Қазақстан және Еуразиядағы төрт трансформация

  • 10.06.2016
  • 543 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақында қазақстандық парламенттік делегация «Азия және әлем – ортақ мүмкіндіктер, ортақ өркендеу» тақырыбымен өткен екінші Сингапур форумына қатысқан болатын. Форумның ашылуында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі баяндама жасады. Еуразия болашағына назар аудартқан Қ.Тоқаевтың осы жан-жақты баяндамасын біз толықтай беріп отырмыз. 

Географиялық тұрғыдан әрі Азияда, әрі Еуропада орналасқандықтан, Қазақстан өзін еуразиялық мемлекет деп атайды. Сондықтан, Сіздердің назарларыңызды еуразиялық болашақ мәселелеріне аударғым келеді.  
Еуразия қазіргі заманғы әлемнің арқауы бола отырып, бүкіл әлемге терең әсер етпей қоймайтын түбегейлі өзгерістерге тап болуда. Осы орайда, негізгі төрт трансформацияны атап өту қажет.  Біріншіден, біз Ресейдегі теңдесі жоқ трансформацияны көріп отырмыз, ал Қазақстанның Ресеймен шекарасы әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады. Ресейдің жаңа геосаяси ұстанымы жаһандық ахуалдағы өзгерістерден туындап отыр. Батыстың жариялаған санкциялары Ресей экономикасына теріс әсерін тигізіп, Ресей мен Батыстың, ең алдымен Ресей мен АҚШ арасындағы қатынастардың шиеленісуіне алып келді. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, ахуал қырғи-қабақ соғыс жағдайына дейін кері шегінді.  Сондықтан, қазір Ресей өзінің сыртқы саяси күш-жігерін, негізінен, Азия жаққа, әсіресе, Қытайға бағыттап отыр. Ресей-Қытай қатынастары экономика саласында ғана емес, сыртқы саясатта да бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуде. Екі ядролық алып мемлекеттің негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары іс жүзінде бірдей деуге болады, оған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі дауыс беру қорытындылары дәлел. Ядролық соғыстың сәл-ақ алдында тұрған кезеңдегі кеңес-қытай текетіресінің зардаптарын ескерер болсақ, осыдан отыз жыл бұрын мұндай жағдайға ешкім сенбес еді.  
Ресей мен Қытайдың стратегиялық әріптестігі әлемде сапалық тұрғыдан жаңа ахуал қалыптастыруда. Оның үстіне, Мәскеудің тікелей қатысуынсыз қазіргі заманда бір де бір түйінді мәселе, мейлі Украина болсын, мейлі Сирия болсын, тіпті, халықаралық терроризм немесе ядролық қаруды таратпау мәселесі болсын, өз шешімін таппайды. Ресей Сирияға өз әскерін жіберу арқылы стратегиялық ұстанымын күшейте түсті.  Дегенмен, Ресей мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына қарамастан, жаңа блоктың пайда болғаны туралы айтқанымыз дұрыс болмас еді. Екі елдің де өзінің стратегиялық мүдделері бар, әрине, олар Батыспен және Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықтың маңыздылығын жақсы түсінеді. Бұл жерде жаһандық күн тәртібінің неғұрлым өзекті мәселелері бойынша АҚШ-пен өзара түсіністікке келу жолдарын іздестіру жайын сөз еткен жөн, мұндай жағдай барша әлемдік қоғамдастықтың мүдделерімен тоғысады. АҚШ-тың  Мемлекеттік хатшысының Мәс­кеуге сапарының нәтижесі осындай үрдістің бар екенін растайды. Жалпы, Қазақстан ха­лықаралық қатынастардағы блоктық ұс­танымға қарсы, біз күрделі мәселелерді бір­лесіп шешу қажет деп санаймыз. Қазақстан үшін Ресеймен стратегиялық әріптестік және одақтастық қарым-қатынастар аса маңызды мәнге ие. Екі ел арасындағы қатынастар барлық салаларда ілгерілей түсуде. Сонымен қатар, АҚШ еліміздің экономикасына, атап айтқанда, энергетика секторына инвестиция салушы негізгі ел болып табылады. Қытай да Қазақстанның маңызды әріптесі болып отыр: ТМД елдеріне салынған 27 миллиард долларды құрайтын қытай инвестицияларының 23 миллиарды Қазақстанға тиесілі.  
