Тұлғалар өміріндегі иірімдер

  • 11.05.2016
  • 1407 рет оқылды
  • 4

Ерболат ҚУАТБЕК,сыншы

НОБЕЛЬ «КӨКЕМ» ӨЛГЕН СОҢ…

Әлемдік тілдерге – ағылшын, қытай, португал, испан, араб, француз, неміс тілдері жатады екен. Осы тілдердің қатарына қазақ тілі еніп, әлемдік мәртебеге ие болғанда батыс ақын-жазушылары «Нобель» сыйлығынан қағылар ма еді-ау, деймін. Аударма, бір тәр­жімашыдан екінші тәржімашыға ауысқанға дейін туындының бояуын һәм идеясын жоғалтатыны ақиқат. Динамитті ойлап тапқан ғалымның атындағы сыйлықты, сондықтан да шығар, жоғарыда аталған тілдердің өкілдері еншілеп отырғандығы. Бірақ, Әмірхан Балқыбек айтпақшы, «Әдебиет, үлкен әдебиет ешқашан Нобель сыйлығымен өлшенбейдi ғой». «Нобель» – сыйлықтың көкесі ме еді?.. Әңгіме онда емес. Неге қазақ ақын-жазушыларына бұл сыйлықты та­­ғайындамайды деп жәудіремей-ақ қояйық. Әң­гіме ауанын «Нобельдің» тарихы мен тартысына қарай бұрсақ…

НОБЕЛЬ «КӨКЕМ» ӨЛЕРДЕ…

Альфред Нобель кім? Швед химигі, инженер, динамитті ойлап тапқан ғалым. Өнертабысы арқылы қомақты қаржыға бөленіп, өлер алдында өсиет қалдырған екен. Өсиеті бойынша физика, химия, физиология және медицина, бейбітшілік орнату белсенділігі, әдебиетте елеулі үлес қосқан тұлғаларға сыйақы тағайындау болды. Өсиет 1901 жылы орындалды. Содан бері «Нобель» сыйлығы үлкен мәртебеге ие болып келеді. Енді, біздің көздеп отырғанымыз – әдебиет сыйлығы. Кім ие болды бұндай мәртебеге?..

СЮЛЛИ-ПРЮДОМДЫ ТАНИСЫЗ БА?

Эчегарай-и-Эйсагирре, Эйкен, Гейзе, Хейденстам,  Гьеллеруп, Понтоппидан, Шпиттелер, Бенавенте-и-Мартинес, Реймонт, Деледда, Унсет, Карлфельдт, Бак, Силланпя, Йенсенді ше? Қазақ оқырманы түгіл, батыс елдеріне де етене жақын емес ақын-жазушылар. Шұбырып жатыр бұндай белгісіз есімдер. Ал, енді, «Нобельді» алмағандарға баса назар аударсақ: Лев Толстой, Антон Павлович Чехов, Генрик Ибсен, Август Стриндберг, Генри Джеймс, Герберт Уэллс, Марсель Пруст, Франц Кафка, Бертольд Брехт, Джеймс Джойс, Федерико Гарсиа Лорка, Роберт Фрост, Вирджиния Вулф, Райнер Мария Рильке, Д.Г.Лоренс, Эдгар По. Әлем танитын классиктердің «Нобель» тізімінен табылмауы қызық, әрине. Бірақ, «Нобель» сыйлығын Швед академиясы тағайындайтындығын ескерсек, қазылардың әлем классиктерін жете түсінетін түйсігі жоқтығына ила­насың. Жоғарыда аталған Деледдадан Лорканың ергежейлі һәм төмпешік бол­ғаны ма? Лорканың қысқа жазылған поэмалары бар. Жаңалық керек болса академияға, Лорканы оқысың. Мысалы, новелла – романның қысқартылған түрі. Кезінде Владимир Набоков «Нобельден» шет қалғанда, бір американдық сыншы: «Набоковтың «Нобельді» алмағаны – бұл сыйлыққа лайық емес десек қателескеніміз, керісінше «Нобель» Набоковтың тырнағына да татымайды» деген екен. Лев Толстой, Чехов, Марсель Прусттар жоғары мәртебеге ие болмағаны – «Нобельді» менсінбей қалғандығынан шығар. Өйткені, бұл сыйлықтан дәрежесі әлдеқайда биіктеп кеткен. Және де «Нобельге» ие болғандардың тізімін қарап отырсақ, кешіріңіз, кілең шалдар екен. Ең жасы – 47 жаста. Жас десек, егер. Ол – Иосиф Бродский. Сонда, «Нобель» алу үшін – алпысты алқымдап, сексеннің сеңгіріне жету шарт па? Мысалы, Испанияның ұлы ақыны Хуан Хименес 75 жасында ие болса, Борис Пастернак 68 жасында алды. Бұндай мысалдар көп әрине. 

ПАСТЕРНАКТЫҢ ҚЫЛМЫСЫ

Швед академиясы «Нобельге» Борис Пастернакты ұсынғанда қарсылық білдірді Кеңес одағы. Себебі – «Доктор Живаго». Бұл романды антикоммунистік туынды деп айыптады, зиялы қауым. Романды оқымай жатып кінә артты, Пастернакқа. Жазушылар одағынан шығартылды. Азаматтығынан айырды дүбаралар. Қуғын-сүргінге ұшырады өз елінде. Өз ұлың өзекке тепті. 
Роман 1945-1955 жылдар аралығында жазылды. Басында атауы – «Мальчики и девочки», «Свеча горела», «Опыт русского Фауста», «Смерти нет» болуы керек еді. Бірақ, ақын «Доктор Живагоға» тоқталды. Кітап болып ең алғаш рет Италияның «Фельтринелли» баспа үйінде басылып шықса, әрі қарай Голландия, Ұлыбритания елдері таласқа түсті кітапты басып, шығаруға. Бірақ, қаншама жанжалдардың өршуінен, Пастернактың бас тартуына қарамастан 1958 жылы Швед академиясы «Нобель» сыйлығын ұсынады. Академия өз дегенінен таймады. Бір өкініштісі, ақынды қудалаған Хрущев кейін келе «Доктор Живагоны» оқып отырып, антикоммунистік сарынның жоқтығына көз жеткізген екен. Ақынның бар қылмысы – елін, жерін сүйгендігінде болып отыр ғой сонда. Тірісінде бағаламады. Бұл адамзаттың басына біткен қасірет. 

РЮНОСКЭ «НОБЕЛЬ» АЛҒАН БА?

Әйгілі жапон жазушысы Агутагава Рюноскэ «Нобель» сыйлығын алған деген дерексіз әңгімелердің тыңдаушысы болып қаламыз кейде. «Адамзат өмірі Шарль Бодлердің бір шумағына татымайды» деген жапон жазушысының мәшһүр сөзін «Нобель» сыйлығын алып тұрып, айтқан екен деп те өзеурейді кейбір айтқыштар. Шынтуайтына келсек, олай емес әрине. Жоғарыда айтқанымыздай «Нобельдің» ең жас иегері – Бродский. 47 жасында ие болған. Ал, Агутагава небәрі 35 жасында дүниеден өткен. Турасын айтсақ, у ішіп өлген. Сонда, бұл әйгілі сөздің иесі кім? Әрине, Рюноскэ. Бірақ, бұл сөзді ол өзінің «Жизнь идиота» (Нақұрыстың өмірі) атты туындысында айтқан. Сондықтан да, Агутагава «Нобель» сыйлығын алды деу шындыққа жанаспайды, әрине. 

ТҮЙІН

Мақала барысында «Нобельге» байланысты бірнеше деректер келтірдік. Ой-пікірімізбен бөлістік сіздермен… Ақша жүрген жерде талас-тартыс жүрері һақ. Ақын-жазушыға нас дүние, шыны керек. Ақынның жасы – қырық бес пе деп қалам кейде. Қырық бестен асқандар не жынданып кетеді, не саясатпен һәм «Нобельге» таласумен өткізеді қалған өмірін. Дауа бар ма оларға. Әйтпесе, Мұхтар Әуезовтың Хэмингуэйден несі кем. Мұхтар Әуезов испан не болмаса ағылшын боп туғанда қалай болар еді деген ой келеді. Әдебиет «құдайына» айналар ма еді? Олай болуы мүмкін. 
   «Нобельдің» қазаққа керегі де жоқ-ау осы. Мемлекеттік сыйлық үшін бір-бірімен қырқысып жатқанда, «Нобель» алмай-ақ қойсын біздің ақын не жазушы. Мынандай бір, қызық оқиға бар. Эдмунд Уилсон атты сыншы болыпты. Өзінің ортанқол дүниелерін кәдімгідей туынды деп есептейді екен. Оған жыл сайын Швед академиясынан хабарласқан сыңай танытып, «Нобель» сыйлығына ие болдыңыз деп құттықтайды екен. Бір қызығы, ол әрбір әзілге сенген дейді.  Келесі оқиға ойын емес, шынайы болған жайт. Эстондық Яан Кросс атты жазушы бар екен. Оған Стокгольмнан хабарласып, біздің хабарды күтіп, телефоннан алшақ кетпеңіз деген нұсқау келеді. Яан Кросс баға жетпес сағаттар бойы күткен екен хабарды, жарықтық. Бірақ, еш хабар келмейді. Ал, америкалық жазушы Норман Мейлер сағаттап емес, он жыл бойы күткен деседі. Тіпті, бір немістің драматургы Нобель орталығына жақын болуы үшін Стокгольмге көшіп келіпті, туған жерін артқа тастап. Бірақ, сыйлық бұның маңайына да жоламапты. Гений емес, әншейін пенделер ғой бұлар. Сондықтан да, Стокгольмнен ешқандай хабарды күтпей, жазу үстеліне отырыңыз, құрметті жазушым! 

