Жалған дүниенің дүбірі де дабыры

  • 05.07.2016
  • 7360 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Игілік ӘЙМЕН, жазушы

Мақтан мен мансап, атақ пен шатақ һәм жегілік, жебірлік

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ – құлан қайтіп күн көрер?..»

 

…Кезінде, қасқиып тұрып: «Мен істедім» дегенше – «халқым істеді!» десеңші» деген емес пе, адамзатта дүниеге бір-ақ келер қайталанбас хас тұлға – Бауыржан Момышұлы. Бүгіндері қалай да нендей болды? Қандай «опати-ғадет»  пайда болды да орнықты?!. (Бұл опати-ғадет қайдан ғана келді де жұқты екен-ау, ә-а?..)

Биліктің үлкені болсын, ортаңғысы я кішісі болсын, әйтеуір, өзінің орындауға тікелей міндеттілігі – сол тірлік байғұсқа титімдейін тырнағын тигізсе: «Мен істедім!.. Мен!.. Мен!..» дейтін болды. Ал, әманда дайын жағымпаздары болса – «ия-ия, сол істеді… бәрі-бәрін бір өзі!» деп қоқақтай жөнеледі. Осындай айықпас ауру тұтастай меңдеп алды (Қандай да бір орынтаққа отырғанда – «түк істемес үшін» барған жоқ еді емес пе, бұ шіркіндер!?.)
«Қазақ хандығының 550 жылдығы» деп, толағай тойлаудамыз. Жарайды, той – тойымен. Ал, сол, 550 жыл тарихта – одан арғысында – «мен істедім» деп мақтанған ханды я қарашаны есітіп-біліп, көріп те ме екенсіз? Жоқ! Мың-мың жерден жоқ!!! Себебі, «мақтан»: өте-өте төмендіктің белгісі – сорақылық еді; тіптен, азғындықтың да («Өзін өзі мақтаған я мақтатқан – өгіз тентек»). Ондайлыққа еркектік намыс, ар-ұят жібермес еді (Бірлі-жарым желпілдеген жалаңбұт та шайпау қатындарға немесе соларға ұқсаған бөрік кигенсымақтарға ғана дауа жоқ еді ме…). Ал, «жағымпаздық – бейшаралық, бейдауалық»… Тағы да, жарайды-ақ, бұрынғы әулие аталарымызды – «жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген» – ол кезеңдерді қойдық-ақ, күні кеше-бүгінгі «өнегелерімізді» алалықшы.
Махамбет!.. «Ей, қызғыш құс, қызғыш құс!..» (халқым-елім) деп шырылдап та шырқырап, ереуіл атынан ер суытпай, егеулі найзасы қолынан түспей – «қара албасты басқыр» ханмен де, зәлім де зұлым орыс озбырларымен де алысып-арпалысып өтті. Осы жолда, жағымпаз-жансыз, сайтани-сатқын өз қандастарына алтын басын алдырса да – әулие-әруақ-рухы біздерді әлі күнге дейін қорғаштап келеді. Қорғаштай бермек – егер де, өзіміз, космостық шапшаңдықтан да аса жылдамдықпен қашып-безіп, ұс­татпай-таптырмай кетер болмасақ құру-құрдымға… Осы Махамбет-Рухтан «мен істедім» деген бір де бір сөзді таба алар ма екенсіз?!.
