• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ғалым мінбері
  • >
  • Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері мәтінінің нұсқалық ерекшеліктері туралы

Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері мәтінінің нұсқалық ерекшеліктері туралы

  • 04.07.2016
  • 1055 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Абай – қазақ ақыл-ойының биіктігі, рухани әлемінің шексіз кеңістігі. Қазақтың Абайынан адамзаттың Абайы деңгейіне көтерілген ұлы тұлға еңбектерін жинақтап, жариялау, өзге жұрттарға шығармашылығын насихаттап, таныстыруға деген қазақ зиялыларының ізгі ұмтылысы Абайдың өзі өмірден өткен соң қарқын алғаны белгілі.

Осындай қарқынды қадамдар арқылы Абайдың ақындық, ойшылдық, қайраткерлік, сазгерлік тұлғасы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде-ақ танылып үлгерді. Бұл – ғылыми негізін заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов қалаған, бүгіндері қазақ әдебиеттану ғылымының іргелі саласына айналған Абайтану ғылы­мының қалыптаса бастаған тұсы еді. Бел­гілі абайтанушы, ф.ғ.д., профессор М. Мыр­захметұлы бұл туралы былай деп атап көрсетеді: «Абай қайтыс болғаннан кейін оның әдеби мұрасын, халықтық мұрасын халықтық тұрғыдан бағалап, қолдан келгенше аянбай әрекет еткен қалам қайраткерлері де болды. Бірақ, бұлар ақын мұрасын әр түрлі дәрежеде таныса да, ол дәуірдегі әдеби сынның толыспаған жағдайына байланысты, үлкен талап қоярлық дәрежеге көтеріле алмады. Олар ақын мұрасын қазақ тілінде шығатын баспасөз арқылы насихаттауды Абай қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай қолға алды. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан: Ә.Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ыс­қақов, С. Торайғыров, С. Әбішұлы сияқ­ты революцияға дейінгі қазақ қауы­мының қоғамдық ой-санасының демо­кратиялық-ағартушылық бағы­тын­­дағы интеллигенттер тобы еді» [1, 3]. 
Абай мұрасын баспа бетінде жариялап, оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға беріп, түркі әлеміне алғаш таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи (қазақша ныспысы: Омбы төңірегіндегі жауар қарауыл рулы, Әміреұлы Зейнелғабиден) болып табылады. Зейнелғабиден Әміреұлы 1881 жылы қазіргі Омбы облысы, Москален ауданы жеріндегі Саға атты ауылда өмірге келген. Ол – ірі діни ағартушы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер, қайраткер тұлға. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін тәмамдап, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы жеріндегі Сиыршы атты ауылда усул-жәдиттік үлгідегі мектеп ашқан. Белгілі қоғам қайраткерлері Смағұл Сәдуақасов, Хабиболла Әмрин, әйгілі ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, халық ұстазы Сабыр Мәліков қатарлы көрнекті шәкірттер туып шыққан мектеп небәрі төрт жыл халыққа қызмет еткен. Себебі, нағыз ұлтын сүйген азамат Зейнелғабиден Әміреұлы 1920 жылы өмірден өткен.
Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы – көлемі шағын болғанымен, ондағы сол кезеңдегі жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ келелі мәселелерді қоз­ғай отырып, өзіндік жол-жоба нұс­қаған, көтерген жүгі аса ауқымды, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған тағылымды еңбек болып табылады. Мұнда қазақ ортасындағы дін ахуалы, тіл тазалығы, шаруашылығы мен жергілікті басқарудағы өзгерістер, білім беруді ұйымдастыру, әдебиеттің деңгейін көтеріп, насихаттау, т.б. мәселелер қамтылған. Еңбек сол кездегі барша түркі халықтарына ортақ әдеби «түрки тілін­де» жазылғандықтан, қазіргі қазақ жазба әдеби тілінен өзгеше, әрі оқылуы да біршама қиындық тудыратындығын ес­керген жөн. Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақиясын» сол кездегі ресейлік түркі әлеміне ортақ «қойыртпақ» тілден гөрі, ауызекі қазақ тіліне икемделіп жазуға талпынған. Мұны автордың өзі сөзбасында арнайы айтып өтеді: «…әрбір адам оқып фаһымларлықтай нағыз қазақша кітаптар басылып шығара бастаса екен деп, қазақ ұранындай, қазақ атына бір кішкене ғана рисала жазып, қолдан келгенше қызмет етуді мойынға алмақшы болған едім. Рисалем қазақ атына жазылған соң көбірек орында қазақ шеуесінде алып, бәлки нағыз қазақ тілін естімеген татар ағайындарымызға да қазақ әдебиетінен фи алжәмлә нәмуна өрнек көрсету ниетімен қасіретімді білдіріп майдан етісерге қойдым»[2, 2]. Ресейлік түркі дүниесінде татар тілі мен әдебиеті басым, оқырманы да көп болғандықтан, баспа ісі де татар іскерлерінің қолында болғандықтан, қазақ арасына таралатын баспа өнімдерінде татарлық элемент басым болғандығы анық.