ТУРБИНА  ТРИБУНАДАН КЕТКЕН  КЕЗ

«Даңқ үстемдік құрып тұрған бұл күні,
Марапат па?
Жек көреді кім мұны?
Маған айтқан дұрыстардың    мақтауын,
Қолдай кетер хрустальдің сыңғыры», – депті ғой, қазақтың аяулы ақыны Ғазиз Ештанаев.
Мақтау деген гипноз бар адамды елік­тіретін, босаңсытып, соңынан өшіретін. Бізді құртатын да  құрдымға кетіретін де осы мақтау, мадақ, марапат. Біз мақтаймыз, бірақ, мақтану білмейміз, шынтуайтына келгенде. «Тұлғаны өлтіргің келсе даттап керегі не, оны мақтау керек» дейді ішін, түлен түрткенде. Марапат (лауреат) пенденің қолдан жасаған сыйы. Алла сыйы – тек шапағат. Мадақ тек Жаратушыға ғана бағышталуы тиіс. Осы мадақтан қаншама дарын иесі өлді. Сергелдеңге түсті, қаншама тұлға. Мәселен, біздің бала Жамбылды алайық. Бір ғана жобаның құрбанына айналды. Шоу. Бала «өлең» жазады екен деп сенсация жасады. Халық та солай пайымдады. Соған сенді кәдімгідей. Кешіріңіз, шынымен көзі қарақты, өресі биік оқырман болса біздің халық бала Жамбылдың «туындылары» шатпақ екендігіне көз жеткізер еді. Ондай жазатын балалар жетіп артылады Жер шарында. Бірақ, бұл жерде бала Жамбылдың түк кінәсі жоқ. Шоу жасамақшы болған ағайлардың ағаттығы дер ем… Қазір бала Жамбыл қайда? Ізім-қайым жоқ болды. Осылай жоғалады олар. Ондай бала-вундеркиндтің бірі – Ника Турбина. 80-ші жылдары бүкіл Ресей елін дүрліктірген. Одан әрі әлемге есімі мәшһүр болды. Жамбылмен салыстырғанда Ника шынымен талант еді. Ол да бала кезінен елге таныла бастады. Әңгіме ауаны енді бала Ника туралы болмақ.
Ника Турбина 1974 жылы Ялта қаласында дүниеге келген. Анасы Майя Турбина суретші болса, атасы Қырымның белгілі жазушысы Анатолий Никаноркин болған. Ника бала кезінен демікпе ауруына шалдығып, мүлдем ұйықтамаған деседі. Ұйқысыз түндердің бір уағында анасы мен әжесіне: «Маған өлең келді. Құдай құлағыма сыбырлап отыр. Параққа өлеңдерді түсіріңізші», – деп өтініш білдіреді екен. Ника ол кезде 4 жаста ғана еді. Одан Никаның есімі барлық Ялта жұртшылығына мәлім болып, ол жайында белгілі жазушы Юлиан Семенов хабар болады да «Комсомольская правда» газетіне Никаның алғашқы өлеңдерін бастырады. Ника Турбинаның әдеби ортаға келуіне Евгений Евтушенко үлкен ықпал жасаған екен. Никаның ең алғашқы «Черновик» (кітаптың атауын Евгений Евтушенко қойған) атты кітабына алғы сөз жазады. Ника небәрі 9 жаста, ол кезде. Кітап 30 000 данамен оқырманға жол тартады. Содан соң, кітап бірнеше тілге аударылып әлемге тарап кетеді. 10 жасында Ника Турбина дәстүрлі «Ақын мен Жер шары» атты әдебиет фестивалінде «Золотой лев» сыйлығына ие болады. АҚШ елінде болып, ол жерде Иосиф Бродскиймен танысады. Евтушенконың Никаға арнаған өлеңі де бар: 
«Дети – тайные взрослые. 
Это их мучит.
Дети тайные – мы.
Недостаточно      взрослые        мы,     потому  что
быть  боимся детьми.
На перроне, в нестёртых следах Пастернака оставляя свой след,
ты вздохнула, как будто бы внутрь просто­нала, восьмилетний поэт».  Одан қалды 1983 жылы Никаны Евгений Евтушенко өзінің «Деткий сад» фильміне түсіреді. Аян Шахмалиевтің «Это было у моря» атты фильмінің басты рөлін сомдайды. Фильмде Никаның терезеден секіруге оқталып тұрған сәті бар. Осы сәт оның өмірінде екі рет қайталанды. Біріншісінде – омыртқасын сындырып алса (1997), екіншісі – қайғылы оқиғаға (2002) тап келді. Бұл енді Никаның есейген шағы еді.  Жоғарыда айтқан мақтау, мадақтау Никаның айналасынан бір елі алыс кетпеді. Оны да құртқан сол гипноз. Одан әрі өмірі құрдымға кетті Никаның. Өмірі шың емес, шыңырауға айналды. Оны ұмытты ел. Бала Ника жоқ енді. Жоғалған балалықты іздеп өтті ақын. Өліп тынды ақыры. Қоғам өлтірді оны. Кәдімгідей буындырып тастады. Анасына: «Құдай менен теріс айналды. Менің өмірім осымен тәмәм», – дейді екен. Өз өлеңінде: «Не пишутся мои стихи,
Нет больше боли и тоски», – деп, сарқылғанын жеткізеді халыққа. 
Бала кезінде жазған өлеңдеріне ден қойып көрейік (барлық өлеңін балалық шағында жазған). Шынымен, сөздері дуалы, шумақтары ойлы болды ма екен?
Благослови меня, строка, 
Благослови мечом и раной». Бұл өлеңді оқығанда, бағзыда рыцарьлар соғысқа аттанарда, Патшалар қылышын суырып алып, екі иығына тигізіп бата беретіндігі еске түседі екен. Сәбидің ол жайында қайдан хабары бар? Осындайда, Алланың алдында бас имеске лажың жоқ. Бұл өлеңнің қай жаста жазғанынан бейхабар болсаңыз мүмкін таң қалмас та едіңіз. Ақында жас жоқ-ау деп қаласың кейде. Немесе өзі айтқандай: «Что я потерян во времени… Беда не моя, что я утомился от ритма дня». Ақын – уақытынан һәм дәуірінен шатасқан бейбақ шығар, мүмкін. 
Я – полынь-трава,
Горечь на губах, 
Горечь на словах,
Я – полынь-трава… – дейді бір өлеңінде. Полынь деп отырғаны біздің жусан кәдімгі. «Мен – Жусанмын, Уытым – тілімде, Шерім – сөзімде», – деп тұр. Жусаннан хабары бар қыздың болмысы – далалық. Демек, қазаққа жат емес, бұл ақын. Бұл тағы бір құдіреттің нышаны дей беріңіз. 
Дождь. Ночь. Разбитое окно. 
И осколки стекла застряли в воздухе,
Как листья, не подхваченные ветром.
Вдруг звон. Точно так 
Обрывается жизнь человека, – деген Ника Турбина өз өлімін айнытпай салған екен. 2002 жылдың 11 мамырында үйдің бесінші қабатынан құлап, өмірімен қош айтысады. Небәрі 27 жасында. Осындай да Жұмекен Нәжімеденовтың «Триптих» атты өлеңі еске түседі: 
«Медаль тақты ол, өсті біраз беделі,
артистіктен жан салмады алдына,
сол арқылы өзі тірі қалды да,
әлдеқашан өліп кетті өлеңі». Ақын мен халық деген қарама-қайшылық ұғым екен. Тұлғаны уақытында қадірлемедік деп халықты айыптаймыз. Уақытысынан бұрын һәм уақытында бағаласа өлең, одан қалды ақын мерт болады. «Әрі тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледі».