Жұмабек Тәшен!.. Қазақстанның бес облысын Ресейге, қалғандарын алай-олай бөліп-бөлшектемек болып Целиноградқа келген жалтыр бас Хрущев: «Міне, бәріміз қол қойып қойдық, енді, сен де қолыңды қой, сөйт те, Москваға менімен бірге барып, Ворошиловтың орнына  – бүкіл СССР-дің Жоғарғы Советі Президиумының пред­седателі орынтағына отыр!» деп ыржалақтап, қолдарын ысқылап, жымия да жымсия күлгенде: «Жоқ, мен, орын-тақ үшін Елімді-Жерімді сатпаймын!!!» деп қасқиып қарсы тұрған жоқ па еді!?. Сол асқан батырлығына да даналығына бір жерде болмаса бір жерде мақтанып-лепіргенін есітіп те біліп пе екенсіз?!. Ал, «мансаптың» бетіне – қалай «түкіргенін» көрдіңіздер…
Адамзатта жан баласы бетіне келе алмаған Бауыржан Момышұлы, ар-намыстың биік үлгісі Қасым Қайсенов!!. Осы екеуі, кешегі «1941-45»-тің нәубетінде кемінде он-оннан «геройлыққа» әбден де анық лайықты еді ғой! Бірақ, бұлар, ондай атаққа («шатаққа»), мансапқа («шатпаққа»), мақтанға («шіріктікке») зәру болмады – «нәпсіқұмарлықтан» бойларын алыс-алыс ұстады. Бар арман-тілектері, – бар таза да текті болмыстары, – «халқының атағы, елінің-жерінің мансап-мақтаны» болды емес пе…
«Культ-личность» деген де сайта­нилық бар еді емес пе, бұ жалғани дүниеңізде. «Сол пәлеңіз бүгіндері – бұрын-соңғыларынан әлдеқайда асып та тасып кетті-ау» деп те ойлаймыз да омыраямыз. Мұндайшылықтың арты да ақыры немен – қалай бітері бесенеден белгілі де еді ғой… Ондай-ондайлық пәлелерді кімдер жасап, кімдер жел жіберер де еді? Жағымпаздар – Подхалимдер. Қазір, «жағымпаздықтың» дәуірі жүріп тұр! Жағымпаз, су жұқпас епті болсаң – «сусыз… түкіріксіз-ақ… кіріп кетер болсаң – әп-сәтте-ақ бәрі-бәріне жетесің!.. (Кейіннен… «құрып» та кетерсің-ау).
Жемқорлық. Бұл – жегілік пен жебір­ліктің сіңлісі, – егіздің сыңа­рындай – сайтандықтың сапа­лағы. Бүгінгі үлкен-кішілі билікте – қолында титімдей де тетіктің пәрмені  барларда – осы жемқорлық – жегілік, жебірлік жайламаған жер қалды ма екен өзі, а-ә?.. Қалмады-ау… Былайша залалсыздау көрінер, жәй ғана бір мысқал мысал: Сіз, қала ішіндегі автобуста келесіз. Автобус, «ағаш артқандай», қалай болса – солай жүреді. Халық улап-шулап, құлап-жығылып, тұрып та тұра алмай тырағайлап жатады (Шофер да кондуктор да ашулы, ызалы, азалы да. Бірақ, басқа барар жер я басар таулары жоқ – автопарк қожайындарына бас ұрғаннан басқа, амалдары нешік. Ал, бейкүнә да бейшара халыққа көрсеткен мына сиықтары – «қаз ашуын тырнадан аладының» кейпі ғой). Сіз, шыдамай, айтып қаласыз: «Бұларың не?» деп. Олар – әсіресе, шофер: «Басты қатырмаңыз, жайыңызға!..» дейді. Сіз, давлениеңіз көтеріліп: «Оу, сіздер «халыққа қызмет етушілер» емессіздер ме, бұлай болса, анау жаққа арызданамыз!» дейсіз тағы да, сұқ саусағыңызды жоғарыға шұқшитып. Олар – әсіресе, шофер: «Анау жақ, жоғары түгілі, одан ары-арғы құқайыңа бар!..» дейді көздері аларып та қанталап. Егер-яки, тықылдап қояр болмасаңыз, жағаңыздан я кеңірдегіңізден аларға дайын… Шынтуайтында да, Сіз ешқайда да, ешқалай да бара алмайсыз. Жоқ, барарсыз-ау, шағымданарсыз-ау, бірақ-та, кейіннен арзуыңыз қайта айналып өзіңізге келеді. Болды – бітті!.. (Қарадай, өзіңіз – өзіңізден ұялып қаласыз… Ендігәрі арызданбастай боласыз). «Неге – неліктен?» дейсіз ғой. Айтып көрелік: Әлгі кондуктор мен шофер күні бойғы жүргіншілермен алысып-жұлысып жүріп жиған-тергендерін паркке апарып береді (аз-маздап жымқырып та қалады шәй-пайлыққа); ал, парк басшылары жиналған тиын-тебендердің белгілі бір мөлшерін (пара) әкімшіліктегі тиісті лауазым иесіне ұстатады; ол болса… жоғарыдағы өзінен зорға… ол зорыңыз… ары қарата… Мінеки, көріп те біліп, сезіп тұрсыздар ма – «бірігісіп, тұтасып, ымы-жымы білінбей кетті» – «круг замкнулся». Әнеки, шоферлар мен кондукторлардың Сізден қорықпайтын да қаймықпайтын себептері. Қып-қызыл ақша тауып әкеліп беріп тұрған кондуктор мен шоферді әрине парк басшылары қорғаштайды; пара берген парк басшыларын әлбетте әкімшіліктегілер… оларды – анаулар… анауларды – онаулар… (Қара халық қалды жайына…)
