ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ӘЛ-ФАРАБИДІ АШҚАН ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

  • 04.07.2016
  • 1401 рет оқылды
  • Пікір жоқ

(Әл-Машанидің туғанына  110 жыл  толуына  орай)

Кіріспе

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ара­лықтағы саналы ғұмырын қазақ хал­қының білім-ғылымына арнаған фарабитанушы, кен инженері, геология салаларынан алғаш қазақ тілінде оқулықтар жазған, қазақ ғы­лыми-фантастикалық шығармалардың не­гі­зін салушы, әл-Фараби мұрасынан Абай болмысының рухани сабақтастығын тап­қан Машанов (Машани, әл-Машани) Ақжан Жақсыбекұлының орны ерекше.

І. Есенберлиннің атақты «Қаһар» романында бір әріпі ғана өзгертіліп, ерекше құрметпен аталатын Масан би (Машан би) кезінде Арқадағы атақты аристократтармен дәмдес, достас болған ірі билердің бірі. Осы Машан бидің кенже ұлы Жақсыбектің шаңырағында 1906 жылдың 2 қарашасында дүниеге келген алтын айдарлы ұлдың бірегейі – әйгілі ғалым Ақжан әл-Машани. Ақжанның туған жері – Машан би әулетінің қыстауы. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының қазіргі Нұркен Әбдіров селолық округі орталығының шығысына қарай 10-12 шақырым қашықтықтағы «Кіші Қарақуыс» немесе «Жамантаудың Қарақуысы» деп аталатын жер [1; 6].
Атақты ғалым бір берген сұхбатында өзінің балалық шағын былайша еске алған: «Алдымен мен сізге айтар әңгімемді туған жерім Қарқаралыдан бастайын. Бір кезде Қарқаралы – қазақ даласының мәдени орталығы болған жер. Бұл жерде медреселер, орысша мектептер болды, Қарқаралының жанында, елу шақырым жерде Қоянды жәрмеңкесі  ашылды. Сол Қояндыға Сібірдің, бір жағы ішкі Ресейдің, мына жағынан Қытайдың саудагерлері болсын, байлары болсын, өнерпаздары болсын жылына бір келіп бас қосатын жері болды. Былайша айтқанда ол Қазақ даласындағы көрнекті жер болды… Бір сөзбен айтқанда, сол Қарқаралының қала болып, алғашқы қазақ зиялыларының қалыптасуына тікелей ықпал етті. Мысалы: «Алашорда» басшыларының бәрі сол Қарқаралыдан шығуы осыны дәлелдейді. Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтар сол жердің тумалары ғой. Ахмет Байтұрсын алғашқы мұғалімдік ісін Ақтеректе бастады, Міржақып Дулатов сынды «Алаш» көсемдерінің Қарқаралыға соқпай кетпегені жоқ. Сол кезде біздің әкеміздің сауатты болуы да менің білімге ұмтылысыма себептігін тигізді. Ә дегенде маған алғашқы хат танытқан да өз әкем еді. Кейін мені Құранды үйрену үшін ауыл молдаларына берді. Осы кезде Кеңес үкіметі келді. Ол кезде 8-9 жаста едім. Бұл 1915-1919 жылдар болатын. Сол кезде Қарқаралыға қызылдар келіп, ақтар қашқан аласапыран кез болды. Сол кезеңде 4 сыныптық ауылдық мектепті бітірдім…» [2; 10].
Тақты Машан би Абайдың әкесі Құ­нанбай қажымен жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосады екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі «Айқап», «Дала уалаяты» атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін Кеңес мектебінен үйренген.