АЛЛАҒА АЯН

Кім куә өлеңнің дүниеге келгеніне? Кім куә жүректегі асыл сөздің ақ параққа мөлдір сезім болып төгілгеніне? Кім куә? Бір Алла ғана. Оның қасында ешкім отырған жоқ. Бірлесіп отырып жазатын жоба емес. Өлеңнің бір ғана авторы бар. Бірақ оның автор екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Өлең – мақсат та, жоспар да емес. Сонда не?
Бернард Шоу «Адам Ата мен Хауа Ана» атты шығармасында жыланның образында: «Поэзия – адамзаттың қиял-арманын шынайы дүниеге айналдыру», – дейді. Бұдан бөлек неше түрлі ой бар. Бірақ, нақты анықтама жоқ. Өйткені, ол – термин емес. Бізде мынадай түсінік бар: ақын болса, мамандығы филолог болуы керек. Газетте немесе мектепте жұмыс істеуі қажет. Күлкілі. Шын ақынға оқыған мамандығы мен атқарып жүрген қызметінің сәйкес келуі міндетті емес. Мейлі ол әкімдікте, зауытта, кеңседе жұмыс істесін, бәрібір ақын болып қалады. Егер, шын ақын болса. Жұмыс – оның өмірі емес. Өмірі – оның өлеңі. Жұмекеннің кенші, Есенберлиннің инженер болғанын ұмытпаңыз. «Уақыт жоқ», «сананы тұрмыс билейді» деп сылтаурататындар да бар. Поэзияға уақыттың керегі жоқ. Ондай жандарға Джек Лондонның «Мартин Иден» атты романын оқуға кеңес берер едім. Оқысын. Сезінсін. Жеңсін.
Поэзия ақыл айтпауы керек. Ол – кеңесші емес. Тәрбие құралы деп түсінсеңіз, тағы қателесесіз. Ол – Мағжан айтқан «Жан сөзі». Ақиқатта ұлт жоқ. Ол – қазақ тілінде де ақиқат, өзге тілде де ақиқат. Ақиқат біреу ғана. Өлім. Өлімді аузына жиі алатын адам – ел ойлағандай пессимист емес, оптимист. Рэй Брэдберидің жазушыларға айтқан кеңесі бар. Бұл – тек кеңес қана емес, сонымен қатар жазушының жылдар бойы өткен тәжірибесі. «Бірден роман жазудан бастамаңыз. Көп уақытты алады. Қысқа әңгімелер жазыңыз. Көп болғаны тіпті жақсы». Жазушы мұны тектен-текке айтып тұрған жоқ. Өйткені, Брэдбери «Фаренгейт бойынша 451 градус» атты алғашқы романын жазбас бұрын, 30 жасына дейін жоғарыда аталған ұстаным бойынша еңбек етіп келген.
«Ұлы жазушыларды сүйіңіз, бірақ, еліктемеңіз». Герберт Уэллс, Жюль Верн, Артур Конан Дойл, Лаймен Фрэнк Баум Брэдберидің сүйікті жазушысы болған. Бірақ, ол Жюль Верн, Конан Дойлдардың көлеңкесінде қалған жоқ.
«Жақсы әңгімелердің сапалы тұстарын зерттеңіз». Тіпті, жаман деген әңгіменің өзінде бір жылт еткен дүние болуы мүмкін. Брэдберидің айтып отырғаны – қырағылық. «Басыңызды біліммен толтырыңыз». Жазушы көп оқыған екен. Тек, көркем әдебиет қана емес, сонымен қатар, археология жөніндегі ғылыми очерк, биология, зоология, философия, саясаттану, әдеби сын жайлы кітаптарды оқыған. Көркем әдебиет оқумен ғана шектелетін жанның дүниетанымы тар екеніне бәс тігемін. «Талантыңызға шүбә келтіретін достардан құтылыңыз». Қарша бораған түрлі пікірге құлақ түрсеңіз, адасасыз. Бірі оң, бірі теріс жолды нұсқайды. Уильям Хенли «Иілмес» атты өлеңінде:
«Не важно, что врата узки,
Меня опасность не страшит.
Я – властелин своей судьбы,
Я – капитан своей души» – деп жырлаған жоқ па?! Тағдырыңыз өз қолыңызда.
«Кітапханада өмір сүріңіз». Брэдбери – жоғары білім алмаған адам. Турасын айтқанда, дипломын алмаған. Өзі айтпақшы, кітапхананы тәмамдаған студент. Жоғары оқу орнын бітірген студенттің білімінен, оның білімі жоғары болуының сыры неде, білесіз бе? Студент белгіленген бағдарламамен оқиды, онда да біреудің айтқанымен, ал, ол өз қалауы бойынша білім алған. Студент өз мамандығынан ұзап кете алмайды, ал, ол барлық саладан хабардар. Міне, әңгіме қайда жатыр. «Киноға ғашық болыңыз. Ескі болғаны тіпті жақсы». Психологиялық фильмдер көру артықтық етпейді. Бұл жанрдағы фильмдердің көбі түсініксіз аяқталады. «Режиссер не айтқысы келді?» деп аң-таң болады көрермен. Демек, режиссер фильмнің түйінін көрерменнің еншісіне қалдырып отыр. Әр көрермен өзінше түйін жасайды. Әйтпесе, барлығы режиссердің тұжырымымен жүре берер еді ғой. «Жан қалауы бойынша жазыңыз. Әдебиет – салмақты іс емес. Шығарма ауыр көріне ме – қоқысқа тастаңыз. Жаңа шығарма бастаңыз». Барлығы – жүрек қалауы. Асқар Сүлейменовтің айтқаны бар: «Буынып жазған дүние тершең әйелдің қолтығы сияқты. Оқитын елге тер таңсық емес қой». Халықтың санасындағы дүниені жазу – шығармашылық емес. Әйтпесе, елдің бәрі жазушы болмай ма?! Иә, шығарма төгіліп түсуі керек. Сөгіліп емес. «Өзіңіз жақсы көретін не жеккөретін 20 нәрсенің тізімін жасаңыз. Бірінші ондыққа 10 шығарма жазыңыз. Ал, қалған ондықты 10 шығармамен өлтіріңіз. Қорқынышты да солай жеңу керек». Тізім дайын болса, жазуға кірісіңіз. «Кез келген естелік бір шығармаға парапар». Бірақ, Достоевскийдің мына сөзін естен шығармауыңыз керек. Ол былай дейді: «Әдеттегі жағдайды алып төпелеп жаза беру немесе оған немқұрайды қарау – меніңше, реализм емес, тіпті, керісінше болуы да мүмкін…». Бірақ, бұл – Рэй Брэдберидің кеңесімен жүріңіз деген сөз емес. Жаныңызға туыс тұжырымға тоқталыңыз. Сонда ғана өз жолыңызды табасыз. Түпнұсқаның біреу, көшірменің көп екенін ескеріңіз. Мыңдаған шығарманың авторы болғанша, бір ғана өлмес дүниенің авторы болған артық. Асқар Сүлейменовтің аз жазғандығына күмәнім бар. Жазды ғой, ол да. Көп оқыған адам талғампаз келеді. Жазған шығармалары өз сынынан өтпей қалады. «Асқар Сүлейменов те сондай болған-ау», деп ойлаймын. Таңдаулы шығармаларын ұсынды. Әйтпесе, Гоголь, Блок, Кафка өз шығармаларын есі ауысқаннан өртеді дейсіз бе?
Жоғарыда мақсат туралы айттық. Иә, шынымен, жазушыда мақсат бар ма? Мансап тұрғысынан алсақ, жоқ. Оған бәрібір. Тек күнелтсе болды. Оның басты миссиясы – жанын мазалаған ойларды жазып шығу. Болды. Мейлінше таза болу. Ал, енді, жазушы болып көріңіз… Кез келген адамның өз-өзіне мына сұрақтарды жиі қойғаны абзал: Мен кіммін? Не берем («не алам?» емес)? Мені не мазалайды? Нені сүйем? Нені жеккөрем? Осы сұрақтарды өз-өзіңізге қойып көріңіз. Жауабы қалай болады екен?! Бірақ, ең оңайы – ақыл айту. Автордың айтқаны дұрыс деп ойлау – ақымақтық. Ол да қателеседі. Келіспеуге толық құқығыңыз бар. Герман Мелвилл: «Біз философ болуға тырыспаған жағдайда философ боламыз», – деген екен. «Өскенде мен ғарышкер боламын» деген бала қазір үлкен кәсіпкер болған шығар. «Әртіс боламын» деген бала жолаушы тасып жүруі мүмкін. Жазушы болу арман емес қой. Қай әумесер солай армандады дейсіз?! Оларды табиғат тудырды. Басқа жол жоқ.
Бұл мақаланы қайбір жетіскеннен жазып отыр дейсіз? Себебі шындық солай. «Менің мұратым – әдебиеттің шынайы бейнесін ашу» деп көпірмей-ақ қояйын…

