САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРАДЫ

  • 11.05.2016
  • 345 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
Қазақстанның құрметті 
журналисі

Бұл жоқ жерден өршіген дау-да­майдың жалпы қазаққа келіп-кетері бар ма? Қандай қортынды шығып, қандай тәлім түйгізеді?

Даусыз шындық: қазір өміріміздің қай саласы болмасын түйінін табуға тиіс шешуі өзекті мәселелер шаш-етектен. Соларды байсалды байырқалықпен ойластырып орнына қою жолында қымбат уақытты зая кетіріп, ысырап рәсуа ететініміз жанға батады. Шыңғысхан қазақ па, басқыншы ма, жоқ Ұлы ұйыстырушы ма, Нобель сыйлығын кім алады деген сияқты қысыр, бөстекі сөздердің қоламтасын көсеп, отқа май құя түсетіндер аз емес. Долбармен сөйлеп тұлыпқа мөңірейтіп сиырдай құр аңызды малданып жүргендер де көбейіп келеді. Көпе көрнеу шежірелер шатастырылып, тарихтың танымдық, тәрбиелік мәні мансұқ етіліп зығырдан қайнатады. Абай айналасында да бұндай әттеген-айлар жетіп артылады. Әу дегеннен ашып айтайын, ол менің ара ағайын­дығыма зәру емес. Бұл жарияланымда соны айтайын деген едім. 
Ал, «Адасқанның алды жөн, арты – соқпақ» мақаласына орай сол жақсы ниетті жоққа шығаруға тырысады. Автордың тырнақ астынан кір іздеп сонша неге мазаланатыны маған беймағлұм. Ұлы ақынның Сұлутөрге келу, келмеуі табан астында кімге қажет бола қалды? Оның есімі анда-мұнда қақпақылдайтын ойыншық па? Тұз-дәм тартып қазақ даласының түкпір-түкпірінде туған топырақтан тыс ғұмыр кешіп жатқандар көптеп кездеседі. Шығыс пен Батыс, Теріскей мен Түстік мидай араласып жатқан жоқ па? Сарыарқа мен Жетісу, Алтай мен Атырау топырағында бұндай мысалдар аз ба? Ақсақал (Абақ) мен Жансақал (Тарақ), Күнбүбі (Қызай) мен Айбүбі (Мұрын) тарихы соны дәлелдейді. Ата-бабалары күнгейде өскен Нұрмағамбеттің (Балуаншолақ) Көкшетау жақта тууы нені меңзейді? Есіл бойында дүниеге келген Қажымұқанның жамбасы Арыс жағасында жерге тиді. Мәселен, Құнанбайдың інісі Жақыптың қызы Алатау аясына ұзатылып, одан Әбсәмет дүниеге келсе, атақты академик, жаһани жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың анасы Нұржамал сол әулеттен тарайды. «Қилы заман» хикаяты мен «Абай» дәуірнамасының кей беттерінде нағашы жұртының өмірі суреттелетіні содан шығар, кім біледі?! Абайдың үлкен үміт еткен сүйікті баласы Әбішті жұбатып, «Әбсәмет жиенің» дейтіні де содан. 1895 жылы Алматыдағы сол үйде Әбдірахман көз жұмып, жер түсіп кеткендіктен аманатқа қойып, кейін Мағауия мәйітті әкелмей ме? Бұған қай­ғырып, қазақтың қара жамылған бас ақыны күйіктен күйрегендей болса да он үштен астам өлең арнап, қабырғасы қатты қайысады. Соған қарамастан, Абай мұражайының қызметкері М. Бей­­себаев өзінше жаңалық ашқансып, Әб­дірахманды Ташкентте қайтыс болды деп жазды («Абай энциклопедиясы», «Атамұра», 1995 жыл). Тапа-тал түсте көзімізді бақырайтып қойып, жасаған бұл не қателік? Қаймына қазақты ашық күні адастырып, қай дерек көзіне сенеміз? Онсыз да рухы жадап-жүдеп жүрген қазақты жаңылыстырып бүйткені несі? 
Иә, Абай жанының жұмбағы қисапсыз көп. Оның Сұлутөрге келуінің сыры қандай? Әмірдің жесірі Ақмайды ит арқасы қияннан іздеп келуі екіталай. Күмәнді… Бізде бастаған ізгі іс-шараны тиянақтап ақырына дейін жеткізу жетіспейді. Баз бір басылымдарда Шоқан Парижде болды деген хабар жылт етті де жоғалды. Ол Еуропа жүрегінде болды ма, болмады ма? Неге бұған әлі нүкте қойылған жоқ. Сол сықылды Абайды да сан-саққа жүгірте беру қисынсыз. 