Тағы да, «бейкүнәлау» жарым-жарты мысқал (жоғары-жоғарыдағы «алапат-мысалдарға» бару – қорқынышты ғой…енді): Былайша қарасаңыз, көшені әдемілеп те әйдіктеп асфальттеп жатады, жалтыратып. Енді, бір-екі ай өтер-өтпесте қарап қалсаңыз – әлгі, жалтыраған да жылтыраған асфальтті қопарып жатады… Іштей ойлар болсаңыз – «неге бұлай?» деп (қазіргі өліара уақыттары айтып-арызданып абырой таппайсыз ғой…), шешуін білсеңіз де – білмейсіз… «Сылтау-салдар жетерлік». Бір істелген я істелер тірлік пәленбай уақытқа мөлшерлеп-жоспарланып жасалынбаушы ма еді – заң-зәкүнге жүгінгенде де, тіптен, адамшылыққа, мұсылмандыққа қарағанда да. Сол «жалтыратқан да жылтыратқан», артынша «қопарып-төңкерген» де, мұның бәрі – халықтың, елдің маңдай тері – мемлекеттің ақшасы-дүниесі емес пе? Жоқ, әлде… солардың жетпіс жеті аталарынан қалған жекеменшіктері ме еді?!. (Ал, сол, қара халық – қоңыр қазақ босып, үйсіз-күйсіз, жалаңаяқ жүр). Мұны, қазіргі тілде – «отмывание денег» – «ақшаны жуу» деп атайды.
«Ақшаны жуудың» шегі де шеті жылдан жылға болмай да қалмай барады. Бұ жағынан құйтырқылық «изобретательность» дегеніңіздің нешеме түрлері күннен-күнге ойластырылып табылып бағуда.
Аумағының көбісі құрғақшылықтағы Қазақстанды жылда көктемде су басады. Сандаған халық үй-жайынан, мал-салынан айырылып, сенделіп-серсіліп қалады. Ал, хұкімет я биліктегілер: «Қорықпаңыздар да саспаңыздар, ақша бөлінеді, қарық боласыздар, бұдан кейін су алмайды» деп, сосын, сол бөлген-бөлдіргендерінің жарым-жартысын алдымен өздері жәукемдеп-қымқырып алып, қалған жарым-жартысына әлгі жеңілтек бикештердің беті-басындай қып бірдеңелерді жылтыратып жұмбаздап, – «іс бітті, қу кетті» – жымпиып жайларына жөнеліседі. Құр ғана жөнелмейді, «келер жылы я жақын жуықта тағы да бір жерлерді топан су немесе құйын-жел алып кетсе екен, Құдайдың өзі жылжытып жіберсе екен шіркін, ақша бөлінетін» деп, арманданып-қиялданып, тіленіп-сұранып отырады… Ал, енді, жаздың күні су таппай қиналамыз. Оу, сол әлгі көктемдегі шылқыған тегін суды пайдаға асырсақ болмас па? Мынау жұмыс таппай серсіліп жүрген бейбақтардың қолдарына кетпен-күрек бер (техникаңды… тығып қой) – қазып тастасын каналыңыздың жеті атасын, анау кең алқап ойпатқа қарата! Көр де тұр, жатсын бақасы бақылдап, балығы тулап, құстары шулап. Байлық па – өзі келген байлық!.. Жоқ, тіріде өйткіміз келмейді екен, себебі, олай болғанда – пайда халыққа ғана келеді ғой, биліктегілерге емес…
Мақтан мен мансаптың, атақ пен шатақтың һәм жемқорлықтың тірегі де ұстыны – сенері де сүйенері – баптаушысы не? Ол, кәдуілгі – көксоқта ӨТІРІК. Өтірікті көз жұмбай, бетің бүлк етпей де шімірікпестен заулата берер болсаң – бүгіндері жарап-ақ тұр. Жұрт сеніп жатыр ма, жоқ па, оған қарама – айдай бер, айдақтата бер! Түкіргенің бар ма – «ішкі есебің» түгел болса бопты дә. «Гүлденіп кеттік! («дальше некуда»)». «Дүниежүзінде алдыңғы қатарға шығып кеттік!» «Алға, Қазақстан!». Кешегі қызыл советтің кезінде «коммунизмге жетіп қалдық, әне-әне көрініп тұр!» деді. Аңқау басымыз соған сеніп, желпілдеп, ақыры, желкеміз үзілердей күйге түстік. «Мынау да бір соның сиқы да сапалағы ғой» дегеннен басқа амалымыз жоқ.
