АҚ – АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ

  • 16.07.2012
  • 10282 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлімғазы Дәулетхан,
тарих ғылымдарының кандидаты

Менің қолыма қалам алдырып, осы мақаланы жазуыма түрткі болған «Репортер независимый информационный портал­да» жарияланған Сергей Михеев дегеннің «Как черное становится белым» дейтін мақаласы еді.
Сергейдің жанын түршіктіріп, санасын сансыратқан «Ақ пен қара» жөніндегі философиялық ұғым-түсінік те, өмірдегі әділдік пен әділетсіздік, дұрыс пен бұрыс та емес, қазақ халқының, тіпті тұтас түрік әлемінің ұлы тұлғасы – ар-намысы, бостандығы мен тәуелсіздігінің қастерлі символына айналған Мұстафа Шоқайдың жағасына жармасып, оны қаралау үшін қолданғаны болатын.
Мұстафа Шоқайды 70 жыл бойы қуда­лап, жаппаған жаласы, тақпаған айыбы қалмаған Кеңестер Одағы келмеске кеткеннен бергі 20 жылда тәуелсіз Қазақ мемлекетінде болып жатқан іргелі өзгерістер мен саяси, мәдени, рухани жаңғырулар, әлемдік қауымдастық бір ауыздан мақұлдап, мойындаған жетіс­тіктеріміз қайдағы бір Михей-Сихейлердің теріс азу кертартпаларына ұнамайды екен деп қарап отыра алмаспыз. Бұл әлемде ақты қара етіп көрсетуге ұрынушылар қашан да аз болмаған. Бірақ, ақ уақытша қара болып қорланғанмен ең ақырында жарқырай ағарып отырған. Михеев Сергейдің ардагер Мұстафаның періштедей пәк тұлғасына жапқан жалалары мен жапсырған қараларына бір-бірлеп тойтарыс беру керек деп ұйғардым.
Михеев тілге тиек еткен «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмнің Алматы қалалық әкімшілігі мен «Қа­зақфильм» басшылары өткізген тұсау кесеріне біз де қатынасқанбыз. Алматының зиялы қауым өкілдерінің қызу қарсы алып, қуана құттықтаған жүрек жарды лебіздерін тыңдап қол соққанбыз. 70 жыл бойы НКВД мен Сталин, Ежов, Бериялардың қудалауында қараланған ұлы тұлға туралы тарихи шындықтың бетін аша түсуге себепкер болатын «Мұстафатану» дәуіріне батыл қадам басуымен ақын Қасымхан Бегмановқа алғыс айтқанбыз. Ақ пен қараның ара жігін ажыратуда негізгі өлшем – адамның ниеті мен пиғыл-харакеті, ар-ұяты мен адалдығы болса керек. Сергей сенде осылардың бірі де жоқ-ау, сірә. Егер, олай бомаса , сен былайша еркінсіп аузыңа келгенді көкімеген болар едің. Мәселен:
1. Мұстафа Шоқай «… прежде весь­ма сомнительным личностям ради идео­логи­ческой перековки населения», деп бастайды Сергей мақаласын. Сонда, автор­дың «Аса күмәнді тұлғаның» қандай күмәнді іс-әрекеті болғанын дәлелдейтін дерек көзінің сыйқына қараңыз.
«Представим»… 1945 год. Повер­женная Германия. Фильтрационный лагерь для военнопленных и пособников фашизма. Смершовец ведет допрос пожилого господина азиатской внеш­ности». Мінеки, осы азиат пен тергеушінің арасындағы сұрақ-жауап мақаласымақтың жарты көлемін құрайды. Сонда, ол сұрақ-жауаптың Мұстафа Шоқайға қатысты деген тұсына назар аударыңыз. Әлгі азиаттың министр Альфред Розенбергке жазған хаты дегеннен үзіндісі: «…Необходимо организовать из мусульман-советских военнопленных – особую армию. Задачей ее станет свержение Казахстане и Средней Азии Советской власти. Я, Мус­тафа Шокай готов в случае со­гла­сия возглавить это благородное дви­жение.»
Сергей, сен айта қойшы, атын да біл­мейтін азиаттың аузымен айтқызған «Я, Мустафа Шокай готов» деген күмәнді сөзге бола алаш ардагерін қаралауға қалай аузың барды?