Болашақ ұлы ғалымның жастық шағына  қатысты мәліметтер

Ақжан 1924 жылы қазақтың тұңғыш профессоры Әлімхан Ермеков ұйымдастырған Қарқаралыдағы педучилище (педтехникум) есігін ашқан. Мұнда әрі әдебиетші, әрі философ, әрі математик, Мәскеу университетінің профессоры Вячеслав Павлович Калтыпин, Үпідегі «Ғалия» медресесін бітірген Маннан Тұрғанбаев, математик Рахымбай Сапақов, тіл маманы Иманбек Тарабаев тәрізді білікті адамдар дәріс оқыды. Калтыпин шәкірттердің ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтетін «Ояну» («Пробуждение») тақырыбы бойынша, Тұрғанбаев Алаш арыс­тары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Жа­қып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев жайында әңгіме шертетін [3; 10]. Оқуының бірінші жылын аяқтаған соң ол «Саужой» («Сауатсыздықты жою») қоғамының мүшесі ретінде Абыралыға барып, бір жыл ересектерге сабақ береді. 1928 жылғы бүкілодақтық санаққа қатысады.
1929 жылы педтехникумды (педучи­лищені) үздік бітірген жас мұғалім Ақжан Машанов еңбек жолын бастау үшін жаңағы Абыралы ауданына жолдама алады. Алайда, бұл кезде аштық жайлаған елдің жағдайы қатты ауырлаған болатын. Ірі байлар әлдеқашан тәркіленіп, орташалар мен кедейлердің де мал-мүлкі тартып алынып жатқан еді. Жолсыздыққа ашынған ел аудан орталықтарындағы, колхоздардағы, коопе­ративтердегі қоймаларды тонап, көтеріліске шыға бастайды. Ақжан тарихта «Абыралы көтерілісі» деп аталатын қасіретті оқиғаның тірі куәгері болады. Абыралы көтерілісі – 1931 жылғы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауданы шаруаларының Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру, мемлекетке мал тапсыру саясатына қарсы бас көтеруі. Ауданнан шыққан коммунарлар отрядын (20 адам) тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнінде талап қойған көтерілісшілер елден тартып алынған мал мен астықты халыққа қайтарып бергізді. Бірақ, Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдеріне төтеп бере алмай жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің көпшілігі қаза тапты. Көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбаев және басқалары тұтқынға алынды. 1931 жылы күзде Абыралы көтерілісіне қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды [4; 10]. Зұлмат дауылына ұшыраған ауылдарды көріп, жас Ақжан көп ой түйді.
Отызыншы жылдардың басында ол Семейдің облыстық оқу бөлімінде, панасыз балалар бөлімінің нұсқаушысы қызметінде болады. Абыралы көтері­лісінен соң әке-шешесі айдалып кеткен тұлдыр жетімдерді жинап әкеліп, жуындырып, Жаңа Семейдегі бұрынғы Алаш өкіметі орналасқан үйде олардың қолдарына бір үзім қара нан ұстатады. Сол кездегі аштықтан жағы қарысып қалған балалар оның ғұмыр бойы көз алдынан кеткен емес. Сондай қиын-қыстау күндердің бірінде ұстазы Маннан Тұрғанбаев Ақжанға инженерлік оқуға бар дейді. Бұл 1933 жылдың бас кезі екен. Орысшасы нан сұраудан әрі аса алмайтын Ақжан Қазақтың кен-металлургия институтының даярлық курсына барып жазылады. Егер де, дарынды жас жігіт 1934 жылы осы институттың студенті болмағанда, оның 1943 жылдан бері өмірлік, азаматтық биік мақсатына, рухани азығына айналған. әл-Фараби есімін есту-естімеуі неғайбыл еді.