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ  ЖАЗУШЫСЫ – АБАЙ

Иә,  қазақ  прозасының  тұңғыш өкілі  –  Абай.  Осы  уақытқа  дейін Шәкәрімнің туындысы делініп келген «Қазақтардың  естерінен  кетпей жүрген  бір сөз»  –  ұлы  ақынның  төл шығармасы. Бұл әңгімені Шәкәрімдікі деуінің  бір  себебі,  «Дала  уәлаяты» газетіне  жарияланған  туындыға автордың «Ұмтылған»  деп  қол қоюында  болып  отыр.  Шәкәрімнің «Ұмытылған»  деген  бүркеншік есімімен  шатастырып  отырса  керек. Ал,  «Ұмтылған» деген  «ізденуші», «талаптанушы»  деген  мағынаны берсе,  «Ұмытылған»  (дұрысында, «Мұтылған») «ескерусіз қалған» деген түсінікке  саяды. Барлығын  басынан бастасақ…
Қазақ  прозасының  іргетасын Абай  қалады  деуге  үлкен  негіз  бар. Мұхтар  Мағауиннің  1989  жылы  жазған «Абайдың  белгісіз  әңгімесі»  атты дүниесін оқысаңыз, ойыңыз өзгерер еді. Аталмыш  мақалада  Мұхтар  Мағауин «Қазақтардың  естерінен  кетпей  жүрген бір  сөз»  Шәкәрімдікі  емес, Абайдікі екенін  толық  дәлелдеп  шыққан.  Бірақ, сол  уақыттан  бері  ескерусіз  келеді. Бұл  туынды  Абайдың  кітабына  неге енбеді?  Абайтанушылар  бұған  неге назар аудармай отыр? №1 абайтанушы Мекемтас  Мырзахметов  ағамыз  қайда қараған? Бәрі де бұлыңғыр. Ал, енді, дәлелге көшсек. «Қазақтардың естерінен  кетпей  жүрген  бір  сөз»  атты хикая  1892  жылы  «Дала  уәлаяты» (№29, №31-32, №34-40) газетінде жарық көрген  екен.  Абайдың  көзі  тірісінде. Хикая  Қалқаман-Мамыр,  Еңлік-Кебек турасында.  Әдебиетшілердің  бұл  хикая Шәкәрімдікі  деуінің  тағы  бір  себебі  – «Жолсыз  жаза»  поэмасы.  Яғни,  бұл поэмада  «Еңлік-Кебек»  ғашықтық хикаясы  баяндалады.  Мұхтар Мағауин: «Араб  жазуының  кілтипаны  көп,  әңгіме авторы  «Ұмытылған»  болған  күннің өзінде,  бұл  1892  жылы  34  жасқа  жаңа шыққан Шәкәрімнен  гөрі,  сөз  өнерінің асқар  биігіне  жеткен,  алайда  «қалың елі  қазағына»  әлі  таныла  алмай,  тар қа­паста   күңіреніп  отырған Абайға көбірек үйлеседі»,  –  дейді.  Мұнысы  логикалық бай­ламнан  гөрі,  шынайы  тұжырамға келеді. Өйткені, жазушының қалыптасуы, жетілуі  Шәкәрімнен гөрі,  47  жастағы Абайға тән. Әрі қарай кеттік.«Еңлік-Кебек»,  «Қалқаман-Мамыр»  оқиғасынан  бұрын  бірінші бөлімде  Шыңғыстау  өңірінің  тарихи этнографиялық  сипаты  баяндалады.
Хикаядан  үзінді  келтірсек:  «Солардың айтуларынша,  қазақтың  жүріп-тұру шаруасы бұрынғы заманда осы күнгіден артық  екен.  Мәзікүр  бишара шалдар өздерінің  балаларына,  ұрпақтарына қасіреттеніп  айтып  отырады:  «Осы күнде  білімді,  ғылымды  халықтармен араласқан  соң,  қазақ халқы  бұзылды және  күн  де  бір  түрлі  болды  –  қыс қатты  болатын  болды,  бұрынғы заманда  мұндай  емес  еді».  Әрі  қарай Абай  экология, жағрапия  және  тарих турасындағы әңгімелерді қозғайды. «Бұл ретте  біз  автордың  үлкен  ойшыл  ғана емес, жай ғана ғұлама емес, еуропалық білімді  еркін  игерген  оқымысты  екенін көреміз», – деген тұжырымға келіп отыр Мұхтар Мағауин.Одан  әрі  «Еңлік-Кебек»  оқиғасы суреттеледі.  Ал, «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы  туралы  шағын  ақпар  ретінде жазылған  екен.  «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы  көпке  белгілі  поэмадан  мүлде өзгеше сипатта.  Біріншіден,  бұл  оқиға Кеңгірбай  заманында  әрі  «Еңлік-Кебек» трагедиясынан  көп  кейін  болады. Қалқаман  –  Кеңгірбайдың  өзінің ағайыны,  Мамырдың  аты  аталмайды, Қалқаман,  әйтеуір, бір  қызды  алып қашады.  Бар  шатақ  жесір  дауынан туындайтын  сияқты.  Кеңгірбай  екі ел  арасындағы  барымтаны  тоқтату үшін  Қалқаманды  атқа  мінгізіп  қойып, дұшпандарынан  бір  мерген  шығарып атуға бұйырады. Оқ тимей, аман қалған Қалқаман  ағайындарына  өкпелеп, Бұхараға  кетіп  қалады.  Қыз  тағдыры туралы  ешқандай  дерек  жоқ.  Автор Қалқаман  жөніндегі  ел әңгімесін  шала білді  немесе  саналы  түрде  бұрмалады деп  айту  қиын.  Аңыздың  кейбір нұсқаларында  «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы  «Еңлік-Кебек» оқиғасынан сәл  ғана  бұрын,  бірақ  Сыр  бойында емес,  Баян-Аула  төңірегінде  болады. Яғни,  біз  сөз  етіп  отырған  әңгімеде «Қалқаман» оқиғасы толық болмаса да (қыз  бен  жігіттің  ағайындастығы  туралы деректі  автордың  бүгіп  қалуы  занды), әуелгі  шындық  қалпына  жақын  үлгіде мазмұндалатын сияқты. Сонымен қатар, бұл  –  кездейсоқ,  бөгде  эпизод  емес. Дербес  жүк  арқаламағанымен,  алдыңғы трагедияны  бедерлей түсу,  оған  үстеме рең  беру  үшін  енгізілген  көрініс,  –  дей келе, – хикая авторының өз заманынан озған  білімдарлығы  туралы  айттық. 1892  жыл қарсаңында  тек  Шыңғыстау өңірі  ғана  емес,  бүкіл  қазақ  даласында мұндай  өреге  жеткен  жалғыз  Абай болатын.  Шәкәрімнің  әлі  жас,  таланты толысса  да,  білімі  толықпаған,  батысты тануға  енді  ғана  бет  койған,  негізінен, шығыс  әдебиетіне  үңіліп  жүрген  кезі. Тарих, социология, экология, этнография –  адам  қоғамының  даму  зандылығы туралы  толғамдар  бұл  кезеңде  Абай бойына  ғана  шақтасар  сипат,  –  деген тоқтамға келеді Мағауин. Хикая авторы Еңлікті Нысан Абыздың елесі  арқылы  былай  суреттейді:  «Ұзын бойлы,  ақ  киіктей,  шашы  қарғаның қанатындай  қара,  маңдайы  жазық, көзі  қара  һәм  өткір…».  Ал,  Шәкәрімнің поэмасындағы Еңлік «биік қабақ, сұрлау қыз»  ғана  екен.  Екі туындыда  Еңлік образы екі бөлек. Демек, «Қазақтардың естерінен  кетпей  жүрген  бір  сөз» хикаясын  жазған  Шәкәрім  емес  деуге толық негіз бар. Жанды портрет жасауда Шәкәрімнен  гөрі,  Абайдың  шеберлігі басым. Мысалы, хикаядағы Нысан Абыз «түсі  суық,  қарт  кісі»  болса,  поэмада абыздың жас мөлшері туралы бірде-бір сөз жоқ.
«Хикаяда  Кебектің  Нысан  Абыз балынан  соңғы  көңіл  толғанысы  батыс прозасына тән үлгіде, табиғат суретімен астас  берілген:  «Айтқандарынан ешбір қорықпай,  жай  үйіне  қайтыпты.  Сол уақытта  әр  түрлі  ой  түсіп,  көңілі  босап, ақырын  ілбіп  отырды  дейді.  Сонда, Кебектің көңіліндегі қасірет кетіп, көкірегі ашылғандай  болды  дейді.  Маңайына қараса,  биік  жартас,  қалың  орман-ағаш һәм сарқырап ағып жатқан бұлақ дейді. Сонда Кебек  батыр  ойлады  дейді: «Менің  ғұмырым  да  осы  дүниемен бірдей-ау, – деп. – Мына жартас болса, бір  қалыппен  тұратын  дүние;  самсап тұрған орман өткен ғұмырға ұқсас, ағып жатқан су өтіп бара жатқан өмір ғой», – деп. Жастықта адам ой ойлаушы болады ғой». Ал, қыздың өзімен кездес­кен кезінде абыз  сөзі  есіне түссе  де,  өлім  туралы мүлде ойламайды. Поэмада Кебек қатал тағдыр  туралы  болжам  шымбайына батқанмен, «жынның  сөзін»  қолма-қол  ұмытып  кетеді;  Еңлікпен  алғаш кездескен  сәтінде  де  ойына  ештеңе оралмайды.  Тек  ертеңіне,  қызбен тағдыры қосақталған  соң,  абыз  айтқан қара  жартасты  көргенде  ғана  бәрі  есіне түседі;  қатты  толқығанмен,  тез  бекінеді. Бұл  арада  қара  жартас  – шартты  белгі ғана;  құз  кейпі  немесе  өзен,  тоғай  реңі –  ешқандай  жанды  бояу  жоқ»,  –  дейді Мағауин  тағы  бір  жолында.  «Шәкәрім  – табиғат  суретіне  зер  салмаған  жазушы, «Жолсыз  жазада»  ғана  емес,  бүкіл Шәкәрім  творчествосында  пейзаждың кейбір элементтері ғана ұшырасады. Бұл – бүкіл классикалық шығыс поэзиясына тән  сипат.  Ал,  батыс  пен  шығысты  тел емген,  бейнелеу  тәсілдерінде  орыс және  Еуропа классикасын  үлгі  тұтқан Абай  қазақ  әдебиетіне  (бүкіл  шығыс поэзиясына)  пейзаждық  лириканы енгізген  бірінші  суреткер  болып табылады», – деп аяқтайды ойын. Абайдың «Қара сөздеріне» зер салып отырсаңыз,  хикаяның  стиліне  келеді. Мысалы,  «Үшінші  сөзде»:  «Бұрынғы қазақ  жайын жақсы  білген  адамдар айтыпты:  «Би  екеу  болса,  дау  төртеу болады»,  –  деп».  «Өтірік,  көрмегенін көрдім  деуші  куәлар  да  әлдеқашан дайындалып  қойылған,  бағанағы  жақсы адам сай­лауға жарамасы үшін» (Сонда). «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі  бір  мастық  екенін,  әрбір  мас  кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген  кезінде  бас  ауыртатұғынын» («Төртінші  сөз»).  «Тегінде  ойлаймын: бұ  да жақсы,  өлер  кезде  әттеген-ай, сондай-сондай  қы­зықтарым  қалды-ау деп  қайғылы  болмай,  алдыңғы  тілеу болмаса,  артқа  алаң  болмай  өлуге» («Тоғызыншы сөз»).
P.S. Бұл туралы сол кезде елең етпеген қазақ қазір елең ете ме екен?

ЛИ БО – МЕНІҢ ЖИЕНІМ

Ли Боны қазақ деп жар салдық. Кітап та шығардық, ол жайлы. Шын есімі Елбай екен. Елбайға тілі келмеген қытайлықтар «Ли Бай» деп атапты-мыс. Ли Байдың руы қазақтың дулат тайпасынан шықты деп жария еттік. 2009 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан «Елбай-Ли Бай. Ли Бо» атты кітап шығарып, сүйіншілегені белгілі. Бұл дау 1960 жылдан бері келе жатыр екен. Ли Боны алғаш зерттеген қазақ – Әзімхан Тішәнұлы. Ғалым Ли Бай Шу өзенінің бойында дүниеге келді дегенге мынадай қарсы деректер келтіреді. Шу деген атаудың екі мағынасы бар екен. Ақынның «Жиңмин тауынан өткенде» атты өлеңі бар. «Көктей өтіп қиырда Жиңмин тауын, Чу өлкесін кең-байтақ араладым», – деген өлең жолдарындағы Чу дегеннің Жиңмин тауының Чаңжияң дариясының оңтүстік жағасындағы тау екендігін айтып өтеді. Және де Чу – бағзы замандағы хандықтың атауы, Хунан, Хуби өңірі екен. Біздің Ли Боның Шу өңірінде туғандығының бір байламы осы өлең жолдар болған еді. Шу деген тағы бір сөзді «Шудың жолы – керу жол» өлеңінде кездестіреміз. Ғалым бұл Шуға: «Шудың жолы – керу жол» – тақырыпқа арналған ескілікті ән. Мұндай тақырыпта көбінесе Шу жолының керулігі айтылады. Шу – Сычуан өлкесінің ежелгі аты», – деген анықтама береді. Ал, Сычуан – Қытайдың орталық аумағының оңтүстігінде орналасқан ауыл. Белгілі ақын Жүкел Хамай: «Ли Бай 701 жылы Шу бойында емес, Қытайдың Зюи Еэ деген қаласында бай саудагердің отбасында дүниеге келген», – деген тұжырымға келеді. Түрік қағанатының астанасы болған Суяб қаласында дүниеге келген деген дерек тағы да бар. Бұл аймақ Қырғызстанның қазіргі Ақбешім ауылын көрсетіп тұр. Сонымен, «Ли Бо қытайлық па, түрік пе, қазақ па, қырғыз ба? Оның ұлты қандай?» деген сауалға оның туған жері жауап бермейтін шығар?

