Қарқарада болған қақтығыс

  • 10.06.2016
  • 542 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мінуар Әкімханов, 
ақын, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілі­сіне 100 жыл толады. Бірақ, осынау ірі оқиға туралы қазақтың қаулап өсіп келе жатқан бүгінгі жас ұрпағы біле бермейді. Өткенді білмеу өкінішті-ақ. Оның да себеп-салдары жоқ емес. Келмеске кеткен кешегі Кеңестік қызыл империя аз ұлттардың қаһармандық күресін қастер тұтпады. Ондай оқиғаларды жас ұрпақтың жадынан өшіруге тырысты. Әйткенмен, өмірдің өткір шындығы қазақ халқының азаттыққа ұмтылған адал ниетін айқындап берді.

Енді, тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған осы ірі оқиға неден шықты дегенге келейік. Көтерілістің шы­ғуына дәл сол 1916 жылғы Ресей патшасының «Июнь жарлығы» себеп­ші болды. Аталған жарлықта 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген болатын. Мұны халқымыздың  көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары қазақты қорлау деп түсінді. Сөйтіп көтеріліс бұрқ ете түсті. Ондай жағдайлар Торғайда, Өскеменде, Семейде болды. Ал­матының іргесіндегі Қаскелен (қазіргі Қарасай) ауданында Ресей патшасының жарлығына қарсы қазақ шаруаларының бас көтеруі болды. Оны қолөнер шебері-темір ұстасы Бекболат Әшекеев басқарды. Шаруалардың күші тең емес еді. Мұздай қаруланған патша солдаттары халықты оққа байлап басып жаныштады. Бас көтеруді басқарған  Бекболат Әшекеев дараға асылды. Қазір Қарасай ауданындағы бір ауыл осы қаһарманның есімімен аталады. Алматы облысының Райымбек ауданының Қарқара деген жерінде болған қақтығысқа Ұзақ Саурықұлы басшылық жасады. Осы қақтығыс туралы кезінде кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Қилы заман «атты көлемді шығарма жазды.
Патшалық Ресейдің озбырлығына қарсы қалың қолды бастап, қарулы жасақтан қаймықпаған Ұзақ батыр «Бала өлгенше, шал өлсін» деп ұран тастаған еді. Оны халықты көтеріліске үндегені үшін патшаның жандайшаптары «бүлікшіл, бұзық» деп атады. Ұзақ Саурықұлы аталған ауданның Сарыбастау ауылының тумасы еді. Қазір осы ауыл Ұзақтың есімімен аталады. Ауылдың қақ ортасына ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Ұзақ батырдың еңселі ескерткіші орнатылған. Төмендегі жыр жолдарынан азаттық үшін арпалысып, басын бәйгеге тіккен батырдың оққа ұшар алдындағы қас-қағым сәт көрініс тапқанын оқырман қауым ескерер деп есептеймін.  Автор:
«Бүлікпен» шықса атағы,
Билікпен болды-ау, шатағы.
Алаңға келді айдалып,
Ұзақты бәлкім атады.
Суықтау көзге түс-өңі,
Ырғайдай шымыр кісі еді.
Қолдары шандып байланған,
Аяқта шынжыр кісені.
Таппақ боп азат төтен жол,
Патшаға қылыш көтерді ол.
Атылар сәтте күбірлеп:
Халқына деп,-тұр бекем бол!
Бітелген шудан құлағы,
Оқ тиіп батыр құлады.
Қан болып жатыр жерде әне,
Басынан ұшқан тұмағы.
Атағы дардай ақылды,
Қайсар ұл бүгін атылды.
Шошынған оқтан көп тобыр.
Сұлбасын сайға батырды.
Таусылып ердің дәм-тұзы,
Қайғыға бөкті тау-түзі.
Кемсіткен елді патшаның,
Топыраққа сіңді қанды ізі. 

Алдыңғы «
Келесі »