«Инвестиция». Мұның да жылдан-жылға шеті-шегі болмай барады. Ал, турасында, бұл – халықтың мойнына мінген қарыз емес пе? Бұлай деуіміз, есепшілердің жобалауынша – азғантай халықтың «мұншама қарыздан» келешекте құтыла алуы екі-талай да неғайбыл. Сонда, сосын, не болады? «Қайраңда қалған балықтай боласың… (Негізі, бұ түпсіз-шиырсыз инвестицияңыздың да мақсаты – «жеп-жұтып» қалу, сосын… кезі келгенде «қашу» ғой).
«Тендер». Бұл енді… аузыңызды ауыртуға болмайтын, нағыз құйтырқылық та қулық…
«Кризис». Құдайым-ау, бар-жоғы 15-17 миллион халыққа – мынандай, дүниежүзі бойынша аумағы тоғызыншы орындағы, асты-үсті кеніш елге – қандай да нендей кризис?! – кризис не тең?!. Халқы көп елде – бір жарым миллиард Қытайда, бір миллиард Үндістанда, я басқа да қысылып-қымтырылғандарда – ия, кризис болып тұрады, ол түсінікті. Ау, «15-17 миллион» дегеніңіз – кез-келген елдің бір немесе жарым-жарты-ақ қаласы ғана емес пе?! Мәскеудің өзінде 18 миллион, Тайланның астанасы Бангкокта, Оңтүстік Кореяның Сеулінде 26 миллионнан, Каир мен Делиде 28 миллионнан халық…
«Тайлан» дегеннен шығады – сол елдің кемінде 20-25 пайыз бөджетін «туризм» құрайды екен. Өзіміздің Түркия да туризмнен орасан пайда тауып отыр. Олай да бұлай болса, онда, егер де, Қазақстанымызда туризм жақсылап тұрып жолға қойылса – сол туризмнің бір өзі-ақ азғантай халықты асырамас па еді. Алтын-күміс, мұнайыңды текшелеп жинап қоя бер келешекке. Мен – экономист я бухгалтер емеспін, бірақ, гуманды логикалық мөлшермен осылай деп нық айта аламын. Бұл – ақиқат!..
«Жемқорлықпен – коррупциямен ұлы күрес!» Оу… «кім – кіммен» күресер-ді, егер де, жеп-жұтқандар мен тексеріп-түгелдейтіндер бәрі бір – бірге болса!?. «Жемқорлықпен күрес конторасы» – бұл енді, ешқалай да жемқорлықпен күресетін орын емес, қайта, гүлдендіретін мекеме. Биліктің – ерігіп жүрген сыбайластарына экспромтпен ойластырылып тауып берген жанашырлық орын-тағы. Күндердің-күні, «жемқорлықпен күрес конторасының» үстінен қарайтын – «бірдеме мекеме» дейтіндей «шірдеңе» ашылып жатса, ешқандай да таңданбай-ақ қойыңыз… (Сормаңдай халықтың, мемлекеттің ақшасы-ай!..)
«Легализация». Бұл не – бұрын-соңды есітіп-білмеген?! Ұрлықты, қылмысты ақтағанды қашан – қай атаңыздан көріп едіңіз?! Ұрлық-қарлық заң бойынша қатаң түрде сұралуы керек емес пе?! – халықтың сеніміне кіру үшін. Мынауымыз… «ұрлық, қылмыс жасай беруге әбден болады, қайта, жасаған үстіне жасап қалыңыздар, себебі, міндетті түрде легализацияланып тұрады» деген сөз ғой… 
 «Бала туу». Біздер,  Ресейде  қа­лай болса – соны айнытпай қайта­лайды екенбіз. Тек, бір жерде ғана қай­таланбайтын көрінеміз – бала ту­ғандағы «көмек». Біздің бір реттік көме­гіміз Ресейге қарағанда әлде-е-е-е-қайда төмен де арзан екен. Бала керек емес екен біздерге… (Кезінде, мына жаңа астананы тұрғызғанда «бала бақша» салуды ұмытып та кетуіміз – осыдан шықса керек-ті. Метро салуды да естен шығарыппыз – адамның қажеті шамалы ғой. «Батпақ» деген бекер – екі жүз аралдың – телегей-теңіз Неваның астындағы анау Петербургте атам заманнан бері метро зырылдап істеп келеді ғой). 
