Екі түрлі меншік және патриотизм

  • 10.06.2016
  • 487 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қоғамда ең кіршіксіз, мөлдір судай таза, әрі ерлік құбылысы – патриотизм. Патриот адам ойламаған жерде ғажап батырлық көрсетеді. Ол жанын пида етуге барады және сол ерен ерлігіне мақтанбайды, ақы сұрамайды, әрекетін қошеметтеуді де керек етпейді. Күнделікті өмірде кімнің бойында қандай патриоттық күш барын ешкім байқамайды.  Оны өзі де білмеуі мүмкін. Тек сыңдар сәтте, ойлауға жетпейтін, қысылтаң кезде бұрқ етіп көрініс береді. Ол қасиет кез келген адамда болуы мүмкін. Әрине, көрінісі түрліше. Бірақ, ондай адам айлакер, қу, пиғылы арам, пайдақұмар, залым, басқаларды өзіне көпір етіп, мақсатына жететіндерден шықпайды. 

Патриотизм – ертедегі «patris» деген грек сөзінен алынған. Мағынасы «Отан», «отаншылдық», оны жақсы көру, оған берілгендік. Бұл қасиет адам баласында қашаннан бар, бірте-бірте шыңдалып, дамыған. Адам баласы сонау есепсіз даму тарихында не көрмеді. Қазіргі өркениет заманына жеткенше не болмады, бірін бірі ығыстыру, бағындыру, соғысу, құрту, не қорғанудан тұрды. Осының бәріне тарихи мұралар куә. Осындай аласапыран жағдайларда патриот, жүрек жұтқан батырлары бар этностар аман қалып, тіршілігін жалғастырған. Өзін сақтай алмаған этностар тарих сахнасынан жойылып кеткен. Сондықтан, халық ауыз-әдебиеті, жырлары, дастандары патриотизмге, батырлыққа ұдайы елді баулыған. 
Кеңес жылдарында патриотизмге ерекше мән берілді. Бүкіл идеология соған бағытталды.  Картиналар, кітаптар жазылды, кинофильмдер шығарылды, «Кеңестер Одағы Батыры», «Социалистік еңбек ері» құрметті атақтары молынан берілді. Ардагерлерді мадақтаудың басқа да түрлері болды: орден, медаль, бәйге т.б. Оның үстіне рынок дамыған  елдерде мүлде атымен жоқ, бірақ, КСРО-да қоғамға тегін еңбек ету дәстүрі де болды. 
Кеңес жылдарында патриотизм негізі не еді? Әрине – Отан. Оған кіретін жер-су, орман-тау, табиғат бетімен астындағы кең-байлық, жануарлар, аң-құстар. Осылардың ішінде ең бастысы ел-жұрт, халқымыз.  Айтылғандардың бәрін қосып, біріктіретін – мемлекет болатын. Кеңес жылдарында елімізде бір ғана қоғамдық меншік болды. Ол Социалистік мемлекет негізі еді. Сондықтан, халық санасында Отан мен мемлекет ұғымы ажыратылмайтын бірлікте болды. Отанды сүю, ол мемлекетті сүю деген мағынаны берген.  Мемлекеттік меншікке қол сұғу – өте ауыр қылмыс қатарына жататын, жаза да қатаң болған. Ол кезде Отан мен мемлекетті бөліп қарастыру ешкімнің ойына да келмеген. Сонда мемлекет деген не? С. И. Ожеговтың «Словарь русского языка» деп 1984 жылы Москвада жарық көрген сөздігінде оған мынадай анықтама берілген: «Политическая организация общества во главе с правительством и его органами с помощью которых господствующий класс осуществляет свою власть» (с.127). Негізінде бұл дұрыс айтылған пікір, бірақ, толық емес. Өйткені, мұнда мемлекеттің әкімшілік жағы ғана қамтылған. Мемлекет, ол әр кімге қорған, арқа сүйер тірек, күнделікті өмірің, тұрмысың. Оның күшін елде жүргенде сезе бермейсің, ал, егер шет елге шықсаң, оны мақтанып айтасың. Шет елде сенің ұлтың кім деп ешкім сұрамайды, қай мемлекет азаматысың дейді. Оның үстіне түрлі жағдайларға душар болсаң, саған ара түсетін, ол сенің Отаның, мемлекетің. Олимпиадалық шет елде өтетін спорттық ойындарда да, егер, Отанымыздың туы көтеріліп, гимні ойналса, алдымен шет елде жүрген қай қазақтың көзіне жас оралмайды. Міне, бұл ішкі Отандық күшті сезім. 
Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанда қазір екі түрлі меншік қалыптасты. Екеуі де біздің дамуымыздың негізі. Бірі мемлекеттік меншік, ол қоғамымыздың басты байлығы. Даму дәрежесінің негізгі көрсеткіші. Біз әлемдік жарыс­та дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дегенде, алдымен соны алға тартамыз. Ол ірі комбинаттар, кен орындары, ауқымды жеріміз, қалаларымыз бен мәдени ошақтарымыз, шекарамыз, ел таңбамыз, гимн, мемлекеттік туымыз. Сонымен қатар, бізде жеке меншік бар. Ол да біздің дамуымызға үлес қосуда. Жалпы алғанда, осы екі меншікке әсер ететін – рынок (сауда-саттық қатнас), бірақ, оның әсері жеке меншікте мол, мемлекеттік меншіктен гөрі. 
