Көзбояуы жоқ көріністер

  • 05.07.2016
  • 482 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуандық Түменбай,
жазушы

Көне астана – Алматының ұлы Әуезов есімін алған көшесінде мынадай ха­барландыруға тап болдым. Әрине, бізде бәрі екі тілде ғой. Әдеттегідей, ұлтаралық тіл төбесіне жазылған.
«Живи в общений.
Хабарласа өмір сүр».
Осыны оқығанда, өмір сүргің келмей кетеді. 
Осыдан не түсінесіз?

Осы жарнама-сөз кім үшін керек?
«Алтайды» айта-айта қартайған Жамал апай сияқты» осындайда біз де шаршаған сыңай танытамыз.
Біздікі түсініксіз бір дүние. Тілімізді дамытамыз деп жүргенде, өзіміз дамымай қалар ма екенбіз?
Сөзіміз де біртүрлі.
Бәрі біртүрлі боп бара жатыр…

***
Биыл киік көп қырылды. Бұның себебі неде? Ғалымдар әулетінің сараптауы бойынша, негізінен олардың еркектері өлген. Ұрғашыларына қарағанда, олардың өмірі қысқа, көп болса 3-4-ақ жыл өмір сүреді екен. Олар өмірінде ұрғашы киіктерді бір немесе екі рет қана қашыра алады. Адам көзімен қарағанда, бұл зор бақыт.
Осы бір мұрны қоңқиған, адамға етене төрт аяқты жануарды сақтап, өсіру үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, білікті де білімді жас кадрлар дайындауды ғалымдар еске салады. Қырылған киікті көріп, жұмыс таппай жүрген жастар көз алдыңа елестейді. Олар да бетпақта босып жүрген киіктер сияқты. Зейнетке шығып ап, орнын босатпай отырған көкелері ше? Оларға қою шәйді сораптап, күйтабақтан «Жезкиікті» тыңдау бір рахат дүние.
«Авиа санақ жүргізіп, ақбөкенге  ауыз сап жүрген қасқырлар санын анықтап, оларды атып, азайтуымыз керек», – дейді жақында өткен құрылтайда бір ғалым. 
Адамның қасқырларын да ойламай тұра алмайсың. 
Ойландыратын өмір.
Адам мен ақбөкен.
Тілі бар пенде мен тілсіз мақұлық.
Пенде пенделігін істейді.
Ақбөкеннің түкпен ісі жоқ.
Артында азуын ақситып қасқыр қарап тұр…

***
Коммунистік партияның оң қолы болған үлкен әкем бірде елге барғанда: «Партияға өтпесең елге қайт, бұл не жүріс?!» – деді болашағыма күмәнмен қарап. Сосын, жолдастар арқылы ортақ жол тауып, партиялық орган – Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдым. Бір жарым жылдан соң комсомол арқылы партияға кандидаттыққа өтетін болдым. Бастауыш партия ұйымының жиналысында бір қартаңдау кісі: «Өзің Қызылорданың баласы екенсің, неге Алматының газетінде істеп жүрсің?»– деп төте сауал қойды. «Сүйікті Коммунистік партияның қатарына өтейін деп едім» деп, мен де тайсалмай жауап бердім. Ол кісі үндей алмады. Ала көзімен басқаларға бір қарап, болашағын сендер бағамдаңдар дегендей, отырған үстелінің үстін тырс-тырс шертті…
Бір жылдан соң сүйікті Коммунистік партияның қатарына өтіп, жеті жыл мүше боп жиындарына қатыстым. Сонан кейін, партия тарап, барсың ба, жоқсың ба деп, ешкім де елеген жоқ. Партбилетім сәл көмескі тартып, құжат салатын сандығымда жатыр. Анда-санда көз алмай қарап қоямын.
Адам қимайды екен.
Кезінде кандидат боп бір жыл жүрдік.
Мүше болдық.
Енді, не боларымызды өзіміз де білмейміз…