ХХ ғасырдың басындағы ауызекі қазақ тілі мен жазба әдеби тілдің әжептәуір айырмашылығы болғаны белгілі. Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың таза қазақ орфоэпиясына негізделген әліпбиді жасауының өзі қазақ сөзін басылым бетіне таза қалпында түсіріп, оқырманға түсінікті болдырудан туған өмірлік қажеттілік екендігін көреміз. Ал, «Насихат Қазақияны» осы жолдағы батыл қадамдардың бірі десек болады. Себебі, бұл жазба тілдің тым тіл шұбарлығына байланысты, медреседегі қазақ шәкірттерінің талабы күшейіп, татар шәкірттер мен мүдәристерімен айтыс-тартысқа дейін ушығып жатқан кез еді. 
1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген кітапша өткен ғасырдың алғашқы ширегінде оқырманға біршама танымал болғанға ұқсайды. Зейнелғабиден Әміреұлы тағдырдың жазуымен, өз ажалымен өмірден ерте өтіп кетсе де, отызыншы жылдардың қанды қақпаны, қатал сүзгісі оның артында қалған еңбегіне тұсау салғандықтан, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін зерттеуге тыйым салынған. Зейнелғабиден мұрасын қайтадан қолға алып халық игілігіне айналдыруға сүбелі үлес қосқан – ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Профессор М. Мырзахметұлы 1971 жылы «Насихат Қазақияны» кирилшеге түсіріп, жариялатады. 2005 жылы ғалымның бастамасымен қайтадан басылып шығады[3].
Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақиядағы» әдебиет жайлы ойларын тұжырымдай отырып, Абайдың және Сәдуақас Шормановтың өлеңдерін енгізеді. «Жаһұт қазақ әдебиеті» және «Тобықты Ыбырай марқұмның сөздерінен» аталатын топтаманы қазіргі күні Абай шығармалары жинақтарына жеке өлеңдер ретінде енгізіліп жүрген бірнеше туындысының біраз өзгешелікке ие нұсқасы деуге болады. Және де «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдері ақынның кейінгі жинақтарына белгісіз себептермен толық енгізілмегендігін көреміз. Мұны келешекте ескерерлік жағдай дей отырып, біз Зейнелғабиден Әміреұлы жинақтап бастырған Абай өлеңдеріндегі өлеңдер кейбір сөз қолданыстарына назар аудармақпыз және бұл ой Зейнелғабиден Әміреұлы мұраларын сақтап, жинақтаушы, әрі туысқаны, пед.ғ.д., профессор Тұрсынбек Сабырұлы Мәліковтың ұсынысымен, рұқсатымен «Насихат Қазақияны» кирилл қарпіне қайтадан оқып, түсіру барысында туындаған еді. 