Екіншіден, Еуразиядағы ауқымды өзгерістер жайлы айта келе, Қытайдың елеулі трансформациясын да атап өткен жөн. Әлемде екінші орынды иеленген Қытай экономикасы өсуін жалғастырғанымен, қарқыны бәсеңдеген. Бейжің өз экономикасының «қызып кетуін» болдырмауға тырысып, осы мақсатта ішкі тұтынуды ынталандыруда, инновациялық әлеуетін арттырып, өңірлік ынтымақтастық тұрғысынан: «Бір белдеу – Бір жол», Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, «Азия-Тынық мұхиты еркін сауда аймағы», Шанхай ынтымақтастық ұйымының еркін сауда аймағы сияқты ірі жобаларды ұсынып отыр. Қытай ескірген, экологиялық тұрғыдан зиянды өндіріс қуаттарынан бас тартып, технологиялық державаға айналу мақсатын алдына қойып отыр. Оның бұл стратегиялық жоспарды іске асыруға қауқарлы екені де сезіледі.  Бейжің белсенді жаһандық ойыншыға айналды. Қытайдың Орталық Азиядағы рөлінің едәуір жанданғаны байқалады. Оның саясаты бүгінгі таңда басқа ешбір мемлекет ұсына алмайтын қомақты қаражатымен нығая түскен. Төраға Си Цзиньпин «Бір белдеу – Бір жол» жобасын  Азия экономикасының дамуына тың серпін беруге қабілетті басты сауда-инвестициялық тетікке айналдыру туралы Қытайдың ниеті жөнінде мәлімдеді.   
АҚШ-тың Транстынық мұхиты әріптестігі туралы тұжырымдамасымен Азияда әрекет етуі сияқты Қытайдың да саяси және іскерлік белсенділігінің арта түсуі геосаяси мұрат-мүдделер туралы және теңіздегі аумақтық мәселелерді қоса  алғанда, осы екі алыптың жаңа сипаттағы бәсекелестігі туралы дақпырт әңгімелерді туғызуда. Алайда, бәсекелестіктен бөлек, Қытай мен АҚШ – өңірлік дамуға оң ықпал ете алатын айтарлықтай әлеуеті бар елдер. Әлемдік саясаттағы Орталық Азияның рөлі ұдайы арта түсуде. Орасан зор табиғи ресурстарының болуына және қауіпті аумақтарға, атап айтқанда, Ауғанстанға жақын орналасуына байланысты бұл өңір Еуразия құрлығының өзегіне айналуда. Орталық Азияда аса ірі державалардың мүдделері тоғысып отыр. Егер осыдан 20 жыл бұрын онда АҚШ-тың белсенділігі басым болса, соңғы бес жылда Ресей мен Қытайдың позициялары едәуір күшейе түсті.   Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Еуразиялық Экономикалық Одақты, Жібек жолы экономикалық белдеуін және Еуропалық Одақты                        21-ші ғасырдың бірыңғай интеграциялық жобасына біріктіретін Ауқымды ашық Еуразия идеясын ұсынды. Ағымдағы жылдың мамыр айында Астанада өтетін экономикалық форумның аясында осы идея кеңінен талқыланады деп күтілуде. 
