ОҚЫРМАНҒА ОЛЖА САЛҒАН

  • 11.05.2016
  • 764 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бұдан бұрын, қырық жылдан әріректе Арқа даласынан Торғай атты облыс құрылып, «Торғай таңы» дейтін газет ашылғанда, бұйрық болып, сол газет редакторлығының орынбасарлығына барған едім. Кілең бір жалындаған жастардан тұратын қаламгерлер ұжымын тұңғыш көруім сонда. Орда бұзар отызына жаңа іліккен, бойы да, сойы да келіскен сыптығыр қара жігіт бірден назарымды аударды десем, өтірік айтпаспын.

Қимылы шалымды, адамға үйірсек әрі қаламы жүрдек – нағыз журналистке лайық қасиеттердің жиынтығы дерсің. Итен Қарымсақұлы дейтін жазарманмен жолымыз солай түйіскен еді. Әттең, онымыз ұзаққа созылмады – сол жылдың көктеміне таман ба екен, Итенім Жезқазғаннан бір-ақ шықты. Тегі, жаңа шаңырақ көтерген облыстағыдай емес, ондағылар жағдайын жасап, қызықтырып әкеткенге ұқсайды. Сыр бойының тумасы екенін кейін білдім. Бірақ, көзден кетсе де Итен көңілден кеткен жоқ, жазған-сызғандарын әуелі Жезқазған, одан соң республикалық газеттерден жиі оқып, риза болумен жүрдім. Ал, ең берісі Алматы қаласының прокурорлық қадағалаушы органында баспасөз қызметін табан аудармай 13 жыл басқарғанын, абырой-беделі мен жауапкершілігі бірдей қызметте қарапайым азаматтардың және солардың  құқығын қорғайтын заң орындарының арасындағы алтын көпірдей байланыс міндетін мінсіз атқарып, соңғы жылдары ғана құрметті демалысқа шыққанын білетінмін. Бірақ, қаламгер Итен Қарымсақұлы қарап жатпапты. Құқық қорғау ісінің келелі мәселелерінен болсын, өмірден көрген, көңіліне түйген жайлардан болсын тынымсыз қалам тербеп, әр деңгейдегі мерзімдік басылымдарға олжа салып, бәсірелі оқырмандарын үнемі ризалаумен келіпті. Оған Алматы қаласының прокуроры, генерал Берік Асыловтың күні кеше дерлік, Итеннің 75 жасқа толған мерейтойына байланысты: «Ардагерлер отставкаға ешқашан кеткен емес, Ардагерлер әрдайым қатарымызда!» деп басталатын құттықтауындағы ақжарма тілектері куә. Әр жылдарда әрқилы басылымдарда жарық көріп, қалың оқырман қауымның діттеген ойынан шыққан «Бақылау пәрменді болса заң талаптары бұлжымай орындалады»,  «Айласын асырып, пайдасын жасырғандар», «Тергеу тегеурінді болуға тиіс», «Атамекен – бақ мекен», «Елдің қамын ер ойлар», «Тұлпарлар ізі сайраған» дейтін, тіпті, кезеңдік деуге лайық мақалалары да осыны айтады. Әредік әртүрлі баспасөз беттерінен көзім шалып қалған  маңызды әрі өткір тақырыптарды терең қозғағаны да көңіл түкпірінде жатыр.  
Итеннің қоғамдық өміріміздегі қорғасындай салмақты жайларды алуан қырынан алып, кен қазғандай қопара жазған осындай ой толғаулары, эсселері, естеліктері бас құрай келгенде  өткен жылдың соңына қарай Алматыдағы «Арна» баспасынан  шыққан «Жүрек жазбалары» атты ғұмырнамалық әйбат кітапқа ұласыпты. Дүр ақын Темірхан Медетбекше айтқанда, «жазғанда да біліп, тінін тарқатып, керек кезінде қоясың түгел ақтарып, бір селкем жібермей, әр сөзін сіңіріп, қаққан шегедей етіп жазатын» Итен Қарымсақұлының бұл кітабы да, «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» деп аталатын алдыңғы екі кітабындай, көзіқарақты оқырманның назарына бірден ілініп, ілтипатқа бөленді. Оның ең басты себебі, жинаққа жазған беташар сөзінде Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы  Сейітқазы Матаевтың сөзімен айтсақ: «Қазір кім көп, жазушы көп. Бәрі жазып жатыр… Менің айтайын дегенім: сол жазып жатқандардың көбісі өзді-өзін дәріптеуден аса алмай жүр. Ал, Қарымсақұлы туралы сөз басқа! Ол өзін емес, замандастарын, қаламдастарын жазып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген майталмандарды дәріптеп жүр». Осы кітаптан мұның сан-сала мысалдарын табасыз. Айталық, кешегі кеңестік дәуірде Қызылорда облыстық «Ленин жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің ұжымын басқарған, қазақ журналистикасы майталмандарының бірі Ұзақ Бағаевтың күнделігі туралы жазған «Арының ақтығын, жанының пәктігін паш еткен» дейтін, өзі айтпақшы  «Жүрек жазбаларын» оқып көріңізші. Осының алдындағы  «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар» атты кітабындағы естеліктің жалғасы есепті осынау шап-шағын дүние өте тартымды, бір деммен оқылады. Шешен домбыраның қоңыр сазындай болып көңіл тербейді. Айызыңыз қанбай, «әттеген-ай» деп қала бересіз. Автордың: «Француз жазушысы Жюль Ренар: «Күнделік – адам жанының айнасы» деген екен. Олай