Жалпы, кітапша мәтінін оқып, түсіру барысында алдыңғы зерттеушілердің жұмыстарымен салыстыра отырып, Абай өлеңдеріндегі кейбір сөздер мен сөз тіркестерін оқу барысында басқаша мағына ұсынып отырғандығымызды талқыға салуды да жөн көрдік. Соның бірі – «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңі Абайдың 2005 жылы жарық көрген 2 томдық толық жинағына енген. Осы жинақтағы өлеңдерге берген ғылыми түсінікте белгілі абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов: «…Өлең тексі алғаш Зейнелғабиден ибн Һәмре әл-Жауһар әл-Омскауидің (1881-1920) 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат қазахия» рисаласында (трактат) жарияланған. Онда: «Ғибрат айтып, ғылым, өнер іздеу хақында мәшһүр Ибраһим Құнанбаевтың бір сөзі (7-бет) деген ескертумен берілген. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің ой сарыны мен өлең өрнегі жағынан алғанда Абайдың 1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңіне жақын келеді. Тіпті, осы аталмыш өлеңнің бесінші шумағының екінші жолы:
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек, – деп берілсе, «Насихат Қаза­қиядағы» екінші шумақтың соңғы жолы:
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ , – деген жолмен ой жағынан да, сөз жағынан да үйлес шығып жатады. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің алғашқы шумағының үшінші жолындағы бір сөз толық анықталмағандықтан, оның орны нүктемен берілді (429-бет)» [4, 46], – деп атап көрсетеді.
Соңғы  кейбір  жинақтарда бұл жолда­ғы сөз «көруші» деп аударылып жүр. Профессор Мекемтас Мырзахметұлының бас­қаруымен әзірленген нұсқада «қайғы-шер» – деп оқылғанын көреміз. Жалпы, түсінікті болу үшін екі шумақты толықтай беріп отырмыз:
Жол көрмек, жоба білмек, жаһан кезбек, 
Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ. 
Тағдырын қайғы-шердің хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап. 
Ниетің түзу болса сенің аппақ, 
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп, 
Ғылым, өнер мал таппақ, жұртқа жақпақ [5, 63].
Біздіңше, жоғарыдағы екі мәтіннің оқылуында да жаңсақтық бар сияқты. Біз бұл сөзді құдайлық сипатқа меңзейтін «кө­руші» немесе қайғы-шер де емес, «қыр уә шәрнің» деген тіркес деп білеміз…
Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек, 
Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ. 
Тағдырын қыр уа шәрнің Хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап [2, 28]. 
Демек, әрбір ақылды азамат өз бойын­дағы жағымсыз әдеттерді, қасиет­терді жеңіп, өзінің сана-сезімін билей білетіндей ақыл иесі болуы керек. Қала мен даланың тынысын бірдей аңдарлықтай алымды, сол қала мен даладағы көшелі өнер иелерімен сұхбаттас, ниеттес болу – есті азаматтың қылығы деп тұрған жоқ па? «Уә» – қазіргі әдеби нормаланған тіліміздің бастауында тұрған ХХ ға­сыр­дың алғашқы ширегіндегі қа­лам­герлер шығармаларында жиі кез­десетін жалғаулық шылау. «Қыр» – географиялық бедерден өзге, шығыс қа­зақтары тілінде «дала» мағынасында да қолданылатыны белгілі. Шәр (шаһар) – кәдімгі батырлар жырындағы қолданыс екендігі аян. Абай өлеңдеріндегі қол­данысқа жат емес.  Сондай-ақ, екінші шу­мақтың бірінші жолындағы бұрын «сенің» сөзі «ісің» болып оқылуы тиіс деп білеміз. Себебі, өлеңнің өзі жеке бір адамға арналмағандығын ескерсек, «ниетің түзу болса сенің аппақ», – деп анайы мен­шіктегеннен гөрі «ісің» сөзі тұ­руы анағұрлым қонымды.  Ниеті түзу адамның істеген ісі де ақ болатыны өмірдегі аксиома емес пе?
Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінің қазіргі жинақтарда бас-аяғы 15 шумақ болса «Насихат Қа­зақиядағы» көлемі бес шумақ. Біздіңше, осының өзі де қисынды сияқты. Себебі, осы бес шумаққа «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап» деп басталып қосылатын өзге он шумақ ұйқастық, иірімдік құрылысы тұрғысынан алғанда сәл өзгеше. Алғашқы бес шумақ тәуелдік жалғауының үшінші жағы арқылы өріліп отырса, кейінгі он шумақ Абай өлеңдерінде аса жиі ұшырасатын –п, -ып, -іп көсемше арқылы жазылған. Он бес шумақтық өлеңдегі тақырып, мазмұн, идея жалпы алғанда тұтастыққа ие екендігін ескере отырып, мұны цикл өлең деуге болатын сияқты.