Машанидің ғылымдағы және әдебиеттегі өнегелі, ғибратты 
жолы мен істері

Кеңестік кезеңде қазақ ғылымының әлемдік деңгейде дамуына үлес қосқан ғалымдар шоғыры болды. Солардың бірі – Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани. Ол негізінен геолог болатын. 1939 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтын үздік бітіргеннен кейін ғылым жолына түсті. Зерделі маманды профессор П.А. Рыжов аспирантураға алып қалды. Ақжан ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын өзек етіп алды. Бұл екінің бірінің тісі бата бермейтін тың тақырып еді. Кертартпа ғалымдар ғылыми жаңалыққа күдікпен қарады. Алайда, Ақаңның диссер­тациясындағы кен орындарын зерттеудің жаңа әдісі Қазақстанның көптеген кен орындарында байқаудан өтті. 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын басқарып жүрген аспирант Ақжан осы жаңа әдіс негізінде Ақбастау-Құсмұрын алтын кен орнын ашты. Сөйтіп, кендердің жер қойнауында түзілу заңдылықтарын ашуда алғаш рет жер қойнауы геометриясының әдістерін қолдануы геология мен тау-кен салаларында ғылыми жаңалық болды.
Әл-Машани 1939-1943 жылдары кен-ме­таллургия институтының аспиран­тура­сындағы оқуды одақтық ғылы­ми акаде­мияның қазақстандық филиалын­да кіші ғылыми қызметкерлігімен ұштастырды. 1944 жылы жас ғалым «Торғай сүрме кенінің құрылымы» тақырыбында кан­дидаттық диссертациясын қорғады. 1946 жылы Ақжан Жақсыбекұлы Мәскеу қаласында «Кендер құрылымы жер қой­науын геометрлеу әдістерімен зерттеу» тақырыбына докторлық диссертация қор­ғады. Ғылыми жұмыс үш мамандықтың (геология, механика және тау-кен ісі) түйісінде жүзеге асқан болатын. Сөйтіп, үш ғылым саласының түйісуі арқасында тау-кен ісінде жаңа ғылыми бағыт – «геомеханика» – дүниеге келді. А. Машанов жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың өрісі кеңейіп, жас ғалымдар саны көбейе түсті. Геомеханикалық зерттеулерді жүргізуде, Ақжан Жақсыбекұлы – ең алдымен, кен орнының табиғи геологиялық жағдайын және қатты денелер механикасы мен физикасының негіздерін зерделеу арқылы адамзаттың инженерлік қызметінің нәтижесінде пайда болған жасанды ортаның геоло­гиялық, кернеулі жай-күйін білуге және ашылған тау жыныстарының әр­түрлі тереңдіктеріндегі физикалық-механикалық қасиеттерін анықтауға басты көңіл аударды десек, ол КСРО-дағы геомеханика ғылымының негізін салушылардың бірі және Қазақстандағы геоме­ханика мектебінің іргетасын қа­лаушы.