70 жылға созылған Кеңес замандарында халық санасына қоғамдық, мемлекеттік меншік психологиясы әбден ендірілген болатын. Өйткені, қоғам дамуы тек мемлекеттік меншікке байланысты деп түсіндірілді. Ал енді жеке меншікке жол ашылғалы адам психологиясына өзгеріс ендірілді, бұрынғы жекелік, өзімшілдік психология ояна бастады. Адамдардың алдымен өз пайдасына қарай ұмтылуы – табиғи инстинкт. Есі кірмеген жас нәресте алдында жалтырақ заттар жатса, ол алдымен қолын соларға созып, өзі­не тартады. Ешкім туғаннан көпшіл, мемлекетшіл, қоғам қайраткері болып тумайды. Әрине, кейбір қабілеттер болуы мүмкін, бірақ, оны дамытпаса сөніп қалады. Ол үшін тәрбие керек. Адамның қоғам болып қалыптасуы да сол тәрбие нәтижесі. Кеңес жылдарында тәрбие жұмысы балабақша, мектептен басталып, қоғамның қай дәрежесін алмайық, үздіксіз жүргізілетін. Ол жұмыс мемлекеттің де, партияның да міндеті саналды. Нәтижесі белгілі. Дамыған Батыстық елдерде, ол жұмыс семьямен мектепті есептемесек, екі салада жүргізіледі. Бірі заң. Ол елдерде көзіңді ашып, есің кірген кезден бастап, аяғыңды бассаң – заң, мынау болады, мынау болмайды. Заңды бұзсаң, кім болсаң ол бол, жауап бересің, мейлі президент, мейлі магнат. Заң ол елдерде халықтың қанына, жанына сінген. Екінші – рынок. Ақшаң болса – адамсың, болмаса – ешкім емессің. Адамдардың арманы – ақша табу, қалай тапсаң, олай тап, әрекеттен. Әрине, бұл да тәртіпке шақырудың бір түрі. Бірақ, жеткіліксіз. Өйткені, ол елдерде бір жыныстық семья, азаматтық семья, басқа да адамгершілікке жатпайтын пиғыл, әрекет құбылыстар бар. Ал, енді біздің қазіргі егемендік, тәуелсіз Қа­зақстанға келетін болсақ, бізде әлгідей моральға жатпайтын құбылыстар әзірге жоқ.  Бірақ тәрбиеге байланысты ойланатын мәселелер баршылық. Ширек ғасыр болды, Қазақстанның егемен, тәуелсіз ел болғанына. Содан бері бұрын аты естілмеген, «сыбайластық жемқорлық» деген пәле өмірге келді. Онымен күрес басталғанына 25 жыл болды. Жойылатын түрі жоқ, тереңдеп барады. Кеңес жылдарында ұрлық, жемқорлық, пара деген болған. Бірақ, таралымы тар, ел арамдықтан қорқатын. Қазірде де заң бар, солай десек те, жемқорлық жүйеге айналып барады. Себебі неде? Ол мынау. Кім пара береді? Мақсатын таза, заң жолымен жүргізіп, іске асыра алмайтындар. Параны кім алады? Қолынан ол мәселені жүргізе алатын, лауазымды орындағылар. Тегін теңгеден неге қашсын. Біріншілер амалсыздан семья бюджетінен жырымдап пара беретін болса, екіншілер сол параны тойымсыздықтан алады. Оны жібермей ұстап тұратын адамда мықты күш болуы керек. Жұрттың біразы өзін олай ұстай алмайды. Абайдың ұмытпасам «Ескендір» поэмасында «тойымсыз адам көзі» екенін, ол көз өлгенде ғана топыраққа толатынын айтады. Коррупцияға бой ұрғызбайтын ердің ері, азаматтың азаматы ғана. Ондайлар бар. Әттең оларды кім бағалап жатыр. Бірақ, біз «сыбайластық жемқорлықты» айтып отырмыз. Ол мынау: егер пара шамаға келетін болса, онда алушы оны үндемей жымқырады, ал, егер, мол болса, онда ол жоғары отырғандармен бөліседі. Әйтпесе, тұтылады. Міне, «сыбайластықтың» мәні осында. Жаппай бірін бірі қолдап, қорғайды. 
Бұл пәле бізде неге орын алуда? Себебі, тәртіп осал, заң күшсіз. Осы босаңсыздықты ұнататындар да бар. Әйтпесе……? Қазіргі Қытайда ол жоқ деуге болады. Өйткені, заң ешкімді аямайды. Сол заңды аттап көр!