«Насихат Қазақияда» Абай өлеңде­рінің қазіргі күні баршаға таныс мәтіндердегі қолданыстарынан кейбір өзгеше тұстары да бар. Мысалы: 
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырған ер данасы [4, 47].
Өзге жинақтардағыдан айырма­шылық – өткен шақ формасында қол­да­нылып тұрғандығы, біздіңше аса селкеулік болып көрінбейтін сияқты.
Әуелі, аят-хадис – сөздің басы,
Мүнәжат уәлилердің зар-наласы [5, 63].
Осындағы «зар-наласы» «Насихат Қа­зақияда» «зарланасы» деп беріл­ген­дігін мұқияттай отырып, кирилшеге солай түсіруді жөн көрдік. Расында да, осы екі жол бойынша «зар-наланың» мағыналық тұрғыда аздап қонымсыз екенін аңғаруға болады. Аят-хадиспен, Аллаға мадақпен (мүнәжетпен) қосақ­тасып жүрген, ол қандай «зар-нала»? Хак дініміз исламның қасиетті аяты мен хадисінің, Аллаға мадағының қай жерінде нала бар? Ендеше, «зарлана», «зарлану» – аят пен хадисті түсіндіріп, Аллаға мадақ айтып насихат жүргізуші әулиелер мен пайғамбарлардың миссиясы емес пе? «Зарлана» дегеннің өзін көне қолданыс ретінде қарастыруға болатын сияқты.  
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы [4, 47] дейтін жолдар Зейнелғабиден Әмі­реұлы жинақтап бастыруында:
Өлеңге әркімнің бар тайталасы,
Сонда да олардың бар таңдамасы [5, 63], – түрінде берілген. Бұл турасында «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерінің мәтіндік қолданыстары туралы ғылыми мақаласында ф.ғ.к., профессор Зарқын Тайшыбай: «Талас дегеннен гөрі өлең, өнер – бәсеке, «тайталас» деп түсінсек, ойға қонымдырақ сияқты. Рас, бұл жолда бір буын артық тұр. Техникалық жағынан алғанда да «бар тайталасы» – бар таласынан олақтау. Дегенмен, Абайда мұндай буын санының бірлі-екілі артық-кемі бола беретінін білеміз. Абайдың өлеңдері ішкі ойға құрылатынын, кейде ұйқас жағынан кемшілік болып жататынын кезінде Ахмет Байтұрсынов та атап көрсеткен» [6, 85], – деген ой айтады. Расында да, өлеңге талаптанған ақындар бір-бірімен тақырыпқа таласпайды, керісінше, соны игеру үшін өзара тайталасқа түспей ме? Бұған Абайдың өз айналасындағы ақын шәкірттеріне бір тақырыпқа шығарма жазуды ұсыну арқылы, өзара бәсекеге түсіріп, кім мықтыны анықтап отыратын әдетін өнер тайталасының мысалы ретінде алуға болады. 
Абайтанушы зерттеушілер ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңі 1886 жылы жазылған деп біледі. Өлеңнің бірінші шумағы былай басталады:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы 
                сергек,
Ашуың – ащыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық, 
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?! [4, 48], – Зейнелғабиден Әміреұлының жина­ғында бұл шумақта біршама өзгешелік барлығына көз жеткізуге болады:
Қартайсаң, қайғы ойлайсың, ұйқың сергек,
Ашуың – ащыдай у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарға, 
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?! [2, 28].