«Бала сату». Мә-ә-ә!.. Бұл енді, адам есітіп-білмеген масқарашылық – имансыздық! Күнәнің көкесі!.. Бала сату – «келешектің түкке де керегі жоқ!» дегенмен бірдей емес пе… («Сатқандар қашып кетеді ғой жайлы жақтарына).
«Гендерлік саясат». Бұ не сайқалдық? – қатынды еркекке қарсы қоюшылық. «Қатын билеген ел – қараң қалады…»
«Қазақстандық ұлт». Күні кеше ғана өткен «тәуелсіздік күні» мейрамымызда «қазақстандық ұлтпыз» дегенді қайта-қайта айтып қақылдадық. Бір сөзбен айтқанда – ол «терминді» бекіттік… Сонда-а-а-а… атам заманнан келе жатқан «ҚАЗАҚ» ұлты – «ҚАЗАҚПЫЗ» деушілігіміз қайда қалады?.. Ә-а???
 «Қашу». Міне, бұл енді – түсінікті. Еліңді-жеріңді әбден тонап бітсең – қашпағанда не істейсің?! (Қашудың да нешеме түрлері пайда болыпты – мысалы, «Ту-154» сияқты алып та әйдік самолеттермен «эскортталынып» тұ­рып). Бірақ-та, бір түсінбейтініміз бар. Жарайды, орыстар, еврейлер, тіптен, өзбектер қашса – ұғынықты. Ал, өз қазағымызға не жорық – туған жерін, ата-бабаларының мазарларын тастап?!. Ә-ә-ә, «ақша-дүние» қашқызады екен, бәрі-бәрін де сатқызады екен. Құдай – тіліміздің ұшында – аузымызда ғана қалыпты…
«Белгісіздік». Бұл дегеніңіз ең-ең-ең жаман нәрсе екен – аты, заты, нышаны, нобайы… ештеңесі де жоқ; аузы – мұрны жоқ. «Белгісіздік тұңғиығы» қол бұлғайды…

Ұлт ұстыны – Ана тілі һәм Дін мен Діл

Совет-Хан Ғаббас ағамыз Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітап пат­шалығы» жорналындағы «Ана тілі және ұлттық тәрбие» деген мақаласында: « – Тілсіз – айуан» дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұра-мұрағатының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерилосы). Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел – «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан талай кездестіруге болады. Осы таңда қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл»; онымен айтайын деген ойыңды, пікіріңді еркін айта алмайсың…» деп  кержақтанып, жала жауып,  теріс те  зиянды жағдаяттардың құл­дығында жүрген, ұғымсыз-кеще, «дүм­ше молла дін бұзардың» кебін кйіп, сәлдесін орап, тіл бұзушы азамат-азаматшалар (азаматтықтан садақа) да, арсыз-жүгенсіз топтар да, қазақ арасында бүгіндері тіп­тен де молайып келе жатқанға ұқсайды. Қазақ тілінің байлығы жетпегендіктен деген – дәлелсіз былжыр, өзінің ана тілінің үдесіне жете алмай құр қалған, оған көңіл бөлмеген сор маңдайлардың, ұлт мақтанышы сезімінен, ұлт намысынан ажырап, «шөре-шөре» болып, артта қалған қарабеттердің надандықтарынан туындаған сылтау-салдар ғана болуы керек» деп тебірене тарпынып келіп, содан, «Тіл» жөніндегі «ар-ожданын» 1941-45 жылдарғы сұрапыл соғыс кезінде Москваның қақ төрінде, орыстың өңкей «ақсүйектерінің» алдында қасқиып тұрып, «Қазақ» деген ел бар, «Қазақ тілі» деген тіл бар!» деп сұңқарша саңқылдап сөйлейтін «хас!» Бауыржан Момышұлы атамыздың сөздерімен асқақтатып та алапаттандырып жібереді: « – Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады… (Қазақстан басшыларына жазған хатынан): 1. 1935-36 жылдан бастап қазақ тілінің бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, ақын-жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн… 2. Қазақстанда қазақ тілі заң әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарылып отырғызылып, бұрынғы қалпына келтіру шаралары тездеп қолға алынып, тіл бұрмалау ежелден келе жатқан ескі ауруға айналып бара жатқанын ескере отырып, іс жүзінде қатал төңкеріс түрінде асырылуы және алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінде тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп қолға алынуы жөн…»
Әңгімеміздің осы тұсында, Советхан ағамыздың жүрек сыздатар да ауыртар мына бір зілмауыр мысалын келтіре кетсек хұба-хұп болар: «Америка ғалымдарының «Құрсақтағы баланың он түрлі жұмбақ сыры» атты ғылыми еңбегінде жазылғандай, «ағылшын фирмасында күні бойы қызмет ететін, аяғы ауыр француз әйелінің баласының тілі бірден ағылшынша шыққанын» құрсақтағы тылсымның бір жұмбағы ретінде келтіреді. Осы деректің растығын қазіргі ерлі-зайыпты қазақ жастары үйде де, түзде де орысша сөйлейтіндіктен, олардың қазақ бақшасына я мектебіне берген балалары далада да, көшеде де, үйде де өзара орысша сөйлеуге ауыса беретінінің сыры жоғарыда айтылған жұмбақпен сабақтасып жатқаны ешқандай дау тудырмаса керек-ті».