ЛИ БО «ҚАЗАҚ» БОЛМАЙ ТҰРЫП

Ли Боны әлем әдебиетінің алпауыттары Данте, Петрарка, Низами, Фирдоуси, Пушкин, Шекспирлермен қатар қояды. Ли Бо – конфуцийшіл ақын. Ақынның басты кейіпкері – табиғаттың өзі. Оның ажалы да қызық. Ли Боның араққұмар болғаны тарихтан белгілі. Мас күйінде Гуси өзеніне батып кеткен деген тәмсіл бар. Өзеннің бетінен «айдың құлағанын» көрген ақын оны аспанға көтермек болып ажал құшқан екен. Тағы да табиғат.
Ли Бо – жиһангез ақын. Адамзат ақын­дарының өмірбаянына қарап отырсаңыз, басым көпшілігі әлем шарлаушы болған. Францияның ұлы ақыны Артюр Рембо да солардың қатарында. Соңғы нүктесі Африка болған. Петефидің де өмірінің басым бөлігі әлем кезумен өткен. Тағы да табиғат. Ли Бо мемлекеттік мектепте тәлім алмаған. Он жасынан бастап өлең жаза бастаған екен. Он сегізге жеткен шағында үйден қашып кетіп, Миншань тауларын паналаған. Еркіндіктің адамы болған деседі. Сол заманның қалыбына сыймаған. 27 жасында бұрынғы императорлық министрдің немересін жар қылып алады. Бірақ ол бұрынғы әдетінен қалмай, үйден безіп кетеді.
742 жылы Ли Бо император сарайына шақыртылып, Ханьлинь академиясының академиялық атағына ие болады. Сонда қызмет атқарады. Мемлекет үшін қызмет қыламын деген ақынның ниетін күл қылады. Оны сарайдың «бұлбұлы» қылып, мазақ етеді. Бұған көнбеген Ли Бай сарайдан қашып тынады. Ақын 61 жасында дүниеден өтеді. 1100-ге жуық туындысын дүниеге әкелген.

ЛИ БО БІЗДІҢ ТІЛДЕ СӨЙЛЕГЕНДЕ

Ли Боны алғаш болып батыс жұртына таныстырған – америкалық ақын Эзра Паунд. Ли Бо өлеңдерінің жапондық нұсқасын аударғаннан кейін, ақын жайлы академик Василий Васильев 1880 жылы «Очерки истории китайской литературы» атты еңбегінде жазды. 1920 жылдары Юлиан Щуцкий мен Василий Алексеевтің аудармасынан орыс жұрты Ли Боның өлеңдерін оқи бастады. Сонымен қатар, орыстың белгілі ақындары Николай Гумилев, Анна Ахматовалар аударды.
Бізде ше? Ли Боны Кәкімбек Салықов, Жәркен Бөдеш, Ғалым Жайлыбай, Несіпбек Айтұлылар тәржімалады. Бұл өлеңдер аты шулы «Елбай-Ли Бай. Ли Бо» атты кітапта жарық көрді. Тағы да сол орыс тілінен. Қазақ зиялы қауымының кемшін тұсы осы жерден байқалады. Түпнұсқадан аударғанға не жетсін. Қазақ ақын-жазушыларының француз, ағылшын, қытай тілдерін білмеуі – қынжылтарлық жағдай. Бұл – бір мәселе.

АҚЫННЫҢ АНАСЫ ШЕ?

Әлем жұртшылығының барлығын қазақ қылып тынатын шығармыз осы бетімізбен. Үндістерді Алтайдан көшіп келген дедік. «Аргентина – Арғындардың жері ғой» дейтін әзіліміз де бар. «Есенин – Есеннің ұлы» деген де әңгіме де айтылды. Біз сондай елміз ғой, жалпы. Бұл – біздің артықшылығымыз да, кемшілігіміз де. Ли Бо мәселесін нағашы жұртынан қарастыруды жөн көрдік. Яғни, анасы туралы деректерді іздестіріп көріп едік, оның аты-жөні төңірегінде мәліметтер жоқ болып шықты. Бірақ, бір қызық дерек бар. Анасы таңғұттарға жақын боп келетін цян жұртынан шыққан екен. Анасының ағайындары Шуда өмір сүрген болып шықты. Иә, біздің Шуды айтып отырмыз. Сонда, ақынның нағашылары қазақ болғаны ма? Ойланатын жағдай.
Барлық деректі саралай келе, мынадай тұжырымға келуге болады. «Ақынның ұлты қандай?» деген сауалға оның туған жері ғана жауап бермейді. Қазақтың белгілі ақыны Таңжарық Жолдыұлы Қытай аумағында дүниеге келген. Бірақ, оның ұлтын қытай демейміз ғой. Ли Бо, мүмкін, қазақ жерінде туған шығар, бірақ, оның жаны – қытай, сөзі – қытай, өлеңі қытай тілінде. Біз оны қалайша қазақ дей аламыз?..
Бұл өзеннің түбінде жатқан әрбір лағыл тас,
Адам жайлы әндетіп, жырлаудан бір жаңылмас.
Суретшідей қағілез бұл маңайдың 
            бар құсы,
Өзен бетін өрнектеп қыл қаламдай    шалғысы…
Аққу-қаздар кешқұрым ауық-ауық 
            үн қатып,
Нәзік үнін олардың тыңдау – маған 
            бір бақыт.
Жарқыраған айнадай айдынына 
            ай аунап,
Жүрегімнің тұсынан ағады өзен баяулап, – депті ақын «Мөлдір өзен туралы» атты (аударған – Жәркен Бөдешұлы мен Ғалым Жайлыбай) өлеңінде. Аспан асты елінің ұлы екендігін дәлелдеп тұрған жоқ па ақын? Солай…

МАНДЕЛЬШТАМ – МАҒЖАННЫҢ ДОСЫ

Мағжан мен Есениннің кездескенін жазған едік бір мақаламызда. Амантай Сатаевтың эссесі біраз жайтқа көзімізді жеткізді. Ал, сіз, Мағжан мен Мандельштамның кезікпек түгілі, дос болғанын білдіңіз бе? Мандельштам Мағжанды «Маг», Мағжан Осипті «Оса» – «Сары маса» деп атағанын оқымадыңыз ба? ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы орыс поэзиясы күміс ғасырының қазақ өкілі Мағжан Жұмабаев болған. Бұған қалай қарайсыз?
Орыстар  Пушкиннің  әрбір минутын,  әрбір  күнін  зерттеген. Пушкин  –  ақын,  Пушкин  – тентек,  Пушкин  –  әйелқұмар. Пушкинге  жан-жақтан қарауға болады. Ал, біз, Мағжанды толық зерттеп шықтық па?.. Көп нүкте. «Өткен  ғасырдың  елуінші жылдары  Зейін  Шашкинмен кездескенде, Мағжан  мен Мандельштам  дос  болған», –  деп  еске  алады  жазушы Амантай  Сатаев.  Барлығымыз білетіндей,  Мағжан  Жұмабаев жиырмасыншы  жылдары Валерий  Брюсовтың институтында  оқыған. Брюсовтың  өзі:  «Мағжан  – қазақтың Пушкині», – деп баға берген. Орыс әдеби ортасында болған  Мағжан  Мандельштам, Есениндермен  кездеспеді  деп айта  алмаймыз.  Еш  негіз  жоқ. Сондықтан, бұл – қиялдан туған дүние емес. 
Зейін  Шашкин  1934  жылы Мәскеу  редакциялық-баспа институтына  оқуға  түскен  екен. Мәскеу  көшесінде  келе  жатып, бір  адамға  кезігіп  қалса керек.
– Әй, қазақ! – деп біреу тыныштықты бұзыпты. «Эй»  немесе  «ей» емес,  «әй»  деп  тұр әлгі адам.
–  Сен  қазақсың ба?  Біздің  Магқа  ұқсайды екенсің?
– Қандай Маг?
–  Не,  Мағжан  Жұмабаевты таны­майсың ба?
–  Маг…  Мағжан.  Әрине, білемін. Бірақ кездескен емеспін.
–  Қызық,  бәрі  оның  есімін ғана біледі. Солай емес пе?
– Сіз өзі кім боласыз?
–  Мен  Мандельштаммын. Байқауымша,  Магтың  есімін атаудан  қорқады  екенсің.  Сау бол, қазақ! – деді де өз жолымен кете барды.
Бұл  –  Зейін  мен Мандельштамның  кездесуі.  Ол кезде  Осип  тірі.  Бұл  да  –  қиял емес.
Амантай Сатаев Мағжан мен Мандель­штамның  кездескені жөнінде екінші рет 70 жылдары Қайнекей  Жармағамбетовтің аузынан естіпті. Қайнекей аға әңгімесін былай бастайды:
–  Мағжан  Валерий  Брюсов, Сергей  Есенин,  Осип Мандельштам,  Всеволод Рождественский,  Михаил Светловтармен  жақсы араласқан.  Мамин Серебряк, Максим  Горький,  Всеволод Ивановтың  шығармаларын аударған.  Соның  ішінде  мен Михаил  Светловпен  жақсы араластым.  Ол  маған Мағжан жайлы  естелік  айтып  берді: «Мағжан  Жұмабаевпен  жақсы таныс  болдым.  Оны  Брюсов мақтаған.  Осип  айтатын:  «Ол адам  емес, кентавр»,  –  деп. Мандельштам  оны  «Маг», мен  «Жан»  деп  атайтынмын. Жан  трактир  немесе  кафенің ақшасын  өзі  көтеретін.  Әрбір кездесуде Осиптің өлеңін жатқа оқып  беретін.  Осип  балаша қуанып қалатын.
Осип  Мандельштамның Мағжанға  арналған  экспромты бар.
– Ну что, Магжан Бекенович,
На улице темно?..
–  Стоп,  Магжан  Бекенович!
Под ногами –дерьмо…
– Пойдем, Магжан Бекенович,
–А нам-то все равно!..».
Жоқ,  болмайды.  Мағжан  мен Осип екеуі ғана әңгімелессінші. Кезекті сендерге бердім:
–   Осип,  мен  сені  енді  Маса, Сары  маса  деп  атайтын боламын.  Қазақтың  Ахмет Байтұрсынов  деген  ақынының «Сары  маса»  деген  өлеңі  бар. Ұйқыдағы  қазақты  ызыңдап оятады.
– Әңгіме жақсы басталды. Әрі қарай тыңдап көрейік.
–  Маса  қазақты  оятпақ болады. Бірақ, ол оны жау көріп, өлтіріп тастайды.
– Иә, көшпенділер шын досты жау, дұшпанды дос көреді.
–  Маг,  алақаныңды  берші. Сенің  тағдырыңды  болжап берейін… Біз екеуіміз отызыншы жылдары  тура  бір  уақытта өледі екенбіз. Сен Жаңа жерде, мен  Амурдың  жағасында  көз жұмады екенмін.
Әзілдеді  ме,  әлде  Алла аузына  салды  ма  –  Осиптің айтқаны  тура  келді.  Екеуі  де 1938 жылы ажал құшты.
P.S.  Мені  осы  мәселе мазалайды.  Ұлылардың жолығысуы  мен  кездесуі, әңгімесі.  Әйтеуір,  тарихшылар ұлы  тұлғаларды  ескерткіш қалпында көрсетеді.  Ал  мен Мағжанмен әңгімелескім келеді. Олардың әңгімесіне араласқым келеді.  Жатырқайды.  Үйренеді. Сосын  дос  боламыз.  Ал,  маған керегі де – осы.