Одан да сорақысы, 1945-жылға дейін өмір сүре алмай дұшпандардың қас­тан­дығынан қапыда қаза болған Мұстафаның аруағын қорлап «Вот при­мерно такой допрос мог состоятся в 1945 году. Но не состоялся. По причине смерти… Мустафа Шокай умер 27-декабря 1941 года в Берлине. Через три недели после начала контрнаступления красной армии под Москвой. Возможно, этот фак­т ускорил кончину, такое потрясение и стресс…» деп оттайды.
Қадірлі отандас бауырларым, ақ ниетті адам баласы, айтыңдаршы: Орыс Михеев тұтас түріктің ардақтысы, фашизмнің қас дұшпаны болған Мұстафа Шоқайға неге сонша өшігеді, неге оның рухын қорлап аузына келгенін күйсейді? Сонда Михеев Мұстафа Шоқайдың неміс тұтқын лагерін аралау барысында көрген сұмдықтарына жаны төзбей жазған мына хатынан бей­хабар ма еді? Деректі фильмде ол ба­дырайта жазылып көрсетілмеп пе еді? Ақыл-есі дұрыс, ар-ұяты бар ет жүректі адам Мұстафаның басын бәйгеге тіге, ашу-ызаға толы мына сөзін қан жылай отырып оқымауы, ұлы қайраткердің рухына бас имеуі мүмкін бе?
«Сіздер, немістер өздеріңізді Еуро­падағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар, егер сіздердің мәде­ниеттеріңіз менің көргендерім болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ға­сыр­да Шыңғысханның жасаған зұ­лым­дығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуларыңызға хақыларыңыз жоқ».
Осы хатпен танысқан SS офицерінің «Пікірлеріңді өте тура айтыпсың. Мұ­ның артықтау емес пе» дегенде еш тар­тынбастан: «Егер, сіздер осыған бай­ланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен көрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайлардан соң өмір сүргім келмейді», – деп жауап хат жазады.
Бұл үзінділер «Қайнар» баспасынан 2007 жылы шыққан Мұстафа Шоқайдың үш томдығынан, Мұстафаның сүйікті жары Мария Яковлевнаның «Менің Мұстафам» атты естелігінен алынып отыр. Қазақтың ұлы перзентінің алып жүрегі қайдағы бір «Потрясеня мен стрестен» емес, осындай ұлы қасіретке төзе алмай тоқтап еді десек жөн болар.
Сергей мырзаның қазаққа, күллі түрік адамының сөзіне, сірә, сенбесін, тіпті «трои­цасына» құлай беріле салмасын білсек те, өзінің қандасы, орыс сващеннигі Яков Горина мен Анастасия Корзинкиноның қызы Мария Яковлевнаның Мұстафадай ақ некелі адал жарының адал сөзіне күмәні бола қоймас деп дәмеленеміз.
Аю тоңмойындыққа ұрынғанның өзінде, сүйікті анамыз Мария Яковлевнаның ағынан ақтарыла жазған мына жүрек сөзіне қарсы айтар уәж таба алмасына кәміл сенеміз. «С Мустафой Чокаем мы прожили 23 года совместной супружеской жизни. Это была тяжелая, но счастливая пора. В эмиграции нам приходилось играть самые разные, порой непривычные для нас, роли. Бог миловал нас: низкие роли клеветников и подхалимов мы ни­когда не играли. Наша совесть чиста». Михеев сияқтыларға бұл аз көрінсе, Ма­рия Яковлевна марқұмның бұ дүниеден өтер алдында Әлім Алматов ақсақалға айтқан мына бір жалынды сәлемін де келтіре кеткеннің артықтығы болмас: «Сен жассың ғой, бәлкім жақсы-жарқын күн­дерге аман-сау жетіп те қаларсың, солай бола қалған күнде Мұстафаның отандастарына айта бар, ол ешқашан да өз халқының жауы болған емес, ол өзінің бар болмысын ұлтының азаттығы жолындағы күреске арнап өтті». Михеев ешбір негізсіз жаптым жаламен «Прежде весьма сомнительный личность» деп қаралаған Мұстафа Шоқайдың нағыз адами һәм саяси бет-бейнесі, тарихтағы орны осылай нақтыланса керек. Ақ ешқашан қара бола алмайды.