«Ұлтты – тілді сақтау үшін не керек?» (Бұл сұрағымыз – кішкене балақанға емізік бергендей я аузына ас шайнап жұтқызғандай да ғой, ә-а?..). Мейлі, сонда да, айталық: Ұлттың «ҰЛТТЫҒЫ» – тіл – «ТІЛІ». Ал, тілдің тірегі де ұстыны – ДІН, ДІЛ. Діл – әдет-ғұрып, салт-дәстүр де ғой. Осылай болғанда ғана – ешқалай шатқаяқтамаймыз, ешқайда бетімен лақпаймыз. Мысалы, жылда мамыр айы басынан-аяғына дейін: «Ұлы Отан соғысы!..» «9 май – Ұлы Жеңіс күні!..» деуден әсте де бір танбай, үдеткен үстіне үстемелеп келеміз. Біз байғұс та жағымыз жабылмай, жан-дәрменденіп, жылда айтып-жазып бағудамыз (қысқаша келтіріп өтсек): «Оу, ағайындар, ол соғыс – қай атаңның «Ұлы Отан» соғысы еді?! Ол Жеңіс – қай көкеңнің «Ұлы Жеңісі» еді?! Сол орыстардың өзі: «Әй, қазақ-момбастар, «Ұлы Отан соғысы» да, «Ұлы Жеңіс» те – Ресейдікі, біздердікі, ал, Сендер неғып лағып жүрсіңдер, жөндеріңді білсеңдерші!» десе – не бетімізді я… немізді де көрсете алар екенбіз?!. Не айта да алар едік?!. Біз (басқа да империялық қызыл совет құрамындағы көптеген ұлттар) ол соғысқа еріксіз – «құл» ретінде қатыстық.  Ол нәубетті ретімен ғана еске алып, жадымызда сақтап, бірақ-та, беталды босып кетпеуіміз де керек қой» деп. Бұл айтқандарымызға көнбеушілік – өз еліңді, өз отаныңды кемсітушілік – өз ана тіліңе, өз ділің (дәстүрің)  мен дініңе (мұсылманшылығың) немқұрай қараушылық болып шығады. Оның арты…
Осы күндері, жылда, жаңа жыл келердің алды-арты («ескі жаңа жылы» тағы бар) – (жаңа жыл келерден екі ай бұрын көшелерді әбзелдендіре бастаймыз, содан, ол әбзелдендіргендеріміз жаңа жыл басталғаннан тағы екі ай тұрады жарқылдап-жұтынып. Төрт ай!.. «жаңа жылдап», «Крыловтың шегірткесінше» шырылдап-әндетіп жүреміз кәңгіріп) – «қай замандары сүйектері шіріп кеткен ата-бабаларымыз я әке-шешелеріміз тіріліп келетіндей» қуанып-шаттанып жүретін болдық. Жай ғана қуанып-шаттанып қоймаймыз – әй-бір, атқылаймыз кеп қытайдың «сиқыри-оттарын» күні-түні!.. Аспан-Жер – көк түтін!.. Оу, сәл де болса, ойлансақ болмас па? Не «қуаныш», не «атыс» бұл?! «Адам» деген даңқымыз» – «мұсылман қазақ» деген атымыз бар емес пе? Ең болмаса, басқа мұсылман ұлттарына қарасақшы – олар Сен сияқты есінен тана елірер ме екен?.. Ау, бұл жыл санау – бұл жаңа жыл өткен діндегілердің енгізген тәртібі еді емес пе. Бұны, есіріп-елірмей, сыпайы ғана атап қойсақ болмас па. Соңғы дін – ісләм келешекте қанатын кеңінен жая берері анық та ақиқат. Сол кездері, жыл санау да, жаңа жыл да, бәрі-бәрі де өзгереді…
«Валентин» деген пәле шықты. Жоқ, басты «пәле» өзіміз – өзімізден ғой. Қазақ мектептерін, бала-бақшаларына дейін шырмады-ау, ә-а?.. (Тағы да, өзіміз емес пе шырмалып жүрген).
