Ғаламтор бақ па, сор ма?

  • 02.06.2016
  • 1104 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аделина Қайсарқызы,
Алматы қаласы, 
№17 мектеп-интернат

«Уақыттың бос кеткені – өмірдің бос өткені» демекші қазір ертелі-кеш экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқандар аз емес. Ғаламтордағы уақыт ұрлаушылардың бастысы – адам өмірінде елеулі орынға ие болған әлеуметтік желілер. Олар арадағы бөгетті бұзып, біздің қарым-қатынас құруымызға шексіз мүмкіндік беруде. Ғаламтордағы әлеуметтік желі тарихы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алады.

Компьютері бар адамдар әлеуметтік қызметті онлайн түрде атқаруға, коммерциялық бағдарламамен қамтамасыз етуді қарақшылық жолмен жүзеге асыруға және қажетті ақпаратты барынша тез алмасуға бағыт алды. Нәтижесінде 1984 жылы Том Дженнингс құрған «FidoNet» тәрізді  желілер пайда болды. Осылайша, компьютер тілін жақсы меңгерген адамдар арасында байланыс күшейді. Алайда қазіргі әлеуметтік желілердің нағыз баламасын «Classmates», яғни «Сыныптастар» деген атаумен 1993 жылы Рэнди Конрад жасап шығарған. Сайттың мақсаты – сыныптас, және  мектептес достарды жедел  табуға мүмкіндік жасау. Ол сайт жұмысын әлі де  жалғастыруда. Ал 2004 жылы Гарвард университетінің студенті Марк Цукерберг «The Facebook»әлеуметтік желісінің негізін қалады. Алғашында желіні тек Гарвард университетінің студенттері ғана қолдана алды да, уақыт өте келе, оның қолдану аясы кеңейе берді. 2008 жылы «The Facebook»әлемдегі ең танымал желіге айналды, ал, 2015 жылы тамыз айынан бастап оны қолданушылар саны тұрақты түрде бір күнде бір миллиардқа жетті. 2006 жылы «Facebook»-тың ТМД елдерінде таралған нұсқасы – «Вконтакте» іске қосылды. 2015 жылы бұл желіні қолданушылар  саны 64 миллионнан асты. 2010 жылы «Instagram» іске қосылды. Оның басқа желілерден артықшылығы – қолданушының осы желі арқылы түрлі фотосурет пен видеоны  бөлісуінде. 2013 жылы «Instagram»-ға салынған сурет саны 16 миллиардты құрады. Заман технологияларының дамуына байланыс­ты Ғаламтор мен әлеуметтік желілер қолданысы да артып келеді. Кейбір әлеуметтік желілердің қолданушылар  саны бірнеше мемлекеттің жалпы халық санынан асады. Мысалы, «Facebook»- Қытай мен Үндістан елдерінен кейінгі үшінші «мемлекет». Әр секунд сайын 8 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі. Орта есеппен алғанда, қолданушылардың 50 пайызы аптасына шамамен екі жарым сағат уақытын Ғаламторда өткізеді. Расында, Ғаламторда бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжығаны байқалмай қалады.
Әлеуметтік желілердің бастапқы мақсаты адамдар арасындағы байланысты нығайту болды.Қазір адамның кем дегенде бір әлеуметтік желіде жеке парақшасы бар. Өйткені, ол – байланыстың бірден-бір тиімді де, қол жетімді жолы. Бір тетікшені басу арқылы әлемнің кез-келген нүктесімен хабарласуға болады. Достарымен, жақын адамдарымен қызықты ақпаратты бөлісе алу, үнемі байланыста болу мүмкіндігі кімді еліктірмесін?!  Адамдар арасында қолданысы кеңейген сайын әлеуметтік желінің қосымша мүмкіндіктері де көбейеді. Мысалы: онлайн түрде сурет жіберу, яғни, кімнің не істеп жатқанын дәл сол сәтте білу, бейне-қоңырау шалу, анонимді сұрақтар қою және т.б. Кейбір желілер адамның жеке бас проблемаларына қол сұғуға мүмкіндік береді. Ал, кейбірі тіпті фанатизмге де соқтырады. Әрине,ондай жағдайларға бірінші себепкер – қолданушының өзі. Адамның бәрі бірдей емес, сондықтан, олардың  қызығушылығы мен ізденісі де әртүрлі. Ғаламтор арқылы ой-өрісті кеңейтетін, шын мәніндегі  пайдалы ақпараттан хабардар болып, заман талабына сай жаңалықтың бәрін біліп отыруға мүмкіндік бар. Кез-келген жерде бара жатып, дүниеде не болып жатқанын ғаламтор арқылы бақылауға болады.Қазір жаңалықтар адамға әлеуметтік желілер арқылы келетін болғандықтан 25 газеттің 24-інде таралым  саны азайған. «Facebook» бар болғаны бір жыл ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал, телеөндіріске 60 миллион көрермен жинауға 13 жыл уақыт кеткен болатын. Осыған орай әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар да аз емес. Өндірушілер өз тауарларын жарнамалап жатса, «жұлдыздар»  суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Мұндағы бір ойландыратын  жайт – ата-анасының қолы босамаған жас жеткіншектердің әлеуметтік желі арқылы  тәрбиеленуі. Көзқарасы қалыптаспаған, санасы  таза жеткіншекті қайда бұрсаң, солай кететіні белгілі. Бала біткен  кішкен­тайынан ойын  дамытып, бойын сергітетін ойындарына емес, ата-анасының ұялы телефонына, айпатына ұмтылатынын күнде көріп жүрміз. Күн ұзаққа желіде отыратын бала адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, Ғаламторға тәуелді болады. Далада, көлікте, сабақта, тіпті, демалу, тынығу уақытында да ұялы телефонын құшақтап жататын жасөспірімдердің 95 пайызы осындай  тәуелділікке душар болған. Жақында ақпараттық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Instagram» желісі – күйзеліске ұрындыратын желі деп аталған. Себебі, шалқыған өмірді суреттен көрген адам өзі мен басқаларды салыстырып, өзінен кемшілік іздей бастайды екен. Ал, «ВКонтакте», мамандардың пікірінше, адамды өмірден түңілдіріп,өзіне өзі қол жұмсауға дейін  апаратын желі болып шықты. Қазірде әлем халқының 60 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен.Демек, әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Сөйтіп, ол бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр.
Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, Қазақстанда осы мәселе шындап қолға алынып жатқанға ұқсайды. Заңгер Жангелді Сүлейманов әлеуметтік желілерге, ең болмағанда, бірнеше ай тыйым салынса дейді. Оның пікірінше, осы арада заңгерлер желілерді реттестіретін заң ойлап табулары  тиіс. Мысалы, жұмыс уақытында Ғаламторда отыруға, желілерде жалған ат иеленуге, жалған ақпарат таратуға, баланың әлеуметтік желіде отыруына тыйым салу. Яғни, ерте ме, кеш пе, бұл жағдай егжей-тегжейлі қарастырылмақшы. Егер, жоғарыда айтылған кемшіліктер жойылатын болса, Ғаламтор арқылы пайдалы ақпаратты тауып, әлеуметтік желі арқылы жақындарымызбен хабарласып, оны тек игі істерге пайдаланатын боламыз.Тек сонда ғана «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» дейтіндей өкініштен ада-құда арылатын боламыз.

Алдыңғы «
Келесі »