1886 жылға дейін өзінің бірен-саран өлеңдерін бөгде кісі атынан жариялатуының мәнісі неде? «…1886 жылға дейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да өзі жазбақшы болды» деп еске алады үзенгілесі К.Жанатайұлы (1864-1927 жж.) М. Әуезовке хатқа түсірткен жадынамасында. Төл шығармашылығына сондай қатал сын көзімен қараған адам жеңіл-желпі іс-әрекетке бара беруі нар күмән, әрине. Сұлутөр сапарын қызғыштай қорғап, біраз біржақты дәлелсымақтар келтіруге тырысқан Ж.Қарабасов (Қарасартов болмағанына шүкір) жансақ жолда жүргенін байқамай қалғандай. Жазатын басқа тақырып құрдымға кеткендей маған жармасады. Болмайтын бала өңбес дауды қуады дегендей. Егер, А.Құнанбайұлы Жетісуға шын келсе, ақын өмірі мен шығармашылығын бүге-шігесі әр қыртысына дейін бес саусақтай білетін ғажайып ғұлама М.Әуезов (туған күйеу баласы), ардагер абайтанушы Қ.Мұқаметханов және басқа жауапты мамандардың назарынан тыс қалады? Осындай-осындай бұлтартпайтын дерек пен дәйекке ден қоймай, Ж.Қарабасов маған біраз көпшік қоя келіп, «көпке топырақ шашуға да болмайды» деп күстаналап ақылсиды. Аты түгіл затын түстеп танып білмейтін біреу Абайдың Жетісуға келуі мүмкін емес екенін айтқаным үшін маған кінә артады. Біздегі тарихшылардың тым таяздық танытып, бойкүйездік бұғауындағы кемшілігін өздері де шарасыз мойындайды. «Қазіргі таңда төл тарихымыздың жағдайы сын көтермейді» (У.Шалекенов «Түркістан», 25 ақпан 2016 жыл), «Біздің Қазақстан тарихы сал ауруына шалдыққан адамның тағдырына көбірек ұқсайды» (Ә.Ғали «Төл тарихымызды бұрмаламай, қайта жазуымыз керек») және т.б. басқа-басқа, ұзын салқар керуен-көшке қанденше шабаланып, өзбек тарихшысы Г.Хидоятов: «Қазақстан тарихшыларының барлығы жалған айтады, тарихта болмаған оқи­ғаларды ойлап шығаруда. Мәселен, Астана қаласында Керей мен Жәнібек хан­дарға ескерткіш орнатылып, оларды қазақ ұлты мемлекетінің негізін қалаушы ретінде дәріптейді, шын мәнісінде олай болған жоқ» деп байбалам салып, балаққа жармасып жатқанда лайықты тойтарыс беріп, жалаңтөстеніп шығудың орнына қалғып-мүлгіп отырғандардан не үміт, не қайыр? Оларға қайтіп қарның ашпайды? 
Танымал тарихшы Б.Аяған әлдекімге жағыну үшін бе «Керей денесі Астанадан жүз шақырымдай жерге қойылды» деп қисынсыз жайтқа иландырғысы келеді. Шымкент өлкетанушысы А.Гончаров мәйіттердің көне Созақ қирандыларының астында қалғанын айтады. Қазақ мәдениетінің қылаусыз қамқоры һәм жанашыры марқұм Ө.Жәнібеков те осындай пікірде еді. Өйткені, Әз-Жәнібектің (Әбусағи) бір баласы Махмұд осында ұзақ жылдар билік етті. Бәлкім, Керей де осында жатқан шығар. «Жәнібектің әкесі Барақ хан мейлінше атақты болған деседі… Барақ хан 1428 жылы қаза болса, шамамен сол уақытта Жәнібектің де тууы мүмкін», – дейді ол. – Сондағы «дарбаза жанында Жәнібек ханның зираты қалғанын» білетін жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр. Байыптай келгенде мақала-жауап сыңаржақ жазылыпты. Бүйте берсек жуық арада оған нүкте қойылмайды. Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай, ақиқатын бір Алла біледі. Бірақ, шамшырағын іздеген абайтанушылар бұған өз лебізін білдіреді деп ойлаймын. Ақ-қарасын алғы күндер айқындап жатар. Мен соған сенгім келеді. Қорыта айтқанда, сонымен Абай Әмірдің жесірін іздеп келді ме, келмеді ме? Ж.Қарабасов аруақтарға жүгініп, қаншама күшеніп, іс-әрекеттенгенмен оның  бұнда Жетісуда болуы неғайбыл. Тағы да айтамын,  ақиқатын бір Алла ғана біледі. Жаратқан жар бола гөр! Кімнің де «Адасса да айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Салғырттық сан соқтырады. Абайға абай болғанымыз абзал!..

 

Алдыңғы «
Келесі »