Біздіңше, қаншалықты қалың қазақтың мұңын ойлап, ерте қартайып, жас адамға тән ұйқыдан айырылды дегенімізбен, Абайдың бұл өлеңді жазғанда қылшылдаған қырықтан жаңа ғана асқан кезі болатын. Сондықтан да, «қартайдық» дегеннен гөрі «қартайсаң» деп келер шақта жазғаны ойға қонымдырақ сияқты. Өзге нұсқаларда бұл шумақта бірінші жолда бірінші жақтан баяндай тұрып, екінші жолда екінші жақта көшсе, «Насихат Қазақияда» басқы шумақтың жолдарынан бастап, кейбір зерттеушілер жеке өлең ретінде қарастырып жүрген алғашқы үш шумақ түгелімен біркелкі, ырғақ, екпін, құрылыспен келер шаққа құрылған. «Сөзді ұғарғаны» «сөзді ұқтыруға» десек, алдыңғы нұсқада «сөзді ұғарлық адам жоқ» деп шорт қиғаннан қисынды емес пе? Сонымен қатар, «Насихат Қазақияны» кирилшеге түсіруге қатысты сәл түйткілді тұстардың бірі – осы шумақтағы екінші жолдың оқылуы дейміз. «Орхон» баспасында жарық көрген нұсқада бұл тармақ «ашуың ашытады, ойың кермек» деп берілген. Біз қолымыздағы бір ғасырдан астам уақыт жүзінде әріптері өшкін тартқан парақты жіті қарай отырып, бұл жолды жоғарыда көрсеткеніміздей, «ашуың – ащыдай у» деп түсіріп отырмыз. Былайша мағыналық жағынан алып қарасаңыз да, «ашуың ашытадыға» қарағанда, өзге кітаптардағы «ашыған у» мен мұндағы «ащыдай у» әлдеқайда мағыналы екендігі даусыз. Расымен де, «у» дегеннің өзі екібастан ащы, улы  зат емес пе? Бұл жерде ашудың у екенін айта отырып, оны ащыға теңеу орынды сияқты. 
«Насихат Қазақия» бойынша сөздері аздап өзгешелікке ие, жіті назар аударарлық шумақтың бірі мынадай:
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар  көлбек.
Харамдықтың асқаны бір күн тосар,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек [4, 47].
Зейнелғабиден Әміреұлының жинап бастыруында мұндағы «жаманның» орнына «надан» тұр. Ал, «қулық қылдым деп» тіркесі «қылам деп» деп берілген. Ұры «ұрлық қылдым» деп, қу «қулық қылдым» деп емес, соның іске асыру жолын аңдып, әр жерде көлбек қағып жүруі барынша сенімді, бейнелі сияқты. Осы шумақтың кейінгі екі жолы да «Насихат Қазақияда» біршама өзгеше берілген және мұны Абай өлеңінің Қараой, Омбы төңірегіне жеткен алғашқы нұсқасы ретінде қарастыру жөн болар. Қазіргі жинақтардан өзгешелігі мынада: 
Сырттан сықақ туысқан өршеленбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. (М.Мырзахметұлы нұсқасында бұл сөз «сыбырман» деп көшірілген).
Кейінгі нұсқаларда бұл жолдар былайша беріліп жүр:
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап, бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен, жаннан аспақ,
Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек? [4, 48].
Бұл жолдарда қазақы сайлаудың барысында әркім қажет болса, өз туысқанын сырттан өршелене сықақтап, оған қарсы жасырын сөз байласып, бөлек-бөлек топ жинайтын қылығы дәлме-дәл түсіп тұрғандай.
Абайдың қазіргі шығып жүрген жинақтарында әбден орныққан кейбір шумақтардың «насихат-қазақиялық» нұс­қаларына қарап, бастапқы нұсқаның қалай болғанын аңғару қиын емес және поэтикалық тұрғында еш кемшін соғып тұрған жоқ. Салыстырайық:
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар   көмек…
…Қолдан келе бере ме, жұрт  меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім  теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс  болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек [4, 47].
«Насихат-Қазақияда» бұл шумақтағы айтылар ой біршама күрделі де ауқым­дырақ болып келеді:
Өз ғайыбын аңдамай сөзін жөн деп,
Еліріп шайтан жағына болар кірмек.
Біреуге малы бар деп бектік бермек,
Үш жыл өтсе тағы да сайлау келмек.
Өнерлі би, үлгілі хандар қайда,
Тағы да тартып біреуге алып    бермек?!
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Харам мен халал арасын кім теңгермек?!
Мақтан үшін мал шашып болыс болып, 
Өзіне иттей қорлық сөз келтірмек [2, 28].