Сергей мырза, сенің өз халқыңның өткені мен бүгіні жөніндегі ұғым-түсінігің де, білім-білігің де тіпті, саяси сауатың да өте төмен, орыс держимордасынан бір қадам ілгерілемеген қауқарсыздығыңды көріп жаным ашыды. Сен өзі кешегі «халықтар түрмесі» атанған патшалық Ресейдің, отаршыл орыс самодержавиясының жоқтаушысы екеніңді мойындайсың ба? Міңгірлемей ашық айта бер.
Мұстафа Шоқайдың балалық шағын еске алған мына бір жалынды сөзі Михейдің баласына жақпай қалыпты: «Мы хлестали плетками по этим столбам, пролеженным русскими переселенцами, наивно надеясь, что до русского ца­ря дойдет боль за причиненные рус­ской колонизаторской экспансией страдание моего народа». Светлый «…судьбоносный пролог всей жизни пла­менного борца за независимость, а вместе с тем и фильма, определился с са­мой начале – по направлению борьба с русской колонизаторской политикой и ее последствиями» деп азаткердің ақ дидарына қарабояқ шашқысы келеді.
Сергейдің қазақ қоғамы мен қазақ тарихы жөніндегі сауаты кешегі кеңестік тоталитарлық жүйе қалыптастырған ұлы орыс шовинизмі деңгейіндегі надан қал­пы­нан өзгермеген. Ол Мұстафаның оқу, білім іздеп орыс қалаларына бару ниетіне күйе жаққысы келіп, оның бай, ақ сүйек от­басынан шыққандығын айыптап: «…Мус­тафа привык с детства чувствовать собственное привилегированное поло­жение в обществе, застрявшем в фео­дально-робовладельческой форма­ции, и не мог не понимать, что с присое­ди­не­нием края к России прежная бес­кон­трольная власть над народом для правя­щей верхушки ханство постепенно будет сужаться» деп кешегі шовинист тарихшылар мен тап күресіне табынушы коммунистер жазып берген оқулықтар тілімен Мұстафа Шоқайды айыптаудан ұялмайды.
Білгішсінген Михеев орыстардың 1860 жылға дейінгі нағыз құлдық қоғам деңгейіндегі крепостнойлық само­дер­жавиялық түнектен шыққанын ұмыт­қаны ма? Қазақ қоғамы ешқашан еуропалық және славяндық құлдық қоғамды бас­тан кешірген емес. Нағыз далалық демо­кратияға негізделген өркениетті заң­дар мен дәстүрлерді қастерлеген исламдық-түріктік ашық қоғам үлгісінде өмір сүргенін білгісі келмейді.
Ал, «Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылған» дейтін сандырақты тәуелсіз Қазақстанның 20-жылдығын қарсы алып жатқан бүгінгі таңда қайталап жату тіпті де заңсыздық әрі барып тұрған арсыздық қой. Оған қалай бей-жай қарап отыра бермекпіз?
Осы арада қазақ елінің суын ішіп, нанын жеп отырып, түз тағысынша орманға қарап ұлып тұрған Сергей Михеевке мынадай сұрақ қоя, ой өрбітудің реті келген сияқты.
1. Мұстафа Шоқай өмірін зерттеп-зерделеген адамдарға талайдан бері таныс бір атышулы № 145 дело деген бар, ол 1926 жылы Восточным отделом ПП ОГПУ Казахской ССР жағынан арнайы ұйымдастырылған FRANCE деп аталған сыртқы барлауға қаратылған операциялық жоспар болатын. Ол 1941 жылға дейін үздіксіз жүргізіліп отырған. Бұл іске бай­ланысты НКВД жансыздары Мұстафа Шоқайшыларға қарсы нелер жазбады дейсің. Бұдан басқа 1972 жылы Серік Шәкібаев дейтін КГБ полковнигі жазып, орысша жариялаған «Үлкен Түркістанның күйреуі» (Падение «Большого Туркестана») дейтін құжатты повесі арқылы Мұстафа Шоқайды жексұрын етіп көрсетуге барын салған.