Ақжан Жақсыбекұлы – Қазақстан Ғы­лым академиясын құрушылардың бірі және оның мүше-корреспонденті атағына ие болды. А. Машановтың геология, геомеханика саласындағы ғылыми еңбектері, көп жылдардағы далалық, өндірістік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бүгінде еліміздің жоғарғы оқу орындарының тау-кен мамандықтарына геомеханиканы жаңа ғылыми пән ретінде оқу үрдісіне енгізуіне негіз болды. Ол тау-кен саласындағы ға­лымдар ішінде алғашқысы болып «Геомеханика» пәнінің мақсаты мен мазмұнын тұжырымдады [5; 3]. Әл-Машани көптеген ғылыми кітаптар жазды. Ол 350-ден ас­там ғылыми жарияланымның, оның ішін­де бірнеше монографиялардың, оқу құралдарының (мысалы, «Жер сілкінісі», 1949; «Жер құрылымы», 1949; «Механика массива горных пород», 1961; «Кристаллография, минералогия және петрография», 1969; «Космология әл-Фараби», 1971; Основы горной механики, 1972; «Основы геомеханики скально-трещиноватых пород», 1985; «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым», 2004) авторы.
Бір айта кететін жәйт, оның еңбектері «Маркшейдерлік іс» ілімнің отаны Германияда неміс тілінде жарық көрді. Бұл оның ғылыми мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуы еді. Ақжан Жақсыбекұлы геометрия, оптика, механика, химия, геохимия, география, геология, технология пәндерінің сабақтастығын анықтау кезінде біртұтас геомеханика заңдылығын ашып, қағидасын тұжырымдады. Геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемлекеттік тілде дамуына ерекше көңіл бөлді [6; 145-146].
Қазақстанның алғашқы техника сала­сындағы интеллигенттерінің алдында ғылым мен техниканың жалпы мәселе­лерімен қатар, ұлттық инженерлік-техни­калық әдебиеттер жазу қажеттігі тұрды. Сол кездері А. Машанов тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін, жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде көптеген оқулықтар даярлады. Мәселен, «Кристаллография, минералогия және петрография» атты кітабы соңғы ғасырдағы алғашқы және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді.
А. Машанов – қазақ әдебиетінің балауса жанрлары – ғылыми-көпшілік әдебиет және фантастиканың негізін қалып­тастырушы. Әл-Машани ХХ ғасырдың екінші жартысында ғылыми-публицистика әлемінің босағасын «Жер астына саяхат» кітабымен аттады. Автор оның жанрын «Ғылыми-фантастикалық әңгімелер» деп белгілегенмен, оны құнттап, зерттей оқып шыққан адам оның басым бөлігі геологияның, Жер мен космостың ара қатынасын, халық ауыз әдебиетіндегі кейбір сюжеттердің аспан денелерімен байланыстылығын қы­зықты хикаядай шежірелейтін ғылыми публицистика сарынымен жазылғанын ажырата алады. Ғалымның көзі тірісінде жарық көрген соңғы дүниесі «Ай арысы» – Ғылым жаңалықтары» кітабы. Мұнда, негізінде, коммунистік атеизм қаншама жылдар бұғау салып келген алхимия, астрология секілді ғылым салалары жөніндегі оңды көзқарастар қайта жаңғыртылған.