СІЗ ЖЫНДЫСЫЗ

ЭКСПЕРИМЕНТ: Құтының (банка) ішіне ара жіберіп, үш күнге қамап қояды. Құтының ішінде үш күн бойы айналсоқтап жүрген аралардың күйін көрсеңіз ғой. Үш күн өткеннен кейін құтының қақпағын ашса, аралар сол қалпы айналып жүрген шеңберінен ешқайда ұшып кетпейді екен. Аралар бір шеңберде айналып жүр. Ал, қақпақ ашық. Міне, біздің қазіргі қоғам дәл осындай. Өйткені, оларда «белгіленген шеңбер бар, содан шығып кетпеу керек» деген түсінік бар. Тағы бір эксперимент жасапты, ғалымдар. Балаларға ботқадан дәм татқызады. Ботқаның бір жағы тәтті болса, екінші жартысы ащы екен. Бір бала дәм татып көріп, ботқаның тәтті екендігін айтады. Шынымен, ол тәтті жағынан ауыз тиген еді. Екінші бала да дәл солай дейді. Онікі де дәл сондай. Үшіншісі мен төртіншінің де ботқасы тәтті болып шығады. Ал, бесіншісіне ащы жағы түскен екен. Ботқа ащы болса да, бала бәрібір «тәтті» дейді. Неге? Өйткені алдыңғы балалар да «тәтті» деп жауап берген еді. Мінекей, тобырлық сана бала кезден бастау алады. Балаға ботқаның ащы екендігін айтуға болушы еді. Бірақ, ол қазіргі қоғамға жат адам болып кетеді. Жат болуы – адамның қоғамнан өзгеше ойлауында болып отыр.
Қалаға қоныс аударып, бұл жақтың тірлігіне етім үйреніп қалған кезім. Ауылдың адамдары келді, үйге қонақ болып. Негізінен, шаруамен келген еді. Әкемнің жолдасының бауыры ауру-тын. Турасын айтқанда, жынды. Жындыханаға жатқызу керек екен. Олар қаланы білмейтін болғандықтан, жол нұсқаушы ретінде ере шыққан едім. Бара жатсақ, әлгі кісі (жынды) көзіне көрінген жанның барлығымен амандасып келеді. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Кейін ойлап отырсам, ол емес, мен жынды екенмін. Біз жынды екенбіз. Адаммен есендескеннің не сөкеттігі бар? Өйткені, бұндай дүние қоғамға ерсі. Сауалдың жауабы – осы.
Мен қазір далаға шығып немесе қоғамдық көлікте өлең оқиыншы. «Ей, мынауың есуас қой», – дейді. Ал, жаңағы оқыған өлеңімді сахнада оқысам: «Мынауың керемет екен», – дейді кеп. Сондағы оқитыным – бір өлең. Тыңдаушым да – бір қоғам өкілдері. Тағы да не? Қоғамға жат дүние – бұл. Шектеулі, өйткені.
Шекара. Құрлыққа, мемлекетке, мұхитқа, теңізге, көлге, балшық-шалшықтың бар­лығына шекара жасап қойдық. Әр мемле­кеттің территориясы шектеулі, бұғаулы һәм құлыптаулы. Өйткені, біз бір-бірімізге сенбейміз. Адаммен сөйлесердің алдында оның ұлтына һәм руына қарап сөйлесеміз. Орыс болса, айбалтамызды даярлап отырамыз. Өйткені, ол – жау, дұшпан. Бірақ, жаңағы орыс азаматының ата-бабаларының һәм саясаттағы екіжүз­ділердің тірлігіне не қатысы бар? Не кінәсі бар деймін де? Орыс біздің дұшпан деп, оның тілі мен мәдениетінен бас тартуымыз керек пе? Тағы бір кино есіме түсіп отыр. Сюжеті былай: Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар. Орыс ауылына неміс әдебиетінен сабақ беретін мұғалім келеді. Бірақ, оқушылардың ата-аналары неміс әдебиетін оқуға тыйым салады. Бұл жағдайды көріп отырған ауыл басшысы: «Неміс әдебиеті деген Гитлер емес қой. Гитлер жасаған қантөгіс үшін әдебиет кінәлі емес. Гете, Гейне, Гегель қайда қалады? Француздар да біздің жауымыз болған. Онда ешқандай әдебиетті оқымай қояйық», – дейді. Ең алдымен адамға адамгершілік тұрғысынан қарау керек. Неміс әдебиеті дегеннен кейін Генрих Гейненің «Урок» деген өлеңі еске оралады екен:
«Мама учит пчёлку-дочь:
«От свечей лети ты прочь!»
Только мамины слова
Пчёлка слушает едва.
Не сидится смирно ей –
Всё летает вкруг свечей,
Мама сколько ни кричи:
«Пчёлка, дальше от свечи!»
Кровь у пчёлки горяча –
Прямо в пламя! И свеча
Быстро дурочку взяла…
Пчёлка, пчёлка умерла!
Раз в огонь кто попадёт –
Смертью огненной умрёт…
Будь от девочек далёк,
Мой сынок, мой сынок!».
Тағы да тыйым, тағы да шектеу. Басқа ештеңе де емес. Алаш зиялыларын неге қырып тастады 37 жылдары? Өйткені, олар құтыдан шығып кетті. Шеңберден. Ал, билік ондайды ұнатпайды. Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, «Данышпан да, жауыз да білімдіден шығады». Сталин де ақымақ емес қой. Әлихандар мен Әлімхандардың қуаты мен күшінен сескенді. Оларға тобыр керек. Артынан еріп жүретін. Ащыны «тәтті» десең қостай жөнелетін.

ҮНДІСТІҢ ТҮБІ ТҮРКІ МЕ?

Шынымен, солай ма? Зерттеп көрейік. Таласбек Әсемқұловтың еңбегінен біраз дүниеге көз жеткізуге болады. Жазушы, үндістер төңірегінде мынадай деректерді келтіріп отыр: «Қазір ғылымда «палеоазиаттар» деп аталатын жаңа тақырып, жаңа дәріс бар. Жердің тектоникалық тарихын зерттейтін ғалымдардың айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрынғы көне замандарда Америка мен Еуразия бір құрлық болған екен. Ол кезде Америка мен екі арамызды бөліп тұратын Беринг бұғазының нышаны да жоқ екен. Кейіннен сұмдық планетарлық апат кезінде біртұтас құрлық ортасынан «сынып», екі «сынық» екі жаққа кетіпті. Ортасынан бұғаз пайда болған. Немесе тектоникалық тарихтан енді адамзат тарихына келетін болсақ, бәрі де өз-өзінен түсінікті болып шығады. Ұлы апат кезінде біртұтас құрлық қана «сынбаған», қарағанда сонау ықылым (әлде 50-60 мың, әлде, тіпті, 100 мың жыл бұрынғы) заманнан бері осы құрлықта өсіп-өніп келе жатқан бір ұлы нәсіл де ортасынан «сынған». Жартысы Америка құрлығымен бірге жер шарының қарсы бетіне кетіп қалған. Сеніңіз-сенбеңіз, тектоника ғылымы осылай дейді. Генетикалық анализ кезінде америкалық үндістер түркі халықтарымен нәсілдес болып шықса, басқаны білмеймін, өзім таңқалмас едім. Кім біледі, кейін «палеоазиаттар» деп аталатын ғылым бағытын өзгертіп, «палеоскифтер» болып кетуі де ғажап емес».
Жер шарының «сынып» кеткендігі туралы айтып отырғандығы – апат. Өткенде ғалымдар микрочибі бар тас тапты. Әлгі тастың жасы 250 миллион жылды құрайды деп топшылап отыр. Техника мен инновация дамыған біздің ғасырдан да әлдеқайда мықты өркениет болған деген тұжырымға келеді. Жер бедері өзгеруінің салдарынан үндістер Америкаға өтіп кетіп отыр. Демек, Американы ашқан – Христофор Колумб емес, осы үндістер. Жуырда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның мұсылмандар Американы Колумбтан үш ғасыр бұрын ашып қойғандығын айтқаны сондықтан. Колумб Америкаға төрт рет экспедиция жасаған. Бұл – ХV-ХVІ ғасыр. Тіпті, 1492 жылы Колумб күнделігінде үндістер пайдаланатын темекіні тапқандығын жазады. Американы үндістер тапқандығына еш талас жоқ. Бұл – басқа әңгіме.
Ал, тілі ше? Ұқсастықтар бар ма? Қазақтар мен үндістердің сөздерін зерделеп жүрген ғалым Елубек Нұрлыбайбитегінің зерттеуі бойынша, олардың «Баба Тауак» деген сөзін бізде «Бақа тау» дейтін көрінеді. Тауды «тауак», бақаны «баба» дейді екен. Олар да қарт адамды «ата» деп атаса, қайықты «кауак» дейді. «Бұл атаудың түп-төркіні «кәуек», яғни, «ойық» сөзінен шыққан болуы керек», – деп отыр зерттеуші. Құданы «қода», «бұл жақта өзімді толық таныдым» дегенді «экта, тока танним» дейді екен. Бұған не дейсіз?
Түркітанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық  университеті Түркология және Алтайтану ғылыми зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы,  профессор   Қаржаубай Сартқожаұлының пікі­рінше: «Үндістердің алғашқы легі біздің жыл санауымыздан 40 мың жыл бұрын, екінші легі 20 мың жыл бұрын, соңғы легі 12 мың жыл бұрын Аляска арқылы Америка континентіне кеткен. Өте көп тайпалар солай қарай өтті. Олардың ерекшелігі мынадай: Тәңірлік дінді ұстанады. Олар көшкен кезде, біз де сол дінде болғанбыз. Жаңа туған баланың сегізкөзінің маңында көк меңі бар. Татардың ғалымы Калимуллин, өзіміздің Ахметов үндістердің тілін зерттеп, 4 мыңдай түркінің түбір сөздерін қолданатынын анықтады. Сөйтіп, ғалымдарымыз қазір Америка үндістері кезінде түркі тектес халық болған деген тұжырымға келіп отыр. Америка үндістерінің бізбен, яғни, түркі халықтарымен арғы тегі бір».
Тарихшылардың айтуынша, Америка құрлығын бөліске салу кезінде еуропалықтар 150 миллионнан астам үндісті қырып-жойған екен. Ал, АҚШ- та бар болғаны 5 миллион ғана америкалық үндіс тұрады. Бүгінде көптеген америкалық үндістің жас буын өкілдері өздерінің шығу тегін біле бермейтін көрінеді. «Америкаға қоныс аударған үндістердің генетикалық ерекшелігін тексергенде, бұдан 30-40 мың жыл бұрын үш дүркін Алтай мен Байқалдың шығыс жағынан ауған ежелдегі түркі тектес халық екені расталды», – дейді ғалым Қойшығара Салғара. Барлық күмән мен болжамға нүктесін қойып отыр.
Үндістің түбі түркі делік, ал. Одан не ұтамыз? Ештеңе. Тек қазақты бұл жайт ойландыруы тиіс. Үндістер – жер бетінен құрып кетудің алдында тұрған тайпа. Бірақ, олар ақ өліммен өледі. Таза өлім. Өйткені, олар өркениеттің құлына айналған жоқ. Мойындамады өркениетті. Олар солай тік тұрып өледі.

