыны қашқан опера театрының есігі ұзақ жыл кілттеніп, өнер сүйер қауым оны біржола жабылып, құрдымға кете ме деп дағдарды. Абырой болғанда, қайта қалпына келтіретін мүмкіндік табылып аман қалды. Сол кездерде сізге де оңай тимеген шығар, қандай күй кештіңіз?
– Ау, бүкіл өмірі сол театрда өткен адам қандай күй кешуші еді, жүрдік қой ашық күнде төбемізге жай түскендей «а, құдайлап». Жалпы, театрдың жыры одан көп бұрын басталған-ды. Сахнасы салдырлап, едені шіріп, қабырғасы қаусаған ғимарат жөнінде Қонаевқа барып: «Димеке, театрды күрделі жөндеуден өткізбесе болмайды, нобайын жаңалау керек», – деп дабыл қаққанмын. Ол: «Қарсы емеспін, жаңа жоба бар ма, болса көрсет», –  деді. Мен: «Архитектор емеспін, қалай көрсетемін, менікі ұсыныс қой», – дедім. «Бір амалын жасармыз», – деген Димекең кейін ұмытып кетті ме, басқадай себеп болды ма, оң нәтиже шықпай, ақыры жабылып тынды ғой. Күн көрісі қиындаған артистер бірі ойға, бірі қырға кетіп, базбіреулері барған жақтарында қалып та қойды. Театрдың іші-сырты сауда дүңгіршектеріне толып кеткен шақтағы ахуалымды сен сұрама, мен айтпайын. Шүкір, бәрі артта, соған тәубе етемін.
– Өткендегі бір сөзіңізде Италиядағы опера театрының төменгі қабатынан ресторан көрдім деп едіңіз.
– Түсіндім. Бізге де керек пе демексің ғой. Оларда ресторан болса, жоқшылықтан емес, баршылықтан. Өйткені, ол Италия. Біз Италия емеспіз. Италияда өнердің қай саласы болмасын, күшті дамыған. Әсіресе, опера. Барлығының байырғы дәстүрі, тарихы бар. Біз үйренушіміз. Әлбетте, үйрене алсақ. Сонау жылдары Қонаев пен Имашев Жамбыл облысындағы әлдебір шаруаның баласын айтулы әнші бола ма деп Италияға жіберді. Қамқорлықтарын аямай, барлық жағдайды жасады. Әттең, не керек, ол жігіт үмітті ақтамады, ақтай алмады. Мәскеуде бір жолыққанымызда Димекең «сол баладан көңілім қалыңқырап жүр» деп еді, айтқаны айдай келді. Ол кім деп сұрама, аты-жөнінде тұрған ештеңе жоқ, былтыр ма екен, марқұм боп кетті. Сөзіміз ауыр болмасын, жұрт білетін жай болған соң айтып жатқаным да.
Бірақ, сен осы сұрағыңмен есіме қай-қайдағыны түсіріп отырсың. Италияда арғы-бергі замандарда небір күміс көмей, майталман әншілер көп болған. Қазір де жетеді. Мысалы, бірінен бірі өтетін Паваротти, Доминго, Караресті алайық. Үшеуі бірігіп (трио) те, жекелей де шырқайды. Маған бір өзі мың әншіні жолда қалдыратын теңдесі жоқ тенор Лучано Паваротти көбірек ұнайды. Әне, соған өз орындауымдағы ән, романс, ариялар жазылған компакт – дис­кіні қалай жеткізсем екен деп жүргенде, қайсыбір жылы құдай жарылқап, үлкен ақынымыз Олжас Сүлейменов Италияға елші боп бара қалмады ма?! Көп ұзамай Олжасқа «Павароттиге тапсыр» деп қолына компакт-дискіні ұстаттым. Елші ақын: «О, болды, сөз жоқ, орындаймын», –  деп алып кетті.
Алғашында қайдан білейін, өнерді бір адамдай сыйлайтын, түсінетін, білетін Олжас ініме сендім. Ай өтті, жыл өтті, не Олжас, не Павароттиден ләм-мим деген дерек жоқ. Олжас тапсырмады дейін десем, ол мүмкін еместей. Павароттидің қолына тиген жоқ шығар дейін десем, ол да мүмкін еместей. Неге десең, өзімнің топшылауымша, егер, ондай ірі тұлға алыстағы қазақ әріптесінің аманатын алған болса, үн қатпауы ақылға сыймайды. Содан, анық-қанығын білейін деп сөйлесіп байқасам, айтқандай-ақ, жөн-жобаға жетік Олжас мырза: «Болады дедім ғой, болады, жігіттерге тапсырып қойдым, күтіңіз», –  дейді.
Осыны естігенде, саған өтірік, маған шын, қатты қапаландым.
– Бәлкім, содан кейін табыстаған шығар?!