Бұның бәрін не үшін айтудамыз? Себебі, ДІЛ (Салт-Дәстүр) мен ДІН (Иман) – ТІЛДІҢ – ҰЛТТЫҢ тірегі де ұстыны. 
Күлтегін… Қорқыт, Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жыраулардан бас­тап, Абай мен Шаһкәріммен қостап, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Мағжан Жұмабай… Жұмабек Тәшен, Бауыржан Момышұлы, т. т. т. текті де ұлы-ұлы тұлғаларымызбен тұтаса жалғассақ, – «мұндай текті де түбірлі тұлғалардың дүниеге сандаған жүз жылдары бір-ақ келерін ұғынып-сезінсеңіздер; және-десін, мұндай қай­таланбас дара да дана тұлғаларға басқа ұлттардың зәру екендігін, қызғана да қызыға қарайтындығын ұмыт­па­саңыздар», – сөйтіп, бойтұмарша тағы­нып, жадымыздан сәт-қағым да шығармай, өнеге тұтына білсек: ТІЛ, ДІЛ, ДІН – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ мызғымас орнында боларына бек сеніңіз. Бір айтып өтерлігі, XIX-ғасыр – орыстардың «алтын ға­сыры» болды. Соны, олар жалғастырып әкетті, бүгінгі алып империялық дәрежеге жетті. Біздің алтын ғасырымыз» – XX-ғасырдың басы – жоғарыда атап өткен ұлы әруақтарымыз еді. Мұстафа Шоқайлардың «Алаш! Түркістан республикасы!» деген ұрандары еді. Міржақып: «Оян, қазақ!» деді. Ояндық па?.. Кеше түгілі, бүгін де оянған жоқпыз. Мағжан не деді? «Тұран!..» деді. Біздер болсақ әлі күнге дейін «Афрасиябтың» кім екенін білмейін, «Рүстем-дастанның соңынан жүгіріп жүрміз… Бүгінгі жаның кіресілі-шығасылы халіңде, осы айтқан жөн сөзімізге жүгінбей, – ұлы әруақтарды көзжұмбай тәрк ете берер болсаң, – бәз-баяғы кержақтығыңды, керенау-кер­деңдігіңді, теріс шаптырарлығыңды, на­дан­дық-нақұрыстығыңды үдете қуа берсең – онда, «ТАЗА ТЫНДЫМ, ҚҰР­ДЫМҒА БІРЖОЛАТА ҚҰ­РЫДЫМ!!!» дей бер, ҚАЗАҚ… (Әрине, «беті аулақ, ондайлықтан» дейміз де ғой, ыңылдап, ыңырси).

Сөз, Уәде, Ант һәм Ар-Ұят, Намыс

…«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деуші еді-ау, ә-а? Арғы-бергі бұ­рын­дары – бұрынғылар «сөзге» тақ тұрған. «Сөзі өлгеннің – өзі өлген», «Сөз – сүйектен, таяқ – еттен өтеді» деуші де еді-ау, ә-а? Тағы, тағы да…
«СӨЗ» – қайбір де нәрсе сияқты – екі түрлі болар екен: «мәнді-мағыналы» және-сін «сылдыр-сұлу-сиқыри» сөз. Мәнді-мағыналы сөз – Құдіреттің мың-сан аттарының бірі, тіптен, өзі десек те болар-ды; сылдыр-сұлу-сиқыри сөз – сайтанның сапалағы. «Абай-һәкім аталар» – «құдіретті» сөз; ал, «земля поклонись человеку» немесе «мен сізді жиырма бес жыл күттім» – «анти-құдіретті» сөз! (Құдайым-ау, Жер-Анаңды қайтіп те қалайша аяғыңа иілдірерсің?!.) Шынайы да әдеби сөз бен ораторлық эстрадор сөздің ара-айырымы – керіағар екі полюс – аспан мен жердей! «Алға! Алға! Алға-а-а!» – жалғани, жұғымсыз сөз (Сылдыр сөзді судыратқандардан сайтанның өзі де сескенетіндей болды ма…).