Үшіншіден, ірі трансформация Еу­ро­палық Одақта орын алып отыр. Қатыгездікпен жасалған лаңкестік шабуылдар сериясы, тарихта бұрын-соңды болмаған көші-қон дағдарысы, қаржылық түйткілдер, Еуропалық Одаққа мүшелікке қатысты Ұлыбританияның күмәндануы сияқты оқиға­лардың барлығы дерлік Еуропаның бұдан әрі бұрынғыдай бола алмайтыны, кәрі құрлықтың жойқын апат (катаклизм) дәуіріне аяқ басқаны жайлы еріксіз қорытынды жасауға итермелейді. Алайда, Еуропалық Одақтың әлеуетін жете бағаламауға да болмайды; бірлестік бұл қиындықтарды еңсере алады, өйткені  өз мүшелері мен басқа елдер үшін одақ әлі де тартымды болып отыр және институционалдық жетілдіруді жалғастыруда.   
Еуропалық Одақ Қазақстан үшін аса ірі сауда және инвестициялық әріптес болып табылады. Осыдан үш ай бұрын біз ЕО-мен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Бұл жаңа негіздемелік құжат өзара қарым-қатынастың кең ауқымын қамти отырып,  стратегиялық болашаққа арналған. Әрине, ЕО-ға кіру біздің жоспарымызда жоқ, біздің саясат прагматикалық сипатта. Үш күн бұрын Қазақстан Президенті Брюссельде болып, ЕО-ның жоғары басшылығымен кездесулер өткізді.
Төртіншіден, Келеңсіз сипаттағы трансформация Таяу Шығыста да орын алуда. Сириядағы, Ливиядағы және Йемендегі бейберекеттік бес жыл бойы созылып келеді. Тарихтағы аса ірі террористік интернационал «Ислам мемлекеті» деген атпен қалыптасып, нығая түсуде.  Діни экстремизм Таяу Шығысқа ғана емес, әлемнің көптеген өңірлеріне тән өзекті мәселеге айналды. Өкінішке қарай, бұл құбылыс жаһандық ауқымға шығып отыр. Тер­роризммен  күрес әлеуеттік әрі идеологиялық сипаттағы жұмылдырылған шараларды талап етеді. Халықаралық терроризм бүкіләлемдік ахуалды тұрақсыздандыра алады. Сондықтан барлық мүдделі елдер үшін бұл мәселе басты на­зарда   болуы  қажет. БҰҰ-ның жетек­шілігімен Терроризмге қарсы іс-қимылдың бүкіләлемдік желісін құру керек. Бұл зұлмат қазіргі әлем үшін күнделікті «қалыпты жағ­дайға» айналмауы тиіс.
Қазақстан әлемнің саяси және діни қайраткерлеріне қазіргі заманғы ең өзекті мәселелер, ең алдымен экстремистік және террористік қатерге қарсы іс-қимыл жөніндегі диалогке арналған инклюзивті платформа ұсынып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бастамашысы болып табылады. Діни экстремизмнің зұлымдығын түсіндіруге діни қайраткерлердің лайықты атсалысуын қамтамасыз етудің маңызы зор. 
31 мамырда Астанада әртүрлі елдердің парламентшілері мен барлық әлемдік дін өкілдерінің қатысуымен «Діндер терроризмге қарсы» тақырыбында конференция өткізілмек.  
Біздің көзқарасымызша, Иранның оқшау­лаудан шығуы өңірлік ынтымақтастықтың жағымды факторына айналуда. Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздерде жетістікке жетуге қомақты үлес қосты. Біздің елде келіссөздердің екі кезеңі өтіп, олардың қорытындылары Иранның ядролық бағдарламасы бойынша        Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын дайындау кезінде ескерілді. «Алтылық тобымен», Иранмен, МАГАТЭ-мен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен үйлесімді әрекет ете отырып, Қазақстан 2015 жылғы                      27 желтоқсанда Иранға осы елден шығарылған төмен байытылған уранның өтемі ретінде 60 тонна табиғи уран берді. Бұған қоса, Қазақстанда МАГАТЭ аясында бейбіт атом бағдарламаларын дамытумен айналысатын мемлекеттер үшін Төмен байытылған уран банкі құрылды. 