–  Жоқ, жоқ! Табыстаса, барлық адрес, телефон нөмірі түгел жазылған, Құдай біледі, Павароттиден бір хабар болар еді. Болған жоқ, демек, алған жоқ. Римге жетісімен тындыра салатын шамалы бұйымтайды соншама созбақтап, пәленбай уақыттан кейін жігіттеріне «тапсырған» Олжасқа қатты ренжідім. Тіпті, Павароттиді елшілікке шақырып қолына ұстатса көптік етер ме еді?! Онда қайта өзіне де, Қазақстанға да абырой болмас па еді?! Әйтсе де, сен дұрыс айтасың, Олжасқа ескерту жасаған соң, басында мен де солай ойлап, Павароттиге тапсырған да болар, білмей жүрген шығармын, онда құдай кешірсін, Олжастан ғафу өтінермін деп көп уақыт әрі-сәрі күйде жүрдім. Бірақ, олай болмады. Білдім, Олжаспен ойда жоқта аэропортта жолыққанда. Мұны сәл әріден бастайын. Мен саған Астанада жыл сайын өтетін Күләш Байсейітова атындағы байқауға тұрақты төраға екенімді айттым, ә? Әне, сондай кезекті байқаудың бірінде Тамара Өтеғалиева деген қыз Гран При бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл дарындылардың дарындысына бұйыратын мәртебе. Тамара енді әрі қарай Италияға барып оқимын деп қиғылық салды. Озінің тұрмыс халі онша емес пе, қайдам, бағын сынасын, меселі қайтпасын деп, жолына билет алып бердім. Содан, ол Римге аттанды. Жат жер, бейтаныс қала. Біраз машақат көріп, қиналса керек. Бірде суықтан пана іздеген торғай құсап, Италиядағы қазақ елшілігіне барыпты. Ондағылар не істеген? Қазақстандықпын, қазақпын дегеніне іш тартып елең ете қоймапты. Соны естігенде қаршадай қызға жылылық, мейірім-шапқат, ыстық ықылас көрсетпегендері қалай? Бұлары несі деп ойладым. Сен біліп қой, мен қанша кішіпейіл болғанмен, керек кезде қызған темірдей қарып түсетін қаһарлы адаммын. Шын қаһарлансам, қамал бұзамын. Қаһарыма ешкім кезікпесін. Қажет пе, айта берейін бе?
– Тартынбаңыз, айта беріңіз, Ереке!
– Неге тартынады екенмін. Тартынбаймын. Бір жолы аэропортқа барсам, кірсе шыққысыз бөлмеде –  бәрі жиналып бір жаққа ұша ма, немене, іштерінде Ақмарал Арыстанбекова бар –  кіл қазақстандық елшілер қатар түзеп, қаздиып отыр. Қол кусырып, бас иетін мен емес. Сәлем де бермей, сәлем де алмай, тура Олжас Сүлейменовтың алдына бардым да:
– Сен не істеп жүрсің, а? –  дедім теріме сыймай. –  Елшілікке елжіреп барған қазақ қызына неге көмек қолын ұсынбадыңдар? Қызметкерлеріңе неге ескертіп қоймайсың? Кімді айтқанымды біліп тұрсың ба? Білесің! Айттым да, келген ізіммен кері бұрылып кете бардым. Былай шыққасын да қалтырап-дірілдеп, өз-өзіме келе алмадым.
– Олжас қалай қабылдады? Бірдеңе деді ме?
– Не десін, сұп-сұр боп отырды да қалды.
– Басқа елшілер ше? Арағайындық білдіргендер болған жоқпа?
– Мен айтарымды Олжасқа айттым. Басқалардың шатағы қанша? Біреуі құқ еткен жоқ, етсе сыбағасын алар еді. Сол жолы Олжас мені, шамасы, Павароттиға байланысты ұрысты деп те ойлауы ғажап емес. Ойлай берсін. Егер, ол аманатты орындаса, Алматыға сан рет келіп жүр, бір хабарын айтпас па еді?! Бірақ, өзіме аян, Олжасқа аэропорт басында шүйілгеніме Павароттидің қатысы жоқ. Тіпті, ол аманатымды Павароттиге тапсырған күнде де, қазақтың қаршадай қызына жылы қабақ танытпағаны үшін ренжіген болар едім. Тағы да сұрағың бар ма?
– Бар.
– Онда келесіде. Қазір бір-екі ән салайын, қарсы емессің бе?
– Қарсы боп,  қаһарыңызға  ұшы­райын ба? Сала беріңіз, кұлақ сізде.
Орнынан қалт көтерілген Ерекең көрші бөлмедегі рояльға барып отырды да, клавиштерді басып-басып қалды. Кетті әннің небір төрелері бірінен соң бірі әуелеп: «Ғайни»,  «Тілеуқабақ», «Родина», «Ақбақай», «Көзімнің қарасы»…
Бүгін  онша  шаршамағандай. Кірпияз­дық, зекуі кем. Қимастық басым. Жылы қоштасып, жайдары тарастық. Ұлының аты ұлы ғой, шіркін. Қазақтың бақыты үшін ұзақ жасап, аман жүре беріңізші, Ереке!

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Алдыңғы «
Келесі »