ЦОЙ ЦРУ ТЫҢШЫСЫ МА?

«Дауылды жырлай алмайсың, өт­кермей бастан бір дауыл» депті Қанипа Бұғыбаева. Сезініп барып, бірақ жаз дегені ғой. Мысалы, делік, шарапты жыр еткен ақындар кемде-кем жер бетінде. Омар Хайям былай дейді:
«Қыз-қырқын сап болмасын ойын-күлкің,
Бұзбасын қайғы-қапа көңіл шырқын.
Шайқап қал, шамаң барда шарап ішіп,
Тоспайды келіп қалса өмір шіркін». 
Немесе: 
«Шөліркеп, шарап ішсең, данамен іш,
Немесе гүл майысқан баламен іш.          
Аздап іш,
Анда-санда тығылып іш,
Мас болмай, мылжың болмай, шамамен іш» – деп жырлайды. Сонда, Омар ішімдікті насихаттап отыр ма? Ал, «Москва кабацкаяны» жыр еткен Есенинше. «Адольф Гитлер арақ ішпеген. Ал, одан біз қандай рахат көрдік» – деген Жұматай имансыз ба? Жоқ әрине. Тікелей және жанама деген түсінік бар. Шарап дегені шынымен шарап па? Мүмкін бұл – нышан шығар. Өмірге деген ҚҰ­МАРЛЫҚ  болу  керек. Шараптың өзі адам бойын баурап һәм жаулап алатын от. Өмір де солай. Мысалы, «Ләйләсін» ғұмыр бойы жырлап келген Жұматай Жақыпбаев шынымен, жер басып, пенделермен тіршілік жасасып келе жатқан әйел жайлы айтып отыр ма? Тәңірге деген махаббаты әбден болуы мүмкін ғой! Міне, оқырманның кемшілігі осы жерде байқалады. Кемшілігі – оқырман мәтіннің астары емес, мәтіннің өзіне ғана баса назар аударғандығында. Әңгіме Виктор Цойда. Қызықтың көкесі өткен аптада болды. Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров «Цойдың ЦРУ (Тыңшылар басқармасының орталығы)-мен байланысы бар» деп жар салды, әлем­ге. «Перемен» («Өзгеріс») әні ЦРУ-дың тапсырысымен жазылған америкалық кә­сіби сазгерлердің туындысы деп мәлімдеді. Сондай-ақ, депутаттың айтуы бойынша бұл ән, Кеңес Одағының құлауына бірден-бір ықпал еткен екен. Виктордың өзі айтпақшы мұның бәрі «Қызық ертегі». Кейіннен, депутат бұл мәлімдемені жасамағандығын айтып, тағы бір мәлімдеме жасады. «Тірі Цойға» айып таққан Федоров Ресей рок-музыканттарының қарсылығынан кейін әңгімесін басқа арнаға бұрып отыр. Мүмкін, «Перемен» әнінде Кеңес одағын құлатардай құдіретті сөз һәм алапат күш болған шығар? Үңіліп көрелік…
«Переменнің» бірінші шумағында: 
Вместо тепла – зелень стекла, 
Вместо огня – дым, 
Из сетки календаря выхвачен день. 
Красное солнце сгорает дотла, 
День догорает с ним, 
На пылающий город падает тень» – дейді. Бұл жерден саясатқа қатысты бірде-бір жол таппайсыз. Күннің батуы мен қаланы көлеңке басуы. Бір күннің бір күннен аумай қалғаны жайлы айтады. Сосын келіп, қайырмасында, бізге шынымен «Өзгеріс» керек, оны жүрегімізбен, көзімізбен қалаймыз дейді. Жоғарыда айтып кеткен тікелей және жанама осыған байланысты айтылған. «Өзгерісті» депутат, «қирату», «бұзу» деп түсінген болуы керек, тікелей мағынада. Оның түсінігінің таяздығына біз айыпты емеспіз әрине. Одан әрі екінші шумағында: «Сигареты в руках, чай на столе – эта схема проста, 
И больше нет ничего, все находится в нас», – деген жолдары бар. Біздің өміріміз бәзбіреудің сызбасы секілді. Немесе, шеңбер. Осыдан шығу үшін «Өзгеріс», ішкі өзгеріс керек дейді. Барлығы өзімізге байланысты деп ағынан жарылады ақын. Ал, соңғы шумағында: 
«Сигареты в руках, чай на столе – так замыкается круг, 
И вдруг нам становится страшно что-то менять» – деп аяқтайды. Рас, шеңбер аяқталған кезде, өзгеріс жасау қиынға түседі. Роботтан айырмаң шамалы болып қалады. 
Бұл ән – Кеңес одағының қылмыскері емес. Бұл ән – сол заманда тіршілік жаса­ған халықты өзгерткен ән. Төңкеріс (қи­рату деп түсінбеңіз тағы) әкелген ән. Бұл ән 1985 жылы дүниеге келген. Ал, Цой алғашқы рет Америкаға 1988 жылы сапар шегеді. Енді ойланып көріңіз…
Бәрін айт та, бірін айт. Мақаламыздың түйінін Виктор Цойдың өзі шешсін. Цой 1988 жылы «РИО» журналына берген сұхбатында «Перемен» әні жайлы: «Иә, рас «Перемен» әні өте танымал. Бұл ән – ешқандайда сенсация емес. Халық бірден бұл әнді газетке басылған қайта құрылу жайлы мақала секілді  қабылдады. «Переменді» мен, қайта құрылу жайлы әңгіме болмай тұрған кезде жазғам және бұл ән ешқандай қайта құрылу жайлы ән емес. Халықтың бұл әнді бұрыс қабылдауы дұрыс емес әрине, бірақ, келешекте барлығы өз орнына келетініне сенім білдіремін» – деген еді. Міне, Цойдың өзі-ақ жауап беріп отыр туындаған дауға. 
Цой қазақ оқырмандары мен тың­дар­мандарына да жат емес. Виктор Цой түскен «Ине» көркем фильмі қазақ жерінде түсірілді. Әйгілі «Звезда по имени – Солнце» (Күн атты Жұлдыз) әні де қазақ жерінде дүниеге келген. Сондықтан да, Виктор Цойдың тың­шылықпен емес, өнермен, өлеңмен, әнмен, киномен және де қазақ жерімен байланысы бары айдан анық, бір білеріміз. 