1 сәуірде Қазақстан Президенті Вашинг­тонда ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Біздің еліміз толық ядролық қарусыздануды үзілді-кесілді жақтаушы мем­лекет болып табылады. Осыдан 25 жыл бұ­рын, Кеңес Одағы кезінде Президент Н. Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды, одан кейін Қазақстан КСРО-дан мұраға қалған, әлемде төртінші орындағы ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартты. Бұл − әлемдік қарусыздану тәжірибесіндегі бірегей жағдай. Сондықтан, Қазақстанның қарусыздану мәселесі бойынша, атап айтқанда Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты берік ұстанымы бар. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт екіұшты болуына орай, өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмай отырғанын мойындауға тиіспіз. Өкінішке қарай, ядролық қаруды тарату және оны дайындау технологиясының үдерісі қасіретті шындыққа айналуда, қырып-жоятын қару жауапсыз саясаткерлердің қолына түсіп те үлгерді, келесі кезекте террористер тұр. 
Халықаралық қауіпсіздік саласындағы жағымсыз құбылыстарға балама − өңірлік ынтымақтастықты дамыту. Біз АСЕАН-ның жан-жақты қызметін жіті қадағалап отыр­мыз, оның тәжірибесі Еуразияда әрекет ететін ұйымдар үшін де жемісті болады деп есептейміз. 
Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) құру туралы бастама көтерді. ЕАЭО – бұл прагматизмге және өзара пайдаға негізделген экономикалық жоба.  
Қазақстанның ұсынысы бойынша 2016 жыл Еуразиялық Экономикалық Одақтың басқа мемлекеттермен және АСЕАН-ды қоса алғанда, өзге интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы болып жарияланды. Өткен жылы Въетнам ЕАЭО-мен еркін сауда жөніндегі келісімге қол қойды. Сингапур да осындай келісімді жа­сасуға қызығушылық танытып отыр. ЕАЭО-ның іске кірісуі Азия елдері үшін 180 миллион тұрғыны бар және ЖІӨ 2,2 триллион долларды құрайтын жаңа бірлестіктің құрамындағы бес елдің де нарықтарына шығып, Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік ашады.    
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұ­рақ­­ты мүшесі – Қытай, Ресей, 
сон­­дай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия­ның бірқатар елдері  кіретін Шанхай ынты­мақ­тастығы ұйымының қызметін пайдалы деп есептейміз. ШЫҰ терроризмге, діни экстремизмге, сепаратизмге  қарсы күресті; экономикалық, инвестициялық және гума­нитарлық ынтымақтастықты қамтитын әмбебап күн тәртібімен ерекшеленеді. Осы жылы ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның кіруі күтілуде,  олар ұйымға  қосымша саяси және экономикалық күш қоспақ. Қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың континенттік жүйесін құруда Азия елдері арасында әлі де орын алып отырған келіспеушіліктер кедергі болмауы тиіс екеніне Қазақстан сенімді. Сондықтан, біз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құруға бастамашылық жасадық. Мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі саммиттер әрбір төрт жыл сайын шақырылады; соңғы саммит Шанхайда өтті. Форум Азиядағы қауіпсіздіктің маңызды факторына айналды. 
Қазақстан Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр аумақты қамтитын Еу­ропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) қызметіне белсенді қатысуда. 10 жылдық үзілістен кейін 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтіп, онда еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығын көздейтін Декларация қабылданды. Әлемнің барлық мемлекеттері жаһандағы аумалы-төкпелі жағдайда өз экономикасының көлемі мен әскери әлеуетінің ауқымдылығына қарамастан, халықаралық істерде Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі рөлін нығайта түсуі қажет екеніне сенімдіміз. Әсіресе, үдеп келе жатқан терроризм жағдайында БҰҰ мен халықаралық құқық тоқырауының қазіргі әлемге тигізер ықпалы жойқын болмақ. Се­німді қайта қалпына келтіру мақсатында Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын растауға бағытталған жоғары деңгейдегі БҰҰ Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. 