***
– Ассалаумағалейкум,– дейді үй маңының қоқысын жинап жүрген үсті-басы кір-қожалақ орыс жігіті.
– Әликүмассалам,– деймін сәлем сөздің салтымен.
Өзі көбіне ішіп жүреді. Бар тапқаны тек «тентек сумен» кететіні білініп тұр.
Бір күні кешке «Ассалаумағалейкумын» айтты да, «Аға, 15 теңге беріңізші»,– деді әзер сөйлеп.
Үндемей өте шықтым.
Ертеңіне көргенде сәлем-сауқат жайына қалды. Онан кейін де қазаққа бұрылған кішіпейілділік, сәлем мен ізет – бәрі де кір-қожалақ киім-кешек астында, керзі етіктің табанымен тапталып өте шықты.
Бәрінің 15 теңгемен өлшенгені ме?
Өзбекстандағыдай түгел өз тілімізде сөйлеп кетсек не істейміз?
Онда өзге ұлтқа өзегімізді суырып беріп, солардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болар ма екен?
Біз ізетшіл халықпыз.
Бір ауыз сөзге елп ете қалар еліккішпіз.
Көрерміз.
«Көре-көре көсем болармыз…».

***
31-арнадан «Көк салқынды» көріп, жүрегім шаншыды. «Қырғызфильм» шығарған екен, арасында шүлдірлеген «чаң-чүңі» қатты естіліп қалады.
Ең сұмдығы, үйленбей жүріп алған жігітті жолдастары еркекке үйлендіреді. Әкесінің алпыс жылдығына сыйлық ретінде жолдасының басына «парик-жаулық» салып, келіншек алып келеді. Бұдан артық масқара бар ма?
Комедия болғанмен, еркектің абыройы деген қасиетті ұғым бар емес пе? Оны аяққа басу кешірілмес күнә. Кезінде Керенский де Уақытша үкімет құлағанда әйелше киініп, шетелге қашты дегенді оқып едік, сол, ақыры, жақсы атқа жеткізбеді.
Жынысы бөлектің тынысы бөлек.
Ол шешінбей тұрмасы анық.
«Қазақша-орысша сөздікте» «комедия» сөзі сол күй қалған. Еркек сөзіне де «всякое живое существо мужского пола (против. ұрғашы)» деп түсінік берілген. Не де болса мұсылман баласына еркектен ұрғашы жасау жарасып тұрған жоқ. Сатиралық дүние болса да сәтті емес.
Жүрегім шаншып кетті. Онан да мына сорлының еркекшора боп жүре бергені жақсы еді. 
Әдебиетке де әдеп керек.
Әсіресе, мұсылмандарға…

***
Алпысқа да кеп қалдық. Алты ондығың да оңай емес екен. Шалдың қолында өсіп, отыз жетісінде өмірден өткен әкенің өң-жүзі көмескі боп көз алдыңда көлеңдейді. Алты ондықта талай асуға табан тигіздік. Комсомол, коммунистік партия деген ұйымдарға мүше болдық. Соның ішінде ең бір өз үйіңдей қимасың – Жазушылар Одағы екен. Екі жыл Мәскеуден билет күттік. Отыз жыл мүше боп, есігін сипап ашып, аялап жаптық. Еңбек еткен барлық мекемелеріміз «Абыройың аса берсін» деп тілек тілеп жатыр, тек өзімнің екінші үйім томсырайып тұр. Оған өкпем жоқ, қасынан өткенде өтелмеген парызым бардай қипақтап қаламын.
Дәл қасында «Балалар әлемі» жарқ-жұрқ етеді. Ол да балалық шағыңды еске салып, әртүрлі ойға батасың.
Екеуі де ыстық.
«Балалар әлемі» – өткенің.
Жазушылар Одағы – кетпенің…

***
Автобуста орысқа орыс орын бермейді. Қаршадай қыз ұялы телефонмен тыныстап, әлем жаңалығына қанығып отыр. Қазақ қызы шыдай алмай «Садитесь» деп, тілін де айырбастап, ұшып тұрды. Әлгі орыс қызға «Неге орын бермейсің?» десем, «Не ваше дело» дейді беттен алып.
Орыс кемпір соның сөзін сөйледі.
Қазақтың қызы жәутеңдеп маған қарайды.
Көне астана болса, кімге болысарын білмей жәутеңдеп тұр.
Астана қалай екен?
Алматы сол күйі…