Сергей Михеев қаруланған тарихи-саяси білім негіздерінің сыйқы осымен шектелсе керек. Ал, 1989 жылдан бергі қазақ тілінде жазылып жарияланған том-том зерттеулер мен Мұстафа Шоқайдың өзі жазған бес томдық мақалалар топтамасы мен Мария Яковлевнаның естеліктері жө­нінде Сергейдің мүлде сауатсыз екені айдан анық. Егер де, Кеңес өкіметі тұсында Мұстафа Шоқайға таңылған айыптаулар мен қылмыстық істердің сыйпатын Михеевше қабылдар болсақ, ол большевиктердің ұлттық саясатын лағнаттайтын кері үгіт жүргізуші, шетел тыңшысы, сондай-ақ, «Түркістан легионын» ұйымдастырып, басқарушы Вермахтың адамы болып шығады. Ал, Мұстафа өмірбаянының нақты шындығын мойындаған адам, оның Кеңестік отаршылдықты қатігездікпен жүргізген большевиктердің ұлы орыстық шовинизмінің батыл әрі аса сенімді ғылыми дәлелдермен әшкерелеп, айыптаушы жалынды күрескер, ұлы түркістан идеясына бастан-ақыр адал болған ұлт патриоты екеніне көз жеткізеді.
Сергей мырза, сен Мұстафа Шоқайдың мына бір жалынды сөзін қалай қабылдар екенсің? «Сталин мен Гитлердің екеуі де залымдар. Мен осылардың қайсысы күш алып құтырынар екен дегенге бас қатырудамын. Олар саясатта да, озбырлықта да (коварство) бір-бірінен қалыспайды. Бірі – нацист, бірі – марксист. Егер, олар күш біріктіріп, әлемді билеп-төстеуді ойлар болса, онда бүкіл дүние қанға бөккен болар еді. Бүкіл халықтар атасы мен неміс ұлтының атасы арасындағы достық дегенің уақытша ғана бірдеңе». Өз хал­қының тәуелсіздігі жолындағы аяспас, ымырасыз күрес жолын таңдаған Мұстафа Шоқай сол тұста Еуропада өмір сүріп жатқан орыс эмигранттарынша Гитлерді қолдап, есебін түгендеуіне де болар еді. Қытайларша айтқанда, «ақ мысық, қара мысықтың қайсысы тышқан аулап берсе, сонысы жақсы мысық» деуге Мұс­тафаның ары бармайды. Большевизм мен нацизмнің арасында таңдау болмайды. Ендеше, ардақты Мұстафа Шоқайды шовинистер қандай дәлел, қай айыппен шетел агенті немесе «Түркістан легионын» ұйымдастырушы етіп шығармақшы? НКВД – КГБ мен С.Шәкібаевшілдер 70 жыл бойы дәлелдей алмаған жалалы делоны Михеевшілдер қалай дәлелдемекші? Данышпан халық айтпақшы, «Аққа құдай жақ, ит үреді, керуен көшеді.» Пілге үрген кандендер болған, бола да береді…
Михеевшілдердің есіне мына бір айдай ақиқатты да сала кеткіміз келеді. Мұстафа Шоқай тек өз халқының, тұтас түрік дүниесінің жалынды патриоты ғана емес, құдайы көрші орыс елімен тең дәрежелі достық қарым-қатынас орнатуды армандаған үлкен жүректі адам еді. Ол былай деп жазады: « Думаю, что каждый должен отдавать себе отчет в том, что может дать безоглядная вражда к одной и столь же безоглядная дружба с другой страной. Я знаю одно: безоглядная вражда к России была бы для нас политикой неблагоразумной. С какой-то Россией мы должны как-то дружить. Это, конечно, не значит, что мы отказываемся от борьбы за национальную свободу. Особенно это нужно помнить в Туркестане, который еще политический неорганизован». Біздің Мұстафа данамыз осылай ағынан ақтарылады. Ал, Михеев сияқты тоңмойын шовинистер ешбір ұялмастан Мұстафа Шоқайды да, оның тар жол – тайғақ кешулі өмір жолымен жүріп өтіп тамаша құжатты фильм ұсынған талантты, ұқып­ты документалист Қасымхан Бегма­нов­ты қаралап фильмде: «И ни слова опресловутом «Туркестанском легионе», одним из идейных руководителей кото­рого был, с убедительной доказа­тель­ностью сего факта, Мустафа Шокай», – деп одан бетер өршеленеді. Ендеше, шешінген судан тайынбайды, Михеев мырза, сен қолыңда бар «убедительной доказательстволарыңды» баспасөзге жариялап өзіңді көрсетерсің. Құр бопса – далбаса ғана ғой.