«УӘДЕ». Бұл да, Құдіреттің көптеген аттарының бірі – өзінің-өзі еді, – сөздің тиянақталған, жауапкершілікті болмысы еді. Уәдесінде тұрмаған – «сенімсіз» аталынып, оның орны – төменде болушы-тын…
«АНТ». Бұл – «қасиет-кие», тіптім, «құдіреттің өзінің-өзінінің-өзі!» еді. Ант – қашан, қалай, қандай жағдайларда берілер-ді? Ең-ең-ең қиын да қыспақты кезеңдерде – басқалай ешбір де ешқандай амал қалмағандайда һәм жауапты сәттерде. Мәселенки, ел тағдыры қыл-көпірдің өткелінде қылпылдап тұр­ғанында я жеке-басың аса бір тығы­рықты жағдаятқа тірелгенінде. Сонымен бірге, халықтың ауыртпалығын арқалауға шешкеніңде. Бұ «қасиет-құдіретіңіздің» мәні-мағынасы – соңғы серті: «НЕ – өлім; не – өмір!» еді. Екеуінің біреуі. Басқалай жол да, жосық та, ештеңе де жоқ еді. «Болды – бітті!..» Енді не болды?..
Бүгіндері… кейбір бейбақтарыңыз көк туымызды шөмпілдетіп сүйіп жатқанын, антыңызды бала кездегі «атабаш» ойнағанымыздағыдай алпыс алты жерден айзулатқанын көргеніңізде – «бейшара-ай, үзіліп түсер ме екен, қайтер екен» деп, жаның сулап тас төбеңе шығып, қараптан-қарап қиналатын болдыңыз…
Сонда… бұрынғы мен бүгінгінің айырым-жігі не болды? Неліктен бұ­рынғы құндылықтарымыз – бүгіндері құн­сызданып, ал, құнсыздықтарымыз – құндыланып кетті? Басқаша айтсақ, кешегі «ақ» дегеніміз, бүгін – «қара», ал, «қара» дегендеріміз – «ақ» болып шығып тұр?.. Уақыт – Замана болса, бәз-баяғысынша өз жолымен жылжуда. Оның не кінәсі бар?.. Ә-ә-ә, бар пәле де гәп – адамның (қазақтың) өзінде екен. Адам – азды. Ендігі қалғаны, бар мақсат-мұраты – «азғындықтың шырқау шыңы» да-ау, шамасы… Ал, сосын, содан кейін?..
Қара халық – қараша. Қараша үйде – әлі де болса, қадір-қасиет тұр. Қараша: бір-бірінің алдында ұялады да арланады… өліп те кетеді – егер-яки, қандай да бір себептермен, бір-бірінің айтқан сөзінде, уәдесінде, антында тұра алмай қалса. Ал, «даңқ пен дақпыртшылдар» ше?..
Бүгіндері «мақтан-мансап, атақ-шатақ, даңқ-дақпыртшыларда»: «ар-ұят, намыс» дегендеріңіздің ұштық-пұштығы да қалмағандай, – басқа-басқасын айтпағанда, титімдей де «ҚЫТЫҚ» қалмағандай. Белгілі бір «шекарадан» түпкілікті (безповоротно-безвозвратно) өтіп кеткендей… Ал, мақұл, бұ шіркіндер өтер де кетер-ау, бірақ-та, олардың бүгіндергі төбемізге (таққа) қонжия бастаған мансапшыл да бишікеш пышырандылары (ұрпақтары) – ешуақытта «ЕҢБЕК» дегеніңіздің иісін де білмеген, көрмеген, сезбеген де түйсінбеген, лақ пен қозының, гүл мен арам шөптің айырымын ажырата алмайтын, үлкен мен кішінің қадір-қасиетін, жақсы мен жаманның парқын ұқпайтын, обал-сауап, сұрақ-сауалыңызды қажетсінбейтін, әлгі «ар-ұят, намыс» деген ұғым-түсініктеріңіз тілдік қорынан да лексиконынан һәм санасынан мүлдем де ауып та түсіп қалған – кімді де нені жарылқай алар-ды-ау?!.
Жеттік… «Сөз» – ысқырған есепті; «Уәде» – түшкірген нысапты; «Ант» – түкірген… Ал, «Ар-Ұят, Намыс» дегендей бейбақтарыңыз – сіңбірген…
– Әй, қазақ! Ел болуың қиын-ау, қиын. Болудан кеттің-ау, кеттің, шамасы. «Бәріне де билік» кінәлі» дейміз, ал, шынтуайтында, бәрі-бәрі өзіңе де байланысты емес пе еді – қоңырым, ә-а?.. Билік қашанда келеді, кете береді… ал, қалатын я құритын сен емес пе?..

 

Алдыңғы «
Келесі »