Әл-Машанидің ғылыми ғұмырындағы биік белес – оның әл-Фарабиді туған халқымен қауыштыруы 

Ақжан Машани саналы ғалымдық, қайраткерлік һәм азаматтық ғұмырының қырық жылдай уақытын «әл-Фараби кім, қай елдің тумасы?» деген сұрақтарға жауабын іздеуге, іздеп қана қоймай, соны жеріне жеткізе ізерлеуге арнады. Сол қажырлы ізерлеу арқылы ол әлем әлеуметіне он ғасыр бойы Шығыстың Аристотелі, Екінші ұстаз атағымен мәшһүр болып келген ғұламаның Фа­раб-Отырар жерінде кіндік қаны тамған қыпшақ-қазақ перзенті екендігін дәлел­деді. Әл-Фарабидің бүгінгі сан-са­лалы ғылымдардың бастауында тұрған ұлы ойшыл екендігін айғақтай келіп, фара­битанудың абызы атанды.
1958-1960 жылдары Ақжан Жақсы­бекұлының қолында әл-Фарабидің оншақты шығармасы және оны зерттеушілердің дүниелері жинақталды. Осы деректерге сүйене отырып, А. Машани Фарабидің Отырардан шыққан қазақ перзенті екендігін 1961 жылы ҚР ҰҒА «Хабаршысының» № 5 санында (105-106-беттер) шыққан «Әл-Фараби мұрасы туралы» деген мақа­ласында бұлтартпас дәлелдермен жариялады. Әлемдегі «Екінші ұстаздың» қазақ екендігін дүниежүзіне ресми мойындатқан құжат осылайша туды. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының № 1 санында ғылым үйрену үшін не қажеттігі туралы 9 трактаты жарияланған әл-Фараби бабамыз тұңғыш рет қазақша, туған халқының тілінде сөйледі. Ол трактаттарға алғысөз бен арнайы мақаланы А. Машани жазған еді. Бірақ, сол кездегі коммунистік партия басшылары оны елемейтіндей сыңай танытқан-ды. Академик Д. Кішібеков көр­сет­кендей [7; 12], бір жылдары Ақжан Машановтың шет елдерге шығуына рұқсат берілмейтін, ол тиым салынғандар қатарына жататын. Дегенмен, Д.А. Қонаевтың тікелей қолдауымен оған Таяу Шығысқа турист болып баруына мүмкіндік жасалды. Содан, Ақжан Жақсыбекұлы Дамаск (Сирия) маңындағы тарихи қорымдарды аралап, ақырында әл-Фараби қабірін тауып, баба рухына арнап Құран оқып, қайтарында елге бір уыс топырағын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Ғылым акаде­мия­сының Президенті Ш.Е. Есеновтің тікелей қолдауымен шет елдерден әл-Фара­би еңбектерін алдыртып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудартып, бабамыздың фило­со­фиялық, логи­калық, саяси-әлеу­меттік, математикалық, жара­тылыстық, музы­калық трактаттары жеке-жеке кітап болып, екі тілде басылып жарық көруіне бас-көз болды. Академияда «Әл-Фараби» туындыларын зерттеу бөлімінің ашылуына себепкер болды. 1971 жылы Мәскеуде өткен ЮНЕСКО-ның әл-Фарабиге арналған симпозиумінде А. Машани бастаған қазақ ғалымдарының күш салуымен Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын Қазақстанда тойлауға шешім қабылданған еді. Сөйтіп, дүниежүзілік «Екінші Аристотель» аталған әл-Фарабиге арналған ғылыми форум 1975 жылы 8-13 қыркүйекте Мәскеуде басталып, Алматыда аяқталған болатын. Осы кезеңде А. Машани әл-Фараби мұраларын игеруге арналған көптеген ғылыми еңбектер жариялап үлгерді. Оның 5-еуі жеке кітап, монография болатын. Мұның ішінде «Фараби» (1970) тарихи романы да бар еді. Бұл қазақ әдебиетінде әлемдік «Екінші ұстаздың» көркем бейнесін сомдаған тұңғыш шығарма болатын. Сол уақыттағы КСРО үкіметі әуелі Мәскеуде басталған конференцияны Алматыда жалғастыруға мәжбүр бола тұрып, сол жиында қабылданған шешімдердің бірде-бірін орындамай, баба мұрасын қитұрқылықпен Өзбекстанға қарай ысыру саясатын ұстанған-ды. Бұған қоса, осынау мәртебелі халық­аралық конференция қарсаңында А. Машанидің 1973 жылы жазылған «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» атты пайымдық іргелі монографиясы да шығарылмады. Оған зерттеуде әл-Фара­бидің Құдайға сенетіндігі айтылған деген айып тағылды. Ұлы бабамыздың ғылыми өмірбаяны іспеттес осы зерттеу араға 30 жыл салып барып баспа жүзін көрді [8; 16]. Ақжан Жақсыбекұлы соңғы демі таусылғанша әл-Фараби мұрасын зерттеп, ғылыми өмір тарихын жасауда теңдесі жоқ мұра қалдырды. Қазақтың дүниетанымдық пайымдауларын сабақтастыра отырып, фарабитану методологиясының ғылыми-ислами негізінің бағдарламасын жасады.
Тұжырымдай айтсақ, Ақжан Машани фарабитанудың кілтін беріп қана қойған жоқ. Ойлы ғалым қазақ даналығының керегесін он ғасырға кеңейткен әрі абайтанудың ренессанстық бағытын айқындаған «Әл-Фараби және Абай» зерттеуін (1994) кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп қалдырған. Бұл еңбегінде Ақжан Жақсыбекұлы Абай дү­ние­танымын, ғылымның бастауы орта ғасырлық, араб, шығыс елдерінде жатқан­дығын; оның көш бастаушысы ұлы бабамыз әл-Фараби болғандығын; сөйтіп, екі дананың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған; сонау мың жылдан астам уақыт өткен Әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын, парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген.
Даңқты ғалымның Абай атамыздың 150-жылдық мерейтойы тұсында жазылған «Әл-Фараби және Абай» атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мыңжылдық мәдени тарихының үндестігін зерделеген еңбек.