Бізде Парламент, әр дәйім пәлен заң қабылдадық деп жариялап жатады.  Шынында да солай. Заң жеткілікті, ал, орындалуы ше? Бұл жағы проблема. Неге сол заңдарды қабылдаған парламент, өзі қолдап, ұсынған заңның орындалуын қадағаламайды? Заң қабылдадық, болды, қалғаны сот, прокуратура, полиция жұмысы деп отыра беру дұрыс болар ма екен. Күнделікті өмір осыны ашық көрсетіп отырған жоқ па? Бір ғана мысал. Кеңес жылдарында елдің жұмысқа жарайтындары бос жүрмейтін. Жұмыссыз жүргендерді «тунеядец» деп айыптайтын, жұмысқа салатын. Қазіргі Қазақстанда жұмыс табу қиынның қиыны. Жұмыстан айырылып қалу «көзді ашып, жұмғанға» жетпейді. Дәлел табады. Профсоюз ара түсе алмайды. Бұл жұмыс жоқтықтан емес, жұмыс бар. Бірақ, жұмыс беруші ойлайды: «мен сені жұмысқа алсам, не табамын» деп өз жағдайын алға тартады. Нәтижесінде маман емес, бірақ, жеке өзіне керек адам жұмыста, ал, маман адам жұмыс таба алмай зарқағуда. Ал, мемлекет талабы, мақсаты ше? Ол кімге керек. Осыдан жұмыс атқарып жүрген адамда «үн» жоқ, құқығын айтып, дауыс шығармайды, қорқады. Тексеріп бақылау ше? Ол атымен жоқ. Соңғы қабылданған еңбек туралы заң жұмыс берушінің құқығын бұрынғыдан да күшейткен. 
Қазақстанда кейбір облыстық әкімдер, тіпті, Министрлер Кеңесі төрағасы заңсыз әрекетке барып жүр. Парадокс мынада. Оларда Отаншыл, Қазақстан егемендігін мақтан етеді, еліміздің тілін, тарихын, мәдениетін қызу қолдайды. Ол жағынан сірә «патриот». Олай болса, бұл қалай? Отанды қолдайды, мемлекетті ұрлайды. Міне, әңгіме қайда. Мемлекет оларға Отан емес, әкімшілік машина, жемдеуге болады, ал, Отан басқа. Сонда, бұл ненің нышаны, нәтижесі? Сыртқы, ішкі тәрбиенің жоқтығы. Білімнің, теорияның жұпынылығы, ішкі дүниесінің топас, әрі арамдығы. Отан қасиетті, оған тиісуге болмайды, мемлекет – құр аппарат, қолында байлық, халық қазынасы, оны ұрлау қиын емес.Сонда, мемлекет меншігін кім қорғайды? Біздіңше, бұған себеп жеке пайда табуды оятқан – рынок демекпіз. Өкініштісі – рынокқа көшкен күннен бастап, заңды күшейту керек еді. Сонымен, әлігі жемқорлар кім? Олар да өздерін Қазақстан патриотымыз деп есептейді, бірақ, оларда патриотизм сезімі барма екен? Отан мен мемлекет бірлігімен ерекшелігін түсінгісі келеме екен? Мемлекет – сол Отанды қорғаушы, сақтаушы, күшейтуші құрал. Екі түрлі меншікті қатар ұстаған соң, жағдайды дұрыс түсінуіміз керек еді. Осы жерде теориялық, осыған ұқсас мәселе көтергім келеді. Ол мынау. Мәскеуде Донской монастирінің протоиерейі Александр Киселев (діни атағы отец Александр) бұдан бірнеше жылдар бұрын шет елде жүргенінде бір сатқынмен әңгімелескен көрінеді. Әң­гіме барысында сатқын айтқан сөздерді келтіреді: «Измена Отечеству ради спасения Родины не только допустима, но обязательна, а пребывание на чужбине, без борьбы за Родину, не допустимо» («Известия», 1997, 3 апреля). Бұл не деген сөз?  Отан мен мемлекетті бөліп, ажыратып қарау ма? Яғни, мемлекетті сатуға болады, ал, Отанды – болмайды. Сонда, ол кім? Сатқын ба әлде патриот па? Сатқын өзін ақтап отырған сияқты. Біздіңше, бұл проблема. Олай болса, бұл сатқынның сөзінен қандай қортынды шығаруға болады? Басты қортынды Отанды да, мемлекетті де бірдей ардақтап, дәріптеуміз керек. Отанды сүю табиғи құбылыс, ал, мемлекетті сүю – мықты тәрбиелік жұмыс нәтижесі. Тәрбие өзінен өзі қалыптасады деу әбестік. Қоғам тәрбиесіз өмір сүрмейді. Олай болса, бұл идеологиялық жұмыстың мықты бір саласы. Халқымызда патриотизм күшті. Оны шыңдап, бағыттай білуіміз қажет. Екі түрлі меншік осыны аңғартады. Сонымен, Отан мен мемлекет екі түрлі құрылым. Бірі – табиғи, екіншісі – жасанды. Біріншісі – ішкі сезім. Екіншісі – ендірілген тәртіп. Бірі – алғашқы. Екіншісі – соңғы. Екеуіде бір, қатар қасиетті құбылыс деп түсінеміз.

Досмұхамед Кішібеков, 
ҚР ҰҒА академигі,
Тимур Кішібеков, 
доцент.

Алдыңғы «
Келесі »