***
Тұрақты авторымыз Еламан Хасенұлы «Хат жаздым қалам алып қаламдасқа» атты толғанысқа толы мақала әкеліпті. Ақындыққа берілген баға, замандастары ескен қайықты сырттай бақылау. Сонда мынадай жолдар бар: «Бізде Нобельден де құнды сыйлық бар. Ол – ата-бабаларымыздан қалған рухани мұра» дейді. Осы екі сөйлемді оқыдым да, бірден нөмірге салдым. Бізге ата-бабалар тапсырған аманат бар, соны кетпенмен де, қаламмен де ақтау –  парыз. Диқан әкеміз Ыбырай Жақаевқа екінші Алтын Жұлдызды тапсырғанда: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді» десе, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов: «Мы пишем от всего сердца, но сердце принадлежит партии», – деді съезде Бас хатшы Брежневке шұқшиып. Бас хатшы болса қарқылдап күліп, басын шайқай берді. Ал, МАГАТЕ-ге Нобельді алып берген қазақ Достай Раманқұлов туралы газетке он бір жол хабар берілді. Ол жігіт: «Маған осы жетеді, артық марапаттау керегі жоқ»,– деді түсін суытып әрі қорқынышпен.
Рухани мұраға ие бола алсақ – сол бізге Жер мен Көктің сыйлығы.
Қара жер мен қара сөз де бізге қарап, басын шайқап тұрғандай.
Бұл да алаң көңілдің аманаты сияқты…

***
Әрине, жамандық іздеп шұқшимаймыз. Іздесек тек жақсылық іздеп талпынамыз, жамандықтан бойымызды аулақ ұстаймыз. Бірақ, көз – көру үшін, көріп тұрған қатені айта алмай тағы тұра алмаймыз. Өйткені, 42 әріптің дұрысы мен бұрысын көріп өскен жайымыз бар. Газетте істеп жүргенде корректор ауырып қалса, «Жас қой әрі қате көргіш» деп, бізді жіберетін. Ол да есімізде. Айтпағым – «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясын («Білік» баспа үйі, 1999, Алматы) ақтарып отырып, «Пушкин Александр Сергеевич» деген мақалаға көзім түсті. «…Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жарының? мазмұнын жазып алады. Абай Құнанбаева? ұлы ақынның «Евгений Онегин» романынан үзінділер аударып, оның кейбір сөздеріне ән шығарды». Біріншіден, жарының емес,жырының екендігі айдан анық. Екіншіден, адам кешіргісіз корректорлық қате көзге ұрып тұр. Қазіргідей     компьютерге көшкен заманда «біздің жастарымыз бүйректен сирақ шығарып, бұларың не?» деп жүрмей ме?
Әрине, қазақ тілінде «род» жоқ. 
Бірақ, еркек пен әйелдің жыныстық айырмашылығын әріп қатесі бетке ұрып, білдіріп тұрғандай.
Шындықты шамырқанып айтып отырмыз.
Бұл «Қазақстан» даму институтынан 1999 жылы шыққан кітап қой…

***
«Бізде тіл еркіндігі бар» дейді сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теледидардан айналасына масаттана қарап. Осы жігіттің бір ауыз қазақша сөйлегенін естімеппін. Барлық уақытта таза ұлтаралық тілде тіл қатты да кетті. 
Әкесімен көрші тұрып едім. Немат Келімбетов деген белгілі филолог болатын.
Жақсыдан қалған тұяқ қой.
Күтеміз.
Біз күтуден жалықпаған халықпыз.
«Қайрат деген атым бар» деп Әбділда да жырлап өткен. Ақын ұлттық футбол – ұлт тағдырын жырға қосып еді.
Біз соның еншісіміз.

***
Алматыдағы «Қазақфильм» ықшамау­данында Зосямен бір жылдан бері көршімін. Сөйлескенде іші-бауырыңа кіріп, он екі мүшеңді ерітіп жібере жаздайды. Бірақ, бір ауыз қазақша сөйлемейді. Оған өзіміз де кінәліміз. Өйткені, соның ығына жығылып, сол не айтса соған бас шұлғи береміз.
Бүгін де үйінен ерте шығыпты. Қолын­дағы қарғыбауда сенімді серігі – иті. 
– Далеко не уходи,– деп төрт аяқты досына бостандық берді. Сосын, менімен сөйлесті. Саясат та, музыка мен алыс-жақын шетелдіктердің мән-мақсаты да Зосяның тақырыбынан тыс қалмады.  Бірақ, соның бәрі біздің мемлекеттік тілде айтылмады. – Как ты отдыхала?– деп арасында ұрғашы досына сауал да қойып үлгерді.
Бақандай боп қасында біз тұрмыз.
Осыны қашанғы айтамыз?
«Ит құрлы жоқпын ба?» десең, ер-азаматқа сын. Әйтеуір, бір күні бір нәрсе болмай қоймайтыны анық.
Тағы да есіктің алдын шолып келуге кеткен төрт аяқ тілі салақтап қайтып кел­ді.
Ол келгенде мен қазақша сөйлеп тұр­дым.
Ит құрлы жоқпын ба?
Зося не десе о десін.
Мемлекеттік тіл – менің қуатым.
Зосяны бір жағына шығарармыз.

