Құдайдан қорықпаған адам Отанын сатып кетеді

  • 10.06.2016
  • 370 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ,
дінтанушы

Қазақ қазақ болғалы оның әр заман, әр ғасырлардағы ұлттық мемлекеттілігінің тұғыры Ислам діні негізінде қалыптасқан – ұлттық мәдениетіміз бен ұлттық менталитетіміз болып келген. Бір сөзбен айтсақ, қазақ  ұлтының мәдениеті мен қазақ менталитеті Ислам діні негізінде қа­лыптасқан. Ол ешбір даусыз дүние. Өйткені, Ислам діні біздің ұлттың қанымен біте қайнасып кеткен. Яғни,  ұлт ретінде ұйысып алғаш қазақ хандығы құрылғанда (ХІV-ХV ғасырларда) басты тұғырнамасы Ислам шариғаты болатын.

Дін мен салт-сананың үндестік-үйле­сімділігі дегеніміз – қасиетті Ислам дінін қабылдаған кезден бастап ата-бабала­рымыздың сан ғасырдан бері діни тәжірибесі арқылы тіршілік түйткілдерін тірнектеп реттеген, бағыттап қалыптастырған әдет-ғұрпы, дәстүр-салты болмақ. Әрине, Ислам мен дәстүрлі қазақы сенім арасындағы үндестік, үйлесімділік дана халқымыздың діни  білімі  негізінде жүзеге асып келді.
Қасиетті Құранға дұрыстап зер салайықшы: «Алланың көктер мен жерді жаратуы, адамдардың тілдері мен түстерінің алуан түрлігі оның тағылымының белгілері. Шәксіз бұны түсінгендерге ғаламат бар» (Рұм сүресі, 22-аят). Мұнда, қасиетті аяттағы  «…адамдардың тілдері мен түстерінің», – деген сөздерге арнайы назар аударған жөн. Халық даналықтарында  «екі жүз тіл білсе де, өз тілін білмеген адам – надан» деп айтылады, өте дұрыс айтылған.
Ислам діні түскен кезде араб тілі әлемдегі өте дамып кеткен тіл емес болатын, мәде­ниеттері де өркендеп тұрмаған. Бірақ, Алланың өзі оларға дінді атақты шайырлар тілі болған парсы, не сол заманда дәуірлеп тұрған Византия тілінде түсірген жоқ. Өзі араларынан Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шығарған да бәріне де түсінікті араб тілінде берді. Ендеше, әр ұлтқа сол ұлттың тілімен барған дұрыс. Бүгінде, діни уағыз барысында қазақ тілінде Ислам діні және қазақтың әдет-ғұрпының үйлесімділігі туралы қоса айтсаңыз, біздің ұлттың адамдары оны өте жылы қабылдайтыны көрініп тұрады. Осы «қазақы» менталитетті еске сала сөйлеу  қазіргі орыстанып кеттік деген заманда діни мағлұмат беру тәжірибесінде аса қажет дүние екенін байқап жүрміз
Біздің ұлттық мәдениет және діни наным-сенімге қазақы көзқараспен қарау менталитетіміздің  кенжелеп қалуының бас­ты себебі, әлі күнге дейін Қазақстанда орыс отаршылдығы кезінен  «сенің тілің де, дінің де, дәстүрің де, тарихың да, түрің де жаман» деп мың-миллион рет қайталана берген басым ұлттың шовинистік идеясының санаға сіңген қалдығынан арыла алмауымыз кінәлі. Ол идеология – ұлттың санасына удай сіңгені сондай Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр таяп қалса да әлі арыла алмаудамыз. Өкініштісі, оған бас ауыртып, қазақтың рухани, мәдени болмысын қорғайын деп жүрген тиісті орындарды немесе қоғамдық ұйымдарды көре алмай жүрміз. Саяси партиялар бағдарламаларында ұлт мүддесіне қатысты тараулар жоқ екені айтылып та жазылып та жүр. Жалпы, Ислам дінін ұстанған адам өз ұлтын сүйе білуі тиіс. Ал, ұлтыңды сүю дегеніміз – көк туды қабырғаға іліп қойып қарап отырумен немесе әнұранның бір-екі шумағын шала-шарпы білумен өлшенбейді. Ұлтты сүю – ол әке-шешеңмен, туысқандарыңмен, көршілеріңмен жақсы қарым-қатынаста болу, базарға не болмаса дүкенге барғанда өзге тілде шүлдірлемей ана тіліңде саудаласу, (сатушы қазақ тілін білмей ме, шығып кете бер, дүкен деген айналаңызда жетіп жатыр), жетімнің малын жемеу, алдамау, қарындасыңдай қыздың ақылсыздығын пайдаланып кетпеу т.с.с. қысқасы өзіңе, жан-жағыңа зияның тимесін. Мұны бос­тан бос айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені, адамның ұлтына деген адалдық, тазалық Ислам дінімен қуатталып отырады. Құдайдан қорықпаған адам Отанын сатып кетеді, өз елінің өзегінен теуіп, арқасынан пышақ сұғады. Олардың қазақ ұлтына, еліне деген, «сүйіспеншілігі» қандай болатынын содан-ақ біле беріңіз. Өмірбаянына үңілсеңіз ақша ұрлап, ел байлығын тонап шетелге қашып кеткендер түп-түгел орысша оқыған қазақтар. Өйткені, оларға ұлттық менталитеттік тұрғыдан имандылық, отан­шылдық тәрбие қалыптаспаған. Олар­дың әкесі қазақ, шешесі қазақ  бола тұра өздері  қазақпын деп айта алмайды. Өйткені, олар қазақпын деген сезімнен жұрдай. Ал, Ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрмен негізделген құндылықтарын өзге тілмен түсіндіріп, ұрпақ санасына сіңіріп, қалыптастыра алмайсың. Қасиетті дінімізді насихаттауда біздерді құртып жүрген міне осылар.