ҚХР  Төрағасы   Си Цзиньпиннің 2013 жыл­ғы қыркүйекте Қазақстанға іссапары бары­сында алғаш ұсынған «Жібек жолы эко­номикалық белдеуі» бастамасына қатысты бірнеше тұжырым айтып өткен жөн. Бұл – Тынық мұхиты мен Еуропа арасындағы көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған аса қуатты геоэкономикалық стратегия. Қазақстан бұл жобаға қатысуға дайын екендігін білдіріп, инфрақұрылымдық дамуға қатысты жеке бағдарламаларын да әзірледі. Ағымдағы жылы Қазақстан аумағы бойынша ұзақтығы 2800 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқазақстандық автомагистралінің құрылысы аяқталады. Біз Қазақстан арқылы өтетін жедел теміржол желісін қарқынды дамытып келеміз. Қытай-Қазақстан-Еуропа бағыты бойынша контейнерлер ағыны                 2013 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 6 мыңнан 48 мыңға дейін артты. 2016 жылы ол 95 мың контейнер болмақ. Егер 2013 жылы осы бағыт бойынша 77 поезд өткен болса, 2016 жылы 1100-ге  жетеді деп болжануда.
2015 жылдан бастап Қазақстанда көліктік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық, туристік, тұрғын үй-шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылымды құруға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-нің жекелеген салаларын және экспорттаушыларды қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау шараларын көздейді. Жобаларды қаржыландыруға Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қатысуда. Мемлекет жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан      жыл сайын 3 млрд. доллар қаржы бөліп отыр.  
2018 жылға қарай біз 9 мың шақырым жол салуды және жаңғыртуды, Каспийде Қазақстанды Парсы шығанағымен және Қара теңізбен байланыстыратын жаңа порт инфрақұрылымын құруды жоспарлап отырмыз. Қытаймен шекарадағы логистикалық хабтар кеңейтілуде. Былтыр Ляньюньган портында Қазақстан-Қытай логистикалық терминалы іске қосылды. Біздің экономикалық дағдарысқа берер тойтарысымыз дағдарысқа қарсы шаралар топтамасымен және инфрақұрылымдық дамумен шектелмейді. Өткен жылы заң үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, ұлт бірлігін нығайтуға,   сонымен қатар транспарентті және есепті мемлекетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды институционалдық реформалар бастау алды. Парламент 59 заңнан тұратын қажетті заңнамалық топтаманы қабылдады, олардың ішінде еліміздегі шетелдік инвесторлардың жұмысын одан әрі жеңілдететін заңдар да бар. Біз бұл реформаларды «100 нақты қадам» немесе Ұлт жоспары деп атаймыз. Сингапур мен АСЕАН елдерін Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға, сондай-ақ Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға шақырамыз.
ЭКСПО-2017 павильондарын орналас­тыру үшін заманауи қалашық салынуда, ол көрме аяқталған соң бірден «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы үшін пайдаланылмақ. Лондон мен Сингапур арасында орналасқан қаржы орталығы жеңілдікті салық режимімен және тәуелсіз төрелік соты бар ағылшын құқығы қағидатында әрекет ететін болады. Қажетті заңнаманы Парламент толық қабылдады, қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде, оған сингапурлық сарапшылар да қатысуда. Қажет болған жағдайда Конституцияға да тиісті түзетулер енгізіліп, қабылданатын болады. 
Тұтастай алғанда, Еуразиядағы транс­формация Орталық Азия аймағына, оның ішінде Қазақстанға тәуекелдерімен қатар, зор мүмкіндіктер де әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда өңірлік қауіпсіздік институттарын нығайтуды жалғастырып, жетекші державалардың сауда-экономикалық стратегияларын ұштастыру әдістерін әзірлеу маңызды болып табылады. 
Дербес инфрақұрылымдық бағдар­ламаларды әзірлеумен қатар, мегажобаларды өзара байланыстыру бүкіл әлемге жаһандық экономикалық дамудың тиімді әрі теңгерімді үлгісін ұсыну мүмкіндігін бермек.   

 

Алдыңғы «
Келесі »