ШЕКСПИР АҚЫН БОЛМАҒАН

Шекспир деген ақын болмаған. Ол – жай ғана ортанқол әртістердің бірі. Тегіне қарап отырсаңыз, әке-шешесі сауатсыз бо­лыпты. Өзінің де оқығаны шамалы. «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», «Гамлет», «Макбет» сынды жауһар туындыларды Шекспирдің дүниеге әкелуі мүмкін емес. Мұндай туындылар тудыру тек ақсүйектердің қо­лынан ғана келеді. Және Шекспир туын­дыларының бірде-бір қолжазбасы сақталмаған. Замандастарының естелік­тері де жоқ. Себеп: төңкеріс, соғыс. Ізім-ғайым жоғалып кеткен барлығы. Сонда, бұл туындылардың авторы кім? Оған үміткер бола алатын бірнеше есім бар. Оксфорд па? Әлде Дерби ме? Мүмкін, Марло шығар? Бәлкім, Фрэнсис Бэкон ба еді? Бәрі де болуы мүмкін.
Зерттеушілер түрлі болжам айтады. Ал, қазақтың айтулы ақыны Өтежан Нұрғалиев: «Шекспир туралы қанша кiтап оқысаң да, айтатындары бiр-бiрiне қарама-қайшы. Өйткенi, Шекспир ұлы, қай жағынан келiп қарасаң да, ұлы. Әйтпесе, тарихтағы шын Шекспир – әртiс болған адам. Өзi жазған пьесаларында өзi ойнаған. Ол – ұлы актер әрi ұлы драматург, үшiншi жағынан, үлкен патриот, ал, төртiншi жағынан, Шекспир деген адам жоқ. Ол – Фрэнсис Бэкон. Екеуiнiң суретiн салыстырсаң, түр-түсi, үстiндегi киген киiмiне дейiн ұқсайды. Неге олай? Себебi, оның дақпыртынан даңқы күштi болған», – деген екен бір сұхбатында. Өтежан сондай пікірде. Біз де Бэконға тоқтала кетуді жөн көріп, зерттеп көрдік. Шынымен, солай ма екен? Әрине, деректердің барлығы дерлік тұспал мен болжам ғана. Аңыз түбі – ақиқат. Ал, кеттік…
Шыны керек, Уильям Шекспир де, Фрэнсис Бэкон да – өмірде болған адам. Екеуі де бір ғасырда, бір кезеңде өмір сүрген. Шекспирдің айтарлықтай үлкен кітапханасы болмаған. Ол туралы өсиет те қалдырмады. Қалдырғаны – тек мүлік пен байлық. Дәулетті өмір сүрген ғой. «Глобус» атты театрдың иесі болған екен. Ал, Бэкон ше? 23 жасында парламентке сайланған. Лорд-канцлер, барон болған. Король сарайының мәдениетін жетік білген адам. Бір сөзбен айтқанда, ақсүйек. Тарихшы, философ. Бірақ, ол заманда Бэкон сияқтыларға ақын болу жарасымды дүние болмаса керек. Фрэнсис Бэконның Шекспирдің атынан жазуы логикаға сыйымды дүние деген ойдамыз. Қанша дегенмен, туындыларын жариялаудың бір жолын табу керек болды ғой. Дәлел ме? Бар, әрине. Мысалы, «Король Генрих ІV» бірінші бөлімінде «Фрэнсис» сөзі 33 рет қайталанған екен. Сәйкестік пе? Жарайды. Ал, мынаған қалай қарайсыз? Мына өлеңнің әрбір жолының алғашқы әріптерін қарап отырсаңыз, «Бэкон» деген сөз шығады (түпнұсқадан беріп отырмыз):
«Begin to tell me what I am, but stopt
And left me to bootelesse Inquisition,
Concluding, stay: not yet».
Яғни BACon (Бэкон). Шекспир мен Бэкон­ның танысқан-таныспағандығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мұны да ескергеніміз жөн шығар. Мына қызық дерекке қараңыз: «шекспир» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «найза сұғу» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл Афина Палладаның образына келеді. Паллада – Бэконның оныншы музасы. Афинаның жауға қарсы найзасын кезеп тұрған сәті бар. Сонда, Шекспир бүркеншік есім болды ма? Тағы ойланатын дүние екен.
Марина Литвинова есімді ғалым былай дейді: «Бәрі білген Шекспирдің Бэкон екен­дігін. Бұл ешқандай жұмбақ та болмаған. Ешкім ол туралы хат жазбаған. Содан соң Англия алапат кезеңдерді басынан кешті. Жиырма жылға созылған азаматтық соғыс тұтанды. Театрлар жабылды. Мұрағаттарды өртеді. Сол кезеңде Шекспирдің кім екендігін білген замандастары ажал құшты. Барлығы жермен-жексен болды».
1598 жылы Фрэнсис Бэкон қарызын төлей алмағандықтан түрмеге қамалады. Ал, бұл кезеңде Шекспир шылқып байып отырған. «Сонда, неге Шекспир Бэконға көмектеспеген?» деген күмәнді сұрақ туындайды. Шынайы автор сол еді ғой. Мүмкін, Бэкон емес шығар. Кім болды екен сонда? Ал, 1867 жылы Бэконның қолжазбалары арасынан «Ричард ІІ», «Ричард ІІІ» пьесалары мен «Обесчещенная Лукреция» атты өлеңдер топтамасы табылды. Сонда, Бэкон Шекспирдің оқырманы болып шықты ғой. Қызық екен. Қарама-қайшы дүние көп. Тек болжам мен тұспал ғана. Сіз қалай ойлайсыз? Шекспир кім болды екен?

СІЗ БІЛМЕЙТІН ШЕКСПИР

Тағы  да  Шекспир  хақында.  Естеріңізде болса,  «Шекспир  ақын  болмаған» атты мақалада  «Уильям  Шекспир  кім?»  деген сұраққа жауап іздеген болатынбыз. «Гамлет», «Макбет», «Ромео мен Джульетта» сынды  жауһар  туындыларды  Шекспир  емес, Френсис  Бэкон  жазған  деген  болжам  айттық. Шекспир ортанқол әртістердің бірі болған деген тұжырымға келдік. Дегенмен, Шекспирге телитін бір­неше  тұлғаның  есімі  айтылған  болатын. Оксфорд, Дерби немесе Марло болуы мүмкін дедік. Тағы да бір нұсқасы бар. Өт­кенде Майкл Харттың 2000 жылы Мәскеу қала­сының «Вече» баспасынан шыққан «Сто великих людей» атты еңбегін  оқып  отырып,  Шекспирге  қатысты  бір қызық мәліметке тап болдық. «Юлий Цезарь», «Отелло», «Король Лир», 154 сонеттің авторы Бэкон емес, Оксфорд та емес, Дерби де емес, Эдуард де Вер екен. Қызық. Ал, Эдуард де Вер – Оксфордтың он жетінші графы болған адам. Майкл Харттың: «Шекспир – Эдуар де Вер болуы мүмкін», – деуінің басты себебі  –  пьесада  болған  оқиғаның  барлығы де Вердің өмірімен  байланысты. Ал, ақынның басты  кейіпкері  өзі  болатыны  бар­лығымызға аян.  Автордың  Эдуард  де  Верге  тоқталуы сондықтан. Дәлел ме? Даяр.
Эдуард  де  Вер 1550  жылы  ақсүйектердің отбасында дүниеге келген. Әкесі – Окс­фордтың он алтыншы графы. Ол бала кезінен лордқа тән барлық  өнерді  игерді. Атқа  міну, саятшылық, әскери өнер,  музыка  және  би. Сонымен қатар,  француз,  латын тілдерін жетік меңгерген. Енді, мынаған  қараңыз:  Эдуард  он екі жасында әкесінен айырылады. Анасы екінші рет тұрмысқа  шығады.  Сол  жылы  де Вер қызметкерлерінің  бірін  абай­сызда  өлтіріп алады. Ал,  дәл осындай жағдайлар «Гамлет» туындысында  кез­­­деседі. Шығарма желісі бойынша,  Гам­лет  әкесінен  айырылады. Әкесінің аруа­ғымен тілдесіп, оны кім өлтіргенін біледі. Тағы  бір  сюжетінде  Гамлет  Поло­нийді абайсызда өлтіріп алатыны бар емес пе?..Бұндай  ұқсастықтар  бірнеше  шығармада кездеседі. Мысалы, «Отелло», «Қысқы ертегі» шығармаларында  кінәсіз  әйелін  айыптаған күйеудің  бейнесі  көп  ұшырасады.  Эдуард де  Вердің  өміріне  қарап  отырсаңыз,  бұндай жағдай  басынан  өткен.  Эдуард  де  Вер  өзінің қамқоршысы  болған  Уильям  Сесилдің  қызы Аннаға үйленеді. Сегіз айдан кейін бала дүниеге келген. Аннаға күдіктенген күйеуі: «Маған адал бола алмадың», – деп кетіп қалады. Бірақ, бес жылдан кейін айыбын қайтып алады. Осы бес жыл аралығында Эдуард де Вер жай жүрмеген, әрине. Сарай ханымымен жақындығы болған  екен. Сарай  ханымы  де  Верден  жүкті болып  қалады.  Мұны  білген  Елизавета  І патшайым  қаһарланып, де  Верді  Тауэр түрмесіне  отырғызады.  Бірнеше  айдан  кейін оны абақтыдан босатады. Бірақ, әлгі ханымның досы  де  Верді  бас  салып,  жарақаттап  кетеді. Ал, бұл жағдай «Ромео мен Джульеттаның» сюжетіне ұқсас.
Әрі  қарай.  Біз Эдуард  де Вердің  жас кезінде  пьеса және  өлең  жазғанын  білеміз. Пьесалары  жоғалып  кеткенмен,  өлеңдері сақталған  екен. Содан  бері  өз  атынан  ешбір шығармасын  жария­ламаған.  Және  ол  кезде ақсүйектер үшін шығармашылықпен айналысу өз-өзін төмендетумен бірдей болғанын айттық, алдыңғы  мақалада.  Ал,  Уильям  Шекспир алғашқы  шығармасын  («Тит  Андроник»)  1590 жылы  жазған.  Уильям  Шекспир  1564  жылы дүниеге  келген.  Демек,  26  жасында  жазған болды ғой. Егер, Френсис Бэкон десек, онда ол 29 жасында жазған болып шығады. Ал, Эдуард де Вер 1550 жылы дүниеге келсе, сонда ол 40 жасында  жазған.  Енді, бағамдай  беріңіз. Абай қырық  жасында  өлең  жаза  бастады  деген түсінік  бар  бізде.  Бірақ,  Абай  одан ертерек Көкбайдың  атынан  жазғанын  бірі  білсе, бірі біле бермейді. Шекспирдің жағдайы дәл солай болды ғой онда? Ол  1604  жылы  54 жасында (Абайдың жасында) дертке шалдығып, қайтыс болады.
Майкл  Харттың  пайымдауынша,  Уильям Шекспирдің Эдуард де Вер болуының бірнеше себебі бар: біріншіден, ол білімді адам болған. Екіншіден,  ақсүйек,  сарай  өмірі  мен  ол  жерде болған  барлық  оқиғаның  куәгері.  Үшіншіден, шығармашылықпен  айналысатын  уақыты жеткілікті болған.Өз  атын елден  жасырғандығының  тағы  да  бірнеше себебі  бар:  біріншісін  айттық.  Екіншісі,  де  Вер кейіпкерлерінің  барлығы  –  сарай  адамдары. Егер де, ол өз атынан жария ететін болса, онда сарай адамдары оны «жеп» қоймай ма? Міне, ол осыдан қашты.
Майкл Харттың  Шекспир  туралы  ой­лары осындай. Бірақ, мынадай  заңды  сұрақ туындайды.  Егер,  Эдуард  де Вер 1604  жылы қайтыс  болса,  «Король Лир»  пьесасын кім жазды? Өйткені, «Король Лир» пьесасы 1605  жылы  жазылған. Ал, 1606 жылы  туған «Макбет» пьесасын  кім  жазды? Автор  осыны ескермеген  екен. Майкл  Харт сонымен қатар Уильям  Шекспирдің  (ортанқол  әртіс) өмірбаянына  тоқтала  кетіп, оның 1612  жылы кенеттен  шығармашылықты  тастап  кеткенін айтады. Сонда, 1613-1914 жылдар аралығында жазылған  «Два знатных  родича»  комедиясын кім  жазды?  Барлығы  бұлыңғыр.  Ал,  Френсис Бэкон  1626  жылы  дүниеден  өткен. Пайымдап көріңіз.

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. Тамаша жазылған.

  2. Ғаламат қой мынау! )

  3. Виктордын акеси – Кызылорданын жигитти. Ол Восстания кошесинде турган. Витя (2-3 жасында) акесимен бирге ажесинин уйне келип кеткен Ленинградтан.

  4. Ерекеңнің шығармашылығы кереметқой. Тамсанып оқисың…

Пікірлерге тыйым салынады.