Түйін

Профессор Е. Төлеубаев «Ақжан Машани және қазақ дүниетанымы» атты мақаласында: «Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесінің ең негізгі ғылыми құндылығы қазандық екені белгілі. Сол қазанды қайтарып алуға да Ақаң үлкен үлес қосты. Сол кездегі Ленинградтағы Эрмитаж ұжымына хат жазысып, оны орнына қайтаруға көмектесті. Ол былай деп жазды: «Как известно гелиоцентрическая система отсчета является интернациональной, а реоцентрическая сис­тема квазинерциональной. Открытие и понимание этих двух систем имело и имеет в науке исключительно большое мировое и мировоззренческое значение. Наглядным экспериментальным методом этого факта является способ подвешивания тяжелого шара на длинную нить и предоставление ему возможности свободного качания в любом направлении. В науке опыт известен как маятник Фуко… Такой маятник установлен под куполом Иссакиевского собора в Ленинграде. Под главным куполом мавзолея Ахмеда Ясави так же был такой маятник. Под этим маятником помещался котел, установленный с ориентацией по странам света соответственно зодиакальными орнаментами края котла… Если будет установлен этот котел на свое прежнее место и будет налажено маятниковое устройство, то это будет иметь громадное познавательное, притягательное значение». Сол кездегі Мәдениет министрі П. Демичевке де хат жолдап, қазанның бұрынғы тұрған жеріне қайтарылуына зор септігін тигізді» [9; 3], – деп жазады. 
Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында әл-Машани қаққан дабылдан кейін Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесіне, Отырар, Арыстанбаб тарихи қорымына мемлекет тарапынан көп көңіл аударыла бастады. 1985 жылы ғалымның өзі Түркістанға барып Отырар мұражайының ашылуына атсалысты. Ол Қазақстан Республикасы мен шет елдердегі әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқы ғылыми кеңесшісі болды. Ақаң хақында мына шындықты айтпай кетуге болмас. Ол 85-ке келгенше қызметінен қол үзбеді. Ізденісін үзген жоқ. Ол заманда «не пенсия ал, не жұмыс істе» дейтін өзгермейтін заң болатын. «Пенсия алмаймын, жұмыс істеймін» деп Ақаң жұмысын жалғастыра берді. 85-інде ғана зейнеткерлікке шықты. Бес-ақ жыл зейнетақы алып, 1997 жылы қайтыс болды. Жалпы, әл-Машани отыз шақты ғылым кандидаттарын, он шақты ғылым докторларын дайындады.
Әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми-педагогикалық қыз­метін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет гра­мота­ларымен марапатталды. Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы Жаратылыс­тану гуманитарлық институтына Ақжан әл-Машани есімі берілді. Әл-Машани барлық ғылымдардың басын біріктіруші – ислам дініне, мұсылманшылыққа, ислам философиясына ден қойған ойшыл ғалым. Ол ғылым мен ислам діні байланысының сырын ашты, «екеуін бірінен-бірін айыруға болмайтынын» дәлелдеп кетті.
Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің – республика ғылымын дамытуға қосқан үлесі, әлемдегі түркі халықтары және ислам дініндегі елдерде өзіндік орын алған ғұламалығы ескеріліп, Қазақстан тәуелсіздік алғалы ЮНЕСКО шеңберінде мерейтойы өткізілген жетінші тұлға.

Рашит ӘЛ-КАРЕНИ (КАРЕНОВ),
               экономика ғылымдарының 
               докторы, профессор

Пайдаланылған Әдебиеттер:

1. Әлиман Ж. Алаштың әл-Машаниы // «Орталық Қазақстан», 28 наурыз 2015 жыл, 6-бет. 
2. Әбдіраман Ш. Естен кетпес бір сұхбат (ғұлама ғалым Ақжан Машанидің қоңыр үні әлі күнге дейін құлағымда тұрғандай) // «Түркістан», 5 сәуір 2007 жыл, 10-бет. 
3. Ләмбекұлы С. Ақжанның арашасы // «Орталық Қазақстан», 20 қаңтар 2005 жыл, 10-бет. 
4. Қазақстан тарихы. Энцикло­педия­лық анықтамалық. – Алматы: ЖШС «Аруна Ltd.» 2006. – 768 бет. 
5. Нұрпейісова М., Төлеуов Б. Ғұлама // «Егемен Қазақстан», 1 қараша 2006 жыл, 3-бет.
6. Қазақстан ғылымы: Энциклопедия. Том 2 / Бас редакторы Б. Ө. Жақып. – Алматы: ЖШС «Қазақ энциклопедиясы» 2010. – 544 бет. 
7. Кішібеков Д. Әулиедей адам еді // «Қазақ әдебиеті», № 17-18 (3443), 8 мамыр 2015 жыл, 12-бет. 
8. Аманжол Қ. Ізашар // «Егемен Қазақстан», 21 қараша 2012 жыл, 6-бет. 
9. Төлеубаев Е. Ақжан Машани және қазақ дүниетанымы // «Орталық Қазақстан», 15 маусым 2006 жыл, 3-бет. 

Алдыңғы «
Келесі »