Бұл күндері Қазақстанда да, Ресейдің өзінде де Михеевшілдер (кешегі Сол­женицын мен Жириновскийшілдердің қазақ­қа, түрік халықтарына өшпенділік пен ұлтаралық жанжал ұрығын себушілер) аз емес. Юри Алябьев, И.Н.Михеев, М.Аки­­мов т.б. орыс шовинистері соңғы кездері тіпті құтырына шабуылға көшкені баспасөзден белгілі. Олар Қазақстанның әлем мойындаған тәуелсіздігін, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқын, оның мемлекеттік тілін мүлде мойындағысы келмейді.
Сергей Михеев мақаласымағының «Эпилог и резюме» деп аталатын соңғы бөлігінде былай деп шабаланады: «Ав­тор фильма на протяжении всей ленты пытаются прикрыться солид­ным мнением как можно большего количества различного рода спе­циа­­листов –Шокаевидов. Перед зри­телями мелкают доморощенные исто­рики, журналисты, родственники, потомки белоэмигрантов и даже та­кой представитель антисоветизма, которому посчастливилось участвовать в похоронах СССР, как Эдвард Шеверд­надзе, впрочем настоящего пиара не получилось, по причине отсутствия в нем, действительно авторитетных персо­нажей и специалистов.»
Қадірлі оқырман қауым, мынау Михейдің Сергейі не деп кетті? Қазақтың аса көрнекті тарихшысы, алаштанушы, шоқайтанушы профессор Мәмбет Қойгелдиев бастаған бетке ұстар ғалымдары «көрермендердің алдында жылтыңдаған қолбала – тұрпайы тобыр» болып көрінгені ме? Ал, қанды қол большевиктер орнатқан қызыл террордың тамұқ мекені – Кеңестер одағына қарсы күрескендер, қызыл террор құрбандары ХХІ ғасырдың осы жылдарында тағы да «антисоветизм» айыбымен қаралануы керек пе? Одан да сорақысы, аса көрнекті грузин қайраткері Эдвард Шеверднадзені «СССР-ді жерлеуге қатысу бақытына ие болған антисоветшілдер өкілі» деп кекете масқаралағысы келгені еді.
Сергей Михеев, сонда сен өзі кімсің? Келмеске кеткен Кеңестер одағын жақтау­шы, қорғаушы неме болсаң мына біздің қасиетті, тәуелсіз қазақ мемлекетінде, оның азаматы болып қайдан жүрсің? Сен іздеп фильмнен кездестіре алмай қойған нағыз «авторитетных и влиятельных персонажей и специалистов» дегендерің кімдер еді? Әлде, қара ниет Ежов, Берия, Шәкібаев, В.А.Крючков, Андроповтардың, Горбачев пен Язовтың құбыжық елесін іздеп жүрген бейбақтың бірі боларсың.
Сергейді сергелдеңге түсірген ең басты бас ауру «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің халыққа, әсіресе, Қа­зақ­стан жастарына ететін қайдағы бір «кері» әсері болса керек. Ол былай деп көл­гірсиді: «Фильм для кого? Конечно же расчет делался на неискушенную в ис­торических тонкостях публику и прежде всего молодеж, которые в си­лу своей легковерностей и некри­тического доверия к пропаган­дист­ским материалам, польно мо­гут удов­летворится пока­занным и расска­занным на экране. На этот эффект и делается расчет совре­менными идеологами. Так в сознание молодого поколения входит искаженная порой до абсолютной не ло­гич­ности, история собственного на­рода».