Мұндағы ерекше мән берерлік жағдай – Абайдың бізге белгілі өлең­дерінде ұшыраса бермейтін «өнерлі билер», «үлгілі хандар» тіркестері. Мұның өзі қазақ даласында ежелден қалыптасқан хандық биліктің, билер институтының орнын зорлықпен басқан патшалық биліктің әкімшіл-әміршіл басқару жүйесіне деген Абайдың сыни көзқарасын танытып тұрғандай. 
Қазіргі күнге дейін Абай өлеңдерінің толық жинағына енгізілмей жүрген, «Насихат Қазақиядағы» топтаманың «Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?!» деп басталатын үшінші бөлігінде де Абайдай ұлы ақынның қолтаңбасы, өзінің қарасөздері мен өлеңдерінде жиі ұшырасатын идеал тұтарлық «толық адамды» іздеу сарыны жатыр: 
Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?! 
Ар-намыс, ақыл-білім, сабыр, талап.
Асанқайғы сықылды адам болса,
Бір сөзін тыңдар едік мыңға балап [2, 29].
Абай шығармашылығында өзіне дейінгі ұлт зиялылары, Абайдың оларға деген көзқарасы жайлы мәлімет өте аз және оның да бізге жеткені «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау» екені белгілі. Кешегі соцреализм дәуірінде мұны сан-саққа жүгірте отырып, өзінен алдыңғы буын қазақ әдебиеті өкілдері мен Абай арасындағы дәстүр сабақтастығына қағылған сына ретінде пайдаланып келген болатын. Мұның Абайдың өзіне дейінгі қазақ өлеңін жаңа шығармашылық сапаға көтерушілігі тұрғысындағы сыни көзқарасы аясында түсінгіміз келгенімен, «шынымен де менсінбеушілік, тәкаппарлыққа жол беріп, ешкімді жаратпағаны ма?» деген ойдың да көлеңдейтіндігі, оған нақты тиянақ дәйектің аздығы да анық еді. «Насихат Қазақиядан» алынған жоғарыдағы шумақ мұндай күдікті сейілте отырып, Абайдың даналыққа толы Асанқайғыдай жыраулар поэзиясына құрметпен қарағандығына көзімізді жеткізеді.
Кезінде академик М.Әуезовтың өзі Абай шығармаларының мәтінін түзуде жүгінген Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегінің абайтану тарихындағы орны лайықты бағалануы тиіс. Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауда ерекше еңбек сіңірген Қазақстанның халық ағарту ісі үздігі Қоспан Тәшібаев: «Абайтану» дәрістерін университетте оқып жүрген академик Зәки Ахметовке айтқанымда, «бұл бір ойланарлық мәселе екен» деп қалды»[7, 63], – деп жазады. Абай өлеңдерін әдебиет теориясы тұрғысында жіліктеген айтулы ғалымның мезгілсіз өмірден өтуімен, бұл мәселе көлеңкеде қала берсе керек. Сондықтан да, Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» трактаттар жинағы мен өзге ХХ ғасыр басындағы БАҚ-тар бетінде жарық көрген өзге де еңбектерін іздестіріп, толықтап баспа бетіне ұсыну, «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерін келешекте жарық көретін жинақтарына қосу қажет деп білеміз.


Асылбек БАЙТАНҰЛЫ

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мырзахметов М. Абайтану тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994, – 192 б.
2. Зейнелғабиден бин әл-Хаж Әмре, әл-Жауари. Насихат Қазақия. – Уфа: «Шарқ», 1909  
3. Зейнелғабиден Әл-Жауһари Әл-Омс­кауи. Насиқат Қазақия. – Алматы: Орхон, 2009. – 48 б.
4. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығар­маларының екі томдық толық жинағы. Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005, 296 б.
5. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығар­маларының екі томдық толық жинағы. Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005, 336 б.
6. Тайшыбай З. «Насихат Қазақия» жина­ғындағы Абай өлеңдері. // «Жұлдыз», № 5, 2008 ж.
7. Тәшібаев Қ., Керейбаев Қ. Сиыршыдан шық­қан білімпаз. // «Көкшетау», 11 қаңтар,1994 ж. 

Алдыңғы «
Келесі »