болса, Бағаевтың күнделігі оның арының ақтығын, жанының пәктігін паш еткендей…» дейтін тұжырымына тәнті болмасқа әддің жоқ. Ал, кітаптағы осындай қысқа қайырым естеліктер, кең көсілген келісті эсселер, біріншіден, осы жанрға Итеннің әбден қаламы төселгенін көрсетсе, екінші жағынан, оның өз замандастарын, қатар жүрген қаламдастарын қаншалықты қадірлейтінінен хабар береді. Бұл ретте Қазақ радиосының ардагері Ахат Жанаев туралы жазылған «Құлаққа жағымды қазақы қоңыр үн», ақын Абдрахман Асылбектің шығармашылық өмір жолын сөз еткен «Жар-жар» өлеңінің авторы» атты ой толғамдарды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен  «Күлтегін» сыйлығының лауреаты, жазушы-тарихшы Қойшығара Салғараұлы жайындағы эссені, ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының  «Мизамшуақ» атты жыр кітабы туралы толғамды ойларды, заңгер журналист Дәуітәлі Омашұлының  «Нормативтік құқықтық актілер және оларды мемлекеттік тілде әзірлеу» деген кітабына байланысты пікірлерді, қоғамдағы саяси әм рухани болмыс тақырыбына ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып келе жатқан әлеуметтанушы және саясаткер, саяси ғылымдар докторы, профессор әрі өзінің жерлесі Әбдіжәлел Бәкір туралы жазылған «Алаш идеяларына құштар ғалым» дейтін салиқалы естелік-мақаланы атаса да болады.
Итеннің Мұстақым Ықсанов, Хасан Бектұрғанов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов сияқты әр жылдарда Сыр бойы елін басқарған атпал азаматтарға, Қайрат Мәми, Асхат Дауылбаев, Ерғали Мерзадинов, Жақып Асанов, Берік Асылов, Мұхан Қалиев тектес прокуратура органдарының белді қызметкерлеріне арнаған жылы лебіздері тағы тәнті етеді. Осы аталған және басқа да белгілі заңгерлермен талай жылдар бойы қоян-қолтық қызмет атқара жүріп, оның құқық қорғау саласындағы терминдердің қазақша қалыптасуына да қыруар еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Осы арада жинақ авторының өзі  «деректі повесть» деп атаған «Алтын аға» хикаяты жайында бірер сөз айта кеткен артықтық етпес деймін. Біз «соғыс балалары» деген атқа сай болсақ та, өткен ғасырдың ортасындағы қан қасап соғыстың сойқанын  көрген жоқпыз, бірақ, сонда да, өзіміз майданның алғы шебін, ондағы қарбалас қимылға ұқсайтын небір қапылыс күндерді біз де бастан өткердік. Ол – біреу білсе, біреу біле бермейтін журналистік қарбалас. Айталық, егін орағының дүрілдеген шағында күнді күнге, түнді түнге ұрып, қызу еңбектің алғы шебінен шарпуы басылмаған соңғы  жаңалықтарды газет бетіне шығарып, қалың елге бәз қалпында жеткізу үшін болатын бәсеке қызуын, шын мәнінде, еңбек майданының алғы шебі демегенде не дерсің. Осындай екі майданның ері деуге лайық – бір жағынан, Отан үшін от кешіп, 1 және 11 дәрежелі  «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған, екінші жағынан, Сыр өңіріндегі бейбіт  еңбек майданының қызу өтінде жүріп, көп жылдар шаруашылық басқарған, есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылған Алдаберген Бисенов жайындағы «Алтын аға» хикаясын оқи отырып, әлгіде өзім айтқан «алғы шептің» қарбалас сәттерін қайыра бастан өткергендей болдым. Сондай бір тәтті сезімге бөлеген әріптесім Итенге іштей ризашылық айттым. Автордың: кешегі кеңестік дәуірде  «күн-түн демей тынбай жұмыс істеп, маңдай терін төккендердің еңбегі бағаланды, өңірді гүлдендіргендердің өңіріне жұлдыздар тағылды. Көк күмбезінің астында ән-жыр теңіздей толқып, адамдардың жүзі керемет нұрға бөленді» дегенін біз өз көзімізбен көрдік. Одан әрі Итен «Қазір ғой жұлдыз десе, басқа нәрсе есімізге түседі. Қазіргі жұлдыздар – әншілер, өнерпаздар. Бұрынғыдай қайнаған еңбек те жоқ. Бұрын диқанның, шопанның, малшының және механизатордың заманы болса, қазір әншінің, тілі мен жағына сүйенген асабаның заманы болып тұр…» деп мұңайса, оны да көзіміз көріп келеді.
Кітап кейіпкерлерінің бірі, ұзақ жылдар бойы Итеннің туып-өскен өлкесі – Сыр өңірін гүлдендіруге бір кісідей-ақ еңбек сіңірген ардагер азамат, Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, көп шығармалары жарық көрген елімізге белгілі жазушы  Сейілбек Шаухамановтың тауып айтқанындай, «қаламы қылыштай, мінезі құрыштай» журналист Итен Қарымсақұлының бұл жинағы оқырмандардың қалың ортасынан өз орнын тауып, еліміздің рухани байлығын еселей түсеріне сенім мол.    

  
Бекболат ӘДЕТОВ, 
Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Алдыңғы «
Келесі »