***
«Қазақфильм» ықшамауданында дөп-дөңгелек «Караван» дүңгіршегінен «Жас қазақ» газетін қарадым. Шылым тартып отырған орыс әйел басын шайқады.
– «Ана тили» есть, потом «Казак у-у…» – деп тұрды да қалды.
– «Казак әдабиети» есть?
– Я говорю «Казак ада-ада…» деді де, темекі түтініне қақалып қалды. Тағы біреуін тұтатып, түтігіп кетті. – Что вам нужно ?! Кончайте в конце концов. Больше не спрашивайте,– деп шатынай қарады.
Осы біздің өміріміз.
Әлден соң дөп-дөңгелек «Караван» қайта жабылды да, сатушысы бізді ала көзімен шығарып салды.
Төменгі жақта тағы біреуі тұр.
Бұл маңда мен сияқты ұлттық баспа­сөзді іздеушілер жоқтың қасы.
Бізге «халық жаулары» сияқты қа­райды.
37-де де осындай болған шығар…

***
Алматыдағы «Қазақфильм» ықшамау­данында, еңселі үйдің есігі алдында, зыр қаққан өрімдей қазақ қызы орыс тілінде бетіме тура қарап тіл қатты.
– Бір әппақ күшікті көрдіңіз бе?
– Жоқ. Есімі кім еді?– деп қарсы сауал қойдым.
– Джульетта.
– Классикалық есім қойған екенсің…
Сөзімді мәнзүр қылмастан арықтың асты  мен төрт бұрышты мәшине атау­лының қуыс-қуысын түгел тінте бастады.
Ромео мен Джульеттаны әдебиеттен білеміз. Тілін ұмытқан қазақтың қара қызы күшігін таба алмай жүрісі мынау. Оған тілі емес, күшігі қымбат.
Джульеттасы табылар. Төрт аяқты тірі жәндік қой. 
Тілі табылар ма екен?!.
Зыр қағып күшігін іздеп жүр.
Тілін іздер ме екен?

***
Алматыда, «Қазақфильм» ықшамауда­нындағы  ең соңғы аялдамада, «Караван» деп атау алған дүңгіршектен аңсап күткен «Ана тілін» сұрадым.
– Может быть, есть,– деп төмен шұқшиып, түртінектей бастады. Оған дейін төменде тізілген «Время»-дан бас­тап, «Трибуна», «Свобода», «Жизнь» сап түзесе, қазақшадан тек «Саяси-қалам» ғана «Караванның» көркіне көрік қосып тұрды. – Есть, оказывается, есть,– деп, көзілдірікті орыс әйелі маған да, ұлттық газетке де үрке қарады.
Жалғыз газетті неге солардың қатарына қоймасқа?
«Қазақ әдебиетін» сұрайын деп едім, сөз шығындағым келмеді. Өйткені, өткен аптада «жоқ» деген жауап алғам. Тағы да шатысып жүрермін деп, өзімді алшақ ұстаған түрім ғой.
Өмір осылай өтіп жатыр.
Ертең бәріне емексіп жүрмесек етті…

***

Алматының «Қазақфильм» ық­шам­ауданындағы  күнкөріс үшін көкөніс сататын сүйкімді жігіт өз-өзінен тықыршып тұр. Қасындағы дәріхананың сатушысы да өмірге риза емес. Әңгіменің ашығы мынау – әкімшіліктің өкілі келіп, Жаңа Жылға орай айналаны тап-тұйнақтай ғып безендіру керек, депті. Сонда, әлгі жігіт: «Жаңа Жылдың алдында Желтоқсан бар емес пе? Соған орай безендіру жұмыстары неге жүргізілмейді?» деп қарсы сауал қойыпты. «Солай ма, ол қай күн еді?» деп өкіл мажығып қалыпты.
Өмір көріністері осындай. Айтайын деп айтпайсың, осындайда бүгінгі ұрпақтың ар жағында не бұғып жатқанын көргендей боласың.
Көріністе көзбояу жоқ.

Алдыңғы «
Келесі »