Дін мен ұлттық мүдденің ұштасуы, тоғысуы – руханиятымыздағы орны айрықша мәселе. Менің білуімше, дүниеде қазақтан өткен дана халық жоқ. Өкініштісі сол, қазақ даналығын біз тани алмай, таныта алмай келе жатырмыз.  Әйтпесе, Әбунасыр әл-Фарабиден Қожа Ахмет Йасауиге, Асан қайғыдан Абайға дейінгі аралықта қалыптасқан түркі-қазақ-Ислам мәдениеті адамзат тарихындағы ең озық қоғамдық қатынастарды қалыптастырып, озық мәдени дәстүрді жинақтады.
Біздің қазақ рухани мәдениетінің қоры жағынан әлемдегі ең бай халықтың бірі. Ұлттық сана арқылы қалыптасқан діни сананы улайтын әртүрлы «вирустардан» қорғаудың, алдын алудың жолдары көп. Оған қарсы қолданатын «антивирустың» бірі де бірегейі – қазақы дүниетаным, қазақ фольклоры, ақын-жыраулар мұрасы, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин сынды ойшылдардың ілімдері, ұлтымыздың классик тұлғаларының жауһар туындылары. Сонымен қатар,  «Мәдени мұра» ар­қылы сан жүздеген томдарға жинақталып кітапханалар сөрелерінде сіресіп тұрған бабалардың  даналығы. Алайда, ол байлық бүгінгі күні қазақ халқының болашағы үшін толық қызметке кірісе алмауда. Керек десеңіз ол байлықтың қадірін білетін тұлғалардың саны күннен-күнге азайып бара жатыр. Оларды пайдаланып, бар білгенін болашаққа жеткізудің жолын қарас­тырудың орнына, оның орнына өзгенің рухани, мәдени, діни құндылықтарын тықпалап, еуропаның қоқыс жәшігіне лақтырған дүниелерін жарнамалап әуреміз. Бұлар қазақ халқын жер бетінен жоятын әрекет.
Жаһандану мен урбанизация заманында тарихта қазақ болып қалуымыздың басты шарты Ислам діні десек те артық айтқандық бола қоймас. Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде «Біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп айтумен қоймай «таза ислам» идеясы үшін ұлттық құндылықтарды тәрк етуге шақыруда. Осы идеяны насихаттаушылардың басында орыс тілді қандастарымыз тұр. Бұл ұлтқа төнген үлкен қауіп. Егер, қазақ ұлтын қазақ етіп келген тілі, әдет-ғұрыптары, дәстүр-салты тегіс сыпырылып, ұлттың тарихы ұмытылса, олардан түгелдей айрылсақ, онда не болдық?! Не үшін осыдан бір мың екі жүз елу жыл бұрын Ислам дінін қабылдаған халықтың қалыптасқан мәдениеті бүгін келіп Исламға қайшы болып қалды? Міне, осы сұрақты біз оларға қарсы қойып, қорғана білуіміз керек.
Қорыта   айтқанда,  қазіргі    кезеңдегі қоғам­дық діни санамыздың толысуы үш нәрсеге тәуелді. Олар, біріншіден – халқымыздың білімділік деңгейі (интеллектуалдық әлеуеті), екіншіден – діни сауаттылығы, үшіншіден – дамыған ұлттық сана-сезімі. Оған қоса Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының өзінің тілін, ұлттық мәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға деген талпынысы қажет.  Халық рухын сауықтыруға да, әртүрлі экстремизмнің алдын алуға да ең керегі  осындай қасиеттер болмақ.
P.S. Орыс тілін тамаша игеріп алған қазақтар, біздер, орыс менталитетін, ділін, жанын жақсы түсінеміз. Орыстардың өз ана тілін қалай сүйетініне мен қызғанышпен қараймын. Ендеше, неге біз орыстардың қай-қайдағысын түгелдей меңгерсек те ана тілін сүюді, ұлтын сыйлауды орыстан үйренбейміз?! Әлде, қазақтар біздер тек қана әрқашан орыстың көңілін табуға дайын, жарамсақтанып, жағынып, жағым­пазданып, орысты көрсек болды тұрарға жер таппай, тыпыршып, қобалжып, еле­гізіп, үрейленіп, дірілдеп, айтарға сөз таппай, сақауланып орысша сөйлей жөнелетін қалпымызда қала береміз бе…
Қасиетті Құранда Алла Тағала:«Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Һужурат сүресі,13-аят) – деген еді. 

Алдыңғы «
Келесі »