Біз Сергейдің бықсық ойларын жар­на­малау үшін емес, парасатты оқыр­ман­дардың ойланып, толғануына, һәм арандатушы автордың түпкі мақсатын толық танып білуіне жағдай жасау үшін осылайша ұзақ үзінді беруге мәжбүр болдық. Біздің бүгінгі өскелең ұрпағымыз Сергей қорашсына сөз еткендей не болса соған сене салатын, ысылмаған бос белбеу, бошалаң, ашық ауыздар емес екенін сеніммен айта аламыз. Бүгінгі тәуелсіз қазақ елі өзінің 20 жылдық мерейлі тойын лайықты тойлау үшін тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық, мемлекеттік тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтыруға бұрмаланған, қараланған Алашорда тарихын қалпына келтіруге бар күшін салып жатқанда, біздің мемлекеттік идеологиямызды табандылықпен жүргізіп келе жатқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған идеология қызметкерлерінің жарқын істеріне көлеңке түсіргісі келетін Михеев сияқты арандатушылардың жымысқы әрекеттеріне дер кезінде тойтарыс беріп отыру қажет-ақ.
Михеевтер не деп міңгірлесе, міңгірлей берсін. «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмі үлкен жолға шығып қойды. Алда оны мәңгілік сапар күтіп тұр. Таяу арада Астанада, Көкшетау мен Қызылорда, Шымкент қалаларында «Тұсау кесер» салтанаты өтуі жоспарланып отыр. Михеев шошына алаңдағанындай одан әрі ұлан-байтақ қазақ жерін шарлап халқымен қауышпақшы. Сонымен бірге, мектеп пен жоғары оқу орындары шәкірттерінің көрнекі құралдары қатарына еніп, Қазақстан жастарының жүрегіне бұрмаланбаған, қараланудан мүлде құтылған нағыз Мұстафа Шоқай образы орнарына кәміл сенеміз.
Мен ендігі сөзді орыстың ұлы перзенті, езілген халықтардың шын жанашыры Петр Николаевич Чаадаевтың (1794-1856) сөзімен тиянақтағым келеді. П.Н.Чаадаев менің отандастарыма қарата «Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе – сауап» деп қатаң ескерту жасап тұрғандай. Ал, самодержавие мен тоталитарлық Кеңес өкіметін аңсаушыларға қарата «Өзіңді анық-танық көрмек үшін не істемек керек? Өзіңе өзгенің көзімен қарамақ керек» екенін ескерте келе Сергей Михеевтерге былай деп үн қатып тұрғандай. «…Сізге, сіздерге қояр сауалым бар. Біздің ақылмандар, абыздар, ойшылдар қайда? Біз үшін кезінде ойлағандар, біз үшін дәл қазір ойлап жүргендер қайда? Ой шоршиды – бір жағымыз Қытай, бір жағымыз – Германия, Батыс пен Шығысты тел еме тұра біз рухани табиғаттың терең бір тылсымдарын ашуға, тануға, игеруге керек едік. Бірақ, бұл рөл біздің пешенеге жазылмаған болып шықты. Ұлаң-ғайыр тарихтың тауқыметі мен тәжірибесі бізге зәредей әсер қылмаған болып шықты. Ықылымдар, ғасырлар, ұрпақтар легі біз үшін бос өткен болып шықты. Қайран қаласың: Біз ғалам үшін оңған бір, оңтайлы бір дәріс-сабақ бермеппіз. Адамзаттық идеяға, адам санасының прогресіне үлес қоспақ түгіл, сол прогрестің қайсы бір жемістерін, жеңістерін кемтар етіппіз. Қоғамдық аренада тірлік кешкелі бері біздің отанның топырағында бір де бір пайдалы ой бүршік жармапты, ешбір ақиық ақиқат бой көтермепті. Біз өзіміз ойға кенде болған соң, өзгелердің ойының сырт жалтылы мен шен-шекпенге құмар құштарлығын ғана алыппыз.
… Россия хақында ойға қалғанда, Россия – Руссия болғалы бері жеке адамның зорлығы мен зомбылығына құмбыл болған еді. … Россия бүкіл адамзат мойындайтын заңдарды, шарттарды, жарғыларды жұла тартып, бұра тартып, өзінің мұрат-мақсаттарына жұмсайды, әсіресе өзімен қапталдас-жапсарлас өзгелерге құлдықтың қамытын кигізуді мақсұт тұтады. Бұл орайда өзінің де, өзгелердің игілігі үшін де Россияны тізеге салған жөн, оған ізгілік пен ізеттің құбыласын нұсқаған жөн.»
Қадірлі оқырман қауым, бұған алып-қосарларыңыз болса, бірлікте ізденіп ақылға қонымды, пайдалы ойлармен бөлісуге дайынбыз.

Алдыңғы «
Келесі »